Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қасымның даусын қайда жібердік?..

18.07.2018 1089

Қасымның даусын қайда жібердік?..

Қазақ радиосының «Алтын қорында» Қасымның даусы бар дегенді естігенде, жерден жеті қоян тапқандай қуанғанбыз. «Жыл келгендей, жаңалық сезінгендей» күй кешірдік. «Қасым деген қалғыған жанартау ғой, Жанар тау ғой, жанды да кетті өртеніп...» деген-ді ұлы Мұқағали. «Жанартаудың» жан дауысын есту кімге болсын арман, ендеше.

Әдебиет әлеміне талпынған жастардың іңкәр сезімінің ынтығын қытықтары анық қой. Орыстар Пушкиннің санаулы сәттерін ғана қайда, қалай өткізгенін білмейді екен. Одан берідегі Есениннің даусы осы күнге сол күйі жетті. Өлең оқығанын естіп, талай таңдай қақтық, тебірендік. Қасым өмір сүрген тұс – Қазақстанда радио іске жаңа қосылды дейтін емес, әуе толқынының буы бұрқырап тұрған кез. Қасымнан әріректе өмір сүрген атақты Әміренің үнтаспадағы даусын Жарқын Шәкәрім ағамыз Парижден тапқан болуы керек, қателеспесем. Абырой болғанда, әнші бабамыздың асқақ үні шетелге шыққандығынан сақталып қалып отыр? Әміренің заманында қазақ даласында радио бола қойған жоқ. Қазақтың қазына-мүлкі болмаса, отаршыл пиғылдағы орыстар әніміз бен әншімізді қайсін?!

«Түркістан жастары, бірігіңдер!» деген Мұстафа Шоқай бабамыздың радиодағы даусы – сол кезде бұғауда қалған Алаш жанының бейнесін айқын елестетеді. Ол кісінің сөйлеген сөзі де Еуропа асқандығынан жетті бізге. Әйтпесе, аузы түкті кәуір Алашты қайтсін? Болса да, құртып жіберуге бейіл.

Қазақ радиосының «Алтын қорынан» алынған қазақтың һас батыры Бауыржан Момышұлының даусы қандай керемет?! Тұтығып тұрып атылған зеңбіректей жарылып, «Біз қан кештік!» дейді. Қаһарлы үнінен тұла бойың түршігеді. Қайта рухтанып, батыр деген осындай болады екен ғой дейсіз. Ұлағаттың үніндей ұлы Мұхтар Әуезовтың даусы ше? Шын зиялы жанның кемел табиғатынан сыр шертіп тұрған жоқ па? Ізгілік те, мейірім де, кеңдік те қылаң ұрады үнінен. Алаштың осы аяулыларының көбінен кейін өмір сүрген Қасымның даусы жоқ? Бола тұра, бертінге дейін сақталып келгенімен, бүгінге жетпепті-мыс. Уақыт жұта алмаған Қасым рухының қаріпсіз хабаршысы – таспадағы үнін күресінге тастағанына көңіл сенбейді. Табылып қалар деген үміт те жоқ емес. Жұмекен Нәжімеденовтің тілімен айтқанда, «Уақыттың алдына түсіп кеткен радио-сигнал секілді» тұлғаның бірегейі Қасым бабамыз. Кейінгі ұрпақ, бізді, ақын рухымен жақындастырып, табиғатын таныта түсер жанының буы – оның даусы! Олай болса, құн жетпейтін қасиетті қайда қалдырдық? Қай жерден жаза басып, көз жаздық? Соңынан шам алып түспесек те, індетіп іздеп сұрау салдық.

Сол кезде (ХХ ғасыр ортасында) саналы көрінген кейбір қазақ азаматтарының ой-өресіне таңым бар? Алаш арыстары Ресей құрамындағы қазақты дербес ел етуге, мемлекет құруға тырысты. Қазақтың қағып – қанын, сығып – сөлін ішіп отырған орысқа алашордашылардың ол әрекеті ұнамасы екібастан белгілі. «Жаман өлеңдері жақсы өлеңдерін асырайтынын» біліп, «Советтік менің өз елім» деп жырлаған Қасымда Қазақ ССР Жазушылар одағының несі бар еді? Дауылпаз ақынның өлмес жырларын орынсыз сынап, өзін қаңғытып, өкпеден өлтірген орыс оқығандары емес, санасы саясиланған өзінің қазағы. Әйтпесе, советтік идеологияны жырлай отырып, қазақ поэзиясына жанартаудай жарылыс әкелген Қасымнан жаман өлең табу қиын. «Жаман өлеңдерім» деген әңгімесінде де үлкен астар бар, сондықтан. «Ей, тәкәппар дүние, Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені, Мен қазақтың баласы» сияқты асқақ рухқа құрылған өлеңдерін айтпағанның өзінде «Сен – фашиссің, мен – қазақпын, Өзің айтқан азиятпын. Таңқаларсың философым, Ғажабына табиғаттың» деп соғыс тақырыбының өзінде ұлттық рухты жырлады Ол.

Қазақстан дейтін менің бар елім,

Жатыр алып жарты дүние әлемін!

Бұл даланы анам жаспен суарған,

Бұл далада атам қолға ту алған,

Бұл далаға жылап келіп уанғам,

Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,

Бұл далада өскен жанда жоқ арман!

Бұл да Қасым. Ұлтының ұланғайыр жерін айтқанда, көкірегін мақтаныш сезімі кернейді. Мағжаннан кейін ұлттық рухты тірілткен Қасымның даусы. Қабдеш Жұмаділов «Қапастағы бұлбұлдар» атаған Қасымның қатарластары арасынан бұндай шумақтар табыла қоюы – екіталай. Сырбай, Сағилар туралы әңгіме бөлек, әрине.

Қазақ радиосының «Алтын қорында» дауылпаз ақынмен қатар өмір сүрген ақын-жазушылардың, тіпті, одан жасы үлкен Иса Байзақов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтардың даусы саф күйінде сақталған. Қасым арнап өлең жазған замандасы Ғали Ормановтың сұхбаты жүр. Сондықтан, Қасымның даусы болғаны анық. Оны мен Қарағанды облыстық «Saryarqa» телеарнасының редакторы Әли Тойжігіттен естідім. Мұхтар Шахановтың «Менің досым Тойжігітов Әлиді, Қазір бүкіл Қазақстан таниды» дейтіні – осы кісі. Әлекең кезінде ұзақ жылдар бойы Қарағанды облыстық радиосында істепті. Радио кейінде (2006) жабылып қалған. Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында біз «Орталық Қазақстан» газетіне аталған радио жөнінде материал дайындау үшін сонда істегенін естіп, Әли ағамызбен сөйлескенбіз. Ағамыз «шіркін, біздің радиода Қасымның даусы да бар еді» деп ағынан жарылды. Елең ете қалғам. Радио жайына қалып, әңгіме Қасымның даусына ауды. Сонда бір сұрағаным аздай, ақын даусын іздеп табам деген оймен кейін екі-үш мәрте қоңырау шалып, мазасын алдым. Қайта-қайта қазбалап сұрай берген соң, Әлекең айтқан әңгіменің ұзынырғасы мынау:

«Облыстық радио істеп тұрғанда бізге Қазақ радиосының «Алтын қорынан» ең құнды деген материалдардың көшірмесі келіп тұратын. Қайталап беріп тұрамыз. Сондай құнды материалдардың қатарында бір күні Қасымның даусы келді. Бір жарым, екі минуттың көлемінде ғана. Аз-маз сөйлеп, бір өлеңін оқыған. Не деп сөйлеп, қай өлеңін оқығаны есімде жоқ. Кейіннен радио жабылғанда, бүкіл архив облыстық Қазақстан-Қарағанды телеарнасының редакциясында сақтаулы еді. Бір күні келсем, редакция ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқандар әлгі таспаларды лақтырып тастапты. Қоқыс ретінде лақтырылған дыбыс таспаларының біразын алып қалуға тырысқанымызбен, бір шашылған дүниенің қиюы қаша бермей ме? Оның үстіне ол кезде қазіргідей үнтаспа жоқ. Техника дами қоймаған. Пленкалар быт-шыт боп шашылып қалыпты. Қолға іліккен бірен-саранын алып қалған болдық. Бірақ, қазір оны қойып тыңдай қоятын аппарат та жоқ мұнда. Радио жабылғалы босқа тұрып тозды ғой бәрі» дейді.

«Жабылған мекеме құжаттарын мұрағатқа тапсырмаушы ма еді?» дегенім де, «ол кезде оны құнттаған ешкім жоқ. Және келешекте радио қайта ашылуы мүмкін деген үміт те болды. Архивке тапсырылмай тұрып қалғаны содан да шығар». Мекемеге жауапты редакторлар қайда қараған? Тіпті, Қасымның даусы болмаған күннің өзінде мұндай құжаттар архивте қалу керек қой?

Қарағандыдан күдер үзген соң, Қазақ радиосының ұжымына хабарластық. «Алтын қордан да» шықпады. Жігіттерден жоқ деген хабар келді. Қазақ радиосының «Дәуір үні» атты бағдарламасының авторы Жанат Жанұзақ бір хабарында «бізде Қасым Аманжоловтың даусы сақталмаған сыңайлы» дейді. Осы күнге дейін атақты адамдардың «Алтын қорда» қалған даусын жұртшылыққа жеткізіп жүрген Жанат ағамыз Қасымның үні болса, ендігі жарыққа шығарар еді ғой. Есесіне, Жанат Жанұзақ Қасымның көзін көріп, бір неше мәрте кездескен ақын Мәриям Хакімжанованың дауылпаз туралы айтқан естеліктерінен хабар дайындапты.

«Отты ақын, ойнақы ақын, жұлдызды ақын, жүректі ақын, жүйрік ақын, майдангер ақын, мақтанышымыз болған ақын – Қасым! Сондықтан, Қасымға арналған сөзіміз – қанатты сөз болуы керек. Қасымға сонда ғана жарасады!

Ақ жанымызбен ақтарыла айтсақ, Қасым – жарық дүниеге ерекше келген кесек тұлға. Оның өрісі кең, өресі биік, адамгершілігі жоғары, өлеңі әрі ыстық, әрі өткір, құлақтан кіріп жүрегіңе қона кететінін өздеріңізде жақсы білесіздер. Саңқылдаған даусы құлағымыздан кетпейді...

Мен Қасымды 1932 жылдың ақпан айында, қыстыгүні көрдім. Әскер күніне Қазполкке барып концерт қоятын болдық. Мерзімді күні жақындағанда, жауапты репитицияға жиналдық. Бір кезде бастығымыз Иса ағай келді. Қасында Шәрбән және орта бойлы, ашаң жүзді, ақсұр балаң жігіт бар. «Мынау бала – менің жақын інім. Жаңа көріне бастаған жас ақын. «Лениншіл жас» газетінде қызмет істейді. Келе жатқан беті жаман емес. Мен кісі танысам, азу тісі балғадай ақын болайын деп-ақ тұр. Тірі болсаңдар, келешекте көресіңдер. Біздің болғалы жатқан кешімізде ақындар жағы аздау. Иса, Мәриям, Тәшібай үшеуміз-ақ қой. Тым болмаса төртеу болайық деп Қасымды әдейі ала келдім» деді Иса ағай.

Мен Қасымды екінші рет 1936 жылдың жазында Алматыда көрдім. 1938 жылы Жамбыл атамыздың ақындық өнеріне 75 жыл толған тойы болды. Осы мерекеге Қасым «Жамбыл тойына» деп аталатын әйгілі поэмасын жазды. Сол тойда орта Азия мен Қазақстан ақындары бас қосқан шаршы топтың алдында оқып берді. Қасымның өз шығармасын өзі оқығанға не жетсін?! Жиналған халық таңдай қағып, тамсанып-ақ қалған...

1939 жылы мен Жазушылар одағында халық ақындар бөлімін басқардым. Қасым «СоцҚазақстан» газетінде жұмыс істеді. Ол кезде халық ақыны болсын, жас ақындарымыз болсын, авторлардың қатысуымен еңбектерін Шит-ке өткізетінбіз. Сол жерде пікірлерімізді айтатынбыз. Сондай жиындарға Қасымды жиі шақыратын едік. Ол оқылған шығарманың жақсысын жақсы деп, нашарын нашар деп, былқылдатпай, турасын айтар еді...» депті ақын Мәриям апамыз.

«Жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайды?». Оған түрткі – қарағандылық журналист Әли Тойжігіттің сөзі. Және ол Қасымның даусы болғаны жөнінде бірнеше дәлел келтіреді. Жазбамызда біз қысқа қайырдық. Дауылпаз үні бір жерде шаң басып жатқанда шығар мүмкін. «Болса, осы күнге дейін бір шығар еді ғой» дейді бір ойым. Әлдеқандай бағдарлама арасында қысқа ғана сөйлеп, елеусіз өшіп кетуі де ғажап емес. Жүрсін Ерман ағамыз бір өлеңінде «Қиратып жатыр Қасымның үйін» деп күйініп еді. Тірісінде қадіріне, қайтқан соң қираған үйінің орнында даусына жете алмай қалдық. Бұл жолы да Жұмекенше «Уа, ақ жалын, кеш мені» дейміз. «Екі күймек бір жанға әділет пе?..» деп тағы да ұлы Абайға жүгінеміз. Одан арғы сөзді Жұмекен Нәжімеденов айтсын:

Тұтап шығып сөзі ойдан,
«Аһ» дегенде – пеш-демі,
Жалын айдап шығатын –
Уа, ақ жалын, кеш мені!
Ұшқын ұшса жалыннан
Ойып түсіп бір түрлі,
Бетіңе леп ұратын
Қағаз күйген сықылды.
Әр жолының астына
Қалың мағына қапты ұйып.
Теңеулері, сондықтан,
Көрінеді баттиып.
Үтірлері – тұлпардың
Ізі сынды бір ұлы,
Нүктелерінің өзі
Жұдырықтай жұмулы.
Тентек-телі сөздерді
Айдап келіп қамарда –
Жақшалары ұқсайды
Тәңір соққан қамалға.
Сәл шытынса қабағын
Шыңдарына қар түсіп,
Сәл жымиса – Африка,
Антарктида шарпысып.
Сықырлайды мұз болып,
Әлемнің бір жартысы.
Мұзға қарсы жалын боп
Шарпысады жартысы…
О, космос ақыны!
Ашық бояу өртенген,
Бір жалт етіп құйрықты
жұлдыз сынды ерте өлген, –
Жоқ, өлген жоқ, ізі, әне –
Жосып жатыр – саспаңдар!
Құдай тартқан секілді
Бір сызықты ақ бормен
Қара тақта – аспанға!

Жәнібек ӘЛИМАН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: қасым аманжолов
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар