Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Қазақ күй өнерінің мектептері...

19.06.2018 24462

Қазақ күй өнерінің мектептері

Қазақ күй өнерінің мектептері - adebiportal.kz

...Сылдырлап кейде қамыс, кейде бұлақ,
Қырдағы қоңыр түнде жыр көшкендей...
...Желді аяқ, шауып тұлпар топты жарса,
Саусақтар үсті-үстіне қамшылады...
...Күйші айдап көшкен елдің күйін тартып,
Қошамет болса қалай болдырады.
Шаңқылдап бірде аспанда тау қыраны,
Күрпілдеп бірде бие саудырады.
Майдалап бірде қоңыр самал соғып,
Бұрқ-сарқ бірде нөсер жаудырады.
Домбыра қарғылады, орғылады,
Манаурап, тыңдаған жан салбырады.

Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасындағы осынау бір қым-қуыт, шым-шытырық көңіл-қош күй тыңдаған әрбір қазақтың басынан өтетіні анық. Қазақтың қанын да, жанын да, ар-намысын да, бар болмысын да бір ауыз сөзсіз түсіндіре алатын бір құдірет болса, ол – күй! Батыста Бетховендер мен Бахтар, Моцарттар мен Вивальдилер адам жанын алабұртып, керемет композициялары мен сиқырлы сонаталарын тудырып жатқанда, қазақ даласындағы Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап сияқты дәулескер күйшілер домбыра шанағында күн күркіретіп, сел сіркіретіп, біресе қоңырлата жел естіріп, енді бірде мамыражай күй кештіріп, туған халқының сан ғасырлық сансыз тарих-талайын, салт-санасын тылсым әуезге сыйдырып кеткен.

«Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй», - деп заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов жазып кеткендей, күйдің тереңдігін, күйдің кемеңгерлігін ұғына білу де тамырынан қол үзіп қалмаған, узына жарып туған ұлағатты ұрпақтың ғана маңдайына жазылған бақ шығар, бәлкім!?

Қазақ музыкасының қыр-сырын зерттеуге бар ғұмырын арнаған ғұлама ғалым Құдайберген Жұбанов «күй» сөзінің шығу тарихы бойынша мынадай пікір білдіреді: «Қазақта «күй» түрінде айтылатын шағатай, ұйғыр тілдерінде, анатоль түрік тілінде «көк» болып айтылуы тиіс. Қазақтың «и» дыбысының бір қатары шағатай тілінде, ескі ұйғыр тілінде, түркімен, әзірбайжан, анатоль түріктерінің тілінде к, г-ге айналады. Қазақша «байламақ» деген сөз оларша «бағламақ» болады; қазақша «тимек» деген сөз оларша «текмек» болады... сондықтан «күй» деген сөз оларда «көк» болуы табиғи нәрсе», - дейді. Сонымен қатар, «Күй шежіре» атты еңбегімен күй құдіретін қайта тірілтуге өлшеусіз үлес қосқан Ақселеу Сейдімбек те осы пікір жайлы: «Күй деп басталатын қай сөз де сезіммен астасып жатыр. Сол сөз көшпенділердің ең киелі сезімі – тәңірлік наным сеніммен ұштасып жатады. Демек, «күй» деген сөз әу баста Тәңірлік құбылысты білдірген. Тәңірдің дыбысы деген сенімдегі мағынамен шендес болғаны аңғарылады», - деп, Қ. Жұбановтың пікіріне қосылған.

Ендеше, қайнар-көзі сонау Көк Түркілер заманынан бастау алатын күй өнерін бүгінге дейін жеткізген, әрқайсысы өз мектебін қалыптасырып, артынан үзілмес үміт, сансыз шәкірт ерткен атақты күйшілердің аттарын ардақ тұту әрбір қазақтың парызы болуы тиіс.

Сан ғасырлық саралану мен сұрыпталу дәуірінен өткен күйшілік өнер әр өңір күйшілерінің орындау мәнеріне орай аймақтық күй ұяларына байланысты дамыды. Қазақ күйлері өзінің құрылыс тәсіліне, орындаушылық дәстүрін қағыс түріне қарай, негізінен, төкпе, шертпе деп екі стильдік мектепке бөлінеді. Біріншісі - екпінді қарқынды, музыкалық бейнет жағынан бағдарламалы симфониялық сипатта шығарылатын күйлер (Жантөренің Шалқымасы, Құрманғазының Кішкентайы, Сарыарқасы, Динаның Бұлбұлы, т.б.), ал екіншісі - терең философиялық, ой-сырға толы, шертпе күйлер (Тәттімбеттің Сарыжайлауы, Көкейкестісі мен Сылқылдағы, Тоқаның Қосбасары, Сүгірдің Тоғыз тарауығы т.б.).

Негізінен, төкпе және шертпе деген анықтамалар кейінірк пайда болған атаулар екенін айта кеткен жөн. Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» кітабындағы Тәттімбет жайлы зерттеуде шертпе күй деген сөз атымен жоқ, мұндай атау Уали Бекеновтің «Шертпе күй шеберлері» деген кітабы шыққан соң ғана қалыптаса бастаған. Қазіргі таңда еліміздегі күй мектептері жеті бағытқа бөлінеді:

Алтай күйшілік аймағы – Шығыс Қазақстан;

Арқа күйшілік аймағы – Орталық Қазақстан;

Жетісу күйшілік аймағы – Оңтүстік-Шығыс Қазақстан;

Қаратау күйшілік аймағы – Оңтүстік Қазақстан;

Жиделі-Байсын күйшілік аймағы – Сырдария, Арал өңірі;

Орда күйшілік аймағы – Батыс Қазақстан;

Түбек күйшілік аймағы – Маңғыстау.

Күй өнерін осылайша мектептерге бөлу жүйесін Ақселеу Сейдімбек «Күй шежіресі» монографиясында ұсынған болатын, оған дейін мұндай мектеби жіктеу жасалған емес. Бұл күй тарихы мен орындалу мәдениетіне дұрыс бағдар бере алатын нақты әрі дәл анықтама болды да, күй зерттеушілерінің арасында бірден қолдау тауып, ғылыми айналымға еніп кетті. Дегенмен, қазақ даласында әлі де болса анықтала қоймаған күйшілік мектептер бар екеінін жоққа шығаруға болмайды, олардың көбісі өзінше бір-бір төбе болғанымен, өкінішке қарай, әзірше аз ескеріліп жүр. Алтай күйшілік мектебінде – Тарбағатайлық, Арқада – Тоқырауындық, Жаңаарқалық, Жетісуда – Таластық, Қаратауда – Күнгейлік, Жиделібайсында – Аралдық, Ордада – Оралдық, Түбекте – Үстірттік (Түркіменше шалу мәнері) мектептер қалыптасқан және олар жеке күйшілік ұя болуға әбден лайықты. Бұлардан өзге Іле, Шығыс Түркістан мен Байөлке жеріндегі күйшілік те өзінше төрге шығуға тұрарлық мәнерлі мектептер. Осы мектептер өкілдері – Аққыз, Тоқа, Байсерке, Үсен төре, Мәмен, Әренжан, Есір сияқты күйшілер орындаушылықтың шыңына шығып, артына із қалтырған күй шеберлері. Бұл мектептер тәжірибеде орындаушылығы бөлек домбырашылық өнер болып бағаланғанымен, жоғарыдағы мектептердің атына жалпылама телініп жүр. Осыларды қоса есептесе, қазақтың күйшілік ұяларының жалпы саны он сегіз болар еді:

Алтай, Тарбағатай, Арқа, Жаңа арқа, Тоқырауын, Жетісу, Талас, Қаратау, Қаратаудың күңгейі, Жиделібайсын, Арал, Орал, Түбек, Үстірт, Іле, Шығыс Түркістан, Байөлке.

Күйшілік ұялардан басқа үлгілік мектептерді де айтпай кетуге болмайды. Әрбір күйшілік ұяның басында сол саладағы орындау мәнерін жасаған тұлғалар тұр. Мәселен, Байжігіт, Тәттімбет, Қожеке, Сүгір, Қазанғап, Құрманғазы, Абыл сияқты күйшілер өз мектебінің іргетасын қалағандар және шығармашылығы ерен жасампаз (реформатор) сазгерлер. Олардың үлгілерін ары қарай дамытқан замандық күйшілеріміз солардың шәкірттерінің қолынан күй алғандар, әрі сол күйлерді тарту барысында өз орындаушылық мектептерін де қалыптастырған домбырашылар. Осы күні Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин, Нұрғиса Тілендиев, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Садуақас Балмағамбетов, Бақыт Басығараев, Қали Жантілеуов, Рыспай Ғабдиев, Сержан Шәкіратов сияқты күйшілердің орындаушылық мәнерлері де өз кезегінде жалғасын тауып, жеке мектеп болып қалыптасқан үрдіс саналады.

Әрине, осы аталған үлгілік мектептердің де өз ерекшеліктері, яғни бір-бірінен айырмашылығы бар. Мысалы, Құрманғазы мектебі дауылды, оң қолының ауқымы кең және динамикалық күшінің болуы, Дәулеткерей мектебі биязы, лирикаға, әсемдікке жақын, оң қолдың қағыс шеңбері «тар» болады. Қазанғап өзінің саздылығымен, күйдегі ұағысының ұзақтығымен ерекшеленсе, Дина мектебінде де өзіндік ерекшелігі бар: өзгеріп кететін ырғағы, оң қолдың бес саусағының бірінен соң бірін кезектестіре ойнау, Маңғыстау мектебі сүйрете қағуы, шалыс қағыс алынуы, күй тарту кезінде қағыстармен оң қолды түрліше ойнату жіне тағы сол сияқты ерекшеліітерді атап айтуға болады. Арқа мектебінің басты айырмашылығы шертіп тартылуы, сол қолдарының аппликатурасы, сондай-ақ ол дәстүр күйлерін «текстсіз ән» деуге болады, Жетісу күйлерінде қағыс қағу, перне басу амалдары және саздық ерекшеліктері, эпикалық тұрғыдағы аңыз-әңгімеге лайық ежелгі күй сазын байқатады. Қаратау мектебі шертпе және төкпе қағыстар аралас болып келсе, Алтай–Тарбағатай мектебі де ән тектес, ойнақы, бір сазды ән сияқты жанға жайлы болып келеді.

Қазіргі кезеңде күйшілік өнер қанатын кеңге жайып, қазақ деген ұлттың дәстүрлі мәдениетін, салт-санасын күллі әлемге паш етуде. Бодандық кезеңнен аман-есен өткен киелі домбыра елімізде айырықша құрметке ие. Қазақ Ұлттық Музыка академиясы, Құрманғазы атындағы Ұлтық консерваторияда, еліміз бойынша көптеген колледждерде қаншама болашақ домбырашы мамандар білім алуда. Міне, осы жастар сан ғасырлар бойы қалыптасқан түрлі күй мектептерін заман көшінен қалдырмай, келешек ұрпаққа аман-есен аманаттайды деп білеміз.

Әбу-Асқар Мекешұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар