Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
«Кербұғы» әңгімесіндегі түйінді толғамдар...

20.07.2018 14733

«Кербұғы» әңгімесіндегі түйінді толғамдар

«Кербұғы» әңгімесіндегі түйінді толғамдар - adebiportal.kz

Алтайдың жыршысы, асқақ рухты қаламгер Оралхан Бөкейдің шығармалары қаймана қазақтың жадында мәңгілікке сақталғаны анық. Әлемдегі классикалық туындылардан еш кем түспейтін Оралханның әңгімелері ойлы жұрттың санасын сілкіп, өмірге шексіз махаббатпен қарауды үйретті. Оқырманның үдесінен шыға білген жазушының әуелгі арманы да сол еді. Шығармаларының ішіндегі «Кербұғы» әңгімесі – қаламгердің қазақ әдебиетіндегі қолтаңбасы деуге толық негіз бар. Қысқаша әңгіменің ішіне алпауыт идеялардың айсбергін сыйдырған жазушының шеберлігіне қайран қалмасқа шара жоқ. Байыптап қарасақ, жануардың жан аярлық халі арқылы өзінің де ішкі әлемін оқырманға паш еткендей әсер қалдырады. Ендеше, өлмес шығарманың түйінді толғамдарына тағы бір зер салып көрелік.

* * *

– А-а-а-а-у-уу

– А-а-а-а-у-уу-аааа!

Бұл бедеу үн баяғыдай дүниені дүр сілкіндірер зор болмағанымен, тегіндегі тегеурінді дауыстан қалған жұрнақ айқай екенін аңғартарлық. Бұрын мынау иін тірескен орман, анау қалғып-шұлғыған қапсағай таулар мен қойнау-қойнауына қорқыныш паналатқан құз-аңғарлар Кербұғы үнін іліп алып, үздік-создық қайталап, көпке дейін жаңғыртып, даңғаза қуатпен алысқа жөңкіліп, таратушы еді-ау!

* * *

Жекпе-жек! Кербұғы осы сұрапыл ерліктің үлгісі жекпе-жектен жаралғанын білетін. Бірақ мұндай теке-тірес сойқан тек бұғыларға ғана тəн қасиет емес, аса ақылдымыз деп сезінетін Адамдар арасында бағзыдан бақилыққа ұласар бітіспес тартыс барын түйсінген жоқ. Адамдар арасындағы жекпе-жек – бұғылар арасындағы жекпе-жектен гөрі қанқұйлы: жексұрын тəртіппен өтерін, бұғыларша жылына жалқы рет сынасып, сонсоң сыйласып тату-тəтті ғұмыр кешпей, бір қадалса қан алып қанатын арын жəне де ойлай алмайтын. Рас, Кербұғы түз тағысын не себептен қоршауға ұстайтынын, адамдардың қу мүйізге құты қалғандай неге өшігетінін еміс-еміс қаперіне алып, осынау екі аяқтылардан жерініп те жүрді... Қайда жекпе-жек болса, сонда əділдік бар.

* * *

Оның жанары жаутаңдаған көзінде бүкіл əлем көріністеніп, сол əлемнің ендігі қожасы қатыгез адам да қоларасын сайлап əзір жүрді; ал сол адамның қомағай қарашығында мүйізден айрылып пұшайман болар Жас бұғы да тулап, тұтқында тұрған екен. Иір-иір тістер түкті мүйіздің түбін ала ілгерілі-кейін ырыл-дырыл болғанда, Кербұғының миын мың-миллион құмырсқа талапайлап жеп, маржандай тізілген тістері сырқырайды-ай. Əлгінде ғана мейірім тілеп жаудыраған қара көз əп-сəтте қанталап, ақиып шығып кетті. Еркіндіктің ерке желімен жарысып, ой мен қырдың аражігін ажыратпай, бұла боп өскен бұғы дəл қазір өмірдегі жамандық пен жақсылықтың уланған бастауынан дəм татты. Дəм татқызған – Адам!

* * *

Не нəрсе сұлу болса, отап тастауға, не нəрсе биік болса, құлатып тастауға, не нəрсе аппақ болса, қаралап тастауға, не нəрсе сау-саламат болса, жаралап тастауға, не нəрсе адал болса, арамдап тастауға əуес жұмыр басты пенденің өз оңбағандықтарынан ақталар «ақиқаты» əрқашан да дайын: «Жақсылық туғызбайтын бірде-бір жамандық жоқ. Кездейсоқ оқиға болмайды: бұл дүниедегінің бəрі де – не сынап байқау, немесе жаза, немесе мақтау, күн бұрын болжау».

* * *

Жазған табиғат сыйға тартқан он сегіз саланың, тым құрығанда бір рет уағы келіп, мезгілінде өзінен-өзі түскен жоқ... Иə, он сегіз сала – тек Кербұғының маңдайына ғана дарыған бағы мен соры...

* * *

Тау басына тіршілік ұялатқан. Күн жарықтық жаралы бұғының халін сұрады. Онысына да шүкіршілік, табиғат ием ғана өз жаратушысын ұмытпайды екен.

* * *

– Аааааааа, ууууууууу, ааааааааа, ууууууууу, ууууууу!

Бұл үнді күллі тау əулеті үзік-создық ұзақ қақпақылдады, қайталады-ау... Осы сəтте бүкіл өмір «ауа» секілді еді бұғы үшін. Бірақ олай емес екен: жаңадан ғана жетіліп, үлпілдеп тұрған қос мүйіздің түбінен қос оқ сақ етіп тиді де, Кербұғы омақаса құлады.

* * *

Біреулер айтады: еркіндігін аңсаған Кербұғы тіпті де өлген жоқ. Біреулер айтады: еркіндік алған бұғылар тек қана о дүниеде...

Әзірлеген Біржан АХМЕР

суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар