Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Кітап өз құндылығын ешқашан жоймайды...

16.08.2018 15499

Кітап өз құндылығын ешқашан жоймайды

Кітап өз құндылығын ешқашан жоймайды - adebiportal.kz

«Кітап – тілсіз мұғалім» деген сөз бар. Задында, кітап – адамның ақылшы досы. Кітап – мәдениет. Қазіргі уақытта қандай кітаптар сұранысқа ие, жастар мен жасөспірімдер кімдерді (ақын-жазушы) оқиды, жалпы бүгінгі кітапхана ісінің көрінісі мен тыныс-тіршілігі туралы білсек деген ек. Астана мен Алматы шаһарларынан жырақта жатқан қалаларымыздағы оқырмандық ынта, кітапхана жүйесі туралы әңгімені Қостанай облыстық №2 ғылыми-әмбебап кітапханасының ардагер кітапханашысы Зайра Сығаева мен С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының жас маманы Айнұр Келмағамбетова өрбітеді.

Қазіргі уақытта «Кітап – кітапхана – оқырман» бірлігі өз ұғымына сай келе ме? Оқырмандардың кітапханаға, кітапқа деген құрметі мен көзқарасы туралы әңгімелеп берсеңіздер...

Зайра САНСЫЗБАЙҚЫЗЫ: Қазіргі кезде кітапхананың қызметі жан-жақты дамып жатыр. Әсіресе, жігерлі жастардың басын қосатын мәдениет ордасы ретінде өз қызметін атқаруда. Атап өтсек, біздің Арқалық қаласындағы Мемлекеттік педагогикалық институттың студенттері М.Дулатов атындағы әдеби бірлестіктің ұйымдастыруымен оқырмандар конференцияларын, әдеби кештерді өткізіп отырады. Міне осы бір керемет бастама арқасында кітапқа деген жастардың қызығушылығы артып жүр.

Кітапханада әр жыл сайын өтетін поэзиялық кештер мен әдеби сайыстарға мектеп оқушылары да белсенді қатысады. Биыл Астананың 20 жылдық мерейтойына байланысты «Ел жүрегі – Астана» атты мәнерлеп оқу сайысы өтті. Осындай атаулы күндерге орай жиі іс-шаралар ұйымдастырып отырамыз. Солардың бірі – «Бір ел – бір кітап» акциясы аясындағы кездесулердің орны ерекше. Биыл Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабы кітапханамыздың жанында ашылған оқырмандар клубының отырысында талқыға түсті. Бұл мотивациялық мазмұндағы әдебиет болған соң, жастардың арасында үлкен сұранысқа ие болды. Оқырмандар шығармада көрініс тапқан кейіпкердің күш-жігері, қайсарлығы мен еңбекқорлығына жоғары баға берді.

2018 жылы көптеген ақын-жазушылардың мерейтойлары аталып өтіп жатыр. Бұған байланысты оқырмандар клубының бастамасымен Мағжан Жұмабайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдерін оқудан бейнежазбалар сайысы өтті. Мағжанның өлеңдерін оқып үздік бейнежазба түсірген оқырманымызға ақынның шығармалар жинағын сыйға тарттық. Оқырмандардың кітапханамен байланысына оң баға бере аламын.

Кітап – білімнің бұлағы болса, кітапхана – рухани байлықтың ордасы. Ал оқырман – кітапхананың жаны деп айтсақ қателеспейміз. Себебі оқырман болмаса, кітапхана да өз міндетін толық атқара алмайды. Кітап қасиетті ұғым ретінде бағалануы керек деп ойлаймын. Әсіресе біздің қазақ әдебиетіміз –шексіз қазынаға ие сарқылмас байлық. Мәселен, ұлы хакім Абай, ғұлама Шәкәрім, қазақтың әулиесі атанған Мәшһүр Жүсіп шығармалары өз өміршеңдігін жоймайтын құнды мұра. Бұлардың алдындағы шығыстың жарық жұлдызы атанған Әл-Фараби, Қожа Ахмет Иасауи, Жүсіп Баласағұн еңбектері, одан соң даналық пен парасаттылыққа құрылған жырау бабаларымыздың толғаулары бүгінгі күні жас ұрпақты ізгілікке, адамшылыққа тәрбиелеуде ерекше орын алады. Сондықтан біз әдеби мұрамыздың құндылығын түсініп, оны ұрпаққа дұрыс насихаттай білуіміз керек.

Айнұр КЕЛМАҒАМБЕТОВА: Бүгінгі таңда ақпараттық технологиялар заманында мәдениет пен білім ордасы – кітапханалардың атқаратын рөлі ерекше маңызға ие. Кітапхана мәдениет саласы ретінде ақпараттық, білім беру және мәдени-ағарту қызметінің негізі болып табылады. Міне кітапхананың осы маңызды қызметіне байланысты біздің оқырмандардың саны күн сайын артып келе жатыр. Бұған басты себептердің бірі оқырмандар үйірмесі, тіл үйрену курстарының ашылуы деп сеніммен айта аламын. Кітапханада оқырмандардың тікелей бастамасымен әдеби жиындар, ғылыми конференциялар, ақын-жазушылармен кездесулер әр ай сайын өтіп отырады. Бізде мектеп оқушыларына арналған интеллектуалдық сайыстарды өткізу дәстүрі қалыптасқан. Бұл оқушылардың ғылымға деген зейін-зердесін ашуға өз үлесін қосып жатыр. Еліміздегі рухани жаңалықтарды назардан тыс қалдырмай, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, «Рухани жаңғыру» аясында жарияланған бағдарламаларды қолдау мақсатында балалар арасында еліміздің киелі жерлерін, ескерткіштерін суретке салудан сайыс өтті. Үздік суреттер кітапханадағы балаларға арналған бөлімдегі көрмеге ұсынылды. Бұл жастардың бойында туған елге деген құрметін арттыруға бағытталған іс-шаралардың көрінісі.

Қарапайым статистикалық мәлімет алып көрейік. Мәселен, осы 2018 жылдың басынан бері қандай кітап жиі оқылды? Қай автор сұранысқа ие?

Зайра САНСЫЗБАЙҚЫЗЫ: Әдебиет – адамның рухани дүниесін байытатын, сәулелендіретін, нұрландыратын құрал. Қазақ әдебиеті болсын, шетел әдебиетінің жауһарлары болсын, адамды ізгілікке, білімге, парасаттылыққа шақырады. Мәселен, классиктерден Мұхтар Әуезовтің әңгімелерін оқырмандар сүйіп оқиды. М.Мағауиннің «Жармақ», «Мен», «Көкмұнар», «Аласапыран» атты үздік туындылары, І.Есенберлиннің «Ғашықтар», «Көшпенділер» атты шығармалары да әр буын тарапынан көп сұранысқа ие. Поэзиялық шығармалардан М.Мақатаев, Ф.Оңғарсынова, Т.Молдағалиев, Ж.Нәжімеденов, Ж.Жақыпбаевтың кітаптары көп оқылады.

Бүгінгі таңда танылып жүрген ақындардан Ж.Әскербек, А.Елгезек, Қ.Сарин, Т.Толқынқызы, С.Дүйсенғазы, Б.Қарағызұлы, М.Асан, А.Темірбайдың жинақтарын жастар көп сұрайды.

Айнұр КЕЛМАҒАМБЕТОВА: Кітап – білімнің кені. Қазақ әдебиеті – өрісі кең бай әдебиет. Бұны оқырмандарымыз жақсы біледі деп ойлаймын. Статистиканы айта кетсек, кітапханамыздың қорында 350 мыңға жуық кітап бар. Оның ішінде 600-ге жуығы сирек кезедесетін әдебиеттер. Жылына 24 мыңға жуық оқырман келеді. Кітапханаға келушілердің көбі жастар болғандықтан, біз олардың талғамын бағамдап отыруға тырысамыз. Мәселен, оқырмандар Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін, Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Ілияс Есенберлин, Әзілхан Нұршайықов, Төлен Әбдік, Бексұлтан Нұржекеев сынды жазушылардың шығармаларын ерекше зейінмен оқиды. Постмодернистік бағытта жазып жүрген қаламгерлер: Р.Мұқанова, А.Алтай, Т.Ахметжан, Д.Амантай, А.Кемелбаеваның туындылары оқырмандар арасында өте танымал. Поэзия жанрында Мағжан, Сұлтанмахмұт жырлары, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли сынды ақындармен қатар, Есенғали Раушанов, Серік Ақсұңқарұлы, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ғалым Жайлыбай шығармаларын атауға болады.

Жаңа буын – жас желек оқырмандарымыздың талғамы қалай? Оларды қандай кітаптар қызықтырады? Жалпы оқырмандарыңызбен сырласып, олардың жеке әлеміне қаншалықты енесіз? Егер, сөйлесіп, пікірлескен болсаңыз, оқырмандарыңыздың әлеуеті қай деңгейде? Бүгінгі оқырманды не толғандырады екен өзі?

Зайра САНСЫЗБАЙҚЫЗЫ: Әрине бірінші кезекте біздер жастармен жұмыс жасаймыз. Осы орайда ақын-жазушыларымыздың мерейтойларына, атаулы күндерге арнап іс-шара ұйымдастырамыз. Оған жастар белсенді қатысады. Кітапханада әр бөлімде клуб бар. Олардың президенті, мүшелері кітапханашылармен бірлесіп түрлі іс-шаралар өткізеді. Бұған Ыбырай Алтынсарин атындағы АрқМПИ-ның студенттері өте жоғары деңгейде қатынасады. Оқырмандар арасында Елбасының кітаптары, М.Мағауиннің, М.Мақатаевтың, Ж.Ерманның, А.Алтайдың, Қ.Сариннің кітаптары үлкен сұранысқа ие.

Шетел әдебитін жастар сүйіп оқиды. Мәселен орыс классиктерінен Л.Толстой, Ф.Достоевский, А.Пушкин, С.Есенин туындылары, сонымен қатар, әлем классиктерінен Джек Лондон, Ги де Мопассан, Антуан де сент Экзюпери, Стендаль, Вольтер, Стефан Цвейг, Акутагаваның шығармалары жастарды көп қызықтырады.

Оқырмандар қазақ ақын-жазушыларының, оның ішінде жаңа буын өкілдерінің шығармаларына мұқтаж. Оларға айтылатын сын пікірлердің аздығы оқырманды толғандырады. Әдеби үдерістегі тың жаңалықтар, жаңа бағыттар туралы мәліметтер жеткіліксіз деп ойлаймын. Сонымен қатар әлем әдебиетінің үздік шығармалары қазақ тіліне толық аударылмағаны оқырмандарға қиындық туғызып жүргені жасырын емес. Аударма саласына көңіл бөлген жөн.

Айнұр КЕЛМАҒАМБЕТОВА: Оқырмандарымыздың талғамы жоғары деп ойлаймын. Мәселен, оқырмандар көбіне қазақ әдебиетінің классик ақын-жазушыларымен қатар, ежелгі аңыз-әңгімелерді, мақалдарды, даналардың қанатты сөздерін көп сұрайды. Бұлардың көбі ұлағыттылық пен парасаттылыққа тұнып тұрғандықтан, жастардың санасына салиқалы ой береді. Абайдың қара сөздері, аудармалары, Мағжанның жалынды жырлары, Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтің әңгімелері оқырмандардың ойлау жүйесін дамытып, танымын кеңейтеді. Сонымен бірге сөз шеберлерінің шығармаларын оқу арқылы сөздік қорын да байытады.

Оқырмандардан жас буын өкілдерінің көпшілігі бизнес, мотивация, психологияға байланысты әдебиеттерді сұрап жатады. Алайда олардың саны жеткіліксіз және орыс тілінде болғандықтан оқырман қауым өз наразылығын білдіріп жатады.

Жазушы қауыммен кітапхананың байланысы қалай? Бүгінгі қазақ қаламгерлерінің (Тәуелсіздіктен кейін әдебиетке келген қаламгерлерді айтып отырмыз) оқырманы, өз аудиториясы қалыптасты ма? «Ең бірінші оқырман – кітапханашы» деген жақсы сөз бар ғой, сол тұрғыдан алғанда, бүгінгі қазақ қаламгерлерінің шығармашылығына көңіліңіз тола ма?

Зайра САНСЫЗБАЙҚЫЗЫ: Кітапханашы мен жазушы өте жақын ұғымдар. Шынайы байланыста десе де болады. Кітапханаға кітап сыйлап, қорымызды көбейтіп, ыстық ықыластарымен, жүрекжарды тілектерімен тілекші болып, жаны ашып жүректерінің кеңдігін білдеріп жүрген қаламгерлерімізге алғысымыз мол. Жергілікті қаламгер Ә.Әбілтаев кітапханаға өзінің 20-ға тарта жеке шығармалары мен 30 данаға тарта үй кітапханасындағы кітаптарын тару етті. Қазақ қаламгерлерінің шығармаларына бұрын көңілім толатын, ал қазір толады деп айта алмаймын, өйткені шығармалары аз, оған қарт оқырмандар да риза емес. Іздеген жаңа шығармалырын таба алмай қиналады. Бәрі де бұрынғы шығармалар, оқылған, таныс.

Айнұр КЕЛМАҒАМБЕТОВА: Әрбір кітапхана ақын-жазушылармен тікелей байланыста болуы тиіс. Біздің кітапханамызда «Қаламгер» әдеби қонақжайы бар. Жергілікті ақын-жазушыларымыздың шығармаларын насихаттау мақсатында «Қаламгер» әдеби қонақжайында түрлі кездесу кештері, кітаптардың тұсаукесерлері өткізіледі. Қаламызға келіп жатқан белгілі тұлғалардың барлығы біздің кітапханамыздың төрінен орын алып, «Қаламгер» әдеби қонақжайымыздың қонағы болып кетеді. Бүгінгі қазақ қаламгерлерінің өз оқырмандары қалыптасты деп айтуға болады. Оған сұранысқа ие әдебиеттер арқылы да көз жеткізуге болады. «Ең бірінші оқырман - кітапханашы» тұрғысынан алатын болсақ, бүгінгі таңдағы шығармаларға көңілім аса тола қоймайды. Қазіргі таңда мағыналы, мәні бар шығармалар азайып бара жатыр. Саны көп, сапасы жоқ. Біздің міндетіміз өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, сапалы білім мен тәрбие беру.

Қазір дүниежүзінің кітапханалары сияқты еліміздегі кітапханалар да заманауи технологиялармен қамтылып, жаңа заман талабына сай қызмет етуге машықтанып келеді. Енді өзіңіз қызмет ететін кітапхананың жұмысы, жетістігі жайында айта кетсеңіз.

Зайра САНСЫЗБАЙҚЫЗЫ: Облыстық №2 ғылыми әмбебап кітапханасы қазіргі заманауи электрондық жүйемен жұмыс істейді. Рабис бағдарламасы бар. Электронды жүйе оқырмандар үшін өте қолайлы. Әсіресе уақыт үнемдеу мен керек кітапты жылдам табуға көмектеседі.

Кітапхананың сайтынан оқырмандар кітаптардың электронды нұсқасын еркін жүктей алады. Сонымен қатар сайтымызда әдеби жаңалықтарды, кітаптар туралы рецензияларды, ақын-жазушылардың өміріне қатысты деректерді жариялап отырамыз.

Біздің кітапхана кітап қоры бай, ақпараттық жағынан қамтылған мекеме ретінде қызмет етіп жатыр. Кітапханашылар оқырмандармен жан-жақты байланыста. Сайт материалдарын жаңарту жұмыстары әр бөлімдегі кітапханашыларға міндеттелген. Бұның арқасында оқырмандар да кітапханаға, кітапқа деген өз қызуғышылықтарын арттырып жатыр.

Айнұр КЕЛМАҒАМБЕТОВА: Иә, бүгін де еліміздегі кітапханалар заманауи технологиялардың дамуына байланысты жаңа заман талабына сай қызмет етуді қолға алып келеді. Бүгінгі таңда облысымызда бірыңғай электронды каталог қарастырылып жатыр. Сонымен қатар «Коворкинг» орталықтарын ашу жоспарланып отыр. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Атап кетсек, өлкеміздегі ақын-жазушыларымыздың шығармаларын толықтай сандық нұсқаға көшіру, сондай-ақ аудандарымыздың тарихы туралы құнды деректерді де сандық нұсқаға көшіру қолға алынып жатыр. Оқырмандарды кітапханаға тарту мақсатында оқырман клубтары жұмыс жасайды. Кітапахана сайтында кітапханада өтетін іс-шараларды, жаңа келіп түскен кітаптарды, әдеби жаңалықтарды жариялап отырамыз. Оқырмандар тарапынан да үнемі ұсыныс хаттар түсіп отырады.

Өңіріміздегі рухани жиындар кітапхананың қабырғасында өткізіліп отырады. Жастарды түрлі сала мамандарымен кездесуге шақырып отырмыз. Кітапхана жанындағы әдеби клубтың бастамасымен ақпараттық технологияның жетістігіне байланысты еліміздің өзге өңірлеріндегі кітапханаларымен онлайн түрде байланысқа шығып кітап талқылау дәстүрі қалыптасқан. Соңғы рет клуб мүшелері әдеби кітаптардан Шәкәрім шығармаларын және лингвистика саласы бойынша латын графикасына көшудің өзектілігіне қатысты мәселелерді талқылады.

Жарқын ӘЛІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар