Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қ.Құттымұратұлы. Өмір ме өрге құлаш ұрмағасын…

20.07.2018 654

Қ.Құттымұратұлы. Өмір ме өрге құлаш ұрмағасын…

КЕЗДЕСУ

(Әмірханға)

«Тау басында кездесейік»

Өзінің сөзі

Біз бәлкім кездесерміз тау басында,

Бұлтты ұстап, Ай жүзетін жамбасында.

Жанарым жұлдыздарды жек көрмейді –

Табаным шыдар ма екен қар басуға?!

Көңіл ғой жетелейтін шыңға өрмелеп,

Әлде бір естілді ме Нұрдан дерек –

Бұл жолға алды-артына қарамайтын,

Қайтарын ойламайтын құрбан керек!

Ақынның ғұмырының шырайы – жыр,

Сен едің шың басына лайық ұл.

Тәңіртау баурайында жүргеніңде

Ұмытпа бауырыңды Құдайы бір.

Ұядан ұзақта өлер түз баласы,

Өмір ме өрге құлаш ұрмағасын.

Білмеймін, қырда ма әлде, шыңда ма әлде

Әйтеуір бір кездесу бізге – нәсіп…

Көзіңнен алмас қылыш оты ойнаған,

Қаныңда жорық жыры атойлаған,

Ежелгі ер қазақтың сойысың ғой

Жанымды майданда ал!- деп дәт ойлаған.

Бастайық, бастаған соң ақыр бүлік,

Әйтпесе еркек деген атымды ұмыт.

Шаңдатып Еділ-Жайық арасын бір

Кездессек ту шайқалтып, шатыр құрып.

Сол кезде

«Қайдан келген тарлан?!»- десіп,

Қу дұспан сұрар еді-ау жаннан кешу.

Баланың баласына аңыз болар

Ай, шіркін, қашан келер сол кездесу!

МАХАМБЕТТІҢ СОҢҒЫ АРЫЗЫ

Исакем-ай,

Арыстандай айбарлым,

Сен барда екен мағынасы майданның!

Хан баласын,

Жан баласын көзге ілмей

Ту көтерген

Келмейді енді қайран күн!

Алпаң басқан ағаларым көп еді,

Бірақ соның ішінде

Айға азуын білегені жоқ еді!

Астана жұрттың,

Аламан көптің қамы үшін

Ат үстінде ажалын тапса аруақты ер

Арманы жоқ- деп

Соңыңнан ергенім сол еді.

Қиылдың бойы қанды ұрыс,

Қаймана жұртқа қара жамылар болды ма іс?!

Ағайынға бас болған,

Алтынды ерге қас болған

Арыстанымнан абайсызда айрылып

Шыңдалған жүзі шымыр тасқа тиді бұл қылыш!

Әуелден басы оңбаған жорықтың

Соңы сергелдең боларын сезгенмін,

Бел буып соған төзгенмін!

Қиылдың қара бойында

Қарша жауған оққа қарсы шапқанда

Бұрылып қашқан Ажалым,

Қаройда қарайып жалғыз қалғанда кез келдің!

Тілекті, Тәңірім, бермедің!

Қанды қасапта арыстанымның қасында

Қыршыным бірге қиылса

Арманда кеттім- дер ме едім?!

Қасқайып қарсы келсе тұра алмас

Қаумалаған көп көпек

Басымнан бағым тайғанда

Келіп тұр ма сыртымнан семсер сермегің?!

Уай, Ықылас, Жүсіп, Мұса,

Қайсың барсың?

Жаназамды оқуға келген кім?!

Сендер кешіктің,

Мен сонау Арысымды алдырған күні өлгенмін!

Жеті жыл бойы жер басып жүрген

Үрейімнің өзі-ақ

Төрені төсегінде тыныш жатқызбасын сезгенмін!

Мен топшысы сынған қас қыран,

Алладан алған аманат жанды

Қабағым шытпай Өзіне қайта тапсырам.

Қане, кәпірдің тиынына құмартқан сатқыным,

Қолыңдағы қырғышың

Құйқамды қиқалап қор қылар –

Алдаспанымды ал менің,

Қара бетің жуылсын

Қаныма ыстық шапшыған!

КҮЗГІ «КӨБЕЛЕК»

Секілді мұңға батқан ақылды қыз

Күз келді. Біреулерге ақырғы күз.

Менің де соңғым болсаң өкінбес ем

Апарсаң болашаққа хатымды, Күз.

Тағы да күндер келді көлеңкесіз,

Көңілсіз кең жайлаудың өлең төсі.

Билеген жер-жаһанды Патша-Құдай

Тарихқа бұ күзді де жөнелтесіз.

Күз келді. Әлі де анық жүз келері,

Көзіне көкіректің мұң келеді.

Аңсаумен күтіп ем ғой бірдеңені

Тапты ма байғұс көңіл іздегенін.

Ақынның сырына жұрт үңілген бе,

Шыдайды, не көрмеген біздің кеуде.

Бұл күздің сары қанат “көбелегі”

Ұшады жалғыз рет – үзілгенде.

Күз келді, біреулердің соңғы күзі,

Жылуы аз, өзге күннен кем қызығы.

Көңілге көктем салған естеліктің

Жарар ед тапталмаса ендігі ізі…

ҚОҢЫР ТЕРЕК

«Жалғыз қайыңның» ізімен

Мейірімге біз дағы шөліркеп ек,

Сен де шөлдеп тұрмысың, қоңыр терек?!

Жалғыз тұрып жапанда мұңаясың,

Көрінбесең көзіне кім аясын?

Төбеңде құр қалбаңдап ұшқан қарға,

Тамырыңды қуалап тышқан қазған…

Мейірімге біз дағы шөліркеп ек,

Сенен тәуір екенбіз, қоңыр терек!

Өзегімді өртейді мына қайғы,

Қоңыр терек, мен сені шын аяймын.

Хәліңді кеп ешкім де сұрамайды,

Құлар болсаң жан жоқтап жыламайды.

Үйіп-төккен басыңа теперішін,

Тағдырыңды мойындап кетемісің?!

Бұтағыңа қонған құс бақыт сынды

Құлаған күні-ақ басыңнан кетер ұшып.

Тоғайыңмен қосылып салмай бір ән,

Жалғыз өтер боп еді қандай күнәң?!

Жарлының да болмай ма жалғыз аты,

Жапырағыңды тегі жоқ желге ұзатып,

Айдалада дауылдан қалбаң қағып

Сонша нені, қоңырым, армандадың?!

Тұл бойыңа жиған боп батылдықты

Тұрсың ба әлде айтсын деп «дәтің мықты».

Жалғыздарды ит-құс та қаузамай ма,

Бір басыңа от сүңгі – найзағай да

Қанша соқты сойылын! Жараң әлі

Жазылған жоқ, қанды ірің ағады әні.

Даралықты өзінен басқа жанға

Қимайтұғын Құдайым жазалады.

Талайларды тағдырдың қыл бұрауы

Буындырған. Сені де сындырады.

Қоңыр терек, десем де сені аяйын,

Тоғайыңдай қалайша бола алайын.

Артық қылам дегенде тыртық қылып

«Аю достық» жасайды көп ағайын.

Бірақ, бірақ мен сені шын аядым.

Жыңғыл да жоқ сырласар қыл аяғы.

Жалғыздардың бұл болса көрген күні

Нағыз «байғұс» екен деп мұңаямын.

Басыңды иіп дауылға келген беттеп,

Жапан дүзде жетесіз желге ермек боп,

Неге кеттің тобыңнан, тоғайыңнан –

Тірейтұғын арқаңды ағайыннан?!

Неге безді отаның – орманыңнан,

Сүйейтұғын қолтықтан қорғаныңнан?!

Момындығың басым ғой, момындығың,

Кімге жақпай қалдың сен, қоңыр күнім?!

Байқалмайды ел сүймес еркелігің,

Неге ендеше сүрмексің келте ғұмыр?!

Таяздықтан, терексің, бойың азат,

Мақтаншақтық әуелден бойыңа жат.

Жалт-жұлт еткен көркің жоқ, қоп-қоңырсың,

Неге ендеше жел өті – бетте тұрсың?!

Атағымды әлемге шығарам деп,

Әлде сені мақтаншақ бір адам кеп

Ажыратып туғаннан – ағайыннан

Шыбығыңда суырып тоғайыңнан

Жапанға әкеп тікті ме естелік қып,

Елге айтты ма сол ісін бөспелік қып.

Іні қалып, алыста аға қалып,

«Пәленшенің ағашы» боп атанып

Атағыңды асырап біреу үшін

Қоңыр байғұс, бір өмір сүремісің?!

Жел өтінде талықсып, талмаусырап

Бұл тұрысың – сол тұрыс болды-ау, сірә!

«Тәйт!»- деді қоңыр терек шашын сілкіп,

Жел дағы ызыңдауын басылды іркіп.

Шоқ-шоқ боп боз жусандар аңтарылды

Жантақ та көзін тікті жасыл кірпік.

«Айналайын, сабыр ет, аяғышым!

Қорлығымды келіп пе ең санау үшін?!

Атақ үшін бой өссе, тамыр өспес,

Бұл тұрысым – туған жер – далам үшін!

Рас, менің көзімде тұнады азап,

Мүсіркеме, батады мына мазақ!

Талшыбықтай талдырмаш кезеңімде,

Қырға әкеліп қадаған Бір Азамат!

Бір әулеттің Азамат қорғаны еді,

Тоғай ету ауылын арманы еді.

Келер ме еді арманға жетер де күн,

Соғыс, соғыс…

Бағым сор екен менің!

Аттанғанда майданға Азаматым

Тамырыма тапсырды аманатын.

Ағайынға тапсырды кәрі әкесін,

Көк төбетке тапсырды көне қосын…

Содан бері қанша жыл өтті зулап,

Замана жел, арманды кеттің ұрлап.

Қыр басынан жай тапты сол қара шал,

Көк төбет пен көне қос бопты жұмбақ.

Жоғалды бір шаңырақ – мен куәмін,

Соғыс бітті, тарқады шер тұманы.

«Азаматтың ағашы» атандырып

Ел-аймаққа есімім болды мәлім.

Ер өлсе де ел қалса тез жетілер,

Жомарт еді сол жылдар жер беті де.

Мұқтаж болып көрмеппін мейірімге

Тоюшы едім ауылдың пейіліне.

Тірі жанға тигізбей, малдан қорып,

Жас-кәрісі жүруші ед қорған болып.

Ұя салып, құс терсе өмір сыйын,

Ұнаушы еді дәл осы қоңыр күйім.

Жалғыз қалып көрмедім.

Елмен бірге

Жапырағыма жан бердім, тербелдім де.

Бір тұрғыны секілді осы ауылдың

Ерке қыздың бой жетіп,

Асау ұлдың

Атанғанын азамат, бәрін, бәрін

Келмеуші еді көзімнен таса қылғым.

…Қайран күндер! Сол қызық ерте кетті,

Жалғыздық кеп жанымды желкен етті.

Соғыс сындыра алмаған ауыл еді,

Нарық деген нақұрыс желкелетті!

Жастар көшті жиналып қала жаққа,

Құр томпайып қарттар ғой ана жатқан.

Өңшең мылқау құлпытас арасында

Қап-қара боп көрінер маған ақ таң!

Аяқты адам шерімнен білер нені?

Бұтағым мен тамырым білемденіп

Жалғыздықтан жан шошып,

Тоғайыма

Кетем деп ем, тамырым жібермеді

Содан бері тірліктің сұрқы қашып,

Жалғыздық пен жабығу бір тұтасып,

Көшкен жұртта, жылаған жел өтінде

Мен – ауылдың жаны бар құлпытасы.

Күлбілтелеп қайтейін, күмәнді етіп,

Біз – қираған кемеміз, лаң жетіп.

Азамат пен ауылдың аруағына

Жөнеле бер, жолаушым, дұғаңды оқып.»

ТӨЛЕГЕННІҢ СОҢҒЫ СӨЗІ

Алты қаз-ау, айналдың төбемнен құр,

Жібегімнің ай жүзін көрер ме ем бір?!

Құлағыма бір дауыс келгендей ме –

Қотан жыраудың зары – көнерген жыр.

Ақ батасын алмап ем сорлы әкемнің,

Үміт емес, мен сірә сор көтердім.

Қош аман бол, алты қаз, ақ боз жорға,

Қособадан қайырусыз мен кетермін.

Не таптым мінезімнен балпаң-батыр,

Құдай-ай, қойғаның ба жаутаңдатып?!

Шалқамнан шалжиып бір жатар ма едім,

Жебесі Бекежанның арқамда тұр…

Тірлікте самғадың не, зауладың не,

Бұл көрге би де кірген, хан да кірген.

Тек әттең,

Беу, Бекежан, өзің емес,

Дұшпаным басымды алса арманым не!

ӨМІР

Мың жыл аққан бұлақтар бар,

Әлі ағады таусылмай –

Кетпей жүрген құлақтардан

Жоқ іздеген даусымдай.

Жел жүйткиді оңнан солға,

Барар жері баянсыз.

Өмірге ұқсас алдамшы ол да,

Ойға түйіп аларсыз.

Көктен қанша жұлдыз ақты –

Азаймайды ол ғажап.

Ғұмырымды желге ұзаттым,

Орны толмас сол ғана…

Көкжиектен Күн батады,

Шығу үшін қайтадан.

Шындығымды шыңға тағып

Қайдан бәрін айта алам?!

ТЕҢЕУ

Өмір мынау зырлаған

Экспресс секілді,

Кондуктор қыз “көрсет,- деп,

Билетіңді”- жекірді.

Жүргізуші ашулы,

Аялдама толы адам,

Оларда да қан-сөл жоқ,

Жаралғандай қоладан.

Барар жерім алыс-ты,

Билет қымбат, жол ұзақ,

Ауып келген кірме едім,

Жаратпайды, көбі жат.

Осындайың бар ма еді,

Көзбен атқан әй, ит өмір,

Қайдан міндім құрғырға,

Түсіп қалсам қайтеді…

* * *

Адал жаныңмен ғашық еттің бе,

Кете алмай қойдың есімнен.

Өзіңсіз көрген қасіреттің де

Қара түндерін кешіргем.

Қара көзіңнен қаншама сырды,

Қанша ғасырды оқыдым.

Қайтып оралмас сол сағатымды

Еске алып енді отырмын.

Берсем деп саған кеудеме терең,

Жылуын жанның жинағам.

Мендегі сол бір сәулеге сенер

Жан таппай енді қиналам.

Таңды таңға ұрып, шам қуып алдан

Ұмтылған едім сан құлап.

Болдың да қалдың Мәңгілік Арман

Шақырмай қойдың сен бірақ.

Жүрегім мұңды дос көріп қалды

Оңаша қалып мұңданам.

Сол бір күндерден естелік қалды-

Өзіңе арнаған жыр ғана.

ОЙ

Бір ой мені көп болды мұңайтып жүр.

Көптен бері көрінді Күн, Ай тұнжыр.

Көптен бері ат ізін салмай қойды

Нөсер болып көгімнен құлайтын жыр.

Айдын көлде адасып жүзген сыңар

Жүдеулігі көңілдің күзден шығар...

Жүрегім алаңдамай қойды ешкімге

Сенің орның толмасын білген шығар.

Бір ой мені күні-түн мұңайтады,

Кім естіді жанымның бұл айқайын.

Сенің орның бөлек- деп қоймай қойды,

Сірә, сірә бұл шіркін шын айтады...

Бәріне де бас ұрып көнген көңіл

Осылай болатынын білген бе еді?

Әлдеқашан әйтеуір күз келгелі

Жүрегім ешбір жанға сыр бермеді.

Сыр бермесем соншалық бекем бе едім,

Бекем боп көрінем деп не көрмедім?

Сен жанымнан кеткелі жалғыз қалып

Жазирасын уайымның мекендедім.

Көйлегімнің жағасын жел жұлмалап

Сағымдардан іздедім қол бұлғаған.

Құшақ жайдым түсімде сені көріп:

-Есенбісің, жаным-ау, келдің бе аман?!

Араз болып мұңсыздау жас күніммен,

Сағынышпен жалғадым кешті күнге.

Жанарыма жасырған жан сырымды

Жаның нәзік еді ғой, естідің бе?

Сезіміме сабырым басу айтып

Іздеп жүрмін, бақыттың көші қайсы

Менен ақыл күттің бе, інішегім,

Жаны жарты адамнан не сұрайсың?

Өмірдің заңдылығы бұлжымайтын,

Күзден бе екен, күн жиі тұнжырайтын.

Өзің жоқсың жанымда

Содан ба екен

Бір ой мені әйтеуір жүр мұңайтып...

* * *

Сен мендегі білесің бе Арманды?!

...Төбемізден төгіп тұрса ақ жаңбыр.

Екеуміз де аппақ нұрға малшынып,

Айтарымыз, айтпағымыз таусылып

Бірге тыңдап дүниенің дірілін

Жатсаң деп ем көкірегіме тығылып.

Сәлден кейін бұлт тараса жел айдап,

Бұлт астынан Ай қараса абайлап,

Жұлдыз біткен жымыңдаса ақырын

Ұялмашы, перизатым, заты - гүл.

Бір қиырдан құрбақалар ән бастап,

Көк аспанда Ай жүзер ед жамбастап.

Жұлдызымды көктен іздеп қайтемін,

Мен өзіңе жыр төгер ем иен тегін:

"Жаным менің, сенсіз өткен күн құрысын!

Сен болмасаң тақуамын тұлдырсыз.

Дана да өткен дүйім жұртты таң қылып,

Жауыз да өтті жарты Әлемді шаң қылып.

Бәрінің де аты қалар мәңгілік,

Мен де өтемін жалғыз сені ән қылып.

Менің атым қалса қалар Әлемде

Саған арнап жазған жалғыз өлеңде!"

Мендегі Арман осы ғана, аяулым,

Пенделікке құлпытасты қоярмын.

Атақ үшін бола алмаспын масқара

Менсіз-дағы толып жатыр басқалар.

Мәңгіліктің қайда екенін біле алмай

Дүние қуып тыраштанар ұялмай.

Ал, мен болсам

Жалғыз сені ән қылып

Күллі Әлемде қалып қоям мәңгілік!

* * *

Кеше ғана қар жауған.

Аппақ еді.

Үлбіреген ұлпадай мақта ма еді?!

Пәктігіне таң қалып, сүйдім оны –

Ерінінен мұп-мұздай.

Жат демедім...

Жақыным ғой, жат емес.

Жан сусаған,

Бір аяулы естелік қалсын содан.

Көктен түскен періште тазалықтан

Өміріне бір үлгі алсыншы адам...

Тазалықты әуелден сүйдім неге?!

...Оны еріттім.

Өз ернім күлгіндене

Жаны кетіп,

«Жаным...» деп күбірлесем,

Түр көрсетер сүймеген, дым білмеген.

Көкірегімнен көрдей боп басар қайғы,

Көңіл бұлтын күзгі жел аша алмайды.

Өзімді-өзім оңаша жұбатамын:

Қалада қар аппақ боп жата алмайды...

Қазбек Құттымұратұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Қазбек Құттымұратұлы, поэзия
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар