Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Клара ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ: Әбіш тістеніп отырып жазатын

16.02.2018 3378

Клара ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ: Әбіш тістеніп отырып жазатын

Астана қаласындағы жазушы соңғы демін алған үйді бетке алып келеміз. Саусағының табы қалған есік тұтқасына дейін аяулы шаңырақтың есігін ашарда... 51 жыл, 8 ай бірге ғұмыр кешкен, шәй деспей түтін түтетіп, ұл-қыз өсірген, немере сүйіп, шөбере көрген жазушының жары Клара апамыздың мүбәрак жүзін көрерде... Былайғы тіршілікке епсіз жазушының бәрін жиып қойып, бір ай бойы өз қолымен реттеген алып кітапханасына кіріп барғанда... Төрдегі Әбіштің даналық тұнып қалған келбеті бейнеленген алып картинаға көзіңіз түскенде... Демің бітеледі. Жүрек өрекпи соғады. Әп-сәтте сыртқары дүниенің бәрі пәс, күңгірт тартып сала бергенін түйсінесің. Тап бір ұшпақтың төріне шыққандай бір масат көңіліңе желік жүгірте бергенде, әлгі бір жұмсақ көзқарастың ар жағындағы ауыр пыс «әуелі, мен осыған лайық па едім?» дегізіп, әп сәтте сабаңа түсіреді.

Елжірей тұрып тәубелеп бағасың. Өйткені, сен өзің ғана емес, мұқым қазақтың сүйікті жазушысының – Әбіш Кекілбаевтың үйіндесің...

АЛҒАШ ТАНЫСҚАНДА, МЕН 8-ШІ, ОЛ 9-СЫНЫПТА ОҚИТЫН

– Клара апай, Әбіш атамызбен қалай таныстыңыздар?

Менің ағам мұғалім еді. Ағамды аудандағы жаңадан ашылған мектепке жіберіп, сонда көшіп бардық. Әбіш те «ауыл жақын» деп, сол мектепке келген екен. 7-сыныпта оқимын. Аздап ән айтатыным бар болатын. Рязаннан келген орыс мұғалім орысша екі ән үйреткен. Әйтпесе, біздің ауылда орысша сөйлейтін адам жоқ. Бір слетта ауыл клубының ішінде жаңағы екі әнді айтатын болдым. Анам – шебер адам, көйлектің неше түрін тігіп береді. Анам тігіп берген әдемі көйлекті киіп алып, клуб сахнасында ән айтып тұрмын. Назар аударған жанның көзі бірден шашыма түседі. Өзім кішкентай ғанамын, шашым көйлегімнің етегінен бір қарыс төмен түсіп тұратын. Мен ән айтып тұрғанда, есіктің аузында екі-үш жігіт тұрды, бірі – Әбіш. Клубтың іші суық болатын. «Апырай, мына қыз тоңып қалмаса болар еді», депті Әбіш. Мені алғаш көргені сол. Арада бірер күн өткеннен кейін дүкеннен тұр едім, жаңағы үш жігіт кездесті. «Анада көрген қыз ғой», деп сыртымнан сөйлеп жатты. Мен үндеместен өтіп кеттім. Күзде оқу жылы басталып, мектепке келдік. Мен 8-сынып, Әбіш 9-сыныпта оқитын. Ол комсомол хатшысы екен. Мені қасына «писарь» етіп қойды. Солай араласып кеттік. 10-сыныпты бітіргеннен кейін ол Алматыға оқуға кетті. Әбіш оқу бітірген жылдары “Мектеп бітірген балаларды колхозға қой бақтыруға қалдыру керек” деген үндеу шықты. Сол үндеу бойынша бұлар бүкіл сынып болып қой бағуға қалмақ болған. Отан соғысы, қытай, жапон соғысының бәрінде болып, елге 1951 жылы ғана оралған немере ағасы бар еді. Ол қоймай: “Сенен басқа да қой бағатын адам табылады” деп оқуға баруға үгіттейді. «Қой бағу» туралы жарлық шыққан кезде біздің облыстың бірінші хатшысы Нұртас Оңдасынов екен. Балалардың үндеуге еріп, оқуға бармай, қой бағамыз дегенін оқыған ол: “Маңғыстауда қой табылса, қой бағатын адам да табылады”, – деп, үндеуді жыртып тастапты. “Жолынан қалмасын, балаларды оқытыңдар”, – депті. Ол кезде жоғары білімі барлар аз. Орысша ешкім сөйлемейді. Ал Әбіш екі тілге де жетік еді. Бала болып асық ойнамаған, ләңгі теппеген, жүгірмеген. Үйдің іргесінде орыстың бір жазушысының кітабын оқып жатса, үш-төрт геолог мұның үстінен шығыпты. Сол геологтар орысша білсе, осы бала білер деп Әбішті шешесінен рұқсат сұрап, ертіп алады. Геологтармен екі жыл жазғы демалыста Маңғыстауды аралапты. Оқушы кезінде газетке де жиі мақала жазып тұрған. Бір қазақ жазушысы украин жазушысының шығармасын аударыпты да, өзінің атынан шығарыпты. Оны оқыған Әбіш әшкерелеп мақала жазады да, “Лениншіл жас” газетіне жібереді. Мақала бірден жарияланады. Олар бұны үлкен кісі екен деп ойлапты. Ана жазушыны жұмыстан шығарады. Сөйтіп кейін оқуға барғанда “мақала авторымын” деп 10-сыныпты жаңа бітірген, шашы дода-дода бір қара бала келіп тұр дейді. “Сені шал екен десек, оқушы екенсің ғой”, – депті олар таңдай қағысып. Солай КазГУ-дың филология факультетіне оқуға кетті. Ол жақта да Әбішті оқу бітіріп бара жатқан Қадырдың орнына Комсомол хатшысы етіп сайлайды. Оқу бітіретін жылы “Алтын шуақ” атты өлең кітабын шығарды. Содан кейін Лев Толстойдың “Война и мир” кітабының екі томдығын аударды. Ол 1962 жылы КазГУ-ды бітірді, мен 1964 жылы Ақтөбе медициналық унисерситетін бітірдім. Алғашында хат жазысып, кейін ортақ телефонға келіп сөйлесіп жүрдік. Оқу бітіргеннен кейін мені жолдамамен Балқаш ауданына жіберетін болды. Мұны Әбішке айтып едім, ол бірден Ақтөбеге келіп, екеуміз некемізді тіркеттік. Бұл 1964 жылдың сәуір айы болатын. Әке-шешелеріміз білмейді. Өзіміздің істеп жүргеніміз. Жазда оқуым біткен соң Әбішке: “Саған өзім бармаймын ғой. Керек болсам, келіп алып кет”, – дедім. Оның келіп алып кетейін десе, ақшасы жоқ. Өзінің оқу бітіргеніне көп бола қоймаған. Не істерін білмей ұстазы Зейнолла Қабдоловқа барыпты. “Аға, маған ол жаққа бір, қайтарға екі билет керек”, – депті. Ол кісі жағдайды түсіне қойып, Фурманов пен Киров көшелерінің қиылысындағы аэрокассаға барып, билет алып беріпті. Солай ұшып келіп, мені алып кетті. Сөйтіп қосылдық.

– Ол кезде анасын Алматыға көшіріп алған ба еді?

– Иә, бір жыл бұрын көшіріп алып, Достықтың бойында пәтерде тұрған. Мен келетіннен екі ай бұрын үй беріпті. Ол жаңағы Фурманов пен Киров көшелерінің қиылысында, бір профессордың үйі екен. Профессор жаңа үйден баспана алып, мына екі бөлмелі пәтер Әбішке бұйырыпты.

– Ол уақытта қайда істеп жүр еді?

– “Лениншіл жаста” істеп жүрген кезі.

– Сонда үй жұмыс орнынан берілді ме?

– Жоқ, газеттен емес, Жазушылар одағынан берілді. Оқу бітіргеннен кейін Жазушылар одағының мүшесі болды. Кітабы жарық көрді ғой.

– Той болды ма?

– Жоқ, той болған жоқ. Ол уақытта тойдың жағдайын ойлаған жоқпыз.

– Сонда ата-анаңыздың алдына бір өзі келіп, алып кетті ме?

– Негізі Әбіштер оның алдында бір жыл бұрын келіп құда түскен. Әкем соғыстан қайтпаған, жоқ. Ал шешем үндемеді. Ағам мектеп директоры еді. Сол күні аудан орталығына кеткен болатын. Құда түсіп келушілер оған жолда жолығыпты да, сол күйі айта салыпты. Оған ағам: “Менің үйім жоқ па, күйім жоқ па? Жолшыбай айтқандары несі?” – деп тас-талқан болып ашуланды. Сонымен бұл мәселе жабылып қалды. Бірақ Әбіш екеуміз өз бетімізбен шешіп, үйлендік. Келін боп түскеннен соң бір айдан кейін Гоголь пен Пушкин көшелерінің қиылысындағы №1 поликлиникаға жұмысқа тұрдым. Табан аудармай 33 жыл жұмыс жасаппын. Сол жерден зейнетке бір-ақ шықтым. Әбіш мен келген соң “Лениншіл жаста” бір-екі жыл істеді де, Мәдениет министрлігіне редактор болып кетті. Сөйтіп жүргенде 1968 жылы оны әскерге алып кетті. Жазушыны бейбіт күнде әскерге әкету бұрын болмаған жағдай еді. Біреулердің әсер етуімен кетті ғой. Кімнің жіберткенін өзі білді. Бірақ айтпады, ішінде кетті. Военкоматқа барса, “Баратын сіздің балаңыз шығар деп ойладық. Өзіңіз екенсіз ғой”, – депті. Белгілі ғой енді. Отызға екі ай жетпей, алып кетті. Солай екі жыл әскерде болды. Жалаңашкөлдегі Қытаймен арадағы қақтығысқа да қатысты. Окоп қазыпты. Сөйтіп әйтеуір аман-есен құтылып келді. Партияда емес еді, партияға өтіп келді. Ол кезде “Дружба народов” деген журнал шығатын. Аудармаларының бәрі сонда жарияланып жатты. Кейін Мәскеуде оның бәрі кітап боп бастырылыпты. Неміс тіліне де аударылыпты. Ары қарай солай жалғаса берді. Кейін “Бір уыс топырақ”, “Аңыздың ақыры” жазылды.

АЙСӘУЛЕ МАМАМЫЗ ДАНА АДАМ ЕДІ

Әбіш атамыздың анасы Айсәуле апамыз туралы жылы пікірлер айтылады. Енеңіз қандай жан еді? Қырық жылға жуық уақыт бір шаңырақ астында тұрыпсыздар. Бірден тіл табысып кеттіңіздер ме?

Мен келін боп түскенде мамамыз 58 жаста еді. Ауылда жүрген қазақтың қарапайым бәйбішесі. Үш қызды өсірген, ұзатқан. Жалғыз ұлының артынан 1963 жылы Алматыға көшіп келген. Көшерде қайынағалары “Айеке, қайда бара жатырсың? Балаң үйленген жоқ, үй алған жоқ. Танымайтын жер”, – деп тоқтатпақ болыпты. Сонда мамам: “Айналайын, ағалар, маған бөгет жасамаңдар. Осы бала туғанда «Тұтамдай сүйегім қалғанша, балам азамат болған соң соңынан қалмаспын” деп берген уәдем бар еді. Сол балам азамат болды. Оқуын бітіріп, көшіріп алайын деп келді. Мен баламның соңынан қалмайын”, – депті. Тігулі тұрған үйін, дүниесінің бәрін тастап баласының соңынан еріп келген. Данышпан адам болатын. Абайдың әжесі Зере бір ақылды адам дейді ғой. Мына кісі де сондай. Бөтен сөз айтпайтын, біреуді жамандамайтын, біреуге тіл тигізбейтін. Бірақ адамды қатты ұстайтын. Өзінің дегенін жасатқызатын. Қонақ келсе қуанатын. “Шырағым, кісі келгенде дорбаңды сүйреп дүкенге шаппай, бір асым етің артыңда тұрсын”, – дейтін. Сөзге шешен еді. Негізінде Әбіштің шешендігі нағашы жұртынан-ау деп ойлаймын. Бірақ өз жұртында да мықты кісілер болған. Үлкен аталары бір елді, бүкіл ауылды ұстап отырған адамдар болыпты.

– Ол кісінің Әбіш атамызға айтып отыратын қандай ақыл-кеңестері есіңізде?

– Әбішті тек “Айналайын, ақ патшам” деп айналып, толғанып отыратын. Жұмысқа кетерінде маңдайынан сүйіп шығарып салатын. Кешке жұмыстан кешігіп жатса, балалар тықыршып “тамақ ішейік” десе, “Не? Өліп бара жатырсыңдар ма? Ақ патша келсін!” – деп отырғызып қоятын. Әбіш қалай есіктен аттайды, солай мейрам басталады. Сосын мамам айналасына қадірлі болды. Зейнолла Қабдоловтар “Ақ патшаның мамасы” деп төрге отырғызып қоятын. Өмірде талай қиындық көрген, жеті жыл шахтада көмір қазған, үй салып, шөп шауып, ұзақ уақыт қой баққан жан ғой. Бері қарай көшерде күрегін тастап, белін шешіп, баламның соңынан ерем деп кеткен адам. Ал өзі байдың қызы екен.

Тұңғышымыз Әулет дүниеге келгенде қатты қуанды. Туа салысымен “25 жылдан бері көрген қызығым”, деп өз бауырына салды. «25 жыл» деп соғысты айтып отыр. Шалы соғыстан қайтпаған ғой. Әулетіміз: “Мама, мама! Сыртқа жүр”, – деп айқайлап тұратын. Ол кісіні “мама” дейтін. Ол ғана емес, бәріміз “мама” дедік. “Әже” десе, ұрсып тастап, орыстың кемпірлері секілді «бабушка» деп айтпаңдар” дейтін. Әулет қазір шешесінің қойнында жатыр, жанына жерледік. Елге барып, жол апатынан кетті ғой...

Ал өзіңіз келін ретінде енеңіздің батасын ала алдыңыз ба?

– Ол кісі маған “айналайын” деп те айтпайтын, “өй, кәпір” деген де емес.

– Кім деп атаушы еді?

– “Гіләра” дейтін. Жүзге жақындап қайтыс болды. Дүниеден өтетін күні Әбіш таңертең жұмысқа кетейін деп жатты. Оған “Мамам бүгін ештеңе ішпей жатыр. Түнімен ұйықтаған жоқ. Барып қарашы”, – дедім. Ол есігін ашып қарады да “Ұйықтап жатыр ғой”, – деп бейқам кете берді. Ол кеткен соң мен барып, беті-қолын жуып, бір кесе шәй апардым. Шәйдан бір ұрттады, ары қарай ішкен жоқ. Сосын қолымнан сипады. Қатты кісі еді ғой. Бірақ адамды жек көрмейді. Еш уақытта “сен жаман” деп айтпайды. Сол жолы қолымды ұстап тұрып: “Айналайын! Рақмет, ризамын, ризамын, ризамын”, – деп үш рет айтты. Сосын үндемей қалды. Ол кісіден естіген бар жақсы лебізім сол. Бөлмесінен шығып бара жатыр ем: “Әй, Гіләра! Әбішімді ренжітпеңдер!” – деді. “Сенің Әбішіңді кім ренжітіп жатыр” деп күлдім де, кете бердім. Сөйтсем, баласын қимай жатыр екен ғой. Кесені қойып, қайтып келсем, жүріп кетіпті. Ананың жүрегі деген сол. Үлкен кісі, түнде ары-бері жүреді ғой. Баласының көрпесі ашылып қалса, бөлмемізге кіріп жауып кетеді. Әбіші үшін берілген адам еді. Оқуға кеткенінде жинаған ақшасын «ертең Әбіш келеді», деп сақтап жүреді екен. Ақша да ұстаған жоқ. Бір рет ақша ұстағысы келді ғой деймін, “Осы үйдің бастығы – қатын болып қалды ғой”, – деп айтып қалды. Байқай қойдым да, айлық алған күні Әбіштің де, өзімнің де ақшамды қолына бердім. Әдетте, үйде дүкенге мен барам. Касса сол кісіде болған соң дүкенге барған сайын мамамнан ақша сұраймын. Екі күннен кейін “Мә! Күнде сүмірейіп сұрап тұрасың!” – деп ақшаны лақтырып тастады. Басқа ешқандай жаман сөз айтқан емес.

– Айсәуле апамызды Мұқағали ақын ерекше жақсы көрген деседі. Апамыздың да ақынға деген көңілі өзгеше болған көрінеді. Бұл рас па?

– Рас, Мұқағали көңілді жүретін адам еді ғой. Әдетте біздің үйге ерте келетін. Мен таңғы сегізде жұмысқа кетіп қаламын. Әбіш жұмысқа кетейін деп жатқанда келеді. Әбіш не істерін білмей тұрып қалады. Оны көрген Мұқағали мамама қарата: “Мына ілімсоққан жұмысқа кете берсін, маған апам болса болды”, – дейді. Өзі Әбішті «ілімсоққан» дейтін. Араластық. Жақсы көретін. Дарындығында шек жоқ қой. Артында қандай керемет өлеңдер қалды.

– Ал күйеубала Әбіш қайынжұртына қызмет етті ме?

– Жоқ, керісінше қайынжұртының төріне шығып отыратын. Бірдеңе істей қояйын деген ұмтылысы да болмапты. Тіпті үйде бірдеңені көтеру керек болса “Әй, Клара! Мынаны өзің көтер” деп шақырып тұратын.

Қандай әке болды?

– Әулет дүниеге келгенде перзентханадан шығарып алуға Асқар Сүлейменов, әйелі Алтыншаш Жағанова тағы бірнеше адам болып келді. Баланың салмағы – 2800 грамм. Әкесі деп медбикелер Әбіштің қолына ұстатқан ғой. Ол “қу шүберек, мынаның ішінде бірдеңе бар ма, өзі?” деп Алтыншашқа бере салыпты. Баланы бар ұстағаны сол. Жұмыстан келгенде де “айналайын” деп балаларының маңдайынан бір сипайды, болды. Бұрын екі бөлмелі үйде тұрғанымызда ол жұмыс істеп отырса, балалар жанында ойнап, айғайлап жүретін. Ондайға еш көңіл бөлмейтін. Ал жазу жазып жатқанында я мен, я басқа адам кіріп келсе тым-тырыс боп, жазуын қоя қоятын. Ал бала оған ешқандай әсер етпейтін.

ӘБІШТІҢ БӘТЕҢКЕСІНІҢ БАУЫН ДА МЕН БАЙЛАП БЕРЕТІНМІН

– Ал қарапайым тұрмыстағы Әбіштің бейнесі туралы толықтырып айтып беріңізші.

– Әбіш үйдің шаруасының біреуін білмейтін. Жатын бөлмеде киініп жатады. Менің ас бөлмеден шығып, солай қарай келе жатқанымды көрсе, көйлегін түймелеп жатқанын қоя салып, тік тұра қалатын. Келіп, көйлегінің ілгегін мен салып беремін. Галстугын байлаймын. Сосын бәтеңкесінің бауып байлап шығарып саламын. Кейде: “Әй, айналайын-ау, үйде байлап берейін. Кісінің үйіне барғанда бауыңды байлатқызбашы”, – деймін ғой. “Неғылады екен? Ол жақсы ғой”, – деп қарап тұрады. Ақшаны қайда жұмсап жатырсың, не алдың, не қойдың, бірінде шаруасы болған жоқ. Балаларының қай сыныпта, қай мектепте оқитынын да білмейтін. Дүниеқұмар емес еді. Жұрт сәл бастық болса үй салады, машина алады ғой. Ондайы болмады. Бір үйді сатып, бір үйді алып жүріп, осы үйге жеттік. Астанаға келген бойда Қазақ драма театрының жанынан бес бөлмелі үй берген. Ол кезде Әбіш – Мемлекеттік хатшы. Ол үйдің 20 пайызын ғана төледі ме, бірдеңе қылды. Оны Алматыдағы Марков көшесіндегі үйімізді сатып, соның ақшасына алдық. Ештеңеге қызыққан адам емес. Я, балаларыма бірдеңе жасайын деп те ойламады. Қазір жеті-сегіз немерем бар. Өмірден өткен баламыз Әулеттің Абыл деген ұлы Алматыдан аэронавигацияны оқыды. Кейін Ригадан бітірді, Бакуден тәжірибеден өтті. Сосын 7-8 жыл бір департаментте авианавигацияда жұмыс істеді. Кейін Назарбаев университетіне магистратураға түсіп, бір жыл оқыды. Одан кейін мұны Канадаға жіберді. 500 адамнан үш бала ұтып шығыпты. Бірі – қытай, бірі – қазақ, бірі – француз. Қазағы – Абыл. Сол үшеуі барып, Канадада бір жыл жұмыс жасады. «Қайтадан кел» деп шақырған екен, мына жақтағылардың жіберетін ақшасы болмады. Қазір осында бір министрлікте жұмыс істеп жүр. Сеніп отырған балам сол. Кіші ұлымызды елдің іші, ертең әкесінің ескерткіші, музейі бар, өзге де анау-мынау шаруаларға керек болады деген оймен Ақтауда ұстап отырмын. Екі қыздың бірі Сәулет Алматыда, Зәузатымыз осында. Алматыдағы қыздың екі баласы бар. Қызы күйеуде, ұлы әкімшілікте істейді. Құдайға шүкір, балаларымыз әдепті, тәрбиелі болып өсті. Ешқандай тентек мінез көрсеткен жоқ. Айтқанды тыңдап жүрді. Әсіресе үлкен баламыз Әулетті айттым ғой. Әбіштің барлық шаруасын атқаратын. Басып бер дегенін басып беретін. Біреуге телеграмма салу, біреуден хабар алу дегеннің бәрінде сол жүретін. Біреу келем деп жатыр ма, жоқ хабарласты ма, барлығын баласы жеткізетін. Өзі «КазМұнайгаздың» кадр бөлімінде істеді. Оның да дүниеден кеткеніне бес жыл болыпты. Әулеттен айырылғаннан кейін Әбіш қолына мүлде қалам алмады ғой.

– Кітаптан, жазғаннан басқа ермегі болушы ма еді?

– Жоқ, ондай ештеңеге қызығушылығы болмады. Кітапты қатты жақсы көрді. Осы үйге көшіп келгеннен кейін бір айдай кітаптарын орналастырумен айналысты. Егер бір кітаптың орны өзгеріп кетсе, бірден біле қоятын. Басқа хоббиі жоқ. Үйдің жиһазына да араласпады. Мына шкафтарды да мен өзім тапсырыс беріп жасаттым. Ол жұмыстан келгеннен кейін шәйін, тамағын ішетді де, кітабын оқиды немесе жазуын жазады.

– Киімге талғампаз болушы ма еді? Киімді кім таңдаушы еді?

– Мен таңдайтынмын. Себебі ол дүкенге бармайды. Ғайыптан тайып барып қалса “кеттік, кеттік” деп берекені алып бітеді. Кейін тек өзім баратын болдым. Сатушыға “Шақ келмесе, я үлкен болса келіп ауыстырамын” деп айтып алып келетінмін. Оның талғамын да біліп алдым. Өлшемдері де белгілі.

Сіз пісірген тағамдардың қайсысын жақсы көруші еді?

– Палауды жақсы көретін. Жақсы піскен етті ұнатпайтын қазақ жоқ шығар. Өзі диабет болып қалды да, көбіне қарақұмық жеді. Котлетті онша ұнатпайтын. Қуырдақты жақсы жейтін.

Атамыз жас кезінде сымбатты болған көрінеді. Біраз қыздар ғашық та болған секілді. Қызғанбаушы ма едіңіз?

– Ағаңа ғашық болса болған шығар. Бірақ өзім ғашық қызды көрген жоқпын. Мен табалдырығынан аттағаннан кейін де ондай ештеңесін көрсетпеді. Келген соң бір жылдан кейін балалы болдық. Содан ары қарай отбасылық өміріміз жалғасып кете берді. Әбіштің тұлғасы толық болғанымен, қолдары жіңішке еді. Сүйірленіп, тырнағы қыздардың тырнағындай боп келетін. Кірпігі қайырылып тұрады, шаштары бұйра-бұйра. Кейде трамвайда келе жатқанымызда оны көрген қыздар: “Ер адамға мынандай сұлулық неге керек? Одан да бізге берілгенде ғой”, – деп жататын.

Сосын жолдастары көп болды. Өте тату тұрдық. Асқар Сүлейменов, Жұмекен Нәжімеденов, Есенжол Домбаев, Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков бәрі бірге жүретін. Бірде Сайын үш-төрт жігітпен рестораннан шығып келе жатады. Алдында бір-екі негр кетіп барады екен. Ішіп алған жігіттер “Керемет болсаң, ана негрдің артынан тепші”, – деп бірін-бірі қайрайтын көрінеді. Сонда Сайын барыпты да, теуіп қалыпты. Содан оны алып кетіп, қамап қойған. Бір күні көшеде кетіп бара жатсам, Сайын, тағы да бірер жігіт бар, арық қазып жатыр. Сайын мені байқап тұқшыңдай қалды. Көрмегендей өтіп кеттім. Үйге келген соң Әбішке: “Сайын ана жерде арық қазып жатыр. Онысы несі? Және бір милиция қарап тұр”, – дедім. Әбіштер өздерінен үлкен Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Зейнолла Қабдолов, Әбдіжәіл Нұрпейісов секілді кісілермен жақсы араласатын. Сөйтіп жаңағы кісілер барып, бәрі жабылып, Сайынды шығарып алыпты. Әбдіжәміл – үлкен баламыз Әулеттің кіндік әкесі. Оның Әбішті танығаны былай болыпты. “Қан мен тер” шыққанда Жазушылар одағының жиналысында Әбіш кітапқа 16 сын айтыпты. Бір аптадан кейін Әбдіжәміл 16 сынды түзеп: “Бала, мына кітапты түзеп алып келдім. Оқып шық, тағы қатесі болса айтарсың”, – деген көрінеді. Содан кейін өздері керемет араласып кетті. Анау суретті көрдің ғой. Маңдайынан сүйіп жатыр. Әібішті баласындай көретін еді.

ТІСТЕНІП ОТЫРЫП ЖАЗҒАННАН ТІСТЕРІ ТҮСІП ҚАЛДЫ

– Әбіш атамыз негізінен қай уақыттары жазушы еді? Тамақ ішуді ұмытып, барымен беріліп кететін кездері болушы ма еді?

– Негізінен түнде жазатын. Күн талғаған емес. Кез келген уақытта жаза беретін. Кейде таңғы беске дейін отыратын. 1976 жылдан бастап Орталық комитетте істеді. Таңнан кешке дейін жұмысында отырады. Қайтарында жолай кітапханаға соғып, онға дейін қағаздарын қарап, үйге келіп тамағын ішкен соң таңғы беске дейін жазуға отырады. Жазуды тістеніп отырып жазатын. Кейіпкерлерінің мінез-құлқы құбылғанда, оның да тісін шықырлатуы көбейіп кететін. Соның кесірінен дәл спикер болған кезде тісі түгел түсіп қалды. Он күндік демалысында шұғыл Германияға барып, барлық тісін салғызып келді. Сосын жазуын әбден бітірмей, ешкімге көрсетпейтін. Жұрт “Мен мынаны бастадым, қалай екен? Оқып көрші” деп жатады ғой, ол мұндайға жоқ болатын. Жазады, бастырады, сосын барып көрсететін. Баяғыда Жазушылар одағы шығармашылық жұмыс үшін деп бір-екі ай демалыс беретін. Ондайдың біреуін алып көрген емес. Жұмыстан ешқашан қалған емес. “Лениншіл жаста”, Мәдениет министрлігінде істеді, әскерге барды, қайтып келген соң киностудияда істеді, 1975 жылы Орталық комитетке кетті. Одан тәуелсіздік алғаннан кейін президент шақырды. Әуелі депутат болып, Баянауылдан өтті. Ол жақ өткізгісі келмей: “Шырағым, өз елің, жерің бар емес пе? Неге сол жақтан өтпедің? Бізде де атақты адамдар бар. Барып бірдеңе сұрасақ та, өз азаматтарымыз керек. Сізді қайдан табамыз?” – деп қарсылық білдіріпті. Сонда Әбіш: “Жүйріктігіңді білгің келсе, арғымақ өсірген ауылға бар, Жігіттігіңді көргің келсе, азамат өсірген елге бар» деген. Сіздерге азамат өскен ел ғой деп келіп отырмын”, – депті. Оны естіп басты қарсы боп отырған ақсақал: “Бітті! Әй, бәрің де дауыс беріңдер!” – деп аталы сөзге бірден тоқтаған көрінеді. Әбіштің сөзге шешендігі ғой. Аяқ астынан ондай сөзді таба қоюдың өзі ерлік. Одан кейін Мемлекеттік хатшы, бір жарым жылдай спикер, артынан сенатор болды.

– Жазған кезде қалам таңдаушы ма еді?

– Қалам таңдамайтын. Жақсы қаламдар болса, оны қол қойған жерінде тастап кететін.

– Өмірінің соңғы 20 жылында мемлекеттік қызметте жүріп, көркем шығарма жазбай кеткеніне өзі өкінбеуші ме еді?

– Оған “Үкімет жұмысына кетті, жазушылықты тастады” деген сын көп айтылды. Сонда оған Әбіш: “Еліміз өзгеріп, тәуелсіздік алып, аяғынан енді тұрып жатқанда, елдің шаруасына араласпай жүре алмаймын”, – деп жауап берді. Жазушылығын мүлде тастаған жоқ. “Елең-алаң” мен “Үркерді” Орталық комитетте істеп жүрген кездері жазды. Кейін “Абылай хан” пьесасын дүниеге әкелді. Бүкіл аудармалары сол кезде басылды. “Дәстүр мен дәуір”, “Тіл және Тәуелсіздік” дейтін кітаптарының барлығын егемендік алғаннан кейін Президент Аппаратында жүріп жазды.

Жарты ғасырға жуық уақыт бір шаңырақ астында өмір сүрдіңіздер. Менгіш болған дейді. Осы аңғалдау мінезінен жақсылық көп көруші ме еді, жамандық па?

– Әбіш балпылдап аузына келгенді сөйлей бермейтін. Бірақ тарих туралы сұрасаң, сені отырғызып қойып, таңертеңнен кешке дейін айтуға бар.

Ашушаң емес. Ұзақ шыдап жүріп, кейде қатты ашуланатыны бар. Негізі біреуге көңілі толмаса, сол бойда айтып салатын. Оны ары қарай созбайды. Біреуге барып анау сөйтті деп еш уақытта жамандамайды. Жиналыстарда қолын сермеп, үлкеніне де, кішісіне де қатты сөйлеген кездерін естідіңдер ғой. Шер-ағаңның аралас мектепті “Сумашедшая школа!” деп айқайлағанындай, мұның да Президент отырғанда бір-екі рет ақырып жібергені бар. Бір кездері Иманғали үкіметтен кетіп, орнына Даниал Ахметов келді. «Жерді сату керек» деген әңгіме көтерілген кез. Сонда Әбіш соңынан ақырып сөйлепті. Кейін Қуаныш Сұлтанов сол жиын туралы: “Әбекең сөйлегенде артымызға қарауға қорықтық” деп айтқаны бар. Сонда Әбіш: “Сендер қазір жерді сатасыңдар. Оны жан-жақтан келіп талап алып кетеді. Ал мына жергілікті адамдар ақшаны қайдан табады? Қалай сатып алады? Сендер бұларға екі-үш жыл істеуге уақыт беріңдер, істесін, табыс тапсын, салығыңды сосын төлер”, – депті.

– Нағыз достары кімдер еді?

– Жоғарыда біразын айттым. Олардан бөлек осындағы Қойшығара Салғара, Әнес Сарай, Қажығали Мұханбетқали, Төлен Әбдік, Әкім Таразилермен жақсы араласты. Олармен бірге өсті. Ақселеу, Рымғалилар бар еді, олардың бәрі кетті ғой.

– Мұхтар Мағауинмен ше?

– Мұхтар екеуі студент кезінде бір пәтерде жатқан. Ол уақытта бәрі жақсы болды. Бірақ Мұхтардың мінезі бар. «Бірінші – мен, сосын Кекілбаев” дейтін...

– «Әбіш екеуміз» атты естелігін оқыдыңыз ба?

– Оқыдым. Өліп қалған соң жазды. Тірі кезінде ондай бір ауыз сөз айтқан емес.

"АЛТЫН ЖҰЛДЫЗ" АЛҒАНДАҒЫ ОҚИҒА ӘБІШКЕ АУЫР ТИДІ

Мағауин сол естелігінде «Әбіштің жолы әу бастан-ақ оң еді» деп, ары қарай газет-журналда шығармаларының үздіксіз басылып жататынын айтады. Расымен Әбіш атамыздың өмір жолы тек сәттіліктен тұратындай. Жазушының қатты қиналған сәті болды ма?

Қиналған сәті әскерге барарында шығар. Қатты қиналды. Әскерде қызмет еткен жалғыз жазушы осы – Әбіш. Ондағылардың өздері жоғарыдағыларға “бір жазушы келді, қандай қызмет ұсынарымызды білмейміз”, депті. Бірақ әр нәрсенің қайыры бар деген, ол жақтан да жолдас-жора тапты, партияға өтіп келді. Кітап шығарудан ешқандай қиындық көрген жоқ. “Мынауыңды шығармаймын”, дегенді ешкімнен естіген жоқ. Сосын қиналғаны “Алтын жұлдызды” алғанда шығар. “Елбасының қолынан сүйді” деп айыптап жатты. Оны да сұрап алған жоқ қой. Сол кездегі газетке шыққан мақалаларды оқып, ішінен тынып отырды.

Сол жағдай туралы сізге, балаларына ештеңе айтқан жоқ па?

– Ешкімге ештеңе демеді. Өте қатты қиналды. Жауап берсе, балағына жармасқандардың одан сайын өршитінін ұқты. Сосын үндемеді. Үндемеген күйі бәрі ішінде кетті. Балаларын да тырп еткізген жоқ. Үлкен бала қабілетті, алғыр еді. Кәсіп істейміз дегендерінде: “Аяқтарыңды абайлап басыңдар. Жөндеріңе жүріңдер. Сендерді қолдайтын менен басқа ешкім жоқ”, – деп ескерткіп отырды. Өзінің мінезі сол, тік жүрді. Ешкімге алауыздық жасамады, ешкімге берешек те болған жоқ, алашақ та болмады. Мұндай адам өмірде сирек болатын шығар.

Күнделік жазушы ма еді? Мүмкін ішіндегісін күнделіктеріне түсірген шығар дегенім ғой.

– Жоқ, мүлде күнделік жазбады. “Күнделік неге жазбайсың?” дегенімде: “Ол не керек? Бәрі басымда тұр ғой”, – дейтін. Сұрағаныңды сол бойда айтып беретін.

Өмірден өтетінін адамдар сезіп жатады дейді ғой. Ол кісіде ондай болмады ма? Сіздерге ескертпеді ме?

– Жоқ, жоқ. Ондай ештеңе болмады. Ауырған да жоқ. Оның алдында балам келіп, кешкі ас ішкен соң үйіне кетті. Сосын ол кітап оқып отырды. Теледидар көрді. Сағат он екіде жаттық. Бір кезде астма сияқты қор еткен дыбыс шықты. Дәрігер шақыртқанша жүріп кетті. Адамға салмақ та салған жоқ. Өзі де бейнет көрмеді.

Орындалмай кеткен арманы бар ма еді?

Армансыз адам бола ма? Жазылмай қалған кітаптары бар. Әбілқайыр хан туралы жалғастыру әлі де ойында бар еді. Сосын Шыңғыс хан жөнінде жазғысы келген. Оған көзі көрмей қалды. Кейде тез шаршап қалатын.

Денсаулығы жетпеді. Содан тек кітап оқып отырды. Шағын-шағын мақалалар жазды.

Басқа арманы жоқ болар. Бала бар, отбасы бар, ағайын-туған, дос-жаран жетеді. Елі егемендігін алды. Өлерінен бір-екі күн бұрын: “Апырмай, мына заман өзгеріп бара жатыр. Осы дұрыс заман болса, елімізге тыныштық болса болар еді”, – дегені есімде қалыпты.

– Маңғыстау жұртының Әбіш Кекілбаевты 363-ші әулиеміз деп ерекше қадір тұтатынын білеміз. Маңғыстау халқы жазушының сүйегін алып кеткісі келген болар.

Жоқ, өзінің өсиеті емес. Өзі ештеңе айтқан жоқ. Мен бірнеше рет “Үлкейіп келе жатырмыз. Балалар болса жас. Үлкеніміз кетіп қалды. Не істейміз? Қисая кетсек қайда қаламыз? Осында боламыз ба, ауылға барамыз ба?” – деп бірнеше рет сұрадым. “Көреміз ғой” дегеннен артық ештеңе айтқан жоқ. Өмірден өткеннен кейін өз балалары, немере ағамыздың балалары түгел келді. Бәрі де «ауылға алып кетейік» деді. Сөйтіп отырғанымызда үйге Президент келді. Жағдайды сұрады. Мен: “Шешесі де, баласы да ауылда, бір жерде жатыр. Сол жаққа алып кетеміз бе деген ойымыз бар”, – дедім. Ол кісі біраз уақыт үнсіз отырды да: “Балалардың айтуы дұрыс қой. Оған менің ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ Әбекең жалғыз Маңғыстаудың азаматы емес, бүкіл Алаштың азаматы. Осы жерден пантеон ашып жатырмыз. Сол пантеонға бәріміз де барамыз. Сол жерге қойған дұрыс шығар дегенді айтайын деп келдім”, – деді. Не деймін? Ештеңе айта алмадым. Бар айтқаным: “Пантеонға қоямыз деп жатырсыз ғой. Ертең мен де қисая кетсем, Әбіштің арқасын сипап жатайын, қасынан орын беріңіз”, – дедім. Ол “Болады, болады” – деді. Ауылдың адамдары ренжіді. Бірақ, амал қанша? Жердің бұйырғаны осы болды. Президентпен 25 жыл бірге жұмыс істеді. Сақалды басымен келіп сұрап отырған соң, ағайын-тумаға айтып ем, бәрі де келісті.

Осы орыстың жазушыларының әйелдері күйеулері туралы естелік жазып жатады ғой. Сізде ондай ой жоқ па?

– Мен жазу жағына жоқпын. Бірақ «жаз» деп бәрі айтып жатыр. Көреміз ғой. Нақты айта алмаймын. Әзірше Әбіштің артында қалған мұрасын жинақтап жатырмын. Өзі бар кезде 20 томдығы екі мың тиражбен шыққан. Соны ұлғайтып 25 том қылсам деп отырмын. Өз кітаптарынан жарық көрмей қалғандарын тағы да қарап, кейінгі естеліктерді қосып берсем деймін. Оған үкімет рұқсат бере ме, бермей ме, білмеймін. Сосын ауылда музейін ашып, ескерткішін жасағымыз келіп отыр. Ауылдағылар оны іске асырамыз деп уәде етті. Ал басқа жерлерден ешқандай қимыл жоқ. Бірақ мен Президенттің атына хат жазып жатырмын. Астанада 20 жыл, Алматыда 40 жыл тұрды. Алпыс жыл еңбек етті. Театрларда қойылған қанша пьесалары бар. Пьесасының аудармалары бар. Келесі, 2019 жыл 80-жылдығы. Солардың бәрін шығару керек деп. Сосын фильмдері бар. Баяғыда “Кек” шықты. Енді “Шыңғырауды” түсіріп жатыр. Осында көшіп келген жылы театрда “Әбілқайырды” қойған. Жақсы шыққан. Қазір режиссерлер заманауи деген бірдеңелер шығарды. Мүлде ұнамайды. Әбілқайыр Әбілқайыр боп қалу керек қой. Қазір басты рөлде ойнайтын Тұңғышбай да жоқ. Оны да быт-шыт қылды ғой. Сонымен отырмыз. Бастысы ауылда ескерткіші мен музейін салып берсе...

– Оңдыда ма?

– Жоқ, Ақтауда. Оңдыда мектебі бар. Енді менің Оңды ауылын “Әбіш Кекілбаев ауылы” деп атаса дегенді сұрап отырмын. Бәрі де рұқсатсыз болмайды. Жоғары жақтан рұқсат болу керек. Ақырындап хат жазып жатырмыз. Уақыт таяп қалды, ертерек бастау керек. Биылдан бастамасақ, үлгермейміз...

Сұхбатыңызға рахмет!

Фотосуреттерді түсірген Артем ЧУРСИНОВ

Сұхбаттасқан Марфуға ШАПИЯН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Теги: әдебиет, жазушы, Әбіш, Кекілбаев, Жұмабайқызы, Клара
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар