Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Көкбөрі Мүбарак: Қаламның ұшын жаңбырға ілдіріп…

16.06.2018 1139

Көкбөрі Мүбарак: Қаламның ұшын жаңбырға ілдіріп…

...Жаңа деуге сәйкес келуі мүмкін бір дәуірдің үні естіледі.

Жаһаннан, Нишапурдағы Омар Һәйямнің әбден сілікпесі шыққан руаяттарының ызыңынан да нәзік - шарығыл «... шарап - лағыл...» ишарат. Көкбөрінің мұңнан жұлынған мүбарак дыбысы... Өлең. Иә, ойға жұтыласың. Метамодернизмнің түсінікті қағидаттарында ең іңкәр бір ғана шартты ұғым бар. Ол – күңгірттік күйі. Мұндай үн әр дәуірдің әр буынында бір естіліп қалатынын ескі, әлдеқандай парақтардың сарғыш жүзінен жыртылып түскенін көріп қаласың. Махамбеттің жан пернесінен ағып түсіп, сарынға айналар сағыныш секілді іркес-тіркестер. Тітіркенесің?! Исикава Такубокудің «Шөкім құм» атты топтамасы түрен көтергені бар-ды кезінде. Тұтас торығудан тұратын - торығу... Үлгі ме, үндестік пе ми шаршайды. Көкбөрі бүй дейді: "...Күнде дыбыс жоқ, тек қана ыстық жүрек бар..."

Бұлай кеңістікті сезіну не? Жұлын тұтасын осқылаған мүлдемге басқа идеологияның құрбаны болған Бөріге бұлай ойлауды, меңзеуді кім берді? Бөрі тектілік пе?! Қалайда бір бөгде із кезігеді.

«Ғұмырдың түрені сарқылып қалған ба?» деп үркектеп жүргеніңде торығудан топ ете түскен тосын ойды оқисың! Сана әлемінен қаңқ етіп жеткен қаздың жылағаны секілді ерекше нәр. Қалайда қаңғылестеп жеткен сәт, уақыттың өңге өрімі. Өз үнін ұсынған жаңа дауыс. Көкбөріде: «Адамның түсінде өмір жүр ойланып...». Айтылмаған не қалып еді басқа? Дали да ұсақ кеспірлерді қиюластырып ерекше ірі дүние жасауға талпынған. Оны да өзгеше ағым, қисын түрімен қабылдаған әлем дүр. Адам мен өмір, жан мен тәннің ара-қатынасын осылай жеткізуге құлшынып жүрген жас ақынға не дерсің? Жалпы өнер туралы қауымның өткендегі дағдылы түсінігі мен бүгінін салғастыру жолында біз байқамайтын үлкен ара-жік пайда болып келеді. Ол үрдіс қазақ поэзиясында көрініс беріп жүр. Мидың көтерем, дағдарысынан өтіп бара жатқан жаңа әдеби жорықта су жаңа айтылымдар қалыптасатын түрі бар.

Олжас Сүлейменовтың өз тұсында үлгеріп айтқандары бүкіл бүтін алмасты құрылғылы жүйеге тіреліп қалғаны есте. Соңынан Жұмекеннің интелектуалды пайымдары жалғасқан. Тұманбайдың тәңіри саналы, ғарыштық жырлары қасақана мойындалмай келді, келеді. Омарғазы болса өң мен түрдің оғаш жай-күйін оқшау ойларымен шошыта түскен-ді. Дағдарыстағы қазақ санасы осыдан кейін өзінің құрсауда шырмаулы концлагерлік тәртібінен бас тартқан. Түрмелік таптауырын қисындардың қызыл сөзінің орнына – Тыныштықбек, Есенғали, Ұлықбек, Иранғайып, Мейірхан, Мұрат Шаймаран, Гүлнарлардың метақұбылысты далалық құм бедерлі түрлі сүгіреттері жайғасты. Алтай мен Ақтаудың маң даңғылында Жәркен, Жарыққалилар түрен салған. Енді міне сол жол сұлбаның бір шетінде Көкбөрілер жанталасып ұшып келе жатыр. Көкбөрі түнде жортады, күндіз қорытады... Табиғи сарын тылсымын үздіксіз іздейтіндей. Әркім бұл әлемге өз көзімен, өз терезесінен қарайды. Көкбөрі де сөйтеді. Оның «Шабыт түні» өлеңі қиғылықты! Оның өлеңдерінде шындыққа бейжай, хақиһатқа сұқтана қарайтын тұстары бар. Әйгілі Асқар Сүлейменовтей «шындық - көп, ақиқат – жалқы» дейтінге. Тіпті әсіре синкреттік ұстанымдары да ұшырасады.

Кісіні – тірілер, өлілер және тіріөліктерге бөлетін ұғым ежелден бар. Құбылыстардың екінші бір ерекшелігіне (альтернативтігіне) ынтығушылық, оған тән тағы бір «ештеңелерді» табуға болады. Өлеңде оның қаншама уақ үлгілері жүруі мүмкін. Дәстүрлік үйлесімнен беталды безінуге, тіпті оған «жіпсіз байлануға да» қиын. Кейде әлемге қарайтын көзқарасың да екіұштыланады. Бірақ, сана мен жан – ғұмырдың түптегі (балланысы) тепе-теңдігі қалайда көрініс беретіні заңдылық. Алайда Көкбөрінің топ өлеңімен бір ауық жағаласып көрдік. Таныс та, бейтаныс сарын! Тылсымы да өз алдына әртекті ырғатар. Сол үшін қуаныштымын да!

Сұраған Рахметұлы,

ақын, «Шұғыла» журналының бас редакторы

Көкбөрі Мүбарак – 1994 жылы 10 ақпанда Алтайдың Көктоғай ауданы Оспан батыр шоқысы деген жерінде туған. Ең алғашқы қазбасар- қаратамақ шығармасы ретінде «Қуқыл тартқан боз дала» атты әңгімесі Алтайдағы «Ақжелкен» журналында 2008 жылы жарық көрген. Көп өтпей поэзиядағы алғашқы қарғалдақтары болып «Қылмысым» және «Ғасырмен сырласу» атты екі өлеңі де осы басылымда жарияланған. Автор Әль-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тарих, археология және этнология факультетінің түлегі. «Аққудың исі», «Хат жұтқыш теңіз»жыр жинақтары мен «Меңді жүрек» атты әңгіме-хикаяттар жинағы баспадан жарық көру алдында.

Айманның айналысы

Қатын болғысы келеді марал адамға,

Мың рет қайта ойланып...

Ғалия қыздың дауысы үзіле шықты алаңдап,

Ал, марал бәйғұс әлі де тұрды толғанып...

Ойланды марал ішпеді су да бұлақтан,

Ойланды таңдай безеріп...

Анау бір шөптің үстінде адамның ізі жатыпты әлі шуақтап,

Маралдың сонда лүпілдек қаққан денесі,

лүп етіп қалды сеземін...

Сытырлаған табан естіліп,

Құлаққа төнді Оралханның аяқ дыбысы...

Құлағынан бастап өне-бойына қоңыр кеш кіріп,

Қоңыраудай-ақ қоңыраулатып қойды тынысын...

Оралханның аяқ дыбысы -

жүрегін жарадай елітер.

Құлағы мұның кешкі ақ сәуленің ақ жібек нұрын ілісіп,

Жүрегінің қарағай сұлатар лүпілін адамша тоқтап кемітер.

Жүрегі кеткен жарылып,

Сезеді жұмсақ аспандар...

Кеңсірігіндегі адамның исі тарылып,

Ақ марал жаны Ораштың табанына баяу тасталған...

Адамға айналып келген соң,

сәби де таба алмадым...

Әппақ марал күйімде көз тиістіріп жүре берсем еді-ау сендермен,

Іштегі бұғышағымның

сәбиге айнала алмасын,

адамға айналғанымда сезгем мен.

Кешір Оралхан!

Қамбар түн

Үңіліп қалдың да бұл түннің құлағы түбінен,

Ал, оның құлағы жүз тауға созылып,

Құлағым түбіне үйкеліп тұрғанын біліп ем,

Түндер бұл қап- қара түлкідей қозғалып,

Қап- қара көздерін әлде бір жұлдыздың исіне олжа қып,

Жұлдыздар томпаңдап, тершиді сол үшін,

Жұп- жұмыр қаламым беліне сүйеніп отырам толысып,

Айхай да шықпайды әйнектей шытқылдау көк түннен,

Көк әйнек ішінде әлде бір көздер жүр тыныштық жеткізген,

Сағымдар бұралып, қоңырлау әйелдің шашында тұншығып,

Сол бұйра шаштардан түннің қол тарағы кете алмай жұлқынып,

Қым- қуыт сіралар самсайды лампыны жүдетіп,

Лапмының қасында тақырбас ақын жүр,

Лампы-қыз қозғалды дір етіп...

Өзендер буырқанбай, бояуға айналып әуеде кілкуде,

Өз исім қарқара құстардың әлде бір ұрғашы түрінің түсінде мүңкуде...

Қып- қызыл ай туар аспанды тепкілеп,

Қуанам қып- қызыл шақаның дауысы жетті деп,

Құстың да түсінде...

Адамның түсінде өмір жүр ойланып,

Бір кезде кереге түсіме кіреді кеудеме қып- қызыл сауыттай байланып...

Ысық

Бозсалқын баланың қанында жатқан өлеңдей,

Бозкүлгін бетті аруды іңкәр қып тұрған денемдей,

Саусағымның ұшы күп-күлгін,

Күн мұнда шығады дегендей.

Кірлеп тұр иегі - әттең, анау бір маралдың,

Әнеу бір аққу бойкүйезденіп әзер таранды.

Жартастар әлі үкіше тұр ғой салпиып,

Кеш жеткені- ай таң деген сұлу хабардың.

Анамдай сергек оянып таңды сипалай бастаймын,

Шекеме қатып бозқыраулатты тастай мұң.

Қартайдық деді бүгін таң неге салбырап,

Күннің қызыл басын ендеше балықтың алдына тастаймын.

Шортандар бетер шулады...

Қызыл балықтар басын кеп сүйеп тыңдады...

Күнде дыбыс жоқ, тек ғана ыстық жүрек бар,

Тәулігіне тұрған бір қағып....

Көкжиек

Ей, көкжиек,

Көзіңді мөлдір жұлқыған бұлақ,

Көз жасың кетті жылқыдай құлап.

Қоп-қоңыр жас қой шіркін-ай мынау,

Қозғалып қалды шырпыдай сұрақ.

Қып-қызыл дала түлкідей құлап,

Жарқ етті көктен күркірей шуақ.

Саусағымды суға сұққылап қоям,

Қара көз көлді кірпідей сынап.

Қарала бүркіт ақ йық па еді,

Қалбалаңдап жүр тарихқа еніп.

Құзар шыңның ұшын мытады-ай келіп,

Борбас шыңдарды зағиып көріп.

Түсініп мұнда қара көз аспан,

Құшағынан көлге шағаланы ашқан.

Керегеге ілінген көбелек құсап,

Толқынға малынып жағалауда аспан.

Толқынның өзін жарым ба деймін,

Шашалып сүйіп ауырды-ау ойым.

Қара дөңдер бейне - аңырған қойым,

Дөң үстінде көкшіл өлеңге қарап

қақшиып тұрар - сағынған мойын.

Шабыт түні

Жирен ала жолбарыс кісінеген,

Сол бір түні жылқыға айналғандай.

Бұл жолбарыс бес-алты жас кіші менен,

Ал, тұрқына қарағай ойланғандай.

Сол түні ол жылқыша бұралаңдап,

Құйрығы да еппенен шашақталды.

Күміс жалдар мойнынан сығалаңдап,

Пай, пай қандай рахат, жасап қалды.

Сол түні оның жонына бала мінді,

Қарғып емес, аңқиып мінген баяу.

Қайтсем деймін осы бір қарағымды,

Ол бала емес, бір шумақ өлең еді- ау жүрген жаяу.

Ал, жолбарыс ышқынып айхайлайды,

Тарғыл тарғыл денесі тулақтанып.

Үстіндегі шоқ бала таңғалмайды,

Тек жүгенін тартады ырғап қалып.

Сол бір түні жолбарыс жіңішкеріп,

Жалғыз тармақ жүндес бір өлең болды.

Мен де өзімді сол түні тыныш көріп,

Бұл тармақты жүйкеме терең көмдім.

Қабанбайымның жұпары

Бақбақтай жеті күн келіп ,

Дүркіреп тұрды толғанып.

Жүрегіме басын сүйей қалысып бірде бұл,

Жарымның тіпті сөздерін сәулеге әкетті оңғарып.

Даладан иістер тұтанып,

Жусанның түрлі әжесі еңкейіп маған таратар.

Сауытымның барлық беттері иіссіз қап қанша жұтадым,

Риза болған қолдарым иістерге алтын садақтың айшықты оғын дәл атар.

Иістерге атам жебемді,

Риза болған күйім бұл!

Түрлі-түрлі жұпардың бәрісіне бұрам денемді,

Жұпарлар, бәріңе риза болып оқ атам,

сендермен ұқсас киіндір.

Оқ түскен сайын жұпарлар,

Саусағыңның исін мінекей алып қалдық деп толғанды.

Жұпардың тіпті балаларын да жұтарма,

Барлық саусағы ашылып кеткен орманның.

Сауытым тіпті риза ,

ұп-ұқсас иіске тойынып,

Жаулардың түрлі оқтары исіме кетті қақалып.

Бақбақ дауысты аспанның әні қойылып,

Атамын оқпен кемпірқосақтың былжырап кеткен мақалын...

Сағындым ғой

Құлыптасым секілді суық аспан,

Жон арқама тигенде,

Сағындым ғой!...

Жон арқама ұрылған қамшы жаңбыр ,

Жылай салса қайтадан,

Сағындым ғой!...

Қара жолдар қолыма домалап кеп,

Сенің шашыңды иірсе,

Сағындым ғой!...

Бөлме ішінде есімің қалықтап кеп,

Шырақ жаққа ұмтылса,

Сағындым ғой!...

Шаңқан нұрға көзімді жыпсита ашып,

Қабырымнан оянып сағындым ғой!...

Далалардың бәрін де талықсытып,

Сағыныш боп шайқалып ауырдым ғой!...

Сағындым ғой!...

Жүрегімді ұнатпай сағындым ғой!...

Егер де Сақтар қаласа

Егер де Сақтар қаласа,

Мен оны -

"Жердегі уақыттың томпиған әрі жылтыр қозғалысы" деп,

өзгеше ұзын қып атар ем...

Егер де олар қаласа,

Қамажай тағатын үкіні,

Қамажайдың өзінен беріп жіберіп,

Қорымың ішіне қадар ем...

Тағы да Қамажай қаласа!...

Егер де Сақтар қаласа,

Олар сүйген әрі бізге де сүйдірген жылқыны -

неліктен жердің балқып сүйіп құшатынын әрі оған дейін бидайық ұшымен арбап тұратынын сұрағым келді...

Мағынасыз болсада мұнда мән бар деп ойлайтын Сақ болса...

Орынынан тек осы сұрау тұрғызар...

Мүмкін , ептеп қозғалар...

мүмкін , түсіме сол түні жақындар...

Қамажай маған жақын келсе ғой,

- "айнаңды берші!" дер едім әуедегі шуаққа,

өздерін танысын,

Бір сиқырдың беттерін алапес етіп,

Шынайы шуақтың өңін көре алмай жатқанымызды ұғынсын...

Тек ғана Қамажай апарар Сақтарға осы бір сұрақты...

О дүние өлкесінде Сақ ерлері тізесін қасынып отырса,

Қамажайдың да ол дүниеде бүгінгі әлпеті өзгеріп,

Тек ғана қолына көтерген үкісі жүр аман...

Бөркі де жоғалған...

Егер де олар қаласа...

Сақтар оған жарыла жол берер,

Үкіден ғана бір айырып...

О дүниеде ұлттар да ұмытылып...

Тек ғана үкінің есімі аман жүреді ...

Егер Сақтар бұл дүниеге сүйінуді тағы бір қаласа....

Бала мысық

Ауылымда жауған бала жаңбырдың,

Сүндеттелді-ау кесеме кеп тамшысы.

Сыздықтатып өте шықсам,

Жол шетіндегі ағаш та,

майда тілін қан-жоса қып шығарды.

Мархұм анам жібитіндей жаңбырға,

Қабірінің ішін сипай бастады.

Тулақтай боп қатқан жасың жаңбырда,

Дүр-дүр қағып қайта бастан туылды.

Дүр-дүр қаққан бұлбұлдар да шашырап,

Сіңбе атанған руына - Тамшының.

Мен туғанда қызыл өкшем тас балғадай жаңғырып,

Шекараның ұра берді-ау қазығын.

Сен туғанда аққу құстар мамық көлді кимелеп,

Қанатынан тарап сүзіп су астына дүниенің -

Сымбатты бір жігіт етіп жіберіпті жарығын.

Тарғыл қабат мысықтай боп кеудем алдын қасынып,

Өлеңге еріп жоғалған ғой нүкте боп...

Тарғын сулар шашыраса бетіме,

Түктерінен есіп алған өлеңім -

Шала жансар жолбарыс боп шіриді.

Тулақтай күн көктің бетін жұбатып,

Тағы да сол жасыма кеп сілкінді.

Дала түгел ақ қарағай, шошытып...

Бала мысық жаңбырдың көз жасына үймелеп -

түні бойы Әлиханды еске алғанда,

Мен сол түні ұйықтап шығып өкіндім!...

Қалқиды Сократ ой

Кешіріңдерші, құстарға еркелеп қойсам,

Қарлығаштарды - түсімдегі жолақты анам екен деп

Кешіріңдерші, қабырғадағы айдағар суретін -

еркелетіп қойсам балам деп.

Кешірім өтінем, Мағжан оқыған өлеңнің

бір жолы есіме сап түсіп,

Итеріп қалса мені де,

Итеріп қойсам өзін де оның...

Кешіріңдерші менің қатігездігімді бұл,

Өлеңді шешіндіріп,

қайтадан жуатынымды...

Кешіріңдерші ақ-құлагер сағымдарды,

Қаламның ұшын жаңбырға ілдіріп,

найзағайша күбірлеп қуатынымды...

Кешіріңдерші!

Кешіреді деп сенем,

аспанды өзім деп қалдым,

Көзімды шұғылалы мың жылдық үңгір дедім...

ішінде оның Сократ ұйықтамаса да...

Кешірші Сократ қарғам...

Үңгірден мойын бұрып иеңе шықпасаң да...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: көкбөрі мүбарак
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар