Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Көкіректерінде ұлыған жетім бөрі...

13.11.2017 12291

Көкіректерінде ұлыған жетім бөрі

Көкіректерінде ұлыған жетім бөрі - adebiportal.kz

Ақынның жаны – сәбидің жаны сияқты кіршіксіз һам талпынғыш. Кіршіксіздігі лас қоғамға тәкаппар жанармен қарайтын дегдарлыққа баулыса, талпынғыштығы шеңберден шығуға итермелейді. Өйткені ақын әлдеқайдағы бір көз жеткісіз көркем дүниеге ұмтылғысы келеді. Барша адамзат пен жан-жануарлар әлеміне билік жүргізіп, аң мен құстың тілін білген Сүлейменнің де құтысына сыймаған ақынның мұңы мөлдір мұң, сағынышы саумалдай дәмді. Осы себепті де Қытайдың Таң дәуіріндегі көшбасшы ақыны Ли Бай мен қазақтың бүгінгі қаламы қуатты ақыны Мұрат Шаймаранұлын сағыныш пен еркіндік бір нүктеде түйістіреді. Ли Бай мен Мұрат Шаймаранұлының екеуі де тоқырау дәуірінен кейінгі поэзия әлемінің түлегі. Арадағы сан ғасырлық уақыт кеңістігі болса да, қандағы, топырақтағы белгі екеуін бір ошақта лаулата алды. Ли Бай ғасырлық тоқыраудың шеңберін быт-шыт етсе, Мұрат жалтақтаушылықтың «жалауын» жықты. Ли Байдағы күйік туған жер топырағын қайта көре алмау болса, Мұрат Шаймаранұлының шер-шемені «Титаник кемесіндегі» қазағы. Екеуінің шерінің де бір ұшқыны - туған жер тағдыры. Дәл осындай сезім бүршігі Мұрат Шаймаранұлын өзінен он бір ғасыр бұрын жасаған ақынға тіпті де жақындата түсті.

Таң дәуірі деп аталатын жаңа эраның 618 – 907 жылдар аралығы қытай поэзиясының ерекше дамыған кезеңі болып саналады. Ғасырлар бойы қалыптасқан тар шеңберді бұзып, еркін көсіліп, тыңнан түрен салған бұл дәуір ақындары қытай поэзия тарихына аттарын тасқа ойып жазғандай, мәңгі өшпестей қып шегелеп кетті. Өйткені Таң дәуірінен бұрын қытайда «Орда жырлары» деп аталатын, әр тармағының әріп саны тұрақты жыр үлгісі бар болатын. Ал әр тармақтағы әріп санының тұрақтылығы ақындардың ойын еркін жеткізуіне бөгеу болары ақиқат. Таң дәуірінен бұрын өмір сүрген қытай ақындары тұсаулы тұлпарлардай көсіле алмағаны шындық. Қатып-семген қағида ақындарға зор мүмкіндік бермейді. Сондықтан да Таң дәуірі ақындары ол шеңберден шығуды мақсат етті. Ырықты және ырықсыз түрде «Орда жырлары» үлгісін тастап, басқаша формалық ерекшелік іздей бастады. Ырықты дейтініміз – тұрақты әріп санды тармақтан бойын аулаққа салса, ырықсыз дейтініміз – бұл кездегі қытай ақындарына Түркілік жыр үлгісі әсер еткен еді. Қазақтың қара өлеңдік aaba үлгісі таң дәуірі ақындарына зор мүмкіндік сыйлады. Ал осы үлгіні қытай топырағына алып барушылардың әрі оны қытай ақындарының ішінде ерекше дамытып, қытай мен түркінің көзіне түскен ақын Ли Бай.

Ли Бай Түркі топырағында, қазіргі Қазақстан жерінде, Шу өзенінің алабындағы Суяб қаласында 701 жылы туып, 762 жылы қытай жерінде қайтыс болған. Ата-бабасының мекені туралы даулы пікір бар. Біреулер Ли Байдың аталары Қытайдың Тияншүй деген жерінің адамы, кейін Сұй патшалығы кезінде Түркі жеріне ауып келген десе, енді біреулер, Ли Байдың аталарын бұрыннан Түркі топырағында туған дейді. Тіпті ақынның ата-бабаларын түркі тайпалары деп, оның Айтолды деген қарындасы, Бөрі, Буыршын деген ұлдары, Айнұр деген қызы болғанын да тілге тиек етеді. Бірақ Ли Бай бес жасында Түркі топырағынан қоныс аударып, Қытайдың Сычуан өлкесіне келгенін ешкім жоққа шығармайды. Зерттеушілер Ли бай өлгенде оның басына ешқандай ескерткіш белгісі қойылмағанын, ақын қайтыс болған соң 56 жылдан кейін Сары өзеннің оңтүстігіне барып жүрген түркі ақсүйектерінің бірі ақын мазарына белгі қойғанын жазады. Ли Бай түрік тілінде де өлең жазған екен. «Түркі еліне сәлем» деген түркі тілінде жазылған өлеңі кезінде түрік пен қытай арасында ерекше бағаланған. Өкініштісі, осы өлеңдер саясаттың салдарынан ба, әлде басқалай себеп пе, бізге жетпей отыр.

Қазақтың бүгінгі көрнекті ақыны Мұрат Шаймаранұлы да дәл осы Ли Бай тағдырлас ақын. Бұрынғы Түркі топырағы, қазіргі Қытай жерінде туып, кейін Қазақстанға қоныс аударған ақын өзінің Ли Баймен тағдыр үндестігін сезе білген. Сондықтан да Ли Байға арнап өлең жазған. Жыр жолдарынан анық байқайтын бір нәрсеміз - Мұрат Шаймаранұлы Ли Бай туралы дәріптеп отырған жоқ. Тек Ли Байды түрік тілдес ақын деп қабылдады. Бірақ Ли Байдың түрік тілді ақын болуы уақыт еншісіндегі шаруа. Деседе ақын Ли Байдың қасіреті мен сағынышын айту арқылы өзінің ой-сезімін жеткізді.

Таңғы ұйқыңнан дүлдүл шабысы оятқан,

Таңғы ұйқыңнан бұлбұл дауысы оятқан.

Ұлы жыршы болу үшін шынында,

Туу керек шығар мүмкін Сояптан.

Маған енді ондай салым жоқ мүлде,

(Жүрегімді қанжар осып, оқ тілген)

Аттанарда бала бауырың елжіреп,

Балқашыңа қарай-қарай кеттің бе?

Жат өлкеде өлең – серік, ән – көрік,

Жүрдің бе сен сұлуларға әр беріп?

Тас баспалдақ табаныңды талдырып,

Жүрдің бе сен түсіңде ылғи тау көріп?!

Қымбат саған тақтан да ар мен ат ұсты,

Шарап іштің, уайым іштің, от іштің.

Ақ айдыны қандай сырлы Балқаштың,

Туған айы қандай нұрлы батыстың!

Кеткендей бір жігеріне бөлеп таң,

Ер болыпсың көкірегінен сел аққан.

Ақындыққа бастап жүрді қаншама,

Бір түйір қан – тамырыңда бөлек қан.

Бұл өлең Мұарат Шаймаранұлының Ли Байға деген сүйіспеншілігі мен ішкі бір тағдыр үндестігінің бір жерде қабысуы. «Аттанарда бала бауырың елжіреп» деген тармақ Мұрат Шаймаранұлының өз жан азабы. Ақын Мұрат шаймаранұлы «Жетпейді де тұрады» деген өлеңінде:

«Ала сұрып әр таңды атырасың шаршаумен,

Елде де жоқ, мен де жоқ бір нәрсені аңсаумен.

Жүрген жоқ па ол әлде еркін өлең тілінде,

Жатқан жоқ па қан жұтып жүрегіңнің түбінде?!»,

- деп жырлайды. Қытай елінде осылай елжіреп, езілген ақын Қазақстанда шыққан жыр жинағының атын «Еркін аспан өлеңі» деп қойғаны да тектен-текке емес. Еркіндік – ол өз еліңде, өз отаныңда өмір сүру. Қытайдың алқауына бөленіп, барған жері қошаметке толы Ли Бай:

«...шытқыл суық шымырап өтеді суық бойрадан.

Жетім шамның жарығы ой зарығын жетектеп,

Пердені ашып жарық ай күрсініп ұзақ шағынам!

Сүйгенім көзден бұлбұл боп бұлт кеседі арадан,

Жоғарымда қиырсыз күміренген көк аспан.

Төменім түпсіз жайқын көл шар тарапқа тараған,

Аспан биік, жер алыс ұшарыма қанат жоқ,

Асу бермес асқарлар түсімде де бара алман.

Сағынамын зарығып, құшақта құса көп арман!»

Ли Байдың бұл өлеңі қытайдың ескілікті халық ән тақырыбы «Сағынамын зарығып» текісі ырғағына негізделіп жазылған. Ән желісі күйінше ойласақ, ер мен әйелдің, дос – жарандардың өзара сағынышына жақындау келеді. Бірақ ақынның күйзелісі басқаша әсер етеді. «Аспан биік, жер алыс ұшарыма қанат жоқ» деген тармағы осының айғағы. Өйткені өмірі серілікпен, саяхатпен өткен ақын Ли Байдың ол кезде қытайдың кез-келген жеріне баруына әбден мүмкіндігі бар. Оның сағынышы, ұшып бара алмас жері туған топырағы - Түркі топырағы. Ли байдың осы сезімін дөп басқан Мұрат Шаймаранұлы жоғарыдағы өлеңінде:

Әр талына кірпігіңнің мұң қамай,

«Шудың жолын» басып өттің сен қалай?

Тұрдың ба екен жағасында мұңайып,

«Сары өзеннен» өткің келіп бері қарай»,

- деп жазады. Неге сары өзеннен бері қарай өткің келіп дейді. Себебі қытайдың ертедегі жер шегарасы Сарыөзенмен белгіленетін. Сарыөзеннің оңтүстігі ежелден қытай жері де, онда тек таза қытай бектіктері тұрады, ал солтүстігі қазіргі Гансу, Шиңхай, Шыңжаң қатарлы жерлер. Бұл аумақты негізінен көшпелі ұлыстар мекен ететін. Сондықтанда қиырда қалған жерге Ли Байдың аяғы жете алмай, тауаны шағылады.

«Тартпас табет дастарханда адырақап бәрі тұр,

Сурып семсер шар тарапқа қарасам көңілім құлазыр!

Өткім келеді Сары өзеннен

Бермейді өткел жылым жар,

Шыққым келеді Тайхаңшанға,

Тауды басқан қалың қар.

Сапар жолы қысталаң жол,

Сапар жолы қысталаң,

Көп деуші еді бұрма соқпақ

Бүгін қайда жоғалған.

Буырқанған дауыл толқын

Келер бір күн жыл шығып.

Бұлт желкен ғып

Көк теңізді

Мен де өтермін қақ тіліп»,

- деген жолдар ақынның «Сапар жолы қысталаң» деген өлеңінен. Ақынның сары өзеннен өткісі келеді. Бірақ:

«Шудың жолы қиямет

Аспанмен тілдес тауы шың.

Қарасам болды бастысқа,

Күрсіне берем сол үшін»,

- деп жырлағандағы қарайтын батысы Түркі ұлысы, Шыңжаң өлкесі. ( қытайлар Шыңжаң өлкесін батыс район деп атаған).

Мұрат Шаймаранұлы Ли Бай туралы екі өлең жазған. Жоғарыдағы Қытай жерінде жазылған өлеңі болса, ал «Ли Бай кесенесі басында» деген өлеңі ақынның қоныс аударып, ата жұртына келгенде жазғаны. Бұл өлеңде Мұрат Шаймаранұлы Ли Байға тіпті де жақындай түсіп, өзінің еркіндікте кең серпін таныта алғанын көрсетіп тұр.

Көтер басыңды, Балқаштың ұланы!

Серт тұтқан жұлдыз бен күмбезді күн атын,

Сен туған өлкеден жусанды-жуалы,

Келіп тұр бір ақын.

Сен менің шығысқа шашылған қанымсың,

Үйсіннің немесе жауынгер Сақтардың.

Тағдырын ойнатқан тәкәппар тағысың,

Ұшында шоқпардың.

Аңсары жеті қат аспанмен өлшенген,

Талпынған шалғайға ақынның жаны - құс.

«Шараптан өлді!» деп айтады,

мен сенбен

Өлтірген - сағыныш!

Бүгежектеу, еңсесін басқан, аяғын тұсаған арқан жоқ. «сен менің шығысқа шашылған қанымсың» деуі де осының айғағы. Өзі аңсаған еркіндік әлеміне жеткен ақынды Қытайдың қорғаны да, орыстың орманы да мәңгі тұтқында ұстап тұра алмайды. Тіптен бұл жерде ұлттың тағдыры мен болмысы жатыр. Ақын ұлт атынан мен тәуелсізбін деп кеудесін кере сөйлейді. Себебі Ли Бай мен Мұрат Шаймаранұлының жырларында еркіндікті аңсау – ең өзекті мәселе. Қапастағы бұлбұлдың зар күйіне ұқсас жан дауыстарының ащлығы да содан. Өйткені ежелден қытайда сөз еркіндігі болған емес. Билік әдебиетті саясаттың құралы ретінде пайдалануға әр кезеңде де барын салды. Сөз құдыретіне сәл қарамаған жоғары жік қаламның ұшына барынша қарауыл қойған. Сол себепті Ли Бай өзін қамаудағы жолбарыстай сезінетін. Өйткені Ли Бай жастайынан дала кезіп өскен еркін ойлы, рухы асқақ дара тұлға. Сондықтан да ол санасында бүршіктеп, көгерген еркіндіктің жемісін көргісі келген. Ал Мұрат Шаймаранұлы да дәл осы тектес. Себебі Мұрат Шаймаранұлының бала кезеңі Қытайдағы «Мәдениет төңкерісінің» аяқталу кезеңіне тұспа-тұс келеді. Бұл кезде Қытай билгі Шынжаң өлкесін өз қарамағында ұстағанымен, толықтай қытайластыру реформасын жүргізе алмаған. Ақын қазақша ойлау, еркінше өмір сүру дәуірінде ержетті. Сол үшін де Мұрат Шаймаранның санасында еркіндік ұғымы айырықша түс алады. Ақын есейіп, қолына қалам ұстаған 90 жылдар, қытай билігінің темір қақпаны Шынжаңды да бүре түскен. Ақын армандап, шәрбатін ішкен еркіндік осыдан кейін барынша тарайды. Бірақ ақын санасы еркіндікті көксеп, тауға қарап ұлыды да тұрды.

Көк аспаннан тамшы тілеп тарыққан,

Қауашағын келе жатыр жарып дән.

Мен еркіндік жайлы жазам жырымды,

Тыңда мені ғарып таң!

Сұлулығын жарық күн мен нұрлы айдың,

Көне ғасыр шайыры боп жырлаймын.

Жанарларда тұнып тұрған теңіздің,

Толқындарын дауыл болып ырғаймын.

Жаса еркіндік, тағы, тағы жаса, мұң!

Сенің мұңсыз жұмағыңнан қашамын.

Бұл әлемнің жара-жара тәніне

Жүрегімді басамын.

Ақын Мұрат Шаймаранұлы еркіндікті көне ғасыр шайыры болып жырлағысы келеді. Ал көне ғасырда Ли Байда дәл осылай еркіндікті жыралған.

Қуанәлі Алмасбекұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар