Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Көкшетау сапары. Балқадиша аулында

21.06.2018 314

Көкшетау сапары. Балқадиша аулында

Көкшетау - Арқа аралы

Сарыарқаның жасыл аралы Көкшетау – аңыздар мекені. «Бір кезде қоныс болған Абылайға», - дейтін, тарлан тарихтың талай-талай оқиғасына куә болған қарт Көкше. Мұндағы әр тау мен тас сол өңірді мекендеген қоңыр елдің тарихымен қоса өріп аңыз шертеді. Арқа аралы Көкшетаудың табиғаты жылдың төрт мезгілінде де ерекше сұлу.

«Көкшетау қайсы?», - десе былайғы жұрттың біразы Көкшетауды осы аттас қала орналасқан жердегі тау деп түсініп жататыны болады. Бұл, әрине, жаңсақ таным. Сондықтан да «Көкшетау» атауына қатысты үлкен үш түрлі географиялық-аумақтық ұғым барын ажырата білу керек болады.

Біріншіден, Көкшетау, бұл – тау. Көкше тауы – баурайында әйгілі Бурабай курорты орналасқан және осы Бурабай ауданы жеріндегі тау. Көкше таудың ең биік нүктесі – Бүркітті шоқысы 947 метр.

Екіншіден, Көкшетау – қала. Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласы жоғарыда айтылған Көкше биігінен батысқа қарай 70 шақырым жерде орналасқан. Ресей патшалығы 1822 жылы 22 шілдеде «Сібір қырғыздары туралы» жарғысы негізінде хандық билікті жойды. Жалпақ жатқан Орта жүзді ұсақтап сегіз дуанға бөлшектегенде, соның бірі болып Көкшетау құрылыпты. Орталықтан келген жер өлшеушілер қазіргі Шучье қаласы маңына болашақ дуан орталығының қазығын қағып кетеді. «Ел ақсақалдары ақылдасып, бұл белгіні Бұқпа тауының етегіне апартып тастаған екен», - дейді ел аңызы. Дулығасын баса киіп ұйқыға кеткен Жекебатыр, көк мұнар шың Көкшетау, текше қия Оқжетпес, Күміс көл мен Әулиекөл, Әулиекөлдің ортасындағы Жұмбақтас, Абылайдың ақ алаңы қатарлы тұнған киенің аз күн болса да, доңыздың тұяғына тапталып, құты қашпасын деген жанталас айласы екен бұл.

Бұқпа тауының етегінде, Қопа көлін кенерелей, Қылшақты өзенін жағалай қанат жайған Көкшетау қаласының тарихы 1824 жылдан басталады. 150 мыңдай тұрғынның 60 пайыздан астамын қазақ. Жыл сайын ұлттық бояуы қалыңдап келе жатқан қала.

Көкшетау қаласында

Үшіншіден, Көкшетау – аумағын тарихи-географиялық өңір. Қазақстанның солтүстік бөлігіндегі бұл өңірге Ақмола облысының Бурабай, Зеренді, Біржан сал, Сандықтау аудандары мен Солтүстік Қазақстанның Айыртау, Есіл, Тайынша аудандарының таулы-қыратты көркем алқабы кіреді. Көкшетау алабында Көкшенің биігінен өзге Жақсы Жалғызтау, Сандықтау, Жыланды, Имантау, Қошқарбай, Зеренді, Желтау, Айыртау, Сырымбет, Бұқпа т.б. аласа таулары желісі бар. Ең қиын солтүстігінде Үкілі Ыбырайдың ата-бабалары мекен қылған Жаман Жалғыз тау мен мұндалайды. Одан беріректегі Сырымбет – Уәли ханның ханымы Айғанымға қоныс болған, ғылымның жарық жұлдызы Шоқанның балалық шағының куәсі. Сырымбеттен бергі Саумалкөлмен қанаттас Қоскөл – сері Ақанның базарлы дәурені өткен, Қорамса байдың қонысы. Зерлі Зерендінің шығысында мұнартқан Желтау – «ту баста Абылайды хан көтерген» Қарауыл Қанай биден тараған алты ауылдың асқары, батыр, ғалым Мәлік Ғабдуллиннің кіндік қаны тамған киелі қоныс. Көкшетаудың шығысы мен оңтүстігінде Қарақалпақ, Көкшоқы, Намазғұл, Мақпал тағы басқа да тау шоқылары жатыр. Қарақалпақтың бауырында Уәли хан жерленген. Көкшоқының тұғыр тасына шығып Біржан сал кешкі тымықта ән салғанда етегіндегі Жөкей көлінің айналасындағы 7 шақырым қашықтықтағы ауылдарға шырқаған даусы еркін жетіп жатады екен. Көкше биігіне шығып көз салсаңыз, алыстан қарауытып Зеренді, Қошқарбай, Елікті, Жыланды, Сандықтау көзге шалынар еді. Ну орманмен көмкерілген, сай-саласы өзен-бұлақ, аясы айнадай көлдер жарқыраған бұл таулардың қолмен жиған сандықтай текше тастарын көрген жанның ойына:

О, ғажап!

Өзіңбісің Көкше деген?!

Тастарын жиған жүктей текшелеген, -

деген Мұқағали ақынның жыр жолдары еріксіз оралары анық. Міне, көрікті Көкшетау өңірінің аясындағы сансыз көлдерді халық жуық шамалап «Көкшетаудың сексен көлі» деп атайды. «Көкшетау» атауына қатысты басты басты үш ұғым осы.

Балқадиша аулына сапар

Көкшетаудан батысқа ұмтылған тас жол бел-белегірлердің үстінде бұрымдала созылып жатыр. Зеренді, Сандықтауды көктей өтіп, Жабай өзенін жиектеп отырып, Атбасарға бірақ тіреледі. Осы жолмен зулатып келе жатып, Зеренді көліне жетпей, Айдарлы ауылынан оңға бұрылсаңыз Қошқарбай тауының етегіндегі Қошқарбай, Кеңөткел ауылдарына барасыз. Қошқарбай – осы өірдегі едәуір биік тау. Қыпшақ руынан шыққан әйгілі Қошқарбай батыр бір замандары осы өңірді мекен етсе керек. Тау атауы содан қалған деседі. Тарихи жазбаларда осы Қошқарбай батырдың сонау шығыстағы Құлынды даласын көктей өтіп, Алтай тауындағы ойрат қалмақтарға (қазіргі Алтай республикасы халқы) жорық жасағаны туралы айтылады. Түгін тартсаң майы шығатын Қошқарбай тауының етегін арғын ішінде қалың қарауылдан тараған бірнеше ата ұрпақтары мекендейді. Бір заманда қарашекпенділер, тыңгерлер қаптады, тіл мен ділдің сақталуына қиындық туды дегенмен, бұл өңірде ежелден қазақы қалпын сақтап қалған ауылдар баршылық. Сол ауылдардың бірегейі – Кеңөткел. Қошқарбай тауынан бастау алатын асау өзеннің кең алқапқа шығып байсал тартатын тұсы болғанықтан, солай аталса керек. Кеңөткел алабы – археологиялық ашылымдар мекені. Қола дәуіріне жататын көне қорымдар табылған бұл өңірден ертең алтын адам табылып жатса таңданудың еш реті жоқ.

Қошқарбай тауы

Ауылға кіріп келе жатқаннан-ақ мұндағы бақуатты тірлікті аңғаруға болады. Ауыл тұрғындары ата кәсіп – бие сауу, қымыз ашыту, нарыққа базарлауды жолға қойған екен. Сондықтан да, еңбектің өтеуі көзге ұрып тұр. Кеңөткел – Ақан серінің әйгілі «Балқадиша» әніне арқау болған Балқадиша Ыбырайқызы келін болып түскен ауыл. Осы ауылдағы зиратта жерленген. «Рухани жаңғыру» аясында осы үшін де Кеңөткел аулына әдейілеп ат басын бұрып, Балқадиша арудың елімен дидарласқан едік.

Кішігірім қай ауыл болмасын, рухани ұйытқысы, зиялылардың табылар нүктесі – мектеп қой. Сол үрдіспен бірден Кеңөткел мектебіне ат басын тіредік. Заманауи үлгімен салынған жаңа ғимаратта орналасқан ұжымда 10 мұғалім қызмет етеді екен. Жыл сайын тұрақты қырықтан астам оқушы оқитын мектепті Баймырзин Сәкен Шахмаұлы басқарады екен. Амандық-саулықтан кейінгі жауаптасу барысындағы сөз ләмінен директордың мектеп жұмысынан өзгеге бас қатыра қоймайтындардың сойынан емес екенін аңғардық. Бұл аңғаруымыз бекер де емес. Сәкең Көкше өңіріне танымал педагог, журналист Шахма Баймырзаұлының баласы екен. Жақсы әкенің тәрбиесін көріп, ұлт мәйегінің уызына жарып өскен ұрпақ өкілі.

Осы ретте Шахма Баймырзаұлы туралы аз-кем тоқталмаудың жөні жоқ. Біраз жыл бұрын өмірден өткен Шахма Баймырзаұлы – қазақ тілі мен әдебиетінің маманы. Ұзақ жылдар Кеңөткел мектебін басқарып, кішкентай ғана қазақ мектебін республика көлеміне танытқан іскер де жаңашыл басшы. Алтынсарин медалінің иегері, Халық ағарту ісінің үздігі Шахма Баймырзаұлының туған ел мен жер тарихына қатысты қызықты да танымдық мақалаларын басылымдардан оқитынбыз. Тек Шахма ақсақал ғана емес, Баймырза ұрпақтары – қазақ әдебиеті мен журналистикасына олжа салған қордалы әулет. Шахма Баймырзаұлының інісі – Жанайдар Мусин – белгілі жазушы, қаламы қарымды журналист болды. Бұл әулеттің Балқадишаға жиен екендігі тағы бар. Талантты журналист, жазушы Мәди Хасенов осы әулеттің туған жиені екен. Шахма Баймырзаұлы туралы қысқаша айтқанда осылай.

Қызы екен, Ыбекеңнің, Балқадиша!

«Астанадан журналистер келеді», - деген соң мектеп басшысы, ауданның жауапты адамдары Балқадиша Ыбырайқызының ұрпағы Аймымкөз апамызды да осында алдыртқан екен. Ақсары өңді, көкшіл көзді, мінезі байсалды келген Айымкөз апаймен әңгіме өрбіттік.

Балқадишаның немересі Айымкөз апай

- Айымкөз апай, сіз Балқадиша әжеміздің көзін көрдіңіз бе?

- Жоқ. Мен 1956 жылы дүниеге келдім. Әжеміз 1950 жылы дүниеден өткен екен.

- Балқадиша әжеміздің немересі боласыз ғой?

- Иә, мен Балқадишаның немересімін. Балқадишаның ұлы Жетібайдың қызымын. Қыз кезімдегі тегім – Сүлейменова. Қазір Таласовамын. Көп жыл осы ауылда фельдшер болып қызмет жасап, зейнеткерлікке шықтым.

- Балқадиша апамыздың ұрпақтары туралы кеңінен таратып айтып берсеңіз.

- Балқадиша анамыз 1883 жылы өмірге келіпті. 1903 жылы атам Сүлеймен Масабайұлымен тұрмыс құрып, екі ұл, үш қыз сүйген екен. Қырық жыл бірге өмір сүріпті. Атам 1943 жылы, әжем 1950 жылы дүниеден өткен екен. Төребай, Жетібай деген ұлдары, Күлия, Гүлсім, Нағима атты қыздары болған. Қазіргі күні солардан өрбіген ұрпақтың өзі бір қауым ел, Аллаға шүкір! Төребайдан Жарқынбай, Жолдан атты екі ұл туады. Жарқынбайдың ұлы Қайсар мен үш қызынан, Жолданның екі ұл, үш қызынан тараған балалары – бәрі Астанада тұрады.

Сүлеймен мен Балқадишаның кіші ұлы Жетібайдан бір ұл, бес қызбыз. Ең үлкені менмін. Күлияның баласы Абай, Нағиманың баласы Жаңабайдың ұрпақтары – жиендеріміз өз-өз қызметінде жүріп жатыр.

- Апай, Балқадиша апамыз арқау болған, Радиодан, теледидардан берілетін «Балқадиша» әнін тыңдайсыз ба?

- Тыңдаймыз, әрине. Жақсы орындап жатады. Бірақ «Сексендегі шалға тиген» деген сөзге аң-таңбыз. Ондай оқиға ешқашан болмаған ғой.

«Балқадиша» әнінің туу тарихы туралы әңгімемізі ары қарай Сәкен Шахмаұлының айтуымен өрбіді:

- Балқадиша анамыздың туған жері – Қараөткел. Қараөткел ауылының жұрты Жыланды тауының етегінде.

«Балқадиша» әніндегі:

Басынан Жыландының құлағаным, -

дейтіні осы. Балқадиша анамыз бен Сүлеймен атамыз Қылды Қарауылдың екі атасынан тарайды. Ақан серінің «Балқадиша» әні 1903 жылы сол Қараөткелде, менің әкем Баймырза дүниеге келіп, шілдеханасы болып жатқан кеште туған екен. Қыз-келіншектер, жастар жиналған сол шілдеханаға Қоскөл жақтан Ақан сері келген екен. Серінің бұл кезде жасы алпыстан асып, шаршаңқырап жүрген кезі болса керек. Бұрынғы Ақанның сән-салтанаты кеміген шақ. Қыздардың бәрі жоламай үркектеп серпілгенде, Балқадиша апамыз сабырлылық танытып: «Ақан аға, төрге шығыңыз, ән айтыңыз!», - деп серіні төрге оздырып, түнімен ән салдырған екен. «Балқадиша» – Ақан серінің ақылына көркі сай Балқадиша апамыздың сыйластық көңіліне ризашылық ретінде шығарған әні. Содан көп ұзамай осы Кеңөткел аулын құраған елге келін болып түскен.

Кеңөткел мектебінде

- «Балқадиша» – ән төресі ғой. Қаншама әншілер әр кезеңде әр түрлі бояумен құлпыртып орындап келе жатыр. Осылардың қайсысына көбірек көңіл толады деп білесіз? – деген сұрағымызға:

- Барлығы да керемет орындайды десек болады. Бірақ ән мәтіні бұзылып, кейбіреулер «Ақан сері Балқадишаға ғашық болған», «Үйлене алмай жылаған тағысын тағы» деген сияқты еш негізсіз дүниелерді айтатын болды. Біз сол кісінің көзін көрген үлкендерді көріп тыңдап, өстік. «Ондай ештеңе болмаған!», - дейтін үлкендер бірауыздан. Болмаған дүние ол. Бертінгі заманда, мынау совет үкіметі тұсында бәрін ойдан құрап шығарып алған! Кейінгілер орындарда, бейне түсірерде ойлануы керек еді ғой!

Балқадиша анамыздың ұрпақтары мен ауылдастарының ортақ пікірі осы болды. Белгілі композитор, жазушы Ілия Жақанов та «Аққулар қонған айдын көл» атты кітабында да дәл осылай баяндайтыны есіме оралды.

Айымкөз апамыздың қолынан ертеректе шыққан бір газет материалын көрдік. КСРО Журналистер одағының мүшесі, белгілі журналист Кәріпхан Тәшеновтың «Суреттегі бір бейне немесе махаббат періштесі хақында» деген мақаласы екен. Кәріпхан Тәшенұлы осы елдің тумасы болғандықтан да кезінде Балқадиша өміріне қатысты көп жазып, жариялаған екен. Бұл мақалада Балқадиша Ыбырайқызының отбасымен түскен фотосурет жарияланған екен.

Балқадиша Ыбырайқызы отбасымен

Айымкөз апайдан сұрағанымызда ортадағы отырған Балқадиша әжей, алдындағы кішкентай бала – Төребайдың үлкені Жарқынбай. Жанындағы әйел адам – Төребейдың әйелі Дәмегөй. Арт жақта тұрған Төребейдың өзі екенін айтты. Төребай майданға кетіп оралмаған екен.

Айымкөз апайдың айтуынша Кәріпхан Тәшенов Сандықтауға, осы ауылға әлденеше рет келіп, Балқадишаның қызы Нағима, өзге де көзін көрген адамдармен әңгімелесіп, материалдар жинаған екен. Осы мақаласында Кәріпхан Тәшенұлы «Балқадиша» әнінің сөзі бұрмалану себебін былай деп түйеді: «...Бейшара қыз ғашық болып, теңін таппай зарлап өтті десе тартымды болар деген дақпыртпен «Балқадиша» әнінің текстін бұзып айтушылық кездесіп жүр. Және де бүгінде фәни дүниеден жай тапқан кейбір орындаушылар «Күйеуің сексен бесте шал Қадиша» деп бұрмалап, ескі әншілердің аузына салып кеткені күйзелтеді. Ал әннің негізгі шумағы:

Жиылған осы тойға қалың қыздың,

Іішінде қара басың хан Қадиша», - деп айтылатын еді», -

деп ашына жазған екен кезінде. Естір құлақ елең етсеші, сол кезден бері.

Сондай-ақ бұл мақалада «Балқадиша 1883 жылы қой жылы дүниеге келіп, 1950 жылы Барыс жылының 27 наурызында 67 жасында дүниеден өткен», - деп атап көрсетеді.

Ақан серідей ән падишасының ілтипатына бөленіп, тарихта әнге айналып аты қалған Балқадиша ару атастырылған адамы Сүлейменге қосылып бақытты тұрмыс кешті дегенімізбен, замананың суық желі бұл отбасын да қаңбақша үйіріп, ықтырып жіберген екен. Мақалада бұл туралы былай дейді: «Оның үш жұрты да – әкесі Ыбырай қара қылды қақ жарған би атанғаны үшін, келін болып түскен әулеттегілер бай-құлақтың құйыршығына» айналып текті жердің қызына қосылғаны үшін, нағашы жұртындағылар өз күндерін өздері көрерлік дөңгелек дәулет жинағаны үшін «орташаларды тап ретінде құрту» ұранымен сол науқан кезінде кәмпескеленді. Апамыздың ұзатылған қыздарынан басқа балаларын соңынан ерткен Төребай жиырма шақты азаматпен бірге РСФСР-дің Челябі облысындағы Златоуст қаласынан пана тапқан. Елге тек 1939 жылы оралады. Түбі Қостанайлық келіншегі Дәмегөймен сол жақта табысып қосылған. Ол 1944 жылы Ұлы Отан соғысында қаза болған еді». Міне, «Қызы екен, Ыбекеңнің Балқадиша!», - деп ардақталған Балқадиша арудың өмір соқпағында қиын-қыстау күндердің аз болмағанынан осы бір үзінді анық хабар беріп тұрғандай.

Зират пен ауыл ортасындағы көпір

Балқадиша Ыбырайқызы – Кеңөткел аулындағы үлкен зиратқа жерленіпті. Зират өзеннің арғы бетінде. Жаяу адамдарға арналған трос жиекті бетон көпірдің қарабурасын су орып кеткендіктен жартылай қисайып қалыпты. Ауыл азаматтары қайтадан жөндейміз деп отыр екен. Зираттың көлемді сыртқы қоршауы түгелдей рельс, швеллер, арматура, түсті металдарды пайдаланып тартылыпты. Кейбір жерлерде мұндай қоршау түгілі бейіт басындағы темір-терсектің өзін талқандап тонап әкететін кісәпірлікті көріп жүрміз ғой. Қазақы тәрбие, ауыл халқының бірлік-берекесін осы зираттан да аңғарылып тұрғандай. Ән арқауы, «қара басың хан Қадиша», - дегізген Балқадиша ананың басында құран бағыштадық. Кеңөткел аулындағы сапарды түйіндеп тағы да жолға шықтық.

Балқадиша Ыбырайқызының бейіті

Бір замандарда адмирал Колчактың әскерлері жосып өткен делінетін Қара адырды қапталдап зулап келеміз. Көкшетау аңыздары таусылмақ емес. Қошқарбай тауын бауырлап, кең жазықтың түйіс нүктесі іспетті Айдарлы ауылына беттедік. Айдарлы – он ұлынан тараған он ауыл Көкшетаудан бергі аумақты ен жайлаған әйгілі құсбегі Дүйсен бидің есімі ардақталған ауыл. Келесі жазбамыз Дүйсен би турасында болмақ.

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар