Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Константин ПАУСТОВСКИЙ. Эдгар ПО...

19.01.2018 6309

Константин ПАУСТОВСКИЙ. Эдгар ПО

Константин ПАУСТОВСКИЙ. Эдгар ПО - adebiportal.kz

1849 жылдың қыркүйегінде Балтимордан Филадельфияға бағыт алған пойыздың кондукторы вагондағы жұпыны, жұлым-жұлым киінген арық, тапал адамды байқап қалды. Ол талып жатыр екен. Бейшараның есін жиғызғаннан кейін кондуктор оны алғашқы стансадан түсіріп, қайта Балтиморға салып жіберді, туған-туыс, танысы сол қалада деп ойласа керек-ті. Әлгі адам ұйқылы-ояу жандай ілби берді, не істеп, не қойғанын білмейді. Шабаданы толған қолжазбалар еді.

Белгісіз адам Балтиморға жеткеннен соң вокзалдан сүйретіле шығып, көшедегі орындықтардың біріне сылқ түсті де бірнеше сағат отырды. Содан кейін жерге құлады. Оны көтеріп, ауруханаға жөнелтті.

Бірнеше күннен кейін, 1849 жылдың 7 қазанында, әлгі кісі дәрігерлер анықтай алмаған аурудан қайтыс болды. Марқұмның мойнына таққан алқасында аса сұлу әйелдің суреті бар екен. Кейін анасының кескіні екені белгілі болды. Марқұм суретті өмір бойы аялап, сақтап жүріпті.

Америкалық белгілі жазушы Эдгар Поның өмірі осылай, жұмбақ жағдайда, жалғыздықта аяқталды.

Замандастары Эдгар По жайлы көп естелік жазған, бірақ, соның бәрінде жазушы сол кездегі Америкаға әлдебір жат планетадан келген жандай сипатталады. Ол жайлы құрметпен немесе ызбарлы кекесінмен жазды. Одан әуелде қорқатын, уақыт өте келе құрметтей бастайтын. Оның кейпі отызыншы, қырқыншы жылдардағы әр америкалықтың болмысын билеген мәртебелі мұң мен бекзадалыққа аса үйлесе қоймайтын.

Эдгар По Американың «тентек ұлы» еді. Фантаст әрі бейбақ ақынның мына жарық дүниеге келуінің өзі екіжүзділік пен күйбең тірліктің бетіне қолғап лақтырғандай көрінетін. Бу дақпырты мен сауда безгегі асқынып тұрған кезеңде өз қиялымен өмір сүретін, отандастары сыйынатын құндылықтарға күле қарайтын адам туды. Оған осысын кешіре алмады, осы үшін кектенді. Оны өмір бойы аштық азабын тартуға, қайыр тілеуге, әр редакцияның табалдырығынан телміруге мәжбүрледі. Тірісінде алған еншісі – немқұрайлылық, өлгеннен кейінгісі – жала.

Эдгар По көз жұмғаннан кейін айтылған сан қауесетке француз ақыны Бодлер ызалана үн қатты: «Неге Америкада иттердің мола тіміскілегеніне тиым салынбайды?»

Эдгар По көптеген фантастикалық әңгімелердің авторы. Ол тек америкалық емес, тұтас жаһанның қазынасына жақұттай боп қосылған ғажап жырлар мен поэмалар жазды. «Қарға» мен «Қоңыраулар» тұнықтығы мен поэтикалық қауқары жағынан әлемдік шедеврлер санатына қосылып, әділ бағасын алды. Бұдан бөлек Эдгар По алғашқы болып шым-шытырық оқиғалы және детектив делініп жүрген, өте нық, сараптамасы сойқан шығармаларды дүниеге әкелді. Меніңше ол әңгімелердің ішіндегі озығы – желісі бір ысындырып, бір суындаратын «Алтын қоңыз».

Эдгар По Жюль Верн мен Герберт Уэллс іліп әкеткен таңғажайып фантастикалық әдебиеттің негізін қалады.

Түп-тұқиянына келсең ол – ирландиялық. Ирландиядағы ежелгі тайпалардың бірінен тараған. Ата-бабасы Америкаға қоныстаныпты. Эдгардың атасы Құрама Штаттар тәуелсіздігі үшін болған соғысқа қатысыпты. Әкесі По генерал үйі мен қошемет-құрметтен безініп, актер болды. Одан кейін ағылшынның атты адам түсіп, жаяу адам жатып қарайтын сұлу актрисасы, жетім өскен, кеме палубасында туып, жат адамдардың қолында бойжеткен Элизабет Арнольдқа үйленді. Ата-анасы кезбе актерлар труппасымен бірге қорапты арбаның ішінде селкілдеп, қаладан қалаға көшіп жүретін.

1809 жылы олардың Эдгар деген ұлы өмірге келді.

Эдгар екі жасқа толғанда ата-анасы құрт ауруынан көз жұмды. Бөбекті Виргинияның Ричмонд қаласында тұратын шотланд, көпес Джон Аллен бауырына басты.

Бай отбасына тап болған Эдгар көрікті, мінезді, батыл әрі тым мейірбан болып өсіп келе жатты. Көп ұзамай Аллен сауда-саттық ісіне орай бес жылға Англияға аттанып, Эдгарды өзімен ала кетті. Бұл – Ватерлоо шайқасы қызып жатқан, Наполеон тұтқындалған, Байрон мен Пушкин жастығына мастанып жүрген заман еді. Еуропада романтика лебі есіп тұрған. Кішкентай Эдгар Лондонның шетінде, кәрі қарағаштар қаусырған тар көшенің бойындағы мектепте оқыды. Бұл көше ежелгі римдіктерден қалған соқпақтың үстіне түскен екен. Осы көріністер мен Англияның бозғылт аспаны адамды арманшыл етпей қоймас еді. Бала кезіннен қиялшыл болған Эдгардың кейін: «Менің өмірімнің өзегі болған жалғыз іс – армандау», – деп айтуға толық хақысы болды.

Эдгар По 1820 жылы Алленге ілесіп, Виргинияға оралды да Ричмондтағы мектептердің бірінде оқыды. Мұғалімдер баланың «кез келген ойлы есепке жабыса кететініне» қайран қалды. Эдгар жақсы жүзетін. Ағысы қатты өзенді өрлей алты шақырым жүзіп өтіп, күллі штатқа атағы жайылды. Ла-Маншты малтап өтсем деп армандайтын.

Төрт құбыласы теңдей көрінгенімен бала көңілінің түкпірінде бір алақұйын бар еді. Асыранды екені есінен шықпай-ақ қойды. Алленнің отбасын қабылдай алмады, өшікті. «Біртүрлі Эдди» жалғыздық құшағынан құтыла алмады. Өзгелердің мейірлене қарағанын мүсіркеу деп ойлап, морт кететін. Тек, кездейсоқ танысқан Елене Стенпард бауырына тартқан кезде бала жібіді, әйелге үйірсек болды. Көп ұзамай Стенпард қайтыс болды. Эдгар оның моласына жиі баратын, кейде көз жасы сорғалаған күйі зиратты құшып жатып ұйықтап қалатын, баланың «қылықтарынан» шошына бастаған Алленнің қызметшілері ертеңіне сол жерден тауып алып, үйге ертіп әкелетін.

Өгей әкемен ара-қатынас үзілері анық еді. Ақыры Эдгар Виргиния университетінде оқып жүрген кезде екеуі кетісті.

Ол студенттер арасында қамсыз, көңілді өмір сүрді. Ол бәрін керемет жады мен бұрап сөйлегендей көрінетін тілімен, иірімді сөзімен баурап алды. Ол тыңдарманын қайран қалдырып, мына жалғанды ұмыттырып, құпия мен сезімге бөленген поэзия әлеміне жетелеп әкететін. «Данышпан асыранды», — дейтін мұғалімдер мен студенттер.

Эдгар университетті тәмәмдамады. Өгей әкемен ат құйрығын кесісіп, Бостонға тартты. Міне, осы сәттен оның аңызға айналған кезбе ғұмыры, сүріндерер бұдыры көп тағдыр-соқпағы басталды.

Бостонда тұңғыш жыр жинағы – «Темірланды» бастырды. Осыдан кейін Америка оны алты жылға жоғалтып алды. Алты жыл бойына оның қайда болғанын, не істегенін ешкім білмейді. Тек аңызға бергісіз болжамдар ғана. Грецияда, Италияда болыпты, Польшадағы көтеріліске қатысыпты, Петерборда тұрыпты, Мерселде төбелесіп, жараланыпты, бүркеншек есіммен Америка армиясында қызмет етіпті... Белгілісі, 1830 жылы денсаулығы сыр берген, өңі тая бастаған жігіт Вест-Пойнттегі Әскери академиядан қылаң берді. Ол жерде де ұзақ тұрақтамады. Эдгар По, әдейі болса керек, бірнеше мәрте тәртіп бұзып, ісі сотта қаралып, әскерден қуылды. Осыдан кейін екі кітап бастырып, тағы үш жылға жоғалып кетеді. Содан 1833 жылы Балтимордағы «Сенбілік қонақ» журналаның редакциясында пайда болды. «Шишадан шыққан қолжазба» және «Мельстрем аласапыраны» деген әңгімелерін тапсырып, кетіп қалыпты. Бұл әңгімелер елді айран-асыр етті. Жазушы Кеннеди белгісіз қаламгерді шарқ ұра іздеді. Эдгар Поны суық лашықта, аштан бұратылып жатқан жерінен тапты. Поның қасірет пен мұң торлаған жүзі, қоңырқай тартқан терісі, оты бар, тесіле қарайтын жанары, осы бір қайыршының өзін нағыз ақсүйекке тән кербездікпен ұстауы Кеннедиді таң қалдырды.

Әңгімелер жарық көрді. Атақ та жедел жетті. Даңқы Америкадан асып Кәрі Құрлыққа дейін тарады. Бірақ, осы атақ-даңқ Эдгар Поны жоқшылық пен тауқыметтен бір күнге де құтқара алған жоқ.

1837 жылы ғана Эдгардың өмірінде жылымық пайда болды. Ол өзінің Виргиния есімді жиен қарындасына ғашық боп қалды. Біраз уақыттан кейін Ричмондта екі жастың некесі қиылды. Көргендердің сипаттауына қарасақ Виргиния жан-дүниесі мейірге, жүзі нұрға бөленген, қарапайым, өте сұлу қыз екен. Ол Эдгар Поны ессіз сүйді. Таныстары келіншекті Ричмонд алқаптарын көмкерген гүлге балап, «Троицалық гүл» атап кетті.

Виргиния небары жиырма бес жасында өкпе құртынан көз жұмды. Эдгар По келіншегімен және оның анасы Клеммен бірге бірнеше жыл ғана жайдары өмір сүрді. Ол өте бақытты, мәз-мейрам еді. Нью-Йорк те, Ричмонд пен Филадельфияда өмір сүру қиындап кеткен кезде жоқшылық қажытқан По ауылға көшті.

Виргиния және енесімен бірге мыңдаған гүлдер мен қарт шие ағаштары аясындағы кішкентай үйде тұрды. Ақын Френсис Локки Эдгардың дәл осы кезеңде көңілді әрі өнімді жұмыс істегенін еске алады. Ол ақынға қолжазбаларын көрсетіпті. Эдгар шығармаларын жіңішке, ұзын ақ қағаз орамасына жазады екен. Френсиске мақтанғанда жарқырай күліп, ораманы бүкіл баққа созып тастапты.

Ауылда жүріп Эдгар По замандас қаламгерлер туралы очерктер жаза бастады. Кейіпкерлерін ащы тілмен, аяусыз сынап суреттейтін еді. Америка әдебиетшілері тыпыршып сала берді. Эдгарды жермен-жексен ету саналы түрде жүзеге аса бастады. Журналдар қолжазбаларын жарияламай, қайтарып жатты. Сыртынан даттау күшейді. Жоқшылық пен мұқтаждық қайта оралды. Шарасыз Эдгар По ішкілікке салынды. Дүние төңкеріліп бара жатты.

Журналдардың бірі америкалықтарға үндеу тастап, қайыршы Эдгар Поға ақша мен киім-кешек сұрап, жылу жинай бастады. Міскін кейіпке түсірген бұл әрекет жазушының шамына тиді, қатты ашуланды. Ол әдебиетке қосқан үлесім зор деп ойлайтын, қиын сәтте Америка үкіметі жәрдемдесетініне сенетін. Бірақ, үкімет Эдгар Поның сұрауына дөрекі жауап қайырып, шорт кесті.

Виргиния 1847 жылдың қаңтарында, мүлкінің бәрі сатылып, қаңырап қалған үйде қайтыс болды. Еденге төселген бір құшақ сабанға жайылған ақжайма үстінде, Эдгар Поның тозған пальтосына қымтанып жатып демі үзілді.

Эдгар По Виргиниядан екі жылға ғана ұзады. Жаны байыз таппай ел кезіп кетті. Мейір іздеді, тек, Виргинияға жетер ешкімді таба алмады. Эдгар Поға жанашыр, анасындай бәйек болған жалғыз адам Виргинияның анасы Клемм кемпір еді.

Эдгар Поны Балтиморға жерледі. Бөтен, мүмкін жауыққан адамдар жерлеген болар. Ақынның моласын бастыру үшін олар өте ауыр тастақтаға тапсырыс беріпті. Тастың ауырлығы – адамдардың Эдгарға деген зіл ниетінің салмағындай еді. Осы таспен қаншалықты жек көретіндерін байқатқылары келген секілді. Осы таспен бастырмаса түсініксіз, күлкілі ақын орнынан тұрып кетеді-ау деп қорыққан секілді.

Эдгар Поның моласын бастырған сәтте тас қақ айырылыпты. Көктемнің ерке желі сол жарыққа тұқым жеткізіп, дала гүлдері қаулап өсіп, зиратты көкмайса көмкеріп тастады.

Эдгар По осылай өмір сүрді, еңбек етті, өлді. Оның өмірі де дәл ажал секілді бір ақиқатты дәлелдеп берді – есі жоқ ескі қоғам қашанда Ұлы таланттарға қатыгез, әділетсіз болған.

Аударған

Серік ӘБІКЕН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар