Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Көрнекті ғалым, іскер басшы, аяулы ұстаз - Сейілбек Исаев

13.03.2018 776

Көрнекті ғалым, іскер басшы, аяулы ұстаз - Сейілбек Исаев

Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдерінің бірі, белгілі ғалым Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаев Омбы облысы Назыбай ауданының Күреңайғыр ауылында 1938 жылы 13 наурызда дүниеге келді. Ғалымның əкесі Мұхамеджар ақсақал ауқатты, текті тұқымнан шыққан, алысты болжай алатын көреген, ақылды кісі болған екен. Қаршадайынан ата-анасынан айырылып, жетімдік тауқыметін көп тартқан ол 1916 жылы атақты «Июнь жарлығы» тұсында тізімге ілініп, майданның қара жұмысына алынады. Сөйтіп Рига түбінде окоп қазу жұмысына қатысады. Солдаттықтан босаған соң Мұхамеджар ауылына, ата қонысы – Жалғызағашқа (қазіргі Көкшетау облысы, Қызылту ауданы) келіп, ел қатарлы түтін түтетіп, мал басын құрап, азды-көп- ті дəулет жияды. Алайда кеңес үкіметінің тұсында «шаш ал десе, бас алатын» солақай саясаттың қаһарына мініп тұрған 1928 жылы кəмпескеге ілігер қауіп туған соң, кіндік қаны тамған Жалғызағаштытастап, бас сауғалауғамəжбүр болады. Сонымен, бар жиған-терген дүние-мүлкін тастап, өзінің бала-шағасымен ғана Омбы облысындағы Күреңайғыр көлінің жағасына қоныс аударады. Оның жұбайы Мүйгүлсім ер мінезді, ақылды, айна- ласына сыйлы, ел анасына айналған адам болған. Ол кісі бала көтермей, Мұхамеджар Зейнеп деген қызға үйленеді. Бүкіл ауыл- аймақ елге қадірлі азаматтың тілегін тілеп, жасағаннан бір перзент сұрайды. Сөйтіп дүниеге Сейілбек есімді ұл келіп, Мұхамеджар ақсақал 49 жасында тұңғыш перзентін сүйеді. Оның артынан Еслəмбек (ерте қайтыс болып кеткен), Қазбек атты екі ұл, Нұрғизат есімді бір қызды болады. Сейілбекті Мүйгүлсім анасы бауырына салып (1948 жылы қайтыс болды), басынан құс ұшырмай еркелетіп, он жасқа келгенше арқалап жүріп өсіреді. Аналарынан ерте айырылған (Мүйгүлсім анасынан 10 жасында, Зейнеп анасынан 9 жасында) Сейілбек жаны таза, нəзік, жара- ланғыш, сəбидей пəк азамат болып қалыптасады.

Көзі ашық, көкірегі ояу əке баласы Сейілбекті ауылдағы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін Омбы қаласындағы орыс- қазақ педучилищесінің дайындық бөліміне оқуға береді. Қала өмірі, орыс тілінде жүретін сабақтар шалғай қазақ ауылынан келген болашақ ғалымға ерекше əсер етеді. «Орыс тілін жақсы меңгеруіме ұстаздарымның ықпалы зор болды. Омбыға келгенде мен мүлдем бір ауыз орысша білмейтін едім», – деп күліп еске алады ғалым. Орыс тіліне айрықша ден қойып, бір жылдың ішінде əжептəуір еркін меңгеріп алған зерек шəкірт Омбы педучилищесін бастауыш кластың мұғалімі мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады. Алған білімге қанағаттанбай, баласының əрі қарай оқығысы келген талабын қош алған Мұхаң ақсақал бетінен қақпай, оны Алматыға оқуға жібереді. Журналистік қабілеті зор, зерек жас журналистика факультетіндегі байқаудың жоғары бо- луына қарай қабылдану мүмкіндігі аз болғандықтан, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология фа- культетінің қазақ бөліміне оқуға түседі. Бұл 1957 жыл болатын.

Журналист болуды армандап келген жас жігіт Ыбырайым Маманов, Кəкен Аханов секілді ұстаздарының ықпалымен тіл білімінің қыр-сырын ұғынып, құпияларына қаныға түседі. Сөйтіп университет қабырғасында жүріп-ақ студенттердің ғылыми конференцияларында баяндама жасап, ғылыми жұмыстар жазып, қаламы төселе бастайды. Осылайша 1960 жылы оның тырнақалды ғылыми мақаласы «Қазақстан мектебі» журналында басылып шығады. Бұл жайт ғылымға іңкəр жасты одан əрі қанаттандырып, жоғары курстарда Ашхабад, Душанбе қалаларында өткен Орта Азия мен Қазақстан университет студенттерінің конференцияларында ғылыми баяндамалар жасайды. Баяндамалар сол кездегі БЛКЖО ОК-нің, КСРО Жоғары жəне арнаулы орта білім министрліктерінің Құрмет грамоталарына, дипломдарына ие болады.

Қызығы мол студенттік шақпен қош айтысып, 1962 жылы университетті үздік белгімен бітірген жастың ғылымға құштарлығы оны Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына жетелейді. С. Исаев 1962–68 жылдар аралығында қазіргі қазақ тілі теориясы бөлімінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Бұл жылдар жас ғалымның өміріндегі елеулі кезеңдердің бірі болады. Оның өзі сүйген ісін əрі қарай жалғастыруына, білімін толықтырып, өсуіне, шыңдалуына, қаламының төселіп, арналығылым жолына түсуіне қасиетті қара шаңырақ – ғылым ордасының тигізген ықпалы ерекше болды. Осы институтта жүріп ол түрлі ғылыми жинақтар құрастыруға, «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігін» түзуге, «Қазақ тілінің академиялық грамматикасы» секілді сүбелі ұжымдық еңбекті жазысуға белсене араласады. «1920-жылдардағы мерзімді баспасөз тілі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды.

Диссертациясын сəтті қорғап, білімі мен іскерлігін танытып үлгерген С. Исаев Қазақ қыздар педагогтік институтының қазақ тілі кафедрасына аға оқытушылық қызметке шақырылады. Міне, отыз жаста аға оқытушы болып табалдырығын аттаған осы институт оның ғалым ретінде кемеліне келуіне, əділ басшы, абзал азамат, институт ректорына дейін өсуіне жол ашты.

Болашақ ұстаздарға дəріс оқи жүріп, 1974 жылы ол «Қазақтың мерзімді баспасөз тілінің қалыптасып, дамуы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғайды. 1975–87 жылдар аралығында факультет деканы, 1980–88 жылдары кафедра меңгерушісі бола жүріп, ол қоғамдық жұмысты ұстаздық қызметпен қатар алып жүрді.

1988–89 жылдары С. Исаев Абай атындағы Қазақ педагогика институтында қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.

1989 жылдың наурыз айында С. Исаев баламалық негізде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогтік институтының ректоры болып сайланды. Институт ректорлығына шын мəніндегі ғылым адамының келуі қалыптасқан моральдық-психологиялық ахуалдың өзгеруіне себепші болды.

1991 жылдан бастап С. Исаевтың бастамасымен 6 мамандық бойынша аспирантура ашылды. Бұл институтты үздік бітірген талантты қыздардың ғылым əлеміне енуіне жасалған үлкен қамқорлық еді. Ғалым-басшы бірнеше ғылым кандидатын дайындап, өзіндік мектебін қалыптастырды.

Сейілбек Мұхамеджарұлы – ұйымдастырушылық, педагогтік, қоғамдық қызметті ғылыммен шебер ұштастыра білген үлкен ғалым. Күнделікті қат-қабат əкімшілік жұмыстар мен қым-қуыт қыруар тірліктің қайнаған ортасында жүрсе де, ол бойына біткен ізденгіштік, еңбекқорлық қасиеттерінің арқасында бір сəт те ғылымнан қол үзген емес. Оның қаламынан туған 200- ге тарта ғылыми, ғылыми-əдістемелік, ғылыми-көпшілікке ар- налған еңбектері көтерген проблемаларының өткірлігімен, нақ- тылығымен, сонылығымен ерекшеленеді.

Оның ішінде ғалымның көп айналысқан саласының бірі – қазақ тілінің тарихы мен қазақ əдеби тілі тарихы мəселелері. Ғылымдағы жолын жекелеген сөздер мен грамматикалық тұлғалардың шығу, қалыптасу, даму тарихын, олардың даму, өзгеру процестерін зерттеуден бастап, ғалым бірте-бірте əдеби тілдің күрделі мəселелеріне қарай ойысады. Əдеби тілдің сан алуан проблемаларына байланысты салиқалы ойларын танытатын көлемді зерттеу еңбектері, монографиялары жарық көрді. Атап айтқанда: «Қазақ əдеби тілінің совет дəуірінде дамуы» (1973), «Қазақ əдеби тілінің даму, қалыптасу кезеңдері» (1976), «Қазақтың мерзімді баспасөз тілінің дамуы» (1983), «Қазақ əдеби тілінің тарихы» (1989, 1996).

Ғалым қазақ əдеби тілі мен тіл тарихынан басқа қазақ тілі грамматикасының теориялық мəселелерімен де үзбей айналысты. Соның нəтижесінде «Қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар» (1992), «Қазақ тіліндегі сөздердің негізгі грамматикалық сипаты» (1998), серіктес авторлармен бірлесіп жазған «Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі» (1997) секілді іргелі, көлемді кітаптары жарық көрді. Аталмыш кітаптардың алдыңғысы 1993 жылы Қытайдың Шыңжаң оқу-ағарту баспасында басылды. Осы еңбектерде көтерілген қат-қабат сонылығымен, теориялық дəлдігімен, қисындылығымен, мазмұн тереңдігімен ерекшеленеді. Əсіресе оның негізгі грамматикалық ұғымдарға қатысты пікірлері дəл де нақты болуына сай грамматика теориясын толықтыра, дамыта түсті. Грамматикалық категорияны ғалымның жай ғана грамматикалық мағына мен форманың бірлігі, жиынтығы ғана емес, сонымен бірге өзара шарттас, мəндес, бірақ іштей қарама-қайшылықтағы мағыналар мен формалардың жиынтығы деп анықтауы, грамматикадағы етістік түбірі мен бұйрық райдың сəйкестігі, атау септік проблемасы, есімше, көсемше, қимыл есімдерінің сыр-сипатын ашып берді.

Сонымен бірге «Қазіргі қазақ тілі» (морфология) грамматикалық курсы бойынша теориялық жəне практикалық сабақтардың мазмұны» (1991), «Сөйлемді талдаудың тəсілдері» (1985) секілді əдістемелік оқу құралдарын да жазып, студенттерге тіл теориясын меңгертудің жолдарын іздестірді. С. Исаев – түрлі оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Ол орта мектептен бастап кешкі сменалық мектептерге, жоғары оқу орындарына арнап оқулықтар жазды.

Профессор С. Исаевтың орыс тілін жетік білуі оның орыс тілі мен қазақ тілін салғастыра, типологиялық зерттеулер жүргізуіне мүмкіндік берді. «Сопоставительная типология фонетической системы казахского и русского языков в таблицах» (1996), «Сопоставительная типология казахского и русского языков» деп аталатын еңбектері ғалымның бұл салада да қомақты зерттеулер қалдырғандығының айғағы болып табылады. Ғалым өзге авторлармен бірлесе отырып орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздіктерді жарыққа шығарды.

С. Исаев ҰҒА-ның А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы түркі тілдері, қазақ тілі мамандықтары бойынша диссертация қорғайтын мамандандырылған кеңестің, Ұлттық ҒА-ның үйлестіру кеңесінің, «Қазақ тілі мен əдебиеті», «Қазақстан мектебі», «ҚР ҰҒА-ның Хабарлары» журналдарының ақылдастар алқасының, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы басқармасының мүшесі жəне ҚР Білім жəне ғылым министрлігі жанындағы оқу-əдістемелік кеңестің қазақ тілі бойынша төрағасы, ҚР ЖАК-тың сараптау комиссиясының бірнеше мəрте мүшесі болды.

Ректордың қауырт жұмыстарына қарамастан профессор С. Исаев ізбасар-шəкірт тəрбиелеп, ғылыми жетекшілік жасап, ақыл-кеңес беруге уақыт тапты. Ғалым республикалық, республикааралық, кезіндегі одақтық жəне халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға қатысып, баяндамалар жасады. Ғалым кеңесімен бір ғылым докторы, тоғыз ғылым кандидаты диссертация қорғады.

Көрнекті ғалым, іскер басшы, шебер ұйымдастырушы, аяулы ұстаз, білікті маман Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаев 1999 жылдың 9 маусымында дүниеден өтті.

Ғалым 1995 жылы ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі болып сайланды. Ол өзінің еңбектерімен қазақ тіл білімінің, жалпы түркітану ілімінің дамуына зор үлес қосты, іргелі зерттеулердің жүргізілуіне атсалысты, жоғары білімді мамандар мен ғылыми кадрлар даярлауға көп еңбек сіңірді. Білім мен ғылым саласындағы ерекше еңбегі үшін С. Исаев «Үздік еңбегі үшін» медалімен, ҚР Білім министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы медалімен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, ҰҒА-ның академигі;

Ғарифолла ƏНЕС, филология ғылымдарының докторы,

С. Исаевтың «Қазақ тіл білімінің мәселелері» кітабының алғысөзі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар