Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

18.09.2018 11549

Қосжан Мүсірепов

Қосжан Мүсірепов - adebiportal.kz

Өзіндік үнімен, суреткерлік қасиетімен танылып, кейін есімі аталмай кеткен ақынның бірі Қосжан Мүсірепов. Ол аз ғана уақыт өмір сүрсе де, әдебиетке іргелі шығармалармен олжа салды. Алғашқы жинағы «Менің қарындасым» деген атпен 1959 жылы шыққан қаламгердің кейін бірнеше жыр, новеллалар жинағы жарық көрген. Ақынның балаларға арнап жазған шығармалары да зерттеп-зерделеуді, насихаттауды қажет етеді. Қаламгер саналы ғұмырында новелла жанрының дамуына сүбелі үлес қосты. Төменде көрнекті ақынның аз ғана өлеңдерін жариялап отырмыз.

Дариға – ай

Әсем бір күй үзіліп,

Жазылмай жатса кейде өлең.

Кенеттен өңім бұзылып,

«Дариға-ай шіркін» дей берем.

Арқалап жүрген ел жүгін,

Ауырып қалса кейде ерен:

Өмірдің ұғып ерлігін,

«Дариға-ай шіркін» дей берем.

Тоқтатып кейде ұршығын,

Күрсініп қойса кейде әжем.

Еске алып соғыс сұмдығын,

«Дариға ай, шіркін» дей берем.

«Көкте ұшты құзғын» дегенді,

Естіп қалсам кей күн мен.

Мұз қарып өтіп денемді,

«Дариға ай, шіркін» деймін мен.


Құтты болсын

Табиғат – ателье, көктем – шебер,

Ол киеді сан киім жаңа сәнді.

Ол тіккен аппақ гүлді шыт көйлек те,

Алма ағашқа әдемі жарасады.

Ол тіккен киімдердің алауы бар,

Астасқан таңның шапақ – арайымен.

Құтты болсын айтыңдар, о адамдар,

Гүлді баққа киінген жаңа үлгімен.

Көктем тіккен бұйымның әр жібінде,

Алтын күннің құйылған көз нұры бар.

... О, гүлді бақтар! Жаңа киімдеріңді,

Өздерің киіп, өздерің тоздырыңдар.

***

Өтпейді өмір думанмен,
Қарбалас қанша жұмыс бар.
Атадан бірге туғанмен,
Ажырап қалар туыстар.

Алады күнде мазаны,
Бітпейді тіпті бұл тірлік.
Достар да құшақ жазады,
Бір бақта өскен құлпырып.

Тосады уақыт жүз ісін,
Күн батса жатар, күн шығып...
Арманмен жүрген біз үшін,
Алдамшы емес тіршілік!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар