Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Қожаберген Толыбайұлы. Ту ұстап, тұлпар мінген он ...

18.10.2018 12309

Қожаберген Толыбайұлы. Ту ұстап, тұлпар мінген он жеті ағам 12+

Қожаберген Толыбайұлы. Ту ұстап, тұлпар мінген он жеті ағам - adebiportal.kz

Қожаберген Толыбайұлы (1663-1763) – қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданына қарасты Гүлтөбе ауылында дүниеге келген. Ол кең байтақ жерiмiздi, бытырай қонған елiмiздi қызғыштай қорғаған атақты батырларымыздың бiрi, 1688-1710 жылдары қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының бiрiккен жасағына қолбасшылық жасаған ордабасы, iрi тарихи тұлға. Атақты «Жетi жарғы» заңнамасын жазуға қатысқан Қожаберген қазақ халқының ерлiгiн, елдiгiн, жырлаған ақын, жырау.

ҚЫЗЫЛЖАР

Қол бастап әкем Толыбай туын тіккен,

Есілдің күнгей бетін күздік еткен.

Көлденең көк Есілдің жарқабағын,

Әкеміз Қызылжар деп атап кеткен.

Қызылжар содан бері атаныпты,

Әкемнен ерлер сонда бата алыпты.

Ту ұстап, тұлпар мінген он жеті ағам,

Қол бастап жау қалмаққа аттаныпты.

ЖЕТІ ЖАРҒЫ

Қарабас тархан ағамды,

Алаш жұрты тыңдаған.

Соғысқа, дауға қатысып,

Ер еді жастан шыңдалған.

Мұра боп қалған көне сөз,

Низам мен заңның мәні бір.

Талқылаған низамды,

Қарабас ағам сөзі-гүл.

Әз Тәукені ағамыз,

Әрқашанда қолдаған.

Қайта қарап низамды,

Қазақтың Заңын құраған.

Қарабас күйші ағамның,

Қағидасын жаттадым.

Ақ былғарға түсіріп,

Мұқияттап хаттадым.

Әз Тәукеге қызмет қып,

Жаздым «Жеті жарғыны».

Салыстырып талдадым,

Бергі менен арғыны.

Әз Тәукенің бас биі –

Майлы батыр ағамыз.

Нұсқа айтқан соң Майлыекең,

Кеңіп қалды жағамыз.

Көмектесті біздерге.

Қазыбек, Төле, Әйтеке.

Қазақтың заңын нығайтып,

Тыйым салды тентекке.

«Жеті жарғыны» жазуда,

Іс тындырдым бірталай.

Айтқанымды құп алды,

Деген жоқ ешкім бұл қалай?

«Жеті жарғы» заң жазып,

Таратып беріп баршаға,-

Көңілін жұрттың жұбаттым.

ӘУЛИЕ ҚОЙЛЫБАЙ

(Дастаннан үзінді)

Ертеде Қыпшақта өткен Ер Қойлыбай,

Қолына жүрмейді екен қобыз алмай.

Болған соң сол асылдан бізге мирас,

Қобызды мен де жүрмін тастай алмай.

Тұсында сол Қойлыбай әулие екен,

Аруақты әрі дана, киелі екен.

Санасқан оныменен хандар, билер,

Атқарған істері оның жүйелі екен.

Біздерге жәрдем етіп аруақ, құдай,

Жауларды талқандадым соғыста ұдай.

Қойлыбай әулиені жырға қос деп,

Түсімде аян берді әкем Толыбай.

Әкеміз көп сиынған Қойлыбайға,

Жау қоршап қиын болған бір жағдайда.

Қалмақты қысылшаңда жеңіп шыққан,

Болған соң зор қасиет Қойлыбайда.

Бөленген әкем Толыбай зор даңққа,

Үлгі айтқан қазақ, естек қос халыққа.

Бейітіне Қойлыбайдың түнеп әкем,

Мінгендей болған екен алтын таққа.

Дана екен Ер Қойлыбай шарапатты,

Тілесең шыныменен берер бақты.

Сауыққан зиратына түнеп науқас,

Болған соң емші-баба аруақты.

Қыпшақта Қойлыбайдың арғы заты,

Басқадан артық болған парасаты.

Молда боп заманында аты шыққан,

Әбубрахыман әкесінің екен аты.

ҚАЙРАН, ЖАСТЫҚ

Сардарлық уақытым өтіп кетіп,

Тоқтадым осы кезде кәрілік жетіп.

Кешегі жалындаған жастық шақты,

Отырмын көз алдыма елестетіп.

Өттің бе шыныменен шірікін жастық,

Желігіп қызығына қадам бастық.

Жиналған қыз-бозбала ойын-тойға,

Бас қосып әрбір жақтан араластық.

Қызықтың басқа келген бәрін тастап,

Безініп бұл кезеңге неге қаштық.

Жастық өтіп, орта жас жетсе-дағы,

Дұшпанды қан майданда бүктеп бастық.

Өттің бе расында жастық шіркін,

Оралып келмейтін боп дүркін-дүркін.

Топталған қыз-бозбала думанды той,

Балқытып тас жібіткен ойын-күлкің.

Қызықтың жастықтағы бәрін тастап,

Жеттің бе Қожаекеңе кәрілік шіркін.

Жастық түгіл орта жас ғайып болып,

Билеуге келмей қалды ғұмырды еркім.

Адамға өне бойы жолдас болмай,

Өтерсің әр пендеден дүние шіркін.

Жапырақтай қазан ұрған өңі кетіп,

Сақталмайды қартайғанда жастық көркің.

Қалдың ба, қайран жастық, жүрмей еріп,

Бір кезде ілестірген жолдас көріп.

Сағымдай кездейсоқта бұлдыр қағып,

Дариға-ай, кете бардың бізден жеріп.

Секілді қоламтадай бықсып жанбай,

Жастық шақ қызығыңа қалдық қанбай.

Үн қосып қобыз бенен домбыраға,

Шырқаушы ек, әсем әнді қажып-талмай.

Сияқты жел-құйындай өте шықты,

Алданып қала бердік қонбай жүріп.

Көңілін хал-хадари тауып едік,

Қалдырдың ұмытпастай неңді беріп.

Өттің бе, есіл жастық көрген түстей,

Тойыппыз қызығыңа жемей, ішпей.

Арманда асыл заттан қалғаны бар,

Күндерден қазан-ошақ оттан түспей.

Жасқанып жапалақтан қапы кетіп,

Аққуға ұядағы қыран түспей.

Лажсыз өтіп кетті бұл дер уақыт,

Шаттанар өз қалпына келген істей.

Барымен базарлаған тауып ап жүр,

Заманнан үміт еткен тамағы іспей.

Ордабасы болған кез о дағы өтті,

Шаршап кеп ұйықтап жатып көрген түстей.

Шынында өткен дәурен түс секілді,

Жастық шақ бір жарамды іс секілді.

Әркімнің шабытында бір тоят бар,

Жігіттік алғыр қыран құс секілді.

Аты бар, бірақ заты теңелмейтін,

Қола, жез, алтын, күміс, мыс сияқты.

Сол мезгіл түскенменен ойға келіп,

Оралу енді қиын іс сияқты.

Ойлаумен арманды іске жету қиын,

Таусылды кәрілік жеңіп баста миым.

Жастықтың қызығы өтті ұлғайған соң,

Болса да ауылымда думан-жиын.

Алды-артын байқатпайды ғұмыр шіркін,

Қызығы жігіттіктің соққан құйын.

Сарқылмай бойда қуат тұрған шақта,

Жасадық зергер болып түрлі бұйым.

Әзәлда болса шаруа тәңірі жазған,

Ажалсыз кімдер өлмек қайғы-наздан.

Пұшайман көңілде боп еш пайда жоқ,

Бөктергі тояттайды қоңыр қаздан.

Әркімдер жолы болмай жем болып жүр,

Қорынған мекенінде сахы наздан.

Сөз емес табалаған әлеуметім,

Ескермей күн өткіздік ақыл аздан.

Пенденің жастық шағы базар екен,

Еті тығыз, беті қызыл ажар екен.

Қартайып күш-қайраты кеміген соң,

Адамзат жылдан-жылға азады екен.

Жастықта жігіт кісі озады екен,

Ду десе, делебесі қозады екен.

Жас жетіп, уақыты өткен сайын,

Матадай өңі оңған тозады екен.

Шашы мен сақал-мұртын қырау шалса,

Пендеге кәріліктің жеткені екен.

Көз нұры мен тізеге ақау келсе,

Адамның денсаулығы біткен екен.

Ентігу мен алқыну пайда болса,

Дейтұғын ол ажалдың хабары екен.

Сақтанбау дер кезінде әр пендеге,

Байқасаң барып тұрған залал екен.

Бар болып, ағайының көзді болса,

Ол-дағы қарағаштай панаң екен.

Дүниеден демің бітіп өтіп кетсең,

Мирасхор артыңдағы балаң екен.

Атыңды жоғалтпайтын ұлың болса,

Шырағың өлсең-дағы жанады екен.

Егерде ұлың болмай, дүниеден өтсең,

Біржола отың өшіп қалады екен.

БІЛЕРСІҢ

Көсемдердің қадырын,

Ел тозғанда білерсің.

Шешендердің қадырын,

Дау болғанда білерсің.

Сардарлықтың қадырын,

Қол басқарсаң білерсің.

Тұлпардың қадырын

Қамалға шапсаң білерсің.

Балалықтың қадырын,

Жігіт болғанда білерсің.

Туған елдің қадырын,

Алыста жүрсең білерсің.

Жігіттіктің қадырын,

Қартайғанда білерсің,

Дәулетіңнің қадырын,

Бақ тайғанда білерсің.

Әншіліктің қадырын,

Той-думанда білерсің.

Мергендіктің қадырын,

Жамбы атқанда білерсің.

Қару-жарақ қадырын,

Қан майданда білерсің.

Қайратыңның қадырын,

Бірме-бірде білерсің.

Аңшылықтың қадырын,

Аң ауласаң білерсің.

Саятшылық қадырын,

Құс баптасаң білерсің.

Батырлықтың қадырын,

Жау келгенде білерсің.

Ақындықтың қадырын,

Айтысқанда білерсің.

Қыран құстың қадырын,

Аң алғанда білерсің.

Жүйрік аттың қадырын,

Бәйгеге қоссаң білерсің.

Ұстазыңның қадырын,

Ғалымдық жолда білерсің.

Бостандықтың қадырын,

Қуғын көрсең білерсің.

Балуандықтың қадырын,

Белдескенде білерсің.

Наркескеннің қадырын,

Қылыштассаң білерсің.

Шыншылдықтың қадырын,

Беттескенде білерсің.

Әдіс-айла қадырын,

Кектескенде білерсің.

Қаршыға, лашын қадырын,

Құс алдырсаң білерсің.

Алғыр тазы қадырын,

Аң қуғанда білерсің.

Атбегілік қадырын,

Ат жаратсаң білерсің.

Балғын билік қадырын,

Күш қайтқанда білерсің.

Ақша беттің қадырын,

Қан кеткенде білерсің.

Екі көздің қадырын,

Нұр кеткенде білерсің.

Денсаулықтың қадырын,

Науқастансаң білерсің.

Асыл менен жасықты,

Бағаласаң білерсің.

Дос-жаранның қадырын,

Жалғыз қалсаң білерсің.

Татулықтың қадырын,

Шеттенгенде білерсің.

Туған жердің қадырын,

Сағынғанда білерсің.

Астығыңның қадырын,

Ашыққанда білерсің.

Динар ақша қадырын,

Тарыққанда білерсің.

Туысқанның қадырын,

Зарыққанда білерсің.

Нұр жүзіңнің қадырын,

Әжім басса білерсің.

Жиырма бестің қадырын,

Орта жаста білерсің.

Көк найзаның қадырын,

Жекпе-жекте білерсің.

Жүректілік қадырын,

Бетпе-бетте білерсің.

Ақ семсердің қадырын,

Шабысқанда білерсің.

Сар садақтың қадырын,

Атысқанда білерсің.

Өз басыңның қадырын,

Ел мақтаса білерсің.

Бақытыңның қадырын,

Құлдырасаң білерсің.

Жақсы әйелдің қадырын,

Жарсыз қалсаң білерсің.

Байлығыңның қадырын,

Малсыз қалсаң білерсің.

Қызыл тілдің қадырын,

Байланғанда білерсің.

Жақсы туыс қадырын,

Айырылғанда білерсің.

Екі аяқтың қадырын,

Ақсағанда білерсің.

Отыз екі тістің қадырын,

Қақсағанда білерсің.

Ата-ананың қадырын,

Перзентті болсаң білерсің.

Жанашырдың қадырын,

Істі болсаң білерсің.

НАУРЫЗ БАТАСЫ

Мұсылманда жылдың басы-наурыз айы,

Айтылған тауарихта оның жайы.

Зымыстан қыстың күнін түріп тастап,

Наурыз келсе, шаттанар жарлы-байы.

Халайық тез серпіліп, өңі кірер,

Шаруасы талапты ердің өрлей берер.

Ұлыстың ұлы күні жайлы болып,

Құдайым Алаш жұртын қолдап жүрер!

Қазағым, наурыз айың құтты болсын,

Малдарың аман төлдеп, сүтті болсын.

Ағайын әрқашанда қоғамдасып,

Өзара ылғи тату-тәтті болсын!

Көз жасы жетім-жесір ие берсін,

Ұлыс күні дәулетті үйе берсін.

Есіркеп ғарыптерді қадыр Алла,

Оларға бие менен түйе берсін!

Әлеумет, бақ орнатсын наурыз айы,

Оңды боп ел-жұртымның хал-жағдайы.

Қар кетіп, жер қарайып, күн жылынды,

Әр үйдің ойнақтасын тайлақ-тайы.

***

Қысыр сауған ауылдар,

Сабаны күрп-күрп пісіңдер?!

Әрбір үйге бас сұғып,

Наурыз көже ішіңдер!?

Қыз-бозбала киініп,

Тәуір атқа мініңдер.

Қатар түзеп тобыңмен,

Салтанатпен жүріңдер.

Наурыз айы оң болсын,

Ақ пен астық мол болсын!

Баршаңызды аруақ жебеп,

Қайда барсаң жол болсын!

Айдан аман сақта,

Жылдан есен сақта!

Алла қолдап халқымды,

Жүздеген қатерден сақта!

Ұлыс күні береке берсін,

Дұшпандарың жерге енсін!

Бақ пен дәулет қабат қонып,

Ұрпақтарың өсіп-өнсін!

Абыройлы беделді болып,

Ризық, несебелерің арта берсін!

Аллаһу Акбар!

ҮШ БИ

Үш жүзде болса да олар басты кісі,

Қазыбек, Төле, Әйтеке менен кіші.

Соларға жол көрсеткен ұстаз едім,

Сардар деп құрметтейін үлкен-кіші.

Жеңіс жоқ соғыстарда шабандарға,

Жағдай жоқ тағат қылып амалдарға.

Жеңіске жету үшін қайрат қылып,

Ат қойдым ғаскер бастап қамалдарға.

Мәлім ғой, елге ғаскер басқарғаным,

Болдым деп Ордабасы мастанбадым.

Мылтығы көп болса да кәпір жаудың,

Қалмақтың ғаскерінен жасқанбадым.

Басқарып Үш жүз қолын жиырма бес жыл,

Орнымды Бөгенбайға бердім биыл.

Еш сардар жарлығымды қайта қылған жоқ,

Кезінде ұзақ соғыс күндер қиын.

БЕС ҚАРУ

Ер қаруы – бес қару,

Екі топқа бөлінген.

Алғашқысын көп айтқан,

Шыққаннан соң көңілден.

Қылыш, садақ, айбалта,

Күрзі менен көк найза.

Ел қорғауда әрқашан,

Келтірген ерге көп пайда.

Күлдірмамай, қанжар мен

Дырау қамшы – үшеуі.

Екінші топқа жатады,

Семсер, сойыл – бесеуі.

Сапасына қарай бес қару,

Екі жүйе аталған.

Осылардың барлығы,

Жауынгерге арналған.

АСЫЛДАР

Балға, Балта, Едіге –

Керейден шыққан асылдар.

Маңайында жүрмеген,

Елді бұзған масылдар.

Алла, аруақ, әулие,

Бабаларды қолдаған.

Өзбек, Жәнібек, Бердібек,

Бұлантемір хандардың.

Ғаскерін бастап әр жылда,

Зәресін алған жаулардың.

Кәпірді қырып күйреткен,

Інісіне, ұлына соғысуды үйреткен.

Ақ орданы күшейтіп,

Есіләм дінін өрлеткен.

Мүфтилерді бұлардың,

Болған жоқ ісі налытқан.

Сыбызғымен күй тартса,

Денесін көптің балқытқан.

НЕ ЖЕТІМ?

Өзінде перзент болмаса,

Ата-ана болар шын жетім.

Қайырылыспаса аға-іні,

Оқшауланған ер жетім.

Қорғаушысы болмаса,

Кез келген пенде сол жетім.

Бастаушысы болмаса,

Жиылған қалың қол жетім.

Жауыздарға жолықса,

Ата-анасыз ұл жетім.

***

Ақсауыт деген сол болар,

Атқанда оқ өтпесе.

Ақберен деген сол болар,

Тигені тұяқ серіппесе.

Алмауыт деген сол болар,

Алысып жауы жеңбесе.

Тұлпар ат деген сол болар.

Артынан қуған жетпесе,

Ер жігіт деген сол болар.

Жасқанбай жауға беттесе,

Жан жолдас деген сол болар.

Жалғыз тастап кетпесе,

Адал дос деген сол болар.

Білдірмей жоқты етпесе,

Туысқан деген сол болар.

Сетілгенді септесе,

Айтулы жақсы сол болар.

Ісіне еткен кеппесе,

Айтулы жаман сол болар.

Ақыл ғып айтқан сөзіңді,

Ұғынбай босқа кектесе.

Қайырымсыз жаман сол болар,

Жетімнің бетін өппесе.

Қатыгез жан сол болар,

Жеткіншекке тек десе.

Қайырымды жан сол болар,

Керегіңді көктесе.

Ақ көңіл жан сол болар,

Айтар сөзін бүкпесе.

Жан аяр жалқау сол болар,

Жан қинап еңбек етпесе.

Қас надан қабақ түйеді,

Шаруасы бітпесе.

Бітпейтін, сірә, іс болмас,

Жұрт жұмылып көптесе.

Ерлердің ісі еленбес,

Халық үшін терін төкпесе.

Кетер ұрпақ тіл қатпай,

Халқың нені жүктесе.

***

Жылқыда ұстатпайды бурыл маған,

Аузымда тіс қалмады суырылмаған.

Ханда мейір, билерде ғаділдік жоқ,

Замана несі қалды қуырылмаған.

Жылқыда ұстатпайды сұр қашаған,

Тілеуін мұсылманның бер жасаған.

Маңдайға алла дәулет бітірмесе,

Байымас әлдекімнен бір асаған.

Жылқыда ұстатпайды сұр ат маған,

Сөзімді кей надандар ұнатпаған.

Жүзіне бұл фәнидің көз тастасам,

Пенде жоқ мәңгі қалып тұрақтаған.

* * *

Арғымақ аттың белгісі,

Иесін жауда қалдырмас.

Қуғанда жетер ұзатпай,

Алдына қара салдырмас.

Тұлпар аттың құйрығы,

Сатса жібек, кессе қыл.

Шаһыбаз жігіт белгісі,

Түзде мырза, үйде құл.

Жүзі қараның сылдыр сөзі,

Су түбіне кетірер.

Қыздырманың қызыл тілі,

Сүйгеніңнен кетірер.

Қарап тұрсаң әлеумет,

Ғадыл бидің кегі жоқ.

Білімді туған жігіттің,

Әрбір істе кемі жоқ.

Ғазазілдің сөзіне ерсең,

Басыңа бейнет болады.

Жанашыр бөз берсе,

Үстіңе көйлек болады.

Мырзаға бақ жарасады,

Батырға жақ жарасады.

Аталы ерден ұл туса,

Жақсыларға жанасады.

***

Түнді қанша мақтасаң,

Сарғайып атқан таң болмас.

Жаманды қанша мақтасаң,

Ел басқарар хан болмас.

Жақсы мен жаман тең болмас,

Кемеңгер жан кем болмас.

Момындарға қарасар,

Құзғындарға жем болмас.

Үлгісіз жанға айтар сөз,

Далаға кетер ем болмас.

Қарау адам, іші тар,

Ешқашанда кең болмас.

Иттің бәрі тазы болмас,

Еттің бәрі қазы болмас.

Пиғылы жаман наданның,

Кісіге айтар назы болмас.

Екі даукес ауыл болмас,

Ауыл болса қауым болмас.

Халқын сүймей ер болмас,

Қорғамас жерін ел болмас.

Қанаты құрыш ақ сұңқар,

Жардан құлап жер болмас.

Қайтпас қайсар ерлерге,

Дұшпанның торы түк болмас.

Тұлпар аттар жарысар,

Баптаулы тұрған күйімен.

Ақыл-айла табылар,

Ерлердің алғыр миымен.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар