Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Құныпия Алпысбаев. Кәкішұлының кемеңгерлігі...

07.08.2018 4083

Құныпия Алпысбаев. Кәкішұлының кемеңгерлігі

Құныпия Алпысбаев. Кәкішұлының кемеңгерлігі - adebiportal.kz

Уақыт шіркіннің жылдамын-ай! Бәрі де кеше ғана сияқты еді! Алыстап кеткен өткен күн, Абай дана айтқан «алдыңғы толқын ағалар» еске түссе кімнің болса да жүрегі сыздап, көңілі толқымай тұрмайтыны белгілі. Қазақстан жоғары білім ордаларының көшбасшысы – Қазақ ұлттық университетінің киелі табалдырығын студент болып аттаған алғашқы қадамнан бергі жылдардың қалай өтіп кеткенін байқамай да қалыппыз.

Өткен өміріңе ой жібергенде артта қалған жылдарың қас-қағым сәттей болып көрінетін сағым бейнесін сезініп, арман-мақсатыңның алмағайып жолында жөргем ілінген азды-көпті табысты сәттеріңе марқаяды екенсің, жас ғұмырдың жалаулатқан думанын іздеп, өмір мұңының өзегі талмас қиырларын кезеді екенсің... Арман жолының алғашқы сатысына жетектеп әкеліп жебеу болған, білім нәрімен тұңғыш сусындатып, ғылым қиясының сансыз сүрлеуіне жол сілтеген ұстаздардың, ұстаз ұлағатын қаздай тізіле қатар отырып меңгерген, арман-тілегі мен үміт-мақсаттары бір арнада тоғысқан қыз, жігіттердің аяулы бейнелерін есіңе түсіріп, өткен өмір, кешкен ғұмырдың бергені мен алғанын ой елегінен өткізе бастайтының тағы бар...

Біз, өтен ғасырдағы 60-70 жылдардың түбіт иек шәкірттері, ұстаздарымызбен мақтанушы едік, олардың аты-жөндерін ауыз толтыра айтып масаттанушы едік. Өйткені, бізге дәріс берген ұстаздардың қай-қайсысы да ұлт мақтанышы деуге тұрарлық, есімдері ең ел жадында әлдеқашан жатталып үлгерген тұлғалар болатын. Тек ұлы Мұхаңның – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың лекцияларын ғұламаның өз үнімен тыңдай алмадық демесек, бізге жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиеттануы мен тіл білімі ғылымдарының атынан ат үркетін небір марқасқалары дәріс берді. Біздің бақытымызға орай, қазақ әдебиеттану ғылымы мен оның әдеби сынын қалыптастыру сатысын алаш қайраткерлерінен кейінгі жаңа белеске көтерген Б.Кенжебаевтың, М.Қаратаевтың, Т.Нұртазиннің, Б.Шалабаевтың, қазақ тіл білімінің майталмандары М.Балақаевтың, Ы.Мамановтың көздері тірі кез еді. Өздері айтатындай, соғыстан кейінгі «өртеңге шыққан» өрендер тобы Т.Кәкішев, З.Қабдолов, К.Ақановтардың орны бір бөлек болса, С.Садырбаев, М.Жолдасбеков, Р.Нұрғалиев, О.Төлегенов, Х.Кәрімов, М.Томановтар да алдыңғы жақсылардың жалғасындай тәрбие-тағылым көрсеткен ұстаздар болатын. Осынау бір-бірінен бөле-жара қарауға болмайтын ардақты да аяулы есімдер шоғырының ішінде, қадірлі Тұрсекеңнің – профессор Тұрсынбек Кәкішұлының ағалық, адамдық тұлғасы көңілге ерекше жылылық ұялатып, айналасына сәуле шашып тұратын ұстаздық ұлағаты күні бүгінге дейін жақсы ұстазға шәкірт болу олжасының ізгі иірімдеріне жетелейді.

Әлі есімде, 1969 жылғы шілде айының бас кезі болатын. Өзіме тете інім Мырзахметтің ұзақ науқастанып, ақыры алып тынбас ажал тырнағына ілінуінен есеңгіреген отбасымыздың, әсіресе, қарт ата-анамның жағдайы жоғарғы оқу орнына түсуге деген талпынысымды кейінге шегерген болатын... Дей тұрғанмен, қалай десек те өмір заңы бір бөтен – тірі адам тіршілігін істейді. Ауыр қайғыдан енді-енді ғана есін жиып, еңсесін көтере бастаған әкем жарықтықтың ақылына тоқтап, ақ батасын алып, ару қалам Алматыма, жоғарғы білім іздеп келген бетім осы.

Келе сала анау-мынау деп ойланып-толғанып жатпай-ақ, бірден, сол кездегі арудай әсем астанамыздағы жалғыз университет – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филололгия фаультетіне құжаттарымды тапсырып тастап, болашақ емтихандарға жатпай-тұрмай дайындала бастадым. Орайы келген бір күні университеттің қабылдау комиссиясы орналасқан маңға келіп, талапкерлерге арналған әр- түрлі хабарнамалар ілінетін тақтаға көз салсам, емтихан алынатын пәндер бойынша өтілетін үш апталық сабақ кестесі де қатар ілінген екен. Үміт пен күдіктен жан-жүрегі лүпілдеп жүрген талапкердің іздегеніне сұраған кездескен сәтті қалт жібермей, кестенің етек жағында көрсетілген мекенжай – қазіргі Төле би мен А.Байтұрсынов атындағы көшелер қиылысындағы ғимаратқа келдім. Керекті дәрісхананы тауып алып, ашық тұрған есікті ашып ішке кірсем... тым-тырыс, ешкім жоқ. Бұл тым-тырыстықтың құпиясы – дәріс басталуға дейін әлі біраз уақыттың бар болғандығынан шығар, неде болса кідіре тұрайын деген оймен қайтадан бас-аяғы атшаптырым келетін дәлізге шығып, соңғы 4-5 ай бойы қолымнан түспейтін басты кітабым – конспектіге шұқшидым.

Сәлден соң мен тұрған үшінші қабатқа аққұба ашаң жүзді, келісті келбетіне ашық түсті жаздық киімі ерекше жарасқан жігіт ағасы ширақ басып, көтеріліп келе жатты. Толып жатқан талапкерлердің бірі екенімді айтпай таныған болуы керек, бірден еш кідіріссіз тура маған қарай жүрді. Мен де қарсы жүріп, ауылдағы әдетімізше аузымды толтыра «ассалаумағалайкум», – деп салем бердім. Қол берісіп амандастық. Оқуға түсуге келгенімді, аты-жөнімді сұрап білген соң қолындағы папкасынан әдеттегі оқушы дәптерін шығарып, талапкерлердің тізімі жазылатын графикті қолма-қол сызды да, реттік сан бойынша бірінші етіп менің аты-жөнімді жазып алды. Талапкерлер жиналып, бүгінгі дәрісті жүргізетін оқытушы да келді. Бейтаныс ағай аудиторияға кіріп, менің аты-жөнімнен басталатын тізімін толықтырды. Осы отырған бәрімізге етене таныс 60-шы жылдардағы ауыл клубынан да аумақтырақ көрінетін аудиторияда көздері жәутеңдеп отырған талапкерлер үшін – «созсам қолым жетерме»-нің биігінде бұлдырап тұрған, бәріміздің өміріміздегі нөмірі бірінші «биік лауазым» – студент атанудың жай-жапсарын асықпай түсіндіріп, сабақ берушіні таныстырды да кетіп қалды. Әрине, ол кезде біз бейтаныс ағайдың аты-жөнін батылымыз жетіп сұрай алмадық, о кісі де өзін таныстыруды «келер кезекке» қалдырса керек, «батылы жетіп» аты-жөнін айта қоймады. Әйтеуір университеттің қабылдау комиссиясына тікелей қатысы бар жауапты адамдарының бірі болар деп топшыладық. Кейін ғой, ашаң жүзді ағайдың қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен алынатын емтихан комиссиясының төрағасы екенін, дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің ұлағатын сан қырынан сыйпаттаған «Қызыл сұңқар» атты эссе кітаптың авторы, көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішев екенін білгеніміз. Өз басым ағайдың аталған кітабын ерекше ықыласпен, қызыға оқығаным рас. Олай деуге басты себеп – мектебімізде С.Сейфуллин шығармашылығына арналған сабақтар төңкерісшіл рух тұрғысынан да, әдеби жаңашылдық тұрғысынан да, патриоттық тағылым тұрғысынан да өте жоғарғы деңгейде дәріптеліп, ерекше ілтипатпен өткізілетін. Өйткені, өзім оқыған Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінің есімі елімізге етене таныс әйгілі ұстазы Әлия Дүйсенова апайымыз Сәкен шығармашылығына арналған сабақтарды ерекше бір толғаныспен, тіптен, керек жерінде оның әндерін де шырқата салып жіберіп, шабыттана сөйлеп, қызықтыра түсіндіретін, еріксіз ынта қойып тыңдауға мәжбүр ететін. Сондықтан да болар, Сәкен туралы жазылған кез келген шығарманы дүкенде кездессе, қолма-қол сатып алып, алда-жалда қолда кездессе, қоймай жүріп сұрап алып оқуға тырысатынмын. Міне, сол Сәкеннің «сырын білетін», оның ақындық алымы мен қажырлы қайраткерлігі, салтанатты сәнімен сабақтасқан адамдық болмысы, аңызға айналған тұлғасы туралы кітап жазған, біреулер үшін өзі де қол жетпейтін тұлға болып елестейтін адамның, сәті түсіп алдыңнан шығуы қандай әсерге бөлейтінін айтып жеткізу қиын. Сондай көрнекті тұлға, көрікті ұстаздың алдынан дәріс тыңдап, оның шәкірті болу бақыты маңдайымызға жазылғанына қалайша қуанбайсың.

Оқуға түссек, білім қуған азамат болсақ деген арман-тілек орындалып, студент атандық. Жоғары және орта білім берудің сол кездердегі тәртібіне сәйкес, бір айдан астам ауыл шаруашылығы жұмыстарын атқарып, Алматы облысының Панфилов ауданына қарасты ұжымшарлардың жүгерісін жинасып қайтқанымыз бар. Аталған науқаннан Алматыға қазан айының ортасында оралдық, алып-ұшып аңсап күткен сабағымыз да басталды. Біз оқитын Масанчи мен Киров (қазіргі Бөгенбай) көшелерінің қиылысындағы ғимараттың үшінші қабатында деканат, қазақ әдебиеті кафедрасы да осында орналасқан. Ол кезде үзіліске қырық бес минут сайын шығатын. Біздің жазғы аса жауапты емтихан қарсаңындағы қосымша сабақтарды тыңғылықты тыңдап, ағайлардан ақыл-кеңес алуымызды жіті бақылап, ұйымдастыра білген, тіптен, әлдеқашанғы әз-қамқоршымыздай етене болып кеткен, өзінің өрімі бөлек ілтипатымен, мәуелі мейірім шуағымен жан-сезімімізді қас қағым сәттен-ақ баурап алған сүйікті ағайымыз Тұрсынбек Кәкішевпен сондай үзілістерде кездесуге асығатын ек. Сәті түсіп кездесе қалған жағдайда профессор Кәкішев ешкімді алаламай бәріміздің хал-жайымызды сұрап, тыңғылықты білім алып, жақсы оқуға талпындыратын, қоғамдық өмірге белсене араласуға бағыттайтын, жылы-жылы сөздер айтып, бауырына тартатын. Шын жүректен шымырлап шығып, ағалық мейірімге ұласатын ақыл-кеңестері, ізгі тілектері бізді ерекше қанаттандырып, талпынысқа жетелейтін.

Содан бері де міне, аттай қырық сегіз жыл артта қалыпты, 69-жылдың ақауыз балапандарының алды жетпіске таяп, арты пайғамбар жасынан асқан, ақылгөй ақсақалдар алқасынан үміткерлер санатында тұрса керек. Өмір толқынының қиыр жолында, тағдыр тезінің сан қырында іздері сайрап жатқан 69-дың сол абитуриенттері, алдарында абыз ақылшылары, арттарында асқар таудай таяныштары бар екенін, өмірден өзған сәттеріне дейін де сеңді бұзар сөз айта алар биігінен таймаған Тұрсынбек ағаларының болғанын медет көріп, мейманалары тасып мақтан етті.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ардақты ұстазымыз сексеннің сеңгірінен асқан сәтіне дейін «селкілдеп» үйде отырмай өмір – күрестің қайнаған ортасында жүрді. Оны біз, шәкірттері – адами асқақ рухты жоғалтпаудың, өнегелі болмыстың жасқа қарай жаси қоймайтындығының, жаны таза адамның тәні де тегеруінді болатындығының, ойы таза адамның мойын омыртқасын тік ұстай алатындығының бір белгісі деп қабылдаймыз.

Қысқа күннің құбылма мінезінен ада, турашылдықтың тұтқасын мықтап ұстаған, ұлттың ұлағатына қызмет жасаудың жарқын бейнесіндей ғұмыр кешкен Тұрсынбек аға, қай қырынан алып қарасаңыз да өнеге үлгісіндей әсер береді. Жүрген ортасы мен шәкірттеріне адалдығын, кез келген пікірталастан туындайтын қиын түйіндерді шешудегі әділдігін көрдік те, естідік те.

Тұрсынбек Кәкішұлының ғалымдық жолына көз салар болсаңыз, қазақ әдебиеттануындағы, әсіресе талас-тартысқа толы, қыртыс-қабаттары көп кезең әдебиетін зерттеп-зерделеу барысында, оның жаужүрек жанкештілік танытып, кешегі «түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік» жүйедегі бұралаңы мол, қиюы қиын соқпақтарды басып өткенін байқайсыз. Ғалымдық қайсарлық пен қажырлы еңбектің нәтижесінде шаң басқан архивтерді арымай-талмай аударыстыра жүріп өткен кезең шындығын ашуға күш жұмсады, тың тақырыптарды игерді. Қазақ әдебиеттануында ұзақ жылдар бойы қозғалмай жатқан тақырыптардың бірі – қазақ әдеби сынының тууы мен қалыптасуы еді десек, оны да алғаш көтеріп ғылыми айналымға енгізген Тұрсынбек Кәкішев екені бәрімізге аян. Қазақ әдеби сынының тарихына арналған «Дәуір суреттері» (1967), «Сын сапары» (1971), «Оңаша отау» (1982), «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» (1994), т.б. еңбектері соның айғағы. Сондй-ақ «Қазақ әдебиетінің тарихы» (3-т., 1–2-кіт., 1967), «Қазақ кеңес әдебиеті тарихы» (1970, орыс тілінде), «Көп ұлтты кеңес әдебиетінің тарихы» (1970, Мәскеу) сияқты ұжымдық еңбектерді жазуға белсене араласуы да ғалымның азаматтық қажыр-қайратының, үздіксіз қалам тартқан қарымының белгісі болса керек.

Бір ғана С.Сейфуллиннің шығармашылығы мен өмір жолын баяндауға арналған «Сәкен Сейфуллин» (1967; орыс тілінде, ЖЗЛ сериясы бойынша, Мәскеу, 1972), «Қызыл сұңқар» (1968), «Сәкен Сейфуллин. Өнегелі өмір» (1976), «Сәкен және Гүлбаһрам» (1994), «Сәкеннің соты» (1994), «Сәкен Сейфуллин» (1997), «Мағжан және Сәкен» (2000) сияқты шоғырлы кітаптар жазуы ғалымның Сәкендей ұлы тұлғаға, Сәкендей ұлды тәрбиелеген Ұлы Далаға деген адами-азаматтық адалдығын көрсетеді. Бұлардан басқа, қазақ әдебиетінің өткен кезеңдері мен бүгінгі биігі жайлы толғаныс-пікірлері топтастырылған «Санадағы жаралар» (1992), «Кер заманның кереғар ойлары» (1995), т.б. жинақтары – жиырмасыншы ғасырдағы төл әдебиетіміздің толайым шежіресі деуге тұрарлық дүниелер. Ал «Ұштасқан үш өзен» мен (1978), «Жол үстінде 80 күн» (1983), «Садақ» (1986), «Ескірмейді естелік» (1994), «Сәкен сүйген сұлулар» (1997), «Жасампаз өлке» (1989), «Сәбең әлемі» (2000), «Сайыс» (2001), «Мерей» (2002), «Сәкен аялаған арулар» (2003) сияқты ғылыми-көпшілік, сапарнамалық кітаптары танымдық қасиетімен ерекшеленетін ғалымдығы жазушылықпен ұштасқан өзіндік өрнек танытады.

Ардақты ағаның ондаған жылдар бойы жүздеген балауса санаға білім дәнін сеуіп, олардың адами жадына ұлт алдындағы парыз бен қарыз қасиетін дарыта білген ұстаздық ұлы жолы – арнайы зерттеп-зерделеуге татырлық бір әлем, абыз ағаның өз сөзімен айшықтасақ, өзінше бір құбылыс есебіндегі «оңаша отау». Алғашында, қатаң талап қойғыштығы қаталдық сияқты болып көрінгенімен, уақыт өте келе оның бәрі де ел ертеңі – болашақ ұрпақты қалай да білім бұлағынан молынан сусындатсам деген толайым тілектен туған өзіндік әдіс-тәсіл екеніне көзің жетеді. Шәкірттерге тек қатал талап қою ғана емес, сонымен бірге оларға ылғи да қамқор болып жүретін қасиеті ше?! Қадірлі ұстазымыз алдына келген талабалардың талай легіне ел мен жерге қызмет ету бағытын сілтеуден бір де бір рет жаңылған емес, жалаң ақыл айтуға жаны қас ғұлама, керек жерінде кімге болса да көмек қолын созудан танып көрмепті. Туған тіл үшін тұяғынан от өрілген тұлпарлар дүбірін, туған діл үшін қанаттарын жалын шарпыған сұңқарлар жүрегінің дүрсілін бізден гөрі «жақыннан» тұрып естіген ғұламаның айтқан Сөзі мен жасаған Ісінің арасында алшақтық жоқ. Бұл – филология ғылымдарының докторы, профессор, қазақ еліндегі жоғары білім саласының ардагер-абыздарының бірі Тұрсынбек Кәкішұлының көптің көкейіне қонақтаған тағы бір феномені, үздік қасиеті. Бұл – кез келгеніміз қысылмай, қымтырылмай дәріс алуға тұрарлық Кәкішев мектебі!

Ол, қай тұста, қандай мінберде сөйлесе де адалдыққа араша болуға тырысады, жас ұрпақ болашағына алаңдайды, ұлт тағдыры үшін күйіне тіл қатады. Қашан болса да әдебиет жайлы, сол әдебиеттің көркем нақышпен көмкерілген нұсқаларын жасаушы қаламгерлер жайлы, өрелі өнер мен өміршең ғылым, иманды білім мен ибалы тәрбие жайында ой-толғаныстарын ашық білдіріп жатқаны. Таза шындық пен әділдік жолында жалтақтауды білмейтін, жағынуды жаны сүймейтін Тұрсынбек Кәкішұлындай абзал ағаның әрқашан да туған ел, өскен орта алдындағы мерейі үстем болғаны бүгінде айдан анық. Жаны жайсаң, жаратылысы жомарт, қайсар мінезді, дарқан көңілді, асыл текті аяулы Ұстаз ғибратты өмірі мен ғылыми мұрасы арқылы келер ұрпақ санасына да тағылымды өнеге қалыптастыруға қызмет ете беретіні, әрбір жаңа буынмен сырласа беретіні ақиқат.

2017 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар