Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Мәлік Отарбаев: Тәржіма бойынша елімізде институци...

18.01.2018 7065

Мәлік Отарбаев: Тәржіма бойынша елімізде институционалды жүйе жоқ

Мәлік Отарбаев: Тәржіма бойынша елімізде институционалды жүйе жоқ - adebiportal.kz

Жақында Халықаралық Жамбыл қорының төралқа шешімімен жазушы, драматург, аудармашы, дипломат Мәлік Отарбаев Халықаралық «Жамбыл» сыйлығының лауреаты атанды. М.Отарбаев шығармаларын түрік, қазақ тілдерінде жазып қана қоймай, қазақ ақын-жазушыларын түркі әлеміне танытып, рухани байланысқа үлес қосып жүр.

Қазақстандағы аударма саласы, түрік ағайындардың қазақ әдебиетінен қаншалықты хабары бар және Түркиядағы әдеби ахуал жайлы азды-кем сұхбат құрып едік...

Мәлік мырза, жақында «Жамбыл» атындағы сыйлықтың лауреаты атанғаныңызды білеміз. Құтты болсын! Бұл сыйлық қандай қаламгерлерге беріледі?

Рахмет. Әдетте бұл сыйлық түркі әлемінің мақтанышына айналған жыр алыбы Жамбыл мұраларын насихаттаған азаматтарға беріледі емес пе?! Халықаралық Жамбыл қорының төрағасы, ақын Манарбек Ізбасар «Сонау Түркияда жүріп, қазақтың айтулы ақындары, айтыс өнерінің алтын діңгегі Сүйінбай мен жыр алыбы Жамбылдың өлмес мұраларын түрік тіліне аударып, рухани қазынасын жан-жақты таныту жұмыстарына атсалысқаның үшін «халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты» атандың. Елге арнайы шақырып, салтанатты түрде тапсырамыз» деп хабарласып, құттықтаған болатын. Әрине көрсетілген құрметтің «Жамбыл» дейтін аты қасиетті. Мұндай марапаттар мерейіңді өсіреді, қанат бітіреді.

Өздеріңіз білетіндей, 2015 жылы Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойы Анкара қаласында атап өтілген еді. Мерейтой қарсаңында «Сүйінбай Аронұлы» деп аталатын өлеңдер мен мақалалар жинағын құрыстырып, түрік тіліне тәржімаладым. Жамбыл Жабаевтың 170 жасқа толуына орай былтыр Анкара қаласында Жамбыл есімімен көше ашылды. Осы қуанышқа қосқан үлес ретінде Түркиядағы «Кардеш калемлер» журналына бір топ өлеңдері мен шығармашылығы жөнінде жазылған ғылыми-танымдық материалдарды түрік тілінде дайындап бердім. Сондықтан бұл аударма саласындағы азды-көпті жұмыстарыма берілген жоғары баға деп ойлаймын. Азды-көпті еңбегімнің еленіп жатқаны үшін ризашылығымды білдіремін.

Қазіргі таңда жалпы әдебиеттің жағдайын қалай бағамдайсыз?

Мәдениет пен өнердің бастауы әрі негізі сөз өнері, яғни әдебиет. Әдебиеті жоқ елдің мәдениетті болуы екіталай. Өйткені ол қоғамның қозғаушы күші, сананың жаңғыруына тікелей ықпал ететін, рухтың өсуіне серпін беретін басты қайнар көзі. Адамзат тарихында қауымдарға жол көрсету үшін Құдайдан түскен парақтар мен қасиетті кітаптардың рөлі қандай болса, қазіргі таңда әдебиеттің рөлі де сондай. Түріктің кемеңгер көшбасшысы Ататүрік «Жолдау» атты еңбегінде былай деген: «Әдебиет – адам мен қоғамды, қоғамның қазіргі жағдайы мен болашағын қорғайтын және әрбір саланың негізінде тәлім беретін басты құрал».

Бүгін Алберт Эйнштейннің «Өмір сүрудің екі жолы бар. Біріншіден, бұл дүниеде таңғалдыратын керемет күш жоқ деп ғұмыр кешу. Екіншіден, таңғажайып тылсым күш бар екеніне, мұғжиза бар екеніне сеніп тіршілік жасау» деген сөзін оқыдым. Осы пайымнан-ақ адамзаттың екі көзқарасы бар екендігін түсінесіз. Ал әдебиет кімге керек? Өмірден таңғажайып тылсым күш іздейтін жанға керек. Ақиқаттың айдынында жүріп, шындық пен ақиқатты, көрегенділік пен көргенсіздікті, адалдық пен әділетсіздікті ажырататындарға керек. Өкінішке орай, олардың қатары көп емес. Дегенмен әдебиет өзінің интеллектуалдық деңгейінен өспесе, түскен жоқ.

Жазушы Несіпбек Дәутайұлының айтқаны бар. «Жазушы – көп, ал суреткер – аз» деп. Әдебиет – суреткерлік өнері. Көркем және шынайы жазылған шығармаларды әлі күнге дейін сүйсініп, қайталап оқимыз. Өйткені оқырман қай кезде де таңғажайып тылсым дүниенің тірі суретін өзінің санасында көріп, жан-дүниесімен сезінгісі келеді. Ал мұндай шығармалар қазір жоқ емес, бар. Олар да бұдан бұрын жазылған шығармалар секілді уақыт елегінен өтіп, келешек ұрпаққа мұра болып қалады.

Жалпы, әдебиеттің жағдайы немен өлшенеді? Әрине қаламгерлердің жан-дүниесімен, ой-санасымен, тіпті кешіп отырған ғұмырымен өлшенеді. Кей елдерде жазушылар сол қоғамның аристократтары, олигархтары секілді өмір сүреді. Кей жерде қайыршының күнін көреді. Осы себептен ақпараттың тасқынында қалған әлем әдебиетінің даму процесі барлық жерде, барлық елде бірдей жалғасқанымен, қазіргі кезде ғаламдық ой-санаға ықпалын жүргізіп отырған дамыған елдердің әдебиеті екені рас. Өйткені дамыған державалар өз таланттарын жоғары бағалайды. Сыйлыққа таластырып, күлкілі жағдайға түсірмейді. Керісінше, лайықты бағасын беріп, барынша қолдау көрсетеді.

Сіздің аударма саласына үлкен үлес қосып жүргеніңізді білеміз. Аударатын шығармаларды қандай критерийлер бойынша таңдайсыз?

Аударма жасауымның басты мақсаты – еліміздің рухани байлығын таныту. Біздің де әдебиетіміздің шетел әдебиетінен кем емес екендігін, тіпті үлгі болатын дәрежеде екендігін көрсету.

Осы тұста, біздің ақын-жазушыларымыздың шығармалары қазақтың атын шығарып, рухын асқақтатпаса, ұлтты еш уақытта ұят жағдайға қалдырмағанын айтқым келеді. Осындай көрнекті таланттары бар елдің баласы болғанымызға неге қысылуымыз керек?! Қайта шамамыз келсе, бүкіл әлемге көрсетіп мақтануға тиіс емеспіз бе?!

Өткен жылдары қазақтың көрнекті бір ақынының кітабы түрік және қырғыз тілінде жарық көрді. Түрік тіліндегі аудармасына мен қатыстым, ал қырғыз тіліне Қырғыз Республикасының Халық ақыны тәржімалады. Сонда әлгі әріптесім өлеңдер жинағын аяқтаған соң, «Біздің қырғызда мұндай ақын жоқ. Сенсең де, сенбесең де, рас айтамын. Осы ақын арқылы қазақтың қандай халық екеніне көзім жетті» деген еді.

Сұрағыңызға келер болсақ, аударатын шығармалар көңілімнен шықпаса қатты қиналамын. Өйткені шынайы жазылған дүние су шайқалмас жорғадай төгіліп аударылады, ал қолдан жасалған дүниені қайта жазып шығуға тура келеді.

Қазақстандағы аударма саласының жай-күйі қалай? Қандай кемшін тұстары бар?

- Бір неміс философы: «Аудармашы – жазушыдан кіші, жазушыдан ірі» деген екен. Өкінішке орай біздің қоғамда аудармашыға тек «кіші» ретінде қарайды. Әсіресе сыйлық берген кезде. Үлкен сыйлық алған аудармашыны әзірге естіген емеспін.

Тәржіма бойынша елімізде институционалды жүйе жоқ. Бұл сала энтузиасттар мен альтруисттердің арқасында ғана жұмыс істеп отыр. Осы бағытта жұмыс істейтін бірен-саран мекемелер бар. Бірақ олардың көбісі орыс тілімен шектеледі. Сосын әдеби аудармаға қаншалықты көңіл бөліп отырғандығы беймәлім.

Әлемнің ең озық 30 дамыған мемлекеттерінде керісінше нарыққа бейімделген. Алпауыт елдер осы жүйе арқылы ақпараттық саясатын жүргізіп отыр. Кеше ғана жарыққа шыққан шығарма өте-мөте қысқа мерзімде ана тілдерінде басылып жатады. Бізге де аударма саласына кешенді түрде қарап, дұрыс жолға қою қажет. Өйткені оның тікелей баспа, кітап шығару, кітап сату сияқты жүйелермен байланысы бар.

Мәлік мырза, түрік әдебиеті дегенде алыстағы қазақ оқырманы нені білгені жөн? Қай қазақ ақын-жазушысы туыстас түрік халқына таныла түскені дұрыс деп ойлайсыз?

Қазіргі Түркия – бір ғасырға жуық уақытта мемлекеттілігін қалыптастырған, ғасырлар бойы әлемдік саяси жағдайға ықпал еткен Селжуктар мен алып Осман мемлекетінен өзіне мұра қалдырған ел. Сондықтан тарихы бай халықтың әдебиеті де осал болмайды. Түрік әдебиетінің қалыптасуы кезең-кезеңге бөлінеді. Батыс әдебиетінің ықпалымен қалыптасқан түрік әдебиеті Танзимат (1839 ж.) дәуірінен басталады. Сол уақытта қалыптасқан әдебиетті «Танзимат әдебиеті» деп атайды. Роман, драматургия, сын, эссе сынды жанрларда алғашқы шығармалар осы кезде жазылады. Содан кейін француз әдебиетінің формасын қолдана отырып, «Білім байлығы» қозғалысынан туындаған «Жаңа түрік әдебиеті» қалыптасты. Кейін ұлтшыл қозғалыстардың нәтижесінде «Ұлттық әдебиет», содан соң Түрік Республикасы құрылған күннен бастап, «Қазіргі түрік әдебиеті» пайда болды. Түркияның Тұңғыш президенті Ататүрік әдебиетке көп көңіл бөлді. Қаламгерлерге қолдау көрсетті. Кейінгі кездерде де түрлі саяси-идеологиялық топтардың қалыптастырған шығармашылық ортада топ жарған Яшар Кемал, Әзиз Несин, Нихал Атсыз, Хекимоғлы Исмаил сынды жазушылар шықты. Ал қазіргі түрік әдебиетінің өкілі жазушы Орхан Памук Нобель сыйлығының лауреаты атанды.

Екінші сұрағыңызға келсек, Түркияда Орталық Азиядан шыққан ең танымал жазушы Шыңғыс Айтматов. Оның «Шынарым менің, шырайлым менің» повесті бойынша 1978 жылы түсірілген фильмнен кейін түрік оқырмандарының шығармаларына деген қызығушылығы күрт артады. Қазір де кітап дүкендерінен Ш.Айтматовтың жинақтарын жиі көруге болады. Менің айтпағым, қызықты шығарма қай тілде болсын, оқылады. Қазақ қаламгерлерінің соңғы үш жылдың ішінде түрік тіліне аударылып шыққан отыздан астам еңбектері де үлкен қызығушылықпен қабылданды.

Түркі әлеміндегі танымал жазушылар кімдер? Жалпы, әдебиетке деген қызығушылық жайлы не ойлайсыз?

- Шынтуайтында, түркі әлемі – рухани қазынасы мол дүние. Туыстас елдер бойынша танымал жазушыларды атағанымызда, барлығы өткен Кеңес дәуірінде аты шыққан көрнекті тұлғалар екендігін көреміз. Ширек ғасырда әдебиет әлемінде, әсіресе түркі дүниесі бойынша қандай өзгерістер болды, қандай шығармалар жазылды, ол жағы беймәлім. Өйткені байланыс үзілді. Оқта-текте өтетін халықаралық жиындар әдеби әлеуеті мықты түркі әлемінің тұтас рухани ынтымақтастығына қызмет еткенімен, өкінішке орай ауқымды тұғырнаманы қалыптастыра алмады. Жеке-дара тұлғалар арасында ғана шығармашылық байланыстар орнатылып, шамасы келгендер кітаптарын аудартып отыр. Сексен миллион халқы бар Түркияның өзін алсақ, әдебиетке деген қызығушылық жоғары. Алайда тұтас жүйелі түрде ретке келтіретін институт жоқ. Осыған орай Түркі кеңесі аясында түркі әдебиетіне қызмет ететін халықаралық ұйым ретінде Түркі әлемі жазушылар конфедерациясы құрылса, заман талабына лайық болар еді. Әдебиет саласы мәдениет пен өнердің бір бөлшегі болып табылғанымен, жеке-дара қарастырылғаны абзал. Сондықтан түркі әлемі бойынша алғаш болып «Рухани жаңғыруды» бастаған еліміз аталған ұйымның негізін қалауға бастамашы болса, түркі ынтымақтастығының дамуына зор үлес қосар еді деген ойдамыз.

Байқауымызша, ең алғаш түркі халықтарының арасынан Нобель сыйлығын иеленген Орхан Памукты түрік халқы жылы қабылдамаған сыңайлы. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Түркияның жүргізіп отырған ішкі саясаты кезең-кезеңімен әртүрлі идеологияға ауысып отырады. Бұл жағдайды Түркияның саяси тарихынан да көруге болады. Мәселен, белгілі түрік ақыны Назым Хикмет. Кезінде қудаланып, халық жауы атанды. Қазір Н.Хикметтің есімімен аталатын жүздеген ұйымдар мен құрылымдар бар. Жыл сайын жер-жерде еске алу шаралары өтеді. Жазушы Орхан Памукқа келер болсақ, оның армян геноцидіне қатысты айтқан пікірі белгілі саяси-идеологиялық топтар тарапынан наразылық тудырды. Соған қарамастан Түркияның 11-ші Президенті Абдулла Гүл Чанкая президенттік кешенінде қабылдап, Нобель сыйлығымен арнайы құттықтаған болатын. Шетелде тұратын Орхан Памукты әлем жұртшылығы жазушы ретінде мойындап, шығармалары бірнеше тілге аударылды. 2016 жылы жарық көрген «Қызыл шашты әйел» атты романы түрік оқырмандары тарапынан жылы қабылданды.

Соңғы жылдары елімізде Орхан Памуктың бірнеше шығармалары қазақ тіліне аударылғаны белгілі. Сол шығармалардың аудармалары сәтсіз шыққаны жайлы айтылып қалады. Сол туралы не айтасыз?

Түрік жазушысы Орхан Памуктың шығармаларының қазақ тіліне жарық көргенін естідім. Екі бауырлас ел арасындағы әдеби байланыстың нығаюына үлес қосатын мұндай еңбектерді жоғары бағалаймын. Бірақ қазақ тіліндегі түпнұсқадан аударылды ма, әлде өзімізге оңай орыс тілінен тәржімаланды ма, ол жағын дөп басып айта алмаймын. Сонымен қатар, қазақ тіліндегі аудармалары қолыма тимегендіктен, қалай шыққандығын білмеймін.

Мәлік мырза, сізді әдебиет саласында белгілі өкіл ретінде танимыз. Жазушылыққа деген қызығушылығыңыз қалай басталды?

– Бала кезімде Г.Х.Андерсеннің ертегілерін, ел «Шер-аға» деп құрметтейтін Шерхан Мұртаза атамыздың әңгімелерін, орыс әдебиетінің біршама өкілдерін оқыдым. Кейін түрік тілін меңгеріп, түрік әдебиетімен танысуға мүмкіндік туды. Ол кезде Явуз Бахадыроғлының түрік батырлары жөнінде жазған қысқа тарихи әңгімелеріне қатты қызығатынмын. Содан кейін кезек-кезегімен М.Әуезов, Б.Соқпақбаев, С.Мұратбеков, Ш.Айтматов сынды жазушылардың еңбектерін оқи бастадым. Бірақ сөз өнеріне деген қызығушылығымды оятқан қазақтың көрнекті жазушысы, халықаралық «Алаш» және «Махмұт Қашқари» атындағы әдеби сыйлықтарының лауреаты Нұрғали Ораз. Алматыда жүргенде жиі-жиі кездесіп, әдебиет туралы пікір алмасатынбыз. Менің «Ойқазан» деп аталатын тырнақалды кітабыма Нұрғали аға алғысөз жазып, батасын берді.

Түрік жастарының кітап оқуға деген қызығушылығын қалай бағамдар едіңіз? Олардың қазақ әдебиетіне деген қызығушылығы қай деңгейде?

– Қазіргі ақпараттық технологияның қарқынды дамуының нәтижесінде жастар алдында оқитын дүние көбейді. Үлкендер кейінгі толқынды кітап оқымайды деп кінәласақ, олар қай кітаптан бастау керек деп сұрайды. Шынтуайтына келгенде, қазіргі технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жастарды кітап оқуға ынталандыратын шараларды көптеп ұйымдастыру қажет. Анкарада жиі-жиі ұйымдастырылатын әдеби жиындарға қатысып отырамын. Менің байқауымша, түрік қыз-жігіттерінің әдебиетке деген құштарлығы, кітап оқуға деген талабы күшті. Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі мен Жастар және спорт министрлігінің тікелей қолдауымен шығармашылық одақтар жас қаламгерлер лабораториясы, тіл үйрену курстары, поэзия кештерін белсенді түрде ұйымдастырады. Жастар мен жазушылар бір-бірімен жиі кездесіп тұрады. Тәжірибе алмасу семинарлары өтеді. Бұл тек қана шығармашылық одақтардың және қауымдастықтардың ұйымдастыруымен жүзеге асатын шаруалар. Сол сияқты Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен жарық көрген қазақ кітаптарына түрік жастарының қызығушылығы өте жоғары. Өйткені замандастарымыз туысқан елдердің әдебиеті мен мәдениетін тануға құштар.

Қазақ оқырмандарына түрік ақын-жазушыларының қандай шығармаларын оқуды ұсынар едіңіз?

– Өкінішке орай қазақ тілінде сөйлеген түрік қаламгерлері өте аз. Түрік классигі Омар Сейфеттиннің біршама әңгімелері аударылды, бірақ кітап болып шықты ма, ол жағы маған белгісіз. Өткен ғасырда Назым Хикмет, Әзиз Несин, Решат Нұри Гүнтекин, Яшар Кемал сынды түрік қаламгерлері орыс тілінен аударылды. Түрік жазушысы Халдун Танердің 100 жылдық мерейтойына орай қазақ тілінде «Қызғаншақ кісінің қу әйелі» атты әңгімелер жинағы мен пьесасы кітап болып шықты. «Әлем әдебиеті» журналы түрік әдебиетіне арнап, бірқатар жазушыларды таныстырды. Былтыр Юнус Әмренің 100 өлеңін түпнұсқасынан аударып, аяқтадық. Қазір жинақты шығару бойынша жұмыс істеп отырмыз. Жалпы, аударма жанрын елімізде шығару оңай емес екендігін айта кету керек.

Менің танысып, ұнатқан түрік жазушылары баршылық. Омар Сейфеттин, Рефик Халит Карай, Решат Нұри Гүнтекин, Сабахаттин Али, Хекимоғлу Исмаил, Саит Фаик Абасыянык және тағы басқаларды оқуға кеңес беремін.

- Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Сізге шығармашылық табыс тілеймін.

Сұхбаттасқан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар