Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
Марфуға Айтхожина: «Адамның біреуден жоғары, біреу...

25.08.2017 6443

Марфуға Айтхожина: «Адамның біреуден жоғары, біреуден төмен тұруы заңдылық»

Марфуға Айтхожина: «Адамның біреуден жоғары, біреуден төмен тұруы заңдылық» - adebiportal.kz
марфуга айткажа.jpg

– «Бiр уыс топырақ» атты шығармаңыз сыншылар жəне оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алып, ақындық арыныңызды, шалқар шабытыңызды байқатқан едi. Бұл туындыны жазуға не түрткi болды?

– Бiрiншiден, əкемнiң қайтыс болуы себеп болды. Екiншiден, туған жерге деген сағыныш, аңсау түрткi болып, жүректен жыр боп төгiлдi. Өйткенi бiздi анамыз бесiкке құндақтап бөлеп, сағынышпен тербеген ғой. «Шiркiн-ай, көзiмiздiң тiрiсiнде елге, жерге оралар ма екенбiз?» деген арман ата-анамыздың жүректерiн қақ жарып отыратын. Менiң ақын болуыма осы нəрсе себеп болды ма деп ойлаймын. Анам өмiрден ерте озды. Оны алып кеткен де осы – сағыныш. Қытайда қанша бақуатты өмiр сүрiп, бақытқа кенелiп жүрсе де ата-анам туған жерлерiн аңсады. Анам 1956 жылы қайтыс болды. Бiз елге 1958 жылы оралдық. Қоңыр күз болатын. Бiздi Жаркенттен туған-туыстар қарсы алды. Əкем екеумiз жеңiл көлiкте келе жаттық. Таңға жақын Қоңыр тауының бөктерiне келдiк. Кең дала. Таусылмайтын таулардың сiлемi. Сайран деген көл. Арындап жатқан өзендер. Iле өзенi де сол жақтан бастау алады ғой. Мен сол тауларға, өзендерге қарап, көңiлiм құлазып келе жатты. Ешкiөлмес тауының баурайына жеткен кезде əкем көлiктi тоқтатты. Қазiр ойласам, ақын Сара ауылының тұсы екен. Əкем қыр мұрынды, маңдайы кең, шекесi торсықтай аппақ кiсi болатын. Басынан қара мақпалмен тысталған сусары бөркiн шешiп, жол жиегiнен бiр уыс топырақ алды. Мен кiрпiк қақпай, əкемнiң қимылына қарап отырдым. Əкем əлгi бiр уыс топырақты құшырланып тұрып иiскедi. Сонан кейiн көкiрегiне басты. Мен оны көңiлiм толқып, көзiме жас алмай айта алмаймын. Сосын барып жолдың жағасына етбетiмен жатты. Мен «Аға, аға тұрыңыз» деп орнынан тұрғыздым. Əкем қанша орыстың, қытайдың түрмесiнде жатып, қандай қиындықтар көрсе де, əсiресе қытайдың түрмесiнде қолына шеге қағып, басына шеңбер салып, от қалақпен ұрып, көзiн сыртқа шығарған кездiң өзiнде де көзiне жас алмаған екен. Сөйткен қайсар қазақтың айдаладағы бiр уыс топырақты көкiрегiне қысып, жылап жатқанына қайран қалдым. Арада бiрнеше жыл өткеннен кейiн əкем қайтыс болды да осы оқиғаларды үлкен тебiренiспен жыр ғып өрдiм.

– Жаңа бiр сөзiңiзде «Қытайда тұрған кезде бақуатты ғұмыр кештiк» деп қалдыңыз. Əкеңiздiң орыс, қытай түрмелерiнде жатқанын да тiлге тиек еттiңiз. Соған қарағанда тегiңiз осал болмады ғой...

– Айтқожа атам би болған. Ауыздыға сөз бермей, топ жарған шешен екен. Қажылыққа да барған. «Айтқожаның шешендiк сөздерi» деп ел-жұрт айтып жүретiн. Мұның бəрiн мен елге қоныс аударғанда ғана естiдiм. Шешемнiң шын аты Бифатима екен. Ел-жұрт оны қадiрлегенi соншалық, ешкiм атын тура атамай, «Бəтжан, Бəтжан жеңеше» дейтiн. Анам өте ақылды, көрiктi кiсi болған. Егер мен шешеме тартсам сұлу болар едiм. Бiрақ əкеме тартып кетiппiн. Менiң Жанбота қызым анама келедi. Оны көрген туыстарым: «Бəтжан тəтемнiң аузынан түскендей ғой» деп таңданатын. Əкем Құлжада, Үрiмшiде жүргенде де ат үстiнен түспеген кiсi болған. Кейiн жала жабылып, айдалып кеттi. Сонда əкемнiң жоғын бiлдiрмей, анамның өзi би болып, елдi басқарыпты. Менiң Сақыпжамал дейтiн екiншi шешем болатын. Оны жас кезiнде шешем өзiне қолқанат етiп, əрi тəрбиелеп, баулып, кейiн əкеме тоқалдыққа алып берiптi. Сол кiсiлер менi ортаға алып, таң атқанша əн айтатын. Сонда халықтың жəне өзi шығарған зарлы əндердi шырқаушы едi. Ол əндердiң бəрi айдауда жүрген əкеме арналатын. Соның бəрi менiң құлағыма əбден сiңiп қалды. Менiң алдымда екi ағам қайтыс болып кетiптi. Шешемде ерекше қасиет болыпты. Мен дүниеге келер кезде шешем түс көрiптi. Түсiнде бала – бүркiт анамның қолынан ұшып кетiптi. Сөйтiп аспан қақ жарылып, ұзын күмiс бауы бар сағат түсiп келе жатыпты. Анам қойнын аша берiптi. Анам: «Өмiрге қыз бала келедi. Ғұмыры ұзақ болады. Ол жай бала болмайды» деп жорыпты. Менiң халықтың адамы болуыма осы нəрсе себепкер болған сияқты. Сондықтан мен елдiң бiр кəдесiне жарасам деп ғұмыр кешiп келемiн.

– Қазiр тұрып жатқан үйiңiздi «Дiнмұхаммед Қонаев ағамыз берген» деп естимiз. Бұл оқиға қалай болып едi?

– Мен 1969 – 1971 жылдары Мəскеудегi əдебиет институтында оқыдым. Бiтiретiн жылы Партияның XXIV съезi болды. Соның алдында мен Димекеңнiң қабылдауына өтiнiш берiп қойған болатынмын. Содан менi Қазақ елшiлiгiнiң қызметкерлерi iздеп, таба алмаған соң телефондарын қалдырыпты. Хабарлассам: «Сiздi Димекең қабылдайын деп күтiп отыр» дедi. Содан алып ұшып жеттiм . Менi Димекеңнiң Дүйсетай Бекежанов деген көмекшiсi қарсы алып, қабылдау бөлмесiне ертiп барды. Димекең өте жылы қабылдады.

Өмiрбаяным туралы сұраған соң, үлкен атамның би болғанын, қажылыққа барғанын, ақындықтың сол кiсiден дарығанын жасырмай, бəрiн жайып салдым. Ол кiсi мұқият тыңдап: «Е, қарағым, тектi əулеттен шыққан бала екенсiң ғой» дедi де жұмысымның бар-жоғын, кiтаптарымның шыққан-шықпағанын сұрады. Қанша қаламақы алатыныма дейiн сұрап алды. Мен жұмыстың табылатынын, кiтаптарымның шығып жатқанын айттым. Тек пəтерiмнiң жоқтығы жанға бататынын бiлдiрдiм. Содан ол: «Е, шырағым, жағдайың жақсы екен ғой» дедi де Мəскеуде оқып жүрген тағы да басқа қазақ жастарын қабылдайтынын айтты. Мен қоштасып шығып кеттiм. «Сау бол, қарағым. Мiнезiң өте бұйығы, ұяң екен. Амандықпен жолығайық» деп қала бердi. Екi-үш күннен кейiн съезд бiтiп, соның қонақасына шақырды. Ол жерде бiзге сый-сияпат жасалады екен. Өкiнiшке қарай, дəл сол күнi əкемнiң қайтыс болғаны жөнiнде жеделхат алдым да елге ұшып кеттiм. Кейiн белгiлi болғандай, сол қонақасында қаржылай жəрдем берiлген екен. Бiрақ оны маған ешкiм табыс еткен жоқ. Бiрер жыл өткен соң, Димекең тағы да қабылдап, осы үйдi бердi.

– Сiздi кезiнде аттың құлағында ойнаған деп естимiз...

– Əулетте емес, бiр ауылда тұңғыш дүниеге келген сəби болыппын да бəрi қатты еркелетiп, ұл балаша киiндiрiп қояды екен. Жиырмаға толғанша ұл баланың киiмiн киiп өстiм. Басымда тұмақ, атқа мiнiп, көкпар шауып, қыз қууға қатысып, жамбы iлiппiн. Сосын жайлауда болсын, қыстауда болсын ойын-тойлар, айттар болып жататын. Бұл бiз үшiн үлкен мереке, жұрт барын киiп, бақанын қолына алып, қыз-келiншектер малынып, үлкен аналарымыз бастарына қарқарадай қылып күндiктерiн орап, сəн-салтанатпен баратын. Əрине, мұндай мерекелерден мен де қалмаймын. Атқа мiнгiзiп, кiлем қоржынның бiр жағына мандал, бiр жағына домбыра салып беретiн.

Сонда керегенi түртiп тастап, айтыс өтiп жатқан думанды топқа апарып қосып жiберетiн. Қазақтың қасиеттi өнерлерi – айтыс, қыз ұзату, айт, наурыз, жарапазан айту, той-томалақтардың бəрiн көрiп, санамызға сiңiрiп өстiк қой.

– Иога гимнастика – екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiн өнер. Сiз оны да еркiн меңгерген көрiнесiз.

– Иога – Шығыс елдерiнде өте қатты дамыған өнер. 1980 жылы басымнан қатты соққы алдым. Сонан берi басым қатты ауыратын болды. Сол кезде Совет ауданының депутаты едiм. Бiр күнi менiң қабылдауыма ұзын-бойлы, қараторы жiгiт келдi. Өзiн Қажымұрат Масимовпын деп таныстырды. Қазiргi Кəрiм Масимовтың əкесi. Бiлуiмше, екi жерде жұмыс iстейдi екен. Оның бұйымтайын шешiп бердiм. Ол ризашылығын бiлдiрiп отырып: «Сiздiң өң-түсiңiз қашып отыр ғой. Басыңыз ауырып отырған жоқ па?» дедi. Мен мəн-жайды айтып түсiндiрдiм. Ол: «Егер рұқсат етсеңiз емдеп берейiн. Сiз иогамен айналысыңыз. Ертең мына мекен жайға келiңiз. Онда академиктерден бастап, қарапайым адамдарға дейiн бар» дедi. Мен бар-жоғы екi-ақ рет бардым. Бiрақ иога əдiс-тəсiлдерiнiң бəрiн үйренiп алдым. Мiне, ширек ғасырдан берi үзбей осы өнердi жаныма серiк етiп келемiн. «Лотос» əдiсi қазақша малдас құрып отыруға ұқсайды. Бiрақ одан күрделiрек. Осы əдiспен бүкiл ойды бiр нүктеге жинақтап, белгiлi бiр уақытқа дейiн тапжылмай отырасыз. Бұл – адамға күш, қуат бередi. Шаршағаныңызды басады. Санаңызды тазартып, ауруыңыздан айықтырады. Əрине, оның басқа да толып жатқан тəсiлдерi бар. Қызымда да мен түсiне бермейтiн бiраз қасиеттер баршылық. Мəселен, аспаннан энергия алу, сəуле қабылдау деген сияқты. Негiзi, адам сезiмге бағынбау керек. Адам қайта сезiмдi бағындырып, өзiн-өзi басқара алуы қажет. Осының бəрi иога гимнастикасымен тығыз байланысты. Мен кейде апталап жазу үстелiнде отырамын. Таза ауа жұтпаған адам шаршайды ғой. Ал иога-гимнастиканы жасағанда бəрi де ұмыт болады. Сондай-ақ, иога адамның ақыл-ой еңбегiне игi əсерiн тигiзедi. Адамға жасаған жақсылығың көп болса, арың таза болса, болашаққа деген сенiм де зор болады.

– Туған-туыстарыңыз, əрiптестерiңiз сiздi «Мəраға» дейдi екен. Негiзi, қазақ қыз-келiншектердi бұлай атамаушы едi...

– Сырткөз менi «тəкаппар» дейдi. Тəкаппар болу керек. Бiрақ ол орынды, жарасымды, сол адамға лайық тəкəппарлық болуы қажет. Бойыңда, ойыңда түк жоқ болып, пасықтық тəкаппарлық жасайтындарды жек көремiн. Жора-жолдастарыңа, əрiптестерiңе қарапайым болып, кiшiпейiлдiлiк танытсаң – жақсы қасиет. Кей адамдар: «Бұның сана деңгейi төмен болғандықтан кiшiрейiп тұрады» деп ойлайды. Керiсiнше, бұл – санасыздар мен надандардың пiкiрi. Қазақ «Ұлық болсаң, кiшiк бол!» демеушi ме едi?! Мен жора-жолдастарыммен өзiмдi тең ұстаймын. Егер ол биiк болып тұрса, оны мойындаймын. Ал жетпей жатса, оны да түсiнемiн. Бiрақ оны қорламаймын. Қайта оның сана-сезiмiн оятып, көкiрегiне сəуле құйып, тарту керек. Адамның бiреуден жоғары, бiреуден төмен тұруы – заңдылық. Ал əзiлдесетiн жерде əзiлдесемiн. Айбат шегетiндерден қорықпаймын. Олар кiм? Пенде. «Жетелеген тайлақ көшке iлеспейдi». Ондай адамдар көп. Менiң осындай қасиеттерiм – ерге лайық мiнез. Құрбы-құрдастарым: «Аға» десе, ағаға лайық, «қарындас» десе, қарындасқа лайық мiнезiң бар. «Қыз» десе, қыздай сызылып тұрсың. «Жiгiт» десе, жiгiттiгiң бар, өрлiгiң бар. Ештеңеден қорықпайсың» дейтiн. Сондықтан менi танитын адамдардың бəрi «Мəраға» деп кеттi. Қазақтың тұңғыш ғарышкерi Тоқтар Əубəкiров екеумiздiң арманымыз бар. Ол – жылқы зауытынан екi мықты бəйге аттарын таңдап алып, жарыссақ деген. Əрi сол көрiнiстi суретке түсiрiп алып, жеке мұрағатымда сақтасам деймiн. Амандық болса, осы мақсатыма жетемiн.

– Сiздiң тiгiс тiгiп, кесте тоқитыныңызды да бiлемiз. Шебер iсмер көрiнесiз.

– Қазақ – қыздарын iсмерлiкке баулыған халық қой. Жоғарыда айтып өткенiмдей, отбасындағы жалғыз бала болғаннан кейiн ата-анам менi қазан ошаққа жолатқан жоқ. Бiрақ сабақтан қолым босаған уақытта iс тiгiудi, кесте тоқуды үйрететiн. Кiшкентай кезiмнен бастап шешемнiң жанында отырып, көйлек тiгу, ки-мешектiң зерiн кестелеу, текемет басу, ою-өрнек жасау, тағы басқа iсмерлiктi игердiм. Өзiм тоқыған тұскиiздi Орталық мұражайға өткiзiп жiбердiм. Құрбыларым «Көйлектерiңiздi қайда тiктiресiз?» деп сұрайды. Көйлектерiмдi өзiм тiгемiн. Қазiр де осы iсмерлiкпен айналысып тұрамын.

– Əңгімеңізге рақмет.

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,

«Ағынан жарылсақ»


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар