Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Мекеш ТӘЛІП. Қазақы уақыт өлшемдері...

13.09.2018 20043

Мекеш ТӘЛІП. Қазақы уақыт өлшемдері

Мекеш ТӘЛІП. Қазақы уақыт өлшемдері - adebiportal.kz

Тәулік бойғы уақытты білдіретін өлшемдер.


Ата-бабаларымыз тәуліктік уақыт өлшемдерін таң, күндіз, кеш, түн деп төрт бөлікке бөлген. Күндізді түске дейін, түстен кейін, кеш деп үшке айырып атаған.

ТАҢ:

1. Таң көбесі (шеті) сөгілу - түн мен таңның аралығы. Жұлдыздар сиреп, аспан ағара бастау.

2. Таң сәрі (құлқын сәрі)- сәресін ішетін уақытқа сәйкеседі.

3. Елең-алаң – аспан ағарып, қараңғылықтан арыла бастау. Азан уақыты.

4. Таң қылаң беру - жер ағарып, таңғы арай біліне бастау.

5. Таңғы арай (арайлап таң ату) - аспан мен жер толық ағарып көріну.

6. Таң құланиектену - көкжиек күңгірт сарғыш тарту. (құланның иегі сияқты керауыз өң беру).

7. Таң сарғаю (сарғайып таң ату) - көкжиек сарғылт сәулеге орану.

8. Таңғы шапақ (таң шапағы қызарып біліну) - күн сәулесі шашырау.


Бұлар шамамен бір жарым-екі сағаттық уақыт аралығына сыйысады.


КҮНДІЗ:

а). Түске дейін.

1. Күн шығу - күннің шеті көрініп, күн көтерілу.
2. Күн арқан бойы көтерілу - шамамен күн шыққан соң 30 минуттан бір сағат аралығы.
3. Сәске - түске дейінгі уақыттың алғашқы бөлігі.

4. Түс әлеті - түске дейінгі уақыттың соңғы бөлігі.

5. Тал түс (шалқар түс) - күн төбеге келген кез.


ә). Түстен кейін.

1. Бесін - түс ауған кез (күн төбеден ауу).

2.Күн еңкею - күн төмендеу.

3. Күн қайту (көлеңке ұзару) - күн көлбеу келу.

4. Екінді - көлеңке екі есе ұзару.
5. Кешқұрым - күн көкжиекке жақындау.

б). Кеш.

1. Күн ұясына бату - күн көрінбей кету.

2. Қызыл шапақ қайту - күн шапағы көкжиектен арыла бастау.
3. Ақшам - ақшам намазы уақыты.
4. Алакеуім шақ (бейуақыт) - кеш пен түннің аралығы.


ТҮН:

1. Қас қараю - қараңғылық түсе бастау.
2. Көз байлану - қараңғылық қоюланып, айнала қарайып, ымырт жабылу.
3. Ымырт - аспан қараңғыланып, жер көрінбеу.
4. Ел орынға отырған шақ - сырттағы шаруашылық жұмыстар аяқталып, жұрт тынығуға үйлеріне оралу.
5. Іңір - ымырттан жатар орынға дейінгі уақыт. Алғашқы бөлігі қызыл іңір (ерте іңір) деп аталып, соңғы бөлігі түнге ұласады.
6. Түн (жатар орын) - ел ұйқыға жататын уақыт.
7. Түн ортасы - түнгі сағат 1-2-нің аралығы.
8. Түн ортасы ауған шақ - таң ағаруға жақындаған кез.
9. Таңға жақын - түн мен таңның аралығы.

Бұл өлшемдер сағаттық уақытты нақты көрсетпейді. Алайда, мал шаруашылығымен айналысқан халқымыз уақыт өлшемдерін, күннің табиғи айналысын (жылжуын) бақылау арқылы уақыттың өзгеруін сезінуі бойынша берілген мерзімдік (мезеттік) өлшемдер болып табылады.
Бұл өлшемдер жыл мезгілдерінің ауысуына байланысты аралық уақыттары да өзгеріп отырады. Сондықтан, дәлме-дәл сағаттық көрсеткіш болып есептелмейді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар