Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Мен сені сағындым, әке! ...

29.05.2018 14183

Мен сені сағындым, әке!

Мен сені сағындым, әке!  - adebiportal.kz

Көкшетаулық жас ақын Абылайхан Әшімханның шынайы сезімнен бұлықсып шыққан шымыр жырларын Көкше ақындарының бүгінгі абыз қариясы Төлеген Қажыбайдың қысқа да болса нұсқа ақжарма пікірімен қоса жариялап отырмыз.

Редакциямызға Красный Яр орта мектебінің 11 сынып оқушысы Абылайхан Əшімханұлы келді. Поэзияға деген іңкəрлігі ерен екен. Бір топ өлеңін ұсынды.

Әкем өліп сен анашым зарладың,

Күнкөріспен ойлап бала жан қамын.

Найзағайша шатырлаған нәубеттен,

Еш мойымай өту болып арманың.

- деп ана басына түскен қасіреттен хабар берген ақын:

Сыртымдағы тыйып бір сәт күлкіні,

Он жылдықтың қағылғанша кірпігі.

Сен өткерген азаптардың барлығын,

Ант етемін, ұмыт қылам бір күні. –

деп түйіндейді. Сенесің. Сендіреді. Үні айқын, айтары жарқын. Абылайханның басқа да өлеңдерінен жас қаламның өз үні, өз айтарын аңдадық.

Өлеңнен өлеңге ауысқан сайын жас қаламның қанаты бекіп, ой толғауға құлаш ұрады. Бұл əрине, сəттілік!

Абылайханның өлеңдерінен Көкше өңірінде тағы бір жас талаттың бой байқатқанын аңдадық.

Өлең жолындағы сапарың сəтті болғай, ізден, үйрен, тың ойларға қалам қада!

Төлеген Қажыбай,

ақын, жазушы-драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

МЕН СЕНІ САҒЫНДЫМ, ƏКЕ...

ƏКЕ

ІІ

(САҒЫНЫШ)

Тентектерменен жаны егіз,

Жаманға, əке, ермейді балаң.

Өртесе енді не етеміз,

Өзекті – өксік, көмейді налам?

Көк орай күнді аңсадым,

Көктемін күтіп ағам іздеген.

Сағындым сені қанша күн,

Қайғы жеткелі маған жүздеген.

Барымды салдым толғадым,

Ініңе айтып іштегі сырды.

Пайда бермеді ол да дым,

Мінезі күл боп шілтері сынды.

Өрлікті мендік көрмей жүр,

Болған соң бəлкім жалынсыз бəрі.

Тірі жүрген соң өлмей құр,

Ойлай беруден жаным сыздады.

Жанымды қапа еткендер,

Байқамайтұғын əр қадамымды.

Жерініп менен кеткендер,

Түсінсін қайдан өр талабымды.

Құрысын бəрі доғардым,

Онсызда менде мұң қалыңдаған.

Басыңа бір күн соғармын,

Аман жүр əзір мұндағы балаң.

АНА

Әкем өліп сен анашым зарладың,

Күн-көріспен ойлап бала жан қамын.

Найзағайша шатырлаған нәубеттен,

Еш мойымай өту болып арманың.

Сайқал тағдыр күлкіңді ұрлап қойғаны-ай,

Жылаймын деп жүрген сәтте ойламай.

Мұң-жебелер жай отындай шаншылып,

Жүрегіңе қадалған ед найзадай.

Содан кейін бақыт болып тілегім,

Саған да оңай болмағанын білемін.

Азаптарды ойлай қалсам сен көрген,

Ауырады шымшып менің жүрегім.

Сұм жылдардың еске алсам кескінін,

Жүрегімнен күрсінген үн естідім.

Сыртым күліп мен жыладым ішімнен,

Шын жыладым болмаған соң ешкімім.

Сыртымдағы тыйып бір сәт күлкіні,

Он жылдықтың қағылғанша кірпігі.

Сен өткерген азаптардың барлығын,

Ант етемін, ұмыт қылам бір күні!!!

АҒАМА ХАТ

«Мен ағамды әлі тірі деп ойлаймын...»

Ағам жазған хат.

Тарылтатын, даладай көңілді кең,

Әлі ұғынбай келемін өмірді мен.

Бір сүрінген, құлаған жолдарымда,

Еңкіш тартып қалады көңіл дөнен!

Деседе аға, аманмын түк етпеді,

Анам менен інім жүр сүйеп мені.

Көңілімнің жұбатып бозінгенін,

Сөзін жазам өлең ғып жүректегі

Ағаңызды білемін сағынасыз,

Жете алмай жүрген соң жаныңа біз.

Хат жазыпсың: «тірі – деп – ағатайым»

Көңіліме оралтып тағы да күз.

Білем аға, жүз грамм ұрттадың,

Мұңаймашы, мұңыңды құрықтағын.

Ағаңыздың жоқтығын білдірмейтін,

Мен бармын ғой, оны да ұмытпағын.

Білем аға, мағанда оңай емес...

МЕН АҚЫН ЕМ

Алмас ТЕМІРБАЙҒА

Аға...

Мен ақын ем, көштен қалған, адасқан,

Сізге барып тәлім алмай о, бастан.

Адасыппын жолды таппай ең төте,

Өлеңім бар тағдырымдай шатасқан.

Өлеңім бар көшелердей бұралаң,

Дауыл соқса төтеп берем, тұра алам.

Мен қазаққа керекпін ғой, керекпін,

Керек болып екі ауыз жыр құрағам.

Екі ауыз жыр, тәйрі ол да жыр ма еді,

Сосын... Сосын көшім алға жүрмеді.

Тәлім алам енді сізге барып мен,

Жүрек маған: «Өлең ізде жүр», - деді.

Сізге бармай кім түзетер бұл мені?!

МӘҢГІЛІК ҰРАН

(Мəңгілік ел үшін шаһит болған,

шəйіт болған бабалар рухына.)

Найзағайдай жарқылдаған кенеттен,

Шүйіліп кеп жауын мұңға кенелткен.

Бөрі – қайрат атой салып жүректе,

Жауын қуып жақанамға жөнелткен.

Бабалар-ай, епті, мықты білекті,

Мына жалған ұраныңнан дір етті.

«Абылайлап» ұрандаған Мансұрда,

Жауға шапқан ол да болып жүректі.

Тамырында қасқыр қаны қайнаған,

Намысындай, найзаларын қайраған.

Елін қорғап Кенесары қамығып,

Сатқындардың семсерінен жайраған

Желтоқсанда қаһарланып жас бала,

Ұлтарақтай жерін бермей басқаға.

Қыршын кетіп, шәйіт болған ерлердің,

Қаныменен жаралған бұл – Астана.

Еркіндіктің таңы атты арайлы,

Тәңір бізге оң көзімен қарайды.

Ғасырлардың шыдап келген сынына,

Бабалар-ай, мойындатқан талайды.

Қара жерді қақ айырған ұраны,

Ұлан-ғайыр мына атырап тұрағы.

Алты кұрлық, төрт мұхитты теңселтіп,

Алты Алаштың үні жетіп тұрады.

Мəңгілік елімнің –

мəңгілік ұраны,

Мəңгілік санада –

жаңғырып тұрады.

КӨКТЕМ. МАХАББАТ.

Бір сезім кенет, кеудеме еніп кеткендей,

Жүрегім анау, гүлденіп жатқан көк белдей.

Шынымен мынау ынтық қып алған өзіне,

Сарыла күткен, сағына күткен көктем бе-ей?!

Ақпанның ескі көйлегін жыртып түсі аппақ,

Сал-сері көктем көк белді өбеді құшаққа ап.

Алтын сәулесі семсер боп күннің құлайды,

Қопаның қатқан ерітіп мұзын пышақтап.

Келгенде көктем, жауқазын гүлдер бүр атып,

Көктегі күннен, құстардан хабар сұратып,

Даланың жұлып бәйшешектерін берер ме ем,

Көңілім ауып, аунау бір қызды ұнатып.

Алмасып мезгіл, айлар мен күндер көп өткен,

Көктемді күттім, сезім іздедім бөлек мен.

Бұл көктем маған тұрады неге елестеп,

Махаббатымдай жолығып қалар кенеттен?!

Абылайхан Әшімхан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар