Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Менің атым – Махамбет!

11.07.2018 244

Менің атым – Махамбет!

Батыс Қазақстан облысының онкүндігі аясында Ішкі Бөкей ордасы, қазіргі БҚО, Жәнібек ауданы, Жасқұс ауылының тумасы, қазақтың әйгілі ақыны, Исатай Тайманов бастаған көтерілісті (1836-1837) ұйымдастырушылардың бірі, осы көтерілістің жалынды жыршысы Махамбет Өтемісұлының толғауларын ұсынамыз.

Жалған дүние

Қоғалы көлдер, құм, сулар
Кімдерге қоныс болмаған?
Саздауға біткен құба тал
Кімдерге сайғақ болмаған?
Басына жібек байлаған
Арулар кімнен қалмаған?
Таңдап мінген тұлпарлар
Иесін қайда жауға салмаған?
Құландар ішпес бұршақ қақ
Кімдерге шербет болмаған?
Садағына сары шіркей ұялап,
Жау іздеген ерлердің
Қайда басы қалмаған? -
Ішелік те желік,
Мінелік те түселік,
Ойналық та күлелік,-
Ойласаңдар, жігіттер,
Мынау жалған дүние
Кімдерден кейін қалмаған?!

Жалғыздық

Бұл дүниенің жүзінде
Айдан көркем нәрсе жоқ -
Түнде бар да күндіз жоқ.
Күннен көркем нәрсе жоқ -
Күндіз бар да түнде жоқ.
Мұсылманшылық кімде жоқ?
Тілде бар да дінде жоқ.
Көшпелі дәулет кімде жоқ?
Бірде бар да бірде жоқ.
Азамат ерлер кімде жоқ?
Еріскен күні қолда жоқ.
Заманым менің тар болды -
Тура әділдік биде жоқ.
Бәрін айт та бірін айт -
Қаумалаған қарындас
Қазақта бар да менде жоқ.

Менің атым – Махамбет

Менің атым - Махамбет,
Жасқұстағы Жәңгір хан
Ісінен болдым құса-дерт.
Атасы өткен Айшуақ -
Соның көзі көрді ғой:
Менің атам Өтеміс
Елдің қамын жеді ғой.
Біз бір енеден бір едік,
Бір енеден екі едік -
Екеуіміз жүргенде,
Бір-бірімізге ес едік.
Бір енеден үш едік -
Үшеуіміз жүргенде,
Толып жатқан күш едік.
Бір енеден бес едік -
Бесеуіміз жүргенде,
Алашқа болман деуші едік.
Өтемістен туған он едік -
Онымыз атқа мінгенде,
Жер қайысқан қол едік!
Біз ер едік, ер едік,
Ен Нарында жүргенде
Талма талтүс шағында
Тай жеген тарлан бөрі едік...
Біздің жайды сұрасаң,
Ерте көшіп, кеш қонған
Санаулы сәнді орданың бірі едік!

Өкініш

Толғай да толғай оқ атқан,
Он екі тұтам жай тартқан,
Қабырғасын қаусатқан,
Тебінгісін тесе атқан,
Тізгінінен кесе атқан,
Теспей қанын зулатқан,
Біздің қайсар батырдың
Жүрегін сөйтіп оятқан
Кешегі Орақ пенен Мамайдай
Батырлар, шіркін, болар ма-ай!
Олардай болып жүруге
Біздерге қуат толар ма-ай!
Қазақтан бір құнт кетті деп,
Біздерге нәубәт жетті деп,
Бұзылды көңілім жыларға-ай!
Азамат ердің баласы
Арғымақтың баласы
Аз оттар да көп жусар -
Талаудан татқан дәмі бар.
Азамат ердің баласы
Аз ұйықтар да көп жортар -
Дұшпанға кеткен кегі мен
Барымтаға түскен малы бар.

Ерлердің ісі бітер ме?

Беркініп садақ асынбай,
Біртіндеп жауды қашырмай,
Білтеліге доп салмай,
Қорамсаққа қол салмай,
Қозы жаурын оқ алмай,
Атқан оғы жоғалмай,
Балдағы алтын құрыш болат,
Балдағынан қанға боялмай,
Қасарысқан жауына
Қанды көбік жұтқызбай,
Халыққа тентек атанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?

Арғымақтың баласы

Арғымақтың баласы
Арығанын білдірмес,
Арқамнан қосым қалар деп.
Ағыны күшті ақ дария
Қаһарланып толқиды,
Қанатын күн шалмаған балығым
Ортамнан ойран салар деп.
Балағы түкті қоңыр қаз
Баттауыққа тоя оттамас,
Сұңқарлар үлгі алар деп.
Қас жақсының баласы
Арада тұрып сөйлемес,
Жауым таба қылар деп.
Қас патшаның баласы
Жапанда жалғыз тұрмайды,
Дұшпандар көзін салар деп.
Қарқыны күшті көк семсер
Шапқан сайын дем тартар,
Сусыным қанға қанар деп.
Қарақұс қонбас көк сеңгір
Басына құс қондырмас,
Қарауыл қарап тұрар деп,
Қараса көзі шалар деп.

Ат - жігіттің майданы

Ат - жігіттің майданы,

Қылыш - жанның дәрмені,
Өлім - хақтың пәрмені.
Атақты ермен бірге өлсе,
Жігіттің болмас арманы.
Өте шыққан қызыл гүл -
Бұл дүниенің жалғаны.
Аспандағы бозторғай -
Бозаңда болар ұясы.
Бозаңның түбін су алса,
Қайғыда болар анасы.
Қара лашын, ақ тұйғын
- Қайыңда болар ұясы.
Қайыңның басын жел соқса,
Қайғыда болар анасы.
Айланбастың Алатау -
Баурында болар саясы.
Тоқсан тарау су ақса,
Дария болар сағасы.
Сан шерулі қол болса,
Батырлар болар ағасы.
Аз сөйлер де көп тыңда
Хас асылдың баласы.
Пыр-пырлай ұшқан қасқалдақ
Көгінде жатып көркеймес,
Ортайса көлдің қоғасы.
Аруана мая күңіренер,
Бауырынан өлсе баласы.
Суға жүзген нән балық
Шағала құсқа жем болар,
Үзілсе көлдің сағасы.
Атадан қалған сауыттың
Шығыршығын тот басар,
Жыртыла тозса жағасы.

Ерулі атқа ер салмай

Ерулі атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай.
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Әр түйірі ат болмай,
Атыңды байлап келгенде,
Қатын-бала жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шөл көрмей,
Арып-ашып жол көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темірқазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?!

Тайманның ұлы Исатай

Арғымақтан туған қазан ат,
Шабуыл салса нанғысыз.
Қазан аттан туған қаз мойын,
Күніне көз көрінім жер шалғысыз.
Айырдан туған жампоз бар,
Нарға жүгін салғысыз.
Аруанадан туған мая бар,
Асылын айуан десең нанғысыз.
Жаманнан туған жақсы бар,
Атасын айтса нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар,
Күндердің күні болғанда,
Жарамды бір теріге алғысыз.
Тайманның ұлы Исатай
Ағайынның басы еді,
Алтын ердің қасы еді;
Исатайды өлтіріп,
Қырсық та шалған біздің ел!

Атадан туған аруақты ер

Атадан туған аруақты ер

Жауды көрсе, жапырар

Үдей соққан дауылдай.

Жамандарға қарасаң,

Малын көрер жанындай.

Жүйрік аттың белгісі

Тұрады құйрық-жалында-ай.

Айтып-айтпай немене,

Халық қозғалса,

Тұра алмайды хан тағында-ай!

Ұлы Арман

Айналайын Ақ Жайық,

Ат салмай өтер күн қайда?

Еңсесі биік боз орда
Еңкеймей кірер күн қайда?
Қара бұланның терісін
Етік қылар күн қайда?
Күдеріден бау тағып,
Сауыт киер күн қайда?
Күмбір-күмбір кісінетіп,
Күреңді мінер күн қайда?
Толғамалы ақ мылтық
Толғап ұстар күн қайда?
Алты құлаш ақ найза
Ұсынып шаншар күн қайда?
Садақ толы сай кез оқ
Масағынан өткізіп,
Басын қолға жеткізіп,
Созып тартар күн қайда?
Кертбұғадай билерден
Ақыл сұрар күн қайда?
Бізді тапқан ананың,
Асыраған атаның
Ризалықпен жайласып,
Қолын алар күн қайда?
Еділдің бойын ен жайлап,
Шалғынға бие біз байлап,
Орнықты қара сабадан,
Бозбаламен күліп-ойнап,
Қымыз ішер күн қайда?
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген
Арғымақ туған асылды
Барыстай жал-құйрығын таратып,
Бауырынан жаратып,
Тұяқтан ұшқан тозаңын
Арқадан жауған қардай боратып,
Басын көкке қаратып,
Құлағын істей қадалтып,
Баптап мінер күн қайда?
Желп-желп еткен ала ту
Жиырып алар күн қайда?
Орма мылтық тарс ұрып,
Жауға аттанар күн қайда?
Алаштағы жақсыдан
Батасын алып, дәм татып,
Түлкідейін түн қатып,
Бөрідейін жол жатып,
Жауырынына мұз қатып,
Жау тоқтатар күн қайда?

Арғымақтан туған қазанат

Арғымақтан туған қазанат -
Шабуыл салса нанғысыз.
Қазанаттан туған қаз мойын -
Күніне көз көрінім жер шалғысыз
Айырдан туған жампоз бар -
Нарға жүгін салғысыз.
Аруанадан туған мая бар -
Асылын айуан десе нанғысыз.
Жақсыдан туған жаман бар -
Күндердің күні болғанда
Жарамды бір теріге алғысыз,
Қасына адам барғысыз.
Жаманнан туған жақсы бар -
Атасын айтса нанғысыз!

Арғымақ, сені сақтадым

Арғымақ, сені сақтадым,
Құлағың сенің серек деп.
Азамат, сені сақтадым,
Бір күніме керек деп.
Жабыдан туған жаман ат
Шаба алмайды бөжектеп.
Қырдан қиқу төгілсе,
Еділге таман үңілсе,
Арғымақтың баласы
Шабушы еді безектеп.
Жақсыменен дос болсаң,
Айрылмас күні қос болсаң,
Басыңа қиын іс түссе,
Алдыңнан шығар өбектеп,
Жаныңа не керек деп.
Жаманменен дос болсаң,
Айрылмас күні қос болсаң,
Басыңа қиын іс түссе,
Басқа кетер бөлектеп,
Қолдан берер есептеп,
Сыртыңнан жүрер өсектеп.

Айғайласып жауға ти

Жапанға біткен бәйтерек -
Жапырағын байқасаң,
Жайқалмағы желден-ді,
Түбіндегі балаусасы белден-ді.
Хан-төренің кешігіп,
Кідірмегі елден-ді.
Кешіп өтпек сайдан-ды,
Шығынды болмақ байдан-ды.
Ақ киіктің орғытып,
Жүгірмегі майдан-ды,
Батыр болмақ ойдан-ды.
Айғайласып жауға ти
Тәңірім білер, жігіттер,
Ажалымыз қайдан-ды!

Арқаның қызыл изені

Арқаның қызыл изені -
Басы күрдек, түбі арал
Қыдырып шалар аруана.
Кәрісі кімнің жоқ болса,
Жасы болар дуана.
Бір сынаған жаманды
Екіншілей сынама.
Тіріде сыйласпаған ағайын,
Құм құйылсын көзіңе,
Өлгенде бекер жылама!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Теги: махамбет өтемісұлы, БҚО, аймақтар әдебиеті
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар