25 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мырзатай Жолдасбековтің күнделігінен үзінді - 15.05.2013

15.05.2018 94

Мырзатай Жолдасбековтің күнделігінен үзінді - 15.05.2013

15.05.2013

Туған жер, тауың да ыстық, тасың да ыстық,

Туған жер, кәрің де ыстың, жасың да ыстық.

Туған жер, туған жер,

Балапан, көбелек қуған жерім-ай – деп, Кенен атам айтпақшы, туған жерге ештеңе жетпейді. Оның тауы да, тасы да; ойы да, қыры да; топырағы да, құмы да; суы да, нуы да, адамы да, малы да ыстық. Қанша жасқа жетсең де туған жерде баладайсың. Сені ата-анаңдай аялайтын да – сол туған жер.

Менің туған жерім - Жамбыл облысы, Талас ауданындағы алақанның аясындай Ақтөбе дейтін ауыл. Мен үшін жердің кіндігі де, жұмағы да сол Ақтөбе. Дүниенің талай жерін, талай елін араладым, сонда да, Ақтөбедей сұлу, Ақтөбедей жайлы-жайсан, Ақтөбедей әдемі жерді көре алмадым. Рымғали Нұрғали марқұм: «Сендер бақыттысыңдар, сендердің туған жерлерің бар. Менің бүгінде туған облысым да, туған ауылым да жоқ. Бәрі де апат аймағына айналды» деп жылаушы еді. Қандай аянышты!

Менің туған жерім де, туған ауылым да бар. Заман өзгерсе де, қоғам өзгерсе де, адам өзгерсе де менің ауылым өзгерген жоқ. Сол баяғы күйінде тұр. Әлі күнге дейін жарымай-ақ қойса да, клуб, монша, мектеп, радиоторабы болмаса да, бүгінде азып-тозып тұрса да, ауылымды жақсы көремін. Өйткені, мен сонда тудым, сонда өстім. Ата-анам сонда жатыр. Ағайыным-туғаным әлі де сонда тұрады. Жұбы жазылған жоқ, арасы ыдыраған жоқ. Біз білетін баяғы колхоздар да ылғи аталастардан, ағайындардан тұратын. Бір-бірінің жеті атасына дейін жақсы білетін. Бір теректен жапырақ жайған бұтақ екенін қадірлейтін. Бүгінде қазақ ұясынан безген бұлдырықтай болып жан-жаққа бөлініп кетті. Соның кесірінен ата дәстүрінен, ағайындықтан қол үзе бастады. Кезінде тайпасымен, руымен, аталасымен, ағайынымен жұбы жазылмаған, бірге көшіп, бірге қоныстанған қазақ быт-шыт болып бытырады. Мұның түбі жақсылыққа апармауы мүмкін.

Ауылды аңсаймын. Ауылға барсам жалаң аяқ қыр кешкен, балапан қуған алаңсыз балалық шағым, ата-анам, көз көрген игі жақсылар есіме түседі. «Жақсысы кетіп, жаманы қалған әдіре қалғырлар» деп апам айтып отырушы еді, жарықтық. Бүгінде сол ауылда, апам айтқандай, жақсының бәрі кетіп, жаманы қалған сияқты. Ауылға барсаң бәрі де көз алдыңа келеді: жүзге жетсе де ажарын бермеген, бойы сырықтай Қызжан әжем; қызыл шырайлының ажарлысы, алып денелі, кісілігі бойына жарасқан әкем Жолдасбек; екі көзі танадай, кірпігі көзіне түскен, бойында еш міні жоқ, әнші, шебер анам Қалдыкүл; үкінің балапанындай абыз әкем Әймен; ежелгі грек ғұламаларынан аумаған Жекебай әкем; өмірі баласы Қырғызбайдың жолын тосумен өткен бір жапырақ Тұрсай әкем; кезінде мыңғыртып мал айдаған ағайынды Сапарқұл әкем, Андақұл жәкем; дихан Құрманбек, Әбдіраман әкелерім; бір-біріне ұқсамайтын саятшы, сері Әділбай, Өмірзақ, Бұрхан жәкелерім; қадірлі Жаңабай, Оспан жәкелерім; палуан Бәкір, Сүлеймен жәкелерім; мінсіз молда Әбдірәсіл жәкем; әрқайсысы бір-бір театр Жүсіпов Болсынбек, Кенжетаев Махмұт, Жаңабаев Шәірпхан, Шымыртай ағаларым; сүйекті балқытқан күйші Бұршақбаев Әйтпенбет, Әлжанов Шәмшілда, Қалыбеков Зиябек, Қошмағамбетов Боранқұл күйшілер; әрі ақын, әрі әнші Іңкәшай, Жібек секілді асыл жеңгелерім; Сапақ датқаның бел балалары Шардарбек пен Зиябек; шетінен шаңқобызшы, ауылдың әнші-өнерпаз қыздары – бәрі де аядай ауылды ынтымақ-бірлікке, жарасымдылыққа, кісілікке, өнерге бөлеген ғажап кісілер еді. Менің анам Қалдыкүл, жеңгем Іңкәшай шаңқобызды зар илетіп қалай тартушы еді!

Бүгінде сол ауылдағы ескіден қалғандары – Шәріпхан мен Шымыртай ағаларым.«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген, міне, осы. Жердің көркі де, ажары да – адам. Ауылға барсаң балалар алдыңнан жүгіріп шығып, сәлем береді. Әкесін айтса да оларды тани бермеймін. Әйтеуір бөтен емес екенін білемін.

Мен бұрын жайқалып, жарасып тұратын, бүгінде берекесі кетіп, азып-тозған Ақтөбе деген кішкентай ғана ауылда 1936 жылдың мамырының 27-інде Қоңыртөбенің етегінде туғанмын.

Әкем Жолдасбек 1947 жылы алпыс үш жасында, анам Қалдыкүл 1967 жылы 69 жасында, ағам Омартай 1995 жылы 73 жасында дүние салды. Атам Қожамқұл көп жасаған кісі. Үшаралдағы «Ақынға» жерленген. Әкпем Зылиханы да сол «Ақынға» жерлегенбіз. Әкем, анам, әжем Қызжан, ағам Омартай, қарындасым Мырзакүл, інім Кенжебек Ақтөбенің зиратында жатыр. Арғы аталарымыз Тектұрмаста жерленген деп естимін. Би атамыз Темірдің, өз атам Ақботаның қайда жерленгені белгісіз.

Ақтөбе – тақиядай қарауыл төбе. Шамада бұл баяғы Сақ патшаларының бірінің қорғаны. Оны кезінде төрт геолог қаза бастап, төртеуінің де өлгенін білеміз.Одан кейін ешкім қазған емес. Дөп-дөңгелек. Қарауыл төбе тәрізді. Төңірегі қалың ши, шеңгел болады. Сол маңайды қазса болды, адамның сүйегі шығады. Кешегі жоңғар шапқыншылығы, баяғы Түрік қағанаты кезінде талай қырғын болған жер. Ауылдың адамдары Ақтөбенің үстіне шығып мал қарайтын.

Ақтөбенің түбінен мөлдіреп Көктал өзені ағады. Көктемде тасиды. Жаз бойы мөлдіреп ағып жататын. Мөп-мөлдір судың түбінде моншақтай боп шекем тастар көрініп жататын. Бүгінде өзеннің ындыны кеуіп, арнасы жоғалып барады.

Ақтөбенің шығысында – үлкен Дегерес, кіші Дегерес, ар жағы Қарашеңгел, Тұздыкөл; оңтүстігінде Қапшағай, Мешіт, Ащы өзек, Талды әуіт, Қыскөпір, Жалаңбас қағы, Найза Қызыл, Бөріқазған, Тәңірқазған. Әрқайсысы тұнып тұрған тарих.

Қыскөпір – ілгергі заманда қолдан салынған ғажап құрылыс. Бұл жерде көне заманда қала болған. Бөріқазған, Тәңірқазған – адам баласы тіршілігінің ең алғаш пайда болған жері. Жалаңбас қағы Ошақты, Аталық Жалаңбас батырдың атымен аталады. Ілгеріде Сапақ датқа Тәшкенде жиында жүргенде дұшпандары мөрін ұрлап, датқаның атынан ұлдары Жолшыбек пен Тойшыбекке хат жазып: «Менен туғандарың рас болса Жалаңбасты өлтіріңдер» деп мөрін басып жіберген екен. Хатты алғаннан кейін Жолшыбек пен Тойшыбек Жалаңбасты сол Жалаңбас қағында өлтіреді. Мұны естіген Сапақ датқа: «Мұқалмайтын алмас қылышым-ай, асылым-ай, күш-қайратым-ай, асқар белім-ай, алынбас қамалым-ай!» деп еңіреп жылаған екен.

Осы оқиғадан кейін Ошақты-Тасжүрек пен Аталықтың арасына сына түсіп, көпке дейін ел іші бүлінген көрінеді.

Ақтөбенің солтүстігі – Мәлікбай, Кемер, ар жағы Ақсай, одан ары Аса, Талас, Үшаралға жалғасады. Асаның бойы ілгеріде ну қамыс болады екен. Кезінде Жолшыбек сол жерден жолбарыс алыпты.

Ақтөбенің батысында – Ащы өзек, Балжан сиген (бабам Бәденнің қыстауы), Тәукебай, Қанатты қызыл, Үш бұлақ, одан әрі Қаратаудың жотасы, Көсегенің көк жонына ұласады. Ілгеріде Талас, Сарысу аудандарының малшылары осы Көсегенің көк жонына жайлауға шығатын. Қаратаудың жоталары, құздары толған арқар болатын. Қойыны тола шие, алма, тобылғы еді. Шие піскенде иісі желмен біздің ауылға келетін. Қаратаудың қойнауы толған бұлақ болатын. Ондай тәтті бұлақтарды мен өзге еш жерден көрген емеспін.

Ақтөбенің теріскейі – Қоңыр төбе (үстіне шықсаң әлем көрінгендей болады; кеудесі толған кереней, жауқазын, көкемарал), Қарой, Көкпекті ой, одан әрі Сорбұлақ, Күміс төбе, аяғы Қаратаумен ұштасады.

«Әзіреті Қаратау – әулиенің кені еді» деп «Алпамыс» эпосында айтылатындай, Қаратау – әулиенің де, қазынаның да кені. «Сайрамда сансыз бап, Түркістанда түмен бап» демекші, баптардың бәрі осы әулие Қаратудың қойнауында. Менің ауылымнан таяқ тастам жерде Саудакенттен сәл жоғары Баба түкті Шашты Әзиз жатыр. Ол – Ысқақ баптың баласы, Әзіреті Әлінің баласы Мұхаммед Қанафияның шөбересі Абдрахманның алтыншы ұрпағы. Ысқақ баптан Аққорған, Бақсайыс, Ыбырахым, Ахмет Яссауи туады. Мұхтар Әуезов - Бақсайыстың он үшінші ұрпағы.

Қаратау – тарихтың да, шежіренің де байтақ қазынасы.

Тарихтан біз білетін Едіге батыр – Баба Түкті Шашты Әзиздің баласы. Зарлап, Алладан перзент тілеп жүргенде Байбөрі мен Аналыққа Алпамысты беретін де, Нәрік пен Құлқанысқа Шора батырды беретін де – Баба Түкті Шашты Әзиз. Алпамыс та, Едіге де жорыққа аттанарда Шашты Әзиздің басына түнейді екен.

Баба Түкті Шашты Әзизден сәл жүрсеңіз Созақ, Сызған (Хандар мен билердің ордасы, Қарабураның, Сүгірдің, Төлегеннің. Тәкеннің туған жері), оның ар жағы Келіншек тау, Мыңжылқы, Шолаққорған. Гәуһар ана мен Мәриям ананың бейіті осында. Қаратау қиялап Мойынқұммен аяқтасады. Мойынқұм-Қобыландының ата қонысы. Қобыландының құдығы да осында. Айналасы қозыкөш жер.

Ілгеріде Майкөт ақын Құлан аян Құлманбеттен сағы сынып, біздің ауылға Сапақ датқа атамызға сәлем бере келіп:

- О, Сапеке, Құлманбеттің өзі де биік, жері де биік, елі бай екен, дес бермеді. Айтысып көңілім қалмаған еді, Құлманбеттен сағым сынды – деп шағынған екен.

Сонда датқа:

- Мәйеке, бақыт – қолға қонған құс, байлық – қолға ұстаған мұз, құс ұшады, мұз ериді, дүниенің қызығы Сіз бен Біз – деп көңілін жұбатқан екен.

Менің туған жерім осындай. Ақтөбенің маңайынан әрісі адамзат тарихының, берісі Сақ Ата заманының, Түрік Қағанатының, жоңғар шапқыншылығының белгілері, ізі сайрап жатыр.

Ақтөбенің маңайы қалың қорым, түртіп қалсаң адамның сүйегі шығады. Қалың ши, қаптаған төмпешіктер. Қаратаудың етегін, Ақтөбенің маңайын заманында талай әулиелердің, талай даналардың, талай ақын-жыраулардың, талай шешендердің мекендегені күмәнсіз. Көлбеп жатқан Қаратауға тіл бітсе сайрар еді, шіркін: «Біз де сіздей болғанбыз, сіз де біздей боласыз» дейтін де шығар. Сол өңірде қаншама сыр, қаншама тарих бар десеңізші, шіркін.

Мен ауылдың түбіндегі Қоңыртөбенің үстінде қозы-лақтай ойнап өстім. Төбесіне шықсаң, төңірек түгел көрінетін, көңілің көтерілетін. Керенейі, жауқазыны қандай еді. Олар гүлдегенде Қоңыртөбені жайнатып жіберетін. Тамырын гүлдемей тұрып жейтінбіз. Керенейдің түбі – редиска секілді, жауқазынның түбі тәтті пияз секілді болатын. Гүлдеген соң жеуге келмейді, қатып қалады.

Қарату өңірінде бағы замандардан желісі үзілмеген бақсылық, әншілік, ақындық, күйшілік мектебі қалыптасқан. Негізі қазақ өнерінің кені осы Қаратауда.

Байырғы қазақ келешекке айтарын домбырасына, қобызына салып кеткен. Қазақтай ақын, қазақтай жырау, қазақтай дана, қазақтай шешен, қазақтай кемеңгер, қазақтай домбырашы, қазақтай қобызшы жоқ дүниеде. Қазақтың жаны жүрегінде, тілінде, домбырасының шегінде, қобызының үнінде. Қазақтың жаны домбырасының үнімен, қобызының зарымен бірігіп кеткен.

Ауылға, Қаратауға барған сайын қобыздың, домбыраның үні келеді құлағыма.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар