Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Мұхтар МАҒАУИН. ІЛИЯС АҒА ЕСЕНБЕРЛИН...

02.02.2018 8126

Мұхтар МАҒАУИН. ІЛИЯС АҒА ЕСЕНБЕРЛИН

Мұхтар МАҒАУИН. ІЛИЯС АҒА ЕСЕНБЕРЛИН - adebiportal.kz

Бүгін даңқты жазушы Мұхтар Мағауиннің туған күні. Қашан да соңынан аңыз еріп жүретін, жарыққа шыққан қай кітабы да, тасқа басылған қандай сөзі де елеусіз, оқылымсыз қалып көрмеген, жұрты «енді не жазар екен?» деп елеңдесіп жүретін жазушы 78 жасқа толып отыр.

Жазушының «Мен» ғұмырбаяндық кітабын – хамса атағанынан хабардармыз. Яғни, бес кітап. Ұзақ жылдар бойғы үзілістен кейін жұртшылықтың үшінші, төртінші, бесінші кітаптар қашан жазылар екен деп күткені анық. Тастай тәртіппен, мызғымас жоспармен жұмыс істейтін қаламгердің кейінгі жылдары жазылған бірқатар естеліктері сол хамсаның заңды жалғасы. «Жұлдыз» журналында жарық көріп, сайттар арқылы елге тараған «Әбіш екеуміз» атты естелік жазбасы мен «Ілияс аға Есенберлин» атты көлемді жазбасы өз өмірінің әр кезеңінен сыр шертетінін, «Мен»-нің жалғасы екенін, алдағы уақытта тағы да толығатынын жазушы 2017 жылы «Аңыз адам» журналына берген сұхбатында да айтады.

«Әдебиет порталы» «Жұлдыз» журналы ұжымының келісімімен журналдың 10-11 нөмірлеріне басылған Ілияс Есенберлин туралы естелік жазбаларды жариялауды бастайды.

Мұхтар МАҒАУИН

ІЛИЯС АҒА ЕСЕНБЕРЛИН

Естелік жазбалар

Мен – Ілекем – Ілияс аға Есенберлинді екі рет ренжіттім. Бірінші жолы – амалсыздан, менде кінә жоқ еді. Екіншісі – менің өр көкірек астамшылығым нәтижесінде, бәлкім, азды-көпті мүлтік, әйткенмен, бұл ретте де өзімді жығынды санамаймын. Қалайда, өткен өмір; өзара түсіністі, ынтымақты үлкен аға мен кіші інінің арасындағы, ақыры зілсіз, еркін араластың шынайы бір көріністері.

Шамасы 1970 жылдың көктемі, мен ХV–ХVІІІ ғасырлар шегіндегі қазақ поэзиясының антологиясы «Алдаспанды» дәйекті мәтін, қажетті түсініктер және толымды алғысөзімен баспаға әзір қылып, енді кеңінен жабдықталған көркем суреттерінің соңғы бір нұсқаларын ғана күтіп отырғам. Бұл кезде «Жазушы» баспасында істеймін, бас редактордың орынбасары. Ілекең – директор. Өзара қатынасымыз бейресми, табиғи һәм мейлінше риясыз. Мен қай уақытта болса да еркін барып, қандай да мәселені қолма-қол шешер едім. Ілекеңнің де, зәуінде, әлдебір төтенше шаруа шыға қалған жағдайда мені арнайы шақыртпай, өзі келетіні бар. Сондай бір күн екен. Ілекең оңаша кабинетіме келіп, екеуіміз де үлкен мән беріп отырған антологияның жағдайын сұрады. Суреттерін салып бітті, дедім. Альберт Гурьев тамаша график екен, бәрі де ойдағыдай. Соңғы бір ескертпелерден соң, шамалы түзетулер жасап жатыр. Келесі аптада алдыңызға тартам. Ілекең аз-маз бөгелді. Содан соң айтқан: «Өзің де білесің, мен жаңа тарихи романға кірістім. Әзіргі шартты атауы маған онша ұнамай тұр. Үйреншікті, таптаурын сөз. Енді саған өтінішім – мына антологияның «Алдаспан» деген атын маған берсең қайтеді? Жыраулардың толғауларында әдемі сөз көп қой, қайсын алсаң да жарасып кетер еді...» – дегені. Атап айтайын, ол кезде жаңадан ашылған Шалкиіз толғаулары арқылы ғана мағлұм «Алдаспан» атауы – шынында да наркескендей жарқылдап тұрған, әдеби қолданысқа толық енбеген, ғажайып сырлы сөз болатын. Мен ойланбастан, келте жауап қайырдым. «Ілеке, – дедім, – менің сізден аяр ештеңем жоқ. Алайда, «Алдаспан» – менің өзім жазған әлдебір шығарманың атауы емес. Яғни, маған тиесілі деп айта алмаймын. Өткен Ата-қазақ тарихындағы он екі ұлы ақын, жыраудың ортақ еншісі. Мен аруаққа сенетін адаммын. Аяқ астынан аударып алғанға қорқам...» – дедім. Ілекең абдырап қалды. «Ә... онда жөн...» – деді, аз-маз құмығып. Екеуіміз үшін де қолайсыз іркілісті ортақ шаруамызға қатысты әлдебір бейсауат сөзбен жөргемдеп барып, жайлап шығып кетті. Сөйтіп, ұлы жыраулар мұрасы әуелгі «Алдаспан» қалпында қалды, Ілекеңнің, ол да бірталай машақаттан соң жарыққа жеткен тарихи романы «Алмас қылыш» атанған. Қайткенде де, ақкөңіл ағамның бетін қайтарған ісім үшін өзімді мүлде бейкүнә санаған едім.

Екінші жағдаят мен үшін қолайсыздау шықты. Расында, екінші емес, бірінші. Ілкіде, 1969 жылы күзде болған екен. Әдепкі бір кездесу, Советтер шегіндегі әдеби ахуал, идеологиялық жағдай туралы үйреншікті әңгімеміз үстінде Әбіш (Кекілбаев) маған төтенше бір оқиға туралы айтып еді. Әбекең – Әбдіжәміл Нұрпейісов ақсақал алыс шет ел, – нақты есімде жоқ, әлде Германия, әлде Францияға барған екен. Бұл кезде жер-әлемді шулатып жатқан Пастернактың «Доктор Живаго» романын ала келіпті. «Қалай, қалай? – деп сұраймын. – Шекарадан қайтіп өткізген?» Әбекең Мәскеу жазушыларының бір тобымен барған екен, атаулы, қатаң тексеріс болмаған, оның үстіне, арнап тінтпесе табылмастай, – романның екі кітабы екі бөлек, шағын форматпен, тығыз басылған екен, костюмінің екі төс қалтасына салыпты, оп-оңай өте шыққан...» «Алып оқыдың ба?» – деймін. «Иә. Ешкімге көрсетпеймін, айтпаймын деп қалап сұрап, оншақты күннен соң апарып бердім.» «Онда мен де сұраймын, – дедім. – Және бұлтартпас үшін сені куәға тартам...» «Жарайды», – деді Әбіш күліп.

Көп ұзатпай, Әбекеңе телефон шалдым. Әңгімелесіп, кіріп-шықпақ азғана шаруам бар. Сірә, сенбі, әлде жексенбі болса керек, кәдімгі күндерде баспадағы үздіксіз, тынымсыз жұмыстан қолым босамайды. Әбекең хош көңілмен, жақсы қабылдады. Түске тармасқан мезгіл, кухняда шай ішіп отыр екен. Сол беті, маған да шай құйылды. Аз-мұз көр-жер әңгімеден соң кабинетіне шығып, «Қан мен тердің» кезекті кітабының жаңадан жазылып жатқан бір тарауын алып келіп, әжептәуір ұзақ үзіндісін оқыды. Содан соң, шет елдік әлдебір, – жаңылмасам, Лили Дени дейтін, – аудармашыға жазған хаты. Орысша. Мен майданда болған кісімін, бірақ осы соңғы айларда соғыстан өткен ерлік жасадым, ауыр сырқатыма қарамастан, қиын жұмысымды одан әрмен жалғастырып, романның тұтас бір бөлімін тәмам қылдым, депті. Мен аңғал көңілмен, ағамыздың тақауда ғана ауырып тұрғанын естімегенімді айттым. Әлі жазылғам жоқ, деді Әбекең. Және жазылмайтын дерт. Үйреншікті болса да, қиын дерт. Геморрой... Содан соң, бұл сырқаттың өзіндік ерекшелігі мен күнделікті ертеңгілік азабын баяндап кетті. Артық айтқан сөзіме пұшайман болып, әрең отырмын. Бұл кезде кухняға келгіштеп жүрген жеңгеміз қазан түсіріп, табағымен ет жасады. Үйтілген қойдың үстірт сүрленген сары ала, көңірсі еті. Жақында ғана ауылдан келген екен. Енді бар әңгіме қаламгерлік жөні, жазудың машақаты төңірегіне ойысты. Жақсы отырдық. Ет желініп, сорпа ішілгеннен соң тағы да жаймашуақ әңгіме. Мен ұзағырақ отырып қалғанымды байқадым. Әбекең салмақ көрмесе де, сөз аяғын тұжырымдамай болмады. Ақыры, бұйымтайымды айттым. «Доктор Живаго». Әбішті араға салмадым. Сенімді бір кісіден естідім, дедім. Құпия ұстаймын деп те айтпадым. Онсыз да белгілі жағдай. Әбекең тартынбады, бұлданбады. Тағы да кабинетіне шығып, бұл жолы әжептәуір бөгелістен соң, ыржия күліп, әкеп берді. Көлемі тым шағын, алақандай ғана, әрқайсының қалыңдығы шынтақ елідей, айқын, бедерлі қаріптермен ақшаңқан қағазға басылған, сарғыш, жұмсақ тысты, әдемі, екі кітапша. «Үш күннен соң әкеп берем», –- дедім қуанып кетіп. «Тым асықпа, – деді Әбекең. – Мұндай ерекше шығарманы артықша баппен оқу керек...».

Ғажайып дүние екен. Кең ауқымды, сырлы, байсал баян. Әуелгі мажыра заман, одан соңғы алас-күлес, қиғылық күндердің нақты суреті. Соншама байбалам салатындай кісәпір зұлымдығы жоқ. Бас кейіпкері жаңа құрылымды мойындамапты. Ашық күрес емес, іштей наразылық. Әлбетте, атап айтылмаған. Ақыры – зауал шақта зая болған мағнасыз өмір. Бірақ осының өзі жетіп жатыр. Қалыпты шеңберге сыймайды. Орыстың ұлы прозасы біржола құрдымға кетпеген екен. Бір аптаға толмай апарып бердім. Азғана отырыс. Тағы да бейсауат, көлденең әңгіме. Әбекең романның жаңа кітабының қайта қаралған тағы бір үзігін оқып берді. Тілі тым тұтқыр екен. Кедір-бұдыры көп. Бірақ мен төтенше сынақ жасамадым. Қажеті қанша. Сонымен, екеуара, ықыласты жағдайда ризашылық білдіріп, үйге қайттым.

Арада екі, әлде үш күн өтті. Дағдылы жұмыс жайымен Ілекеңнің алдында отырмын. Кенет маған барлай қарады да: «Әбдіжәмілге барып жүрген көрінесің...» – дегені. Мен қапелімде аңырап қалған едім. «Өте дұрыс, – деді, сол байыпты дауысымен. – Кіммен болса да жақын қатынаста болғаның жөн. Ақыр түбі тек қана пайдаға шығады...» Мен ешқандай түсінік жасамадым. Бар жауабын, жанамалап болса да, Ілекеңнің өзі айтып қойды. Оның үстіне, мен кіммен қандай қатынаста болам, қайда барам, не істеймін – ешкімге есеп беруге тиіс емеспін. Әлбетте, қайырымы оңай еді. Ілекеңнің адалдығына қанша сенсем де, Пастернак романын араға салмаймын. Басқа бейсауат шаруа аз ба. Нұрпейісов өзінің романы туралы ақылдаспақ, немесе мен әлдебір ескілікті әңгіме, Сыр бойының ақындары туралы мағлұмат үшін... Мұншама өтіріктің мәні жоқ. Несіне жалтақтаймын. Маған Есенберлин қаншалық қажет болса, мен Есенберлинге одан әрмен керекпін... Бәрі де пендешілік. Ең бастысы, Мен – тізгіні өзіне ғана қараған Еркін Қазақпын!.. Қаншама заманнан соң ойладым. Қайткенде де бейкүнә бір сылтау айта салу керек еді. Мәселен, әлдебір қолға түспес кітап үшін. Анығы да солай ғой. Оған ақылымыз жетпеді, менмендік жол бермеді. Шынында да, кейінгі, толған, байырқы заманымызда, біздің көлеңкемізде, ықпалымызда болмаса да, қарауымыздағы, азды-көпті шарапатымыз тиіп отырған әлдебір ініміз, жоғары жаққа күн аралатып үстімізден арыз боратып жатқан Мүштар Махановтың үйіне барып жүрсе, не деп ойлаймыз? Көңіліміз қалмаса да, күмән тумақ. Ақыр түбі шүбә сейілсе де, кезінде іштей ренжуіміз анық. Ілекеңнің көңілінде күмән да туды, кейіс те болды деп ойлаймын. Көп ұзамай бәрі де тарқады. Алайда, дәп сол бір сәтінде... реніште қалуы анық. Қисынсыз іс, жақсылыққа жамандықтың алғашқы сатысы. Ақыры жеріне жетпесе де, қиғаш қадам. Әлбетте, Ілекеңнің көзқарасы тұрғысынан қарағанда. Кейінде толқып барып, кері қайрылды деп ойлауы да. Қайткенде тым ыңғайсыз болыпты. Өзімді жартылай кінәлі санауым содан. Ал менің көңілімде әу бастан көлеңке жоқ еді. Және ақырына дейін. Ақырынан кейін де айнымадым. Өйткені Ілекең – Ілияс Есенберлин – қазақ халқының қапысыз туған ардагер ұлы болатын. Адамшылығы, маған жасаған қыруар қызметі өз алдына.

І

1967 – наурыздың соңғы декадасы болса керек. Осыдан бір апта бұрын ғана әуелгі бір мұратымның шегіне шыққам. Қазақ Ордасы заманындағы ұлы әдебиет – ежелгі ақын, жыраулар мұрасы туралы зерттеу еңбегім соңғы сынақтан өтті. Ғылыми жетекшім Бейсенбай Кенжебаев бастап, ресми оппоненттер Әлкей Марғұлан мен Рахманқұл Бердібаев саралап, Сәбит Мұқанов пен Мәлік Ғабдуллин жебелеп, алаштың тағы қаншама абыройлы азаматы – Қалижан Бекхожин, Ғабдол Сланов, Хайролла Махмұдов, Нығмет Ғабдуллин, Ғайнетдин Мұсабаев және басқалар қостап, мені шырқау биікке көтерген. Қазақ Мемлекеттік университеті филология факультетінің Ғылыми кеңесі – ол заманда айрықша маңызды саналған кандидаттық дәрежені бекітіп қана қойған жоқ, ХV–ХVІІІ ғасырларда қалыптанған қазақ әдебиетінің тарихын да ресми түрде айғақтап шыққан еді. Сол кездегі қазақ руханиятының ең көрнекті тұлғалары түгелге жуық атсалысқан соны серпіліс нәтижесі. Менің жас ғұмырымдағы мерей мен мәртебе, ризашылық пен мархаматқа толы, өзгеше бір кезең. Сондай бір күні менің «Қазақ әдебиеті» газетіндегі қызмет орныма Қапан Сатыбалдин келді. Осыдан бір жыл бұрынғы бас редакторым. Бірлес жұмысымыз онша келісті болмап еді. Ғабит аға Мүсреповтің дүмпуімен әрең қабылдаған. Одан соңғы төрт ай – тайталас болмаса да, тартысқа жақын жағдайға жеткен. Мен әуелде тосырқағанмен, арада екі-үш апта өтпей қырыс мінез көрсете бастадым. Сын бөлімі, яғни мен дайындаған кез келген үлкенді-кішілі мақала, рецензияны әрқилы қисынсыз сылтаумен қайтарып береді. Екіншісін, үшіншісін ұсынам. Оның бірін мақұл көрсе, бірін жарамсыз қылады. Әуелде дауласатын едім. Кейінде басқаша тәсіл таптым. Араға апта салып, бланкті бірінші бетін қайыра бастырып, түзелді, жөнелді деп, әуелгі мақалаларды сол қалпында алдына тартам. Е, енді бәрі дұрыс деп қабыл алады. Пәруайсыз, аңғалақ бір жан. Алайда, мен жіби қоймадым. Күнделікті жұмыс бабында қайшы келе берем. Бірде, әдепкі лездеме кезінде тұпа-тура өзінің, рас, бүркеме есіммен жазған, бірақ анығы белгілі мақаласын, – Орталық Комитетте үлкен қызмет атқаратын аймақтас досының өзі қатынасқан партизан қозғалысы туралы кітап екен, – бөлімнен өтпеді, шалағай рецензия деп, әжептәуір мінеп тастағаным бар. Әрине, қасақана. Балалық қой. Көп ұзамай аңдағаным – бұл Қапекең тұзы жеңіл, кегі жоқ кісі екен. Араздық, реніш тумады, сонымен қатар, түсіністі ынтымақ та болмап еді. Енді міне, күтпеген жағдайда арнап келіп тұр. Редакция Жазушылар үйінің үшінші қабаты, сол жақ қанатта; фойеге, оңаша шықтық. Қапекең сөзін үлкен өкпеден бастады. Мен кешегі қорғауыма шақырмаппын. Сәбитті шақырдың, Ғабдол мен Қалижанды шақырдың, ауылы іргелес ең жақын ағаң мені елеусіз қалдырдың, деді. Мен күліп, қарбалас жағдайымды араға салып, ақталып жатырмын. Жарайды, қайырлы, құтты болсын, осыған орай саған айтатын өзгеше әңгімем бар, деді. Байғазы есебінде. Содан соң салмақтанып алды. «Ілияс Есенберлинді білесің ғой, – деді. – Қазіргі қазақтағы ең үлкен жазушы...» – Бұрнада талай айтылған әңгіме. Онда «болғалы тұр» деп сөйлейтін. Енді болып қойыпты. «Газеттерің де жаладан қорғап, жақсы мақала бердіңдер. «Айқас» – осы «Айқас» деген – қазіргі замандағы романның алды. Өте дұрыс болды!..» – деді. Мақала бергеніміз рас. «Жұлдыз» журналында, биылғы екінші сан, – өткен жылы ғана шыққан жаңа романды мүлде терістеген, сауатсыз рецензия басылған екен. Қиқар, қиыс мақала. «Табиғилық пен нанымдылық іздесек» деп аталатын. Авторының жөн-жобасы мүлде белгісіз. Бәлкім, псевдоним. Осыған орай біз де бүркеме есіммен шықтық. «Қ.Күдерин. Кен іздеушілер хикаясы». Қабдеш Жұмаділов жазып еді, мен бөлім бастығы ретінде үстінен қарап өткергем. Ең үлкен еңбек – бас редактор Нығмет Ғабдуллинге тиесілі болатын. Сол кісінің нұсқауы бойынша. Әйткенмен, осы қарсы пікірді мақұлдар алдында даулы кітапты да оқып көргем. Қайран қалдым. Әрбір тұстағы тіл бұдырлығы болмаса, тамаша роман екен. Тақырыбы тың, композициялық құрылымы өзгеше, кейіпкерлер тұрпаты да соны, бедерлі. «Иә, жақсы роман болатын», – дедім. «Мінеки, мінеки, сен де мойындапсың, – деді Қапекең қуанып кетіп. – Енді осы Есенберлин... – деді даусын бәсеңсітіп; көлденең ешкім жоқ па дегендей, жан-жағына қаранып алды. Ешкім жоқ екен. – Осы Ілияс Есенберлин жақын күндерде баспаға директор болып келуге тиіс. «Жазушы» баспасына! – Ғадетінше демін ішіне тартып, астыңғы ернін жаланып, тағы да төңірегін байқастады. – Бар документі Қонаевтың алдында жатыр. Арнайы сұратып алған. Димекеңнің өзі!.. Көп ұзамай бекітуге тиіс! Әлде бір аптадан соң. Әлде бір ай. Бәлкім, екі айға да кетіп қалуы... Бірақ анық. Қол қояды!..» Қояды – қоймайды, болмайды – болады. Әлі бітпеген іс, піспеген сөз. Маған несіне айтып тұр деп, Қапекеңе барлай қарадым. «Саған келіп тұрғаным... – деді Қапекең енді көтеріңкі дауыспен. – Ілияс жаңа жұмыста төңірегіне жігерлі, білімдар, кейінгі жастарды топтамақ. Бас редактордың орынбасарының орны бос тұр. Алты ай болды. Тайыр марқұм отырды ғой, сол қалпында... Міне, осы жерге сені шақырмақ. Жүзіңді көріпті. Сыртыңнан жақсы біледі екен, мен жеткізіп, анықтап айттым. Мақтауыңды келістіріп. – Қапекең бет-аузы балаша тыржиып, үнсіз күліп алды. – Бұдан артық жігітті таппайсың дедім». Мен таңырқай дағдарып қалған едім. «Академияңды қоя қой, – деді Қапекең. – Университеті ме, басқасы ма, бәріне үлгересің. Ғылым ешқайда қашпайды. Мынау – өзгеше бір орта. Кітабыңды шығарасың, көпке таныласың...» Содан соң мені бауырына тарта, өзімсіне құшақтады. «Әзірше алаңдама. Басқа бір жұмыс іздеме. Ілиясқа айтам. Келісті деймін. Мүмкін, бес күн, мүмкін бес апта. Екі-үш айға кете қоймас», – деді. Сөйтіп, Қапан ағам Сатыбалдин, өзіне өзі риза, мейлінше жадырап,нақты ризашылық бермесем де маған және көңілі толып, басын изеп, қолымды алып, тымпың қағып кете берді. Мен бұл көлденең келіс, төтенше оқиғаға сенер, сенбесімді білмей, сол орнымда бөгеліп қалған екем. Қапекең бір қабатқа төмен түсіп, қиыс баспалдақтан қайта көтеріліп, газет редакторы Нығмет Ғабдуллиннің кабинетіне қарай беттеді.

Арада жарым сағат өткенде редакторым шақыртты. Осыдан жиырма ай бұрын менің ежелгі жыраулар туралы алғашқы мақаламды жарыққа шығарған, одан соң тағы да қаншама қамқорлық жасаған Нығмет аға Ғабдуллин. Өте мәдениетті, тұрмыста да, жұмыста да тым сыпайы, бірақ шешімтал, қатқыл басшы. Мен алмағайып қорғауға шығар қарсаңда Ғылыми кеңес мүшелерінің басым көпшілігіне арнайы қоңырау шалып, бар жағдайды ұғындырып, әділ қазылық сұраған. Әдепкідей, жүзі ашық, байсал қалпында отыр. Қолымда кезекті санға әзірленген сыни мақала бар, столының шетіне қойып, алдындағы көлденең креслоға отырдым. «Қапекең бар жағдайды айтты, – деді тамағын кенеп барып. – Ілекең өткен аптада менімен де ақылдасқан. Өзіңе айтуға, соңғы шешімін күтіп отыр едім. Бірнеше жас жігіт болған сияқты. Сайын бар, тағы біреулер. Ақыры саған тоқтапты...» «Бұл – анық мәселе ме, – дедім. – Есенберлиннің «Жазушыға» келмегі?» «Анық. Осыдан он бес күн бұрын шешілген.» Содан соң әңгіменің бастауын айтып берді. Бұл орынға әуелде «Қазақстан» баспасында отырған А.Б. ұсынылған екен. Негізгі мамандығы – журналист болса керек. Қатқыл, сыңаржақ кісі. Идеология хатшысы Имашев өткізіпті. Бар құжатын дайындап берген. Бірақ Димекеңнің кадр бекітуде ерекше бір әдеті бар екен. Әуелде мақұл көрген кісінің өзін қолма-қол өткермейді. Тиесілі қағаздар бірер ай, кейде одан да ұзағырақ уақыт столының үстінде жатады. Бұл екі ортада қосымша мәліметтер. А.Б.-ға ешқандай қауіп жоқ, осындай, үйреншікті кезекте тұрған. Міне, дәп сол кезде... «Жұлдыз» журналында Есенберлиннің «Айқас» романы туралы қорлық мақала шығады. Мұндай құқайдың талайын, тіпті, әлдеқайда зорын да көрген Ілекең бұл жолы қатты ашуланыпты. Бірден Қонаевтың қабылдауына сұранған. Бар шаруасын нақты айтады. «Жазушы» баспасының директоры болғым келеді», – депті. «Жарар, бола ғой», – дейді республиканың бірінші басшысы. Әңгіменің нақпа-нақ түйіні осындай. Кейін Ілекеңнің өз аузынан естідім. «Мен «Жазушы» баспасына директор болғым келеді!..» «Бола ғой». Ілекеңді мақұл көргеннен соң, деді Нықаң, тағы бір ай, екі ай іркілу керек екен. Жиыны, әуелгі кандидатураның қажет-құжаты үш айға тақау қозғалыссыз жатуы шарт. Бұл да Димекеңнің өзгеше тәсілі. Содан соң, бір күні Имашевті шақырып алады да: «Анау «Жазушы» баспасының директорының орны әлі бос тұр ғой, қандай кандидатура бар?» – деген сауал тастайды. Бәрі түсінікті. Бұрнағы кісінің аты аталмайды, яғни өтпей қалған. Үшінші хатшы дағдара бөгеледі. «Онда, – дейді Димекең, – лайықты кісі табылмай жатса... Ілияс Есенберлинге қалай қарайсыңдар?» Әрине, Имашев мүлде құмығып қалады. «Қажетті документтерін әзірлеп, нақты ұсыныс түсіріңдер!» – депті Қонаев. Бітті, болды, шешілді. «Бізге тілектес ақпарат көздерінің мағлұматы бойынша, Ілияс Есенберлиннің барлық документі және идеологиялық хатшының ұсынысы өткен аптада Димекеңнің алдына жеткен. Үлкен кісінің кері қайрылмайтын, ең соңғы шешімі, – деді Нықаң. – Тек рәсімді мезгілін ғана күтіп жатыр. Қайткенде бір айдан озбауға тиіс, – деп түйіндеді. – Ал сенің мәселең... біржола шешілген. Жаңа ғана Ілекеңмен телефондастым. Қапекең екеуіміз отырғанда... Күмәні бар екен, келіспей қоя ма деген. Көтеріліп қалды. Енді сен де өз кезегіңде... – Нықаң жадырай күліп алды, – «Бір кісі таққа мінсе, қырық кісі атқа мінеді» деген, Ілекең жаңа командасын жас бөрілерден құрастырмақ екен, өзіңе селбес, сүйеніш болатын жігіттеріңді ойластыра бер...» Мен де күлдім. Қашпаған қашардың уызы. Орысша айтқанда, әлі соғылмаған аюдың терісін бөліс. «Көлденең кесел шыға қоймас, – деді менің ойымды аңдаған Нықаң енді қайтадан салмақтанып. – Ілекең келеді, отырады... Баспаның астын үстіне түсіреді. Мен Есенберлинді өте жақсы білем...» – деді.

Айдан асты. Қырық күнге жеткен жоқ. Май мейрамының алды, 30 апрель күні Орталық партия комитетінің жауапты қызметкері «Жазушы» баспасының ұжымына жаңа директорын әкеліп таныстырыпты. Бұрынан біліс, алайда, енді басқаша дәрежеге шыққан Ілияс Есенберлин.

(Жалғасы бар)

«Жұлдыз» журналы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар