Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин - ІІІ...

15.02.2018 5536

Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин - ІІІ

Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин - ІІІ - adebiportal.kz

Классик жазушы Мұхтар Мағауиннің қаламынан туған "Ілияс аға Есенберлин" атты көлемді эссесінің жалғасын ұсынып отырмыз.

4

Жазушылар ғимаратының үш қабаты қатарынан дүрлігіп жатыр. Жер сілкінгендей дабыр мен дағдарыс. Екінші қабатта Одақ басшылығы мен әдеби кеңесшілер отыратын. Жоғарғы, үшінші қабатта «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналы және жазушылар ұйымына қарасты жекелеген кеңселер. Баспа – тұтасымен бірінші қабатты алып жатыр. Мен үшінші қабаттағы газет редакциясында сабыр сақтап отырмын. Құттықтау мен дабыра басылуын күттім. Ақыры, сағат он бір жарымнан өткенде төменге түсіп едім. Сол беті, тұпа-тура, кең дәліздің қақ ортасында кездестім. Ілекең баспа бөлімдерін өз аяғымен аралап шыққан беті екен. Қол ұсынып амандастым, қызмет қайырлы болсын айттым. Ілекең мені босатпаған қалпы, сол қолымен иығымнан қаққан. Бауырына тарта құшақтағандай болды. «Бүгін үлгермейміз, – деген. – Ертең екі күн мейрам. Содан соң, үшінші күн...»

Үшінші май күні, баспадағы рәсімді лездеме кезінде хатшы қыз арқылы шақыртып, мені «Жазушы» баспасының ұжымына таныстырған. Әдебиет тарихынан қыруар жаңалық ашқан білімдар әдебиетші, жас ғалым, азулы сыншы, Мұхтар Мағауин, бас редактордың орынбасары қызметіне шақырып отырмын, деген. Әуелгідей болмағанымен, бұл да таң қаларлық, төтенше жаңалық. Лездеме жиналыстың ақырына дейін кәдімгі қызметкер ретінде қатысып отырдым. Жаңа директордың баспа жұмысын жетік білетіні, бірден-ақ белсене кіріскені және ендігі шаруаның бәрі де өзгеше болмағы анық аңғарылған.

Бұрнағы орынбасар мен бас редактор директордың абажадай кең кабинетінің қарсы беті, ортаңғы, шыға беріс ауыздағы серіктес екі хатшы қызға жалғасатын, шағын бөлмеде бірге отырады екен. Бас редактордың столы – төрде, орынбасар столы – кіре беріс оң жақ бұрышқа қиғаштай қойылған. Тым тар емес, айтарлықтай кеңшілік те жоқ. Әуелгі екі күнде осы аралық бастығым Аманжол Шамкеновпен бірге отырдым. Іскер, тыңғылықты кісі екен, мені жұмыс жағдайымен, жақында ғана Баспакомнан өткен, одан соң Орталық партия комитетінің тиесілі бөлімдерінде қаралған, алдағы 1968 жылдың тақырыптық жоспарымен таныстырды. Және келесі кеште Жасөспірімдер театры жақында ғана қабылдаған пьесасының кезекті қойылымы болады екен, келінді ерте кел деп, ілтипатпен шақырған. Қабыл алдым. Жасымның біршама кішілігі, өзінің жетекші қызметіне қарамастан, үлкен құрмет танытып жатыр. Түсіністі, ынтымықты жұмыс жасайтын сияқтымыз. Екі күннен соң, Ілекең арнайы жабдықтатқан жеке кабинетіме келіп кірдім. (Кейін, арада отыз бес жыл өткенде, қаражат тапшылығына ұшыраған Жазушылар одағының жаппай жалға берілген ғимараты тарылып, мен басқарып отырған «Жұлдыз» журналын төменге көшіру туралы ұсыныс болғанда, бағзы, бұла күндерім есіме түсіп, келісім бердім және жеке кабинетімді кеңнен емес, осы шағын бөлмеден таңдадым: менің өрлеуім осы арадан басталған, енді не бақиға, не зейнетке кетерде осы құтты қабырғадан шығайын деген едім. Ақыры, солай болды, шамасы үш жарым жыл отырдым ғой деймін, келген жұрттың бәрі мұндай жұпыны жағдайға таң қалатын, ал мен мейірлі қалыпта ақырын күткен едім, тәуба, төрт аяғымыз түгел, аман кеттік, елу күннен соң эмиграция – ойдағым түгел орнына келген...) Жазушылар ғимаратының бірінші қабаты, оң жақтағы алғашқы бөлме. Дәл қарсысында, бұдан гөрі шағынырақ бөлмеге баспаның «меншікті» цензоры орналасқан екен. «Ендігі жұмысы сенімен болады», – деген Ілекең. Сол күні бас редактор екеуімізге жылдық жоспарды бастан-аяқ қайта қарап, бір аптадан оздырмай, алдына тартуға тапсырды. «Бұл жоспар Госкомиздаттан да, ЦеКа-дан да өтіп кетті ғой», – деп еді А.Шамкенов. Ілекең ұнатпай қалды. «Оған қам жеме. Тиесілі жерді түгел ескерттім. Директор жаңа болған соң, тақырыптық жоспар да жаңадан жасалуға тиіс», – деді. Содан соң маған қарата: «Мына редакциялар қоржынында баяғыдан сарылып жатқан қаншама қолжазба бар екен. Жоспарға енбей қалған жігіттерден тағы соншама арыз-ғұрыз түсті. Бәрін қолыңа берем. Өзің де тың көзбен, мұқият ойластыр. Бастығыңмен ақылдас. Күмәнің, төтенше ұсынысың болса, маған айтарсың. Ал енді, Аманжол, мына Мұхтармен келісіп жұмыс жасаңдар», – деген. Екеуімізді кабинетіне арнайы шақырып алып артқан лепесі. Мен өзімнің ерекше жағдайымды әуелден білем. Енді бас редакторыма да түсінікті болды. Бір апта ішінде алдағы 1968 жылдың тақырыптық жоспары түгелге жуық қайта құралды. Ілекең өз тарабынан бірер күн мұқият қарап, тағы біршама түзету, – жекелеген қосымша ғана емес, әредік қысқартулар жасап, одан соң екеуімізді арнайы шақырып, тағы да әр тұсын нақтылап, ақыры өзі баспаға жеткеннен соң арада жиырма күн өтпей, Баспаком төрағасының міндетін атқарып отырған Әбілхановтың алдына тартты. Үш көзіміз түгел қатысқан, атаулы өзгеріссіз жарым күндік талқыдан соң бастан-аяқ, сапалы қағазға жаңадан бастырып, Орталық Партия Комитетінің Мәдениет және Үгіт-насихат бөлімдерінің қарауына тапсырған. Бекітілу мерзімі кешеуілдеп жатқан қажетті жоспар арада тағы оншақты күн өткенде, Үшінші хатшы Имашевтің ғұзырына түседі. Тиесілі, кеңейтілген талқыда Ілекеңнің табанды күресінен соң, шырғасы шықпай, сол қалпында дерлік бекиді. Жаңа жоспар, жаңа әдебиет елесі. Мен үшін айрықша құндылығы – Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет негізделген монографиям аман-есен, тиесілі, толық көлемінде өтіп еді. «Қобыз сарыны» деген атпен. «ХV–ХVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары» дейтін қосымша, анықтама тақырыбы бар. Жоспар беки салысымен, шілдеге жетпей баспаға дайын болып, өндіріске жіберілді. Жаңа, 1968 жылдың басында жарыққа шыққан еді. Менің алғашқы кітабым және қазақ әдебиетінің ежелгі дәуіріне жол ашқан өзгеше еңбек.

5

Біршама жасап, белгілі бір нәтижеге жеткен тұлғаның өмір жолында атаулы қиындықтармен қатар, әрқилы, көбіне заңды, кейде көлденең, төтенше сәтті жағдаяттар болады. Сырттай қарағанда, менің жазушылық жолым даңғыл, тиесілі тағдырым айрықша бақытты көрінсе керек. Теріс емес. Алайда, әрқилы қиындық та жетіп артылды, алда өту бермес тас қабырға тұрғандай кезеңдер де болып еді. Әлбетте, ақыр түбі бәрі де оңымен шешілді. Қаншама қолайлы ахуал, мейлінше демеп, риясыз қолдаған алаш азаматтарын санап тауысу қиын. Әйтсе де, менің болашақ ғұмыр жолымда шешуші қызмет атқарған, айрықша сәтті, үш реткі асу-белесті бөліп айтар едім.

Мұның біріншісі – 1965 жыл, 14 октябрь, кездейсоқта, сол кездегі Жазушылар одағының бірінші басшысы, тірі классик, атақты Ғабит аға Мүсреповтың көзіне шалынуым.

Осыдан тура үш күн бұрын менің Қазақ хандығы дәуіріндегі ұлттық әдебиетті қалыптаған, бастан-аяқ дерлік беймәлім, соны деректерге құрылған, өрісі кең, байлам, толғамдары тарихи, рухани тұрғыда айрықша мәнді, бар жағынан жаңалықты, қалыптасқан рәсім бойынша, кандидаттық дәрежеге ұсынылған ғылыми диссертациям талқыға түскен. Менің бес жыл университет, үш жыл аспирантура – сегіз жыл бойы алдында жүрген барлық ұстазым – Е.Ысмайылов, Х.Сүйіншәлиев, З.Қабдолов, Б.Шалабаев бастаған академик, доктор, профессор, доцент, ақыры қатардағы оқытушы, ассистент – түгелдей өре түрегеліп, толып жатқан олқылық, оның ішінде аса елеулі идеялық қателіктер тауып, атаулы зерттеуді ғана емес, қазақ халқының ұлттық әдебиетінің тұтас бір дәуірін теріске шығарып, мейлінше еркінсіген еді. Әлбетте, бәрін оп-оңай орнына қойып бердім, алайда түбегейлі, үлкен еңбектің тағдыры қыл үстінде тұрған.

Ақыры, өзімнің ұлы ұстазым, профессор Бейсенбай Кенжебаев және осы талқыға көлденеңнен келіп қосылған, әрине, бұл да істің сәті, Мәлік аға Ғабдуллиннің қолдауымен аман өткендей болды – жұмыс қорғауға ұсынылсын деген қаулы қабылданды.

Алайда, мына кісілердің Ғылыми кеңесте алдымды тосуы, қорғатпасы анық еді. Шын мәнісінде, әдебиет тарихы ғана емес, өткендегі бүкіл қазақ руханиятына қатысты күрделі еңбегім тоқырады, соған орай, менің өзімнің де жолым кесіліп тұрған. Міне, дәп осы кезде, атап айтқанымдай, Пиррдің жеңісі сияқты алапат майданнан соң дағдарып тұрған шағымда төтенше көмек келді. Қазақ ескілігі туралы әлдебір кездейсоқ теле-хабарға қатысып, бүгінде мүлде ұмытылған ежелгі жыраулар мұрасы туралы еркін толғаған едім, ол да кездейсоқ қапелімде Ғабит аға Мүсрепов көре қалыпты. Қолма-қол менің мән-жайымды сұрастырып, іздетіп тауып, алдына келтіріп, үлкен ризашылықпен бар ісімді мақұл көріп, «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындады. Менің ғұмырлық шығармашылық жолымның әуелгі тетігін шешкен және кең өріске шығарған өзгеше оқиға. Теңдесі жоқ сәтті жағдаят. Айттым, 1965 жыл, 14 октябрь, мен жиырма бес жастамын.

Үшінші ерекше құтты оқиға – менің «Жұлдыз» журналына бас редактор болып сайлануым. 1988 жыл, 23 июль.

Бұл кезде әжептәуір дабырамыз бар, негізгі шығармалардың біразы жазылған, жарияға шыққан, оның ішінде «Шақан-Шері» мен «Аласапыран» кеңінен танылған, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа жеткенбіз. Бәрібір «Құдайға да қолдау керек» дегендей, бірдеңе жетіспей тұрған. Үлкен мансап емес, мен студент кезімнен арман еткен әдеби журнал басшылығы. Енді елесі көрінсе де, жолы қиындап жатыр. Ақыры, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Үшінші хатшысы, өкімі зор, бірбеткей һәм менмен Өзбекәлі Жәнібековтың қасарысқан қарсылығына қарамастан, Жазушылар одағының төрағасы Олжас Сүлейменов, сол күндердегі «демократия және қайта құру» ұранының желеуімен, бұрын болмаған еркін сайлау арқылы мені «Жұлдыз» журналының бас редакторлық қызметіне өткізді. Бұл жерде мен тұпа-тура он сегіз жыл және үш жарым ай отырыппын. Өріс мүлде ұзарып, кеңге құлаш ұрған өзгеше заман. Қалай дегенмен де, біраз шығарма, оның ішінде «Сары қазақ» өз уақытында жарыққа жетпес еді, сондай-ақ көптеген көсемсөз үлгілері, сол қатардағы басы озық «Ұлтсыздану ұраны» мүлде жазылмай қалуы, жазылса да, әрең өтуі, жұлмалауға түсері анық. Бар билік өз қолыңда тұрған соң, бұл кезде сөз полициясы саяси цензура жоқ, еркін сілтейсің, әрі көңіл түкпірінде тұрған, қиыс-кіді тағы қаншама сөзің өзінен өзі лықсып сыртқа шығып жатады. Тек бұл ғана емес. Ағымдағы әдеби шерумен қатар, қазақтың өткен тарихын тану, жабық жатқан рухани қазыналарды жарыққа жеткізу, ұлттың санасын көтеру тарабында жасалмақ қаншама шаруаға ұйытқы боласың. Бұл ретте, тәуелсіздік қарсаңындағы екі-үш жылдық, біршама кеңшілік кезең, одан соңғы толық еркіндік заман ауқымындағы он бес жыл бойы «Жұлдыз» журналының ұлт үшін атқарған қызметі ерекше. Соның бәрі өз қолыңнан, және тікелей қатысыңмен жүзеге асуы – мерей, әрі мақтаныш. Дәп осы алмағайып, оған жалғас еркіндік, түптеп келгенде, қазақтың жаңа тарихындағы шешуші кезеңде республикалық ең ірі, әрі беделді әдеби басылым – «Жұлдыз» журналында отыруым – істің сәті, үлкен бақыт болды деп білемін.

Екінші, алғашқыға жете-қабыл, кейінгіден озық, өзгеше оқиға – осы сөз болып отырған 1967 жыл, 3 май күні – Ілияс аға Есенберлиннің жебелеуімен «Жазушы» баспасына табан тіреуім. Шалқар кеңіске жол ашылды. Болашағым біржола айқындалды. Ең әуелі Қазақ Ордасы дәуіріндегі ұлы әдебиетті негіздеген «Қобыз сарыны» басылып шықты. Егер Есенберлин шақырмаса, мен баспада отырмасам, жуық арада жарыққа жетпес еді, жете қалған жағдайда да осы көлем, осы мазмұн, ұлттық рухты әйгілеген өзгеше ауқымында өте қоюы мүмкін емес еді. Осы монографиялық зерттеуге жалғас, қаншама қиындыққа ұшыраса да, әуелі табиғи, біртұтас қалпында, кейінде жұлмаланса да, негізгі тұрғысын сақтаған «Алдаспан» тұлғалана бой көтерді – ХV–ХVІІІ ғасырлар шегінде жасаған ұлы жыраулар мен ақындар антологиясы. Ерте ме, кеш пе, белгілі бір арнаға түсуге тиіс жазушылық жолым өз алдына. Тек арыдағы әдебиет тарихын әйгілеген, өзіме тікелей қатысты, атпал екі кітапты айтпағанда, мен Ілекеңмен қанаттаса баспада отырған төрт жылдан астам, мазмұнды, өте ұзақ көрінген, әрқилы оқиғалы, талас-тартысты тұтас бір дәуір кезінде жаңа қазақ әдебиетінің ауқымын кеңейткен қыруар шаруаға демесін болдым деп білем. Әлбетте, Ілекең – Ілияс Есенберлиннің қолдауы, дәп өзіндей сенім артып, мейлінше еркіндік беруінің нәтижесі.

6

Мен сәтімен баспаға отырғаннан соң, арада елу күн өткенде, 22 июнь – бағзыда, қазақ үшін «Отан» емес, Орыс-Герман соғысы басталған күні екінші баламыз дүниеге келді. Алғашқы ұл. Атын – Алаштың ұлы ақынына деген сағыныш пен құрмет – Мағжан қойдым. Біздің әулет – өз тарабында өспеген тұқым. Мен жалғыз. Аға деп қана айтатын әкем Мұқан жалғыз. Үлкен әкем Мағауия, ақыр түбінде ол да жалғыз қалған. Соңғы үш буында – жиырма бес жыл аралатып, бір баладан әрең туған екен. Менің жағдайым тәуір шықты, кезекті жиырма бесте Үміт деген қызым дүниеге келген, енді жыл аралатып, тағы бір перзент. Сол күні, түс кезінде жақсы хабарын естігеннен соң, қуанышымды алғашқы болып Ілекеңе айтқам. «Бауы берік болсын, – деді. – Аты кім?» «Мағжан!» – дедім. Ілекең маған тура қарап, аз-маз іркіліп барып: «Аты күшті екен. Ғұмыр жасы ұзақ, бақытты болсын!» – деді. Арада тура жиырма күн өтіп, аяқ-қолымызды жиған шақта, шілдеханаға жалғас, атаулы дастарқан жайдық. Осы кездегі ең жақын саналған үлкен үш кісі – асқаралы ағам Ілекеңді, әдеби өмірге араласқаннан бері қамқор болып келе жатқан Нықаң – «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Нығмет Ғабдуллинді, баяғыда Ғабит аға Мүсреповпен жалғасуыма себесін болған, бұдан соң да ықыластан айнымаған Қабекең – Одақтың Үшінші басшысы Қабдыкәрім Ыдырысовты, сол шаңырақтағы жеңгелеріммен бірге шақырған едім. Біз бұл кезде «Горный гигант» аумағының күнбатыс етегі, таудағы трамплинге тақау, Яблочная көшесінде тұрамыз. Бесінші үй. Шағын алма бағы бар, ауласы таза, ауасы хош, еңселі пәтер. Үй иесі, Қытайдан келген еңбекшіл ұйғыр отбасымен қабырғасы ортақ, біршама кең, биік, жарық, өзара жалғас екі бөлме, ауызғы верандасы да келісті, бел ортадан астам түгел шынылы. Бар кемісі – қыста от жағып шыққанбыз, әрі, қалай дегенде де жалдама пәтер. Келген қонақтарды стол жайылып, дастарқан жасалып тұрған төргі бөлмеге шығардым. Түнде жазылып, төсек болатын, күндіз жиналатын диванға, одан соң үй иесі берген жұпыны орындықтарға жайғасты. Дүние дегенде – диванның тұсында, қабырғада, алғаш, үйлену тойына келгенде үлкен әкем әперіп кеткен қымбат, қазақы қалы кілем, онша әсем емес, бірақ сыйымды, қабаттастыра, нығыз толтырылған екі шкаф кітап тұр. Ағаларым бірден кітапқа назар аударды. Қатар-қатарымен тізілген әлемдік классиктер: Стендальдың он бес томы, Гейненің он томы, бұлардан кейіндегі Ромэн Ролланның он төрт, Теодор Драйзердің он екі томдығы, «Илиада» мен «Одиссея», «Фауст», Шиллердің биік, жуан екі томдығы, тағы, қаншама ұлылар. Кейінгі бай кітапханамның алғашқы негізі. «Дұрыс екен», – деді Қабдыкәрім ағам, кейбір кітаптарды алып көріп, қалғанын түбінен сыйпап. Әйелдер жан-жағына қарағыштап азғана бөгелді де, орындарынан тұрып, әуелі еркін жүріп жүрген, тілі шығып қалған Үмітті айналдырды, содан соң осы төр үйде, төсек-арбасында жатқан сәбиді қызықтады. «Тіпә, тіпә... тіл-көз тимесін...» «Оянды, – десті бір кезде. – Жыламайды. Бізге қарап жатыр...» «Біз қасынан кетсек, жылайтын түрі бар...» Шынында да, үлкен тәтелері аулақтаған кезде іңгәлап жылай бастады. Дастарқанын түгендеп, аз-маз сасқалақтап, күйбеңдеп кіріп-шығып жүрген шешесі Бақытжамал қолына алып еді. Содан соң, мектебін бітіріп, бір апта бұрын оқуға келген сіңілі Дәменге көшті. «Келін шырағым, үйлерің тамаша екен, – деді Қабекеңнің зайыбы, толықша келген, кербез кейіпті, салмақты, бірақ жүзі ашық Бәтіш жеңгей. – Біздер тұрған үйлер қайда, жеркепе болатын, ол кездегі кісілер бұлай қылып сала да алмайды... Қыста жылы шығар. Қазір тіпті жақсы.» Келіннің көзі атыздай болды. «Сонда... сіздер де пәтерде тұрып көрдіңіз бе?!..» Бәтіш жеңгей, оған қоса Нықаңның жұбайы, сәнді, әсем киінетін, сұлу Мағрипа жеңгей де еріксіз күлген. «Біз қазынадан үй алғанша, тура тоғыз жыл бойы әркімнің есігінде жүрдік...» «Ал біз жеті жыл бойы оншақты рет ауыстырдық», – деді, Бақыт келініне көмектесе бастаған Мағрипа жеңгей. Нықаңның кітапты, жиһазды, бізге айрықша салтанатты көрінген кең пәтері, мол дастарқанында бұрын, «Қазақ әдебиетінде» жүрген кезде екі мәрте болғанбыз, кейінгі заманда бірге туғандай араластық, Қабекеңнің үйіне де, өзі мезгілсіз дүниеден өткенге дейін талай рет қонаққа бардық, екі тараптағы қайыра шақырысу өз алдына. Ол замандағы жеңгелердің үлкенге құрметі, кішіге ілтипаты өзгеше еді, абысын-келіндеріне үлгісі де мол болатын. Біздің әуелгі қонағымызда бұл екі жеңгеден айырма – Ілекеңнің үйіндегі Діләра шешеміз ешқандай әңгімеге араласпады, жүзі ашық, бірақ бұйығы, тұйық кісі екен. Кейін жақсырақ таныдық, дастарқанында болдық, бірақ тым қонағуар емес еді, әйткенмен, момақан, мейірбан қалпынан айнымайтын. Бұл заманда қырықтың жуан ішінде, толысқан шамасына сай сүйкімі мен көркі бар, ал сақталған суреттеріне қарағанда, жас кезінде аса нәзік, айрықша сұлу екен, Ілекең бір көргеннен ғашық болып, құлай сүйген және «Халық жауының қызы» дейтін көлеңкелі жағдайына қарамастан, бірден үйленген. Шынында да, таңдауы оң екен. Өз тұсындағы көрнекті қайраткер, халық министрі, аудармашы, прозашы қаламгер Хамза Жүсіпбековтың қызы Діләра, Ілекеңнің әуелдегі бар қиындығын бірге көтерісіп, кейінгі атақ-даңқына мейірлене, тынымсыз қысас, қудалауына күйзеле ортақтасты, балаларының анасы, сенімді серік, аяулы жар болды.

Жалдама пәтер мәселесіне қатысты төтенше әңгімеден соң көп ұзамай-ақ дастарқанға отырдық. Әуелгі сөзді Ілекең алып еді. Сөз емес, бата. «Баламыздың аты – Мағжан екен, – деді. – Қазақ үшін қастерлі есім. Арманда кеткен ақыннан соң, мен естіп, көріп отырған алғашқы Мағжан. Мына баламызға сол ұлы Мағжанның дарынын берсін, бірақ тағдырын бермесін. Ғұмыр-жасы ұзақ болып, бақытты дәурен сүрсін, әке-шешесінің мерейі, халқының мақтанышы болсын!..» Арада жеті-сегіз жыл өткенде, «Көшпенділер» трилогиясының бас-аяғы жинақталып, үш кітап болып, қайыра басылғанда, маған қолтаңба жазуға оқтала беріп, көлденең сауал қойып еді: «Баяғы бала Мағжан үлкен жігіт болған шығар?!» «Иә, дедім. – Үшінші класта оқып жүр...» Ілекең, суретті, әдемі супер-тысты үш томдық кітабын маған емес, Мағжанның атына жазып берді. Баяғы, жаңа туған кезіндегі алқау лепес орайымен. Балама әкеліп, «Атаңның қолтаңбасы» деп көрсеттім де, тозып қалар деп, өзіне бермедім, кейінге сақтап қойдым, қазір менің Алматы, Құманғазыдағы үйімде, жабық сөреде, Ілекеңнің және өзім құрмет тұтатын тағы бір ағаларымның қолтаңбалы кітаптарының қатарында тұр.

Ілекеңнен соң, әрине, қалған екі ағамыз және солардың үйіндегі жеңгелер де тілек айтты. Жаз күні, есіктер ашық, алма бағының, басқадай жеміс пен гүлді ағаш, бұталардың хош иісі аңқып тұр, ақжарқын, өте көңілді отырдық, өзара сыйлас, түсіністі кісілер, бүгінгі әдеби орта, осы орайдағы әрқилы ахуал туралы да сөз болған сияқты, қайткенде де еркін әңгіме. Құрметті меймандарымыз түске таман, саған он екіге келген еді, алты-жеті сағат отырып, күн еңкейген, қоңыржай шақта орындарынан әрең тұрды. Үш аға да үлкен бастық, көршілерді түгел таңырқатып, есік алды, кең көшеде үш машина – ақсұр және қарасы бар үш «Волга» қаңтарылып тұрған еді.

Айтпақшы, Ілекең үзілісті, көңілді отырыстың бір мезетінде, манағы жайсыз көші-қон, жалдамалы пәтер туралы әңгіме есіне түссе керек, төтенше бір әңгіменің шетін шығарды. «Келін шырағым, – деген біздің Бақытқа қаратып. – Әрқилы қиындық, тіпті, пәтерден басқа да не түрлі машақат алаштың талай азаматының жолын тосып, басынан өткен. Бірақ мына Мұхтар екеуіңнің заманың біздің заманнан мүлде бөлек. Құдай қаласа, кеңшілік, молшылық жағдайда ғұмыр кешесіңдер, көп ұзамай, қазынаның пәтеріне де кіресіңдер. Тек уақытша қиындыққа қабақ шытпай, төзе білу керек, көтере білу керек. Сонда ертелі-кеш бәрі де орнына келе береді...» Нақпа-нақ айта алмаймын, шамасы осы. Қамқор, ізгі аға арада жарым жыл өтпей-ақ Алматының батыс қапталы, 9-микроауданда салынған жаңа үйлердің бірінен үш бөлмелі пәтер алып берді. Бүкпесіз, ашық жария түрде жасап еді. Кәсіподақ бюросының мәжілісін шақырды. «Госкомиздат микрорайонындағы, қаражатын өздері өтеп, жаңадан салғызған үйлердің бірінен бізге үш бөлмелі пәтер беріп отыр. Мен мына Мұхтар Мағауинді Ғылым Академиясына кеткелі тұрған жерінде, бас редактордың орынбасары қызметіне шақырдым, сонда мойныма алған бір шартым – көп ұзатпай, бірінші кезекте пәтер әперу еді. Соның орайы келіп тұр. Мен бұл пәтерді төтесінен, арнайы атап сұрап алсам да, ақырғы рұқсат шешім сендердің еркіңде. Қалай қарайсыңдар?» – деп еді. Әрине, жаппай мақұл. Бұл, ірі панелді, жаңа үйдегі құтты қоныста біз төрт жылдан астам бақытты, берекелі ғұмыр кештік. Бірқанша әңгіме, «Тазының өлімі» мен «Көк мұнар» осы үйде жазылды. Және жазудан басқа қам-қарекет болмаған ұзақ ғұмырымның түйінді кезеңі – қаламгерден қадір кеткен, сөздің құны түскен тауқымет заманда өткенімді қайта жаңғыртқан, тұрмыстан таршылық көрсетпей бағып-қаққан, басқасын айтпағанда, соңғы он жылдан астам уақыт бойы шет елдерде паналатып, ақыры кең дүние – Америка Құрама Штаттарына жеткізген Едіге деген ұлым дүниеге келіп еді. Қай заманда да тұрғын үй, басыбайлы пәтер – үлкен проблема. Ілекем осыншама шұғыл қимылдап, тезінен орналастырмаса, түптің-түбінде далада қалмаспын, бірақ жас отаудың тұрмыс қиындығы өз алдына, жаңағы, жастық шақта қаламға түскен, өзім айрықша бағалайтын шығармалардың дәп сол қалпында шығуы күмән, тіпті, мүлде жазылмай қалуы да мүмкін еді. Бұл ғана емес. Алда Ілекеңнің шапағатымен жүзеге аспақ тағы қаншама игілік тұрған. Өзіне жасалған жақсылықты кім білген. Білсе, кім ұмытпаған. Көбіне, әсіресе біздің заманда «Сауда сақал сипағанша» дейтін алыпсатарлық қағида – тіршілік-ғұмырдың барлық саласына тамыр жайған еді. Әлбетте, жақсылық жасау – алыс-беріс сауданың бір тармағы емес. Яғни, қарымта қайтару міндеттелмеген. Ең басты шарты – ұмытпау. Бағасын тану. Өзіңе жасалған жақсылықты ұмытпасаң, бағасын білсең, сенің де басқаға себің тиіп жатпақ. Бұл да пенделік сөз. Кесірің тимесе. Бөтенге ғана емес, сол жақсылық жасаған кісінің өзіне. Осы орайда, баяғы кеңқолтық қазақтың қисынсыз мақалдарының бірі еске түседі: «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, – Жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» – деген. Жалған ғана емес, жалалы, зиянкес сөз. Осы тұрғылас лепеске Кұңфудзының қарама-қайшы нақылы бар. Әлдекімнің: «Жамандыққа жақсылық жасаса қайтеді?» – деген сауалына қарай айтқан екен: «Онда жақсылықты немен өтейсің? Жамандыққа әділ қарымтасын қайтар, ал жақсылыққа жақсылық жаса!» – депті. Осы тұрғыдағы менің мақалым: «Жақсылыққа жақсылық –ер адамның ісі, – Жақсылыққа жамандық – әр адамның ісі!» – деген. Дәп солай. Біздің, мәрттік тұрыпты, әдепкі кісілік, қазақы мінезден айрылған, азған заманда. Бұған, өзімізді араға қыстырмайық, «Жазушы» баспасының тұтқасында отырған кезінде жүздеген адамға қисапсыз жақсылық жасаған Ілияс Есенберлиннің күрделі, керек десеңіз, трагедиялық тағдыры толық айғақ болады дер едім.

(Жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар