Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы)...

20.03.2018 4176

Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы)

Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы) - adebiportal.kz

Ілекең, оған жалғаса мен төбеден түскен кезде, «Жазушы» баспасының бас редакторы – Аманжол Шамкенов болатын. Яғни, нәшірияттың екінші көсемі, бүткіл шығармашылық шаруаға жауапкер тұлға. Тәжірибелі, әрі іскер адам еді. Сол кездегі жасы – қырыққа жаңа ілінген. Біршама танымал ақын. Драматургияға қалам тартқан. Санамалап әңгіме де жазған. Менің бағамды да, салмағымды да бірден аңдады. Айттым, толық ұғыныспасақ та, тезінен тіл табыстық. Маған бейіл жоғарғы басшы – директордың ыңғайымен ғана емес, ортақ жұмыстың оңды нәтижесі үшін. Және қазақ рәсімінде аға есепті, мен сыйластық жөнімен «Жөке» дейтін едім. Оның да ықылас, пейілі теріс емес. Қандай да сөзімді жерде қалдырмайды. Әрине, өзіндік бағдары да күшті. Қолы қытымырлау екен. Жоспар мәселесінде. Әрбір жаңа есімге күмәнмен қарайды. Әлбетте, қандай-да баспасөз тұтқасында отырған қызметкер атаулының бұрнағы кезеңде қалыптасқан дәстүрлі әдеті. Жаңадан ешкімді жібермеу! Мен өзім де қаламгерлік алғашқы қадамдарымнан бастап бұл кесірлі мінездің зардабын талай рет тартып едім. Талай емес, үнемі дерлік. Газет, журнал редакциясында отырған белгілі, көбіне әжептәуір танымал жазушыға мақала, немесе көркем әңгімеңді ұсынасың. Қолжазбаны ұстаған беттегі бірінші сұрағы: «Бұрын басылып па едің?» «Жоқ». Бітті. Оқымай жатып үкімің шығарылды. Бір, немесе екі аптадан соң міндетті түрде қайтарып береді. Бар кілтипан сенің жаңалықты сыпатың, соныдан түрен тартқан сөйлем құрылымы, сюжеттік, композициялық ерекшелігінде ғана емес. Ең басты кінәрат – бұдан бұрын баспасөз бетінде көрінбеуің. Яғни, басылу үшін бұрын басылған болуың керек. Бұрын басылмадың, ендігіңе де жол жоқ. Есебі, бұл қалыпта ешқашан да жарыққа жол таппайсың. Өзгені білмеймін, менің қаламгер ретіндегі алғашқы кезеңім осындай тас қабырғаны сүзгілеумен өтті.

Ал мынау – газет, журнал емес, баспа. «Бұрын кітабы шықпаған екен», – дейді әрбір жаңа есімге ұшырасқан сайын. «Бұрын шықпаса, енді шығуы керек, – деймін мен. – Журналдарда басылып жүр, өз тарабында белгілі жас жазушы». Өтті. Ал атақты болмаса да, әжептәуір танымал, жасамыс ақын, жазушыларды көлемнен шектеп отыратын. «Осы да тақиясына тар келмейді». Ең сорақысы – тұстас қаламгерлерді мейлінше тежеуге тырысады. Бір жолы өзінің құрдастары, әрі жақын жолдас, тіпті, отбасымен араласып тұратын Серік Қирабаев, Қабдыкәрім Ыдырысов, Нығмет Ғабдуллиндерді қабатынан сызып тастады. «Жөке, мынау болмайды», - деп отырып, Нықаңды сол арада қалыпқа келтірдім. Ал Қабекең мен Серағаң кейінірек қатарға қосылып еді. Бұл қатаңдық Аманжол Шамкеновтың іштарлығы емес, сол кезде қалыптасқан баспагерлік рәсім сияқты. Ешкім де сұраусыз, еркін жайылып кетпеуі керек, алдыңа екі, үш қайтара келсін, саған борыштар екенін сезініп, мойындай жүрсін. Ал мен төңірегімді түгел жарылқауға тырысам. Бұл да шектен тыс жомарттық екен. Мәселе рақмет, алғыста емес. Көп ұзамай әлгі досың әбден күшейіп алып, қадарынша сенің жолыңды бөгеуге тырысады. Қолынан келсе, мүлде құртып жіберуге бейіл. Өйткені менің кеңшілігім – кісісін таппаған, тапса да аста-төк, орынсыз далбақайлық. Ал Жөкеңнің әрекеті – белгілі мөлшерде заманы мен адамын таныған өмірлік тәжірибе салдары екен. Ол кезде тым өрескел көргеніммен, кейінгі заманда әдепкі пендешілік деп қана бағалаған едім. Әйткенмен, ұнамсыз мінез. Жөкеңнің мен мүлде жатсыған, аса бір сорақы әдеті болды – жойыт атаулыны жек көреді. Біздің қазақта әуелде де, кейін де, антисемитизм жоқ. Тұрмыстағы жақтырмау мен кикілжің кез келген халықтар арасында, тіпті, сол ұлттың өз ішінде де ұшыраспақ. Ал біздің кісі бүйректен сирақ шығарып тұратын. Ақырғы зардабын білмеймін, дәп сол кезде орын алған келеңсіз бір жағдай. Псарев деген жас жігіт, суретші, Фадеевтің «Жас гвардиясының» әлде жаңа бір, әлде қазақша басылымын көркемдеген екен. Мұқабаға түспек сыртқы сурет әрқилы бояулы жұлдызшалар арқылы бедерленген. Мен кезекті шаруамен Шамкеновтың алдында отыр едім. Арнап шақыртқан екен, жаңағы Псарев келді. «Мынау не? – деді бас редактор. – Жас гвардиямыз Израильдің таңбасын көтеріп жүрген бе?» Псарев аңырап қалды. «Қалай, қалай?» «Міне, қаптаған алты құйрықты жұлдыз. Біз білмейді дейсің бе?!» Арық, сепкілбет Псарев қызарақтап күлді. «Аманжол Шамкенович, қайда Давид жұлдызы? Израиль туындағы жұлдыз бірыңғай, түзу алты бұрышты және көлденең, бөлініс сызықтары бар. Ал мынау – ұзынды-қысқалы, қиқы-жиқы. Міне, қараңыз, бес бұрышты жұлдыз да, үш бұрышты жұлдыз да тұр, бәрі шартты, қисық-қиғаш, мен ойлап тапқам жоқ, әрқилы кітаптарда кеңінен қолданылып жүрген, әдепкі шимайлар...» Суретке үңіле қарасам, шынында да кәдімгі, шартты белгілер. «Жарайды, бар, – деді Аманжол Шамкенович. – Алты бұрышты, қимас жұлдыздарыңды жой, немесе басқа бір сурет сал...»

Әңгіме осымен біткен сияқты еді. Жалғасы бар екен. Арада бірер апта өткенде, менің кабинетіме КГБ-ның өкілі келді. Жазушылар одағы мен «Жазушы» баспасына бекітілген, жасырын емес, ашық жүретін, тым биязы, жалпы жұрт – кез келген кісімен еркін әңгімелесіп, көр-жерден аспайтын, сөйте тұра, тәрізі, өзіне қажетті қаншама мағлұмат, дерек жинап алатын, жасы қырықтың үстіндегі Қилыбаев деген. Ұмытпасам, жұрт «Сәке» деп сөйлесетін. Яғни, Садық па, Сапар ма, Садуақас па, әйтеуір Сәке. Бұл Қилыбаев әдетте Жазушылар одағының екінші қабаты, фойеде отырады, аңдып, бағып емес, қолына ілінген әлдекіммен бейсауат әңгіме үстінде. Бұрнада «Қазақ әдебиетінде» жүргенде менімен де «кездейсоқ» ұшырасып, көр-жермен бөгегені бар. Тіпті, менің әлдебір мақалаларымды мадақтағаны есімде. Енді мына келісі – ресмиге жақын болды. «Қалай, Мұха, жұмыс ауыр емес пе?» – деп бастаған. Әдепкі баспагерлік жұмыс. «Ондай... шатақ, көлденең шығармалар... жоқ шығар...» Жоқ. Бәрі қалыпты дәрежеде. «Ал енді әлгі... Псарев дейтін суретші... қандай адам өзі?» Мен әлі де бөтен ойдан аулақпын, қандай адам екенін білмеймін, дедім. Жайдары, жаман жігіт емес сияқты. Қатарынан озып кетпегенімен, тәп-тәуір суретші. Бізге қатынасып тұрады. «Онда әлгі, Израильдың жұлдызын кітапқа салыпты деген... не керемет?» Сонда ғана шекеме шық ете түсті. «Өзіңіз де көрген сияқтысыз...» «Көрдім, – дедім. – Давид жұлдызы емес, – дедім қатқыл, нық дауыспен. – Міне, былай. – Бір бет қағазға нобайын сыздым. – Және жалғыз алты құйрық емес, бес бұрышты, үш, тіпті жеті бұрышты жұлдызшалар. Міне, былай... – Тағы да шимай суреттер салдым. – Бәрі аралас. Неге десеңіз, бұл жұлдызшалар көркемделмек кітаптың идеясына сәйкес келеді. Патриот жас гвардияшылар – түгелдей жаңа жанып келе жатқан жұлдыздар екен...» Қилыбаев маған күмәнмен, бажайлай қарап азғана отырды да, орнынан тұрды. «Жарайды, жұмысыңызға бөгет жасамайын...» Шығып жүре берді.

Бұған жалғас және кейінгі заманда да, әлденендей күмән, анықтама жөнімен арнап, қайыра келген емес. Ал көркемдеу бөліміндегі жігіттерден естуімше, Псаревті КГБ-ның атаулы мекемесіне шақырған, суреттің өзінің әуелгі нұсқасын алдырған, редакция меңгерушісі, дарынды график Мақым Қисамединов және басқа да жігіттерден сұрастырған, ақыры, жаман пиғылға нақты дәлел табылмай, зілді айыбы аяқсыз қалған. Әлбетте, біржола тақыр-таза емес, алдағы уақытта қатаң бақылау астына түспек. Міне, осыншама ылаң. Әйтсе де, Аманжол Шамкенов іс аяғы мұншалық ушығады деп, қасақана жасамаса керек. Әуелде жойыт баланы тұқырту үшін, кейінде, КГБ өкілімен бейсауат әңгіме үстінде өзінің қырағылығын көрсету мақсатында. Арты осылай болды. Әйтеуір, заманның біршама тыныш кезі.

Ілкіде айтылған пендешілігі, осы соңғы көлденең ісі болмаса, адамгершілікке қайшы, зорлықшыл мінезі, немесе обыр әрекеті жоқ еді және қолына түскен кітап атаулыдан саяси қате іздеген пәлеқорлығы да болмады. Өз заманының перзенті. Ең жақсысы болмас, ең жаманы да емес. Жоғарыда отырған Ілекеңнің көлеңкесі бар, менің өзім де ол кезде тым екпінді болсам керек, мана айтқанымдай, біріміз бастық, екіншіміз бағынышты емес, келісіп, ынтымақты жұмыс жасадық. Қолымды қақпады, айтқан сөзім жерде қалмапты. Ұсынған, жолай қорғаған авторларымның бәрі де ешқандай тәжікесіз, бөгеліссіз өтіп жататын. Ал жылдық тақырыптық жоспардың соңғы редакциясын қолыма беретін. Аннотацияларды жетілдіре түсу керек, алатының, қосатының болса іркілме, бәрі өз еркіңде дейтін. Әлбетте, ең ақырғы шешім мен түйін – баспа директоры Ілияс Есенберлиннің ғұзырында. Осы орайдағы ең соңғы кеңесші де мен едім.

Жөкеңмен екеу-ара жұмыс бөлінісі бар. Бас редакцияның көлемді, маңызды саналған жаңа бір кітапты өткізетін шығармашылық мәжілістерін үнемі дерлік мен атқарам. Жекелеген қолжазбаларға қатысты дау-дамай түгел менің мойнымда. Қазақ қана емес, әуелде орыстың, және барлық уақытта ұйғырдың да шиырлы істеріне араласуға тура келетін. Айлық графиктің орындалуы, берекесіз көркемдеу редакциясының әрқилы шаруасы өз алдына. Ал бөлімдерде дайындалған кітаптардың типографияға өтер, ең соңғы қаралымын шартты түрде бөліскендей болдық. Қайыра басылымдар, басы ашық балалар әдебиеті, кінәраты жоқ деп саналған үлкенді-кішілі кітап атаулы Жөкеңнің алдына тартылады. Яғни, үстірт шолып шығып, немесе үңіліп ақтарыстамай-ақ қол қоюға. Жаңадан түскен, немесе әлденендей күмәні болуға мүмкін қолжазба атаулы менен өтеді. Мақтанып айтайын, Ілекеңнің ғұзырында қызмет атқарған, кемі бірер мыңға тақау жаңа кітапты қолымнан өткізген кезімде, бізден соңғы Әукебаев–Жұмабаевтар заманында апта аралатып, ай оздырмай шулатып жататын қолапайсыз, көлденең оқиғалар болған емес. Тек жалғыз-ақ рет ұсталыппыз. Аруақты «Алдаспан» кезінде. Оның да өзіндік заңды себептері бар, тиесілі әңгімесі алда.

Иә, әлдебір жолы кездейсоқтан іліне жаздадым. Аспандағы Орталық Партия Комитеті, нақтылап айтсақ, осында отырған идеологиялық секретарь Саттар Нұрмашевич Имашев пен оның оң қолы Михаил Иванович Есенәлиевтер әуелде Ілияс Есенберлинді менсінбеген, алайда, көп ұзамай-ақ жаңа директордың берік азуы таныла бастайды. Алдымен, жылдық жоспар, жаңа кітаптарды жобалау тарабында. Одан әрі... қырыс, қиыс жазушы ретінде, әсіресе, реакцияшыл жауыз Кенесары хан туралы романнан кейін. Қонаевтың өзі көтеріп әкелген кісіге бірден тістері батпады. Содан соң... онсыз да басым жарық, Ілекеңнің ең жақын, ең сенімді серігі мені қарақтай бастапты. Әр қадамым аңдулы, алайда, қолға көрнекі ештеңе ілінбей қояды. Ақыры, міне алақай, бірдеңе тапқандай екен. Директор Есенберлинге шұғыл телефон соғылады. Анау бір кітапта Партиялық қаулыға негіз болған, Жеке адамға табыну заманының негізгі тұрғысы Сталинді бастан-аяқ дәріптеген ұранды сөздер басылып кетіпті! Бұл не сұмдық! Мағауин не қарап отыр? Тексерілсін, анықталсын, шара қолданылсын! – деген. Келер мезетте Ілекеңмен отырып, тексердік, анықтадық.

Аты өшкір Сталинді «ұлы көсем», «адамзаттан асқан данышпан», «кемеңгер», «көреген», «жасасын, жасасын!» деп мадақтаған кітап – Ғабиден Мұстафин шығармаларының Бірінші томы екен. Дәріпті «Шығанақ» пен қазақ совет классикасы «Миллионер». Басуға қол қойған – Аманжол Шамкенов. Манағы, мен айтқан «еңбек бөлісі» бойынша. Қаншама мәрте жарияланған шығармалар, кім күмәнданбақ, бетін ашып қарамастан, бармағын баса салған. Бірақ бұл – жарияға жетер жолдың бастауы ғана. «Подписные листы» деп аталатын екінші терім бар. Яғни, бас редакция, әр табаққа атаулы қолын қойып, жарыққа біржола рұқсат етуі шарт. Мен, әуелгі күннен сақтығым, терімге өзім жол ашқан қолжазбаларға ғана қол қоятын едім. Есімде, Мұстафиннің екінші корректурасын маған алып келді. Әдет бойынша, «Алғаш мақұлдаған – Жөкең, сол кісі қол қоюы керек», – дедім. Бас редактор бүгін жоқ екен. «Ертең келеді. Арғы күн де алыс емес. Бас редактордың өзі қойсын, азғана бөгелістің уақасы жоқ», – дедім. Кейін кітаптың төлбасы данасына тағы да атаулы қол түсуге тиіс. Манағы рәсім. Шартты рефлекс дейді ғой мұндайды. Осы, әсіре сақтық емес, қалыптасқан ғадет мені абыройсыз қатерден сақтап қалыпты. Ертеңіне, әлде арғы күні бас редактордың өзі қол қойған. Ілекең менің аузымнан анығын білген соң қуанып кетті. Кітаптың кінәлі редакторын шақырып, «байқамайсыңдар ма, пәле-жала аяқ астынан» деп, жеңіл реніш айтты. Содан соң қолайсыз мәселені Аманжолдың өзіне мағлұм қылған. Ертеңге жібермей, дәп сол күні Орталық Партия Комитеті, Михаил Иванович Есенәлиевтің атына арнайы қатынас жазылған: өрескел қате кетіпті, жазықтымыз, әуелде типографияға, кейінде жарияға шығуға қол қойған бас редактор Аманжол Шамкенов екен, кінәсін мойындады, қатаң ескерту берілді, деген тұрғыда. Ал бұл Аманжол Шамкенов – Саттар Имашевтің ең жақын достарының бірі. Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев – төртеуі бағзыдан таныс, біліс, отбасыларымен жақсы араласып тұратын дос-жар кісілер. Шатақ мәселе ары қарай ушықпай, сол беті жабылып қалды.

Бас редакцияның негізгі шаруасы – шығармашылық жұмыстар емес, әрқилы анықтама толтыру, қым-қиғаш ақпарлар жасау болды десем, жалғаны жоқ. Айталық, Орталық Комитеттен, көбіне Госкомиздаттан төтенше сауал түседі: мәселен, Лениннің 100 жылдығы келе жатыр, соңғы он жыл ішінде ұлы көсем туралы қандай шығармалар жазылды, қандай кітаптар шықты; немесе, кейінгі бес жылда 8-март, Халықаралық Әйелдер күніне қатысты жарияланған еңбектер, бұлардың кейбірінің мазмұн-мағнасы; немесе, Октябрь революциясы, немесе Азамат соғысы, немесе Ұлы Отан соғысы тақырыбында кейінгі жиырма жылда жарық көрген шығармалар тізімі; немесе, социалистік лагерь, әлемдік империализмге қарсы күрес... немесе, ССРО халықтарының достығы... немесе пәлен республикада Қазақ өнері мен Әдебиетінің декадасы өтпек, керісінше, сол ағайындар бізге келмек, осыған орай, аталмыш елдің әдебиеті мен мәдениетіне қатысты қандай кітап, шығармалар жарыққа шықты... санап тауыса алмайсыз, толып жатыр. Ай емес, кейде апта өтпей жаңа бір ақпар, нақты мағлұмат керек болады. Алғашқы жылы осындай анықтамалардан әбден жүйкеледім. Екі күннің бірінде жоғарғы жақ үшін не қазақша, көбіне орысша қағаз толтыру әлегімен әуресің. Қиыны – жазу емес, осы ғажайып тізімді құрау. Бөлімдерге сұрау саласың, көбіне тақырыптық жоспардың өткен жылдарда шыққан рекламалық кітаптарын ақтарып отырғаның. Ең мәнді, ең қажетті жұмыстарың қаңтарылып тұрады. Ақыры, бір жарым жылдық бытықу бейнеттен соң төтенше көмек келді. Ілекең Госкомиздатқа қоймай жазып жүріп, орыс әдебиеті бойынша шешуші қызметкер – бас редактордың тағы бір орынбасарын бекіттіріп алған. Павел Косенко. Менен тура он жас үлкен, аса білгір әдебиетші. Енді жоғарғылар үшін айрықша маңызды, мен үшін азапты анықтамалардың орысша жазылатын, тең жарымнан артық, тіпті, үштен екі бөлігі осы Павелдің мойнына жүктелді. Іс қағаздарының шебері екен, қиналса да, артықша қиындық көрмеген сияқты. Ал менің берекем кетуі үшін осы, қалған үштен бірдің өзі жетіп жатыр еді. (Кейін, арада қаншама заман өткен, «Жазушы» баспасына қайтадан, бұл жолы бас редактор болып барған кезімде, жоғарыдан, баяғыда мен әбден запы болған, атаулы сауалдың алғашқысы түскен күні, қолма-қол өзіме екі көмекші сайлап алдым: бірі – орыстан, бірі – қазақтан. Басқа жұмыстан мүлде дерлік босатылды, бар тіршілігі осы «Справкалар», бұл кезде мұндай айрықша қажетті, аса маңызды анықтамалар жөні бұрынғыдан әлдеқайда артық, тіпті, еселеп көбейген екен. Менен кейінгі, одан бұрынғы аралық азаматтарға да оңай болмаған шығар, ақыры Советпен бірге бәрінен де құтылдық.)

Десе де, осы Павел Косенко келгеннен соң тек қаптаған анықтамалардан ғана жеңілейгем жоқ, бұрын мойнымда тұрған орыс тарабы – арнайы орыс редакциясы мен орысшаға аударма редакциясынан да құтылдым, орыс тілді әдебиет атаулы түгелдей Павелдің ғұзырына көшті. Және Ілияс Есенберлиннің Госкомиздат пен Орталық Комитет аралығындағы, жұмыс бабымен қоса, кейінде өзінің жеке басына қатысты барлық хат, айғақтамалар тегісімен, осы Косенконың екшеу, өңдеуінен өтті. Бұл Павел бар ісіне іждағатты, тынымды және еңбекшіл азамат еді. Арамдығы жоқ. Турашыл, әділ. Ең бастысы – көл-көсір білімді, ой-өрісі кең. Байыпты, терең әдебиетші. Бұл тараптағы әңгіме бірталай. Тәрізі, арнайы, шағын болса да мазмұнды естелік жазуға тура келер.

18

Бар жұмысымыз қалыпқа түсті. Баспа шаруашылығы ғана емес. Ілекеңнің еңсесі көтерілді. Өткен 1968 жылы баяғы күстана «Айқас» романы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа жеткен. Енді «Қаһардың» үлкен табысы мейлінше қанаттандырып, халқымыздың арғы тарихына қалам тартуды ойлады. Кейінде «Алмас қылыш» атанған романына материал жинақтау жұмыстарына кіріскен. Мен «Қобыз сарынын» орыс тіліне аударта бастадым. ХV–ХVІІІ ғасырлар – Қазақ хандығы дәуірінде жасаған ұлы жыраулар мен ақындар мұрасы жинақталған «Алдаспан» антологиясын баспаға әзірлеп жатырмын. Павел Косенко Федор Достоевскийдің айдаудағы, Семей кезеңі және Шоқан Уәлихановпен достығы қамтылған «Сердце остается одно» – еркін әліптесек, «Жүректің лүпілі өзгермейді» дейтін, соны дерек, тың толғамдарға құрылған зерттеу кітабын бастырып шығарды. Міне, дәп осы кезде біріне бірі жалғас екі үлкен оқиға болды. Мұның алғашқысы – менің жеке басыма тиесілі, екіншісі – «Жазушы» баспасының бас редакциясына қатысты жағдаят еді. Екеуі де аса жайсыз ахуал. Әуелгісі ақыр түбінде оңынан шешілгенімен, менің тыныштығымды бұзды, ағымдағы жазуыма әжептәуір зиян келтірді, ал екіншісінің қазақ әдебиеті, жалпы жұрт үшін зиянды зардабы – тура он бес жылға созылған.

Осы 1969 жылы жазғытұрым, май айында төтесінен, міндетті емес, міндетсіз әскер қатарына шақырылдым. Тура екі жылдық қатаң қызметке. Әдетте, аудандық военкомат жоғарғы оқу орнын бітірген, сонымен қатар, арнайы кафедрада әскери білімнің басын шалып, запастағы офицер атағын алып шыққан жас және жасамыс жігіттерді жыл аралатып, бірер күндік, жарым апталық жиынға шақырып тұратын. Саяси дәрістер өткізеді, ағымдағы ахуалдан хабардар қылады, кейде полигонға шығарып, автомат, пистолеттен атқызады. Осындай жиындардың бірінде тұрақты және жылжымалы нысаналарды атуда өзім бекітілген Совет ауданын бүкіл Алматы қаласының алдына шығарып едім.

Әдепкі «повестка» – шақыру қағаз келгенде осындай саяси сабақ, әскери жаттығу жиындарының бірі деп ойладым. Таңғы сағат сегізде барып едім. Өзім қатарлас отыз-қырық жігіт. Бізді үлкен автобусқа тиеп, сыртқа емес, қаланың ішкі бір бөлігіндегі әлдебір ғимаратқа апарды. Бара салысымен түгелдей тыр шешіндіріп, денсаулық жағдайымызды тексеруге кірісті. Осында бастап келген әскерият өкілі, етжеңді майор бірден айтып еді. Біз екі жылдық әскер қатарына алынуға тиіс екенбіз. Бірер сағаттан соң, тексеріс бітер-бітпесте, қалт еткен сәтін тауып, жұмысқа – Ілекеңнің өзіне телефон шалдым. Кеше ескерткем, ертең военкомат шақырып жатыр, жұмысқа кешігіңкіреп келем, бәлкім, екі-үш күнге әкетер, онда хабарласам деп. Енді міне, мүлде басқаша жағдаят. Және аяғы насырға шабатын, бізге мағлұм мәселе. Өткен жылы ғана Әбіш Кекілбаевты әкеткен. Рас, бұл кезде мейлінше молығып, бар жағынан қатаңдай бастаған совет әскерінің қатарына техникалық білімі бар офицерлер қайыра шақырылып жатқан. Менің серіктес жігіттерімнің бірі – радиолокация операторы, тағы біреулері танкист, артиллерист екен. Енді міне, Әбіштен соң маған таңдау түсіп тұр. Совет қарулы күштерінің сапында үстірт-шалағай оқудан өткен жаяу әскер офицері жетіспей жатқанынан емес. Бұрнада жазғаным бар, және белгілі жағдай, советтер шегінде әлденеден күмәнді, еркін ойлы жастарды жуасытудың рәсімге енген бір тәсілі. Кейін Әбіш әскер қатарында жүргенде, басшы, немесе қызметтес кадрлық офицерлер қайран қалады екен, «пехота» неменеге керек еді деп. Жай ғана емес, айрықша керек болғаны. Әбішті алып қалу үшін алты ай бойы жасалған тынымсыз, қуатты әрекетке Жазушылар одағының беделді басшысынан бастап, Мәдениет министрінен өтіп, Орталық Партия комитетінің ғұзырлы хатшысына дейінгі аралықтағы қаншама алпауыт араласып еді. Еш қайран болмады. Мұндай сүйеніштің елесі де жоқ мына менің зырқырап кете беруім күмәнсіз еді. Әскер ісіндегі қиындық өз алдына, бұл кезде менің алды төртке толмаған, арты бесікте жатқан шиттей үш балам бар. Келіншегім осы сәбилерді қараудан аспайды. Әскерге шақырылған отбасына ешқандай қаражат төленбейді екен, сол арада менен басқа жігіттер әлгі майордан сұрастырып білген. Қайткенде ауыр жағдай, бала-шағаң ғана емес, өзіңе де, атаулы, атаусыз қиындық үстіне, үлкен қатер. Ендігі істің қайрылмас беталысын аңдаған соң, Ілекеңмен хабарласып тұрмын. Әлбетте, сабыр сақтап, мейлінше жайлап және күмәнсіз анығын айтып. Ілекең дағдарып, аз-маз бөгелді. Содан соң: «Торықпа, бір қисыны табылар, – деген. – Әзірше үйдегі келіншегіңнен басқа ешкімге тіс жарып айтпа».

Ілекем уақыт оздырмай, сол күннен бастап-ақ мені шын мәнісіндегі екі жылдық айдаудан құтқарып қалу амалдарын қарастыруға көшті. Тақау төңірегін барлап, байқастаған соң, көп қармаланбай-ақ Главлит төрағасы, өткен жылы, «Қаһардың» кезінде мені бар жағымнан жақсы танып үлгерген Әбдірәшит Шалабаевпен ақылдасыпты. Содан соң екеуі Қазақстан әскери комиссары, генерал Нұрлы Бәйкеновке барған. Бұл кезде Ілекең атағы дәуірлеп тұрған әйгілі жазушы, ал Әбдірәшит Шалабаев мәртебелі қызметінің үстіне, ғұзырлы генералдың ауылдас жақын досы екен. Үшеулеп отырып, ұтымды амал табады. – «Жазушы» баспасының аясында жаңадан ашылмақ, жастарға арналған «Жалын» журналының бас редакторлық қызметіне ұсынылып жатқан, білімдар, іскер, ең бастысы – айрықша қажетті кадрымызды өзімізде қалдырыңыз» деген өтініш қағаз.

Әлбетте, ешбір қисынға сыймайды, республикалық әскери комиссардың өзі кімді болса да, құрметті әскери міндеттен босата салуға құзіреті жүрмесе керек. Алайда, аса мәнді ілгішек. Алды бейіш, арты кеніш болғыр Нұрлы Бәйкенов көп ұзамай-ақ Совет ауданының әскери комиссары жұмыс бабымен алдына келе қалған кезде әлгі, баспа директоры, атақты жазушы Ілияс Есенберлин түсірген өтініш қағазды алдына тартады ғой. «Жолдас полковник, қалай ойлайсың, бейбіт қызметте қажет кадр екен. Біздің жаяу әскерде осыншама зәрулік бар ма?» – дейді. Генерал атап айтпаса да, емеуріні белгілі, полковник мұндай шалағай офицердің әскер болып жарытпасын мақұлдапты. Сөйтіп, менің барлық іс қағаздарымды іркіп қалған. Ең басында, арада бірер ай өтер-өтпесте бейресми түрде, ұтымды, әрі ақылды шешілген шаруа болды. Соңғы нәтижесін күзге таман, кезекті әскери шақыру науқаны аяқталған кезде ғана білдік. «Жазушы» баспасының директоры Ілияс Есенберлиннің атына шағын, нақты жауап келген. «Сіздің өтінішіңізге орай. Запастағы офицер М.М.Мағауиннің әскер қатарына шақырылуы турасында бізге ешқандай құжат түспеді. Түсе қалған жағдайда, өтінішіңізді ойластырып көреміз», – деген тұрғыда. Сонда ғана көңілдегі бар алаң басылып еді. Мен Ілекеме риясыз ілтипат білдіріп, бар қиыннан шығуға септескен қамқор ағаларыма сырттай алғыс айтып, қашанда көзі түзу Тәңіріме мүнажат келтіріп, біржола тыншыған екем. Ілекең жалпы жұртқа, оның ішінде маған жасап жатқан көп жақсылығының бірегейі болса да, әлденендей ауыр шаруа атқарған сыңай танытпады. Мерейлі қалыпта жымиып күлген де қойған. Шынында да, алдағы екі жылдық жазудан қалатыным, арттағы отбасындық қиындық өз алдына, дүмбілез іс, үлкен қатер еді. Шырғалаң оңымен шешіліпті. Ілекемнің батыл, әрі риясыз көмегі арқасында. Қалай ұмытарсың. Қаламгерлік шешуші кезең – жиырма тоғыз жасымда қисынсыз көлденеңнен әскерге шақырылу машақатым туралы мемуарлық «Мен» дилогиясының бірінші кітабында бажайлап жазылған, Ілекең туралы естелік толымды болуы үшін, қысқаша қайталауға тура келді.

Осы 1969 жылғы екінші бір елеулі оқиға – «Жазушы» баспасының бүгініне ғана емес, алдағы он бес жылдық барлық жұмысына көлеңке түсірді. Орталық әдеби баспамен қатар, бүткіл қазақ әдебиетіне кесел келтірген, ақ-адал қаламгер атаулыны үрей астында ұстаған, бүткіл советтер шегіндегі рухани ахуалдан тыс, шетін, өзгеше жағдаят. Желтоқсан айы, жылдың соңғы бір күнінде «Жазушыға» бас редактор болып Есет Әукебаев келген.

Аманжол Шамкенов Саттар Имашевтің жақын досы саналатын. Арғы түбін кім білген, әйтеуір аралас-құраласы мол. Ғұзырлы хатшы осы жақында ғана ақын досына орталықтан төрт бөлмелік тамаша пәтер алып берген. Көшіп-қонған, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, ішінде қызметтес інісі мен де бармын, ең жақын деген кісілер жиналған алғашқы күні кешқұрым әйелімен бірге келіп, қайырлы болсын айтып шыққан. Жөкең ғұзырлы хатшымен жақындығын алға тартқан емес, әлдеқалайда атын да айтпайтын, бірақ жалпы жұртқа белгілі жағдай.

Ал бұл кезде Имашев Есенберлинге мейлінше қайшы. «Қаһардан» соң, Ілекеңмен арадағы бетеспес күрестің жаңа басталған кезі. Имашев Қонаевтың кісісі саналатын Есенберлинге қарсы жаулығын әзірше ашық білдірмесе де, бар ісінен анық байқалып жатқан. Директор өзінің бас редакторына күмәнмен қарар еді. Баспаның бар құпиясын, тікелей өзіне қатысты жағдаяттарды түгелдей Имашевқа хабарлап отырады деген секемі мол. Алайда, бас редактормен арада әлденендей алауыздық, келіспеушілік ұшырасқан емес. Анығын айтқанда, Аманжол Шамкенов директор мен өзінің орынбасарының аралығында мүлде шарасыз еді. Әйткенмен нық отыр, Имашев барда орнынан жылжыту мүмкін еместей. Ақыры бәрі басқаша шықты. Госкомиздат төрағасы, адуынды Мұхаметқали Сужиков биік дәрежесіне бізден соң, 1967 жылдың күзінде жеткен. Бірден-ақ іскерлігін, өктемдігін танытты. Әуелде орталық Баспагерлер ғимаратын тұрғызу және Полиграфкомбинат пен Қазақкітап мекемелерінің тұрақ-жайын жетілдіру мәселесін қолға алды, өкіміне жалғас беделімен бұл үш тарап, біртұтас кешенге мол ақша бөлгізді және көп ұзамай-ақ құрылыс жұмыстары басталып кеткен.

Осыдан соң баспалардың ішкі шаруаларын бажайлап тексеріпті. Бірден көзіне шалынғаны – жазушылар аса мол қаламақы алады екен. Және бес-он жылда бір-екі емес, кейде жыл аралатып, кейде әлденеше жыл қатарынан. Енді жазушы атаулының соңғы он жыл бойғы шығарған кітаптары негізінде қанша ақша алғаны есептеледі. Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсреповтен бастап, жалғас һәм орта буын және кейіннен жетілген белгілі қаламгерлер түгелдей мемлекет қазынасын талан-таражға салып жатқан жемқорлар болып көрінеді. Осыған орай, ең жоғарыға – Дінмұхамед Қонаев пен идеологиялық хатшының атына ресми қатынас түсіріпті, барлық баспалар, оның ішінде «Жазушы» баспасына бөлінген жылдық қаламақы қорын еселеп қысқарту керек екен, соған сәйкес әрбір баспатабақ еңбекке тиесілі қаражат мөлшерін де мейлінше шектеп, жаңадан белгілеу шарт.

Бұл хабар алдымен Ілияс Есенберлин, одан әрі барша қаламгер қауымға жетті. Сәбит Мұқанов бастап, қалған атақтылар түгел қостап, қарсы уәж жазылды. Уәж ғана емес, мұндай, идеологияға айрықша мән беретін советтік саясатпен сыйыспайтын, дүлей, теріс ниет айыпталған. Нәтижесінде бәрі бұрынғыша қалды, бірақ бұл оқиға Жазушылар одағы мен қаламгер қауымның Госкомиздат төрағасына деген күмәні мен наразылығын туғызып, ақыр түбінде онсыз да Қонаевтың қырындағы Сужиковтың алпыс жасқа толған сәтінде қызметтен шеттеліп, зейнетке кетуіне себеп болған еді. Бірақ оған дейін әлі екі-үш жыл бар. Әзірше манағы, баспагерлік тарабындағы баянды, игілікті жұмыстар жүріп жатыр. Әуелгі «жемқорлар» тізіміне Аманжол Шамкенов та ілінген екен. Үлкендермен салыстырғанда аса мол ақша «жымқырмаса» да, соңғы төрт-бес жылда төрт-бес кітап шығарыпты. Госкомиздат коллегиясының әрбір бейсенбі күні, түстен кейін өтетін кезекті бір мәжілісінде Сужиков «Жазушы» баспасының бас редакторының қызмет бабын пайдаланып, жыл сайын үздіксіз кітап шығарып отырғанын, бұл – ешқандай қисынға келмейтін озбырлық екенін түйіліп, қадап тұрып айтқан еді. Шамкеновтың өзі жоқ, орнына мен барғам. Өзі болса, бұдан да қатты кетуі мүмкін еді. Төраға Сужиков баспа директоры Есенберлинге мұндай жолсыздықты тоқтату туралы нұсқау берді. Бұл – пәленің басы ғана болып шықты. Көп ұзамай мәселе мүлде ушықты. Аманжол Шамкенов өткен жылы Москвада басылған кітабына қомақты қаламақы алған, бірақ осыған сәйкес партиялық жарнасын төлемеген екен. Жазушылар одағында қызмет атқаратын қарт коммунистердің бірі жазыпты. Тұпа-тура КПСС Орталық комитетіне. Және бұл, тиесілі, міндетті партиялық жарнасын жасырған адам өзінің қызмет жағдайын пайдаланып, жыл сайын кітап шығаратыны және Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінде отырған Имашевке арқа сүйер достығы атап айтылған дейді, кім білген, тағы қаншама кінәраты тізбеленсе керек. Жоғарыдан түскен нұсқау бойынша партиялық тексеріс кезінде ең негізгі айыбы расталыпты – алған, төлемеген. Ақиқат шағымда осы кісіге тіркемеленген Имашев ара түсе алмады. Аталмаса да арашалау мүмкін емес. Аманжол Шамкенов партиялық қатаң сөгіс арқалап, қызметінен шеттеген.

Одақтағы жұрт бұл қуатты шағымды әлдекімдер арқылы Есенберлин ұйымдастырды деп жүрді. Ілекеңнің өзі, іштей наразылығы болса да, Аманжолмен ренжісіп, жүз шайысып көрген емес. Анығын айта алмаймын. Біздің жағдайда, кезекті кітабы жоспардан ысырылған, немесе сұраған көлеміне жетпеген кез келген кәрі коммунист жазып жіберуі ықтимал еді. Сөйтіп, Шамкенов болмашыдан сүрінді. Алда үлкен мансаптар күтіп тұрған. Одақ секретары, баспа директоры, газет немесе журнал редакторы – қандай да қызмет қолынан келер еді. Бар жолы кесілді. Кейінірек Әдебиетті насихаттау бюросының бастығы болғаны бар. Шығармашылық тарабында соны бір серпін танытпады, жаңасы – бұрынғының жалғасы, қайталануы. Нешеме ұмтылса да, Мемлекеттік сыйлыққа жете алмады, әйткенмен, Үндістанның Джавахарлал Неру атындағы Халықаралық сыйлығын алған, бұл да әжептәуір мәртебе. Мен баспада жүргенде арамызда қайшылық тумаған, жасы үлкен, әріптес бастығымызды қазақы сыйластық жөнімен, «Жөке» деп тұрар едім, кейінгі заманда бұрынғыдай араласпасақ та, байланысымыз үзілген жоқ, соңғы кезең, «Жұлдызда» отырғанда жыл сайын әлдебір шығармасын беріп тұрар едім. Тәуелсіздік келген таршылық өткелекте тұрмыстан қиындық көрді ғой деймін, арнайы шақыртумен өзі туып-өскен Павлодарына кетті және көп ұзамай, сол ата жұртында дүниеден өтіпті. Иманы жолдас болсын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар