Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Мұқағалидың жаңа өлеңі табылды!...

29.05.2018 13017

Мұқағалидың жаңа өлеңі табылды!

Мұқағалидың жаңа өлеңі табылды! - adebiportal.kz

Кітап оқығанда әсерленгенің соншалықты: ұнатсаң да, ұнатпасаң да, соған байланысты туған ойларыңды, көзқарас, пікірлеріңді сол кітаптың ашық жеріне немесе жиегіне жазу деген өнер болады. Шығыста мұны «һашия» деп атайды. Һашия иесінің кім екенін сол пікір жазушының қалдырған қолтаңбасы арқылы білуге болады...

Қолтаңба демекші, мұндай қолтаңбалар шетелдерде аукционға түсіп, мыңдаған долларларға бағаланып жатады. Бір құжаттарға, кітаптарға қойған қолы табылса да, бір сөзі табылса да, жер жаһанға жар салып, сүйінші сұрасып жатады. Мысалы: Ресей елінде «Достоевский қолтаңбасы 10 000 АҚШ доллары тұрса, Пушкиндікі 25 000 $, Лермонтовтікі 20 000 $, Гогольдікі 15 000 $ көлемінде» бағаланған екен*. Сондай-ақ, Уильям Шекспирдің жай ғана қолтаңбасының өзі 4,65 млн. $-ға бағаланған! Сенесіз бе?!

Ал біз қолтаңбалардың қадірін білеміз бе?! Қазақ қаламгерінің қолтаңбасы пәленбай мың АҚШ долларына бағаланыпты дегенді әлі естіген жоқпыз. Сол себепті еліміздегі қолтаңбалардың жинақталу жайына ғана қысқаша тоқталайық.

Қазақ қаламгерлерінен Мұхтар Әуезовтің ғана ұрпақтарына, замандастарына, жора-жолдас, қоғам қайраткерлеріне берген қолтаңбалары тұңғыш рет жүйеленіп, жиналып, зерттеліп, Филология ғылымының докторы, профессор Гүлзия Пірәлінің авторлығымен жеке кітап болып жарыққа шықты («Автограф»). Кейінгі кезекте – қарымды журналист-қаламгер С.Шүкірұлы өзіне берілген қолтаңбаларды жеке жинақ қылып шығарды («Қолтаңба»). Үшінші – осы жолдардың авторы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасындағы барлық қолтаңбалардың басын біріктіріп, «Қаламгер қолтаңбасы» деген атпен альбом шығарған болатын.

Ал енді әңгімеміздің негізгі өзегі – өлеңмен өрілген һашия мен мөлдіреген қолтаңба тарихына тоқталайық.

Бұл қымбат қазына – Абайдың 1939 жылы шыққан 1-томының 234-бетіне қаламмен қашалған. Авторы – 17 жастағы Мұқағали Мақатаев!

Һәкім Абай кітабынан алған әсерін бозбала Мұқағали бір шумақ өлеңмен былайша білдірген:

Өлмес атың ардақты,

Дария ақыл, алтын сөз.

Тар заманда зарлапты,

Кеткенше әбден жұмып көз.

Абай». «Теңіздің дәмі – тамшыдан» дегендей, бұл бір ғана шумақ өлең болса дағы, мұнда ақынды терең тану, әділ бағалау, парасатты пайым бар.

Біз шырайлы шумақтың авторы Мұқағали Мақатаев екенін кітаптың 193-бетіндегі мына сөздерден аңғардық:

«Мақатаев Мұқағали. 4-июнь. 1948-жылы Қазақ әдебиетінен шығарма емтихан тапсырдық».

Қолтаңба қатесіз, анық, тұп-тұнық каллиграфия! Мұқағалидікі екені дау туғызбайды. Ақынның кітаптарына еніп жүрген қолжазба-фотосуреттерімен де салыстырып көрсеңіз, оған көзіңіз анық жетеді.

1948 жыл – Мұқағали Мақатаевтың ҚазМУ-дың Филология факультетіне оқуға түсетін жылы. Таласымыз жоқ, Мұқағали бала кезінде талай-талай экспромттар шығарғанын ол туралы жазылған естеліктерден жақсы білеміз. Өкініштісі, олардың жоғарыдағы кітаптағыдай немесе басқадай нұсқалардағы «түпнұсқалары» сақталмаған.

Сондықтан да осы келтірілген бір шумақ өлеңі бүгінгі біз үшін – Мұқағалидың ақындығының алғашқы куәлігіндей ерекше көрінеді. Тасқа түскен таңбадай жалғыз шумақ һәм қолтаңба сонысымен ыстық, сонысымен бағалы

P.S. 1949 жыл – М.Мақатаев көктемде Лашын Әзімжановамен отау құрады. Осылайша болашақ ақын, болашақ әке ақындық пен отбасылық жүкті қатар арқалап, жауапты өмірге қадам басады.

* С.Жұмағұл. «Қазақ әдебиеті», №14, 2010, 8-бет.

Ескертпе: Кітап ҚР Ұлттық академиялық кітапхана қорында сақтаулы.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар