Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Нұргүлдің шуақты жырлары...

12.12.2017 5718

Нұргүлдің шуақты жырлары

Нұргүлдің шуақты жырлары - adebiportal.kz

Бұған дейін жұртшылыққа тұңғыш жыр жинағын ұсынып үлгерген Нұргүл Оқашеваның өлеңдерін оқып отырып, «шіркін-ай, оқырманыңды таба алар ма екенсің?», - деген ойдың жетегіне ересің. Өйткені, оқырман дегеніміз – рухани байлық іздеген, сөздің қадірін түсінетін, тіршіліктің жауабынан да сұрағы көп бұралаң жолдарында бір жығылып, бір тұрып келе жатқан жандар. Олар заман қанша салқындап кетсе де, оның бойында сақталған бір жылылық сәулесінің бар екендігіне сенеді. Міне, солар Нұргүлдің осы әдемі жырларына кезіксе, іздегінін тауып, бір жасап қалар еді-ау. Өйткені, ол – «Қайран менің өлеңім тізбекте бір, Сенен солай мың үміт үзбек көңіл. Жалғандықтың жарысқан жолдарымен, Ақиқаттың ауылын іздетті өмір» дейтін мұңдасы мен тілеулесі.

Ал егер ол махаббаттың мұңын бастан кешіп жүрген жан болса, Нұргүлдің: «…Мен көктемді жыр қылдым, көктемге емес, Саған ғашық болғаным үшін ғана», - деген жолдарын оқып, өзінің де не үшін көктемді немесе не үшін күзді немесе не үшін түзді, не үшін ақ қар мен күміс жаңбырды сағынып жүргенін түсінеді. Тіпті: «Жүз күнімнен дайынмын безінуге, Өзіңменен өткізер бір күн үшін», - деген ақиқатын ақтара жазған ақын қыздың сезімінің сүйсе құлай сүйетін жүз қыздың сезімін екі жолға сыйғызған шеберлігіне қуанып, тіпті жүз күрсініп отырып, осы жыр жолдарының шуағында рахат сезіміне батары да анық. «Моншақ тізіп мұңайғанда мен үнсіз, Өлең оқып жұбатқан да едің сіз. Мені қатты сүйем дейсіз, сенемін, Сенімім де сенімсіз...» деген өлең жолдарын оқыса, жанына жұбаныш табар еді. Неге? Өйткені, адам өзінің жандүниесіндегі айта алмай жүрген сырын екінші бір адамның дөп басып айтып тұрғанын естісе, өзінің жалғыз еместігін сезініп, көңілі көшке ілескендей күй кешеді.

Қазіргі заман әр адамның жандүниесінің керек-жарағына көңіл бөліп отыратын заман емес. Қазіргі заман – Нұргүлдің: «Көңілімнің көкпеңбек хошы налып, Жан-тәнімді жанардың жасы қарып. Маңдайыма ақ өлең түзу түскен, Қисық жолмен келеді көшін алып», - деп төгілткеніндей, «қисық жолды» күрделілеу заман. Күрделілеу заманның күрсінісінің ішіне түсіп кетпей, өзіңді асқақ ұстап жүру де ерлік. Бірақ сондай ерлік жасап жүргеніңді кімге айтарсың? Кімге мұңыңды шағасың? Ең қиыны да осы. Сосын сенің сол ерлігіңді өзің айтпасаң да, сені танымаса да, алыстан сезініп отырған ақын деген құдірет барын білген кезде, ақындықты мойындамауға шамаң келмей қалады.

Жәудіреген жанардың жасы күліп,

Күйзелісті мендегі тосып үміт.

Кірпігімнің үстінде жалған күлкім,

Ал астында мұңым тұр жасырынып.

«Кірпігінің астына мұң жасырудың» салмағын оны бастан өткергендер ғана түсінеді. Шынында да, айналаң түгел шаттанып жүргендей сыңай танытып тұрғанда, жалғыз өзің қалай мұңайып отырарсың. Айналаң түгел мұңсыз ғаламның ішінде шалқып жүргендей болып тұрса, «жалған күлкінің» өзін құтқарушыңдай көріп, соған жармаса кетпегенде не істейсің?! Бірақ, сөйтіп жасырып жүргенің бір күні өлең жолдарына төгіле қалғанда, ақынның енді оны айтпауға мүмкіндігі болмай қалады. Бұл әр ақынның басында болатын жағдай. Өлең осылай туады. Шынайы бейнесін көрсетіп туады.

Күмілжіген күлкіні, Қолдан жасап алудан-ақ шаршадым.

Ойларымды күндерім жүр ойқастай,

Мысықтілеу неге бәрі қас маған?

Менің жаным жақпар-жақпар жартастай,

Толқын ұрып тастаған, -

деген жолдарға қалай қарар едіңіз?

Әрине, «жап-жас болып, не болды сонша түңіліп!», - деп қабылдамайтыныңды білтелемей бүкпесіз білдіруге де болар еді. Жас кезімде бір үлкен ақыннан сондай сөз естігенім есімде. Сонда ол кісіге поэзия жас-жасамыс дегенге қарамайтындығын түсіндіргім келген. Оның «жақпар-жақпар жартастай, толқын ұрып тастаған» жағдайын қарабайыр, дәл сол қалпында алмаңыз. Оған сөз өнері, ой өрнегі, сезім тереңдігі тұрғысынан қарасаңыз, ерекше күйге бөленесіз. Және суреттеу, ішкі сезімнің дәл осы шақтағы толғанысын сол қалпынша жеткізудің өзіндік шебер көрінісін тауып алар едіңіз.

Шарасыз шердің шарлап шартарабын,

Өкпелеп кімге кінә арта аламын.

Сүйсініп ессіз сүйіп сізді ғана,

Ғаламның ғазал мұңын арқаладым, -

дегендегісі, шынында да «ғаламның мұңы» екен деп қалмаңыз. Бірақ ақынның ішкі әлемі күллі ғаламды сыйғыза алғандай сезімді бастан кешіріп тұрған соң, ақынның дәл осылай сөйлеуі өте орынды.

Кезінде қазақтың ақберен ақын қызы Фариза Оңғарсынова да Нұргүлдің өлеңдеріне ерекше бағасын беріп, талдап тұрып, тілек айтқаны бар еді. Нұргүл сол айтылған тілектен қанат байлап ұшқан қарлығаштай шеберлігін шыңдаумен келеді.

Сезіміміз ентігумен ескірген,

Көңіліміз мерзімінен кеш күлген.

Біздің өмір дауылпаздың дыбысы,

Тек алыстан әдемілеу естілген, -

деген жолдардан жас ақынның ішкі қарымы ап-айқын көрініп тұр. Нұргүлдің қарымды да шуақты жырлары әлі де жазылу үстінде. Жазыла бергей!

Оңайгүл ТҰРЖАН, ақын,

филология ғылымдарының кандидаты

"Қараша, көшесің бе?"

...Қойдымба ауыр сұрақ?..

Сезімнің көшесінде,

Қалам ба, қайыр сұрап?

Бейбақтың бірімін ғой,

Бақытсыз шағым – үстем.

Мен әлі тірімін ғой,

Сап-сарысағынышпен.

Қараша – Жаным емі,

Күрсінткен түндерге мұң.

Кетпеші,

Әлі Оны,

Сағынып үлгермедім.

Кетпеші,

Ол да мені,

Сағынып қалар бір күн!..

...Шашылған жолда өлеңі,

Жапырақ... хабар мүмкін.

***

Үнсіздікке ұйып кетті ме ғалам?

Қадалған сәтте көзіме көзің.

Кең әлем тарлық етті ме маған?

Сымай барамын өзіме-өзім.

Бере де алмай бағыма көрік,

Жаулауға бір мұң сананы әзір.

Тоқтай қаласың жаныма келіп,

Уақыт тоқтап қалады қазір.

Жалғанға жүк боп өлеңнің зары,

Үндеуге саған именем, күнім.

«Зымырар уақыт» дегеннің бәрі,

Дәл мендей болып сүймеген бұрын.

Сезімнің серті – ізгі үннен таныр,

Бағындырғанға бағынбау, сірә.

Уақытқа да жүргізген әмір,

Махаббат, саған табынбау – күнә!

***

Мен саған әлі керекпін,

Сенделтсе сары уайым бар.

«Сүйемін» дедің ерек тым,

«Өтірік» деді қайыңдар.

Матаған шақта мұң-керме,

Айналып кеттім ызғарға.

«Өтірік» деді гүлдер де,

«Өтірік» деді қыздар да.

Өзгені жазған өз емі,

Өтірік – тәтті жиған мұң.

О, неткен ғажап сөз еді,

Тәңірдей сендім, иландым.

От көрмей жүрсек өлеңнен,

Жүректі, демек, жеңді сыз.

Өтіріктер бар – сенем мен,

Ақиқатқа да бергісіз.

Жаныңа тастай батады-ақ,

Сезімсіз сәтке сыю көп.

Жазылған шығар махаббат,

Сүймейтінін де сүю боп.

Сезіммен ойнап мендегі,

«Өтірік» десіп кек күлген.

«Алдаған» күні сен мені,

Шындықты сатып кеттім мен.

***

Үнсіз жылап... жабығып... жасық күліп...

Сайрап жатыр өлеңде шеккен мұңым.

Тандырардай есімнен ғашық қылып,

Қалай болды үн-түнсіз кеткендігің?

Жан дүниемді өртеген сезім қинай,

Сергелдеңмін. Өлең мен Құдай куә.

Әлем сыйған жүрекке өзім сыймай,

Жүргендігім осылай ұнай(ды) ма?

Өзгерте алсам қатігез шешіміңді,

Арманыммен ақұлпа араласқан.

Түн жарымда қақсам ба есігіңді,

Әй-шайға қарамастан.

Бәлкім, өкпе артасың Күзге сен де,

Қараша бұл дертімді шашып-төккен.

Бақытымды баянды іздесем бе,

Өзге жанның үйіне қашып кеткен.

Жан таппадым жалғаннан сенен дара,

Әттең, мендік көңілді кеш демейсің...

Келетіні қолымнан - өлең ғана,

Сен маған не істе дейсің?!

***

ТІРШІЛІККЕ «ДАТ»

Сезіміме бір түйір татыр ма едің?

Аты аталса атқақтап тұрса кеуде

алда! Арба! Басымды қатыр менің,

Ол туралы ойлауға мұрша берме!

Оған барар жолдардың бөге бәрін,

Естеліктер ескірсін санамдағы.

Қарсы алдымнан шықпасын - өлең, әні,

Оның жақын тұтатын адамдары.

Үмітті өшір құрбым ол ең сенетін,

Құрдымына қайғының батырды де...

Шарфты да тақпасын, ол себетін,

Ешбір еркек сеппесін әтірді де.

Еш сүймеген адамдай сезінейін,

Азабымды аз күнге азық қылып...

Төсегіме жеткеннен көз ілейін,

Тасыр мінез тағдырдан қажып тұрып...

Құша алмастан ішінен тынар демім,

Үздігумен қаратпа жолдарға аса.

Осылардың бәріне шыдар ма едім,

Өмірде ОЛ болмаса?!

***

Үміт сыйла! Өзге одан жоқ талабым,

Білесің бе, әр басқан шоқ – қадамым.

Атылғалы тұр еді мынау жүрек,

Өзің келіп сен оған оқ қададың.

Күйігіңе күйдім көп, жанып тағы,

Дәрменсіздің қашанда ғаріп таңы.

Тұманданып көз алдым бара жатыр,

Жарғанаттың күйіндей жарықтағы.

Жан жасымды параққа көшіріп көп,

Отырамын амалсыз кешіріп тек.

Өзің жаққан сезімнің алау отын,

Ерініңнің демімен өшіріп кет!..

***

Көңіліңнің кестесін көркемдейтін,

Кейде сәттер болады дерт емдейтін.

Адамдарға таңғалам сүйе тұра,

Маздамайтын, жанбайтын, өртенбейтін!

Сүйген жанға – серт пенен ар, иба сын,

Ар жолында төгілсін нәби жасым.

Менің толқын-сезімім келе жатыр,

Бұзып-жарып тірліктің қағидасын.

Іздеп тауып жүректің дәруішін,

Сүйейікші мәңгілік жану үшін!

Жылдар бойы сөз ғып ел айтып жүрер,

Соңымызда бір белгі қалу үшін...

Сүйейікші!!!

***

Оған жетер жан жоқ, білем, ғаламда,

О, Құдайым!

Жаратар ма ең мінсіз ғып?!

Жолайрықта жолыққанда адамға,

Неге, неге көп сөйлейді үнсіздік?

Қара түстің бәрін түгел жеңеді,

Оның ойы ақ сәуледей елестеп...

Жанында оның айқайлағым келеді,

Адалдықтың бәрі аппақ емес деп...

Оның сөзі сенер едім шүбәсіз,

Бір ақ сәуле тамып кетсе қараға.

Кешір Құдай, пенделер бар күнәсіз,

Күнәдан пәк періштелер ғана ма?

Мынау әлем таң қалмаймын күйресе,

Оны бөліп алсам бір сәт, бір күннен.

Күйем, жанам, кешіп келем күй неше,

...Кешір, өмір, оны сүріп жүрмін мен...

***

Ұмыту – мүмкін емес. Солай, жаным,

Бүгін өзің туралы көп ойладым...

Екеуміз бірге өткерген батыл күндер...

Қалайша ұмыттың сен оңай бәрін?!

Айлы түнде енесің түсіме мың,

Танытасың қатігез кісі реңін.

Екеуміз бірге өткерген әсем кешті,

Қалай сенің есіңе түсіремін?

Дәл сол сәттей қайталап қылығымды,

Көз алдыңа әкелсем ұры күнді...

Сен ұнатқан кең етек көйлек киіп,

Қос өрім қып өрсем бе бұрымымды?

Алдарқанып бар үміт, бар ойынға,

Өмірге аңғал көңілмен қарайын ба?

Саған арнап ең дәмді ас пісіріп,

Саусағымды күйдіріп алайын ба?

Айтайын ба сол күнгі арманымды,

Жетейін бе көз ілмей таңға нұрлы?

Есіңе түсер ме екен...тәрк етейін,

Сен үшін тым қадірсіз жалғанымды.

Айтсам бәрін көңілің қоштар нені,

Қиялдаймын қия алмай босқа әрнені.

Мендік сезім – жазылған осы өлеңде,

Өлеңімді оқы да еске ал мені.

***

Сезімдерді Күздей суық еткен кім?

Көңілімнен күңіренген күй ақты...

Сіз жанымнан тым жырақтап кеткен күн,

Әлем мені тастап кеткен сияқты...

Ақша бұлттай арманымды мазақтап,

Моншақ қылып мойныма ілді мұңдарын.

Өмір менің жүрегімді азаптап,

Сұғып жатыр сояу-сояу тырнағын.

Күйреткенде бақыт, уақыт жайлы арман,

Ессіз қыздың ақылы да ауыспақ.

Сезім менен Сізді теріс айналған,

Жоқтасам ба, іздесем бе дауыс сап?..

Сезімдерді Күздей суық еткен кім?

Көңілімнен күңіренген күй ақты...

Сіз жанымнан тым жырақтап кеткен күн,

Өлең мені құтқаратын сияқты.

***

БАҚЫТ-ҚҰБЫЛА

Өмір мені өгей қызым дегендей,

Өлшеп берген қуанышын бұлдайды.

Жанымды жеп жазылмаған өлеңдей,

Жігерімді жаныштайды бір қайғы.

Сонсоң қайта жабысады налам боп,

Гүл-үміттің үзіп тастап сабағын.

Сонда да мен аласұрам бағам деп,

Е-е-х, тоңмойын тірлігімнің қабағын.

Қажытуға құмар неге құлқыны,

Арыла алмай шат күнімді аңсадым.

Жарылардай...

Күмілжіген күлкіні,

Қолдан жасап алудан-ақ шаршадым.

Ойларымды күндерім жүр ойқастай,

Мысықтілеу неге бәрі қас маған?

Менің жаным жақпар-жақпар жартастай,

Толқын ұрып тастаған.

Жанарымның жалынышты етегі,

Бақыт жолын мына маған нұсқар кім?

Кейде аспанға жыр жазғым кеп кетеді,

Қанаттарын қалам қылып құстардың.

Өмір мені өгей қызым дегендей,

Өлшеп берген қуанышын бұлдайды.

Жанымды жеп жазылмаған өлеңдей,

Жігерімді жаныштайды бір қайғы.

Бақыт іздеп, бөлдім неге бекерге ой,

Құлақкесті құлшылығым мұратым.

Бақыт біткен құбылада екен ғой,

Менмұндалап тұратын!

***

Ұрттап ішіп у құйылған кеседен,

Махаббатқа жалғыз бардым кеше мен...

Менің өжет мінезіме таңырқап,

Түндігінен сығалайды пешенем.

Сағыныштан байғұс жүрек тоңады ә,

Жаңбыр тағы жасын төкті далаға...

Мен ынтыққан, лүпілдеген жүректі,

Әлдекіммен бөлісуге бола ма?

Жоқ!

Болмайды!

Болмайтынын білемін,

Жүрегіңе келер содан түнегім.

Сағынышты сөндіруге құлшынып,

Жан жағымнан анталайды мұң, өлім.

Сүйген жүрек танытқанда жасықтық,

Жердің бетін жүре алмаспын басып тік.

Әлеміңнен жоғаламын жүректі,

Жүрегіме кеткен күні ғашық қып.

Солай!!!

***

Бәрін неден бастадық бәрін неден,

Бір ауыз сөз құртты ма "жаным" деген?

Неге, неге үндесе кеттің екен,

Жалғыздықтан жабыққан жанымменен.

Сүйіп қалған жүректе бар ма кінә?

Сізсіз жол жоқ жететін арманыма.

Бейуақытта кездескен бір тағдырдың,

Бір тағдырға байланып қалғаны ма?

Тұйықталған жолыңа қарай-қарай,

Солғын тартып кетпей жүр жанар қалай?

Жақындаудан жасқанып жаныңызға,

Алыстаудан қорқамын қалай ғана-ай!?

Азаптаған тағдырды көтермедім,

«Жетер!» дегім келеді «жетер!» дегім.

Шарпып жатқан сезімге күйіп өліп,

Күлге айналып, шіркін-ай, кетер ме едім?!

***

Өлшеймін немен өлшеймін нарқын,

Құрғатам қалай мұң-шықты?..

Сарғайған менде сағыныш бар-тын,

Үнсіздігіме тұншықты.

Соңынан оның мың құлай ердім,

Үміттерімді тағы алдай.

Телефонымды ұрғылай бердім,

Қоңырау оған шала алмай.

Қиялда ғана тербетті ізгім,

Ұялтып жүр ғой қыспаққа ап...

Әңгіме қылдым келбетін Күздің,

Сағынғанымды ұстап қап.

Хаттың да сыры өте күпті еді,

Жолданбай қалған Ай барып...

Жүректің тәтті қателіктері,

Өлеңге кетті айналып.

Күйіме күліп, күндейді кейде ел,

Қаңқу сөз, жала, зәбірмен...

«Жүрекке әмір жүрмейді» дей ме ел,

Жүргізіп жүрмін әмір мен?!

Нұргүл ОҚАШЕВА.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар