Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ой биігінде табысқандар...

11.07.2018 7143

Ой биігінде табысқандар

Ой биігінде табысқандар - adebiportal.kz

Бүкіл шығармашылығын «Ар» ілімі мен имандылыққа, адами құндылықтарға, жаратылыстың тылсымына негіздеген Шәкәрім мен Мәшһүр-Жүсіп бабаларымыздың рухани мұрасына деген қызығушылық жыл сайын артып келеді.

Биыл туғандарына 160 жыл толып отырған қос алыптың асыл қазынасы туған халқымен мәңгі жасай берері анық. Тереңіне бойлап, әр сөзіне үңілген сайын осыған көз жеткіземіз. Адамзат философиясымен сусындап, күллі жаратылыстың тылсымына үңілген ойшылдардың шығармаларынан ғажап үндестікті байқаймыз. Ол заңдылық та. Қазақ топырағында тамыр жайған қос бәйтерек адамзаттың ой биігінде табысты. Алысты шолған қырандай нені айтса да астарлап, меңзеп, жұмбақ жырларының кілтін зерделі ұрпақтың қолына табыстады. Екі ойшыл да пенделік өмірдегі нәпсімен күресті тереңнен толғай жазды. Бұл ешқашан таусылмайтын ең күрделі тақырып. Өмір бойы өз мініңмен күресу ойлы адам үшін нағыз ерлікпен пара-пар.

Мықтымын деп мақтанба ақыл білсең,

Мықты болсаң өзіңнің нәпсіңді жең,

- деп хакім Абай да осыны меңзейді.

Надандықтың көлеңкесін қуып, айналасына күндей шуақ шашқан даналар дүниетанымы халқын шын бақытқа бастап келеді. Шәкәрім бабамыз:

Адамдық борышың-
Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай
Ар сақта оны біл.
Талаптан да білім мен өнер үйрен,
Білімсіз, өнерсіз,
Болады ақын –тұл.
Мақтанға салынба
Мансаптың тағы үшін,
Нәпсіңе билетпе
Басыңның бағы үшін.
Өміріңді сарп қыл

Өлгеніңше,
Жоба тап ,

Жол көрсет,
Келешек қамы үшін.
Қайтадан қайырылып ,
Қауымға келмейсің,
Барыңды,

Нәріңді
Тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,
Шын бақыт-осыны ұқ,
Мәңгілік өлмейсің!

Демек әр адамның өмір сүру қағидасы:
1.Халқыңа адал еңбек ету
2.Білім мен өнер үйрену
3.Келешекке жол көрсету
4.Ұрпаққа үлгі болатын іс қалдыру болуға тиісті.

Осы үдеден қаншалықты шыға алып жүрміз? Бұл әрбір жастың ойланатын сұрағы. Хәкім Абайдай қазақтың «ат шаба алмас мінімен» күрескен қос алыптың өмірі де қиындық пен азапқа толы. Бодандықтың бұғауына түсіп бар мен жоқтың ортасында қалған елінің ертеңі оларға маза бермеді. Халқының азаттығы мен жарқын болашағы үшін барын берді. Тағдырдың қатал үкіміне бой ұсынбай, әр сөзімен жас ұрпақтың кеудесіне азаттықтың алтын дәнін екті. Халқының көз жасымен суарылып көктеген сол дән елді бүгінгі тәуелсіздікке жеткізді. Тәңірге тәубә! Олар тар заманда туса да, Хақ жолынан айнымай таза ақыл мен ойына ерік беріп, қиял қанатын кеңге жайды. Жаратушының адамға берген шексіз құдіреті де осы болса керек.

Тақуа Мәшһүр-Жүсіп:

Исламның бес парызы, біреуі – иман,

Таппайды бұл бесеуін, дүние жиған.

Ықтият, шын ниетпен жұмыс қылып,

Ерлерді айт Құдай үшін, жанын қиған

– деп толғап қана қоймай, өзі де шариғат жолымен жүрген адам.

Бірақ қос алыптың діншілдігі соқыр сенім қараңғылық емес жарықққа ұмтылушы кемел ой-танымның нәтижесінде жеткен биік. Таза ақыл мен ақ жүрекке жүгінген нағыз әулиелердің жолы.

Екеуі де өмірін ілім-білімге арнап адам болсам деп алысқа аттанды. Батыс пен Шығыстан қатар оқып кемелденген алыптардың Алладан келген қасиетті төрт кітаптан да хабардар болғаны анық. Рухани нәрді Абайдан тартып адамзаттың биігіне шықты. Халқын да сол биікке жетеледі.

Қоғамды өзгертетін – сана. Сана өзгермей қоғам өзгермек емес. Адам адамдыққа талпынатын болса, алдымен білім үйренуге ұмтылуы керек. Білімсіз тапқан бақтың да, дәулеттің де баянсыз екені белгілі. Адамға қазына – дәулет жолдас болмайды, ғылым ғана мәңгі өмірсерік. М.Ж.Көпеев әуел баста баланы оқуға, білімге беруді насихаттаған. Ғылымның бойға көрік, жарлыға мал екенін «Нәпсіңді атқа мінгізбе» өленіңде де жақсы айтқан.

Ғылым біл, жұмыс істе, — оған серік

Жарлыға мал, бұл ғылым бойға көрік

Ғылым, білім, өнерсіз, қадірсізді,

Өлік біл, оны жан деп білме тірі.

Адам таңдап бәрінен ақылды алған,

Ақыл тұрған жеріне иман барған.

Сол иманның соңынан ұят еріп,

Үшеуі бір араға орнатылған.

Міне, осындай ізгі қасиеттер адам бойына толыққанда ғана адам жаны нұрланса керек. Шәкәрім де, Мәшһүр-Жүсіп атамыз да ел бүлініп, санасы өзгеріске түсе бастағанда арғы бабалардың саф асыл қасиеттерімен кемел ойларын таза қалпында бізге жеткізуші алтын көпірлер іспетті.

Қос алыпты өзіне үлгі етіп шығармаларын зерттеп,зерделеп жүрген жас ұрпақ ойшылдыққа бет қояды. Ойлы жас елдің ертеңі.

Арман ШЕРИЗАТ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар