Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Олжас Сүлейменов. Бүгінгінің әпенделері мына – Біз...

17.09.2018 6478

Олжас Сүлейменов. Бүгінгінің әпенделері мына – Біз!

Олжас Сүлейменов. Бүгінгінің әпенделері мына – Біз! - adebiportal.kz

Биыл Ресей астанасы – Мәскеуде жарық көретін «Литературная газета» басылымында қазақтың әйгілі ақыны, лингвисті, әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің сұқбаты жарияланған болатын. Сұқбатты Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы әрі «ЛГ»-ның меншікті тілшісі Бақытжан Қанапиянов жүргізген. Біз сол сұқбатты оқырман қауымға қазақ тілінде ұсынуды жөн көрдік.

– Осыдан екі жыл бұрынғы мерейтойыңызда: «Сексен жылдықдан соңғы әрі жыл – мен үшін мерейтой», ­‒ деген едіңіз. Мерекелік шара мамыр айында өткені белгілі. Көп жылғы дәстүр бойынша Алматыдағы ҚазҰАУ-дің алаңында ардагер-волейболшылардың үш күндік жарысы басталған-ды. Солардың ішінде Сіз де болдыңыз ба?

– Иә, екі-үш партиясына қатысқаным рас. Бірақ, бұл символикалық мәнге ие ойын екені айтпаса да түсінікті!.. Уақыт атты арғымақ алға шапқан сайын ондай шаралардан да қол үзуге мәжбүрміз. Себебі, жазу үстелімде аяқталмай жатқан қаншама дүниелерім бар. Ата-бабаларымыз туралы жиған-терген, білген-оқығандарымнан көп нәрсені жеткізіп үлгеруім қажет.

– Сондағы айтпағыңыз...

– Мен Тас дәуірінде іспен емес, бос дүниемен өмірін өткізгендер жөнінде... Мамонттарға шабуылдап емес, тылсым да түсініксіздеу үндестік іздеп, тасқа таңба бәдіздегендер турасында білгім келді. Қарасам, елу жыл бойғы уақытымды «бұрынғылар немен шұғылданды?» деген сұраққа жауап іздеуге арнаппын.

– Білуімше, бұдан да өзге жұмыстарыңыз бар...

– Бары бар ғой, алайда бұл – негізгісі. Ол алғашқы бейнелі жазудың қалай пайда болғанын түсінуіме сеп болды. Ондаған мыңжылдық тарихы бар осы таңбалар атауынан Сөздер туды. Бұлар бізге дейін жеткен якут, ацтек, ағылшын, славян, түркі, моңғол тілдерінде сақталған. Мен тарихқа дейін түркі тілдері оғыз, қарлұқ, қыпшақ, бұлғар тілдеріне тармақталғанын білдім. Славян тілі прото-орыс, болгар, серб, герман тілі ағылшын, неміс, скандинав тілдеріне бөлінген-ді. Яғни, бұл жағдай есте жоқ ерте замандағы Африкада орын алған екен. Бүгіндері Біз жалпытарихымыздан сыр шертер үнсіз археологиялық артефактілер мен ғасырлар қойнауындағы түрлі үзік-үзік жылнамалар – соңғы мыңжылдықта ғұмыр кешкен белгісіз туындыгерлердің мұрасы. Қазіргі көзі тірі тұлғаларда ежелгі тас дәуірі мен Орта ғасырлар кезіндегідей көзқарас қалыптасқан. Қайта, отқа қақтамайтынына шүкір дейсің. Тауарих турасындағы толымды дерек тек лексикада, әр елдің тарихы ұлттың сөздігінде ғана сарымайдай сақталған. Мемлекеттерде ғылым жөнінде белгілі бір түсінік бекіді. Басты назар – іргелі («олар қорғанысқа жұмыс істейді»), ал қалғаны гуманитарлылардың еншісінде. Этимология ядролық қарудың қозғалтқышын ойлап табуға үлес қоспас, бірақ оны да фундаменталдылардың, «қорғаныс ғылымдарының» қатарына қосуға әбден болады. Себебі, этимология ғана ұлттық сананы қызғыштай қорып қала алады. Айталық, славяндар сана-сезімінің дерті сонда, батыс тілдерінің бірқатарында slaven сөзі – «құл» ¹ дегенмен мағыналас. Лингвист жаңағы ұғымның бұл әйгілі этнонимге тікелей қатысы жоқ екенін түсіндіруі тиіс. Және, ол пәленбай ғасыр бойы дүниетанымына әсер еткен бұл пәнсөзді тек славяндарға ғана емес, сонымен қоса германдарға, басқа да еуропалықтарға тәпсірлеп беруге міндетті. Бірінде – тәкаппарлық, паңдық, ал енді бірінің өн бойында өзді-өзін кемсіту комплексі бар. Соғыстың басталу сыры – бір дүниелердің жөнді әрі уақтылы түсіндірмеуінде. Ресейге һәм «Орыс әлеміне» деген «шабуыл» – көпғасыр бойы жұрт жадында жатталған сол лексема мен нұсқаларының әсері. Этимологтар үнсіз отырғанда, әлгі нәрсе бәрін жегіқұрттай жеп, айналасын үңгіп барады. Сол ғалымдар өз ойын қай жерде айтуға тиіс? Уақытында «Вопросы языкознания», «Советская тюркология», «Вопросы литературы» секілді жорналдар шыққан. Славистер өзінің жазған ғылыми мақалаларын қайда алып барып жариялайтынын білген-ді. Ал, қазір ше? «Наука» баспасының жабылғалы жатқандығы туралы естуің бар ма?

– «ЛГ» басылымы бұл бастамаға бас-көз бола алады деген ойдамын...

– Көсемсөз үшін. Дегенмен, гуманитарлық ғылымдардың қозғаушы күші – сол публицистика. Әсілі, әдебиеттің ішінде тілтану да жоқ емес. Сақа лингвист-этимолог сөз бен образды жазушыдай сезінуі қажет. Сонда ғана жағдай тұрақталмақ. Мұны мен Ресейдің Халықтар достығы университетінің (РУДН) ұстаздарымен пікірлескенде ұғындым. Былтыр Біз тізе қосып, Чехияда этимология мәселелеріне арналған үлкен конференция өткізген ек. Байқасам, мұнымыз пайдаға асыпты. Егер, «ЛГ»-ны slaven лексемасының проблемалары қызықтырып, ол басылым этимологтардың басын қосса, уақыт тауып баруға тырысамын.

«Тюрки в доистории» (2002) атты кітабыңызда Сіз тілтанудағы тың сала – «түркі-славянтануды» өрістетуді ұсынып, ортақ сөздердің мән-мазмұнын ашу кезінде түркітанушылар мен славистердің күш-қуатын бір арнаға тоғыстыруды мақсат тұттыңыз.

– КСРО күйреп, шаңырағы ортасына түскен соң, «тәуелсіздік пен еркіндік» рухы филологияға да әсер етпей қоймады. Соның кесірінен сүзгіден өтпеген және де редактор қаламы тимеген, «негізсіз ғылымдарды» дәріптер жинақтар көптеп жарық көрді. Қылаяғы олар корректор да ұстаған жоқ. Бір авторлар түркілердің, енді – бірі славяндардың, үшіншілері – угро-финдердің басымдығы жөнінде жазды. Кеңес үкіметінің құлауы этностардың алыстауына, алшақтауына себепкер болмауы тиіс. Әгәрәки, саясаттың қолынан келмесе, онда ғылым халықтардың бір-бірінен суынбай, өзегіне оралып, өткендегі туыстығын тану – арқылы бүгіндері және келешекте бірігуіне кепіл болмақ. Ресей филологиясына славян-угрофинтану, славян-германтану, және, әрине славян-түркітану сынды пәндер енгізілуі тиіс. Егер де, славистер түркітануға барса, онда тарихқа дейінгі славян тілдерінің жаңа парақтары ашылар еді. Дәл осыны славянтануға арналған деректерге ден қойған түркітануға да қатыстыра айтсақ артық емес.

– Түркі-славянтану саласы орыс және қазақ тіліне қандай жаңалық алып келуі мүмкін?

– Әңгіме, былай, өз тәжірибеме сүйене отыра айтайын. Әзірбайжан ақындары мен саясаткерлері кеңінен қолданатын torpak («жер») сөзінің шығу тегіне мән берерде, мен оны түріктің toprak («жер»), қазақтың топрак («тозаң»), оңтүстік славянның «то прах» («тозаң») сөздерімен қатар қойып салыстырдым. Сөйтіп, мен орыс тіліндегі бұл лексема порох, порошок деген ұғыммен туыстас екенін аңғарып, салыстырмалы тілтануда «танылмаған артикль» атты жаңа тақырып таптым. Славяндар сөздің дыбысталуына қарап, өзге тілдегі сөздерді өзінің артиклі деп қабылдаған. Содан «жалған артикль» деген түсінік туған. Қазақта тостаган («тостаған») деген сөз бар. Кезіндегі орыс ортасында дауыссыз «г» қасындағы с, т, н секілді қатаң дыбыстар негізінде, к-ға айналып, жылысу барысында *то стаган сөзі туды. Сөйтіп, Ресейде су ішетін ең атақты ыдыстың атауы – стакан деген ұғым осылайша пайда болды. Енді, түркі-славист сөзді зерделер кезінде, мәселен, тогай (қазақша «тоғай») сөзін гай («тоғай») түсінігімен салыстыру барысында өзге де деректерге мән беріп, *то гай ма, әлде, тогай сөзі тұңғыш туды ма деген сұраққа жауап іздейтін болады. Артикльдер әр кезеңде және славян тілдерінің бәрінде бірдей қолданысқа енбегендіктен, олардың сөздігінде де толық зерттелмеген сөздер де кездесуі заңдылық. Сондықтан да, то, та-дан (танылмаған артикль), *те, се-ден (танылған артикль) басталатын сөздердің астарына үңілу артықтық етпес деп білемін. Мысалы, өзім ашқан жаңалықпен бөлісейін, Геродот сипаттауындағы Босфор маңындағы жер Tastambyly деп аталған. Славяндар мұны ta stambuly деді. Бұл сөз елдімекеннің атауы, кейін кезіндегі гректер патшаларының дәреже-деңгейіне орай Константинополис деп қойған қазіргі Ыстамбұлдың атына айналды.

– Бұл қисыныңызға көпшілік сенімсіздікпен қарайтын сияқты...

– Бұл әзірге ғана. Ежелгі дүниенің мәдени һәм саяси өміріне славяндардың (түркілердің де) белсене қатысқаны туралы дәлелдер жазылып жатқан кітабымда бар екенін ескерткім келеді. Оның үзінділерін «Литературная газетаға» бере аламын. Осы тақырыпқа арналған жаңа айдар да ашуға болады...

– «Тюрки в доистории» атты еңбегіңізде Сіз грамматиктерімізге тән ортақ ұқсастықтар туралы айтып едіңіз. Айтпақшы, «тарихқа дейін» деген терминді тарқатып айтып берсеңіз?

– Ғылымда адамзат тарихын б.э.д. IV мыңжылдықтағы Шумерстаннан (қазіргі Ирак) тартып санау дәстүрі бар. Ал, одан бұрынғыңыз – тарихқа дейінгі кезең боп саналады. Оның өлшемі – 100 мыңжылдыққа жуық уақыт. Сол тұста тілдер қалыптанып, топтасып, алғашқы жазу үлгілері мен этностардың, Ай мен Күнге табыну секілді ілкі діни сенімдердің түзілгені даусыз.

– Түркілерді «тарихқа дейінгі» кезеңге қосқаныңыз да сондықтан екен ғой?

– Иә, олар да – славяндар, германдар, қытайлар сияқты һомо сапиенстің өкілдері.

– Грамматикаға қайта ойыссақ...

– Мен славистерге қазақ тілінің грамматикасымен танысып шығуға кеңес берер ем. Сонда ол, мәселенки қазақтардың етістіктен зат есімді қалайша туындататынын байқар еді. Бұл орыс грамматикасындағы кейбір дүниелерді түсіндіруге бағытталған көмекші құрал есебінде жүрмек. Аталмыш тілдің этимологиялық сөздігінде (Оның бірқанша түрі бар. Соның ішіндегі Преображенский мен Фасмердікін тәуір көремін) дума, ведьма сынды сөздер бір-біріне жақындығына қарамастан бөлек-бөлек қарастырады. Тегінде, бұларды тесьма, кошма, чума дегендермен бірге топтастырған абзал. Мұнымен қатар, мольба, борьба, судьба, гульба пәнсөздерін бір топқа жинақтай түскен жөн. Ол ұғымдарды жеке-жеке саралау барысында ғалымдар таң қаларлық нәтижеге жеткен, нағында таңдандырған. Айталық, уйма сөзін, Преображенский ғой деймін, шамасы, уиметь-тен шығарса, қалғаны сол қызық этимологияны айнақатесіз қайталап шығады. Түркі тілдерінің қыпшақ тобында (қазақ, татар, қарашай-балқар (малқар) т.б.) басты болымсыз етістікке (императив) – ба (– па, – ма) жұрнағы жалғанады. Тілтанушылар б/п/м секілді еріндік дауыссыздардың механикалық қайталануын түркілік деп атайды. Қазақ тілінде осынау жұрнақтың (ба, па, ма) 3 түрі де пайдаланылады.

– «Чума» сөзі қазақ тілінен енбеген шығар деген үміт бар! Солай ма?..

– Ол Алтай тілдерінің бірінен кірген. Хакастарда чуу – «жұқтыр», чуума – «індет» деген мағына бермек. Сонымен, «императив + ба (ма, па) = зат есім» формуласымен қарулануды ұсынамыз. Сонда ғана, Мәскеу я болмаса Владивостоктағы мектеп оқушысына служи – служба, дружи – дружба, бори – борьба, пали – пальба, моли – мольба қатарлы етістіктерден қалай зат есім түзілетіндігін түсіндіру қиынға соқпасы анық.

– «Ведьма» сөзі ше?

Веди – «біл», ведьма – «білуші». Шіркеу пұтқа табынушылардың данышпандарымен күресу кезінде, соларға сай образ жасауға тырысқан. Бұл үшін «аналық тектің жалғауын» сәтті қолданған екен.

– Ал, «дума» – кірме сөз бе?

– Бұған қарап славяндар ережені ежелден-ақ меңгергенін анық аңдаймыз. Шумерстанның тілдік айналымында алғашқы-иероглиф болған. Соның негізінде славяндар осы сөзді тудырды. Думати – әуелгіде «сөйлеу», кейіндеу барып қана «ойлану» мағынасына ауысты. РФ Мемлекеттік Думасындағы жағдай басқаша деп сенемін. Алдыменен ойланады, одан соң барып сөйлейді. «Сөйлеу» сөзінің мән-мағынасы Ресей парламенті – Думаның атауында жасырынғаны шындық. Өйткені, «парламент» терминінің өзі француздың парле – «сөйле» дегенінен шыққан.

– Ресей ғылымы жоғарыдағы формуланы қабылдай ма екен?

– Бірден емес, бірақ қабылдайды. Мұнымен қоса, олар орыс тіліндегі негізгі етістік бұрнағыдан инфинитивтік емес, императивтік мәнге ие деген ұсынысты да мақұлдауы қажет. Инфинитивтен кейін зат есім туындағанын ескере отыра, әрине. Алғашында мольба (*моли+ба), одан соң молитва (*молить+ва) сөзі туды. Битва (*бить+ва), бритва (*брить+ва) дегендей ғой.

– Ал, қазақ тілтанушылары ұсынылған формуланы мектеп оқулықтарына енгізеді деп ойлайсыз ба?..

– Ол да бірден жүзеге асатын шаруа емес. Бұлар да басымдықты инфинитивке береді. Үндіеуропалық теориясы үстемдігінің қандай екенін осыдан-ақ көреміз. Мен орыс және қазақ мектептері баршаға ұғынықты механизмді меңгеріп, өздігінше бұйрық райындағы етістіктер негізінде жаңа сөздер туындатқанын шын жүректен қалаймын. Мұндай ортақ сабақтар өскелең ұрпақтың кезінде бәріміз өзара байланыста болғандығын, тарихымызда ортақтықтар бар екендігін түсінуіне жол ашады. Етістіктен жасалған зат есімге жалғанған жұрнақты түркі-қыпшақтар тарихқа дейінгі славяндардан алған. Ол кезде терістеу грамматикасы «адамзаттың аралық отаны» – Ежелгі Жерорта теңізінде қалыптасқан-ды. Қола дәуіріне дейін ол жерде қазіргі Еуропаны, Азияны және Американы мекен еткен елдердің арғы аталары тұрақтаған. Әлгілер сол жерден жалпақ жаһанға тарап, өзімен бірге білген ақпардың бәрін алып кеткен. Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі (12 жыл) боп қызмет еткенімде, мен «Тарихқа дейінгі және ежелгі тарих тұсындағы Ұлы көш» атты тақырыппен 6 халықаралық ғылыми конференция өткіздім. Сол жобаны ұйымдастыру барысында маған «адамзаттың аралық отаны», Тынық мұхитын кесіп өтіп, Оңтүстік-Шығыс Азиядан Оңтүстік Америкаға көшіп-қонудың бағытын жан-жақты ашып беру турасындағы идеялар туды. Бұл – мұқият зерттеп, асықпай талдауды қажет ететін жұмыс. Конференциялар өтіп тұруы қажет, бірақ ЮНЕСКО-ның қолы босайтын емес. Онсыз да аталған Халықаралық ұйым битін сығып, қанын жалап жүр...

– «Код слова» (2013 жыл) атты кітабыңызда этимология жөніндегі жаңа әдіс ұсынған едіңіз. Сөздердің пайда болуы алғашқы-иероглифтермен байланысты. Пайымдауыңызша, ілкідегі әр сөз образды таңбаның атауы болған екен. Тайпа абыздары өзіне дейін жеткен графеманы талқылау арқылы, оған ат қойып, айдар тағып, одан үлкен мағына көрсе, кейін сол сөзге айналған. Сұқбат соңында, жоғарыдағы әдісті ең қарапайым мысал негізінде түсіндіріп беріңізші...

– Ең қарапайымын ба?.. Көрсетейін. Б.э.д. II мыңжылдық аяғында тарих көшінің ілгерілеуіне себепші болған уақиға – финикиялық данышпанның хатқа түсірудің ғажайып әдісін ойлап табуы. Әріптік әдісін. Алғашқы әліппенің (финикиялық һәм арамейлік) пайда болуы туралы ешбір дерек сақталмапты. Сондықтан да, ғалымдар жанама материалдар жинап, ой қорытуға мәжбүр. Соңында жазу тарихын зерттеушілер ерігіп жүрген бір әпенде ойдан шығарып, әріптерді таңбалап, жай әншейін оның атауын қоя салған деген түйінге келді. Менің бір байқағаным, әліппе Күн белгілері мен сиыр, қой, түйе секілді «күнтектес» жануарлардың бейнелерінен құралған-ды. Өгіз емес. Өйткені, өгіз – «айтектес жануар». Көшпенділер ұзақ уақытқа созылған тайпааралық соғыстан соң, тау-тасқа аспан денелері мен киелі санайтын жан-жануарларды қашап жазатын-ды. Неге? Соғыстан аман қалғандары бейбітшілік пен достық жөніндегі келісім-шартқа отырған. Көсемдері оған қол қойып, өзінің таңбаларын тасқа бейнелеген. Геродоттың «Тарихында» Босфор жағасындағы тауда самсаған суреттердің бар екендігін айтады. Жазулар жаңа діндердің пайда болғанына дейін сақталған-ды. Алғашқы христиандар, одан соң мұсылмандар сол белгілерді жойған (Орхон мен Енисей бойындағы Көнетүркілердің көзіндей болған көркем мәтіндердің сақталу сыры – христиан және ислам діні Алтай мен Моңғолияға жетпегендігінде). Финикиядан (Ливан) шыққан сауда кемелері Босфор бойына христианизмның пайда болғанына дейінгі мыңжылдықта келген. Финикиялықтар үшін әлгі тасқа ойылған таңбалар қасиетті боп саналмаған. Семиттер Күнге емес, ең жарық ­– Венера (Шолпан) ғаламшарына сыйынғаны белгілі. Сол себепті де, әлгі әпендеміз таңбаларды еркін бәдіздеп, атауларын өзі қойып отыруына мүмкіндік молынан еді. Олар кейбір «гербтардың» түпкі мән-мағынасын білуі де мүмкін, өйткені, байқастасам басына alef – «өгіздің» (сем.) белгісін қойыпты. Бұл бекер емес деп ойлаймын. Қалған әріптерге кейін кеңінен тоқталармыз, бірақ бір арамей жазбасын көрсетейін: kof. Қытайлар Ежелгі Жерортатеңізінен б.э.д. III мыңжылдықта көшіп, өзімен бірге сонда туған иероглифтер мен атауларын алып кеткен-ді. Б.э.д. II мыңжылдықтағы (Инь дәуірі) ежелгіқытай жазуындағы таңба мынандай: «сиыр» (аталымы белгісіз). Бәлки, ағылшыншадағы cow – «сиыр», армяншадағы kow – «сиыр» уақытындағы арамейліктер қолданған иероглиф боп, оны kof деп пайдаланса керек. Славяндар (нақтырақ айтқанда байырғырусьтықтар (Олжас Сүлейменов мұны «архирусичи» деп берген екен. Русичи деген ­­­­– Киевтік Руьстің поэтикалық атауы. «Русь» этнонимінің бір нұсқасы. Ол «Игорь полкы туралы жырда» кездеседі. – Ә.Б.) енді ғана таралып жатқан арамей алфавитімен танысады. Олар әр әрпіне қандалаша қадала жұмыс жасаған. Сонымен, kof. Славяндар оны сиырға емес, егіншіліктің образын жасап, яғни шұңқыр мен өткір қаруға ұқсатқан. Күрделі графеманы талдау барысында терістеу грамматикасының «күрделі таңбаның ортақ атауын теріске шығарсаң, бөлшектерінің атауын біліп аласың» деген заңдылығын қолданған. «Адамзаттың аралық отаны» тіліндегі терістеу аффикстары мынадай: 1) *ha – «сүңгі»; 2) *j – «жебе» және бірнешеуі фонетикалық сыпатына қарай: *ha > a, *j > dži > di (ti); *j- in, en, an – ni, ne, na, no т.б. боп бөлінеді. Бұл таңбамен жұмыс істеу кезінде сөзгерлер қандай сөздер құрағанын көрелік. kof > kop. (русьтықтар бүгіндері де f-ны p-ға алмастыруда). kop-a, келесі бір диалектіде kop-j түрінде ұшырасады. Бұл ұғым жалпыорыс тіліне копа мен копь, яғни «шұңқыр» деп енген. Жер жыртуға арналған өткір құралды қалай атаған жөн? Заңдылықтың жалғасы: «Күрделі таңбаның өзге бөлігін атау үшін, біріншісін терістегін». Диалектілерге өзге жалғау жалғаған, мысалы – 1) kopa-j; 1) kopj-a. Бір диалектіде негізгі етістікті жинақтау (императив) – копай, т.с.с. негізінен, мұнда соқаның қозғалысын айтқан, ал екіншісінде соны терістеу арқылы құралдың атауын тапқан, мәселенки kopja > … > kopjo – «сүңгі». Осыменен kof сөзімен жұмысымыз біткен жоқ. Таңбаны тудырушы абыз оның мағынасын 180° өзгертіп жіберген: kof > kop; kop-na. Өйткені, өзгерту – терістеудің бір формасы.

Ғылымда бұрыннан қолданылып келген және әдебиетші ұсынған этимология әдісін салыстырып, копай, копа, копь, копна мен копьё дегеннің шығу тегін қалай анықтағанын білу мақсатында қолда бар этимология сөздікке жүгінген дұрыс. Тағы, біздегі мысалмен қатар қойып тексерсе теріс болмас. Сонда ғана XX ғасырдың басынан бастап әлемдік лингвистикада үстемдік құрған Соссюрдың «белгі ерікті!» атты постулаты Қасиетті жазу болудан қалуы мүмкін.

– Бұл постулаттың мәні неде?

– Оған сәйкес, адамдар сөздерді ерікті түрде ойлап тапқан екен. Тілтанушылар бірде-бір сөздің шығу тегін түсіндіре алмады. Праформасын ғана анықтады. Алайда, мұның қалай пайда болғандығы туралы дерек ешқай этимологиялық сөздікте (100-ге жуық түрі бар) жоқ. Соссюрдың «әр сөз әпенденің өз еркімен ойлап табуы негізінде туған» деген тұжырымы бәрінің көкейіне қоныпты. Демек, басқа нәрсеге бас қатырудың қажеті жоқ секілді. Ал, алфавиттер қайда қалды? Иә, әңгүдіктер белгілерді ерігіп жүріп ойдан құрастырыпты делік. Міне, сонда бұларың Бізге иероглифтер, әліппелер мен мыңдаған сөздікті осылайша түзе берген боп тұр ғой, шамасы. Тас дәуірінің келмеске кеткеніне, Құдайға тәуба! Бүгінгінің әпенделері мына ­– Біз! Ештеңе жоқ, бәрін елеп-екшеп аламыз!..

­­­– Мазмұнды әңгімеңіз үшін алғыстан басқа айтарым жоқ! Осыдан алпыс жыл бұрын (1959 жылдың маусымы) Леонид Мартыновтың алғысөзімен жарық көріп, алғашқы жырларыңыз басылған «ЛГ»-ның атынан туған күніңізбен құттықтап, Сізге денсаулық, амандық тілеуге рұқсат еткейсіз! Себебі, ғылым жолындағы ең әуелгі дүние – деннің саулығы деп білемін!..

¹ Салыстырыңыз, slav – славяндық, slave – құл (ағылш.) XIX ғасырда америкалықтар зәңгілерді «slave» деп атаған.

Орысшадан тәржімалаған Әлібек БАЙБОЛ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар