Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Пауло Коэльоның «Алхимик» романы...

17.05.2018 12376

Пауло Коэльоның «Алхимик» романы

Пауло  Коэльоның «Алхимик» романы - adebiportal.kz

«АЛХИМИК»

РОМАНЫНА АЛҒЫ СӨЗ

АУДАРМАШЫДАН:

Пауло Коэльо – қазіргі заманғы жазушылардың ең біліктісі.

«Алхимик» романы Ричард Бахтың «Джонатанның шағаласына», немесе Экзюперидің «Кішкентай шахзадасына» мүлде ұқсас емес, бірақ «Алхимик» турасында бірдеңе айтқың келгенде осынау шығармаларды еріксіз еске алуға тура келеді – бәлкім оның әлемнің 117 елінен оқырмандар тапқандығы содан шығар?!

«Өз тағдырын жүзеге асыруға қол жеткізу – адамның бірден-бір міндеті, – дейді Пауло Коэльо.

Барлық адамдар жас кезінде өз тағдырын білетін сияқты... Бірақ уақыт өткен сайын жасырын күш оларды өзгеше жағдаятқа бастайтыны және жасырын емес.

Бұл күш шындығында адамды өз тағдырын жүзеге асыруға жетелейді. Ол адамның рухы мен еркін тәрбиелейді. Жер деген планетада ұлы ақиқат бар: сен бір нәрсеге ұмтылсаң, оған қайтсең де қол жеткізесің – өйткені мұндай ұмтылыс Ғаламның терең қойнауынан жарыққа келді ғой».

«Алхимик» роман аталғанымен көлемі онша ауқымды емес – 212-ақ бет. Әйтседе,әрине, әлемде португал тілінде жазатын жазушылар жетіп артылады – Бразилиядағы Жоржи Амадудың жалғыз өзін қайда қоямыз? Десе дағы Португалияның төл тумасы Пауло Коэльодан бастағанды жөн көрдім.

Сонымен, мен тәуекелге бел буып «Алхимиктің» аудармасына кірістім. Сонда «Алхимик», «алхимия» деген сөздердің қазақша баламасы қандай, сол жағынан оқырмандарды түсінікті де жадағай тілмен хабардар ете кетейін деп талпыныс жасадым. Осы мақсатпен екі томды орысша-қазақша сөздікті, шет елдер сөздерінің сөздігін, Қалдыбай Бектаевтің түсіндірмелік сөздігін, Сергей Ожеговтың атақты сөздігін ақтардым. Ақыры «Советтік энциклопедиялық сөздікке» ат басын тіредім. Онда былай депті: «Алхимия – (латынша – alhimia) химияның ғылыми негізде дамуына дейінгі әсіресе Батыс Еуропада (ІХ-ХҮІ ғғ.) кең қанат жайған. Алхимияның басты мақсаты – «ортақол» металдарды алтын немесе күміске оп-оңай айналдыру үшін «пәлсапалық тас» дейтінді табу, ұзақ ғұмырдың сиқырлы сусынын, әмбебап еріткішті және т.б. ретке келтіру болып табылады. Бұл сөздік сондай-ақ алхимияның тиісті ғылым салаларын дамытудағы оң рөлін де атап өтеді.

Сайып келгенде алхимияның төркінін тапқандай болдық, ал алхимиктің өзіне келер болсақ, ол алхимиямен айналысатын адам екені айдан анық емес пе?

Айтқандайын, мен өткен жолы Пауло Коэльоны португал жазушысы деп таныстырыппын, соған орай оны Португалияның жазушысы екен деп қалмаңыздар, дәлірек айтқанда ол – Бразилияның қаламгері, ал ондағы халықтың мемлекеттік тілі – португал тілі екені аян ғой.

Бір қызығы, Пауло Коэльо өз романына екі алғы сөз жазыпты. Біреуімен таныс болдыңыздар, ал, екіншісі – міне, алдарыңызда. Әрі қарай шығарманың негізгі мәтіні кетеді.

Марал ХАСЕН

«Алхимик» романының «София» баспасы орыс тілінде шығарған данасын қолыма алған сәтте-ақ мен нағыз қуанышқа бөлендім. Ресейде бірқатар жылдар бойы «нанталап» оқырмандар бұл кітапты өздері таратуға күш салып келген-ді – Интернетке орналастырды, қазір қолдарыңызға тиген мәтінді фотокөшірме жасап та көрді. Дегенмен әрқилы жағдайларға орай «Алхимикті» кітап базарына өткізудің сәті түспеді.

Енді міне, ақыры бұл кітапты жарыққа шығаруға бел буып, барлық қиындықтарды жеңіп, «Алхимикті» ресейлік базарға таратумен ресми түрде айналысатын баспа табылды. Бақташы Сантьяго саяхатының негізінде жатқан баяндаудың негізгі түсінігі – ол «Өз Тағдырың» деген түсінік. Өз тағдырың деген не? Ол – біздің ең жоғарғы бағыт-бағдарымыз, Жасағанның бізге Жерде әзірлеген жөн-жобасы, жолы. Әрдайым біз бір нәрсені қуанышпен, ризашылықпен жүзеге асырсақ, бұл біз Өз Тағдырымызға жүгіндік деген сөз. Бірақ, елдің бәрі бірдей өзінің аңсаған арманына жету барысында бұл жолмен жүруге жүрегі бата бермейді.

Ал, барша жұрттың тілек-армандары орындала бермейтіні қалай?

Оған төрт кедергі аяқтан шалады. Оның біріншісі адамға титтейінен ол аңсаған арман жүзеге аспайды дегенді құлағына құя бергеннен қалыптасады. Ол осы оймен өскелең тартады, әрі әр өткен жыл сайын оның жан дүниесі толып жатқан қорқыныштардың бұғауында қалады, кінәлілік сезімі кемерінен асып төгіледі. Және сондайда бірде Өз Тағдырыңның соңынан жүру тілегі сол жүктің астында қалғандай көрінеді. Осыдан барып адам өзінің ең жоғарғы қажеттілігінен айырылғанға ұқсайды. Әрине, сайып келгенде ондай қасиет оның жан дүниесін тастап кетпейді.

Егер адамға өз арманын жанының тереңінен алып шығуға ерлігі жетсе және жүзеге асыруға күресуден бас тартпаса – оны махаббат деген келесі сынақ алда тосып тұр. Ол өмірде неге қол жеткізу қажеттігін немесе бастан өткеру керектігін біледі де, бірақ ол бәрін тастап арман қуалап кетсе, жақындарына қиындықтар мен қайғы-қасірет әкелем бе деп жасқанады. Бұл адамның көмектесетінін түсінбейді деген сөз. Ал, шын мәнінде жақсылық тілейтін пенде оған дәйім қол ұшын беріп, сапар үстінде қолтығынан демеуге қашанда әзір.

Адам махаббаттың кедергі емес, жолдағы көмекшісі екендігін түйсінсе, оны үшінші кедергі – сәтсіздіктер мен жеңілістерден қорқыныш сезімі алдан тосады. Өз арманы үшін күресетін адам өзгелерден гөрі қаттырақ күйзеледі, егер оның қолынан ойлағаны жүзеге аспай жатса, «жарайды, ештеңе етпес, мен де онша ұмтыла қойған жоқ едім ғой» деген мәтелге жүгініске баруға бағады. Ол Өз Тағдыры белгілеген жолдың да өзгелерден қиын екендігін сезінеді, тек бар айырмасы – «сенің де жүрегің сонда болады». Сондықтан да Жарық Жауынгері өмірдің қиын сәттерінде өзіне соншалықты қажет шыдамдылыққа ие болғаны абзал және барша Ғаламның оның тілегінің қаншалықты болса да жүзеге асуына жол ашатынын қаперінде сақтасын.

Сіздің сұрауыңыз мүмкін: ал, жеңілістер соншалықты қажет пе?

Қажет пе, жоқ па, олардың тек өмір жолында кездесері анық. Адам өз армандары мен тілектері үшін күресе бастағанда, тәжірибесіздігінен көптеген қателіктерге ұрынады. Бірақ бар тіршіліктің мағынасы – жеті рет құлап, сегізіншісінде түрегелуде жатыр.

Мұндай жағдайда сіз егер біз өзгелерден гөрі қаттырақ күйзелетін болсақ, онда Өз Тағдырымыздың соңынан жүріп керегі не деп сұрауыңыз ғажап емес.

Керек-ақ, өйткені сәтсіздіктер мен жеңілістер артта қалғанда – ал олар түптің түбінде артта қалатындығында дау жоқ – біз толық бақытты сезінеміз және өзімізге өзіміз көбірек сене бастаймыз. Өйткені біз жан дүниеміздің түбінде өзіміздің ерекше жағдайға жолығуға лайықты екендігімізге де сенеміз ғой. Біздің тіршілігіміздің әр күні, әр сағаты – Ғаламат Күрес сәті. Біз бірте-бірте өмірдің әр сәтін қуанышпен қабылдап, рахаттануды үйренеміз. Бізге қапелімде «құлаған» қатты күйзеліс жеңілдеуінен гөрі тезірек өтеді, ал, әлгіндей жеңіл болғанымен ұзақ жылдарға созылып жаныңды жегідей жейді, өміріңнің аяғына дейін дегбіріңді алып бағады.

Сонымен адам өз арманын жан дүниесінің қойнауынан алып шығып сан жылдар бойына өз махаббатының күшімен суарғанда – ол мұндайда жүрегінде қалған бұл жолдағы жарақаттарды байқамайды – тілеген тілегінің сонша өте тез, тіпті ертең жүзеге асуы мүмкін екендігіне сене бастайды. Міне, осынау кезеңде оны ең соңғы кедергі – бар өмірінің арманын орындау жолындағы қорқыныш күтетіні және айқын.

Оскар Уайльд жазғандай, «адамдар қашанда бәрінен артық сүйетін жағдаяттарды алдымен өздері бұзатыны анық». Иә, бұл шынында солай. Адам ғұмыр бойы армандағаны жүзеге асайын деп жатқандығының өзі оның жанын кінәлілік сезімге толтыратындығы да бар. Ол жан-жағына қарап көпшіліктің ұмтылған мүдделеріне қол жеткізе алмағанын көреді де, өзім мынадай ахуалға лайық емеспін-ау деп ойлай бастайды. Адам өз арманын орындау жолында қаншалықты белестерден өтіп, азаптанғанын ұмытады. Мен Өз Тағдырының соңынан жүріп, енді сол тағдырына екі-ақ қадам қалғанда сан-сапалақ қателіктер жіберіп, далада босқа қалған адамдарды едәуір кездестірдім.

Төрт кедергінің зұлымдыққа ең жақындығы – жеңіс жасап, оның жемістерінен көпе-көрінеу бас тартқандай сыңай білдіруде жатыр. Егер адам өзі сонша күрескен іске лайықты екенін сезінсе, ол Жасағанның қолындағы қаруға айналады және оған осында – Жерде ғұмыр кешуінің мәнісі айқара ашылады.

Осынау жағдаяттар жайлы суреттемелік түрде «Алхимик» романы баяндайды.

Пауло Коэльо, шілде 2000 ж.

А Л Х И М И К

АЛҒЫ СӨЗ

Оқырмандарға ескерте кетер міндетті жайт – «Алхимиктің» бейнешілік нысандағы кітап екендігі, ол осынысымен «тұла бойында» бір ауыз да ойдан шығарыл-ған сөз жоқ «Дуагер күнделігінен» осылайша ерекшеленеді.

Мен алхимияны зерттеуге өмірімнің он бір жылын арнадым. Кез-келген металды алтынға айналдыру немесе Мәңгіліктің Сиқырлы Сусынын табу мүмкіндігі дуагерлік жолда алғашқы қадам жасайтын әрбір адамға тартымды жағдаят емес пе? Бір мойындайтыным – мен Құдайдың барлығын түйсініп сезінгенімше бір кезде бар дүниенің аяқталатындығы жөніндегі ойдың өзі одағай көрінгендіктен менің қиялымды әсіресе әлгі айтылған Сиқырлы Сусын жаулап алды. Біздің жер бетіндегі тіршілігімізді көптеген жылдарға соза алатын әлдебір сұйықтықты жасау мүмкіндігі барын біліп алған мен өзімді тұтастай оны әзірлеуге бағыштауға бел будым.

Бұл жетпісінші жылдардың басында, оккульттік ғылымдар жайлы терең зерттеулер дүниеге келе қоймаған кезде, кейін орын алған өрелі өзгерістер қарсаңында болған еді. Осы кітап қаһармандарының бірі сияқты мен де бар шамалы жиған-тергенімді алхимия жайлы шет елдерде жарық көрген кітаптарды сатып алуға, бар уақытымды олардың күрделі бейнелілік (символикалық) тілін үйренуге жұмсадым. Маған Рио-де-Жанейрода Ұлы Туындымен байыпты түрде айналысып жүрген біраз ғалымдарды табудың сәті түсті, бірақ, олар менімен кездесуден тайсақтады. Мен өздерін алхимиктер деп дәріптейтін, тиісті зертханалары бар, әрі әркімге өз өнерлерін жайып салуға әзір тұратын қауыммен (ол үшін, әрине, керемет көп қаржы төледім) де таныстым, ал олар іс жүзінде өздерін білгірміз деп санайтын салада дәнеңе де ұқпайды екен.

Менің талаптануым мен құлшынысым құр босқа кетіп жатты. Алхимия оқулықтарының әр парағындағы нысандар – күндер, айлар, айдаһарлар мен арыстандар аяқ алып жүргізбейтін ниет-ойларынан мен ештеңе жүзеге асыра алмадым. Маған мен дұрыс бағытта бара жатпағандай әсер ететін: өйткені бейнелілік тілдің өзі кереғар түсініктер беруге кеңінен жол ашады ғой. Сөйтіп 1973 жылы бұл жолда ілгеріге бір де қадам жасай алмағандығыма әбден қажыған мен өте жеңілтек іс-қимылға жол бердім. Сол кезде Мату-Гроссу штатының білім басқармасы мені театр өнері жөніндегі сабақтар өткізуге шақырды, мен студенттік театр студиясында өз студенттерімнің қатысуымен Зүбаржат (изумруд) тақтасы тақырыбына спектакль қоймақшы болдым. Бұл талабымнан мән шыға қойған жоқ, және дуагерліктің орнықсыздау негізде орын теппекші болған мұндай амал-шараларым арада жыл өткеннен кейін-ақ «жіп қанша ширатылса да, бітетіні аян» дейтін мәтелдің растығына көз жеткізді.

Ал, мистикаға тікелей қатысы бар одан кейінгі алты жыл менің тек қана күдікшілдік күлкімді келтіретін. Осынау өзімді іштей қуғындау барысында мен өзім үшін бірнеше маңызды қорытындыларға ат басын тіредім: біз қай ақиқат болмасын оны әуелі жан-тәнімізбен итеріп тастап барып қана қабылдаймыз; өз тағдырыңнан қашпа – бәрібір маңдайға жазғаннан құтылмайсың; Жасаған қатты талап қояды, бірақ, сонымен бірге оның мейірбандығында да шек жоқ.

1981 жылы менің ғұмырыма бұрынғы соқпаққа түсуіме жол ашқан Ұстаз – Рама енді. Мен одан алған ілім-білімдеріме қоса тағы да алхимияны одан әрі оқып-тоқуға кірістім. Бір кешке қарайғы отырыстан кейін, ұзақ та ауыр телепатиялық сеанстан соң мен одан алхимиктер неге ауыр әрі түсініксіз тілде сөйлейді деп сұрадым.

– Алхимиктердің үш түрі болады, – деп жауап қайырды ол. – Біреулері екіұштылыққа оңтайлы тұрады, өйткені өздері де өз мамандығын білмейді. Ендігілері мамандықтарын біледі, бірақ, сонымен бірге алхимия тілінің ақыл-парасатқа емес, жүрекке бағытталғанын да жақсы біледі.

– Ал, үшіншілері ше? – деп сауал қойдым.

– Үшіншілер – алхимия туралы таза естімегендер, бірақ, өзінің бүкіл ғұмырымен Пәлсапалық Тасты аша білгендер.

Осыдан кейін әлгілердің екінші түріне жататын менің Ұстазым маған алхимия дәрістерін беруге бекінді. Көп ұзамай мен өзімді сан рет жолдан бұрып, әрі соншалықты кейіткен оның бейнелік тілі Ғалам Жанын ұғынуға көз жеткізудің бірден-бір жолы екендігін түсіндім. Юнг бұл ахуалды «ұжымдық ессіз ахуал» деп атаған. Мен өзімнің ой өріс-парасатым олардың қарапайымдылығын қабылдаудан бас тартып келген ақиқат белгілерін –Өз Жолымды және Жасағанның Белгілерін ашты. Мен Ұлы Туындыға қол жеткізу мүмкіндігі шамалы ғана жұрттың үлесі емес, ол осынау планетаны мекендейтін толайым адамзатқа арналғандығын білдім. Әрине, Ұлы Туынды біздің алдымызда жұмыртқа мен сұйық құйған ыдыс түрінде әрдайым бой көрсетпейді, бірақ, біздің әрқайсымыз Әлем Жанын ашып, оған терең бойлауға мүмкіндігіміз баршылық.

Міне, «Алхимик» – бейнешілік кітап болатындығы, сондықтан және мен оның парақтарында бұл мәселе бойынша игергенімді баяндап қана қоймай, сонымен қатар Жалпы Тілді игерген ұлы жазушылар Хемингуэй, Блейк, Борхес (айтылғанға ұқсас эпизод оқиғасы оның әңгімелерінің бірінде орта ғасырлардағы Парсы елінде өтетіндігі баяндалады), Мальбу Тагану және өзгелерді мадақтаймын.

Бәлкім тым етек-жеңді кіріспе сөзді аяқтау және менің Ұстазым алхимиктердің үшінші түріне кімді жатқызғандығын айқындау үшін оның өз зертханасында маған айтқан тарихи әңгімесін келтірейін.

Бірде Бейкүнә Қыз қолына Христі алып жерге түседі де, әлдебір монахтардың шіркеуіне барады. Мұны ғаламат абыройға есептеген монахтар қаз-қатар тұра қалысады: сөйтеді де, әрқайсысы кезекпен Құдай Анаға қарай жақындап, оның құрметіне өз өнерлерін көрсетеді: біреуі өзі шығарған өлеңдерді оқиды, екіншісі Тауратты (Библия) қаншалықты терең білетіндігін жайып салады, үшіншісі әулиелердің баршасын тізіп шығады. Сөйтіп олардың әрқайсысы өз дарындарына сай Қыз бен Иса бөбекті қошаметтейді.

Олардың ішіндегі ең соңғысы момын да жұпыны монах екен, ол Қасиетті Жазудың негізгі мәтіндерін де айтып бере алмайтын болып шығады. Оның ата-анасы цирктің сауатсыз әртістері екен, ұлдарына бар үйреткендері кішкентай шариктерді әрі-бері лақтыруға және онша қиын емес сиқыр көрсетуге ыңғайлапты.

Енді кезек оған жеткенде монахтар әлгі рәсімдерін тоқтатуға бет алады, өйткені байғұс цирк ойыншысы Пәк Қызға ештеңе айта алмайды ғой, бірақ, шіркеуді ұятқа қалдыруы ғажап емес еді. Сайып келгенде, ол Қыз бен Бөбекке өз болмысының бір бөлігін беруге ынтызарлығын көрсетеді.

Міне, сөйткен ол бауырластарының кінә қоя қарағандарына қарамастан қалтасынан бірнеше апельсин алып шығады да, бар білетіні – оларды қақпақылдай бастайды. Тек осы кезде ғана Христің езуінде күлкінің ізі пайда болады, ол қол соғады. Ал, Пәк Қыз болса, өз бөбегін ұстай тұруға соған ғана сенім білдіреді.

Автор.

Ж.-ға бағышталады.

– Ұлы Жаратылыстың құпиясын танып білген Алхимикке бағышталады.

Жолының жалғасы санатында Ол бір ауылдық мекенге келеді; Оны мұнда Марфа есімді әйел өз үйінде қабылдайды;

оның Мария есімді сіңлісі Исаның аяқ жағына отырып, Оның сөздерін тыңдайды.

Үлкен тағамның қамымен жүрген Марфа келеді де: Жасаған! Саған қажеті жоқ па, әйтпесе мені жалғыз қызмет етуге қалдырған сіңліме дәм дайындауға көмектес деп айтшы.

Сонда Иса былай деп жауап қайырады: Марфа! Марфа! сен көп күйбеңге түсіп жатырсың,

ал керегі мынау ғана; Мария өзінен алынбайтын игілікті таңдап алды ғой.

Лукадан келген Інжіл, 10:38-42

СӨЗ БАСЫ

Алхимик жолаушылардың бірі әкелген кітапты қолына алды. Кітаптың мұқабасы жоқ еді, бірақ, ол автордың – Оскар Уайльдтің – аты-жөнін тапты, сөйтті де шығарманы парақтай отырып, Нарцисс жайлы әңгімеге килікті.

Ұзақты күнге бұлақтағы өз бейнесіне сүйсінумен отырған сұлу бозбала жайлы миф Алхимикке белгілі болатын: Нарцисс тыным алмай қарағандығы соншалықты, ең аяғында ол суға құлап, батып өледі, ал жағалауда оның есімі сақталуы үшін өзі аттас гүл өсіп шығады.

Бірақ, Оскар Уайльд бұл әңгімені өзінше баяндайтын: «Нарцисс қаза тапқанда, орман нимфалары – дриадтар – жылғадағы тұщы су көздің жасынан тұзды болып кеткенін байқайды.

– Сен неге жылайсың? – деп сұрайды дриадтар.

– Мен Нарцисті жоқтап отырмын, – дейді жылға.

– Оған таң қалуға болмайды, – деседі дриадтар. – Ол орманды кесіп өткенде біз ылғи да оның соңынан жүгіретінбіз, ал сен болсаң – оның сұлулығын ең жақыннан көрген өзің ғана.

– Ал ол сұлу ма еді? – деп сұрады сонда жылға.

– Бұл туралы сенен артық кім баға бере алады? – деп таң қалысты ормандағы нимфалар. – Сенің жағалауыңда, сенің суыңа таң атып, күн батқанша қарап отыратын сол емес пе еді?

Бұлақ ұзақ уақыт үндемей отырды да, ақыры былайша жауап қайтарды:

– Мен Нарцистің сұлу екендігін ешқашан байқамасам да, оны жоқтап жылаймын. Өйтетін себебім, ол менің жағалауыма келіп, суларыма еңкейген сайын оның жанарларының түбінен өз әсемдігім бейнеленетін.

«Қандай ғажап әңгіме», – деп ойлады Алхимик.

БІРІНШІ БӨЛІМ

Бозбаланы Сантьяго деп атайтын. Ол өз қойларын жартылай бұзылған иесіз шіркеуге қарай шығарғанда ымырт жабыла бастаған еді. Оның күмбезі отырып құлағалы қашан, ал бір кезде шіркеу жабдықтары – ризница болған жерде інжір тұқымдас ағаш – сикомор қанатын кеңге жайған.

Сантьяго осы жерде қонып шығуға бел байлады да, кетеуі кеткен есіктен қойларын енгізіп, сыртынан тақтай сынықтарымен жапты, онысы – отары шығып кетпесін деген амалы. Бұл аймақта қасқырлар жоқ болатын, бірақ, кейде қойлар шашырап кеткенде, адасқан қайсыбір марқаны күні бойы іздеуге тура келетін.

Сантьяго еденге күртешесін жайды да, басының астына жақында оқып бітірген кітапты қойды. Ал, ұйқыға кетер алдында өзімен бірге қалыңдау кітапты алып жүрген жөн болар еді деп ойлады – әрі ұзақ оқисың, жастық ретінде пайдалануға да оңтайлы. Ол қараңғылық сейілмеген кезде оянды, содан ғой, төбенің әр тұстағы тесіктерінен жұлдыздар жымыңдап тұрды.

«Тағы да ұйықтар ма еді», – деп ойлады Сантьяго.

Оған тағы да өткен аптада көрген, бірақ, көріп аяқтай алмаған түс кірді.

Ол орнынан тұрып шараптаың бір жұтымын ішті. Таяғын алды да, ұйқтап жатқан қойларды түртпектей бастады. Бірақ, олардың көпшілігі Сантьяго көзін ашқан сәтте тап бір өзімен және екі жыл бойына жерден жерге отын мен су іздеген қойлар арасында бір құпия байланыс бардай-ақ оянған еді. «Олардың маған үйренгендіктері соншалық, менің барлық әдеттерімді бойларына сіңіріп алған, – деп күбірледі ол. – Тіпті менің күнделікті жұмыс тәртібімді де біледі».

Осы жағдаят турасында тағы да шамалы ойланған ол, бәлкім мәселе керісінше шығар – өзім қойлардың тәртібіне ыңғайлануды үйренген болармын деп пайымдады.

Бірақ, кейбір қойлар Сантьяго солардың аттарын атап таяқпен нұқығанымен тұруға асығатын сыңай көрсетпеді. Ол қойлар өздеріне не айтқанын тамаша түсінетіндіктеріне сенімді болатын, сондықтан кітапшалардың өзіне ұнаған тұстарын кейде дауыстап оқып беретін, қойшы тіршілігінің қиыншылықтары жайлы, немесе ондағы қуанышты сәттердің шамалы екендігі туралы баян ететін, әйтпесе өзі болып қайтқан қалалар мен селолық жерлерден естіген жаңалықтармен бөлісетін.

Айтқандайын, бозбала кейінгі кезде тек қана өзі төрт күннен кейін бармақшы қалада тұратын бойжеткен, саудагердің қызы жайлы ғана айтып келеді. Ол оны бір-ақ рет өткен жылы көрген еді. Сантьяго жолдастарының бірі осы дүкеншікті көрсетіп, ол соған қойларын айдап әкелді. Дүкеншіктің иесі мауыты мен жүн маталарды саудалайды екен, сондықтан болар, қойлардың өзінің көз алдында қырқылуына талап қоятын көрінеді.

«Жүн сатайын деп едім», – деген-ді ол сонда дүкеншіге. Сауда жасайтын жерге біраз халық жинақталып қалған екен, қожайын қойшыға түске дейін тоса тұр деген уәж айтты. Сантьяго келісті де, тротуарға отырып арқасындағы қапшығынан кітапшасын алды.

Кенет жанынан:

– Малшылардың оқи білетіндігін білмеуші едім, – деген әйел дауысы естілді.

Басын көтерген ол бейнесіне қарағанда нағыз Андалузия тумасы дерлік қызды көрді: шаштары ұзын, әрі қара да майда, ал жанарлары кезінде Испанияны тізе бүктірген маврлардікінен еш аумайды.

– Малшыларға оқымаса да болады: қойлар кез келген кітаптан артық үйретеді, – деп жауап қайтарған-ды оған Сантьяго.

Ақыры, сөзден сөз туындап, олар екі сағатты тұтастай әңгімемен өткізді. Қыз ләпкешінің баласы екенін, тіршілігі өте іш пыстыратынын және өтіп жатқан күндердің бір-бірінен судың қос тамшысындай аумайтындығын айтты. Ал, Сантьяго Андалузия далалары жайлы, өз жолы үстерінен өткен үлкен қалалар турасында естігендерінен сыр шертті. Ол сұхбаттасушысына өте разы болды – бұл сайып келгенде қойлармен әңгімелесуден бөлек қой...

– Сен оқуды қайдан үйрендің? – деп сұрады қыз.

– Елдің бәрі оқыған мектепен үйрендім, – деді бозбала.

– Көзің ашық екен, ендеше неге қой бағып жүрсің?

Сантьяго жауап орнына өзге жайттардың басын шалды: қыз бәрібір оны түсінбейді деген сенімде болды. Ол қызға өзінің сапарлары, жүрген-тұрғаны жайлы кеңінен толғады, ал қыздың мавритандық көздері таң қалғандықтан біресе бадырайып, біресе сығыраюмен болды. Уақыт байқаусыз жылжып өтіп жатты, сондықтан Сантьяго осынау күннің ешқашан аяқталмауын, ал саудагерді сатып алушылар қоршап, қойларды қырқуды кемінде үш күн тосуларын тіледі. Ол бұрын мұндай ахуалды ешқашан бастан өткермеген еді, енді оның осында біржола қалғысы келді. Осынау қолаң шашты қызбен өткізетін күндер бір-біріне соншалықты ұқсас болмас еді.

Бірақ, осы мезетте дүкеннен қыздың әкесі шықты да, қырқуға деп төрт қойды бөліп алды. Сонсоң тиісті төлемін төледі де:

– Енді келесі жылы кел, – деді.

Міне, сол белгіленген уақытқа небәрі төрт-ақ күн қалған еді. Бозбала алдағы кездесуге қуанып тұрса да, бір жағынан егер қыз оны ұмытып қалса, қалай болмақ деген ой да дегбірін кетіріп бітті. Олардың қалашықтарын басып өз отарларын айдап өтетін қойшылар жетіп артылатын шығар.

– Жарайды, солай-ақ болсын, – деді ол өз қойларына. – Не қыла қояр дейсің, өзге қалалардан да қыздар табылар.

Бірақ, ол ой түпкірінде бұл жағдаяттың қатты мазалайтынын білетін еді. Малшыларда да, теңізшілерде де, жер-жерді аралап жүретін саудакештерде қашанда әлемді кеңінен шарлауға деген қуанышты құрбандыққа шалуға мүмкін болатын жалғыз ғана аңсаған қаласы болады.

Таң әбден атты да, Сантьяго отарын күн көтерілген жаққа айдады.

«Қойларға жақсы ғой, – деп ойлады ол, – ештеңе шешудің қажеті жоқ. Бәлкім олар сондықтан маған үйірсектенетін шығар».

Оларға жалпы ештеңенің қажеті жоқ – тек жайылар жайылым, ішетін су болса жарап жатыр. Ол әзірге Андалузиядағы ең жақсы жайылымдарды білетіндіктен, қойлар да оның ең жақын достары болып қала бермек. Күндер бірлерінен бірі айырғысыз болсын, күн таңның атуы мен батуына дейін тым ұзаққа созылсын, қысқа ғұмырларында бір де бір кітап оқымасын мейлі, қалалар мен ауылдық жерлердегі адамдар бір-бірлеріне жаңалықтар айтатын тілді түсінбесе де – олар су мен шөп жеткілікті болғанда бақытқа кенелмек. Олар осы үшін адамдарға өз жүнін, өз қоғамын және уақыт аралатып өз еттерін де жомарттықпен беріп жатады.

«Мен бүгін тағы аңға айналып кетіп, оларды бірінен соң бірін отай бастасам, қойлар не болғанын мен отардың басым бөлігін қырып салғаннан кейін ғана ұғынар еді, – деп ойлады Сантьяго. – Қойлар өздерінің түйсікті сезімдерінен гөрі маған көбірек сенім білдіреді, өйтетіндері оларды тек қана менің қорек табатын жерлерге апаратындығымнан туындайды».

Ол бүгін басына қилы ойлардың ұмтылыс жасағанына өзі де таң қалды. Бұл бәлкім өзі қонып шыққан шіркеудің ризницасында өсіп тұрған інжірден қарғыстың бой көрсеткенінен шығар? Әуелі ол бұрын көрген түсін қайта көрді, ал енді міне – сенімді жолсеріктеріне ашу-ыза көтерілді. Ол кешкі дәмнен қалған шарапты ұрттады да, күртешесін тығызырақ қымтанды. Ал енді небәрі бірер сағаттан соң күн шырқау биігіне барғанда алапат ыстықтың көтерілетіндігі сондай, тіпті қойларды тақыршық арқылы айдауға мүмкіндік болмай қалатынын біледі. Бұл кезде барша Испания ұйқтап жатады. Аптаптың беті тек кешқұрым ғана қайтады, ал оған дейін күні бойы иығыңдағы ауыр күртешені сүйретіп жүруге тура келеді. Бірақ, ештеңе істей алмайсың: таң алдында билік құратын, суықтан құтқаратын да сол күртеше.

«Негізі ауа райының күтпеген «сыйлықтарына» әзір болған абзал», – деп ойлады Сантьяго күртешенің осынша ауыр да жылы екендігіне ырзашылық сезіммен. Жалпы оның өз пешенесіне жазылған міндеті барлығы сияқты, Сантьягоның да өз «тапсырмасы» бар. Оның өмірінің өз пешенесіне жазылған міндеті – саяхат шегу, сөйтіп Андалузия қыраттары мен жазықтарында екі жыл бойына сапарда жүргенде оның барлық қалалары мен ауылдарында болды. Сантьяго бұл жолы мауыты кездемешінің қызына қарапайым қойшының қалай сауатты болғанын түсіндіруге оқталып еді.

Ал, мәселе былай болатын – ол он алтыға толмай тұрғанға дейін семинарияда дәріс алған-ды. Оның ата-анасы ауылдық отбасылардың мақтанышы – дін қызметшісі болуын армандап еді. Олар да қойлар тәрізді қорек табу жолында ауыр еңбектенуден өткен болатын.

Семинарияда Сантьяго латын, испан және дін хадистері туралы ілімді оқыды. Балалық шағынан бастап әлемді тануға деген ұмтылысы, оның Құдайды тану мен пенделердің күнәләрін егжей-тегжейлі зерттеуге деген ынтасын жеңіп кеткен болатын. Сонымен, бірде ол әке-шешесіне барып қайтқанында, бар батылдығын жинап, өзінің дін қызметшісі болуды қаламайтындығы туралы жайып салған. Ол саяхаттауды қалайтынын айтқан.

Ұлым менің, – деді әкесі оның мұнысына, – біздің деревняда кім болмады дейсің? Мұнда әлемнің бар қиырларынан әлдебір жаңа үрдіс іздеген адамдар келеді, бірақ, бұрын қандай болса, сол қалпында қалған күйі қайта кетіп жатады. Олар тауға шығып, ондағы қорғанды көреді, сөйтіп өткеннің бүгінгіден артық екенін бажайлайды. Олардың ақшыл шашы немесе қара қоңыр терісі болуы ықтимал, бірақ, біздің ауылдастардан еш өзгешелігі жоқ.

– Бірақ, мен олардың өлкелерде қандай қорғандар барын, ол адамдардың түпкі тегі қайдан екенін білмеймін ғой, – деп қарсы уәж айтты Сантьяго.

– Олар біздің жер мен біздің әйелдерді көргенде, ол адамдар осында біржола қалғылары келетіндіктерін айтады, – деп жалғастырды әкесі.

– Ал, мен де өзге жерлерді көріп, өзге әйелдерге қарағым келеді. Өйткені келімсектер бізде ешқашан қалмайды ғой.

– Саяхаттар үшін көп ақша керек. Ал, біздің ағайындар арасында бір орында отырмайтындар тек қана малшылар.

– Несі бар, онда бақташы боламын, – деді Сантьяго.

Әкесі ештеңе деп жауап қайырған жоқ, ал ертесіне таңертең үш алтын ақша салған әмиян табыс етті:

– Бірде егіс даласынан тауып алған едім. Аспаннан түскен сый деп есептегейсің. Өзіңе бір отар қой сатып ал да, біздің қорған – ең басты қорған, ал біздің әйелдерден артық сұлулар еш жерде жоқ екендігіне көз жеткізгенше әлемді шарлауға аттана бер.

Ол баласына бата бергенде, ұлы оның көздерінен жасы мосқал тартқанына қарамастан саяхат шеккісі келіп тұрғанын байқап қалды, тек отырықшы тіршіліктің бастағы баспана мен алдындағы дәм-тұзына мойынсынғандығы жібермейді ғой.

Көкжиектегі аспан қоңыр қызыл бояуға малына бастағаннан кейін күн де шықты. Әкесінің айтқанын зердесіне түсірген Сантьяго кенет көңілденіп кетті: ол бұған дейін талай қорғандарды көрді және толып жатқан сұлуларға көз суарды, бірақ, солардың бір де бірі өзі екі күннен кейін жүздескелі отырған қызбен үзеңгі қағыстыра алмайды. Оның бір отар қойы, күртешесі, өзгесіне қашанда айырбастап алуға болатын кітабы бар. Ал, ең бастысы – оның асқақ арманы орындалуда: ол саяхат шегуде. Оған Андалузияның жазықтары мен далалары зерігу сезімін туындатса, қойларды сатып, теңізші болып жалданып кетуге де болады. Ал, егер айдындарда жүзу де жалықтырса, өзге шаһарларды, өзге әйелдерді білетін болады, сондай-ақ бақытты болудың басқа да жолдарын түйсінеді.

«Семинарияда маған Жасағанды табудың сәті қалай түскенін білмеймін», – деп ойлады Сантьяго көтеріліп келе жатқан Күнге көз салып.

Ол өзінің саяхаттау кездерінде әрдайым бұрын ешкім жүрмеген жолдармен жүруді оңтайлы көретін. Осынау аймақтарда қаншалықты болса дағы, мына шіркеуге қонудың орайы келмей қойған-ды. Әлем дегеніңіз түпсіз де таусылмайтын дүние ғой, сондықтан Сантьяго баз-базда қойларға өздері жөн тапсын деп еркіне сәл жіберсе де, алдынан қайткен күнде қызықты жағдаят кездесетін. Тек қойлар ғана өздері әр күнгі жолдарды, өзгеретін жайылымдар мен жыл мезгілдерін түсінбейді: олардың уайымы – тек қана қоректену.

«Мүмкін біздер де сондай шығармыз, – деп ойлады қойшы. – Мысалы менің өзім де өзге әйелдер турасында мауытышының қызымен танысқаннан бері бір рет те ойланған емеспін ғой».

Ол аспанға қарады, жобалауынша түскі тамаққа дейін Тарифаға баратын сыңайлы. Онда кітапты өзге қалыңдау басылымға айырбастап, дүңгіршегін шарапқа толтырып, қырынып, шашын алдырып мауытышының қызымен кездесуге кәдуескідей әзірленгені абзал. Өзін өзге малшы орап өтіп, алға шығып кетеді-ау деген ойды ойламауға тырысты.

«Тіршіліктің қызық жері – онда көрген түстер өңіңде көргендеріңмен жалғасуы ғажап емес», – деп ойлады Сантьяго. Аспанға қарап қойып, адымын ширата түсті.

Ол Тарифада түстерді жори білетін кемпір барын есіне түсірді. Енді өзіне екі рет көрінген түстің мағынасын сол айтсын.

Кемпір мейманын асханадан әртүсті пластмасса моншақтардан жасалған шымылдықпен бөлінген түпкі жақтағы бөлмеге өткізді. Онда үстел мен екі орындық бар екен, ал қабырғада Христ Жүрегінің бейнесі ілулі тұрды.

Кемпір Сантьягоны жайғастырды, өзі қарсы алдына отырды да, оның екі қолынан бірдей ұстап, бастама үшін күбірлеп дұғасын оқыды.

Дұға сығандардікіне ұқсас көрінді. Малшыға сығандар жиі кездесетін – олар қой бақпаса да, әлемді шарлап көп жүретін. Ал адамдар олар алдаумен ғұмыр сүреді, жандарын шайтанға сатқан, балаларды ұрлайды, олар болса кейін табордағы құлдарға айналады деп есептейді. Сантьяго бала шағында өзін сығандар ұрлап кете ме деп өлгенше қорқатын, енді міне, кемпір оның қолдарын ұстағанда, сол қорқыныш тағы да оянды.

«Бірақ, бұл жерде қасиетті Исаның Жүрегі бар ғой, – деп ойлады ол көңілін жайландырып және еріктен тыс дірілді басуға тырмысып. Бұл кемпірдің әлденені байқап қалғанын хош көрмеді. Сенімділік үшін ішінен «Біздің Тәңір бабамызды» оқып шықты.

– Өте қызық екен, – деп күбірледі кемпір оның қолдарындағы сызықтардан көз алмастан, сөйтті де тағы да үнсіздікке берілді.

Бозбала бұрынғыдан әрман мазасызданды. Діріл оның қолдарына қарай өтіп, оларды асығыс тартып алды.

– Мен мұнда сен қолымнан бал ашып берсін деп келгенім жоқ, – деді ол, бір жағы осынау үйдің табалдырығын аттағанына өкіне бастап: не сұраса, сонысын төлеп, осы жерден тезірек кеткені дұрыс еді. Бар болғаны екі рет көрген түсі жайында ғана емес пе?

– Білемін. Сен маған көрген түсіңді жорытуға келдің, – деп жауап қайтарды сыған кемпір. – Түстер – Тәңірінің бізбен сұхбаттасатын тілі. Бұл әлемдегі тілдердің бірі болып тұрғанда, мен әлі де болса ол тілден аудара аламын. Бірақ, егер Тәңірі саған өз жаныңның тілімен үндессе, оның айтқаны тек қана сенің жалғыз өзіңе түсінікті болады. Дегенмен сен менен ақыл сұрауға келгендіктен, сенен бәрібір ақша аламын.

«Тәрізі уысына түсіп қалған сияқтымын», – деп ойлады Сантьяго, – бірақ, енді шегінетін жер жоқ еді. Тәуекел дегеніңіз малшы үшін үйреншікті шаруа: біресе отарға қасқырлар шабады, немесе қуаңшылық алдан шығады. Тәуекел оның тіршілігінің тұздығын келтіреді.

– Маған бір түс екі рет айнымай кірді, – деді ол. – Мен қойларымды шабындықта бағып жүр екенмін деймін, тап осы тұста бөбек пайда болып, ол менімен ойнағысы келеді. Мен өзімнің қойларыма әлдекімнің жақындап келгенін жақтырмаймын: олар бөгделерден қорқады. Тек неге екенін білмеймін – балаларды ғана үрікпей өздеріне тақалтады. Қойлардың адам жасын қалай анықтайтынын және түсінбеймін.

– Түсіңді айта бер, – деп киіп кетті кемпір. – Әне, менің бақырашым отта тұр. Сенің ақшаң шамалы, ал менің уақытым қымбат тұрады.

– Бөбек қойлармен ойнай берді, ойнай берді, – деп жалғастырды сәл қысылған сыңайда Сантьяго, – сонсоң кенет мені қолымнан ұстап алды да, Мысыр пирамидаларына апарды.

Ол бұлардың не екенін сыған кемпір біле ме екен деген күдікпен кідірді, бірақ, анау үндеген жоқ.

– Мысыр пирамидаларына, – деп баппен қайталады ол, – сонсоң маған: «Егер мұнда тағы келсең, онда жасырылған қазынаны тауып аласың». Деді. Тек ол қазынаның қайда жатқанын көрсетуге оқтала бергенде, мен оянып кеттім. Екінші рет көрген түсім де тап осындай.

Кемпір көпке дейін үндемей отырды, сонсоң тағы да Сантьягоның екі қолын алып, алақандарына ыждаһатпен қарады.

– Мен қазір сенен ештеңе де алмаймын, – деді ол ақырында. – Бірақ қазынаны тауып алсаң, онда оның оннан бір бөлігі – менікі.

Бозбала қуанғаннан күліп жіберді – түсіне кірген қазына оның бақыр тиындарын сақтайтын болды. Кемпір шынында сыған болып шықты: ал сығандардың ақыл-есі түгел емес десіп жатады ғой...

– Сонымен менің түсімді жорысаңшы енді, – деп өтінді ол.

– Алдымен ант бер. Қазынаның оннан бірін маған беремін деп ант-су іш, сонда ғана жоримын.

Ант беруге тура келді. Бірақ кемпір ол антын Исаның Қасиетті Жүрегінің бейнесі алдында қайталауды талап етті.

– Бұл түс Жалпы Тілде көрінген, – деді ол. – Бірақ, қаншалықты қиын болса да, оны жоруға талаптанып көрейін. Мен осы еңбегім үшін сенен қазынаның оннан бір бөлігін сұрап отырмын. Ендеше тыңда: сен Мысырға барып және өз пирамидаларыңды табуға тиіссің. Мен өзім бұл турасында естіген емеспін, бірақ, оны саған бөбек көрсетс, ол шынында да бар деген сөз. Міне, солай қарай сапар шек – сен онда өз қазынаңды табасың да, байисың.

Сантьяго әуелі таң қалып еді, ал кейін өкінішті сезінді. Осындай түкке тұрғысыз нәрсе үшін кемпірді іздеп несі бар еді? Қайта өзінен ақша алмағанына тәубе.

– Саған уақытымды босқа жіберген екенмін, – деді ол.

– Мен алдын ала ескерттім: сенің түсіңді жору қиын. Бір нәрсе қаншалықты әдеттен тыс ғажап боп көрінсе, соншалықты қарапайым болады, ал оның мағынасын түсінуге тек данагөйдің ғана күші жетеді. Ал мен данагөйлікпен ерекшеленбегендіктен өнердің басқа түрлерін үйренуге – мәселен қолға қарап жоруды игеруге тура келді.

– Мен сонда Мысырға қалай жетпекшімін?

– Ол енді менің уайымым емес. Мен тек түстерді жоруды ғана білемін, ал оларды тіршілікте жүзеге асыра алмаймын. Әйтпесе өз қыздарымның садақаларын талғажу көріп, қайыршы тәрізді тіршілік кешер ме едім?

– Ал мен Мысырға жете алмасам ше?

– Жете алмасаң – менің жорығаным үшін беретін төлеміңсіз қаламын. Ондайдың талайын көргенмін. Ал, енді жөнел, бізге тілге тиек етер ештеңе де қалған жоқ.

Сантьяго сыған кемпірден қатты түңіліп шықты да, енді ілгеріде көрген түстерге ешқашан сенбейтін болып шешті. Осы жерде ол небір шаруамен айналысатын кез келгенін есіне түсірді: дүңгіршекке барып шамалы тағам алды, өзінікін қалыңдау өзге кітапқа айырбастады, сөйтті де, алаңқайдағы орындыққа жайғасып жаңа шараптың дәмін татты. Күн ыстық болатын, содан болар, шарап бозбаланы сиқырлы түрде салқындатты.

Ол өз қойларын қалашықтың шет жағындағы жаңа досының қотанында қалдырған еді. Негізі Сантьягоның бүкіл аймақта жора-жолдастары көп болатын, ол сондықтан да саяхаттауға құмар-тын. Жаңа дос тапсаң, онымен күнде кездесіп жату міндет емес. Ал, айналаңда үйреншікті адамдар болғанда – айталық, семинариядағадай – олар сенің болмысыңа қалай болғанда да ене бастайды. Ал, өміріңе кіріп алған соң, олар біраздан кейін оны өзгертуге талап жасайды. Егер олар сені қай бейнеде көргісі келгеніне сай келмесең – өкпелейді. Әркім мына жалғанда қалай ғұмыр кешу керек екендігін шүбәсіз айқын біледі ғой.

Тек ешкім де неге екені белгісіз, өз өмірін баптай алмайды. Бұл жағдаят сыған кемпірдің түстерді жорып, бірақ қалай жүзеге асыруды білмейтініне ұқсайды.

Сантьяго күн еңкейіңкірегенінше тоса тұруға шешім жасады, әрі сонда қойларды жайылымға айдауға болар еді. Мауытышының қызымен кездесуге дейін әлі үш күн бар. Ал, ол әзірше жергілікті дін қызметшісі – священниктен айырбастап алған жаңа кітабына кірісті. Кітап қалың екен, әрі алғашқы бетінен бастап-ақ әлдекімді жерлеу рәсімі баяндалыпты, оның үстіне кітап қаһармандарының аты-жөндеріне тіл оңайшылықпен бұрала қоймайтын қиын болды. «Егер мен бір кезде кітап жазсам, – деп ойлады бозбала, –оқырмандар кімді қалай атайтынын ойға түсірмес үшін оның әр парағында жаңа қаһарман бой көрсететін болады».

Оның өлікті қарға қалай көмгендіктері жайлы оқығанда (осы тұста күн қайнап тұрса да, Сантьягоның денесі қалтырап кетті) баяндауға елігіп, оқуға үңілгені сол ғана еді, орындыққа бір шал келіп отырды да, онымен әңгіме бастады.

– Мыналардың бәрі не істеп жатыр? – деп сұрады ол, алаңдағы адам-дарды нұсқап.

– Жұмыс істеп жатыр да, – деп бозбала оқудан бас ала алмай жатқандай сыңай білдіріп, келте қайырды.

Ал, шындығында ол мауытышы қызының көз алдында төрт қойды қырқатыны және қыздың мұның неге ыңғайы барын көретіндігі жайлы ойлап отыр еді. Сантьяго осынау көріністі өзіне жиі суреттейтін, әрі әрдайым таңғалған қызға қойды құйрығынан басына қарай қырқу керек екендігін ойша түсіндіретін. Ол оның үстіне қой қырқу кезінде қыздың көңілін көтеру үшін әрқилы қызықты оқиғаларды зердесінен сұрыптауға кірісті. Бұл оқиғаларды ол қилы кітаптардан оқыған болатын, бірақ, олардың бәрін тап өзімен болғандай етіп баяндауды ойластырды. Қыз бір кезде болжай қояды деймісің: өйткені ол оқу білмейді ғой.

Бірақ, шал алған бетінен қайтпайтын болып шықты. Шаршадым әрі шөлдедім деп бір жұртым шарап сұрады. Сантьяго осымен құтылсам жарады дегендей құтысын ұсынды.

Ол-ол ма, шал енді әңгіме бастағысы келді. Шал құтысын қайтарып, ол бозбаланың қандай кітап оқып жатқаны жайлы сауал қойды. Сантьяго тіпті өзге орындыққа ауысып отыруға қозғалмақшы болды, бірақ, әкесі оны үлкендерді қашанда инабатпен сыйлауға тәрбиелеген-ді, сондықтан ол үн қатпастан кітапты көршісіне ұсынды: бәлкім ол кітаптың дұрыс қалай аталатынын білетін шығар. Ал егер шал сауатсыз болса ыңғайсыздықтан құтылу үшін табанын жалтыратар.

– Гм... – деді шал тап бір мұндай ғажайып затты алғаш көріп отырғандай кітапты жан-жағынан айналдыра қарап. – Жақсы кітап, маңызды жайттар жайлы баяндайды, тек тым іш пыстырады демесең...

Сантьяго ғажап қалды – шалыңыз сауатты ғана емес, оның үстіне тап осы кітапты оқыпты ғой! Несі бар, ол шынында зеріктірер болса, оны өзге кітапқа айырбастап алуға уақыт бар.

– Бұл да өзге кітаптардың барлығы дерлік не айтса, соны жазады, – деп жалғастырды шал. – Адамның өз тағдырын өзі таңдап ала алмайтындығы турасында. Бұл кітап бастан-аяқ барша жұрт әлемдегі ең ғаламат өтірікке сенуі үшін жазылған.

– Әлемдегі ең ғаламат өтірік не сонда? – деп қайран қалды Сантьяго.

– Оның астары мынада: кей сәтте біздің өміріміз өзімізге бағынбай кетеді, сөйтеді де, оны тағдыр билей бастайтын көрінеді. Барып тұрған өтірік.

– Маған мұны түсіну қиын тәрізді, – деді Сантьяго. – Мәселен, мені поп жасағылары келіп еді, ал мен болсам малшылыққа кеттім.

– Міне, тамаша, – деп басын изеді шал. – Өйткені сен саяхаттағанды ұнатасың ғой.

«Тап бір менің ойларымды оқып отырған сияқты», – деген тұжырым жасады бозбала.

Шал бұл екі арада кітапты тап бір қайтарғысы келмеген сыңайда оны парақтап отырып алды. Сантьяго енді байқады – шал араби бурнус (күләпарасы бар плащ. – Ауд.) киіп алыпты. Бірақ, мұнда пәлендей ерекшелік жоқ еді: Тарифаны африкалық жағалаудан бірнеше сағатта жетуге болатын бұғаз ғана бөліп жататын. Арабтар қалашықта жиі бой көрсететін – олар оны-мұны сатып алып, өздерінің таң қаларлық дұғаларын әлденеше қайталайтын.

– Сіз қай жақтан боласыз? – деп сұрады ол шалдан.

– Қайдан десең, соданмын.

– Олай болмайды, – деп қарсылық білдірді бозбала. – Ешкім қайдан болса, содан бола алмайды. Мәселен, мен малшымын, жер-көкті кезіп жүремін, бірақ, бір жерден шыққанмын, тауында ескі қорғаны бар қалашықта туғанмын.

– Жарайды, олай болса, мен Салимде туғанмын.

Сантьяго бұл Салимі бар болғырдың қайда екенін білмейтін, бірақ, ұятқа қалмас үшін індетіп сұрамады. Ол қам жеген кейіптегі әрі-бері өтіп жатқан жүргіншілер кернеген алаңға көз тікті.

– Ал, Салимдегі хал-ахуал қалай?

– Бәз баяғыдай.

Ілік табарлық ештеңе болмады. Бір анығы – бұл қала Андалузияда емес, әйтпесе ол білер еді ғой.

– Ал, сіздің ондағы кәсібіңіз не?

– Кәсібім не дейсің бе? – Шал шегі қатқанша қарқылдай күлді. – Мен оған билік жүргіземін. Мен – Салимнің патшасымын.

«Кейде пенделеріңіз жоқтан өзгені айтады-ау осы, – деп ойлады бозбала. – Қызығы су ішіп, қарын толтыратын қойлармен сұхбаттасқан жақсы ғой. Немесе кітаптар оқыған жөн – олар ғаламат оқиғаларды естігің келген кезде баяндап береді. Ал, адамдармен қиюласу қиын: әдетте әлденені әңгірлеп айтып қалады, сен болсаң не деп жауап қайырарыңды білмей сілейіп отырасың».

– Мені Мельхиседек деп атайды, – деді шал баяу ғана. – Сенің қанша қойың бар?

– Жетіп жатыр, – деп Сантьяго жылжытпа жауап қайтарды.

– Шынында солай ма? Егер сен қойларың жеткілікті деп есептесең, менің саған көмегім қажет болмағаны ғой.

Бозбала кәдуескідей ашуланды. Ол ешқандай қолғабыс сұраған жоқ. Есесіне шал әуелі шарап сұрады, одан кітабына үңілді, енді ол аздай онмен әңгіме-дүкен құруы қажет.

– Кітапты қайтарыңыз, –деді ол. – Менің жолға шығар уақытым болды.

Бозбала кенет бәрін түсіне қойды. Сыған кемпір одан ештеңе алған жоқ, ал мына шал – бұл да сыған, оның күйеуі болуға керек, тек өтірікті соғып-соғып, бұдан барынша көп ақша алуға арнайы жіберілген екен.

Бірақ, Сантьяго аузын ашып «лә» дегенше шал шыбық таңдап алды да, құмға әрнеңелерді сызғыштай бастады. Ол еңкейген кезде оның кеудесінде әлдененің ғаламат жарқ еткендігі сонша, бозбала тіпті бір сәтке көзі көрмей қалғандай болды. Бірақ, шал жасына қарамастан ширақ қимылмен киімін қаусырынып алды, ал, Сантьягоға жанары қайта оралғанда, ол шалдың оның аяғының астына салғандарын көрді.

Кішкентай қалашықтың басты алаңын алып жатқан құмдақтан ол өз ата-анасының аты-жөнін және өз өмірінің тарихын мына соңғы сәтіне дейін – өзінің балалық ойындары мен семинариялық суық түндер жайлы оқыды. Ол алғаш рет танысқан мауытышы қызының есімін де оқыды. Ол ешқашан ешкімге айтпай жүрген жайт жайында да оқыды: бірге бұғы аулау үшін әкесіне айтпай мылтығын алғаны және ғұмырында әйелмен алғаш әрі бір-ақ рет ұйқтап тұрғаны турасында да жазылыпты.

«Мен – Салимнің патшасымын», – деген сөз ойына оралды.

– Патша неге малшымен сөйлеседі? – деп қысыла, әрі жасқана сұрады Сантьяго.

– Оған бірнеше себеп бар, бірақ, ең бастысы – сенің өз Тағдырыңның соңынан жүре алатындығың.

– Ол не қылған Тағдыр? – деп сұрады бозбала.

– Адамдардың барлығы жас шағында өз Тағдырын біледі. Әрі өмірдің осынау кезеңінде бәрі түсінікті де, әрі бәріне әлі келеді. Олар армандау және жүзеге асырғылары келетіннің баршасына ұмтылудан тайсалмайды. Бірақ, уақыт жылжыған сайын қайдағы бір құпия күш оларды өз Тағдырын жүзеге асыру мүмкін емес деген сенімге де жетелей бастайды.

Сантьягоны шалдың айтқандары пәлендей толғандыра қойған жоқ, бірақ, «құпия күшке» ол назар аударды – ондайды алғаш естіген мауытышының қызы аң-таң болуы ғажап емес.

– Бұл күш бір көрмекке мейірімсіздеу болып көрінеді, бірақ, шындығында ол адамға өз Тағдырын қалай жүзеге асырудың жолын нұсқайды. Ол осынау үрдіске адамның рухы мен жігерін дайындайды. Осы планетада бір ғана ұлы ақиқат бар: мейлі сенің кім болып, не істегеніңе қарамастан, сен егер бір нәрсені шынымен мақсат етсең, сен оған қол жеткізесің, өйткені ондай тілек-ықылас Ғаламның жан дүниесінде туындады ғой. Сенің Жердегі міндетің де осы болып табылады.

– Тіпті мен бар болғаны жер-көкті аралап немесе ләпкешінің қызына үйленгім келсе де ме?

– Немесе қазынаны тауып алу. Әлемнің Жаны адам бақытынан қорек алады. Бұл қатарда бақытпен бірге қайғы да, қызғаныш та, күндеушілік те бар. Адамның бірден-бір міндеті – өз Тағдырының аяғына дейін табан аудармай бару. Онда бәрі де бар. Және қаперіңде болсын, сен әлденені жүзеге асырғың келсе, бүкіл Ғалам сенің арманыңның орындалуына қолғабыс жасайды.

Олар шамалы уақыт алаң мен өткіншілерге үнсіз қарап жай отырды. Бұл тыныштықты алғаш болып ақсақал бұзды:

– Иә, сонымен сен неге қой бағуға бел будың?

– Өйткені жер-көкті аралап жүргенді ұнатамын.

Шал желбегей жүгері сататын саудагерді нұсқады – ол алаңның бұрышына қызыл арбашасымен жайғасыпты.

– Бала шағында ол да саяхаттауды армандаған. Бірақ, кейін жүгері сатып, ақша жинақтауды артық көрген. Сонсоң қартайған кезінде Африкада бір ай болады. Оған адамның аңсағанын жүзеге асырардың барлығы бар екенін түсіну маңдайына жазбаған.

– Өйткенше мал бағып кеткені жақсы еді, – деді Сантьяго.

– Ол бұл турасында да ойланған. Бірақ, кейін саудамен айналысқаным жөн болар деп шешкен. Саудагердің басында баспана бар, ал малшылар таза алаңқайда ұйқтайды. Және қалыңдықтардың ата-аналары да күйеу баласының малшы емес, саудагер болғанын қалайды.

Сантьягоның есіне мауытышының қызы түсті де, жүрегі солқ ете қалғанын сезді. Бәлкім ол тұратын қалашықта да қызыл арбашықты әлдекім қыдырыстап жүрген шығар?

– Міне, осыдан адамдардың малшылар мен саудакештер жайлы пікірі өз жолынан маңыздылау болып көрінеді.

Шал кітапты тағы да парақтады, шамасы, оқып отырса керек. Сантьяго ұзақ тосты, сонсоң шалды енді өзі алаңдатуға бел буды, – алдында ол да кітаптан мұның назарын аударды емес пе?

– Ал, бұл жайында сіз маған неге айтып отырсыз?

– Өйткені сен Тағдырыңның соңынан жүруге тырыстың. Бірақ, қазір ол жолдан шегінуге дайынсың.

– Сонда сіз әрдайым осындай сәтте пайда боласыз ба?

– Әрдайым. Әрі өзге бейнеде де көріне аламын. Бірде дұрыс шешім, бірде сәтті ой санатында. Кейде, қиын сәтте, мен бөгетті жағдайдан шығудың жолын да көрсетемін. Бәрін зердеңде сақтай бермейсің. Бірақ, әдетте адамдар менің пайда болғанымды байқамайды.

Сөйтіп шал өткен аптада бір кен іздеушінің алдында тас бейнесінде пайда болуға тура келгендігі жайлы айтты. Ертеректе бұл адам бәрін тастап, зүбәржат іздеуге кіріскен екен. Ол өзеннің жағасында талмай еңбек етіп, бес жылдың ішінде бір ғана асыл тас табу үшін 999 999 тасты жарыпты, бірақ, еш нәтиже болмаған. Әбден қажыған ол өз арманынан бас тартуға бел буады. Ал, сонда қалғаны бір ғана тас қой, соны жарса, зүбаржат жарқ ете қалайын деп тұр. Сонда шал осыған дейін өз жолымен таймай келе жатқан кен іздеушіге көмектескісі келіп, оқиғаға араласады. Ол тасқа айналып, әлгінің аяқ жағына қарай домалап барады. Бірақ, бес жылғы еңбегінің еш кеткеніне әбден ыза болып, әрі толайым күдер үзген кен іздеуші бұл тасты аяғымен айдалаға теуіп жібереді. Бірақ, тепкенінің қаттылығы соншалық, ол тас ұшып кеткенде екіншісіне соғылып, жарылады да, күн көзінде әлемдегі ең әсем зүбаржат жарқ-жұрқ ете қалады.

– Адамдар тіршіліктің мәні неде екендігін тым ерте білетін сияқты болып көрінеді өздеріне, – деді шал, ал Сантьяго оның жанарына ұялаған мұңды байқап қалды. – Армандарынан да ерте бас тартатындықтары содан шығар. Әлем солай құрылған, не шара...

Бозбала осы кезде олардың әңгімесінің қазынадан басталғанын ойына түсірді.

– Қазыналарды жердің бетіне бұлақтар мен өзендер алып шығады, сондай-ақ оларды жер қойнауына көметіндер де солар,

– деді шал. – Ал, егер сен өз қазынаң жайлы егжей-тегжейлі білгің келсе – өз отарыңдағы әр оныншы қойды маған бер.

– Бәлкім, тапқанымның оныншы бөлігін бергенім жөн шығар?

– Қолыңда жоқтан уағда ету – табамын-ау деген құқықтың өзін тәуекелдеген болып табылады, – деді шал кінәлай сөйлеп.

Осы кезде Сантьяго өз отарының оныншы бөлігін сыған әйелге беретін болып уәде бергенін айтты.

– Сығандар өз дегендеріне қалай қол жеткізуді жақсы біледі, – деп күрсінді шал. – Қалай болғанда да саған әлемдегі күллі нәрсенің өзіндік бағасы бар екендігін білген пайдалы. Жарықтың Жауынгерлері тап осыған үйретуге тырысады. – Ол Сантьягоға кітапты ұсынды. – Ертең осы уақытта маған өз отарыңның оныншы бөлігін айдап әкелесің. Мен сонда қазынаны қалай табу керек екендігін айтамын.

Сөйтті де, ол бұрышты айналып жоқ болды.

(жалғасы бар)

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар