Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Пауло Коэльоның «Алхимик» романы (жалғасы)

12.06.2018 323

Пауло Коэльоның «Алхимик» романы (жалғасы)

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Сантьяго дүңгіршекте айға жуық еңбек етті, бірақ, жаңа кәсіп оған онша ұнады деуге болмайтын еді. Хрусталь сатушы күн ұзақ затәйнек жанында отырып алып, бозбалаға тауарды байқап ұстау керектігін айтып, міңгірлеумен уақыт өткізетін.

Бірақ, жұмыстан шығуға тағы болмайды, өйткені, саудагер қазымыр болса да, адал адам еді және өз уағдасын ұстады: Сантьяго ықтиятты түрде әр сатылған тауардан үстеме төлем алып отырды, тіпті шамалы қаржы да жинақтады. Бірақ, бірде таңертең ол өз тапқанын қақпалап есептеп еді, сонда егер қазіргідей жалақы алып отыратын болса, қажетті қойларды бір жылдан кейін бір-ақ сатып ала алатындығына көз жеткізді.

– Тауарлардың түр-түрлері қойылған жылжымалы затәйнекті көшеге неге шығармаймыз? – деді ол қожайынға. – Біз оны тым болмаса жүргіншілердің назарын аудару үшін ләпкеге кіре беріске қояр едік.

– Біз бұрын да ешқашан шығарып қоятын затәйнексіз тіршілік еткенбіз, – деп жауап қайтарды анау. – Оның үстіне көшеде әлдекім оны қағып кетіп, менің хрусталімді қиратып кетсе қайтпекпін?

– Мен қойларды жайылымға бағуға шығарғанымда олар да жыланға килігіп, оның шаққанынан сеспей қатар еді ғой. Бірақ, қойлар мен малшылардың тірлігі сондай.

Сатушы бұл кезде бокал сатып алмақшы болған келушіе қызмет көрсетіп жатқан. Осынау тұйық көше – кезінде Танжердің барлық тұрғындарын тартып тұрған уақыт тап бір қайтып оралғандай, сауда ширақ жүріп жатқан-ды.

– Шаруамыз тәп-тәуір жүруде, – деді ол, – сатып алушы шығып кеткеннен кейін. – Мен қазір едәуір табыс тауып жатырмын, сондықтан, көп ұзамай саған жаңа отар сатып аларға қаржы беремін. Саған сонша не жетпей жатыр? Өмірден тым артықты талап етіп қажеті не?

– Белгілердің соңынан жүру керек болғандықтан сөйткім келеді, – деген сөз бозбаланың аузынан еркінен тыс шығып кетті, әрі олай дегеніне ізінше өкінді: саудагер болса патшаны ешқашан кездестірмеген ғой.

«Бұл Қолайлы Бастау деп аталады, – ақсақалдың осылай дегені ойына түсті. – Жаңа бастағандардың жолы болғыш келеді. Өйткені, өмір – адамның өз Тағдырының желеуімен жүргенін қалайды».

Ал, қожайын бұл екі арада Сантьягоның айтқанын ой таразысына салып жатты. Оның ләпкеде бой көрсетіп отырғанының өзі-ақ ізгі белгі – ақша дегеніңіз кассаға ағылуда және ол осынау испандық бозбаланы жалдағанына еш өкінген жоқ. Ол тапқанынан көбірек алатын болса да, сауда мұнша ширақ жүреді деп болжамаған хрусталь сатушы оған ауқымды үстеме төлемдер ұсынған-ды. Саудагерге оның өз қойларына оралатын кезі де жақындап қалғандай көрінді.

– Саған олар жайлы көп айтқандықтан, – деп жауап қайырды Сантьяго.

Қазыналар мұңды естелікке айналды, сондықтан, ол олар жайында ойламауға тырысты және қожайынға көрген түсін айтып жатпады.

– Тек қана пирамидаларға қарау үшін ұлы шөлді көктей өткісі келетін адамды тумысымда тұңғыш рет көріп отырмын. Ал, ол пирамидалар дегенің – тек тастардың үйіндісі ғана. Сен ондайды өз аулаңда да салып ала аласың.

Сантьяго оның бұл уәжіне:

– Сіздің алысқа апаратын саяхаттар жайлы түстер көрмегеніңіз көрініп тұр, – деп жауап қайырды да, кезекті сатып алушыны қарсы алуға кетті.

Екі күннен кейін қожайын затәйнек туралы әңгімеге қайта оралды.

– Мен жаңалықтарды жарата қоймаймын, – деді ол. – Мен Хасан тәрізді бай емеспін ғой, ол қателік жасағаннан қорықпайды, – оның бұл тұрғыда жоғалтары шамалы. Ал, сен екеуімізге өз қателіктеріміз үшін ғұмыр бойына төлем төлеуге тура келеді.

«Жөн айтады», – деп ойлады бозбала.

– Ал, енді маған жауап бер, әлгі айтқан затәйнек неге қажет болды? – деп жалғастырды қожайын.

– Менің өз қойларыма тезірек оралғым келеді. Сәттілік бізге жол ашып тұрған кезде, қас қағым уақыттың өзін ұстау керек, ол бізге көмектесіп жатқанда, біз де оған қолғабыс жасағанымыз абзал. Бұл өзі де Қолайлы Бастау деп аталады. Жаңа бастағандардың жолы болғыш келеді.

Шал үнсіз қалды да, сонсоң жауап қайырды:

– Пайғамбар бізге Құран түсірді де, тек бес парыз ғана жүктеді, оларды біз өмір бойы орындап отыруымыз қажет. Ең бастысы – Алладан басқа Құдай жоқтығын ұмытпау. Өзге төртеуі күніне бес рет намазға жығылу, Рамазан айы туғанда ораза тұту, кедей-кепшікке мейірімді болу...

Ол тағы да үнсіз қалды. Пайғамбарды еске алған кезде оның көздеріне жас келді. Ол ширақ, шыдамсыз да ыстық қанды адам болғанымен бар өмірін Мұхаммедтің заңымен орайлы жүргізе алды.

– Ал, бесінші міндетіміз қайсы? – деп сұрады Сантьяго.

– Алдыңғы күні сен маған, бәлкім, менің түсіме алыс сапарлар жайлы ешқашан кірмеген шығар деп едің. Ал, міне, әрбір діндардың бесінші міндеті – қажылыққа бару.

Біздің әрқайсымыз ғұмырымызда бір рет болса да Меккеге баруымыз керек. Мен шөлді қалай қиып өтіп, қасиетті тас тұрған алаңға қалай келетінімді, оны жеті рет айналып, тек оған содан кейін ғана қол тигізетінімді көз алдыма мың рет әкелген шығармын. Мен әрдайым маңымда қанша жұрт болатынын және менің дауысымның жалпы дұғалық хорға қалай араласатындығын көз алдыма әкеле аламын. Бірақ, мені қатты көңіл қалу тосып тұрған жоқ па деп қауіптенемін, сондықтан тек армандағанды ғана артық көремін.

Ол сол күні Сантьягоға жаңа затәйнек жасауға рұқсат берді.

Жұрттың бәрі армандамайды және бірдей түс те көрмейді ғой...

Арада және екі ай өтті – жаңа жылжымалы затәйнек өз міндетін атқарды: дүңгіршекке сатып алушылар үсті-үстіне келіп жатты. Сантьяго былай деп жобалады: егер сауда-саттық ілгеріде де осылай жүретін болса, ол жарты жылдан кейін Испанияға оралып, алпыс емес, одан екі есе көп қой сатып алуға шамасы келеді екен. Және жыл өтпей жатып, ол отарын екі еселейді де, арабтармен саудаласа бастайды, өйткені, ол қазірдің өзінде олардың тілінде айтарлықтай түсінісуге жарап қалды. Базардағы ана жағдаяттан кейін ол дорбашасынан Урим мен Туммим аталатын тастарды алған жоқ, өйткені, қожайыны үшін Мекке қандай орындалмас арман болып көрінсе, Мысыр оған да солай болды. Ол өз жұмысына разы-ды. Және ылғи Тарифа жағалауына жеңімпаз санатында кеменің сатысынан салтанатпен қалай түсетіндігін көз алдына үнемі елестететін.

«Есіңде болсын, нені қажет ететіндігіңді қашанда нақты білгейсің» – деп еді ғой Мельхиседек.

Бозбала оны білетін. Және өз мақсатына жету үшін жұмыс істеп жатыр. Бәлкім оның маңдайына өзге елде болуды, онда алдамшыға килігіп, ал, содан кейін бір тиын да жұмсамай өз отарын екі еселеуді жазған шығар?

Ол өзін-өзі мақтан етіп тұрды. Ол көп жағдайға үйренді: енді хрустальмен сауда жасау қолынан келетін болды, сөздері жоқ тілді меңгерді және белгілерді оқи алатын халге жетті. Бірде ол әлдебір адамның осынша өрдің биігіне шыққаны мынау, ал, мұнда тіпті тізе бүгіп шөл басатын жер жоқ екенін айтып, шағымданғанын естіді. Сантьяго бірден мұның белгі екенін сезіп, қожайынына былай деді:

– Тауға шығатындарға неге шай сатпасқа?

– Мынауың едәуір жаңалық екен, ойланып көрейік, – деп жауап қайырды анау.

– Ал, біз хрусталь стақандарға құйылған шай ұсынатын боламыз. Адамдар әдетте әдемілікке үйірсек келеді ғой.

Қожайын еш жауап қайырмастан оған біраз қарап, отырып қалды. Бірақ, күн еңкейіп, кешкіріп қалған еді, ол намазын оқып, ләпкесін жауып, оның қарсы алдындағы жолдың жиегіне жайғасып, Сантьягоға арабтар жақсы көретін мүштікті – наргилені тартуды ұсынды.

– Айтшы маған, сен нені көздеп жүрсің? – деп сұрады ол бозбаладан.

– Сіз білесіз ғой: мен еліме оралып және қойлар сатып алғым келеді. Ал, ол үшін маған ақша керек.

Шал наргилеге бірнеше көмір шоқтарын салды да, тереңнен сорды.

– Мен мына ләпкені отыз жыл бойына ұстап келемін. Хрустальдің жақсысын жаманынан айыра білемін, сауданың да бар иыр-қиырын меңгердім. Мен өз шаруамның қалай жүріп жатқанына ризамын және де оны кеңейткім келмейді. Сатып алушыларға шайды хрусталь стақандармен берсең, расында біздің айналымымыз өсуі ғажап емес; тек бәрін де өзгертуге тура келеді.

– Ал, мұнда тұрған не кемістік бар?

– Мен тек осылай өмір сүруге дағдыланғанмын. Сен осында келіп бой көрсеткенше, мен жиі ойланатынмын: сонша уақыт бір орыннан тапжылмай отырғанымда, менің қаншама достарым келіп-кетіп, байлыққа кенеліп, немесе қайыршылық күйге ұшырады десеңізші?! Мен бұл турасында терең қайғыратынмын. Ендігі жерде менің дүңгіршегім маған қажет ауқымды екендігін түсінемін. Мен өзгерістерді іздемеймін, олардың қалай жүзеге асырылатынын да білмеймін. Мен өзіме-өзім өте үйренгенмін.

Бозбала не деп жауап берудің жөнін таппады. Шал болса, жалғастыра берді:

– Сені маған Құдайдың өзі жібергендей. Ал, мен бүгін мынаны түсіндім: егер сен Құдайдың ықыласын қабыл алмасаң, онда ол қарғысқа айналады. Мен тіршіліктен басқа ештеңе қажет етпеймін, ал, сен мені ондағы көз жетпейтін алысқа кетуге зорлайсың. Мен оларға қарағанда, өзімнің игермеген мүмкіндіктерімді сезінемін, сөйтемін де өзімді бұрынғыдан нашарлау екенімді байқастаймын, өйткені, мен қажет еткенімнің барлығын ала аламын, ал, маған оның қажеті жоқ.

«Қайта менің жүгері сатушыға ештеңе айтпағаным абзал болған», – деп ойлады Сантьяго.

Олар тағы шамалы уақыт наргиле тартып отырысты. Күн де батты. Қожайын мен бозбала арабша түсіністі – Сантьяго бұл тілді игергеніне өте разы еді. Қаншама заман, не ықылым уақытта, өзге тіршілікте қойлар әлемдегі бар болмысты түйсінген сияқты көрінетін. Ал, бірақ, араб тілін олар үйрене алмас.

«Бәлкім, олардың тағы да үйрене алмайтын нәрселері бар шығар, – деп ойлады ол қожайынға үнсіз ғана бағдарлай қарай отырып. – Олар тек жем-шөп пен су іздеуді ғана біледі. Оны да өздері үйренген жоқ, – оларды үйреткен мен ғой».

Мактуб, – деген сөз шықты ақыры хрусталь сатушыдан.

– Ол нені аңғартады?

– Оны кәдімгідей түсіну үшін араб болып туу керек, – деп жауап қайтарды

анау. – Бірақ, жобалы мағынасы – «осылай жазылған» дегенді білдіреді.

Және наргиледегі көмір шоқтарын сөндіре отырып, ол ертеңнен бастап, «Сантьяго, шайды хрусталь стақандарға құйып, сата беруіңе болады», – деді. Өмір өзенін тоқтату мүмкін емес.

Тік жармен көтерілген адамдар кенет ең биікте хрусталь стақандарға құйған салқын да бой сергітер жалбыз салынған шай ұсынатын дүңгіршекті көретін болды. Ендеше оған кіріп, неге шөл баспасқа?

«Менің әйелімнің ойына мұндай кіріп-шығады дейсің бе?» – деді бір келімсек бірнеше стақан сатып алып жатып: бүгін кешке олардікіне қонақтар келмекші көрінеді, ал, бұл болса мына тамаша ыдыстармен меймандарды таң қалдырғысы келеді.

Екінші адам шайды хрусталь стақаннан ішкенде әрі дәмді, әрі хош иісін ұзақ сақтайды деген пікір айтты. Үшіншісі жалпы Шығыста шайды хрустальдан ішу көне дәстүр ретінде қалыптасқан деді, өйткені, оның сиқырлы қасиеттері бар.

Және бұл жайында көп жұрт тез арада құлағдар болып, осынау көне кәсіпке қандай тың жаңалықтар енгізуге болатындығын өз көздерімен көргілері келіп, халық осылай қарай ойысты. Шайды хрусталь стақандарға құйып беретін өзге де орындар пайда бола бастады, бірақ, оларға бару үшін биікке көтерілмейсің, сондықтан бос тұратын болды.

Біраздан кейін ләпкеге тағы екі көмекшіні жалдауға тура келді. Енді, мұнда тек қана хрусталь емес, күнде жаңалық іздеп, лек-легімен келіп жатқандарға шай ұсыну әдетке айналды.

Осылайша жарты жыл өтті.

Бозбала күн шықпай оянды. Ол африкалық құрылыққа алғаш рет аяқ басқалы он бір ай және тоғыз күн өтті.

Ол осы күнге арнайы сатып алынған ақ кездемеден тігілген араб бурнусын (күләпарасы бар кең плащ) киіп, басына орамал жапты, оны түйе терісінен жасалған дөңгелекпен бекітті, жеңіл сандалын аяғына ілді де, дыбыссыз төмен түсті.

Қала әлі ұйқы құшағында болатын. Сантьяго жидекті қайнатпа жаққан нанның бір кесегін жеді де, хрусталь стақаннан шай ішті. Сонсоң ләпкенің табалдырығына отырып наргиле тартты.

Ол осылайша наргилесін сорғыштап мүлде жалғыз отырды, ешқандай ойға берілмей, тек шөлдің иісін жеткізген желдің тұрақты да бір сарынды шуылына ғана құлақ түрді. Тартарын тартып болған соң, қалтасына қолын салды да, бірнеше минөт бойына одан алып шыққан дүниеге үңілді.

Оның саусақтары алақанға әрең сиятын бір буда ақшаны сығымдап тұрды – оған қайтатын билет те, жүз жиырма қой сатып алуға және Испания мен қазір өзі тұрып жатқан ел арасында сауда жүргізуге де рұқсат алуына жетіп бағар еді.

Сантьяго қожайынының оянып, дүңгіршегін ашар кезін шыдаммен тосты. Сонсоң олар тағы да бірге шай ішісті.

– Мен бүгін қайтамын, – деді бозбала. – Енді менің қойлар сатып алуға, ал сіздің Меккеге жол жүруге шамаңыз келеді.

Қожайын үн қатқан жоқ.

– Маған батаңызды беріңіз, – деді Сантьяго табандылықпен. – Сіз маған көмек көрсеттіңіз.

Шал шай қайнатуды жалғастырған күйі тіс жарған жоқ. Ақыры ол бозбалаға мойынын бұрды.

– Мен сені мақтан етемін. Сен менің дүңгіршегіме жан бітірдің. Бірақ, мынаны білгейсің: мен Меккеге бармаймын. Сондай-ақ өзіңнің де қойлар сатып алмайтыныңды біліп қой.

– Мұны сізге кім айтты? – деді таң қалған күйде Сантьяго.

Мактуб, – кәрі хрусталь сатушы жауап қайырып.

Сөйтті де бозбалаға батасын берді.

Сонсоң Сантьяго өз бөлмесіне барып, оны-мұнысын жинақтап еді, үш қапшық болып шықты. Ол кенет есіктің маңайындағы өзінің ескі малшылық дорбашасын байқап қалды. Өзі ол жайлы ұмытып та кеткен-ді, әрі көптен көзіне де түспей жүретін. Ол күртешесін көшедегі ұл балалардың біріне сыйламаққа дорбашадан алып еді, сол мезетте Урим және Туммим атты екі асыл тас еденге домалай жөнелмесі бар емес пе?

Бозбала осы кезде кәрі патшаны есіне түсірді де, соншалықты уақыт ол жайлы ойланбағанына өзі де таң қалды. Жыл бойына тек қана бір мақсатпен – Испанияға құр қол қайтпас үшін қаржы жинақтау жолында еш тыныссыз еңбек етті.

«Ешқашан өз арманыңнан бас тартпа, – деген еді Мельхиседек. – Белгілердің соңынан еріп жүретін бол».

Бозбала тастарды еденнен көтеріп алды, тап осы сәтте оны тағы да ақсақал қасында тұрғандай сезім баурады. Тұтас жыл ауыр іс-қимылда өтті, ал, енді белгілер кететін уақыт келіп жеткенін көрсетіп тұр.

«Мен тағы да тап бұрынғыдай боламын, – деп ойлады ол, – ал, қойлар мені арабша сөйлеуге үйрете алмайды».

Бірақ, қойлар оны одан да маңыздылау нәрсеге: әлемде барша жұрттың бәріне түсінікті тіл барлығына үйреткен еді. Және жыл бойына сауда өрлей берсін деп тырысқан Сантьяго әркімге түсінікті тілде сөйледі. Ол махаббатпен және ынтамен істелетін, сенетін әрі тілейтін дүние үшін жасалатын шабыт-жігер тілі болатын. Танжер оған бөгде жер болудан қалды, енді, бозбала өзіне осынау қала бағынғандай, бар әлем бағынуы мүмкін екендігін сезінді.

«Сен әлденені қатты аңсағаныңда, барша Ғалам сенің тілегіңнің жүзеге асуына қолғабыс ететін болады» – Мельхиседек қария осылай айтқан-ды.

Бірақ, ақсақал қарақшылар жайлы да, ұшы-қиырсыз шөлдер жайлы армандаса да, сол армандарының орындалғанын тілемейтін адамдар жайында да тіс жарған жоқ еді. Ол «пирамидалардың тек тастардың үйіндісі ғана екенін, егер әркім ойына келсе, ондайды өз бақшасында да жасап ала алатындығын» оған айтқан жоқ. Кәрі патша бозбалаға онда қойлар сатып алуына ақша пайда болған кезде, ол осы қойларды сатып алуға тиісті болады деп айтуды да ұмытыпты.

Сантьяго өз дорбашасын алды да, өзге дүниелеріне қосты. Сатымен төмен түсті. Қожайын ерлі-зайыпты шетелдіктерге қызмет көрсетіп жатты, ал, тағы екі сатып алушы хрусталь стақандардан шай сораптап, ләпкеде әрлі-берлі жүр еді. Дәл мұндай ерте уақыт үшін келушілер көп болатын. Сантьяго тек енді байқады – қожайынның шаштары Мельхиседектің шаштарын ойға түсіреді екен. Оған Танжерде ешқайда барып, ештеңе жей алмаған алғашқы таң да есіне түсті – сонда тәтті тағам сатушының қалай жымиғаны да кәрі патшаны ойына түсірді.

«Мельхиседек тап бір осы жерден өтіп, өз ізін қалдырғандай, – деп ойлады бозбала. – Тап бір осынау адамдар өз өмірінің бір сәтінде онымен бұрын жолығысқан сияқты. Бірақ, ол онсыз да өз Тағдырының соңынан ілесіп жүретіндерге әрдайым бой көрсететіндігін маған айтып еді ғой?»

Ол қоштаспай кетті – өзгелердің алдында жылағысы келмеді. Бірақ, ол осының бәрін, мұнда үйренген тамаша нәрселердің бәрін сағынатынын түсінді. Ол өзіне деген сенімділікке ие болып және әлемді тізе бүктіру мақсатын алдына қойды.

«Мен үйренген өңірге қой бағуға қайтып бара жатқан жоқпын ба?» деп ойлады ол, бірақ, неге екені белгісіз, қабылдаған шешімі өзіне ұнамады. Өз арманын жүзеге асыру үшін ол жыл бойына бел шешпей еңбек етті, бірақ, ол арман әр минөт сайын өз тартымдылығын жоғалта бергендей болды. Бәлкім, ол арман емес те шығар?

«Мүмкін, хрусталь сатушыдай болған жөн шығар? Ол сияқты ғұмыр бойы Мекке жайлы армандап, бірақ, ешқашан жолға жиналмау керек пе?» – деп ойлады ол, әйткенмен қолындағы тастар кәрі патшаның күші мен шешімділігін жеткізгендей сыңай білдірді.

Таң қаларлық дәл келісті қараңыз: әлде бұл белгі ме? – ол Танжерге алғаш келгендегі күні кірген асханаға тағы да кіріпті. Әрине, ондағы алдаушы жоқ болатын. Қожайын бір шәшке шай әкелді.

«Малшылыққа қайта оралуға мен әманда үлгерермін, – деп ойлады Сантьяго онда отырып. – Мен қой қырқуды және бағуды білемін және осымен де әрдайым нан тауып жей аламын. Ал, пирамидаларға барудың өзге орайы келе қоймауы ықтимал. Алтын көкірекшелі ақсақал менің күллі тарихымды біліп шықты. Маған нағыз патша, оның үстіне данагөй кездесті ғой».

Оны Андалузия жазықтарынан екі-ақ сағаттық жол бөліп тұрды, ал, оны мен пирамидалар арасында шетсіз-қиырсыз шөл жатты. Бірақ, ол бұған өзгеше қарауға да болатындығын түсінді: қазынаға деген жол өзі оған тұтас бір жыл уақытын жоғалтса да, екі сағатқа болсын қысқарды емес пе?

«Менің өз қойларыма неге оралғым келетіндігі түсінікті: өйткені, оларды білемін, әрі жақсы көремін, оның үстіне көп әуре болып та жатпайсың. Ал, шөлді жақсы көруге бола ма? Бірақ, менің қазынамды жасырып жатқан тап осы шөл ғой. Егер оны таба алмасам – үйге қайтармын. Менде уақыт та, ақша да болып тұрған кезде талаптанып, байқап көргеннің несі мін?»

Ол осы мезетте ұланғайыр қуанышты сезінді. Оған мал бағуға жол қашанда ашық. Оның үстіне ол әрдайым хрустальмен де сауда жасай алады. Әрине, әлемде жасырын жатқан өзге де қазыналар көп қой, бірақ, басқаға емес, тек өзіне ғана бір түсті айнытпай екі рет көруге, әрі кәрі патшаны кездестіруді жазыпты.

Ол асханадан өзіне ырза болған кейіпте шықты, әрі тауар әкелушілердің бірі шөлді көктей өткен керуендермен хрусталь жеткізіп тұрғанын зердесіне түсірді. Сантьяго Урим мен Туммимді қолдарына қысып ұстап отырды – ол осынау тастардың арқасында тағы да өз қазынасына сапар шегуге бел байлады.

Мельхиседектің: «мен қашанда өз Тағдырынан тайқымай жүретіндердің жанынан табыламын», – дегені ойына оралды.

Ең оңайы мынау: сауда қоймасына барып, пирамидалар ел айтқандай, соншалықты алыс па деп сұраған абзал.

Ағылшын отырған мекен мал қораны ойға түсіретін – одан тердің, шаңның, малдың иісі мүңкіп тұратын еді. «Он жыл оқығанда осындай жерге душар болғаным-ай», – деп ойлады ол химияға арналған жорналды парақтап отырып.

Бірақ, шегінетін жер жоқ еді. Белгілердің айтқанымен жүру керек-ті. Ол өзінің бар өмірін бүкіл Ғалам сөйлейтін жалғыз тілді табуға арнады, – сол үшін оқыды да. Ол әуелі эсперантомен айналысты, сонсоң әлемдегі діндерді зерттеді, ақыры – алхимияға келіп тірелді. Енді міне ол эсперанто тілінде еркін сөйлейді, әрқилы діни нанымдардың тарихын түбегейлі түрде біледі, тек әлі күнге алхимик бола алмай-ақ қойды. Әрине, оған қайсыбір құпиялар ашылды да, бірақ, ол қазір жеткен жерінде кептеліп қалған сияқты, сөйтіп өз зерттеулерінде бір қадам да болса ілгері баса алмай қойды. Оның алхимиктердің бірінен көмек табамын ба деген әрекетінен де ештеңе шықпады – олардың бәрі де тым тұйық, әрі оғаш мінезді болып шықты, олардың баршасы тек өздерін ғана күйттейді, сондықтан олардан көмек, не кеңес күтіп әуре болмай-ақ қойғанның өзі жақсы. Бәлкім мұның бәрі олардың Пәлсапалық Тас құпиясын шеше алмай қойғандықтарынан шығар?

Ағылшын әкесінен қалған мұраның бір бөлігін өзінің нәтижесіз ізденістеріне жұмсап қойған болатын. Ол әлемдегі ең бай кітапханаларды жағалай шапқылап, алхимия жөніндегі ең сирек кездесетін, ең маңызды кітаптарды жинаумен болды. Ол сондай кітаптардың бірінен осыдан көп жыл бұрын Еуропада болған араб алхимигі туралы оқыды: оның атағы жер жарыпты, жасы екі жүзден асқан екен және ол Пәлсапалық Тасты тауыпты – мұның өзі ғажап әсер етеді ғой, бірақ, Ағылшын үшін құр аңыз болып қана қалар ма еді, қайтер еді, егер оның шөлдегі археологиялық сапарынан оралған бір досы ғаламат дарыны бар араб жайлы айтпаса?! Ол Әл-Фаюм көгалды алқабында тұрады екен, жұрттың айтуынша екі жүзге толған бұл қария Мәңгіліктің Шипалы Сусынын табумен қатар, қолынан кез келген металды алтынға айналдыру да келетін көрінеді.

Ағылшын осыны естісімен күллі шаруалары мен кездесулерін тастады да, өз кітапханасынан ең қажетті деген кітаптарды алды – енді ол міне, мал қораға ұқсас ағаш барақтың ішінде отыр, ал, оның сыртында Сахараны көктей өтпекші керуен сапарға шыққалы жатыр, әрі ол өзінің жолында Әл-Фаюм көгалды алқабын басып өтеді екен.

«Мен осынау қарғыс атқыр алхимикті өз көзіммен көруім керек», – деп ойлады Ағылшын, және дәл осы сәтте түйелердің сасық иісі де оншалықты адам шыдамайтын болып көрінбеді.

Бұл кезде оған арқасында жол дорбалары бар жас араб жақындап келді де, сәлем берді.

– Сіз қайда бет алдыңыз? – деп сұрады ол.

Ағылшын:

– Шөлге, – деп жауап қайтарды да, кітап оқуын әрі жалғастырды. Оның әңгіме-дүкен құруға еш зауқы жоқ болатын: өзі он жылда не үйренгенін зердесінде қайта жаңғыртуы керек еді; Алхимик оның білген-ұққанын тексергісі келуі ғажап емес.

Бұл екі арада әлгі бозбала да жайғасып, арқасындағы дорбашығынан кітап алып, парақтай бастады. Ағылшын оның испан тілінде екенін аңғарып қалды.

«Мұның өзі жаман емес», – деп ойлады ол, өйткені арабшаға қарағанда испанша тәуір сөйлеуші еді.

Егер мына бозбала да Әл-Фаюмға жол шегетін болса, онда бос уақытта онымен сөйлесіп отыруға болады.

«Қызық екен, – деп ойлады ол екі арада Сантьяго, кітап басталардағы өлік жерлеу оқиғасын тағы да оқи бастап. – Мен мына кітапқа кіріскеніме екі жылдай болса да, осы уақытқа дейін тура алғашқы беттеріне байланып қалған сияқтымын».

Бұл жолы қасында Мельхиседек патша жоқ еді, бозбала сонда да зейінін жинақтап ала алмады. Оған қоса өзін дұрыс шешім қабылдадым ба деген ой да алаңдатты. Бірақ, Сантьяго ең бастысын түсінген еді: кез келген шаруадағы шешім – тек бастама ғана. Адам әдетте таңдау жасап, әлденеге бел буғанда, ол өзін ойламаған жерге алып кететін буырқанған ағын қойнауына сүңгігендей болады.

«Мен қазыналарды іздеп шыққанда хрусталь сатушының ләпкесінде жұмыс істеймін-ау деген ой қаперіме де кірген жоқ. Тура сондай-ақ мына керуен де менің таңдауым, менің шешімім шығар, бірақ, оның жүрер жолы мен үшін құпия болып қала бермек».

Жанындағы еуропалық та кітап оқып отырды. Ол Сантьягоға онша ұнаған жоқ: өзі бараққа кіргенде әлгі адам оған жақтырмай қарады. Айтқандайын, бұл ештеңе емес – егер ол әңгімені үзіп тастамаса, олар бәрібір танысар еді ғой.

Бозбала кітабын жапты – оның мына шетелдікке еш ұқсағысы келмеп еді, – сонсоң қалтасынан тастарын алып ойнай бастады.

– Урим мен Туммим! – деп таң қалды еуропалық.

Сантьяго оларды жедел жасыра қойды.

– Сатылмайды, – деді ол.

– Е, бұлар онша қымбат тұрмайды ғой, – деп жауап қайырды анау. – Кәдуескі кристалдар, пәлендей ештеңелері де жоқ. Әлемде мұндай тастар миллиондап саналады, бірақ, түсінетін адам ғана Урим мен Туммимді бірден таниды. Бірақ, мен олар бұл аймақтарда кездесер-ау деп қаперіме де алған жоқ едім.

– Маған оларды патша сыйлады, – деп жауап қайырды бозбала.

Жатжерлік тура тілі байланып қалғандай сенімсіздеу қозғалып қалтасынан дәл Сантьягонікіндей екі тас алып шықты.

– Сен патшамен сөйлестің бе? – деді анау.

– Әрине, тек бірақ саған патшалардың малшылармен сұхбаттасатынын көз алдыңа елестету қиын, – деді әңгімені одан әрі жалғастырмағысы келмеген Сантьяго.

– Жоға, неге олай дейсің. Малшылар Патшаны әлемде әлі ешкім білмеген кезде алдымен мойындады. Патшалардың қойшылармен сөйлескенінде тұрған пәлендей ештеңе жоқ, – деп Ағылшын бозбала түсінбей қалды-ау деп қорыққандай және қосты: Бұл турасында мен Урим мен Туммим туралы білген кітап – Таураттан оқып білуге болады. Құдай тек осы тастармен ғана жорып-жорамалдауға рұқсат берген. Абыздар оларды алтын көкірекшелеріне салып жүретін болған.

Бұдан кейін Сантьяго қоймаға келгеніне өкініш білдірмеді.

– Бәлкім, бұл – белгі болар, – деп күбірледі Ағылшын, – дауысын шығарып ой түйген сыңайда.

– Саған белгілер жайлы кім айтты? – Сантьягоның әңгімеге қызығуы әр сәт сайын өсе түсті.

– Әлемдегінің бәрі де – белгілер, – деді Ағылшын өз жорналын былай қойып жатып. – Адамдар ықылым замандар бұрын бәрі бір-ақ тілде сөйлеген, ал, онсоң оны ұмытқан. Мен өзгеден бұрын осынау баршаға бірдей тілді іздеп жүрмін. Сондықтан да мен осында келдім. Мен осы баршаға бірдей тілді игерген адамды – Алхимикті табуым керек.

Олардың әңгімесі қойманың иесі – жуантық арабтың келуімен үзілді.

– Сіздердің жолдарыңыз болар, – деді араб. – Бүгін түскі тамақтан кейін Әл-Фаюмға керуен жүретін болды.

– Бірақ маған Мысыр қажет! – деп Сантьяго абдыраған күйі айғайлап жіберді.

– Әл-Фаюм сол Мысырда ғой. Ал сен өзің қайдансың?

Сантьяго Испаниядан екенін айтты. Ағылшын қуанып қалды: арабша мәнермен киінгенмен, еуропалық екен ғой.

– Ол белгілерді сәттілік деп атайды, – деді Ағылшын қожайын шығып кеткенде: – Егер мен «сәттілік» және «түйісу» деген сөздер жайлы кітап жазуды қолға алған болсам, қап-қалың энциклопедия болып шығар еді.

Және өзіндегідей Урим мен Туммимі бар Сантьягомен кездесуі жай ғана жағдаяттардың тек үйлесуі емес шығар? Сонсоң бозбала Алхимикті іздеп жүрген жоқ па деп індетті.

– Мен қазыналар іздеп жүрмін, – деп жауап қайтарды да, сол мезетінде тілін тістей қойды. Бірақ Ағылшын оның айтқанына мән бермегендей сыңай білдірді де, тек былай деді:

– Бір мағынадан алғанда – мен де іздеп жүрмін.

– Мен алхимия дегеннің не екенін жөнімен білмеймін, – деді Сантьяго, бірақ осы кезде сырттан қойма иесінің бұларды шақырған дауысы естілді.

Керуенді мен бастаймын, – деді оларға аулада ұзын сақалды қаракөз адам. – Менімен бірге сапар шегетіндердің барлығының да өмірі мен ажалы менің қолымда, өйткені, шөл ақылдан адаса бастаған пенде іспеттес, әрі адамдарды баз-базда есінен тандырады.

Жолға жылжуға екі жүздей адам жиналыпты, ал, мал дегеніңіз – түйелер, жылқылар, есектер – екі еседей артық десе болар. Ағылшынның кітаптарды нығарлай толтырған бірнеше шабадандары бар екен. Аулада әйелдер, балалар мен беліне қылыш, арқасына мылтық асынған еркектер үйме-жүйме болып жүрді. У-шудың қаттылығы сондай, көшбасыға өз айтқандарын бірнеше рет қайталауға тура келді.

– Мұнда әртүрлі адамдар жиналды, әрі олар әрқилы құдайларға табынады. Ал, мен болсам тек Аллаға ғана сыйынамын, әрі оның атымен ант етемін: мен тағы да шөлді жеңу үшін қолдан келгеннің бәрін істеймін. Енді сендердің әрқайсысың өздерің сенетін құдай мен жағдаяттар қалай орайласса да, маған бағынатын боламын деп ант етсін. Шөлде бағынбау деген – ажалдың тура өзі. Дауыстардың тұншыға гуілдегені естілді – бұл әркімнің өз құдайына жалбарынған сыңайы еді. Сантьяго Христің атымен ант етті. Бұл рәсім ант бергеннен ұзағырақ созылды – жүргіншілер Тәңіріден қорғаныс һәм қамқоршылық тілеп жатқан-ды.

Сонсоң кернейдің созалаң дауысы естілді де, әркім өз ертоқымына орнықты. Өздеріне бір-бір түйеден сатып алған Сантьяго мен Ағылшын көліктеріне күш жұмсап жайғасты. Бозбала жолсерігінің өз түйесіне кітап лық толы шабадандарды күшпен қалай артқанын көріп, байғұс жануарды аяп кетті.

– Ал, сайып келгенде жағдаяттардың ешқандай дәл түсуі деген болмайды, – деді Ағылшын тап бір алдында үзіліп қалған әңгімені жалғастырған сыңайда.

– Мен мұнда бір араб досым жайлы естіген соң келдім, ал ол...

Бірақ оның сөздері қозғалған керуен шуылына көміліп кетті. Әйтсе де Сантьяго Ағылшынның нені айтқысы келгенін айқын біліп тұрды: оқиғалардың бірімен-бірін байланыстыратын құпия тізбек болады. Міне, сол тізбек оны малшы болуға, бір көрген түсін екі рет көруге, африкалық жағалауға жақын келуіне, алаяқтың алдауына түсуіне және хрусталь сататын ләпкеге жалдануына мәжбүр етті, және...

«Неғұрлым өз жолыңмен ұзағырақ жүретін болсаң, ол соғұрлым сенің өміріңді күштірек анықтайтын болады», – деп ойлады бозбала.

Керуен шығысқа қарай бет түзеді. Таң рауаннан жылжи бастап, Күн аспанның заңғарына жеткенде бір тыныстап, ыстықтың шегіне барғанын өткерген соң, қайта қозғалып отырды. Сантьяго Ағылшынмен шамалы ғана сөйлесуге шамасы жетті, өйткені, анау көбіне кітаптан бас алмай қойды.

Бозбала көптеген жолсеріктерін үндемей тінте қарады. Қазір олар жолға шығар алдындағы қалыптарына ұқсамай қалыпты. Онда әбігершілік өктем еді: айғай-шу, балалардың жылаған дауысы және жылқылардың кісінегені көпестер мен жолбасшылардың айғайымен араласып жатты. Ал, мұнда – шөлде тыныштықты тек мәңгі соғып тұратын желдің ызыңы мен жануарлар аяқтарының астындағы құмның шықырлағаны ғана бұзады екен. Тіпті жолбасшылар да үнсіздік сақтап келе жатты.

– Мен осынау құмды талай рет кесіп өттім, – деді бірде түнде бір мал айдаушы екіншісіне. – Бірақ, шөлдің ұланғайыр да көз жетпейтіндігі соншалықты, тіпті өзің де өзіңді амалсыз құмның бір ғана қиыршығы іспеттес сезінесің. Ал, қиыршық болса мылқау да үнсіз.

Сантьяго шөлде алғаш рет болса да, мал айдаушының не жайлы айтып тұрғанын түсінді. Ол өзі де теңізге немесе отқа қарай отырып, апаттың алапат күшіне еріп кеткендей сан сағат бойына ештеңе де ойламай, әрі бір ауыз сөз айта алмай сілейіп қалатын.

«Мен қойлардан үйрендім, хрустальдан үйрендім, – деп ойлады ол. – Енді мені шөл оқытатын болады. Ол маған ең көне болмыстың өзі – менің бұрын көргенімнің барлығының да ең данагөйі болып көрінеді».

Ал, мұндағы жел қас-қағым сәтке де толас табар емес және Сантьяго оның күшін Тарифадағы мұнарада тұрып-ақ сезінгенін есіне түсірді. Андалузияның жайылымдарында жем-шөп пен су іздеп қыдырыстап жүрген қойларының жүнін де еппен ғана ұйпалақтаған да осы жел шығар?

«Енді олар менікі емес, – леп ойлады ол онша мұңаймай. – Бәлкім, мені ұмытып, жаңа малшыға бауыр басып кеткен шығар. Несі бар, жарайды. Қойлар да жерден жерге қоныс аударып жүретін әркім сияқты, ажырасудың болмай қоймайтынын біледі».

Осы кезде оның есіне мауытышының қызы түсті – ол ендігі күйеуге шығып кеткен болар? Кімге? Бәлкім, жүгері сатушыға ма? Әлде оқи білетін, әрі адам нанғысыз тарихтарды суша сапыратын малшыға ма – Сантьяго сияқтылар жалғыз емес қой. Оның неге екені белгісіз, бұған сенімділігі бозбалаға ғажап әсер қалдырды: мүмкін ол Жалпыға бірдей тілді меңгеріп және әлемдегі қазіргі мен өткеннің барлығын білетін шығар? «Алдын ала сезіну» – оның анасы бұл қасиетті осылай атайтын. Енді, ол бұл болмыстың барлық адамдардың тағдырлары өзара байланысқан тіршіліктің бүкіл ғаламдық ағынына жанның тез батуы екенін түсінген еді. Бізге бәрін білу маңдайымызға жазылған, өйткені, бәрі бұрын жазылып қойылған.

Мактуб, – деп күбірледі бозбала, хрусталь сатушыны есіне түсіріп.

Кейде құмдақ шөл тастаққа айналады екен. Егер керуен қойтастың алдынан шықса, оралып өтетін болды, ал, шашырап жатқан тастарға киліксе, айналып өту әдісін қолданды. Егер құм тым ұсақ әрі борпылдақ болса, оған түйелердің сирақтары терең батып кететіндіктен өзге жол іздеуге тура келіп жатты. Кейде аяқтың астынан сор білініп отырды – бұл осы маңайда бір кезде көл болған деген сөз – ондайда жүк теңделген жануарлар аянышты түрде оқыранумен болады. Мал айдаушылар жылдам қозғалып, оларды сипалап, тыныштандырып жатты, сонсоң жүкті өз иықтарына алып тек жолдың әлгіндей қиын-қыстау жерінен өткеннен кейін ғана түйелер мен аттарды жүктерімен қайыра «сірестіріп» отырды. Егер мал айдаушы ауырса, не өлсе, оның серіктері әлгінің түйелерін кім алып жүретініне жеребе тастайды.

Мұның бәрінің жалғыз-ақ себебі бар-ды: керуен қанша айналсоқтап, бағытын өзгерткенмен, ол мақсатты жерге жетуге табан аумай қозғалудан тайған емес. Кедергілерден өткен соң, жасыл алқап – оазис жатқан жерге жөн сілтеп тұрған жұлдызға қарай тағы да жүріп отырды. Ол таңғы аспанда талай жарқырап тұрған, ал, адамдар мынаған сенімді еді: жұлдыз оларды су, пальмалар көлеңкесі, салқындық, жанға жайлы тынысы бар өңірге бастайды, апарады. Тек жалғыз Ағылшын ғана кезекті кітапқа зейін қоюмен ештеңені байқамайтын сияқты көрінеді.

Сантьяго да сапардың алғашқы күндері кітап оқығысы келген болатын. Бірақ, сонсоң одан да жан-жаққа қарап, желдің шуылын тыңдағаны әлдеқайда қызықты екенін түсінді. Ол өзінің түйесін ұғынуды үйренді, оған бауыр басып алды, ал, сонсоң кітапты артық жүк ретінде лақтырып жіберді. Әйткенмен ол бұрынғыша кітапты ашса болды, одан әрдайым қызықты бірдеңе табыларына сенімді еді.

Ол бірте-бірте өзімен қатар келе жатқан мал айдаушымен достасып алды. Әр кеш сайын, керуен аялдауға тоқтап, алаулар жағылғанда, Сантьяго оған өзінің малшылық тіршілігінен әрқилы оқиғалар айтып беріп отырды.

Ал, енді бірде мал айдаушы өзі жайлы айта бастады.

Мен Әл-Кайрумға жақын тұстағы ауылда тұрдым. Менің үйім, бау-бақшам, бала-шағам да болды, сөйтіп өле-өлгенше уайым-қайғысыз тұра берер ме едім, қайтер едім? Бірде, астық мол шыққан жылы біз одан түскен қаражатқа бар отбасымызбен бірге Меккеге барып қайттық – сөйтіп мен діндарлық міндетімді де өткердім, енді, таза армен өлуіме де болушы еді. Әйтеуір өзім бәріне разы болатынмын.

Бірақ, бірде жер қозғалды да, Ніл жағасынан асып кетті. Енді, өзгенің бақытсыздығы мені де шарпып өткендей болды. Көршілер жайылма су олардың зәйтүн ағаштарын шайып кетпес пе екен деп қорықты, әйелім болса балаларға алаңдады. Мен еңбекпен табылған бар дүниенің қалай құрып жатқанына зәрем ұшып қараумен болдым.

Осыдан кейін жер де өніс беруді тоқтатты – маған басқа амалмен нан тауып жеуге тура келді. Сөйтіп мен түйе айдаушылыққа ауыстым. Сонда маған Алланың мына сөздерінің мән-мағынасы ашылды: беймәлім жағдаяттан қорықпау керек, өйткені, әркім қажет еткенін тауып, мұқтаж болғанын алуға қабілеті жетеді.

Біз бәріміз қолда барды – мейлі ол егін, немесе өмірдің өзі болсын – жоғалтып алуға қорқамыз. Бірақ, бұл қорқыныш біздің тағдырымыз да, және әлемнің тарихы да бір-ақ қолмен жазылатынын түсінген сәтте-ақ өте шығады.

...Кей-кейде екі керуен кездесіп те қалатын. Бірақ, бір жолаушылардың қажет еткендері екіншілерінен табылған жағдай болған емес. Мал айдаушылар алаудың айналасына алқа-қотан отырып алып, бір-біріне шаңдақ құйындар жайлы айтатын, шөлдің қилы қылықтарынан байқағандарын бөлісетін.

Оттың басына кейде керуен жүретін жолды ұңғыл-шұңғылына дейін білетін беймәлім бәдәуилер де келетін. Олар қарақшылар мен тағы тайпалардың шабуылынан қай жерде байқастау керектігін ескертетін, ал, сонсоң үндеместен қалай пайда болғандарындай қараңғылық құшағына сіңіп жоқ болатын.

Осындай кештердің бірінде мал айдаушы жанында Сантьяго мен Ағылшын отырған алаудың қасына келді.

– Тайпалар арасында соғыс болып жатыр деген сыбыс естілуде, – деген хабар айтты ол.

Сантьяго орын алған үзілісте іс жүзінде үрейлену әуеде ілініп қалғандай сезінді. Ол жалпыға ортақ дыбыссыз тілді түсінетіндігіне тағы да көзі жетті.

Үнсіздікті бұл керуен үшін қаншалықты қауіпті екенін білгісі келген Ағылшын бұзды.

– Шөлге кіргеніңде, енді, артқа қарай жол жоқ, – деп қайырды мал айдаушы. – Яғни тек қана алға қарай жылжи беруіміз қажет. Қалғанын біз үшін Алла шешеді. Бізге үйірілген қырсықты да аластайтын сол. Мактуб, – деп құпия сөзді қосты да, жайына кетті.

– Сен керуенмен не болып жатқанына бекерге назар аударғың келмейді, – деді Сантьяго Ағылшынға. – Байқап қарашы: ол қалай орағытса да, мақсатына бұлжымай жүріп келеді.

– Ал, сен әлем деген не және әлемде не болып жатқаны жайлы бекер оқымайсың, – деп жауап қайырды анау. – Кітаптар бұл тұрғыда керуендер іспеттес.

Адамдар жануарлар сияқты, енді олар да жылдам жүруге кірісті. Егер олар бұрын күндізгі уақытты үндемей өткізсе, ал, алаулар маңайына тыныстағанда әңгіме-дүкен құрып келген болса, енді, кешкісін де тіс жармайтын болды. Оның үстіне Жолбасшы алаулар жағуға да тыйым салды: олар қарақшылардың назарын аударуы мүмкін.

Жолаушылар суықтан құтылу үшін түйелер мен жылқыларды дөңгелете иіріп, өздері осы шеңбердің ішіне ұйлыға жатысты. Жолбасшы жұрт дамылдаған жерді қолындағы қаруымен күзететін қарауылшыларды тағайындап отырды.

Түндердің бірінде Ағылшынның ұйқысы келмей қойды. Ол Сантьягоны шақырып алды, сөйтіп екеуі керуен тұрағының айналасында қыдырыстап жүрді. Толық ай сәулесін төгіп тұрды, ал, Сантьяго оған өзінің бар тарихын айтуға бел буды.

Ағылшынға әсіресе, оның әңгімесінің бозбала жұмыс істей бастағаннан кейін хрусталь ыдыстар дүкенінің қол жеткен табыстарын айтқан тұсы қатты ұнады.

– Ғаламды қозғайтын күш, міне, осы, – деді ол. – Алхимияда ол Ғаламның Жаны деп аталады. Сен бар жан-тәніңмен әлденені тілеген кезіңде Ғалам Жанына араласасың. Ал, онда ғаламат күш бар. Және бұл қасиет тек қана адамдардікі ғана емес: жан дегеніміз әлемдегі барлық болмыстарда – тастар-да да, өсімдіктерде де, жануарларда да, немесе тіпті ойдың өзінде де бар.

– Жердегі бардың бәрі қайсысы болмасын тұрақты түрде өзгеріп отырады, өйткені Жердің өзінің де тірі болғандықтан жаны бар. Біз бәріміз – осы жанның бөлігіміз, сондықтан ол біздің игілігіміз үшін жасайтынының бәріне өзімізге есеп бере бермейміз. Бірақ, сен дүңгіршекте істеген кезіңде тіпті хрустальдің өзі де сенің табысқа жетуіңе себепкер болғанын түсінуге тиісті едің.

Сантьяго біресе Айға, біресе ақ құмға қарағыштап үнсіз тыңдап отырды.

– Мен керуеннің шөл арқылы қалай келе жатқанын көрдім, – деді ол ақырында. – Керуен шөлмен бір тілде сөйлеседі, сондықтан да ол оның жолын ашық қалдырады. Шөл оның әрбір қадамын тексереді әрі сынайды, және ол онымен қалтқысыз үндес екендігіне көзі жеткенде ғана көгалды алқап – оазиске өткізеді. Ал, ол тілді игермеген адам қаншалықты қаһарман болса да жолға шыққанның алғашқы күні-ақ қаза табады.

Енді екеуі де Айға қарады.

– Белгілердің дуагерлігі дегеніміз осы болады, – деп жалғастырды Сантьяго.

– Мен жолбасшылардың шөлдің белгілерін қалай оқитынын көріп келемін,

бұл – керуен жанының шөлдің жанымен сөйлесуі.

Ұзақ үнсіздіктен соң Ағылшын да даусын шығарды:

– Иә, бәлкім, менің де керуенге көз тіккенім дұрыс шығар.

– Ал мен сенің кітаптарыңды оқимын, – деп жауап қайтарды бозбала.

Бұлар өзі оғаш кітаптар болатын. Оларда сынап пен тұз, патшалар мен аждаһалар баяндалыпты, бірақ, Сантьяго қаншалықты тырысса да ештеңе ұқпай қойды. Десе дағы барлық кітаптардағы қайталанатын басты ой оған жетті: әлемдегінің барлығы да – тек бір ғана нәрсенің әрқилы түрлері.

Ол бір кітаптан алхимия жайлы ең маңызды мәліметтер – бар болғаны зүбаржаттың бетіне жазылған бірнеше ғана жолдарда-ақ берілгенін білді.

Ол «Зүбаржаттық Скрижаль» («скрижаль» – діни мазмұнды мәтін жазылған тақта. – Ауд.) деп аталады, – деді өз жолсерігін әлденеге үйрете алатындығына көтеріліп қалған Ағылшын.

– Онда осынша кітаптардың қажеті не?

– Осы бірнеше ғана жолдарды түсіну үшін, – деп жауап қайырды Ағылшын онша нығарлы емес үнмен.

Сантьягоны бәрінен гөрі атақты алхимиктер жайлы баяндайтын кітап баурап әкетті. Олар өз өмірлерін металдарды зертханаларда тазалауға бағыштаған адамдар болатын: олар көптеген және көптеген жылдар бойына қандай болсын бір металды өңдей берсе, ол ең түбінде өзіне ғана тән күллі қасиеттерінен айырылады да, есесіне Ғаламның Жанына ие болады. Сонда ғалымдар Жерде бар кез келген нәрсенің мағынасын түбегейлей алады, өйткені, Ғалам Жаны олардың барлығы бір-бірімен сөйлесетін сол тілдің өзі болып табылады. Өйткені, олар бұл жаңалықты Ұлы Шығарма деп атайды, ал, ол қатты және сұйық элементтен тұрады.

– Осынау тілді игеру үшін адамдар белгілерді жай ғана оқып-білсе де болмай ма? – деп қазбалады Сантьяго.

– Сен дүниенің бәрін де жадағайлағанды жақсы көретінің қалай? – деп Ағылшын кейігендігін білдірді. – Алхимия – маңызды ғылым. Ол әрбір қадамның данагөйлердің үйретуіне орай жасалуын талап етеді.

Бозбала Ұлы Жаңалықтың сұйық элементі Мәңгіліктің Сиқырлы Сусыны деп аталатынын білді, ол бәрінен бұрын алхимиктің өмірін ұзартады, барлық сырқаттарды жазады. Ал, қатты элемент – ол Пәлсапалық Тас.

– Оны табу оңай емес, – деді Ағылшын. – Алхимиктер металдың қалай тазаруын байқастаумен өз зертханаларында жылдар бойы отырады. Олар отқа жиі де ұзақ қараумен болады, сөйтіп аз-аздап болса да күнделікті күйбең тіршіліктен босана береді, сөйтіп күндердің күнінде металл тазартамын деп жүріп, өздерінің де тазарғанын аңғарады.

Осы кезде Сантьяго стақандарды жуғанда, өзің де қоқыстан тазарасың дейтін хрусталь сатушыны есіне түсірді. Бозбаланың алхимияны күнделікті тіршілікте де үйренуге болатынына деген сенімі күшейе түсті.

– Ал, оның үстіне, – деп жалғастырды Ағылшын, – Пәлсапалық Тастың ғажап қасиеті бар: оның титтей ғана үгіндісінің өзі де қай металдың болса да кез келген ауқымын алтынға айналдыруға жетіп жатыр.

Мынаны естігеннен кейін Сантьягоның алхимияға деген ынтызарлығы айтарлықтай артты. Ол шамалы ғана шыдасаң нені болса да алтынға айналдыруға болады деп ойлады. Ол осы өнер қолынан келгендердің – Гельвецийдің, Элиастың, Фулканеллидің, Гебердің ғұмыр суреттемелерін оқыды ғой – сол тарихтар оны кезінде таң қалдырған-ды. Бұл адамдардың барлығы да өз жолдарының аяғына дейін жүре алды. Олар әлемді аралап сапар шегіп бақты, данагөй ғалымдармен көп кездесті, шүбәшілдерді күлкі ету үшін не бір ғаламаттар жасады, өйткені, ең бастысы – Пәлсапалық Тас пен Мәңгіліктің Сиқырлы Сусыны олардың иелігінде болатын.

Бірақ, Сантьяго кітаптардан Ұлы Туындының не екенін білгісі келіп талаптанғанда тұйыққа тірелді: онда таң қаларлық суреттерден өзге жаппай дабдырақ ойтүйіндер ғана бар еді.

Осы алхимиктерде неге бәрі соншалықты астарлы болып келеді? – деп сұрады ол бір кешқұрым өз кітаптарынсыз зерігіп отырған Ағылшыннан.

– Өйткені, оларды түсіну осы жағдаятпен байланысты жауапкершіліктің барлық өлшемін сезінгендерге ғана берілген. Өзің көз алдыңа елестетші, егер кім көрінген қорғасынды алтынға айналдыра бастаса не болмақ? Онда алтының тез арада қайтадан қорғасынға айналады. Ұлы Туындының құпиясы тек қана табандылар мен білетіндерге ашылады. Мінеки, мен қазір неге осы жерде, шөлдің ортасында келе жатырмын? Менің құпия жазуларды шешіп оқуға көмектесетін нағыз алхимикті кездестіруім керек.

– Ал, мына кітаптар қашан жазылған еді?

– Осыдан көптеген ғасырлар бұрын.

– Міне көрдің бе, ал, ол кезде баспахана станогы жоқ еді ғой. Бірақ, ол кезде болсын, қазір болсын – бәрібір – алхимияны игеру кім көрінгеннің қолынан келмейді. Неге мына кітап сондайлық құпия тілмен жазылған, әрі суреттері де сонша түсініксіз...

Ағылшын ештеңе деп жауап қайырған жоқ. Тек шамалы үнсіздіктен кейін ол керуенге ықтиятты түрде көз тігіп келе жатқанын, бірақ, пәлендей жаңалық байқамағанын айтты. Тек тайпалар арасындағы соғыс турасында жиірек айтылып келеді.

Бірнеше күндерден кейін Сантьяго Ағылшынға кітаптарын қайтарды.

– Ал, сен олардан не ұқтың? – деп жартылай кекесін, жартылай үмітпен сұрады анау: оған мазасын алған ойлардан алшақ болу үшін өз жайы жайлы біреумен сөйлескісі келді.

– Менің бар түсінгенім, – Әлемнің жаны бар және де осы жанды, оның мәнін аңғарған адам бар тіршіліктің тілін де ұғынады. Сонсоң түсінгенім – көптеген алхимиктер өз жолын тапқан және Ғаламның Жанын, Пәлсапалық Тасты және Мәңгіліктің Сиқырлы Сусынын ашқан – деді де, бозбала сәл үндемей, былай деп қосты:

– Ал, ең бастысы – осының бәрі зүбаржаттың бір қырына ғана сиятындай оп-оңай.

Ағылшын көңілі түңілгендей сезімге берілді. Оның өзі сонша ұзақ оқығандары да, дуагерлік нысандар да, данагөйлік сөздер де, реторталар мен колбалар да – Сантьягоға ешқандай әсер етпеген-ді.

«Ол мұны түсінуге тым қарабайыр», – деп ойлады Ағылшын, сонсоң кітаптарын түйелерге артқан шабадандарға қайтадан тықты.

– Онда сен өз керуеніңді зерттей бер, – деді ол. – Саған менің кітаптарымнан мән болмаған сияқты, маған да керуен онша әсер еткен жоқ.

Сөйтіп Сантьяго тағы да шөлге үнсіз көз тігіп, түйелердің аяқтарының астындағы құмның қалай шықырлап, шаңы көтеріліп жатқанын байқауға кірісті.

«Әркімнің өзінің оқу тәсілі бар, – деп ойлады ол. – Оның тәсілі – маған, менікі – оған келмейді. Бірақ, біз екеуіміз де өз жолымызды іздеп келеміз, тек осынысы үшін ғана мен оны сыйламай тұра алмаймын».

Керуен енді түндер бойы да жүріп отырды. Баз-базда бәдәуилер пайда болып жолбасшыға әлденені хабарлап жатты. Сантьягомен іш тартысып кеткен түйелерді айдаушы тайпалар арасындағы соғыстың десе дағы басталып кеткенін түсіндірді. Егер керуен көгалды алқапқа жете алса, толайым табыс болар еді.

Түйелер мен аттар әбден шаршады, адамдар да үнсіз бола түсті, бұрын жай ғана кісінеу немесе пысқыру болса, енді, аттың кісінегені мен түйенің пысқырғаны тап бір жаудың жақындағанынан хабардар еткендей елдің бәріне қорқыныш ұялатты.

Айтқандайын, мал айдаушыны жақындағы қауіп-қатер қорқытқан жоқ.

– Мен тірімін, – деп түсіндірді ол Сантьягоға ай жарық шашпаған және алаулар жақпаған түндердің бірінде. – Міне, мен қазір құрманың жемісін жеудемін, яғни басқа ештеңемен айналыспаймын. Жол жүргенде жол жүремін, өзге ештеңе істемеймін. Егер сайысуға тура келсе, бұл күн де өзгелер сияқты өлім үшін оңтайлы болады. Өйткені, мен өткенде, болашақта емес, тап осы сәтте өмір сүріп тұрмын, сондықтан мені тек осы минөт қана қызықтырады. Егер сен қашанда осы болмыста қала алатын болсаң, онда өлімді пенделердің ішіндегі ең бақыттысы болар едің. Сен сонда шөлдің өмірсіз емес екенін, аспанда жұлдыздар жайнайтынын және жауынгерлердің адамзат қатарына жататындықтан айқасуды талап ететіндігін түсінер едің. Өмір сонда мәңгілік және аяқталмайтын мереке болар еді, өйткені, онда осы сәттен өзге ештеңе де жоқ болар еді-ау.

Екі тәулік өткен соң, жолаушылар түнейтін жерлеріне жайғасып жатқанда оларға көгалды алқапқа алып баратын жолды көрсететін жұлдызға қарады. Оған көкжиектің сызығы төменірек тартылғандай көрінді: шөлдің үстіндегі аспанда жүздеген жұлдыздар жарқырап тұрды.

– Көгалды алқап дегеніміз әне – осы, – деді мал айдаушы.

– Ендеше біз оған неге бармаймыз?

– Өйткені, бізге ұйықтап алғанымыз абзал.

Сантьяго күн көкжиектен енді көтеріле бастағанда көзін ашты. Ал, түнде жұлдыздар жарқырап тұрған жақта енді бүкіл шөлді орап алғандай сансыз құрма пальмалар көрінді,

– Біз жеттік! – деп іле оянған Ағылшын да айғайлап жіберді.

Сантьяго үндеген жоқ. Ол бұған шөлдің өзінен үйренді, енді, оған ағаштарға жай ғана қараса да жетіп жатыр. Пирамидаларға дейін әлі алыс болатын. Ілгеріде бір уақытта бұл таң да оған тек естелік болып қалады. Бірақ, қазір ол осы минөтпен ғана тіршілік етіп тұрды да, өзін мал айдаушы үйреткендей, оны өткен жайлы естеліктер және болашақ турасындағы армандармен байланыстыруға тырысты. Иә, бір кезде мына мыңдаған құрма ағаштары естелікке айналады, бірақ, мына сәтте салқындықты, суды және қауіпсіздікті бейнелеп тұрды. Түйенің түндегі осқырғаны жаудың жақындағанын белгілегені тәрізді пальмалардың тізбегі де құтылу ғажабын сездіріп жатты.

«Әлем өте көп тілдерде сөйлейді», – деп ойлады Сантьяго.

«Уақыт жылдамдау өтіп жатқанда, керуендер де тезірек қозғалады екен» деп ойлады Алхимик жүздеген адамдар мен жануарлардың көгалды алқапқа қалай еніп жатқанына қарап тұрып.

Тұрғындар мен жаңа келгендердің айғайы естілді, тік көтерілген шаң күннің көзін көлегейледі, балалар бөгделерді тінте қарап, секірумен және шырылдаумен болды. Алхимик тайпа көсемдерінің жолбасшыға қалай жақындап келіп, онымен ұзақ әңгімелескенін байқастап тұрды.

Бірақ, мұның бәрі де оны онша қызықтырған жоқ. Қаншама адамдар келіп жатты және кетіп жатты, ал көгалды алқап пен шөл мәңгі де өзгеріссіз қалпында қала берді. Ол бұл құмды патшалардың да, қайыршылардың да аяқтары қалай басқанын көз алдына елестетті, құм желдің желеуімен өзінің порымын өзгертіп отырса да, ол да оны Алхимик бала кезінен есінен шығармағандай қалыпта қала беріпті. Сонда да көк аспан мен сары құмның орнына көз алдында пальмалардың жасыл желектері пайда болғанда әрбір саяхатшының жанында туындайтын қуаныш оған да берілді.

«Бәлкім, Құдай шөлді адам ағаштарға күлімдеу үшін жаратқан шығар», – деп ойлады ол.

Ал, сонсоң ол назарын дүнияуи жағдаяттарға жұмылдыруға бекінді. Ол белгілердің өзіне жасырын айтқанынан білетін еді – осы керуенмен өзінің құпия білімдерінің бір бөлігін беруге тиісті адам келіп жетеді. Алхимик ол адаммен таныс болмаса да тәжірибелі көз тастасымен оны көпшіліктің арасынан бөліп ала алатындығына сенімді болатын және ол өзінің алдындағыдан нашар болмас деп үміттенді.

«Мен неге өзім білетіннің бәрін оған құпия хабарлауым керектігін түсінбеймін, – деп ойлады ол. – Әрі оларды жасырын жағдаяттар деп айту да қиын, өйткені, Құдай өз құпияларын барлық тіршілік иелеріне ықыласпен ашып береді ғой».

Алхимик бұған бір түсінік табатын: берерге тиісті нәрсе – мен немесе суреттермен бейнелеуге қиын Таза Тіршілік жемісі. Адамдар сөздермен немесе суреттермен айналысып кетіп, ең аяғында Жалпыға бірдей Тілді ұмытуға бейім тұрады.

Жаңа келгендерді ұзатпай жергілікті көсемдерге әкеліп жатты. Сантьяго өз көзіне өзі сенбеді: көгалды алқап дегеніңіз тарих жайлы кітапшаларда жазылғандай, екі-үш ағашы бар құдық емес, – ол қайсыбір Испания деревняларынан да әлдеқайда ауқымды болып шықты. Ондағы құдықтар үш жүзге жетеді, ал пальмалар – елу мыңның үстінде, оған олардың арасындағы сан жетпейтін түрлі-түсті шатырларды қосыңыз.

– «Мың да бір түн», – деді Алхимикпен тезірек жолығуға шыдамсызданған Ағылшын.

Оларды табан астында аттарды, түйелерді және адамдарды тамашалаған балалар дем арасында қоршап алды. Еркектер жолаушылар жолай қарулы ұрыстарды көрді ме деп сұрады, ал, әйелдер көпестер өздерімен бірге қандай кездемелер мен жарқырауықтар әкелгендерін білгілері келді. Шөлдің үнсіздігі енді алыстағы түс іспеттес болып қабылданды – у-шу әңгіме, күлкі мен айғай естілді, ал, жолаушылар бұрын тәнсіз рухтар ғана болса, енді ет пен сүйектен жаралған адамдарға тағы да айналған сияқты көрінді. Олар ырза да бақытты еді.

Мал айдаушы Сантьягоға көгалды алқаптарды негізінен әйелдер мен балалар мекендейтіндіктен, қашанда ешкімнің жері емес болып есептелетіндігін түсіндірді. Олар ешкімді де жақтамайды, сондықтан жауынгерлер көгалды алқаптарды баспана ретінде қалдырып, бір-бірлерімен шөлдің құмдарында соғысатын.

Жолбасшы елді онша күш жұмсамай жинап алды, керуен көгалды алқапта тайпааралық кикілжің басылғанша қалатындығын хабарлады. Жолаушылар Заң бұйрық еткендей, жергілікті тұрғындардың шатырларынан баспана табады, олар бұларға шама-шарқыларынша қонақжайлылық көрсетеді. Ол одан кейін қаруы барлардың барлығының қару-жарақтарын тапсыруларын сұрады. Тіпті, керуенді түнде күзететіндер де сөйтетін болды.

– Соғыстың ережелері осындай, – деп түсіндірді ол. – Көгалды алқап солдаттарды немесе жауынгерлерді қабылдай алмайды.

Сантьяго Ағылшын қалтасынан құрымдалған револьвер суырып алып, оны жинаушыға ұсынғанда өте таң қалды.

– Саған револьвердің қажеті не? – деп сұрады бозбала.

– Адамдарға сене білуге үйрену үшін, – деп жауап қайырды Ағылшын: ол жақын арада жолға іздеп шыққанды табатындығына өте разы еді.

Ал, Сантьяго өзінің қазынасы жайлы ойға батумен болды. Ол өз арманының жүзеге асуына неғұрлым жақындаған сайын, оның жолындағы қиындықтар соғұрлым көп кездесіп жатты. Кәрі патша Мельхиседектің «Жаңа ізденушілердің жолы болғыш келеді» дейтіні әрекет етуден қалды, ал, ол түсінгендей, өз жолын іздеген адамның табандылығы мен ержүректілігі жүзеге асумен болды. Сондықтан ол не асыға алмайтын, не шыдамдылығын жоғалта алмайтын, әйтпесе, Тәңірі оның жолында таратып қойған белгілері солайша байқалмаған болып қалуы кәдік.

«Тәңірі бәрін орын-орнына қойған» – деп қайталады ол, осы ойына таң қалып. Осыған дейін оған бұл белгілер – әлемнің аштық пен шөлдегендік, махаббат не кәсіп іздеген сияқты бөліктері болып көрінетін. Ол бұл – Құдайдың өзінен нені қажет ететіндігін көрсететін тілі екен деп ойламаған еді.

«Асықпа, – деді ол өзіне. – Түйелерді айдаушы айтқандай, тамақ ішетін сағатыңда дәміңді іш, ал жол жүрудің уақыты келді ме – сапарыңа аттан».

Алғашқы күні жұрттың бәрі – оның ішінде Ағылшын да бар, жолда ұйқыларын қандыруға тырысты. Сантьягоны жастары өзімен құралпылас бес бозбаламен бірге бір шатырға жатқызды. Олардың бәрі де жергілікті еді, содан болар, үлкен қалалардағы тіршілік жайлы білгілері келіп, жандары қалмай жатыр.

Ол оларға қойды қалай баққанын айтып үлгеріп, енді хрусталь бұйымдар ләпкесіндегі жұмысына ауыса бергені сол еді, шатырға Ағылшын кіріп келді.

– Сені таң атқалы іздеудемін, – деді ол Сантьягоны сыртқа шығарып алып. – Сен маған керексің. Маған алхимикті тауып алуға көмектес.

Олар екі тәулік бойы әрқайсысы өз алдына оны іздеумен болды, алхимик өзгелерден басқаша тұратын болар, оның шатырында дәйім от жанып тұратын шығар деп пайымдады. Бұлар көгалды алқаптың бір қиырынан екінші шетіне шықты, сондағы ұққандары – оазис алғашқы көрінгеннен әлдеқайда үлкен екен – онда жүздеген шатырлар бар еді.

Тұтас күнді текке жоғалттық, – деді Ағылшын, құдықтардың бірінің қасына жайғаса беріп.

– Ол жайлы сұрастыру керек еді, – деді Сантьяго.

Бірақ, Ағылшын қобалжып отырды – ол өзінің барлығын білдіргісі келмеген-ді. Әйткенмен ақыры көнді де, арабша жақсы сөйлейтін шанашын суға толтырып алуға құдыққа келген әйелге жүгінді.

– Қайырлы күн, ханым. Сіз бізге алхимикті қайдан табуға болатынын айта алмайсыз ба? – сұрады ол.

Әйел ол турасында ешқашан естімегенін айтып, жауап қайырды да, кеткенше асықты. Рас, оның алдында ол Сантьягоға жергілікті әдет-ғұрыпты сыйлауға міндетті екенін, соған орай қара киім киген күйеуге шыққан әйелден жөн сұрауға болмайтындығын ескертті.

Ағылшын қатты түңілді. Осынша жол жүргенде бәрі босқа кеткені ме?! Бозбала да ол үшін қынжылған еді – оның жолсерігі де өз Жолын іздеді ғой. Ал, ондайда Мельхиседектің сөзіне сенсек, Ғалам адамның табысқа жетуі үшін оған көмекке келеді. Қария патша нағып қателесті?

– Мен бұрын алхимиктер жөнінде ешқашан ештеңе естімеген болатынмын, – деді ол. – Әйтпесе саған қолғабыс жасауға тырысар едім.

Ағылшынның жанары жарқ ете түсті. Мұнда оның алхимик екенін ешкім білмейді. Кез-келген сырқатты жаза алатын адам жайлы сұрау керек!

Құдыққа қара киім киген бірнеше әйел келді, бірақ Сантьяго Ағылшын одан қанша өтінсе де, оларға сауал қоймады. Міне, ақыры еркек те пайда болды.

– Сіз осы жерде барлық ауруларды емдейтін адамды білмейсіз бе? – деп сұрады бозбала.

– Барлық ауруларды тек Алла ғана емдейді, – деп жауап қайтарды анау жат елдіктерге үрке қарап. – Сіздер сиқыршы балгерлерді іздеп жүрсіздер ме?

Ол Құраннан бірер сүрені күбірлеп айтты да, өз жөнімен кетті.

Арада шамалы уақыт өткеннен кейін тағы біреу келді, оның жасы мосқалдау, қолында шелегі бар екен. Сантьяго әлгі сауалды оған да қойды.

– Сіздерге ондай адамдар неге қажет? – деп сұрады анау.

– Менің досым оны табу үшін ұзақ жол жүрді.

– Егер біздің көгалды алқапта ондай адам болса да, ол аса құдіретті адам болуы керек, – деді қария ойланып барып. – Тіпті тайпа көсемдерінің өздері де қажет еткенде көре алмайды. Олар онымен мұны ол қажетсінгенде ғана кездесе алады. Осы жерде соғыстың біткенін күтіңдер, ал, сонсоң қайтыңдар. Сендерге біздің көгалды алқаптың тіршілігіне араласуға болмайды, – деді де, ол да жайына кетті.

Бірақ Ағылшын ізге түскенін сезініп қатты қуанды.

Ақыры құдыққа қара киім киген келіншек емес, иығында құмырасы бар қыз келді. Оның басында жамылғысы болғанмен, беті ашық еді. Сантьяго одан алхимик жөнінде сұрауға бел шешіп, жақындап барды.

Тап осы сәтте уақыт тоқтап қалып, Ғалам Жаны оның алдында бар құдіреттілігімен бой көрсеткендей болды. Осынау қыздың қара көздеріне не жабыларын, не жымиыспен дір еткісі келетінін білмей тұрған сыңайлы еріндеріне қараған Сантьяго қас қағымда әлем сөйлейтін және барлық адамдар жүрегімен түсінетін тілдің ең байыпты, ең данагөйлік бөлігін түйсінді. Ол тіл – Махаббат деп аталады, ол адамзат жаратылғаннан да, мына шөл пайда болғаннан да көне тіл. Ол еркек пен әйелдің жанарлары түйіскенде өз еркімен көрініс береді – міне, жаңа да, осы құдықтың басында солай болды.

Қыздың еріндері ақыры жымиюға қарай ойысты, ал, бұл – Сантьяго өзі де білмей көптен күткен, өз қойлары мен кітаптардан, зүбаржат пен шөлдің тылсым тыныштығынан талмай іздеген белгінің тура өзі еді. Бұл аударма мен түсініктемелерді өз жолын шексіздікке салған Ғалам тәрізді қажетсінбейтін таза да ұғынықты тіл болатын. Сантьяго сол минөтте-ақ өзінің тағдыр қосқан жарының алдында тұрғанын түсінген-ді, әрі қыздың сөйткенін, тіс жармай-ақ ұққанын қалаған-ды. Ол бұған қалтқысыз – өз ата-анасының ұлы екендігінен де артық сенімді еді, дегенмен әке-шешесі алдымен ғашық болу керек, сонсоң құда түсіп, болашақ келінді түбегейлі түрде біліп, одан қаржы жинап барып үйлену керек дейтіндері күмәнсіз болатын-ды.

Бірақ мұндай кеңес беретін адам Жалпыға бірдей Тілді білмейді, өйткені, оған берілгенде мына жағдаят айқындалады: шөлдің ортасында ма, жоқ әлде үлкен қалада ма – қашанда бір адам тосып және екіншісін іздеумен болады. Ал, осы екі пенденің жолдары тоғысып, жанарлары шарпысқанда, өткен де, болашақ та бар мағынасын жоғалтады, тек осы жалғыз минөт пен әлемдегінің барлығы тек бір ғана қолмен жазылып қойған деген ақылға сыймайтын сенімділік болады. Бұл қол жан қойнауындағы махаббатты оятады да, жұмыс істейтін, дем алатын немесе қазыналар іздейтін әркім үшін егіз жанды табады. Әйтпесе, адамзатты баурап алатын армандарда титтей де мән-мағына болмаған болар еді.

«Мактуб», – деп ойлады бозбала.

Ағылшын орнынан атып тұрды да, Сантьягоны иығынан жұлқып-жұлқып жіберді:

– Ал, мынадан сұрасаңшы енді!

Сантьяго қызға қарай жақындады. Ол оған күлімсіреп мойын бұрды, бұл да жауап қайырған ретте жымиды:

– Сенің есімің кім? – деп сұрады ол.

– Фатима, – деп жауап қайырды қыз жанарын төмен салып.

– Мен туған өлкелердегі көптеген әйелдердің де аты осындай.

– Пайғамбардың қызын солай атаған, – деді Фатима. – Біздің жауынгерлер бұл есімді алыс жерлерге жеткізген.

Мына нәзік те әсем қыздың сөздерінен мақтаныш менмұндалап тұрды. Ағылшын шыдамсызданып, Сантьягоны түртпектей берді, сонсоң ол қыздан барлық науқастарды емдейтін адамды білмей ме екен деп сұрады.

– Ол – әлемнің барлық құпияларына ие болған адам. – деді қыз. – Ол шөлдің жындарымен сөйлеседі.

Жын – бұл әзәзіл, пері. Қыз оңтүстікті көрсетті – бұлар іздеген адам сол жақта тұрады екен. Сонсоң құмырасына су толтырып алды да, кетіп қалды.

Ағылшын алхимикті іздеп кетті. Ал, Сантьяго болса тағы да құдық басында ұзақ отырып ойға батты: бір кезде оның елінде шығыстан соққан желдің осынау әйелдің жұпар иісін жеткізгенін, ол әйелдің бар-жоғын білмей тұрып оны сүйгенін және осы махаббаттың жердегі бар қазыналардан да артық екенін түйсінді.

Ертеңіне ол тағы да құдық басына келіп қызды тосып отырды. Бірақ, ол одан алғаш рет шөлге тесіле қарап отырған Ағылшынды көріп, таң-тамаша қалды.

– Мен кеш бойына, қараңғылық үйірілгенше тостым, деді анау. – Алғашқы жұлдыздар жанғанда ол да келді. Мен оған не іздеп жүргенімді айттым. Ал, ол менен қорғасынды алтынға айналдыру ендігі мүмкін болды ма деп сұрады. Мен осыны үйренгім келеді деп жауап қайырдым. Ол маған тағы да талаптанып көруді бұйырды: «Бар дағы, байқап көр» деді.

Сантьяго бәсеңсіп қалды. Сонда Ағылшын онсыз да білетіні жайлы естуі үшін әлемді соншалықты шарлаған болғаны ма? Осы кезде ол өзі де қойларының төлеміне дәнеңе алмай Мельхиседекке бергенін есіне түсірді.

– Онда байқап көр! – деді ол.

– Өзім де сөйтпекпін, тіпті, дәл қазір бастаймын, – деп Ағылшын кетті, және тез арада өз құмырасымен Фатима пайда болды.

– Мен саған бір ғана жайды айтуға келдім, – деді бозбала. – Мен сенің менің әйелім болғаныңды қалаймын. Мен сені сүйемін.

Қыз ыдысын түсіріп алды да, су төгіліп қалды.

– Мен сені осы жерде тосатын боламын. Өзім қазыналар іздеумен олар пирамидалар маңайында дегенге шөлді қиып өттім. Бірақ, бұл кезде мына соғыс басталды. Мен алдында оны қарғап едім. Ал, енді оған ырзашылығымды білдіремін, өйткені ол мені саған жолықтырды.

– Соғыс әйтеуір бір кезде аяқталады ғой, – деп жауап қайырды қыз.

Сантьяго құрма ағаштарыа көз салды. Ол бір кезде малшы болған, ал бұл көгалды алқапта қой көп. Фатима барлық қазыналардан қымбат. Бірақ, тура оның ойларын оқығандай, одан әрі жалғастырды:

– Жауынгерлер қазына іздейді. Ал, шөлдің әйелдері оларды мақтан етеді.

Сонсоң өз құмырасын мөлтілдете толтырып алды да, кетіп қалды.

Сантьяго құдық басына күн құрғатпай келіп тұрды. Ол Фатимаға қалай қой баққанын, Мельхиседекпен қалай кездескенін, хрустальмен қалай сауда жасағанын да айтып үлгерді. Олар бірте-бірте достасып кетті. Бозбалаға онымен бірге өткізген он бес минөттен өзге уақыт ұзақты күнге бітпей қоятындай созылатын болды.

Ай біткен күні Жолбасшы барлық саяхатшыларды өзіне жинап алды.

– Соғыстың қашан аяқталары белгісіз, – деді ол. – Біз енді жолымызды жалғастыра алмаймыз. Ал, ұрыстар әлі ұзаққа, тіпті, жылдар бойы да созыла береді. Әрбір жауласқан тайпалардың қайсысында болмасын, батыр да, күшті жауынгерлер баршылық, тайпалардың қайсысы болмасын өз ар-намыстарын бағалай біледі және де қарулы қақтығыстардан бой тасаламайды. Мұнда жақсылар жамандармен соғыспайды, мұнда билік үшін соғысады, ал, ондай соғыстар бір басталса, ұзаққа дейін бітпейді, өйткені, Алла соғысушы екі жаққа да демеу көрсетеді.

Жиналғандар тарасты. Сантьяго Фатиманы көргеннен кейін оған Жолбасшының сөздерін жеткізді.

– Біз кездескеннің ертеңіне-ақ, – деді қыз, – сен маған сүйетіндігіңді жеткіздің. Ал сонсоң Жалпыға бірдей Тіл және Ғаламның Жаны сияқты ғажайып нәрселер жайлы айттың – соның әсерінен бе, мен бірте-бірте сенің бір бөлігіңе айналып жатқандаймын.

Сантьяго оның дауысына құлақ түрді және ол құрма ағаштарының жапырақтарындағы желдің сыбдырынан әсемірек болып естілді.

– Мен сені мына құдықтың басында баяғыдан күтудемін. Мен өз өткенімді, біздің тайпадағы еркектердің пікірінше қыз бала өзін қалай ұстауы керек жайлы әдет-ғұрыптарды ұмыттым. Мен балғын бала шағымнан бері шөл маған өмірімде болмаған сыйлық береді деп армандайтынмын. Енді, міне, мен ол сыйлықты алдым. Ол – сен.

Сантьяго оны қолынан алғысы келіп еді, бірақ, Фатима құмыраны мықтап ұстаған қалпы тұра берді.

– Сен маған өзіңнің түстерің жайлы, қарт патша Мельхиседек жайлы, қазыналар жайлы, белгілер жайлы айттың. Мен енді ештеңеден де қорықпаймын, өйткені, сені маған тап солар берді. Ал, мен – сенің арманыңның, сенің Тағдырыңның бір бөлігімін. Сондықтан мен сенің тоқтамағаныңды, іздегеніңді іздей бергенді жалғастыруыңды қалаймын. Егер саған соғыстың біткенін тосуға тура келсе, қорқатыны жоқ. Бірақ, егер ерте кетуіңе тура келсе, онда Өз Тағдырыңды іздеуге жөнелгейсің. Жел құм шағылдардың түрін өзгертеді, бірақ шөл бұрынғысынша қала береді. Сондай-ақ біздің махаббатымыз да бұрынғыдай болып қалады.

Мактуб.

Егер мен – сенің Тағдырыңның бір бөлігі болсам, сен маған әйтеуір бір ораласың.

Сантьягоны мына әңгіме қынжылтты. Бозбала оның көптеген таныс малшылары әйелдерін алыстағы жайылымдарсыз мән болмайтындығына иландыру үшін қаншама күш жұмсағандықтарын есіне түсіріп келе жатты. Ал махаббат болса сенің өз сүйгеніңнің жанында болғаныңды талап етеді.

Ертеңіне ол осы турасында Фатимаға айтып берді.

– Шөл біздің еркектерімізді алып кетеді де әрдайым қайтара бермейді, – деп жауап қайырды қыз. – Біз мұны білеміз, әрі оған үйренгенбіз. Олар оралмаса да бірақ, қашанда жаңбыр болып жаумаған бұлттар, тастардың арасына жасырынған аңдар, жердің бізге шарапат ретінде сыйлаған суы кейпінде бізбен бірге қалады. Олар бар болмыстың бір бөлігіне айналады, Ғаламның Жанына барып құйылады.

Кейбіреулерге қайтып оралу мүмкіндігі туады. Сонда біздегі әйелдердің бәрінде бірдей мейрам болады дей беріңіз, өйткені, өздері күтіп отырған күйеулері де әйтеуір бір келеді ғой. Бұрын мен бұл әйелдерге қызғанышпен қарайтынмын. Енді, менің де тосатын адамым бар.

Мен – шөлдегі әйелмін және мұны мақтан етемін. Мен өзімнің күйеуім де құмды айдайтын жел іспеттес еркін болғанын, оның да бұлттардан, аңдардан және судан айырғысыз болғанын тілеймін.

Сантьяго Ағылшынды іздеуге шықты. Ол оған Фатима жайлы айтқысы келді және ол өз шатырының жанына ошақ, ал, оған шыны ыдыс қойғанын көріп таң қалды. Ағылшын пешке шөпшек тықпалап, отты сөндірмей, әрі шөлге қараумен отырды. Оның көздерінде ол кітаптан бас алмаған кезде білінбеген жарқыл пайда болыпты.

– Бұл – жұмыстың бірінші кезеңі, – деп түсінік айтты ол Сантьягоға. – Таза емес күкіртті бөліп алу керек. Ең бастысы – қолға алған істен ештеңе шықпады деп қорықпаған жөн. Міне, мен де қорқып, тап бүгінгі күнге дейін Ұлы Туындыға кірісе алмай келдім. Менің қазір істеп отырғанымды осыдан он жыл бұрын да жүзеге асыруға болатын еді. Қайта менің жиырма емес, он жыл күткенімнің өзі бақыт.

Ол пешке шөпшек тықпалағанын және шөлге қарағыштағанын жалғастыра берді. Сантьяго оның қасында батып бара жатқан күннің сәулесі құмды қызғылт түске бояғанға дейін отырды. Осы сәтте ол шөлдің үнсіздігінен оның сауалдарына жауаптар табылар-табылмасын тексеру үшін табан астында шіркін сонда барсам деген ынта-жігерді басынан өткерді.

Ол бірталай уақыт басы ауған жаққа қарай жүре берді, тек баз-базда көгалды алқаптан көз жазып қалмас үшін құрма ағаштарына бұрыла қарап отырды. Ол желдің даусын естіді, аяғының астынан тастар да сезілді. Кейде қабыршақтар да көрінді – не ықылым заман бұрын осы өңірде теңіз болған ғой. Сонсоң тасқа отырды да, құмар болған кейіпте көкжиекке көзін тікті. Ол әлденеге ие болмайтын махаббатты елестете алмайтын, бірақ, Фатима шөлде туған және де оны осыған үйрететін бір нәрсеге болса, ол тек шөл ғана емес пе?

Ол жоғары жақтан әлдебір леп соққанын сезінгенше ештеңе ойламай отырды да қойды. Көздерін аспанға тіккенде, биіктегі екі тұйғын қаршығаны көрді.

Сантьяго оларды ұзақ байқастап, заңғарда қандай өрнектер тастайтындығын бақылады. Қаршығалар мағынасыз да мақсатсыз қалықтап жүргендей көрінді, бірақ, бозбала олардың ұшуында әлдебір мән-мағына барын сезінді, десе дағы нақ қандай екенін айта алмас еді. Ол құстардың әр қозғалысын жанарымен ұзатып отыруға бекінді – бәлкім, олардың тілі сонда түсінікті болар. Мүмкін, сонда шөлдің өзі де иелік етпейтін махаббаттың не екенін түсіндіретін шығар?

Кенет оны ұйқы баурай бастады. Жүрегі: «Сен Жалпыға бірдей Тілді игеруге жақынсың, ал, бұл өлкеде бәрі де, тіпті аспандағы қаршығалардың ұшуы да мағынаға толы» деп, қарсы уәж айтқандай болды. Сантьяго өз тағдырын махаббатқа толы болғандығы үшін ойша марапаттады.

«Ғашық болған кезіңде бәрі де биік мағынаға ие болады» – деп ойлады ол.

Осы минөтте бір қаршыға екіншісіне қатты шүйлікті, сол сәтте-ақ бозбаланың көз алдына жауынгерлердің жалаң қылыштарымен көгалды алқапқа кіріп келе жатқаны елес берді. Бұл сурет үрейлену мен толқу қалдырды да, жоқ болды. Ол даладағы сағымдар жайлы көп естіген еді және өзі адамдардың тілектерінің өздеріне шөлдің қиырсыз құмдарында қалай «тірілгендерін» бірнеше рет көрген де болатын. Бірақ, ол көгалды алқапқа әскердің жұлқынып кіргенін әсте тілеген жоқ-ты.

Сантьяго бұл ойларды зердесінен лақтырып тастап, қызғылт құмдар мен тастарды меңзей қарауды жалғастыруға талаптанғысы келді. Бірақ, оған ойын шоғырландыруға әлдене кедергі жасап және жүрегі де мазасыздануын жалғастыра берді.

«Қашанда белгілердің айтқанымен жүріп отыр» – деп ақыл беріп еді ғой Мельхиседек патша.

Бозбала Фатима жайында ойға батты. Не көргенін есіне алды да, бірдеңе болуы қажеттігін сезінді.

Ол мелшиіп қатып қалған қалпынан әрең босанды. Тұрды да, кейін қарай құрма ағаштарына бет алды. Ғалам оған тағы да көптеген тілдерде сөйлейтіндігін көрсетті: енді шөл ғана емес, көгалды алқап та қорқыныш жасырып тұрғандай болды.

(жалғасы бар)ЕКІНШІ БӨЛІМ

(жалғасы бар)

Аударған: Марал ХАСЕН

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Теги: аударма, алхимик, Пауло Коэльо
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар