Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Рахымжан Отарбаев. МОНА ЛИЗА

17.02.2018 963

Рахымжан Отарбаев. МОНА ЛИЗА

Жазушы Әлібек Асқаровқа арнаймын

Рахымжан-Отарбаев-пульс-новой-прозы-218x300.jpg

Қабырғасына ұлы­лардың үні ұя сап қалған Ла Скаланың алдында тұрдым. Әйгілі театрды әлемнің әр қиы­рынан табан тоз­дырып жеткен жұрт қоймай қызықтайды. Әр тасына тамсанады. Таң­дай қағысады. Қызақай жапондар, қызылшыл испандар… Алаңның нақ ортасында ұшар биіктен төмен қарап сұп-сұр тас мүсін тұрды. Қаба сақал, жүдеу бет, ой арқалаған ұлы суретші. “Леонардо да Винчи!”. “Қандай ұлылық!” – десіп көпшілік енді қарсы бетке лап қойды.

Аяғымды аттап баса алмай қалдым. Бойымды беймәлім бір сезім билеп: кездестік-ау, ақыры, – дедім. Өтіп кеткен өкпе де, өшіп, қоламтасы қалған өкініш те осы екі ауыз сөзге сиып жатты. Сонда да оның көзіне қарағым келген. Тіпті де мүмкін емес. Бұл пәниден түңілген сынды. Мен де торыққам.

Күз лебі келді. Теңіз самалы боп жеткен. Жапырақ жауа қоймаған шақ.

– Келіңіз фотоға түсейік.

– Өмірлік естелік!

– Полковник, сізді де кезінде суретпен әуестенген деп естідік.

Жүрегім шанышты. Алаңға ағылған қалың то­бырға қарағым келмеді. Теріс айналдым. Леонардо да Винчидің мүсіні алыстап бара жатты. Санта Мария көшесіне жеткенде алқындым. Жанымның бір жіңішке жібі дірілдеп барып үзіліп кетті білем. Тәлтіректеп қалт-құлт басып келіп отырдым.

– Сеньор, көмек керек пе? – деген сөздер ауаға сіңіп жатты. Алыстан бұлдырап Мона Лиза бейнесі елес берді. Әдемі келбеті, төгілген қолаң шашы, қоңырқай көзі, бес жасар баланың басындай омырауы… Баяғыдай құпия жымияды. Әлде тіпті мысқылдап тұр. Жанарым жасаурады. Ақ білегін аспанға атып қол бұлғайды. Тіпті болмаған соң ымдап өзіне шақырады. Аулақ менен! Көргім келмейді сені, Мона Лиза! Арманым боп табысып, азабым боп ажырасқансың… Кешір, мынау ол емес, Моншақ қой. Кәдімгі… Ол мұнда қайдан жүр?

– Сеньор, жағдайыңыз қиын…

Көше кезген әлдекімдер мені қолтықтайды.

Көз алдымнан елестер көшіп жатты. Үзіліп кері жалғанады. Күлімсіреп Моншақ қолын созады. Сол ұзын бойы, бұйра шашы, әдемі қыр мұрыны, нұр төгілген жүзі. Қиыла қарайды. Ауылға алып кеткісі келген шығар. Баяғы дәмемен әлі жүр ме екен, жазған қыз.

Ол кезде екінші курстың студенті едім. Болашақ суретші. Және қандай! Мен жаққан алуан бояу таранған қырғауылдың қанатындай құлпырып талайды тамсандыратын.

Сонда да Леонардо да Винчидей құдіреттің құпиясына ындыным кеуіп… Мона Лизасы мені шынымен сиқырлап алған. Сұлудың суретіндегі алмасқан жарық пен жылу, көлеңке, сыршылдық… Күндіз-түні көзіммен ішіп-жеп тоймайтынмын. Өйткені, менің Моншағым да сондай әдемі еді ғой. Тек жалғызілікті шешесіне қарайлап ауылда қалған. Мектепте лаборант-тын. Сол жазғы түнгі айтылған сыр, айқасқан құшақтың құдіреті шығар мені әлі күнге құлатпай келе жатқан. Солай, солай!

Оңаша өзен жағалап келе жаттық. Қамыс біткен алақандай басын тербейді. Жұлдыз жаныпты. Ай да тұр аспанда әткеншек теуіп. Ол басын иығыма сүйеді. Үнсіз жылап келеді екен. Айтарын іштей ұқтым.

– Көп қызықтың ортасындасың. Өзгеріп кетесің ғой. Қаланың қысқа етек қыздары қу келеді деуші еді. Біреуі…

– Жалғыз ғашығым – өзің, – деймін белінен орай құшақтап – Оқу бітірем. Атақты суретші болам. Үйленіп, қалада тұрамыз.

– Оқымаған надан қыз үлкен суретшіге қалай жар болады? Әлемді шарлап, көрме өткізерсің. Мықтылармен иықтаса жүрерсің. Сонда мен сенің сәніңді қашырам ғой.

– Айтпа ондайды! – деймін өрекпіп. – Алдымен сенің портретіңді саламын. Жан тазалығың, ерке келбетің, тіпті бүкіл нұрың сол суреттің бетінде қалқып тұрады. Дәл Мона Лизадай ғып. Тіпті одан да артық. Одан да әдемі!

– Сосын, – деді ол көңілін бірлеп, дауысы бекіп.

– Міне, менің Моншағым деп күллі дүниеге жар салам.

– Сендім, – деді ол сосын жағалаудағы жұмсақ көгал шөпке тізе бүгіп. – Тағы да сендім! Папаңның көзіне түсуге ұяламын. Оңашада апама барып сәлем беріп кетем…

Тәтті еріннің дәмі. Жұмсақ бұйра шаштары мойнымды қытықтайды. Желікті көтереді. Баяу ескен жел де тына қалыпты. Бозторғай ғана аулақта жұмыртқасын әнмен шайқап жатыр. Анам сөздері есімде оянады.

– Бір сыныпта оқыдың. Алтын асықтай бала. Аурулы шешесіне алаңдай береді. Әке мейірімін көрмей өсті. Келін ғып қолыма түсіріп бер.

Өзен жағалай біткен көгал шөп жібек көрпедей жұмсақ. Шынтақтай кеттік. Жұлдыз жанып тұр. Шамдары неткен көп еді…

Елестің ішінде шомылып жаттым. Мынау өзім ғой. Жап-жас екенмін-ау. Студенттің тар бөлмесі. Жалқы кереует. Тұсында Мона Лиза ілулі тұр. Шашым жалбырап сұлудың жымысқы жүзіне үңілемін. Сиқыры тереңіне тарта түскенімен сыр ашпайды.

– Батаңды бер, алақаныңды кең жайып, – деймін ұлы суретшінің кіндік қаққан сақалды жүзінен үмітімді үзбей. – Сіз сияқты солақай емеспін. Десе де Моншағыма берген уәдем бар. Болашағым зор.

Шалдың жүзі балауыз шамның жарығымен алдымен нұрланады. Сосын ернін бүрістіріп сығалап сынайды кеп.

Бөлменің іші эскиздерге толып кеткен. Жо-жоқ, мұның ешқайсысы мен сүйген қыз емес. Көңілденген шақтағы буыныңды алған күлкісі, мойныңды баяу қытықтап, желігіңді көтеретін бұйра шашы да, әдемі қыр мұрыны да… Тіптен басқа. Бөтен бейне. Суық сұлулық. Ол даланың еркін өскен еркесі ғой.

– Таппай қоймаймын, – деймін іштей ызаланып. Сұлулық пен ұяңдық, төзім мен мөлдір сезім бәрі-бәрі қай бояудың ішінде тұр? Қандай кистаның ұшында жүр? Мұндай портретті қолмен емес, жүрекпен салу қажет. Тек қана жүрекпен!

Осындай алақызба шақта ауылдан апам келген. Жалғыз ұлдың жайы. Сағындырып жетер хатымның бірінде: – Мәскеуге жүргелі жатырмыз. Бір жылға. Ондағы білікті ұстаздардан оқып-тоқимыз, – деппін. Асығыс жетіпті. Қоржын басы тоқ.

– Әкең ертеңді-кеш жұмыста. Мұрнына су жетпейді. Асқазаны мазалайды, – дейді жәймен. Ақсары жүзінде жіңішке уәйім тұр. Көп сөйлемейтін. Көңілмен ұқтыратын.

– Мынау кім өзі? – деді кетерінде Мона Лизаны нұсқап.

– Болашақ келініңіз. Ата-енеме баптап шәй құйып берем деп отыр.

Әзілдей салдым. Апам сол тұрған орнында сылқ етіп отыра кетті. Лекцияға асығып тұрғам. Мән бергенім жоқ. Артынша курс боп алыс сапарға аттандық.

Менің аңқау апам. Жіңішке уәйімін жетектеп ауылға жылап қайтыпты-ау…

Мұнысы несі? Миланның тас көшесінде де төбелесе ме екен? Ойбай, мынау омырауы бес жасар баланың басындай Мона Лиза ғой. Ыдырынып ұмтылады. Мұндай долы болар ма? Моншақ та жағаласып берісер емес. Нұрлы жүзі қатуланған. Көзінен өшпенділік оты төгіледі. Алма-кезек шаштан сүйреседі. Өкпеге тебіседі.

– Сен сиқырсың! – дейді Моншақ жан беріспей жатып.

– Сен жабайысың! – дейді Мона Лиза жан алысып жатып.

Құтпан айғырдай азынап келе жатқан кім? “Жедел жәрдем” шығар. Ажыратсаңдаршы. Моншақты жазым етер…

Иә, менің аңқау апам. Жіңішке уәйімін жетектеп әкеме келген. Алдымен шәй құйып отырып ебіл-себіл жылапты. Артынша қатал шалының шоқша сақалы селкілдеп кеткенінен секем алып жым-жырт тынған.

– Сөйле, – деген әкем қолындағы кесені дастарқан бетімен шиырып жіберіп – Ұлың не бүлдіріпті?

– Қартайғанда көрген жалғызың… Бөтен бір қыздың фотосын кереуетінің тұсына іліп қойыпты.

– Ал, ілсін.

– Күндіз-түні көзін суарып, соған мөлиеді де отырады.

– Күйегі түсейін деген дағы. Біз де оның жасында…

– Қағынбасаңшы.

– Ал, сосын…

– Келін өзінен үлкендеу сияқты. Кісі танысам, қазақ емес. Тым толық. Екіқабат па деп қалдым. Моншақжан-ай! Бетіммен жер басып қайттым ғой.

Әкем әншейіндегі ас қайыруын ұмытыпты. Меңірейіп терезеге қарапты. Күн желкемдеу екен. Бос топырақты суырып шыныны сабалапты.

– Әлгі қияли бала қатын алам, депті. Құда­мыз Қырымның қырында ма, Қазанның ойын­да ма, білмеймін. Қайда болса да алдарынан өтуге өздерің барасыңдар, – деп әкем Қияқбай бастаған екі-үш ағайынның басын қосыпты. – Өзі Мәскеу асыпты. Ұялғаны шығар. Бір күні тыз етіп хабар берсе, дайын отырыңдар.

Қызылсырап жүргенде ормарқаның басын мүжіп, диланып алған ағайын үйден, құда, қайдасың деп шығыпты.

Ауыл әңгімесі асықпай аяң­мен қыдырады. Және ерінбей есік соғып еніп, терезе қағып кіріп бәрін түгендеп бітпей тынбайды.

Алты ай бойы білгіштердің аузын бағып, қамсыз жүріппін. Артынша Моншақтан хат алғам.

– Енді менің суретімді са­лып әуре болмай-ақ қой. Есіт­тім. Құсың құтты болсын! Бағы ашылмаған мен бейбақты қайтесің…

Оқушы дәптерінің жарты бетіне сиған жазу құмырсқа құсап жан-жаққа жыбырлап қашып ұстатар емес. Көзім екен жасқа толып кеткен. – Әлдекім­нің өсегі шығар. Мүмкін емес, – деймін кеудем күйіп, – Мүмкін емес!

Мәскеуден жедел оралғанымда зар күйіне келіп отырған оның аяқасты күйеуге шығып кеткенін есіттім. Дүние қаңырап сала берді. Жер тоқпақтап өкіріп жылағаным есімде.

Сосын алуан бояудың бәрін айна­лама шашып-төгіп… Киста біткенді баудай қырқып… Кереуетімнің тұсында ілулі тұрған Мона Лизаны жұлып алып көшеге жүгіріппін. Есірік меңдепті. Алдымнан кезіккен қайыр­шы шалды жұлқылап тоқтатыппын. Мона Лизаны қолтығына қысты­рыппын. Бетін жалап сүйіппін.

– Құтқара гөр, осы портреттен, – деп жалыныппын. – Қарғыс атсын суретшілікті!

Тоқташы, әлгі көше кезген қайыршы шал… Ол да қаба сақал, жүдеу бет еді. Ол да жанарымен жер шұқитын. Ол да мынау пәниден түңілген сынды еді. Онда да тап осындай күз кезі еді. Теңіз самалы боп жеткен. Жапырақ жауа қоймаған шақ.

Бұл кім болды сонда?!

Шаштасып жатқан Мона Лиза мен Моншақ ғайып болыпты. Қайсысы басым түсті екен? Белгілі ғой. Сиқырлы сұлулыққа қарсы кім тұра алар?

Баяғы өзен жағалай біткен көгал шөп жібек көрпедей жұмсақ еді. Шынтақтай кетіп ек. Жұлдыз жанып тұрған. Шамдары неткен көп еді…

– Жүрек талмасы, – деп жатты ақ халаттылар алашапқын салып. Жан-жағымды елес кезіп жүрді. Әлде естелік. Құшағынан босатар емес.

Иә, сөйтіп ауылдан бездім. Иттің демі үзі­ле­тін алысқа шығандап кеткім келген. Ақыры бар өшімді жалбыр шаштан алдым. Басқаға әлім жетпеді. Төбемнен біреу кертұқыл алатын­дай тықырлап әскерге аттандым. Сібір орман­дары сіңіріп әкетті. Босатар емес. Әлі күнге.

Ортаға отыз жыл салып шешемді жерлеуге барғанда… Кешқұрым қырыққан серкебұтта­нып ауыл сыртында тұр едім. Бір торшолақ ат­ты­лы жанаса берді. Қасындағы әйел баяу баса­ды. Қолында шүпілдеген бір шелек сүт. Иіні төмен. Тани кеттім. Бұл Моншақ еді. Күйеуі сиыршы, өзі сауыншы деп естігем. Жерден жанарын алмай: – Апамның қазасы қайырлы болсын, – деді ерін ұшымен. Толқып, әріптеп айтты. Торшолақ аттың үстінен күйеуі ыржың етіп күлді. Сосын екі қасқа тістен ада аузын икемдеп әлдене деп жатты. Естігем жоқ. Есіл-дертім Моншақта. Шашының бұйрасы тарап, селдірепті. Самайын ақ қырау көмген. Бойы бәкене тартыпты. Жүзіндегі нұр өшкен. Ауада ілініп құр сүлдесі ғана тұрды.

– Буынды шөптің үстінде, бұлтты көктің астында сен аман жүрші, – дедім сыбырлап. – Мені қойшы…

Аттылы мен жаяу тіркесіп көз алдымда ұзады. Моншақтың жауырыны бүлкіл қағады. Ол үнсіз жылайтын еді ғой…

Айналаны азан-қазан ғып ауруханаға алып барады екен. Елестен де, естеліктерден де алып қашып…

Хош, арманым боп табысып, азабым боп ажырасқан Мона Лиза. Кешір, Моншақ!

Рахымжан ОТАРБАЕВ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Пікірлер

Айгүл

19.02.2018 11:40
Иманды бол, асыл аға! Әңгімеңіз жанды жылатты-ау.... Өмірде бәрі рас!

Гүлмира

22.02.2018 07:50
Неткен өкініш! Жаныңыз пейіште болсын!

Әбдіманап

24.02.2018 09:18
Әңгімеңіз құйқамды шымырлатты. Әр шығармасын тұшынып оқитын Сіздей үлкен суреткерлер көп те емес-ау қазір... Иманды болыңыз!

Әбдіманап

24.02.2018 09:42
Әңгімеңіз құйқамды шымырлатты. Әр шығармасын тұшынып оқитын Сіздей үлкен суреткерлер көп те емес-ау қазір... Иманды болыңыз!

Қамажай

19.02.2018 21:34
Рахаңның жаны нәзік екен ғой, қатты деп ойлаушы едім...Иманды болыңыз аға!
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар