Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Саф алтынға бергісіз естеліктер...

18.09.2018 6622

Саф алтынға бергісіз естеліктер

Саф алтынға бергісіз естеліктер - adebiportal.kz

“Абай туралы естеліктер” кітабы хақында бірер сөз

Келер қазақтың да ішетін уы мен балы Абай”

Асқар Сүлейменов

Ұлы Мұхаң, қазақ әдебиетінің заңғар биігі Мұхтар Әуезов айтқандай, “Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып жазу жұмысы жетер өрісіне жетіп, аяқталған жоқ. Абай өмірі туралы бұдан да ел ауызынан жиналатын естеліктер, жалпы әңгімелер жамала беруге тиіс. Біз әлі ақынның өмірбаяны үстей береді, өсе береді дейміз”. Расымен, әр қазақ баласы уақыт алмасып, жылдар жылжып жатса да, өз Абайымен тілдесіп, тіршілік тауқыметін кешкенде, өз Абайымен күңіренеді. Абай әлемі – қазақ баласының бағыт-бағдары, айнасы. Абай – қазақ сөзінің екінші бір мағынасы сықылды ұлтымыздың өзіне айналған ерен тұлға!

Әр қазақ Абай хакімнің өмірбаянына үңіледі. Кемеңгердің өмірбаянын білу – хакімнің өскен, қалыптасқан ортасының жайын білуге саяды. Өткен жолы қолымызға “Абай туралы естеліктер” кітабы түсті. Кітапты құрастырып, оқырман назарына ұсынған – біртуар бірегейдің “Жидебай – Бөрілі” мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің ұжымы. Дәл осы кітап арқылы тұнық сәулелі Абайымыздың өмірбаянымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алдық. Асылы, бұл кітап ұлы адамды жаңаша тануға итермеледі. Қорық-музей фондының бай мұрасының бір бөлігі – осы кітапқа енген саф алтындай қымбат естеліктер екені анық. Абай туралы естеліктер – Мұхтар Әуезов айтқан жоғарыдағы сөздің мағынасын кеңейтіп, ақын тұлғасын одан әрі ажарландырып тұр екен. Ұлы Мұхтар Омарханұлы ақын өмірбаянын 4 рет түзсе, одан бері қаншама рет ақын ғұмырнамасы жүйеленіп, толықтырылды. Бірақ, біз білгіміз келген сайын, біз Оның әлеміне қарай жақындаған сайын Ол жұмбақтанып, құпияланып кетеді. Абай – тұңғиық.

Ал, қолымызға түскен жинақтың басты ерекшелігі – Абай Құнанбайұлының әдепкі өмірдегі тіршілігі, пенде ретіндегі көңіл-күйі, жүріс-тұрысы, мінезі, болмысы... бәрі-бәрі Оның көзін көрген, ғибратын алып, шәкірті болып немесе қым-қуыт тірлікте шапағатына бөленген адамдардың естелігінен болып тұр емес пе?! Мәселен, Әрхам Ысқақовтың “Абайдың өмір жолы” естелігі “Ақынның балалық шағы”, “Ақынның жастық шағы”, “Отау иесі”, “Өмір талқысында”, “Халық қамқоры”, “Өмір соққысы”, “Соңғы сапар”, “Ақынның мұрасы” сияқты тармақтарға бөлініп, жинақы жазылуымен, сонымен қатар мол дерек, тың пайымымен құнды. Тағы да Турағұл Абай баласының, Көкбай Жанатайұлының, Төлеу Көбдіков, Қасен Құсайынов, Стамбек Қияқбаев, Мүмірәлі Қожанұлы, Ниязбек Алдажаров т.с.с. ұрпақтары, шәкірттері, ықыласына бөленген азаматтардың естелігі өз Абайымыздың өмірбаянын көз алдыңа елестетеді.

Ғұламаның әдепкі өмірдегі бейнесін білгісі келетіндерге Турағұл Абай баласының естелігі сеп болады. Мәселен, хакімнің тұңғыш баласы Турағұл естелігінен: “Ұйқысы шағын, жалпы халықтан кеш жатып, ерте тұру - әдеті. Төсегінің алдынан қалың постель, оның үстіне көрпе салғызып, бір жағынан үлкен жастық қойғызып, көйлекшең, басқа киім кимей, жастығына шынтақтап, кейде бауырына басып отырушы еді”, “Қағаз шайдан басқа шай ішкен емес, қантсыз шай ішкенін көргем жоқ, бірақ ол қанты алдында жатады. Көп жегіш емес. Таңертеңгі шайына кейде жұмыртқа қостырып құймақ құйғызады, кейде самса пісіртеді, жеке бауырсақпен іше қоймаушы еді. Шайын стаканға құйғызып, ыстық күйінде ішпей, салқындаған кезінде жұта салатын” алынған осы жайлардың барлығы оның қалай демалып, қалай тамақтанғанынан мол мәлімет береді. Болашақта осы кітапқа енген естеліктердің бәрі Оның тұлғалық қырын тереңірек зерттеуге, психологиялық характерін ашуға түрткі болады деп ойлаймыз.

Турағұл атап жазғандай, Оның сүйікті ойыны “Қазақ ойнайтын ойындар: дойбы, карта сықылды ойындардың бәрін де ілгергі қазақтың ойыншылары ретті ойнаушы еді. Сөйтсе де, мен білген кезде салынып қызықтанып ойнайтын ойыны – тоғызқұмалақ еді. Қай-қайдағы Тобықты ішіндегі ойыншы шалдар келіп, ай жатып, ойнап қайтатұғын. Сондай ойыншы шалдардың дәулеті нашарлары, кейде соғымдық тай, қой, тайынша алып, я атқа мініп қайтқаны да болды. Көбінесе сол шалдардың қыстыгүні келіп жатқышы: Көрпебай, Құттықожа, Қуаттың Құдайбердісі, Мақыштың Ысмағұлы дегендер секілді. Таңертеңгі шайды ішкен соң құмалақ басталады. Менің әкем көйлекшең күйінде, басында тақиясы, бауырына ақ жастығын басып құмалағын ойнап жатады. Күндіз ел арасының ретті адамдары да ойынға кірісіп кетеді. Құмалақтан кезек тимегендер, ойнай білмейтіні, балалар өз алдына дойбы, я картаның дүкенін ашады. Құмалақта әкемді жеңген адам көргенім жоқ”. Жидебайдағы хакімнің Әйгерімге арнап өзі салдырған үйі, қазіргі музейінің төр бөлмесінде Оның жұмыс кабинеті жасақталған. Сондағы жер үстелдің үстіне осы аталған ойын құралдарын қойыпты. Осы естелік арқылы білмегенін біліп, дүниетанымын кеңейтетін оқырман қатары көбейері сөзсіз.

Абайдың жұмыс графигі турасында: “Біздің қазақтың уақытқа байлығының бір әдеті – бір жерге жұмыспен барса, барған жұмысын жерден айтпай не қонып, не түстеніп, енді аттарында ғана айтады. Менің әкем, елдің бұл әдетіне қарсы еді. Алыс жерден келген сыйлы қонақ болмаса, ел арасының адамынан келген жерден жұмысын сұрап, бітіріп, енді отыра бер деп өзі алаңсыз ойынына, я кітабына кіріп кетуші еді. Егер келген кісі сұраған жерден жұмысын айтпай, елдің әдетіне салып, тығынып қалса, оған ыза болып, енді ол айтарлықтай кезегім келді деп жұмысын айтпақшы болғанда, бағана сұрағанымда неге айтпадың деп ұрсып, кейде сөзін тыңдамай да қояды” (Турағұл естелігі, 178 беттен).

Шығармашылық аурасы немесе шабыт құшағындағы кезі турасында: “ Сол өлең жазардағы түрі: Өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаурайды, естілер-естілместей күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп жазып кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды” (Сонда, 180 бет). Бұндай аумалы-төкпелі сәт кез келген қалам ұстаған, қаламға серт берген шығармашылық адамының басынан өткен хал екенін білесіз.

Осындай құнды естеліктерді оқыған сайын ақын Абайдың, кемеңгер Абайдың тұлғасы айқындалады. Абайдың ататегі, оның ұрпақтары, оның алғаш өлең жазып, өмір күресінде, тағдыр талқысында қолына қамшы ұстап, төбе бидей ел тірлігіне араласып, дау-дамайға нүкте қойып, әділдігін жүргізгені немесе өз топырағында, өзінің қаны бір жақынына жем болып, “Мен саудагер емеспін, мені ұялмаған арсыздың бәрі жейді” деп кейігені я болмаса тағы сол өз ағайыны, өз бауырының дойыл қамшысының соққысын тартқаны, ар мен ұяттың өлшемі болғаны, өмірінің соңғы жылдары, “елден ерек туған” Әбіштің, келіні Мағыштың, үміт күткен ұлы Мағауияның өлімі сияқты кемеңгер ғұмырының елеулі сәттері енген осы естеліктер Абайды тануға, жаңаша бажайлауға қызмет етеді. Осыны ескеріп, музей фондының сарқылмас қазынасын оқырман игілігіне ұсынған ғылыми ұжымға айтар алғысымыз зор. Ұзын саны бес мың данамен шыққан бұл еңбек – бүгіннің ғана емес, келешектің де қажетіне жарайды.

Хакім мұрасының алтын қамбасы, жауһарлы сандығы болып отырған музей фондының қорындағы көпке беймәлім осындай құнды деректер сұрыпталып, өз алдына бөлек кітап болып, көп таралыммен осылай шығып, оқырман назарына ұсынылса, ұлтты тануға, ұлтты сүюге деген көзқарасымыз артар еді...

***

Ес біліп, етек жиғалы қасиетті Жидебай топырағын жет рет басыппын. Осы жылы, сәуір айының 8 – 10 аралығында алашшыл Ержан досым Еңсебаймен бірге Астана – Қарқаралы – Абыралы – Қарауыл – Жидебай – Бөрілі – Семей бағытында жүріп, Ұлылар мекеніне зиярат еткенбіз. Осы сапарымызда Абай хакімнің Жидебайын өзгеше қабылдап ем, ендігі де жол түссе, сөзсіз осы “Абай туралы естеліктер” арқылы өзіміз көруге тиіс деп қабылдаған жерлерді көрсек, басқалай әсерде болармыз... Ұлы Мұхаңнан кейінгі биік Мұхтар Мағауиннің “Меккеге жол шеккен мұсылманда Қағбаға тәуеп етуден басқа қандай мұрат бар – Абайды қадір тұтқан қазақта Жидебай топырағын басудан бөтен қандай тілек болуы мүмкін” дегені бар. Сол Жидебайдың топырағын жылына бір басып тұрған қазақтың арманы бар ма десеңізші!

Елдос ТОҚТАРБАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар