Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Сәкен сүйген сұлуларды білесіз бе?...

28.08.2017 29854

Сәкен сүйген сұлуларды білесіз бе?

Сәкен сүйген сұлуларды білесіз бе? - adebiportal.kz

Saken.gif

1914 жылдың көктемінде Омбыда Міржақып Дулатұлы Ғайнижамал Досымбековаға үйленіп, той жасайды. Тойға Омбыда оқитын Мағжан мен Сәкен қонақ болып қатысады. Осы тойға келген Ғайнижамалдың сылқым сіңілісі Гүлшаһра Досымбекова ерекше көзге түседі. Қай жігіт болса да қызығатын сұлуға екі ақын Мағжан мен Сәкен қатар ғашық болып, араларында сол үшін кикілжің туа бастайды. Бір-бірін кемсітіп, қағытпа өлең жазады. Ақырында Гүлшаһра сұлуды сырбаз Сәкен өзіне қаратып алады...

1916 жылы Сәкен Сейфуллин оқуды тәмәдап, туған жері Ақмола облысына ат басын тірейді. Қызмет бабымен жақын маңайдағы ауылдардың біріне аялдайды. Сол ауылдан домбырамен тамаша ән салатын Қабиба атты 15-16 шамасындағы қызды ұнатып қалады. Алдымен оның топ ішінде қысылмай ән шырқайтынына тамсанады, содан соң көркіне иланады. Қабиба Сәкенмен ең алғаш танысқанда атақты «Әупілдек» әнін шырқаған екен. Екі ауылдың арасын жол бөліп тұрғанымен, екеуі бірнеше рет кездескен...

1916 жылы Сәкен Сейфуллин Ақмола қаласына келіп «Жас қазақ» ұйымын құрады. Сол жерде белсенді түрде қызметке кіріседі. Қалада жүріп Нина Дмитриевна Мокинаға ғашық болады. Орыс қыздың өзі белсенді әрі көрікті болса керек. Сәкеннің Нинаға арнап жазған хаты мен өлеңі бар. Ол кезде ақын 23 жаста, қыз 20 жаста болған екен. Хатты оқып отырсақ, Сәкенге қыз көңілін білдірмеген сияқты. Авторы көрсетілмеген хаттың соңында, «мен бұл хатқа өз аты-жөнімді жазған жоқпын. Әрбірдесін, менің атымды сіздің қасиетті ауызыңызбен дауыстаудың не қажеті бар» дейді екен. Бірақ, Нина хатты жоғалтпай, сақтаған. Кейін сіңілісі музейге тапсырыпты.

Тағы да оқи отырыңыз: Мұхтар Шахановтың бір күні қалай өтеді?

Сәкеннің «Біздің жақта» деген әні Қарағанды облысында тұрған Сәулім Балабайқызына арналған екен. Біреудің ерке қызына ғашық болып, ақын қызбен сөз байласып үлгереді. Ақыл тоқтатқан Сәулім де Сәкенді ұнатады, бірақ қыздың әкесі «қайдағы бір қаңғырып жүрген біреуге қызымды қор қыла алмаймын» деп қарсылық танытады. Амалы таусылған Сәкен қызбен қош айтсады. Қыз күйеуге шықса да, ғашығын ұмыта алмай жүрген екен...

1920 жылы Сәкеннің қолына үлкен билік түседі. Ақмола облысын аралап, тексеру жұмыстарымен айналысады. Сол кезде орысша оқыған Рахима деген сұлу қызбен отау құрады. Қыздың сырт келбеті келісті болғанымен, ішкі дүниесі ақынның көңілін құлазытады. Оның үстіне Рахима байдың қызы болады. Сәкеннен үнемі «әкемді кеңестің қудалауынан аман алып қал» деп өтіне берген екен. Екеуі көп тұрмай ажырасады...

Сәкен еңбек демалысына шығып, Бурабайға достарымен қыдырып барады. Жақын ауылдың бірінен Көкеш-Гүлнар деген қыздың атын естіп, өзін көріп ғашық болады. Сол кезде Көкешті айттырып атастырып қойған қалыңдығы ауылға келіп жатады. Сәкен соған қарамастан, қызға кісі жіберіп, көңілін білдіреді. Көкеш көп жігіттің бірін емес, Сәкенді таңдайды да, етегінен ұстап кете береді. Екеуі үйленіп, біраз өмір сүреді...

Кейін Сәкен өзінің адал жары Гүлбаһраммен танысып, өмірінің соңына дейін сырымен бөліседі...

1958 жылы «Простор» журналында Галина Серебрякованың Сәкен Сейфуллин жайлы естелігі басылады. Советтік құрылыстың алғашқы кезінде финанс наркомы болған Сокольниковтың әйелі, белгілі жазушы Галина Серебрякова 1936 жылы Сәкенді Москвадағы үйіне қонаққа шақырып, әдемі қобдиша сыйлайды. Сол үйден шыға бере Сәкен қағазға оралған қобдишаны ашып, толысқан айдың сәулесіне тосады да: «Осындай көркем нәрсені ұстаған әйелдің саусағына қол тию қандай рақат!» - дейді...

Дайындаған Бағлан Оразалы

Деректер Тұрсынбек Кәкішұлының «Сәкен аялаған арулар» кітабынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар