Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Сал кім? Сері кім? ...

03.08.2018 49786

Сал кім? Сері кім?

Сал кім? Сері кім?  - adebiportal.kz

ХІХ ғасырдан бастау алатын дәстүрлі поэзияның әнші-ақындар деп аталатын ерекше шығармашылықтың саласы бар. Әнші-ақындар поэзиясын біз сал-серілер деп аталатын шығармашылықтың ішінде алып қарастырамыз. Сал-серілік өнер – қазақ мәдениетінің тарихында синкреттік өнерге жатады. «Сал-серілер поэзиясы – өзіне дейінгі ауызша поэзия мен жазба поэзияның жалғастыратын буын сияқты, өзінің алдында өткендерге қарағанда бір адым ілгері кеткен, жаңалығы, ерекше сипаты бар өнер. Оның қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейткен, тың өрістерге көтерген арна екені дау тудырмайды», - дейді профессор Ш.Керимов.

Сал-серілер – әдебиет тарихында да музыка өнері тарихында да есімдері алтын әріппен жазылып, халықтың ерекше сүйіспеншілігіне, ықыласына бөленген талант иелері. Сал-серілер сегіз қыр бір сырлы жандар болғаны бәрімізге мәлім. «Жігітке жеті өнер де аз», - деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Сал-серілер сан түрлі өнерді игереді. Олар ақын, әнші, композитор ретінде қазақтың өнерін, музыкасын дамытып, жаңа белеске көтергендігін, әрі әншілік-сазгерлік шығармашылықтың өзіндік озық үлгі-өрнегін қалыптастырғандығын, поэзия мен музыканың, халықтың ойын-сауық өнерлерін ұштастырып келгендігін, ең бастысы қазақ поэзиясының дамуына зор үлестерін қосқандықтарын әдебиетші, өнертанушы ғалымдар әлі күнге дейін зерттеп келеді.

Қазақ мәдениетінде өзінің түп-төркінің ежелгі дәуірлерден алатын сал-серілік өнер-ұлттық өнеріміздің асыл тастай жарқыраған жауһары, алтын тіні, тұма бұлақтай қайнар көдері, жоталы белестері болып табылады. Сал-серілік өнер жөнінде аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Бұл тарапта көптеген ғалымдар, зерттеушілер өз ой-пікірлерін, тұжырымдарын жасаған. Сал мен серіліктің өнер ретіндегі болмысы, табиғаты, шығу тегі мен төркіні жөнінде Ш. Уәлиханов, Г.Потанин, А.Аленторов, А. Васильев, М.Ж. Көпеев, Ә.Диваев, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Б.Бекжанов, М.Габдуллин, С.Садырбаев, С. Қасқабасов, Т. Әлемқұлов т.б. еңбектерінде қызғылықты байламдар жасалған.

Осы зерттеушілердің байыптауларына көз жүгіртсек, сал-серіліктің түп-төркіні ерте замандардан басталғанын аңғарамыз. Ғұлама ғалым, тарихшы-археолог, өнертанушы, этнограф, әдебиеттанушы-фольклорист Әлкей Марғұланның сал-серіліктің шығу төркіне байланысты мына бір байламдарына құлақ түрелік: «Сал-сері екеуі де ескі дәуірден сақталып келе жатқан халықтың тіршілігіне көп жаңалық кіргізген, әдебиетке, ой-санаға көп әсер еткен қазақ мәдениетінің бір жарқын белгілері...

Тарих көзімен қарағанда, серілік ту баста түрік қағанаты кезінен шыға бастаған. Серілікті әдет қылған ойшыл кісінің бірі атақты Иоллық деген кісі. Ол өзін ғажайып аңшы, мерген, атты әдемілеп ұстайтын ат сейіс, онымен қатар ол асқан ақын, жырау. Ағалары Білге хан мен Күлтегін қайтыс болғанда оларға арнап эпикалы оқиғаларды әдемілеп құрып, оны тасқа жазып қалдырған да осы атақты Иоллық тегін».

Қазақ мәдениетінде сал-серілер – сегіз қырлы, бір сырлы, яғни ақын, әнші, күйші, композитор, ойыншы, би, спортқа бейім, ерекше өнерпаз, қысқасы осылардың барлығын жинақтаған синкретті тұлға. Олар - ұлттық өнердің жас жүйріктері, шамасына шаң жұқтырмас көрнекті өкілдері бола білді.

Енді тіліміздің сөздік қорындағы сал мен сері сөзінің мағынасына, этимологиясына тоқтала кетсек. Белгілі зерттеушілердің біразы осы сөздердің астарына үңіліп, өз анықтамаларын бере кетіпті. Академик Ә.Марғұлан «Қазақтың сал-серілік дәстүрі» деген мақаласында салмен серіге төмендегідей сипаттама береді: «Сал» еуропа тілімен айтқанда эксцентриктік, болмаса өз бағытымен жүретін бір аяулы адам. Оның бір арманы сылқымдық, кербездік, киімді әдемі киіну, өзімен қатар жүретін адамның бәрінен де қиянатымен де, киімімен де артық болу, асып түсу. Ер тоқымның өзі де басқан інідей болмайды, алтынмен, күміспен өрнектелген, ерекше салтанатпен жасатады.

«Сал» сөзі киімді салпаңдатып кең тігуден шыққан. Әрбір салдың шалбарының балағы сондай кең, оған бір кісі толығымен сыйып кетеді.

«Сері» сөзі серпілуден шыққан, бой жазу, серпер осы сөзбен бірдей, «шалқыту, асқақтату» - деп анықтама берсе, қазақ халық әндерін жинаушы А.В. Затаевич: «Сери были детьми белой кости, богатыми но их эксцентризм не принимал крайных форм», -деген пікір айтады.

Әдебиеттанушы ғалым Е.Ысмайлов «сері» сөзі араб тіліндегі «сейір» немесе «серуен», «сайран салу» дегенінен туындады десе, «сал» ұғымын «салдырту», «салтанат» сөздерінен іздейді. Зерттеуші: «Ақындық, әншілік, өнерпаздық дәстүр жағынан сал мен серілердің арасында айырма аз болғанымен, сыртқы жүріс-тұрысында киіну, сыпайылық әдетінде бірқыдыру айырма байқалады», - дейді.

Е.Тұрсыновтың пікірінше «сері» - көне түркі тіліндегі «черік» сөзінен алынып, «әскер», «қол» деген мағынаны береді. Зерттеуші пікіріне сүйінсек «сері» сөзінің негізгі мағынасы, жасақ құрамындағы «жауынгер», «жасақшы», «жарықтағы серік» дегенді білдіреді.

Соңғы кездегі зерттеушілер Саят Баймұратұлы, Досай Кенжетай, Өмір Тұяқбаев, Таласбек Әлемқұлов, Серікбол Қондыбайлар сал серілікті діни ұғыммен, қазақ хандығындағы батырлық, әскери жауынгерлік жүйемен байланысын сөз етуде.

Түркістандағы (Яссы) Құл Қожа Ахмет Яссауи (Әзірет Сұлтан) негізін қалаған Яссауия тарихаты қазақ хандығындағы әлеуметтік,діни, мәдени, саяси үдерістерге әсер етіп отырған. Тарихаттың құрамында түрлі жүйелер (институт) пайда болған. Сал-серілер осы көп қырлы институционалдық жүйенің батырлық, әскери жағымен тығыз байланысты болған.

Саят Баймұратұлы сал-сері сөзін: «Біздің ойымызша «сал-сері» сөзі сапылық ілімдегі «сил-сила» деген сөзінен шығады. «Сил-сила» сөзі «шынжыр», «тізбек» деген мағынаны білдіреді. Шәкірт ұстаздың тәрбиесінде болып, мақалға жетіп, өзі хал тапқаннан кейін, шейхтің, пірдің рұқсатымен өзі ұстаздық жолға түседі. Яғни, атадан балаға, ұстаздан шәкіртке беріліп келе жатқан ілімді жалғастырады. Мұны сопылықта сал-сала деп атайды», - дейді.

Біз сал мен сері дегенде көбіне тіл ұшына Біржан мен Ақан есімдері оралады. Біржанды сал дейміз де, Ақанды сері дейміз. Себебі, Біржанның бойында салдықтың белгісі мол көрінсе, Ақанда серілік өнердің қасиеті басым. Осыдан кейін Біржан сал мен Ақан сері есімдері сал мен сері сөздерінің баламасы, синонимі сияқты болып кеткен. Алайда мәселеге көз жүгіртсек, сал мен серілік тек Біржан, Ақан есімдерімен шектеліп қоймағандығына көз жеткіземіз. Сал мен серілердің қазақта көп болғандығын өткен тарих айғақтайды. Біржан мен Ақан құнарланған Сарыарқадағы өнерпаздық топырақта ХҮІІ ғасырдың аяғы мен ХҮІІІ ғасырларда Дәстем сал мен Дүйсен сері, Салғара, Жанақ, Шағырай сал, Жанат сері, Сейітжан сал, Құман сері, Нияз сері,Көрпеш сал, Шәрке сал, Сегіз серілер өткен.

Біржан мен Ақанда сал-серілік өнердің әншілік, ақындық, музыканттық, эстетикалық қырлары көп көрінсе, ол басқаларында сал-серіліктің өзге де қырлары көрініс тапқан.

Нәбиден Әбуталиев өзінің «Сегіз сері» кітабында сал-серілік өнерге қатысты мынадай пікір білдіріпті: «Сал-серілер тек әнші, ақын, күйші ғана емес, алдымен атақты мерген, сұңқар, лашын, тұйғынмен құс ілгізген саятшы, тұлпар аттың ең жүйрегін, ең сұлуын таңдап мінетін ат ойының бапкері, оң саусағынан өнері тамған теңдессіз шебер, керемет зергер де болған. Сал-серілік өнермен айналысушы өнерпаздар етікшілік, өрімшілік, ұсталық, зергерлік, балташылық, аңшылық, тігіншілік өнермен де айналысқан. Себебі, сал-серілерге өздерін атпен, киіммен, құрал-жабдықпен, ән-күй аспаптарымен, ішім жем қаражатымен қамтамасыз ету керек болған. Жоғарыдағы біз айтып отырған көп кәсіптің өзі оларды осыған мәжбүр етті. Сал-серілердің біразы көктемде егіншілікпен де шұғылданған. Көктемнен күзге дейін олар көшпелі жағдайға бейімделіп түйеге, нарға шатырларын теңдеп, сайыстық малдарын айдап көшіп-қонып ел аралап жүрсе, күзде қысқы мекендеріне оралып, еккен астығын орып, бастырып жинап алып отырған».

Міне, сал-серілердің осындай қырларымен бірге, оның жауынгерлік, батырлық, әскери өнерімен байланысты қырларын да ашуға міндеттіміз. Өткен тарихымыздағы сал-серілер Сегіз сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ Ислам Жүсіп, Мәдилер жігіт жинап, топ құрып, аламан жасақтап, қысылғандарға, қорғансыздарға пана болмап па еді?! Тіпті, Еуропа, Англия тарихындағы Робин Гуд бастаған серілер (рыцарь) жасағының іс-әрекетін еске түсіремін. Тіпті, біздің ертегі, қисса-дастандарымыздағы Ғайып-ерен, қырық шілтендер деп аталған, панасыздарға қорған болған сопылық- дәруіштік жауынгер жасақты (40 адамнан құралған) қайда қоямыз?! Қазақ хандығының тарихында ерекше рөл атқарған жыраулық поэзияның өкілдері жыраулар әрі батыр, әрі ақын болған. Өз басым қазақ жырауларын да өз заманының сал-серілері дер едім. Қазақ жыраулары әрі батыр да болған. Тарлан жыраулар Қазтуған, Доспамбет, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетейлер қол бастаған батыр, жауынгер болған. Қазақтың аяулы ақыны Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасында былай демеп пе еді:

Әрі ақын, әрі батыр Қарабұтыр,

Айтатын көкке өрлеп, аспанға сыр

Бұл да сөзіміздің дәлелі. Олай болса сал-серіліктің түп-төркінінде батырлық, жауынгерлік дәстүр тұр. Осы мәселеге байланысты жазушы, мәдениеттанушы Таласбек Әсемқұловты сөйлетіп көремін. Ол: «Орта Азия сопыларының басты пірі – Қожа Ахмет Яссауи. Осы Қожа Ахметтің көп шәкірттерінің бірі және ең қабілеттісі – Бекташ есімді сопы болған. Қазақтың сал-серілерінің пірі – осы Бекташ. (Осман империясының тарихында Қожа Ахмет пен Азиядан шыққан сопылардың есімі ерекше құрметпен аталады. Қазіргі Ыстамбұл, бұрынғы Византияның астанасы Константинопольді жаулаған әскердің алдыңғы легі тұтастай Қожа Ахмет Яссауидің жаужүрек шәкірттері болған деседі). Қазақтың сал-серілері соғысқа жеке шерік болып және сауытсыз, жанболатсыз шығатын болған. Әрине, кәсіби әскери адамның қан майданға бұлай қамсыз шығуы күмәнді сауалдарға жетелуі мүмкін. Мұндай сауалдарға жауап сал-серілердің, пидағар, құрбаншыл әскер екендігінде жатыр. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, сал-серілер – өз еркімен тұтастай өлімге кесілген ер», - дейді.

Бұдан шығатын қорытынды, сал-серілер қазақ хандығындағы діни, әрі әскери ұйымның өнімдері болғандығы. Зерттеуші Серікбол Қондыбай «Арғы қазақ мифологиясы» деген еңбегінде діни әрі әскери ұйым «Үш қиян» тарихатына тоқталады.

«Үш қиян» тарихаты ХҮ ғасырда Орталық Қазақстанға ығысып келіп, ХҮІ ғасырдың орта тұсынан тарих сахнасына кетеді. Кейін олардың орнына «сал-сері» атауымен домбыра ұстап, ән салшған, халықтың еркесі атанған, өнерімен халықтың құтын, берекесін өсірген өнерпаз жандар пайда бола бастайды. Сайып келгенде қазақ сал-серілердің түп-төркіні «Үш қиян» діни-жауынгерлік, әскери тарихатына барып тірелетінін байқап отырмыз Екі зерттеушінің пікірі де сал-серілер тарихын Қожа Ахмет Яссауиге апарады. Т.Әсемқұлов «сал-серілердің» пірі немесе негізін қалаушы – Яссауидің шәкірті Бекташ сопы, - десе, С.Қондыбай Асанқайғы («Асан ата») дейді.

Жалпы қазақ мәдениетінде ерекше тұлғалар ретінде көрінген осы сал-серілердің бір-бірінен айырмашылығы неде деген мәселеге тоқталсақ, қарапайым халықты былай қойғанда, сал мен серілердің өзі бұл сөзді алмастырып қолдана берген. Мысалы, Біржан сал бір кедей қызымен айтысында:

...Жетеді тоқсан жасқа ердің ері,

Амандық ақындықпен Біржан сері.

Қарындас айтқан сөзің өтіп кетті,

Көжеңді басып-басып әкел бері! -

дейтіні бар.

Ал, Ақан сері былай дейді:

Серінің ел сүйетін қылығы бар,

Сөзіңді қор қылатын саған неге?

Домбыра насыбаймен ер сипаты,

Салдарға жараспасын бұлар неге?...

Сал мен серіге осы күнде бәріміз бірдей секілді қарағанымызбен, ол екеуінің айтарлықтай айырмашылықтары бар екенін байқаймыз.

Серілердің салдардан өзгешелігі, серілер өрескел мінез, оғаш қылықтан ада болады. Сәнді киімге, бекзаттыққа үйірлігімен көзге түседі. Бойларын қылаудай таза, кіршіксіз ұстап, сыпайылықты дағды етеді. Лас, кір үйлерге қонбайды. Кір ыдыс-аяқтан ас ішпейді. Төсек орны таза болмаса, ол үйге жатпайды. Осы қасиеттердің Ақан серінің бойында болғанын М.Жұмабаев Ақан сері туралы очеркінде тамаша суреттейді.

Біраз зерттеушілер сал атауының түп-төркіні кәдімгі сал ауруына қатысты қойылса керек дейді. Салдардың еркелігі сонша, ел кезіп жүріп белгілі бір ауылға таяп қалғанда, шалқасынан түсіп, қолтығынан сүйеп, тұрғызып әкетпейінше, сал ауруына шалдыққандай орнынан қозғалмайды екен. Осыған қарағанда «сал» сөзінің этимологиясы серіктес жігіттермен ауылға таянғанда әдейі аттан құлап, ауыл қыздары үйге көтеріп алып кіргенше сал болған адамша тыры етпей жата беретін іс-әрекеттен туындаған болса керек.

Ғалым-этнограф, қазақ фольклорының жинаушысы Ә.Диваев: «Салдың үстіне киген киімі халық кимеген түрден болады. Егер ол киген киімді халық кисе, оны кимес қарақұрым киізден, киім қылып киеді екен», - деп жазады. Ел аузында салдардың паң жүрісі, тәкаппар мінездері, киім киістері, сән-салтанаты туралы аңыз-әңгімелер көп. Мысалы, Жетісу өңірінде «Дәурен салдың белбеуіндей» деген теңеу қалыптасқан. Ол Ілені кешіп өткенде белбеуінің бір ұшы арғы жағада,екінші ұшы бергі жағада қалады екен деген аңыз бар.

Арқадан шыққан Қоспақ сал атын шәйі шүберекпен тұсаса, кей салдардың аттарына шөп орнына мейіз, су орнына бие сүтін беретінін ел аңыз қылып айтады. Қазақ халқының ежелгі салттарының бірі – салдық салыстыру. Бәсекеге түскен салдардың іс-әрекет, қылықтары басқа адамдар үшін ақылға сыйымсыз, ерсі көрінуі мүмкін. Бәсеке кезінде астындағы мініп жүрген атын әп-сәтте бауыздап тастай берген. Салдық салыстыру кезінде кісілік, жомарттық, мәрттік, тағы басқа өнер түрлері сыналған. Салдар сайқымазақ, әзілкеш қулар секілді, елді күлдіріп, думандатып жүрген. Салдар сияқты серілер де қымбат матадан киім киіп, арғымақ ат мініп, бүркіт баптап, құс салып, қасындағы жігіт-желеңімен ел аралаған. Бірақ салдарға тән ерсі мінез, аттан құлау, елден ерекше күлкілі киімдер кию тәрізді іс-әрекеттер жасамаған. Серілер таза, етең-жеңі жинақы киінген, кербез, паң мінездерімен оқшауланып, жомарттық, алғырлық, білімдарлық қасиеттерімен ерекшеленген, өнер жасына беріліп, сауық құрып, аңшылық-саятшылық құрған өнер иелерінің жаңа түрі деуге болады.

Сал-серілер ақын, композитор, әнші болуымен қатар әртістік, бишілік, сиқыршылық т.б. қасиеттерді бойына жинақтаған өнерпаздар еді. А.Жұбановтың, Ә.Тәжібаевтың естеліктерінде Шашубай Қошқарбайұлы туралы: «Ат үстінде тұрып баянмен ән салғанда бет аузын адам танымастай өзгертіп, бас терісін жүгіртіп ойнатқанда қалпағы төбесінде маңқитып, таяғын сиқыршыдай ойнататын еді», - дейді. Аяғына ұзын сырық байлап өнер көрсеткені үшін «Ағаш аяқ» деген атқа ие болған. Берікбол 6-7 түйені қатар қойып, бір жағынан екінші жағына секіріп түсетін болған. Ол қолына ағаш алып, керулі арқанның үстімен жүгірген, шапқан аттың үстінде төбесімен тұрып билеу, шалқалап жерден аузымен тақия алу сияқты цирк ойындарын шебер орындаған. Ал Балуан Шолақ бабамыз 14 жастан бастап күреске түсіп, ат құлағында ойнап, спортшы болған, шауып келе жатқан ат үстінде әр түрлі күрделі жаттығуларды шебер орындаған. Мысалы: жүйткіп келе жатқан аттың үстінде түрегеліп, не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, бір аяғын үзеңгіге қыстырып, шалқалап шабуы, Балуан Шолақтың бойындағы жойқын күшті, ептілікті, оның далалық цирк өнерінің майталман шебері болғандығын айғақтайды. Көкшетау қаласындағы базарда өткен үлкен бір жиында 51 пұт (830 килодай) кір тасын көтеріп, жиылған жұртты таң қалдырған.

Бір кездері «Үш қиян» діни-әскери тарихаттың (орден) мүшелері болған серілер, соңғы дәуірлерде осылайша мәдени, эстетикалық функция жүгін арқалады. «Үш қиян» діни-әскери тарихатының даңқты жауынгерлері болған сал-серілердің есімдері «іс-әрекеттері» Л.Гумилевтің этнология теориясындағы «мемориалдық фаза» кезеңін, бастан кешіріп, халық жадында, ұлт санасында шығармашылық тұлғалар ретінде көрініс берді.

Қорыта келгенде қазақ сал-серілері тек әнші-композитор ғана болып қоймай, өнердің өзге де қырларын, әсіресе, ұлттық спорт ойындарын, далалық цирк өнерінің алуан түрін шебер игерген саңлақтар ретінде халық жүрегінде сақталады.

Сәбит Жәмбек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар