Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Шерхан Мұртаза. Бiр кем дүние...

21.08.2018 13659

Шерхан Мұртаза. Бiр кем дүние

Шерхан Мұртаза. Бiр кем дүние - adebiportal.kz

Танымал жазушы Шерхан Мұртазаның «Бiр кем дүние» кітабынан үзінділер

Жеңешемнің жауабы

Менің аталас ағам майдангер Мақанбет Дембайұлы Роза (Разия) деген татар қызына үйленді. Разия жеңгеміз тоғыз (9) бала тапты.

Абысындары:

– Байғұс-ау, тағы біреуін тусаңшы, сонда «Батыр Ана» атанар едің, – дейді ғой.

Разия:

– Құдай берсе, тастамаймыз, Бермесе қақсамаймыз, – дейді.

Құдай бергенде тағы біреуін табар ма еді, бірақ Алла Тағала Разияның өзін ертерек алып кетті. Асығыс алып кетті.

Абайсызда тағы біреуін туып қоя ма деп асықты ма, кім білсін.

Бір кем дүние.

Дуананың жирен қасқасы

Қасиеттi қарт Қаратаудың қойнында, Қарағай деген байдың тоқсан тоғыз (99) жирен қасқа тұлпарлары болыпты. "Қанша дәулет бiтсе де, бай қуанар егiзге" дегендей, байекем сол сәйгүлiк жирен қасқалар жүзге жетсе екен деп армандапты.

Бiрақ, Құдайдың құдiретi, биелерi қайтып жирен қасқа құлын тумай қойыпты.

Сондай күндердiң бiрiнде бай ауылына ел кезген бiр дуана келе қалады. Қараса, астындағы аты Жирен қасқа! Бай жiгiттерiн жұмсап, дуананың атын тартып алады. Бұдан асқан қорлық, бұдан асқан зорақылық бола ма?! Сөйтсе, дуана жай дуана емес, қызыр шалған әулие кiсi екен, таудан арқырап аққан асау өзендi бөгеп тастап, Жирен қасқамен өрге шапшып, бай ауылын қарғап кетiптi. Бай дәулеттен айрылып, қайтып мал-мүлiк құтаймай қойыпты. Тоқсан тоғыз Жирен қасқа хикаясын айтқан Өмiрбек Байгелдi. Бiреуi-ақ жетпеген. Дуананың қарғысынан Қарағай елi, Еңбек Ерi Байгелдiнiң тұсында ғана арылған.

Имансыз болма

Біреулерге Құдай бәрін береді. Байлық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан – бәрі бар. Төрт құбыласы сай.

Бірақ Иман жоқ.

Ең сорлы адам сол.

Бір кем дүние.

Жоғалған тіл

«Болашақ» деген шығып, бай балалары шет елде оқып, бірсыпырасы сол жақта қалады. Бірсыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ тек орысша, иә ағылшынша сөйлейді.

Қазақшасы жоқ.

Бір кем дүние.

Ақсақ Темірдің аманаты

Жалған дүниеден өтер алдында жарты әлемді жаулаған Әмір Темір жанындағыларға аманат айтты:

– Мен өлген соң жылап-сықтап, дауыс көтермеңдер. Оның түкке қажеті

жоқ. Ажалды біреу айқайлап,қорқытып қуады ма екен? Киімдеріңді жыртып, жынды адамша жүгіргеннен гөрі Алладан «Аллаһу акбар» деп маған мейірім тілеңдер. Жүрегімді жылыту үшін «Фатиханы» оқыңдар.

Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір де мейірімге мұқтаж.

Бір кем дүние...

Құр алақан

Жарты әлемдi жаулаған тағы бiр жаһангер – Александр Македонский –Ескендiр Зұлқарнайын өлген соң табыттан қолы шошаңдап шыға берiптi.

Бiр данышпан алақанына бiр шөкiм топырақ салған соң ғана қолы сылқ етiп табытқа түсiптi.

Сөйтсе, Ескендiр тiрiлерге:

– Ей, жарандар, мен дүниенiң жартысын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Мiне, қараңдар, – деп алақан ашып көрсеткенi екен.

Қайран дүние, тiршiлiкте кiм тойған...

Адамның ашқарақ көзi топыраққа ғана тояды.

Бiр кем дүние...

Мұрагерсіз патша

Баяғыда бір патша, өзі Құдай емес, Құдайдан былай емес бола тұрса да, бір ұл балаға зар болыпты.

– Ұлым болса, мұрагерім болар еді-ау, – деп армандайды.

Сонда бір уәзірі ақыл айтады.

– Бұл өмірде армансыз әйел болса, сол әйелдің дамбалын өз жұбайыңызға кигізсеңіз, Құдай бұйыртса, ұл бала табады, – дейді.

Содан соң патша жер-жерге шабармандар шаптырады.

Бірақ еш жерден армансыз әйел табылмайды. Бәрінің әйтеуір бір арманы бар.

Шабармандар салдары суға кетіп, бастары салбырап қайтып келе жатса, әріректе бір қатын отын арқалап бара жатыр екен. Шабармандар:

– Бұл байқұста арман жоқ деймісің, – деп бұрылғысы келмесе де, – кім біледі, мүмкін, жолымыз болар, – деп әлгі әйелді атқа мінгестіріп ала кетеді.

Патша алдына келгенде, патша сұрайды:

– Шыннан арманың жоқ па? – деп. Сонда әлгі отын арқалаған қатын:

– Е, арманым да жоқ, дамбалым да жоқ, қараң қалғыр! – деп қойып қалыпты.

Бұл да бір кем дүние.

Ай мен Күн туралы

Бұлар туралы ақын Гете жазып кеткен. Ол да біреуден естіген.

Біз де елден естігенімізді, оқығанымызды жазамыз.

Аспанда Ай мен Күн бір-бірінен ажырап, адасып қалғанда, жердегі пенделерге не жорық?!

Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Сейпілмәлік – Жамал – қайсы бірін айтасың, бір-біріне қосыла алмай кеткен, шын ғашықтар ғой.

Дүние жаралғалы бері Ай Күнге жете алмай келеді. Олар о басында ерлі-зайыпты екен, екеуінен жұлдыздар туған. Әзәзіл ажыратқан.

Бір-біріне шын ғашық болып, қосыла алмау дүниедегі кемдіктің ең ұлысы.

Қанағат қарын тойдырады...

Араны ашылған, ашқарақ тойымсыздар – адалдықтың қазығынан ажырап қалғандар.

Адалдықтың қазығы – қанағат.

Бір кем дүние – зор кем дүние.

Әттең, қанаттың келтесі-ай

Құладын деген құс бар. Жыртқыштар әулетіне жатады. Бірақ өзінің аталас туыстарына қарағанда салақтау ма, әлде олақтау ма, әйтеуір, қопал құс. Оның қасында кішкентай тұрымтай, жағалтайлар әлдеқайда пысық. Қырғи, қаршыға, лашынның шаңына да ілесе алмайды.

Бірақ Құдайдың оған шақтап берген несібесі бар. Сонымен күнелтеді. Тышқан аулайды, күзде, тары піскенде, бөдене аулайды. Тіпті кейде асыранды тауықтардың балапандарына да түсетін кездері бар.

Сондай бір мезгілде үйдің маңайында балапандарын ертіп, құрқылдап, балақайларын шегіртке, шыбын-шіркейлерді ұстауға баулып жүрген шұбар тауық байқамай қалып, бір балапанын құладын іліп алып кетеді. Шұбар тауық байқұс бар даусымен ойбай салып, әлгі құладынды қуып жетпекші болып, аспанға атылып барып, қайтадан қара жерге топ ете түскен. Қанаттары қысқа, ұшуға жаратылмаған. Әттең, қанаттың келтесі-ай...

Бір кем дүние.

Мұндайда:

Құйрығы жоқ, жалы жоқ,

Құлан қайтіп күн көрер,

Аяғы жоқ, қолы жоқ,

Жылан қайтіп күн көрер,

деген мұңды өлең еске түседі.

Бұл да бір кем дүние.

Шыңғыс ханның моласы қайда

Жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан Таңғұт елінде әлдеқандай жұмбақ ажалдан кеткен дейді тарих.

Ең жақын адамдары Шыңғыс ханның денесін қара жерге көміп, үстінен мың жылқы айдатып, таптап тастаған дейді. Оны көміскен адамдардан тірі куә қалдырмай, бәрін өлтіріп тастаған.

Бұл, сірә, Бұрхан тауының бір сілемі көрінеді.

Енді бір аңызда Орхон өзенін басқа арнаға бұрып жіберіп, соның табанына терең қазып, Шыңғыс ханның сүйегін тоғыз қабат табытқа салып, Орхонды қайтадан өз арнасына бұрып жіберген.

Шыңғыс ханның сүйегі өзеннің табанында жатыр деседі.

Таяуда бір «көріпкел» қазақ Шыңғыс ханның қай жерде жатқанын мен білемін деп, баспасөз арқылы бөсіп еді. Әлі ештеңе жоқ.

Шыңғыс хан бұл фәниден өткелі мың жыл болайын деп қалды.

Жаңа техникамен қаруланған жапондар да іздеп жүр. Нәтиже жоқ.

Бір кем дүние деген осы.

Кенесарының басы қайда

Сөйткен Шыңғыс ханның көкжал ұрпағы – Кенесары хан Астананың қақ ортасында, Есіл өзеннің жағасында оңтүстік-батысқа қарап, алмауыт аттың үстінде шіреніп отыр.

Скульптура авторы – Нұрлан Далбай деген азамат.

Тұғыр салғыш – кәдімгі өзіміздің Шота Уәлихан.

Кенесары ханның басында айырқалпақ. Қалпаққа кейде шымшық қонып отырады.

Ал шын өмірде Кенесары өз жасақтарымен Ақмола атты патша қамалына қарсы беттен, яғни, оңтүстік-батыстан солтүстік бетке қарай шабуыл жасаған.

Сөйтіп, патшаның зеңбірекпен, мылтықпен мұздай қаруланған қорғаныс қамалына найзамен, қылышпен, дойыр қамшымен, шоқпармен қаруланған қолды бастап, Ақмола қамалын басып алған.

Бәрі дұрыс. Бірақ кейін-кейін патшаның сансыз әскеріне, зеңбірегіне қарсы тұра алмай, оңтүстікке, Қырғызияға қарай бет алды. Қырғыздың шонжарларымен мәмілеге келіп, патшаға қарсы одақ құрмақшы еді. Бірақ патша губернаторлары қарап жатпай, қамданып, қырғыз манаптарының аузын алып, зеңбірекпен, мылтықпен қаруландырып, Кенесары қолына қарсы шығуға дайындап қойған екен.

Келелі істің аяғы кері кетіп, Кекілік таудың тұсында, хан Кене қолға түсіп, жауыздар оның басын кесіп алып, патшаға тарту ретінде Омбыға, одан соң Петербургке жіберген дейді. Бірақ сол бас әлі табылмайды.

Ал Астана қаласының қақ ортасында, Есіл өзені жағасында алмауыт атқа мінген Кене хан шіреніп отыр. Басында айыр қалпақ. Бұл тас бейне.

Ары-бері ағылып өтіп жатқан адамдар. Ескерткішті айнала қойылған скамейкаларда отырғандар.

Көбісі хан Кененің өз басы әлі табылмағанын білмейді.

Бұл да бір кем дүние.

Өкінішті дүние.

Кестелі қалта

Алматыдағы Қонаев ескерткішін айналдыра скамейкалар қойылған. Ғабең (Мүсірепов) сол жерде демалып отырады. Кейде мен қасына барып отырамын. Ғабең «Космос» деген сигаретті тұтата бастайды.

Мен:

– Бұл темекіні қай уақыттан бастадыңыз? – деп сұраймын.

Сірә, 18 жастан, – дейді. – Бір қыз маған моншақтап, кестелеген кисет

(қалта) тігіп сыйлады. Кисетті қалтаға бос салып жүрмейсің. Саратов махоркасын толтырып, жұқа шылым қағаз сатып алып, соған орап, «козья ножка» жасап тартамын. Түтінді ішке тартпаймын. Қос танаудан түтінді жарыстыра шығарсаң, қыздар қызығатын сияқты.

Әне, бұл «дос» содан басталған.

Бұл кезде Ғабең 84 жаста еді.

Ал темекіні 18 жаста бастаса, шынында да «ескі дос» болған.

Бірақ бұл да бір кем дүние.

Мен:

– Өкпеге зиян шығар, – деп едім.

Ол:

– Ысталған ет көпке шыдай ма, әлде жас ет көпке шыдай ма? – деді.

Бір жылдан кейін, 85-те қайтты.

«Қаламгерде»

Мың да тоғыз жүз жетпіс жылдың он бірінші қазаны еді.

Ғабең (Мүсірепов) маған ақша беріп, бір шөлмек коньяк алдыртты.

– Қазір Шәкір Әбен деген шал келеді. Өзі дәстүрлі халық ақыны, философ ақын, – деді Ғабең. – Семейден...

Кешікпей Шәкір ақын келді. Басында дөңгелек құндыз бөрік. Сақалы аппақ. Қолында таяқ.

Шағын стол басында үшеуіміз отырмыз. Сөзді Шәкір ақын бастады. Ғабеңе қарата:

– Сені бір көрсем деп едім. Басқа арызым жоқ. Жасым сексен екіде. Құжат бойынша – жетпіс алты, – деді Шәкір ақын.

– Е, келесі жылы мен де жетпіс беске келемін. Менен бір жас үлкен бола ғой. Кісінің жасын туған күнімен емес, қай шақта, қандай қайратта, соған

қарап есептеу керек, – деді Ғабең.

Сол жетпіс беске мен (Ш. М.) биыл (2007 ж. 28 қыркүйек) келдім. Шәкір ақын мен Ғабит Мүсірепов о дүниелік болғалы қай заман...

– Жасты қайратыңа қарап есепте, – деп еді Ғабең. Кім біледі...

Бәрібір бір кем дүние.

Талант сатылмайды

– Бәрін де сатып алуға болады, – деді Ғабең бір жолы. –

Ақшаң болса қалтаңда,

Талтаңдасаң – талтаңда!

Бәрін де – атақты да, ар-ұятты да, әйелдің махаббатын да...

Ал бірақ талантты сатып ала алмайсың. Ешқашанда. Талантты адам бермейді, Құдай береді.

Біздің Союздың (Жазушылар одағын айтады. – Ш. М) есігі айқара ашық: халтураға да, дарынсыз сүмелектерге де. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сол. Білдің бе?

Мен, әрине, білемін.

Бұл да бір кем дүние.

... Қазіргі Жазушылар одағы – біздің Мыңбұлақтың егіс даласындай: еккен арпа-бидай арамшөптің, есекмияның, кекіренің арасынан көрінбейді.

Кітап қасиеті

Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады.

Адамды аздыратын жаман қылықтар да адамның өзінен шығады. Ол да тат. Оны сабындап жуып кетіре алмайсың.

Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап.

Ең бірінші – Құран!

Екінші – хадистер!

Ұлы классиктер.

Қазақтың ұлы ақын-жазушылары.

Кітап жем, су сұрамайды. Кітап – ғажайып қазына.

Кітап –өмірсерік.

Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді.

Бір кем дүние.

Таскекіре

Баяғы-баяғы, соғыс жылдары, бала күнімде (егер бала күн деуге келер болса) таскекіремен талай шайқасқанбыз.

Мектеп балаларын сабақты қойғызып, арпа-бидайдың арам шөбін отауға айдап шығушы еді ғой. Сондағы таскекіре ғой.

Тасмия сияқты бұл да жау...

Сол таскекіремен мына Мархабат Байғұттың әңгімесінде тағы кездесейін. Арада алпыс жыл өткеннен кейін.

Мархабаттың таскекіресі – символ. Меңзеу.

Басқалардың әйел сүюі – ләззат. Ал Мархабаттың геройы Қалыпбек сегізінші класты бітіре салысымен – қойшының көмекшісі. Өмірі қой бағумен өткен. Жұрт сияқты ойнап-күліп, жастық шақтың қызығын көре алмай, томаға тұйық күн кешкен жан.

Оған үлгі көрсетіп, «көзін ашқан» колхоз бастық. Оның әні: «Ләді-лүккі-Ләйлім». Төрт баласын, әп-әдемі әйелін тастап, қаланың бойдақ қатынына үйленген «Ләді-лүккі-Ләйлім».

Ал содан көргенін істемек болған қойшы Қалыпбектің «жегені» таскекіре – ащы, улы, кермек кекіре.

Бір кем дүние.

«Сталинге хат» - Москвада

«Сталинге хат» пьесасын жарыққа шығарып, бағын ашқан режиссер Райымбек Сейтметов еді. Алматыда, спектакль Жастар театрында үзбей ұзақ уақыт жүрді.

1987 жылы Жастар театры осы спектакльді Москваның театрлар білімін жетілдіру институтына апарып қойғанда, сондағы ұстаз Михаил Новожихиннан бастап, барлық артистер, көрермендер – бәрі жылағаны-ай.

Жастар театрынан Райымбек қалай кетті, сол-ақ екен басқа «данышпандар» сол спектакльді репертуардан алып тастады.

Райымбек Түркістанға барып, жаңа театр ашып, «Домалақ Ананы» қойды.

Есіл азамат жалған дүниеден ерте кетіп қалды.

Оның рухын Домалақ ананың, Тұрардың әруақтары қолдай жүрсін, Алла о дүниесін жұмақтан берсін.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар