Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Шортанбай кітабын оқығанда...

11.06.2018 655

Шортанбай кітабын оқығанда...

Ресей патшалығының отарлау саясатын ашық сынаған Шортанбай жыраудың шығармаларын әлі де бір ыңғайлап жүйелеу, оқырманға жинақтап ұсыну барысында алдын-ала арнайы ақылдастар алқасын құру керек сияқты.

Бұлай дейтін себеп – Шортанбайдың 2011 жылы «Фолиант» баспасынан шыққан «Қай заман?» атты кітабы қолымызға түсті. Кітапқа жыраудың бұрын жарияланып келген өлеңдерімен қатар, жаңадан табылған шығармалары да енген екен. Әрине, Шортанбай мұраларын қастерлеп, тірнектеп жинаушылардың еңбектері ерен. Оқырман үшін тың жаңалықтарға тұнып тұр. Бірақ әлі де болса асықпай, зерттеп-зерделей отырып қарастыратын мәселелер де жоқ емес.

Мысалы, осы жинақтағы Шортанбайдыкі делінетін бір ғана «Ақжолтай батыр» дастанын алайық. Әуелде бұл дастан Ағыбай батырдың 190 жылдық мерейтойына арналған «Ақжолтай Ағыбай батыр» атты жинаққа (Жезқазған қаласы, 1992 жыл. Құрастырған: Марат Әбсемет Ағыбайтегі) «Халық жыры» деген атпен енген.

Ал 1993 жылы «Айқап» баспасынан шыққан «Шортанбай» кітабының түсінігінде: «Кәмел Жүністегі тапсырған жазба негізінде әзірленді. К.Жүністегінің әкесі Ыбыш ақсақал осы күнгі Ақадыр ауданы, Киікті станциясында тұрған Досбергеннің Қалиы деген жыршыдан жазып алған» (79-бет), - деп жазылған.

Дастанның тілдік ерекшеліктеріне қарап, бұл – Көкбайдыкі емес пе екен деп те ойладық. Өйткені Көкбайдың 1933 жылы Абай туралы айтқан естелігінде: «Ақауыз атты жазамын деп «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деген белгілі ат сынын айтқан өлеңі шығады», - деген сөзі бар еді. Енді осы айтылған ұқсастықтарға көз жүгіртсек.

Шортанбай авторлығындағы «Ақжолтай батыр» дастанында Ақауыз аттың сипаттары былайша жырланған:

«Сол кезде бұл тұлпардың төрт-бес жасы,

Дәл бір кез қырым ет жоқ кесер басы.

Қақпан бел, қамыс құлақ белдемелі,

Ағаштың бәлігіндей қабырғасы».

Ал Абай «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» дейді, білесіздер. Ары қарай жалғастырайық. Шортанбайда:

Төрт елі қабырғасы енді, жалпақ,

Шіреген шақпақ еті, бұты талтақ.

Абайда:

«Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті,

Өзі санды, дөңгелек, келсе көтті.

Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,

Арты талтақ, ұмасы үлпершекті», - деп келеді.

Һәм сондай-ақ, Шортанбайдағы:

«Өтірік, ертек сөзді өлең қылып,

Ақын көп бет алдына еткен мақтан», - деген жолдарды оқып отырып, оған Абайдың:

«Ақындары ақылсыз надан келіп,

Көр-жерді өлең қыпты жоқты қармап»;

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін», - деген өлең сөздерінің тигізген әсерін таза байқауға болатындай.

Бұл – әсіресе, дастанның ат сипаты жырланатын бөлігі, Абай мектебінен тәлім алған ақындардың қолынан шыққан дүние секілді көрінеді де тұрады. Дастанның Шортанбайдыкі болуына қарсы емеспіз. Тек қана жоғарыдағыдай салыстыру барысында туған ойларымызды іште сақтамауды, сыртқа шығаруды мақұл көрдік.

Абай мектебінің белді өкілі Көкбай Жанатайұлы хәкім ұстазының кеңесімен батырлық дастандар жазғаны әдебиетші қауымға белгілі. Ақауыз аттың сипаты Абайға ұнай қоймағандықтан, Абай өлеңіне көп еліктеп кеткендіктен Көкпай оны шығармаларына қоспағанын өз естелігінен оқығанбыз.

Ал осы Шортанбайдағы Ақауызға қатысты сипаттауларда Көкпайдың өзі айтқан сурет-сілемдер аңғарылатындай. Біз «Көкпайдыкі сияқты» дегенді осындай ойларға сүйеніп айттық, ағат кетсек ғафу өтінеміз, құрметті оқырман.

Сондай-ақ, дастан соңындағы:

«Тарқаттым Ағыбайдың мына тойын,

Шу қылған қызықпенен Шудың бойын.

Аманат жан ұяда тыныш тұрса,

Аудармақ баспа сөзге ендігі ойым», -

деген сөздерге де назар аударайықшы?

Көкбай 1861 жылы дүниеге келіп, 1925 жылы дүиеден қайтады. Ал Шортанбай Қанайұлы 1818 жылы дүниеге келіп, 1881 жылы дүние салады. Келтірілген шумақтағы «баспа сөз» сөзі Шортанбайдың тұсында айтылды ма? Шортанбайдан беріде өмір сүрген, алаштықтардың өзі «мәтбұғат» сөзін қолданып келді емес пе? «Баспа сөз» ұғымы Шортанбай кешкен заманадан беріректе – Кеңес үкіметі дәуірлеген тұстарда бастау алған жоқ па?

Мұндай сөздер ақын мұрасын айтып жеткізушілер тарапынан да аз-маз қосылып кетуі бек мүмкін десек те, Көкпай айтқан естелік сөз бен Шортанбайдағы Ақауыз ат сипатының ұқсас келуі бізді ойландырмай қоймады. Сол себепті қолға қалам алған едік.

Бауыржан Берікұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: шортанбай
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар