Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Скрипкашы» пьесасы сахналанды...

16.05.2018 3741

«Скрипкашы» пьесасы сахналанды

«Скрипкашы» пьесасы сахналанды - adebiportal.kz

14 мамырда Қазақ ұлттық өнер университетінде «Кинотеледраматургия» (Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Р.Мұқанова шеберханасы) мен «Драма театры және кино актерлері» (Қазақстан Республикасының халық әртісі, профессор Т.Мейрамов шеберханасы) мамандығы бойынша білім алып жатқан І, ІІ, ІІІ курс студенттері «Скрипкашы» пьесасын сахналады.

Режиссерлері: «Драма театр режиссері» мамандығының ІІІ, IV курс студенттері (ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Е.Тапенов шеберханасы).

Аталған қойылымды Австриялық режиссер Lucas Gejpek пен жазушы, көркем шеберлік институтының оқытушысы Margarete Kreidl тамашалап, жас әртістердің өнеріне тәнті болғанын айта кету керек.

Қойылым Ұлы Отан соғысы жылдарында тұтқында қалған қазақ скрипкашысы Айткен Толғанбаевтың өмірінен басталады. Неміс офицерлерінің азабы мен мазағына шыдаған Айткен тағдырдың сынағына тойтарыс беріп, қиындыққа мойымайды. Бір күні неміс офицері Шмидт қамаудағыларды әдеттегідей соққыға жыға бергенде, кезек Айткенге келіп, оны атып тастауға бұйырады. Сол мезетте темір тордың ар жағынан: «Атпаңдар, ол – музыкант!», – деген дауыс естіледі. Шмидт: «Музыкант болсаң, ойна», – дейді. Айткен скрипкамен бір әуен ойнап болғаннан кейін Шмидтің даусы қарлығып: «Жоқ, мұны өлдіріңдер», - деп бұйрық береді. Сонда Айткеннің: «Мырза, сіздікі дұрыс болмады... Музыка ұлтқа бөлінбейді. Сіздің білмеуіңіз мүмкін емес. Музыка – ғарыш... Ешкімнің әміріне бағынбайды, мырза. Өнерді мен де сүйемін! О баста-ақ өнерді сүйгенмін! Бала күнімнен, түсінесіз бе?», – деген жан дауысы шығады. Міне, осыдан кейін аман қалған Айткен Вена қаласының мәдени орындарында өнер көрсетіп, көрермендердің көзайымына айналады. Сол кездерде қалалық қыз Мариямен танысып, араларында махаббат оты жанады, ғашық болады... Ақыры сұм соғыс аяқталып, Гитлер әскері толық талқандалады. Айткен туған еліне аттанарда сүйген қызы Мария сағынышқа толы жанарымен жәудіреп, Вена вокзалында қалады.

«Скрипкашы» пьесасы арқылы сценарий авторлары қазақ жауынгерінің осындай нәубетті өмірін көрермендерге қаз-қалпында ұсынды. Бұл жас драматургтердің үлкен өнерге басқан алғашқы қадамдарының бірі. Сондықтан, айтарлықтай сын айтудың өзі жат. Десе де, кейбір әлсіз тұстарын реттеп, көрермендерге бұдан да жоғары деңгейде өнер көрсетсе деген ниет бар.

Суреттер сөйлесін:

adebiportal.kz

(Фото: Артем Чурсинов)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар