Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
С.Томановтың өлеңі талай көмектесіп еді...

12.06.2018 4784

С.Томановтың өлеңі талай көмектесіп еді

С.Томановтың өлеңі талай көмектесіп еді - adebiportal.kz

Студенттік жылдарда талай ақындардың, әсіресе, махаббат туралы өлеңдерін жаттап алып, қыз-қырқынның алдында жалындап оқып жүретінбіз. Мұндай қызық оқиғалар көп айтылып жатады. Біреулер Мұқағалидың, Қадырдың өлеңдерін жаттап алып айтып беріп жүреді. Ол бір махаббат қызық, мол жылдар. Жарасымды. Ал біз Серік Томановтың өлеңдерін жиі пайдаланатынбыз.

«Қызыл көйлек киген қыз тоқтай қалды,

Сол-сол екен жанарым шоққа айналды.

Аяғымнан әл кетіп, тоқтай қалдым,

Ал жүрегім, жүрегім соқпай қалды», –

деген жыр шумақтарын табан астында суырып салғандай болып, талай қызды тамсандырдық та кезінде.

Одан кейін де Томановтың өлеңдерін талай мәрте кәдімгідей кәдемізге жараттық. Бұл жолы – махаббат жайындағы жырларын емес, шікірейген шенеуніктер, әкіреңдеген әкімдер туралы, тағы басқалар туралы жазған өлеңдерін оқып, талай адамдарды орнына қойғанбыз.

Бірде қызық болды. Ақын Азамат Есалы екеуіміз «Мәдениет мінбері» деген журналға Жамбыл облысындағы бір кәсіпкер депутатты шығармақшы болып қабылдауына келдік. Кірсек, кісіміз – кісі болып отыр, кекжиіп. «Журналдан келіп едік, сізді шығарсақ деп едік», - дейміз. Жазылым жайында айтамыз. Менсінетін түрі жоқ. Алдымызда темекісін бұрқыратып, шалқайып, жүре тыңдап отыр. Ананы айтады, мынаны айтады. Іс өнетін емес. Журналға да шықпайтын болды ма, жазылым да жайына қалды әлгі жерде. Бір кезде Азекем шыдамады-ау деймін. Құр кетпейік деді ме екен әлде: «Біз негізі ақын едік. Мен Сізге бір өлеңімді оқып берейін», - деді. Деді де, Серік ағаның «Әкім мен әңгіме» деген өлеңін саңқылдап тұрып оқып-оқып келді де, бар екпінмен:

«Қабандай боп жондандың,

Халықты алдап жеп жүріп», –

дейтін жеріне келгенде әлгі дәу депутатымызға сұқ саусақты туралап кеп жібереді де, ары қарай:

«Қаламдай боп мен қалдым,

Қағазымды кеміріп», –

деген тұсына келгенде, сұқ саусағы өзіне қарай қайтады. Азамат өзі – «қаламдай» кісі ғой. Жардай депутат астынан су шыққандай қозғалақтап кетті...

Азекең:

«Мен – жүрекпін

(Сол артық),

Халқым үшін қайғы алдым.

Қос аяққа боқ артып,

Сен – қарынға айналдың», –

дегенде қарыны бір метр алдында шығып кеткен әлгі ағамыз темекісін мыжып-мыжып өшіріп күлсалғышқа тастап жатыр. Өлең қатты әсер етті-ау деймін. Көмекшісі ме, кеңесшісі де, біреуге қоңырау шалды. Ол келгенше, манағы қылықтарын жуып-шайып жатыр. Ары қарай әңгімеміз жарасып жүре берді. Журналымыздың мәселесі де шешілетін болды. Сөз құдіреті деген осы болса керек, сірә. «Ғалымның хаты өлмейді» дегендей, ақынның сөзі өлмейді.

Бауыржан Берікұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар