Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Сұраған Рахметұлы. Алтайдан Жездіге дейін ...

17.10.2018 7529

Сұраған Рахметұлы. Алтайдан Жездіге дейін

Сұраған Рахметұлы. Алтайдан Жездіге дейін  - adebiportal.kz

Сарыарқаны сарыала күз көмкерген алтын шуақты сәттің бірінде - Моңғолдың нөмірі бірге санатты ақыны, осы заманғы ғұламасы Гүн сойлы Аюурзана екеуіміз 20-21 қыркүйекте Елордада өткізілген «Қазіргі заман сөз энергиясы» Еуразиялық әдеби форумға шақырылған едік. Бұл реткі шара КСРО тұсында 1973 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған дейді. Арада 45 жыл өткеннен кейінгі халықаралық әдеби басқосуды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдауымен жуық шамада жаңарған Қазақстан Жазушылар Одағы қайта жаңғыртқан. Межесі – қазақ әдебиетін әлемге ұсыну, ұраны – Рухани жаңғыру.

Тәуелсіздік тұғырына қонған елдің бүгінгі дәуренін күллі ғаламға паш ету. Бұған Қытай, Ресей, Моңғолия, Қырғыз, Өзбек, Иран, Әзербайжан, Молдав, Украина өкілдері тобымен жеткен. Дырдудан тыс – рухани сәтті жиын.

Еуразия құрлығынан Туркия, Алмания, Қыпшақия, Польша, Болгария т.с.с. елдер «қызу қолдап» өз жазармандарын жолдаған. Елорданың күзгі аспаны осылайша бір сәтке ұлы әдебиетпен түрен көтерді. Хош. Әр тілдегі ақын-жазушылардың жылы жүздесулері өз алдына бір әңгіме. Бұл жолғы айтар сөзіміздің жүлгесі бөлек. Сонымен соңғы кезде бүкіл ғаламдық тұрғыда өзекті сарапқа айланған Шыңғыс қаған тарихына қатысты пікірталастар өрбіп жатқанынан хабарларға аз-кем кідірейік. Әрине, бұл сауал Аюурды да мазалайтынын іштей сезетін едік. Ол «Моңғолдың құпия шежіресін» (МҚШ) талдап ересен бір тосын әрі тұтқиылдан сараптама ұсынған тұлға. МҚШ-ге деген тың көзқарас, аталы зерттеу жасап «Тәңір наме» (2016) кітабын жария еткелі көп болмаған.

Замана классигі Мұхтар Мағауин Шыңғыс қаған тарихына қатысты төрт томдық еңбегін жария еткен тұс қызықты әрине! Әлеуметтік желілерде осынау тарих төңірегінде дау-дамай көп. Осыған сәйкес Ұлы қағанның тұңғышы Жошының басына баруға бірсыпыралары үміттенетін секілді. Бұрындары сәті түспеген, сәті түскендерде ниет болмаған. Біз де сонау 1990 жылдары Моңғолдың «Ням гариг» газетіне Жошы туралы жазыппыз. Талантты, мінезді ақын Жүкел Қамайдың Жошы қаған десе, Оспан батыр десе делебесі қозып оқи жөнелетін керемет бір ермен иісті өлеңдері де есімде.

Жер шалғай, ауыл алыс т.с.с. себептер бар. Кешіккенбіз. Қандай жағдай қалай болса да біз осы жолы Жошыға барып қайтуды жоспарладық... Ойымызды әуелгіде түркі танушы, тарихшы Қаржаубай Сартқожаға, белгілі публицист, халықаралық журнализмнің өрелі, шүріппелі беренді маманы (magic bullet theory) досым Қуандық Шамақайға, әйгілі ақын бауырым Дәулеткерей Кәпұлына айтып, ақылдасып мақұлдасып көрдік. Ұлықбек Есдәулет ағаға айттық, мұрсат, қолдау күттік. Ұлы-аға бірден құптады.

Бізді де қас қабағымыздан оқыса керек, алшыны оңынан иірді. «Сабақты ине сәтімен...» Ат-көлік қамдалды.

Жолбасшымыз – Қазақстан Жазушылар Одағы Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі белгілі ақын Серік Болатұлы Сағынтай. Сағынтай хас ақын - «...Өмірді өзіңменен бірге сүріп, қара жол шұбалады түнге сіңіп...» Еріксіз селт етесің?! Мағжанның сүгіреті секілді кейпі бар, өлең-үні де ұқсас. Маған сыйлаған кітабындағы «Жарты қап кітап» әңгімесі де ойландырады. Жинақ – «Қарға» деп аталыпты!!! Американың Аллен Тейт (John Orley Allen Tate-1899-1979) есімді ақынының бояуындай күңгір үнді күгірт реңдер.

Көлік құлағында Жексен Әбдірахман. Қарағандыдан таң бозымен торғай шырылдағанда аттандық. Сәріде даланы боз тұман жапқан. Алдымызда шамамен бес жүз шақырымға жуық жол. Арман, сағыныш болған ұлы дала, шексіз түзем. Оңтүстік батысқа қарайғы көсілген тас жолмен ұштыртып келеміз. Нұра өзені қылаң беріп ағарып атқан таң нұрымен бүлкілдеп ағып жатыр. Әне-міне дегенше Шерубай өткеліне де жеттік. Жексен жігіт ағасы екен, қатты ысылған тиянақты іскер.

Құдды бізге жолға арнайы әзірленген энциколпедиялық тірі анықтамалық, далалық дана атқосшы, түземдік оратор! Ол, «Дипломсыз – академик, кітапсыз – жазушы...» екен. Кезінде осындай ат тергеуді атақты қазақ ауызша тарихының білгірі Ақселеу Сейдімбек берсе керек.

Мінекей, Ұлы дала бойында Жақсы Сарысу, Жаман Сарысу өзені маңындағы Есен, Талды, Байқаса, Манақа секілді ірілі-ұсақты өзен-суларды ілестіріп ағып жатыр. Сарысу Атасумен астасып, Түйемойнаққа дейін келіп мүлдем қиястап Бетпақты қынарлап барып Шиелімен Сырдарияға құяды екен. Алыста – Атасу. «Атасу» кен байыту өндірісі де көрінер. Әлемде алдыңғы ондықта. ТМД-да үштіктен түспейтін марганецтен шамамен 10-15 млн. тонна қоры бар,темір рудасының қоры 20 млрд. саналатын киелі Атасу!

Ойпырай, маңғаздана барып бір шетін мұнарға сіңірген әйгілі Иманжүсіптің (Құтпанұлы) жырына «Бұғылы-Тағылы» деп арқау болған Бұғылы, Тағылы және кербез Сүмбіл, Қотыртау сілемдері қандай ғажап! Сонау бір көрінген қоңыр тауды Тектұрмас биігі деп атайды екен. Мінезді, құбылмалы табиғаты алақұйын жықпылды қойнау. Бір шетінде күн шуақ, екінші шетінде ақтүтек боран бола қалса қалыпты жағдай. Бұғылының атақты Ақойы. Ақойдың қойыны толған кен, содан магниттік өрісі көп дейді. Бұл жерден ұялы телефонмен сөйлесу қиямет. Қайран қаймақты өңір кезінде КСРО тұсында қуғындағы қайманаларды қамайтын заһарлы зындан, тікенді түрме Карлагтың шаруашылығы болған ұйық. Ақойдан кейін еңселі Батық ауылының адырлары көрінеді. Жаңарқаның жазиралы өңіріне іліккенде Сәкеннің әні әуелеп келіп құлаққа шалынғандай. Құдірет!

Мынау оң жақта Атасу мен Сарысуға таяу таяқ тастамда Сәкеннің керұйығы Иманақ тауы (массиві) бізбен ілесіп келеді! Жексен Алашшыл. Сәкенге бір соғып еді тоқтай қоймады. Тұрсынбек Кәкіш хакім атам айтқан мемуарлардың басынан түсіп түгендеп аяғынан бірақ қайырады.

Сол жағымызда бағзы Ақдала, алыста Ешкіөлмес, оқшаулау Болаттау, бұйырғынды Ақтау, Ақбастау, Қызылтау, Ортау.

Уа, дейсің! Көлденең түстікте Көнектау (Көн иек). Екі жарыла аққан ескі Көң, жаңа Көң өзендері. Осы көне Көнектің кең етегін басып Жошының қызы, ханшайымы Жүбейн әулие ананың кесенесі тұр. Біз барар Кеңгірдің өтінде екінші қызы патшайымы Бұлғын ене тағы бар. Әулие Нарбақта Тұяқ шешеннің кесенесі т.с.с. көп көненің кең ортасы. Маң даланың шетінде маңғаз Манақа сұлап жатыр.

Қорғалжың өкпе тұсы Теңіз, сәл әріректе Алпамыс эпостық жырындағы Гүбаршын - Баршын мекені. Құлдай аққан Құдайменде бидің есімін егелеген ен қойнаулы көделі өзен бойын көбелеп сан мыңғырған желқұйрық жылқылар. Жылқының тебіні. Ілияс Есенберлиннің "Қаһарындағы" Қараменде Қоңырқұлжаның қара мекені. Жерұйық!

Жаңарқадан өте Қарауылтөбенің басына орналасқан қазақтың әз ұлы тұлғасы Ақселеу Сейдімбек ағаның жаңа қорғаны тұр. «О, тоба!!!» Сейдімбек ата шаңырағына түсіп, кемеңгер Ақселеу Сланұлы рухына зиярат, мінәжат жасадық!

Ауылда шөп-шалаң күзгі қарбалас шақ. Даланың жусан аңқыған пішенін жинаған қаурыт, құр семіз мезгілі.

Жезқазғанға да келіп жеттік. Мінеки әлемге «Қазақмыс» атымен танылған корпорация шамамен жылына 500-600 мың тонна мыс катод өнімін экспортқа беретін орынның мұржасы будақтай бастады! Жезді мен Жаманайбаттың 20 млн тоннаға жуық мыс қоры түгел, вольфрам кені шөккен мидай дала неткен бай!

Жездінің мысы жержүзінде термоядро және электрозатқа қат. Бөрте-өзеннің (Үжің) төркінімен аталған кең Қоңыратта алтын мен күміс кені толып жатыр! Кезінде Мәскеу билеп тұрған күлгін кезде Қазақтың түсті металдарының түгелі, мыстың үштен бірі, қорғасынның төрттен үші, мырыштың тең жартысы бүткіл Ресейдің қалтасына тоғытылатын.

Ауылбасы қарт абызы Мұзараф Ақанұлы ағаның шаңырағында ас мәзіріне бағындық. Сәтбаевтың рухы сіңген аға сексеннің сеңгірінде. Бәйбішесі Шабал Бейсенқызы ағарту саласының ардагері, қырық үш жыл ұстаз, отыз жыл мектеп хакімі болған. Қазір - шүкірлі, есентүгел әжімді әжетай, мейірімді отанасы. Қазақтың дарқандығы мен меймана кемеңгерлігін осы арада көрсетті әжеміз. Бидай аңқыған қоңыр нан, қаймақ қатқан күрең шәй. Бір сағыныш! Әжем есіме оралды! Аюур досым бек ұстамды, алайда осыншама құрметке аң-таң. Хош көрдік!

Бізді қарсы алуға келген Төлеген Нұрмағанбетұлы ғалым, «Жезқазғансирекметалл» кәсіпорынды басқарған Менделеев кестесінің 55-і сирекметалға тиеселі болса соны жатқа білетін сирек маман.

Ол, бүгіндері «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ұлтжанды серкесі, серт сынды аға.Сөзі шымыр, ойы ұстамды абыз. Жезді мысының құрамында болатын осмий секілді сирек кездесер жігітағасы. (Осмийдің 1 грамы ғаламдық нарықта 30 доллар!) Жездіде бұл элементтер жетеді. Сонымен бірге ҚЖО Жезқазған аймақтық филиалының төрағасы, «Ұлытау және Ұлт» журналының директоры, ақын, журналист Батырбек Тынышбайұлы, «Ұлытау және Ұлт» журналының жауапты хатшысы, «Тілтану» орталығының төрағасы ақын, ғалым, аудармашы Ғазиз Елеусізбайұлы. Ғазиз ақын; «...Менің жаным – қайшылықтар алаңы, менің жаным – түсініксіз басқаға...» деп жыр жазады, һәм «Ақын мен ажал» пьесасын сахналаған драматург. Сәтбаев қаласының бас дәрігері Жомарт Мұзарафұлы нағыз ақын жанды азамат.

- «Біз – Ханын қадірлеп,биін бағалаған халықпыз...» - деп аталы батагөй алаулы лепесімен Мұзараф аға бата берді. Бұрынғы етене таныстардай дидарғайып жүздесу осылай басталды. Мәзір басындағы кеңес – дөңестегі мазар басында жалғассын!

Иә, Шыңғыс қаған хақындағы әрқилы әңгімелер өрбіп, басылар емес. Шынында дүние тарихының бір ірі бөлігі Шыңғыс қағанға тиеселі болса соның белгілі кезеңі өткен жері Қазақтың Ұлы даласы. «Моңғолдың құпия шежіресін» байырғыдан жаңа моңғол тіліне бейімдеген Цэндийн Дамдинсүрэн қағанның есімін «Чинггис» деп жазады. Көптеген ғалымдар оны - «Теңіз» сөзімен де шендестіреді?! Бұл да жаңсақ ұғым болуы мүмкін.

Қаған 1162 жылқы жылы көкектің 16-сы күні таңға жуық өмірге келді дейтін қисынды қызықты мәліметтер де кездеседі! Тарихшы Ш.Нацагдорж - «...Темужин ІІІ мүшелдік су тұлпар жылы жаздың алғашқы айы, Еуропа жыл санауының 1162 жылы көкектің 16-сы ай тоғайған күні туды...» деп жазды.

Қалайда іштегі бір жасын есепке алғанда 1163 жыл һәм қара қой жылы екі жаста деп санайтындар бар. Есімі Темужин («Те...» түбірі - «Шың» мағынылы - РС). Шешесі - Олқұн тайпасынан Өэлүн ене 19 жаста, Ес-укей 25 жасар. Есүкейдің кіндігінен 6 ұл 1 қыз туды делінеді.Темужиннің інісі Бек Белгу-тей, Хасар (Қасаға) 1164 жылы көкше мешінде, Хачиун (Қашаға) 1166 жылы қызыл итте, Темуке (Темірке). Темуке отшы (кенже).Темулен (Темірлен) құба (қыз).

Сегіз жастағы Темужинге әкесі Қоңырат Дөй шешеннің қызы Бөрте-өзенді (Үжің ) айттырады. Есүкей 1170 жылы татарлар қолынан у ішіп қаза тапты. (Ванчинбалын Инжаннаши «Көк шежіре»1991ж), Пэн Дая Сюй Тиннің «Қара татарлар шежіресі (Хэйда шилюэ)» жазбаларында татарды қытайша -«Дадань» деп келтіреді.(Хэрээд Жамсрангийн Баясах «Моңғол тарихнмасына қатысты екі түрлі көне дерек» Улаанбаатар., 2006. 410 б.)

1177 жылы қызғылт тауық жылы Темужин 17 жасқа толды.1178 сары ит жылы Бөрте-өзенге ұрын барып шаңырақ көтерді. Осы жылы Керейттің (Хэ Ван – асқақ уаң - РС) Уаң қағаны Тұғырылдың иығына қара бұлғын терісінен тіккен жарғақты (МҚШ – де жархаг деп атайды - РС) жапты.

Темужин 1179 жылы сары доңызда 18 жасқа келгенде әкесін өлтірген қарақшы дадань қанқұйлыдан өшін алып, жеңіспен оралғанда Жошы (Шошы) туды. Темужиннің дала тектілерін өз маңына топтастыра бастаған жылы болса ақ сиыр һәм 1181 жыл. Соңыра Иранда Өз-темір, Қазан хан (1271- 1304)-ның тұсында Рашид ад- Диннің (1247-1318) деректері бойынша - Меркіт тайпасына қолды болған Бөртені Керейттің Уаң ханы құтқарып қалған аңыз бар. Осы жолда келе жатқанда Жошы дүниеге келеді. (Рашид ад – Дин І том, І кітап 98 бб.)

Қара барыс жылы 1182 жылы 21 жасар Темужиннің екінші баласы Шаға-тай өмірге келді. Соңынан 1186 жыл һәм қызыл итте Өге-тей туды. (Өге – жоғары, биік деген мағынаны білдіреді – Р.С) Көне түркі сөздігінде «тай», «тэй» жалғау, шылаулары әйтеуір тегін берілмесе керек. Мысалы, «Тай бегі - қарауылбасы», «Тай білге - салықшы» тсс. («Древнетюркский словарь» Ленинград, 527 с. 1969 г.)

Сарыжағал тауық жылы Темужин 28 жасында Бүткіл Моңғолдың хан тағына отырып Чинггис (Те...) атақ алып, қаған мұратына жетті.

Уақыт сырғып өткен 7-ші жылда қағанның 32 жасында Бөрте-өзен төртінші ұлы Толыайға босанды. Бұл 1193 жыл һәм қара тышқан жылы. Ай - айнадай толғанда туған ұлға - «Толыай» деген есім бұйырылады. (Бұл менің тарихты «бүгіншілеген» қиялым емес, шұқшия тектелген тұлғалардың тұжырымдардың бірі.Моңғол аңызында 33 жасты толысқан мүшелдік (мөчлөг) жасқа теңейді). Көптеген ғалымдар осы жеті жылда Шыңғыс қағанның бір неше қыздары өмірге келді деп тұжырымдауға құштар.

Тарихшы Баабар; Шыңғыс қағанда 4 ұл, 5 қыз болды деп қағанның әйелдерінің саны 500-ге жуық еді дейді. Қағанның кіші ханымы Құланнан туған Күшілік.

Шыңғыс қаған 1219-1224 жылдары Қазақ даласын жаулап алды. Жошы бұл кезде 39 жаста болса керек. Қазақ даласындағы қыпшақтар Шығыс Еуропаға қарай жөңкіліп көше бастаған тұста - Ертістен Есіл әріде Сырдәрия, Арал теңізі мен Каспийге дейінгі ұлы алап, Іле,Тәңіртауына қарай созылған Алтын Орда, Шағатай ұлысына қараған аймақтың бел омырытқасы осы - Жезді, Ұлытау өңірі. Ертіс дәриясынан Орал тауларына дейінгі аумақ Жошыға мұра болған. Жошы қаған 1227 жылы 48 жасында 65-ке келген әкесі Шыңғыс қағаннан бұрынырақ екеуі де дүниеден көшіпті.

Жошының күмбезі Жездідегі ең көне сәулет. Жезқазған қаласынан 45 шақырымда Қаракеңгір өзеннінің жағасына орналасқан. Жошы өлгеннен кейін бір жылдан кейін тұрғызылған болуы мүмкін. Күмбездің іргесін әуелі қазған Георгий Герасимович Герасимов есімді ғалым өзінің («Паятники архитехтуры долины реки Кара – Кенгир в центральном Казахстане.1957 г. 59 с.») еңбегінде біршама тыңғылықты таңбалаған.

Жошы күмбезін Қазақ мемлекеті қорғауға алған. Керемет. Кесененің артында Хан сарайының қалған алтын құндақты орны да қоршаулы. Дүние тарихында Шыңғыс қағанға қатысты ең анық тарихи ұстындар осы өлкеде ғана сақталған. Енді бұны әлемдік санатқа жеткізудің жолы ғана қарастырылса. Кесененің қабырғасы күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған. Хасбетінің жолақты бедері кезінде ақықпен айшықталса керек қазір орны ғана қалған, төбесіндегі қыштан көмкерілген жасыл күмбезі жайнап тұр. Кезінде күмбездің төбетәжін (ганжир) орыс әскерлері атып түсірсе керек.

Алты қадам аршын жебе жетер арада - Домбауыл, қарсы беттегі қырқада - Алаша хан мазарын түгел араладық. Қазақтың алтынды байтағы талай тарихты қойнына тығып үнсіз жатыр.

Жезді өңірі келешекте әлемді таңқалдыратын өзгеше технологиялық өндірістердің орталығы болатын мүмкіндік бар. Темір қоры жағынан Қазақстан АҚШ-тын қалдырып кетерін Дональд Жон Трамп ерте сезген секілді! Мұндағы басты мәселе – жол!

Жезді – Астана – Ақтау –Каспийге дейін ең қарқынды супер болат жолы да салынар. Мүмкін 500 шақырым/сағаттық қарқынға жетіп барар-ды.

Францияның - «Лион Сент Экзюпериі», Ұлыбританияның - «Стартфорды» (179,6 шақырым/сағ).

Жапонияның Осоко – Токио жүйрік жолы 1964 жылы төселген. Испания, Тайвань қарқынды жолдары да әйгілі. Мұндағы ғана Шанхайда 430 шақырым/сағ жол салынды. Бейжің – Нәнжінаралық бір мың километрді 280 шақырым/сағ қарқынмен 219 минут жүгіріп өтетінетін темір жол өмірге келді. Жереми Хартиллдің (Jeremy Hartill) зерттеуі бойынша әзірге әлемдік қарқын 160 шақырым/сағ!!!

Құдіретті қазақтың Ұлы даласымен аңыратып келеміз.Осы игіліктерді Қазақ елі тек қана Қаратаудың қойнында жатқан фосфоритінің құнымен ғана ала салуға болады екен! Қазақ даласында фосфориттің мөлшерлі қоры 20 млрд тоннаға жетіп жығылады. Таяу кезде тек мақта, күріш пен бидайды ғана экспортқа қарата бейімдей жөнелсе – бұл ел Еуразияның біршама елдерін Шыңғыс қағандай бағындыра алады.

Сұлусудан (өзен) нәр таттық. Серік Сағынтай өлең оқыды. Жексен жылқы туралы аңыздарға түскен!

Тоқан-Темірден Есім ханға дейінгі он төрт, Есімнен Жәңгір Сәмеке, Әбілмәмбетке ұласқан алты, Әз-Тәуке, Абылайдан Қасым, Кенесарыға дейінгі алты санды алтын тақ егелерінің Қаған бабасы – Жошы жасасын!

Моңғолия,

2018 қазанның 1-3 жаңасы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар