Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Сұраған Рахметұлы: Ұлы ғұмыр – жылап келеді, күліп...

22.06.2018 6832

Сұраған Рахметұлы: Ұлы ғұмыр – жылап келеді, күліп өтеді...

Сұраған Рахметұлы: Ұлы ғұмыр – жылап келеді, күліп өтеді... - adebiportal.kz

– Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ. Он сегіз мың ғаламның жалқы Иесі Тәңір тағала адамды топырақтан жаратып, кеудесіне рух үрлеп, алпыс екі тамырына жан бітіргені туралы толғам бар. Әлмисақ шарты да содан басталса керек. Меніңше, сөз – осы рухтың өмірдегі бейнесі секілді. Сіз қалай пайымдайсыз?

Әлемдік қарама-қайшы заңдылықтар аясында азаматтық қарама-қайшы пайымдар тууы заңдылық. Батысқа қарай аққан дария мен шығысқа қарай аққан дарияның ара байланысын ғаламдық инерциал жүйесінен іздеуге болатындай сана пайымын оның күшін біз әлі күнге дейін сезе алмай келеміз. Сол тұрғыдан қандай бір тылсым дүниені тәңірден іздейміз. Тәңір (дін емес) хаһилық, сана және инерциал (күш). Иссак Ньютон да ғалам жаратылысын тәңірлік күштен іздеген. Галактикалық қатынастар жердегі санадан қарымды бір жүйені тапты. Ол – классикалық физика һәм механикалық қисынның керемет көрінісі жәңе поэтикалық үн болады. «Алпыс екі тамыр» атты құдіретті домбыра күйі бар. Өлшеусіз дүниеннің өлшеусіз үні. Жеті қат жер, алты қабат көк (атмосфералық) арасындағы рух туралы сөздің түгелі сол тәңірдің есебінде. Ғұмырдың шырқау шегін тек сөз құдіретімен ғана елестете аласың. Өнердің заңдылығы – ғұмыр мен рух арасындағы алаңда жүретін елестер.

– Өлең – тірі құбылыс. Дегенмен, соңғы кездері идеясыз, жүйесіз, нәрсіз туындылар жазатын ақындар қатары көбейіп барады. Жалпы, тірі ақын өлі өлең жаза ма?

Өлең – тірі құбылыс. Ғұмырдың өзі үш типтен тұратын құбылыс. Тірілер, өлілер және тірі өліктер. Иә. Бұны бүгінгілер ғана айтып жүрген жоқ. Атамзаманғы Каин («Тәураттағы») аңызы бүгін де жалғасып жатыр. Айталық, Даоист ғұлама Лао-Зы (б.э.д ҮІІ ғ.) ғаламдағы барлық құбылыстар ауыспалы екендігін дәлелдеген-ді. Біз жоғарыда айтқандай өзгерістер мен өнулер, өшулердің басы қарама-қайшы қисындарға саяды. Адам өз жандүниесінің «үнін» естіп, сонымен алға басуы, сауығуы керек екен. Ғарыштық дүниенің түпнегізі түгел, ішкі дүниесі тысқымен бірдей өрбиді. Лао сүйдейді. Лао оның мәртебесі екен. Ал есімі – Дань. Ғаламат пенде. Өмірде һәм көзі тірісінде жазғандары «Дао-дэ Зин» атпен өзі өлгеннен кейін жарық көрген. Өте ірі хикметті шежіреші. Барлығы 81 бөлік және 5000 астам қытай қарпімен (иероглиф) басылған кітап. Ғаламға деген адамдық пайым, оның ішкі астарын адалауға барынша күш салған тұлға екен. Басталуы, түгесілуі бар ұғым арасындағы өрімдер. Сіз тілге тиек еткен тәңіртекті рух, бойымыздағы болмыс жаратылыстар да бағзы бұрын пайда болған?! Мінеки адамның баяни «ымы», «үні» арқылы келетін (өлең?) түгелдей осы тәңірлік мәнде деп көрсетіледі. Жазылмаған сана, ой, пайымның бәрі саған келгенге дейін тылсым күш аясында болмақ. Ұлы ғұмыр - жылап келеді, күліп өтеді тсс. Ақындық шабыт, кенеттен келетін өлең сұлбалар түгелдей саған байланысты. Шексіздік, кеңістік, уақыт сұлбасымен сезілетін құпия «түр», қазіргі өлең – поэзия. Ақының табиғи еректігі массалық (тобырлық) пайымнан қарыс алда жүруі. Қараңғы мен жарықтың қас арасында ақынның ғұмыры бітеді. Державинде «...аулақ кет, қара ниет қараңғылар...» деген қанатты жолдар бар. «...Келер күн келеді екен не дайындап, қараңғы қарағанмен болжай алман...» Бұл – Ұлы Абай тағылымы.

– «Бұдырайған екі шекелі, мұздай үлкен көбелі» деп Қазтуған сынды жыраулар рух шақырғанда алқалы жұрттың арқасы қозып, ақынмен бірге өлеңнің ғарышына қанат қағып кететұғын. Байқасаңыз, сондағы оқырманның талғам-таразысы аспандап тұрған еді. Бүгін заман басқа. Ойлы оқырманды қайдан табамыз?

Өлең ғарышы!? Сіздің осы сауалыңыз ұнады. Қазақ поэзиясының тәңіри заулығы кешікпей әлемді таңғалдыруы мүмкін. Әсіресе текті оқырмандардың осы сауал турасындағы пайымы әлі толық ашыла берген жоқ. Мысалы, болашақ пен өткен шақтың тылсым байланысы туралы нағыз ақындарда идеограмматикалық өлеңдерінде өте көп пайымдар жүреді. Әуелі кеңістік пен уақыт өлшеміндегі бір ғайып дүние ізі поэзиядан табылатынын бұдан бұрын да байқаған ғұламалар көп. Кеңістік пен уақыттың сұлбасы тек қана ақындар шумағынан табылады десек артық болар. Бірақ, ғарыштану аясындағы біздің көшпелі танымда өте көп құпиялар бар. Ежелгі жұлдызаралық жорамалдар мен долбарлар ертегі, аңыз, әпсаналарда өріп жүр. Айталық сағым жылдамдығы туралы ойлар желаяқтан бастап ұшатын табаққа дейінгі қисындарды біз дұрыс сезіндік пе? Өлеңдердегі ғарыштық өлшем, сонымен бірге сағымдық әсерді біз тек «қарапайым» мәннің ауанынан ғана іздейтін едік. Тек оны табу үшін бізге Эйнштейндік әсіре физикалық жорамал, долбар тіптен қым-қиғаш сұлбаға түсудің қажеті аз. Қазақ – таңмен тұратын қағылез жұрт. Ол – бозторғайдың үнімен шабыттанады. «Сағынсам бозтоғайдың салған әнін...» - арғысы ғарышқа шырқайды. Қытайда «...қытайдың миында күн батпайды...» қағидат бар. Ал, біз түннен жарық, шуақ жасайтын елміз.

– Сіздің Шығыс Түркістан қозғалысы туралы жазған көптеген тарихи мақалаларыңызды оқыдық. Осы тұста Оспан батырды тілге тиек етпеу мүмкін емес. Бүркітбайдың «Ой, Қайша» әнінде: «Оспан батыр бар болса, Айтатыным көп еді», - деген тіркестер бар екен. Оспан батыр тірі болса, сіз не айтар едіңіз?

Оспан батыр жандүниесі хақында үш ірі «әнұран» бар. Бүркітбайдың әні - «Ой, Қайша», Сұлубайдың әні – «Атымды Сұлубай деп әкем қойған...» және Ғалым Қалибектің – «Оспанның өсиеті». Әннің еркіндігі, бостандығы, шексіз.

Жақсыны «жақсы» деп білген күннен бастап «жаманның» болатынын «жұмақтың» мүмкін екенін сезсең, «тозақтың» да мүмкін боларын сезіну еркіндігі қолымызда. Өмірдің жеңіл, мәнді болуының бір жағында ауыр сор мен наланың заңдылығы бір. Жуансыз – жіңішке, ұзынсыз – қысқа болмайтынын, биік пен аласаның, бақытты әуеннің мұңға ұласуы, ортаның толы болуы, қисықтың түзу болуы, ескінің жаңамен алмасуы осының бәрі қарама-қайшылық заңы. Біз соцреализмнің арасында жүріп Маркс пен Маоның керемет жырларын оқи алмадық. Бірақ, осы содыр қоғамның дәм-тұзын таттық. Поэзиялдық зейін мен білім деген ұғымды тепе - тең білу керек секілді. Тәңірлік (кемелдік), ғарыштық оң жоғарыдан келетін сый екенін, оны жанның бәрі жасай алмайтынын кеш ұғындық. Біздегі Тәңір – Абай. Абайдың пайымы ғарыштан берілген мәшһүрлік.

– Алаштың кемеңгер жазушысы Ақселеу Сейдімбек: «Көркем дүние жазарда Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесін бір оқып шығу әдетіме айналған. Онсыз қолым жүрмей, ойым тұсалып, кібіртіктей беремін. М. Әуезовтің осы әңгімесін оқып отырғанда менің құлағыма кейіпкерлерінің дауысы естілгендей болады», - дейді. Сіз не істейсіз?

Көзбен көріп қолмен ұстауға келмейтін, өлшеусіз, шексіз кеңістік – «ым» (үн), аспан, жер, ел атымен сезілетін ұғымдар көп. Ақынның ойына ғана сүрінетін ерекше бір аяни дүниетанымның «кілегейі» күн мен түннің алмасуы секілді қос өңді ойлар, кейбір сәттердегі қыналы, бояулы түстер немесе түс пен өңнен келетін қуаттардың бәрі өлеңнің негізгі тоқтайтын «қыны». Тартылыс заңдылығымен келетін салмақты сана пайымдарды оның ішкі қозғалыстарын елеп екшейтін кезең бізге тым жақын тұста жолығатын секілді. Уақыт пен кеңістікті белгілі өлшемдерге сыйғызып, кертіп, пішіп, координаттық төрт тағанға енгізе беруге болмайтындай. Қарапайым қара өлеңнің тек бір сызықта жазылмағанын түсінсек те жетеді.

– Сіздің салмақты пікіріңізбен толықтай келісемін. Меніңше, уақыт пен кеңістік – қанатты рухтың құс жолындағы керуені секілді. Бұл – мыңжылдықтарға созылған мәңгілік процесс.

Сұраған аға, енді сіздің ұлылық туралы ойыңызды білгім келеді. Қазіргі таңда «ұлы» сөзінің қадірі қашып, қасиеті жоғалып бара жатқандай. Бұл сөзді «үні» шыққан адамға үлестіре беретін деңгейге жеттік. Қысқасы, кімді ұлы дейміз?

Еркіңіз! Ештеңе айтпауға болар еді. Алайда мен үнемі Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдеріне сұқтана қараумен келдім. Таңқаларлық пішімдер, ерекше тосын өрімдер кездеседі. Жоғарыда айтылған көзбен көріп, қолға ұстауға келмейтін ғарыш, жераралық бір бей керемет үндер осы ақынның өлеңдерінен төгіліп тұратынына қайранмын. «Көзіңді жұмсаң да көресің!!!» Сонау бір кездегі «Куә бол» әнін есіңізге алсаңыз. Тіпті одан кейініректегі «Қаздар қайтқандағысы» бөлекше сезіммен кестеленген дүние. («Қаздар қайтқандаға» Теміржан Базарбаев жақсы әуен жазған – Р.С) «Қанатына көктемді ілестіріп...», «...Көкжиекте барады қаздар қайтып... / күндер солай өтеді шалқып-шалқып. / сағыныш қой, сарыала жапырақтар, / жақсылықтың жолында жатқан балқып... / Ақ қайыңдар қалады дір-дір етіп, / Жазғы бақта саулайды жапырақтар, / Өз өмірін соңғы рет бір жыр етіп...», «Күндер өтеді жалғыз, жалғыз...». Бұл нағыз өлең жалғасқан, ұласқан Тәңірдің мұңлы үні оңынан да, соңынан да ілесе естілетін жауһар дыбыс, ағын... Өлеңді естіген сайын оқыған кезде ғаламдық жаңа түреннің өркеніне жеткендей боласың. Үздіксіз әуелеген жазира маусымынан жеткен қаз дауыстары! Тұман ағам осы өлеңін ұсынғанда «мен жаздым» деп айқайламады. Ол өзінің «великийлігін» де жариялмаған-ды.

«Қиялайды қоңыр шуақ жақпардан, Жүрегімнің ұясынан ұшып шыққан еркіндік...». Осы өлең жолдары арқылы адамзат баласының рух бостандығын көксеген секілдісіз. Солай ма?

... Поэзия дегеніміз – өмір, құдірет. Сол өмірмен тыныстап келеміз. Әр кезеңдегі өрілген өрімдер мен кіл керім наз-нәзиралардың ілкі ішінде жүрген талантты тұлғалар қандай бақытты! Батысқа қарай саулай жүгірген сана аясында біздің қазақтың түрені де айқын естілуі мүмкін. Американың фәмистісі рухани көшінің ең ілгергі ілімгері Сильвия Платтың (Sylvia Plath) өлеңдеріндегі ғажайып теңеулерді оқығанда бейазап бір дүниеге енгендей боласың. Бұл да бізде бар еркіндік. Біздегі байырғы ой түзгінің түйірі. Қай заматтан бергі қара өлеңдегі қайырымдар, осының бәрі бүгінгі ғалам әдебиетінен көрінетіні ғажайып. Дегенмен қазіргі сіз тілге тиек еткен бей-берекет жазбалар түреніне жете мән беретін кезге де келдік-ау. Post confessional -деген тіптен жаңа ағым да келіп жетті. Өкілі Роберт Блай (Robert Bly) қазақ түсінігіндегі «Өліктің жетісін беру» дәстүріне ұқсас ұғым. Дәл осының өлең болған ұстыны деуге де болар. Осылай енді... жас оқырмандарға, жастарға сену дәуіріндеміз. Өмір ағып барады. Уақыт тоқтап, біз көшеміз. Өлең мәңгі жасай береді.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: БІРЖАН АХМЕР

суреттер интернет желісінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар