Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Темір торлы тас үйде, көкірегім толды шерменен нем...

14.06.2018 24021

Темір торлы тас үйде, көкірегім толды шерменен немесе Сәкеннің түрмеде жазған өлеңдері

Темір торлы тас үйде, көкірегім толды шерменен немесе Сәкеннің түрмеде жазған өлеңдері - adebiportal.kz

Қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфулиннің туғанына келесі жылы 125 жыл толады. Негізсіз жаланың жазықсыз құрбаны болған қайраткер қаламгердің өмірден өткеніне үстіміздегі жылы 80 жыл толып отыр. Әдебиеттанушы Жарқын Әлінің мақаласы Сәкеннің түрмеде жазған өлеңдеріне арналған.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі аласапыран дүрбелең кезінде түрмеге түсіп, қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларымыздың бірі – ақын, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин. Сәкен Сейфуллиннің шығармаларын оқып отырғанымызда ақынның түрмеде, айдауда жазылған өлеңдерін жиі кезіктіреміз. Әлемдік әдебиеттану ғылымында «түрме әдебиеті» деген түсінік қалыптасып, жеке сала ретінде зерттеліп, зерделенген-ді. Біздің әдебиетіміздің тарихындағы бірқатар туындыларға «түрмеде жазылған шығармалар» деп айдар тағуға болады. Кенжелеп қалған ұлттық әдебиеттануымыздың тарихына «түрме әдебиеті» түсінігін енгізу – өткенді тану, олқылық пен кемшіліктің орнын толтыру сықылды. Осы тақырып аясындағы зерттеу жұмысы мақсатымен Сәкен Сейфуллиннің түрмеде жазған өлеңдері турасында сөз қозғауды жөн санадық:

Қазан революциясына дейін сыршыл ақын білімін жетілдіріп, әдеби-мәдени жастар ұйымының мүшесі болды. 1918 жылдың 4 маусымында Ақмола қаласындағы ақтар төңкерісінде ақын тұтқынға түседі. 1919 жылы 5 қаңтарда Петропавл түрмесіне қамалды. Ақын 47 күн бойы (24 қаңтар – 12 наурыз) атаман Анненковтың «өлім пойызынан» өтті. Омбыдағы Колчак түрмесінен қашып (3 сәуір), шілдеде туған ауылына жетеді. Екі айдан кейін С.Сейфуллин Әулие-атаға қашуға мәжбүр болған. Бұл Сәкен ақынның тар қапасқа бірінші рет қамалуы болатын. Осыдан кейін ақынның күрделі де, ауыр тағдыры басталды. Ақын саяси қайраткер ретінде танылып, ұлт мүддесін қорғап, қоғамдық-саяси биліктің жұмысына араласты. Қазақ АКСР-нің алғашқы төрағасының бірі болып, ұзақ уақыт «киргиз» атанып келген елдің байырғы төл атауы – «Қазақты» қайтарып, қазақ тілін ана тілі ретінде ұлықтау керек деп арнайы қаулы шығарды. Бұл – Сәкеннің халық ұмытса да, тақуа тарих ұмытпайтын батыл іс-әрекеті болатын.

Сәкен алғаш рет түрмеге түсіп, Колчактың зорлық-зомбылығын көрген кезінде «Тар жол, тайғақ кешу» атты атақты мемуарлық романының сұлбасын жазып, мерзімді басылымға жариялай бастады. Ақырында, 1927 жылы естеліктердің бас-аяғы толық жиналып, «Тар жол, тайғақ кешу» атауымен жарияланады. «Тар жол, тайғақ кешу» романы – идеясы мен сюжеті тас босаға, тар есікте туған, абақты өмірінен сыр шертетін, түрме тақырыбындағы алғашқы прозалық шығарма десек қате айтпаған болармыз.

Сәкеннің бірнеше өлеңінің кіндігі түрмеде кесілген-ді. Енді сыршыл ақынның қуғын-сүргінде жүріп жазған өлеңдері туралы айтар болсақ:

ТҰЛПАРЫМ

Темір торлы тас үйде

Көкірегім толды шерменен.

Қанатты, тағы тұлпарым,

Арқырап келші кермеден.

Тұмарлап баптап, айдарын,

Құйрығын сүзіп ерлеген.

Құтқаршы мені қамаудан

Шынжырлап ерік бермеген.

Сәкен «Тұлпарым» өлеңін түрмеде жатқан азапты күндерде жазған. Ақын туған жерге деген сағынышын өлең жолдары арқылы жеткізеді. «Ер қанаты – ат» демекші Сәкен «тұлпар» образын ұтымды пайдаланған. Бұл біріншіден, символ рөлінде жұмсалып, шығарманың көркемдігін күшейтіп тұрса, әрі автор ойы мен идеясын оқырманға әсерлі жеткізіп тұр. Екіншіден, автор «тұлпар» образын қазақтың болмысымен етене жақын болғандығын ескеріп, ұлттық психологиямызды, танымымызды, рухымызды көркем сөзбен бейнелі көрсету мақсатында қолданған.

«Тұлпар» – қазақи түсінікте еркіндіктің әрі ердің айнымас серігін белгілеген образ. Тұлпардың бейнесінің түп тамыры көне эпостардан басталып, ердің мақсат-мұратына жетуіне көмектесетін адал қолдаушысы ретінде суреттеледі. Мәселен, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары болсын батырларды мұратына жеткізген жүйрік сәйгүліктер. Сәкен ақын да бұл дәстүрмен тұлпардың тар қапастан құтылуға жәрдем беріп, туған өлкесіне жеткізуін армандап қиялдайды.

Өлеңнің алғашқы жолдарында Сәкен ішкі қайғысын, мұң-шерін жырлайды, көмекке тұлпарды шақырады:

Темір торлы тас үйде

Көкірегім толды шерменен.

Қанатты, тағы тұлпарым,

Арқырап келші кермеден.

Тұлпарға мініп Сәкен туған жермен, елмен, зеңгір таумен, шалқар көлмен қауышуды армандайды. Бұдан Сәкеннің туған жерге деген сағынышы, отанға деген өшпес сүйіспеншілігі көрінгені анық.

САҒЫНДЫМ

(Қамауда)

Туғалы қапас көрмеген,

Көкіректе кектер кернеген,

Талпынып құлаш сермеген,

Айтайын ішкі сырымды:

Қайырымды қалың елі бар,

Сарыарқа сары белі бар,

Өрісті шалқар көлі бар –

Сағындым мен қырымды.

Өзенді, көлді жайлаған,

Кермеге тұлпар байлаған,

Хабарсыз арам ойлардан –

Сағындым мен аулымды.

Таулары биік қиялы,

Орманы шалғын миялы,

Жылқы, қой, сиыр, түйелі –

Сағындым Арқа жерімді.

«Сағындым» өлеңі Сәкеннің ішкі жан дүниесінің күйзелісінен туған. Елден қол үзіп тар қапаста қиын күндерді өткізген ақын туған жерін ойламай жата алмайды. Асқақ рухты ақын сағынышын кестелі сөзбен көркемдеп жеткізеді. Нәзік лирикалы өлең терең сырға толы. Ақын туған ауылына, сүйген жарына, ақ жаулықты анасына, кең байтақ даласына, жұртына деген сағыныш сезімін рет-ретімен сырлы сезім, өрнекті жыр жолдарымен бейнелейді. Сағыныш сезімінің сан түрлі формасын оқырманға ұсынады. Ақынның сұлу оралымдары өлеңнің эстетикалық әсерін еселетсе, ал идеясы туған жердің қадір-қасиетін түсінуге баулиды.

Сарыарқаның төсінде бұла өскен Сәкен туған өлкесінің сұлу табиғатын айшықты тілмен суреттейді. Ақын өлеңнің алғашқы жолдарында туған жерге деген сағынышын білдіреді:

Қайырымды қалың елі бар,

Сарыарқа сары белі бар,

Өрісті шалқар көлі бар –

Сағындым мен қырымды.

Келесі шумақта қазақ халқының көшпелі өмір салтын, аңғал да кіршіксіз көңілін суреттеп, туған ауылының бейнесін көрсетеді. Бұл жерде «кермеге тұлпар байлаған» деген тіркестен қазақ халқының тұрмыс салтының жылқы түлігімен тікелей байланысты екенін аңғартады.

Өлең жолдарында анаға, сүйген жарға деген сағыныш та ерекше сезіммен суреттелген. Ұтымды теңеулер, айшықты қолданыстар арқылы қазақ әйеліне тән сұлулық пен ізгілік сынды қасиеттерді көре аламыз:

Жібектей шашы оралған,

Қыпша белі қыналған,

Еркесі қырдың бұралған –

Сағындым мен сәулемді.

Айналып-толғап өсірген,

Ақ сүтін беріп кешірген,

Тастамайтын есінен –

Сағындым ғаріп анамды.

ҚАМАУДА

Тас үйдегі тұтқынды

Аяған адам жоқ болды.

Аяды бірақ табиғат,

Көңілім соған тоқ болды.

Терезенің алдына

Торғайлар келіп ән салды.

Ызғарлы қамау тас үйге

Күйлендіріп жан салды.

Отырмын күзет-қамауда

Дұспаннан тәнім жеңілді.

Жеңе алмас бірақ еш пәнде

Асау, еркін көңілді.

«Қамауда» Сәкеннің тұтқында жазған өлеңдер цикліне жатады. Тас қамауда жатып Сәкен адамдардан рақым күтпейді. Себебі оны түсінетін жан жоқ. Сол себептен ақын еріксіз табиғатпен сырласады:

Терезенің алдына

Торғайлар келіп ән салды.

Ызғарлы қамау тас үйге

Күйлендіріп жан салды.

Бұл өлеңде ақынның туған жерге деген сағынышы көрініс табады:

Даладан көгал жас исін

Жіберді маған желменен.

Терезеде отырып,

Сөйлесті көңілім елменен.

Тас қамауда ақын туған жердің саф таза ауасы мен шұғылалы күніне зар болады. Міне, сондықтан көңіліндегі аңсар, арман өлең болып жарыққа шыққаны түсінікті.

Ақын суық қабырғада тәні азапқа түсіп қиналса да, рухы мойымайды, әлі де еркіндікке ұмтылады. Бұдан Сәкен шығармашылығы адам жанының нәзік иірімдерін жырлайтын поэзия емес, оптимистік рухтағы, өр, биік поэзия екенін көре аламыз.

АДАСҚАНҒА

(Тұтқынның сөзі)

Нашарларға болысып,

Күзетшілер бетін қайыру,

Тырнағынан олардың

Езілгендерді айыру –

Жолында жүрген бауырыңа

Тас аттыңдар бәрің де,

Мырзаларға қосылып,

Жастарың да, кәрің де,

Адамдықтың ұшқыны –

Сендерде егер ар болса , –

Бердім соның сотына,

Халық – тәңір бар болса!

«Адасқанға» ыза-кекке толы өлеңін Сәкен тұтқында отырып жазған. Өлеңде Сәкеннің әділетсіздікке, зорлық-зомбылыққа қарсылығы сезіледі. Түрме азабын көрген Сәкен ондағы қызметкерлердің арсыздығы мен зұлымдығын ашық сынайды.

Сәкен ақын «Шаһит болған достарыма» өлеңін түрмеде қаза болған ерлер рухына арнап жазған. Бұл орайда автор өлең жолдарына ана қайғысын арқау етеді. Себебі қыршыннан қиылған ерлердің қасіреті ана жүрегіне үлкен қайғы әкелгені анық:

Тыншығар біраз жылап сүйген жыры.

Ұмытар жақын деген достың бәрі.

Дүниеде ұмытпайтын жалғыз-ақ сол,

Сорлы ана, көкірек жарған қайғы, зары!

Өлең түрмеде нақақтан азап шеккен ерлердің аналарына бағышталған. Ананың перзентке деген махаббатымен бірге Отан-Ананың да ерлеріне деген өшпейтін ықыласы да көрінеді.

«Қамыққан көңіл» – Сәкеннің таза көңіліне түскен кірбің мен жан дүниесінің күйзелісінен туған өлең. Сүргінге ұшыраған жылдары жазылған ақын өлеңдерінің басым бөлігі туған жерге деген сағыныш сезімін көрсетсе, ал «Қамыққан көңіл» өлеңінде Сәкен көңіліндегі мұңды жырлайды:

Бұл күнде жау жағадан алғаны рас.

Көп дұшпан аяқтан кеш шалғаны рас.

Шала өлген қара жылан аңдаусызда

Өкпеден көк найзасын салғаны рас.

Бұл қайғы ақынның қолына түскен кісеннен емес, халқына төнген қауіптен туындыған. Ақын ішкі толғанысы арқылы жалғыз жанының қасіретін ғана емес, тұтас ұлттың көңіліндегі күйзелісті аңғартқандай. Дегенмен бұл өлеңде оптимистік сарын бар. Сәкен жаны нәзік ақын болғанымен, оның рухы өр, намысы биік. Сол себептен ақын жарқын келешекке сенеді, өз-өзін жігерлендіреді:

Еркіңді қу қайғыға берме, көңлім!

Күйленіп бұрынғыдай керне көңлім!

Қамығып жабырқадың неге мұндай,

Талпынып көкке құлаш серме, көңлім!

«Біздің жақта» өлеңінде Сәкеннің туған елге, жерге деген аңсары, сағынышы көрініс табады. Ақын шығармашылығында туған жер тақырыбында жазылған тілі көркем, эстетикалық деңгейі биік өлеңдерінің бірі – «Біздің жақта». Ақын Сарыарқаның сұлу табиғатымен қатар сол кең далада еркін өскен ерлер мен бұла бойжеткендерді де өлеңге арқау етеді. Бұдан автордың туған жерге, сол топырақта өніп-өскен ерлерге деген ыстық ықыласы мен бауырмалдығын көре аламыз.

«Жеріне біздің жақтың лайық ері.

Ел палуан, аңшы-мерген, әншіл, сері.

Жасынан жүйрік мініп өскен бұлан,

Жау жүрек, ер көңілі жігіттері»

деген жолдардан Сарыарқаның кең даласы елдің атын танытқан сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздардың мекені болғанына көзіміз анық жетеді. Сұлу өмірді сүйген Сәкен де осы ортаның сәні болған. Сондықтан «Біздің жақта» өлеңінде ақын өзінің ішкі сезімдері мен толғаныстарын шынайы түрде оқырманға жеткізгені аңғарылады.

Атамекеннің мамыражай өмір салтын суреттеуде Сәкен айшықты сөз қолданыстары мен көркемдегіш құралдарды шебер қолданған. Елдің көркі болып саналатын бойжеткендердің образын суреттеуде Сәкен ақын эпитеттерді пайдаланған. Мәселен, мамық төс, сұңғақ мойын, сүмбіл шаш, қара көз, бал мінез сынды эпитеттер қазақ қызының көркем бейнесін танытып тұр.

Сәкен Сейфуллин – қазақ тарихындағы басынан дауы арылмаған, қарама-қайшылығы көп тұлға! «Шаш ал десе, бас алған заманда» Сәкендей билікке араласып, ұлтымыздың келешегіне араласып, қазақтың мәселелерін көтеру – өліммен пара-пар іс еді. Қызыл үкімет құрамында жүріп-ақ, елге, ұлтына, жеріне адал қызмет еткен Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығы – туған халқымен бірге мәңгі жасай беретіні сөзсіз рас.

Сөз соңында тағдырлы ақынның өмірінің соңғы кезеңі турасында айта кетсек: 1937 жылдың жетінші қыркүйегінде ВКП (б) басшылығы Алматы қаласында тұратын ақын-жазушыларды шұғыл түрде шақырып, жабық жиналыс өткізеді. Жабық жиналыстың күн тәртібінде әдебиеттегі ұлтшыл-фашистердің зиянкестік істерімен күресу және жас кадрларды өсіру мәселесі қаралады. Бірақ бұл жиналысқа Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин сынды қаламгерлер шақырылмаған. Бұған дейін яғни, 11 тамыз күні Ілияс Жансүгіров тұтқындалған болатын.

1937 жылдың алғашқы жартысында газет беттерінде негізінен өзара сынды күшейту, әшкерелеу мәселесі көбірек айтылса, маусым айынан былай қарай күн тәртібіне халық жауларын құрту, түп тамырларымен жою міндеті қойылды. «Халық жауы», «тап жауы», «буржуазияшыл-ұлтшыл», «ұлтшыл-фашистер», «фашистік диверсант», «фашист-күшіктер», «банды», «жалдамалы төбеттер», «арамзалар», «сұрқиялар», «сұмырайлар», «ұлтшыл элемент», «пантюркистік конттреволюция», тағы басқа осындай жан түршігерлік сөздер газет беттерінде үйреншікті «әшкерелегіш» терминдерге айналды» (Д.Ысқақов «Отыз жетінші жыл ойраны», «Жалын» №1, 1991)

Сол жиналыстан өзара тартысқа түскен шығармашылық топ өкілдерін жаппай сталиндік қуғын-сүргінге ұшырату басталды. 1937 жылдың 24 қыркүйегінде көрнекті қазақ-совет ақыны Сәкен Сейфуллин тұтқындалады. 25 күні Сәкенді тұтқындауға негіз болған ордер тергеу күшіне енеді. 1937 жылдың 27 қыркүйегінде Алматы қалалық партия комитеті бюросы №221 Б хаттамасында ұлтшыл-контреволюционер ретінде әшкереленіп, НКВД органдары тарапынан тұтқындалуына байланысты С.Сейфуллиннің халық жауы есебінде партиядан шығарылғандығы, ал оның №152510 партиялық билеті өзінің күшін жойған.

РСФСР қылмыстық кодексінің №58 статьясының №10-11 баптары негізінде 1918 жылдан бері ВКП (б) мүшесі, революцияға және социалистік құрылысқа қатысқан еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен (1936), Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің құрмет грамотасымен, «Қазақстанның 15 жылдығы» төсбелгісімен марапатталған, қазақ-совет әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан, кеңес үкіметінің басшылық қызметінде болған ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллинге Троцкий, оңшылдармен байланысты кеңеске қарсы ұлтшыл ұйым мүшесі болған деген жала жабылып, 1938 жылдың 25 ақпан күні ату жазасына кесілді. Биыл азамат ақынның өмірден өткеніне, ату жазасына кесілгеніне тұп-тура 80 жыл екен.

Жарқын ӘЛІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар