Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Толқын Қабылша. Жансебіл болған бір үміт...

14.08.2018 7619

Толқын Қабылша. Жансебіл болған бір үміт

Толқын Қабылша. Жансебіл болған бір үміт - adebiportal.kz

ҚАР СЕКІЛДІ БОЛА АЛСАҚ ҚОЙ, КІНӘСІЗ?!

Мынау ғалам арылсын деп күнəдан,
Аспанға ұқсап,
Ағыл-тегіл жылаған.
Арашалап алғаусыздау үмітін,
Қара жерге қыламық боп құлаған,
Қар секілді бола алсақ қой кінəсіз.

Ұлпасында мөлтілдеген мейірім,
Ұғынсам деп жан біткеннің пейілін,
Зеңгір көктің ғаламаты секілді,
Кіршіксіз қар,
Аймалайды бетімді,
Адалдыққа сенгісі кеп шүбəсіз.

Ең аяулы сезіміндей аспанның,
Мынау қардың пəктігінен жасқандым.
Жанды баурап,
ақ ұлпасы мамықтай,
Ақша бұлтқа
ұшқым келді қалықтай,
Жанарымнан жалқы тамшы жас тамды.

Мен де сендей,
ізгілікке құштар ем,
Естимісің?
Ақ ұлпа қар, қысқы əлем?!
Адалдыққа сеніп келем əлі де.

Ақұлпа қар, жанарымен аймалап,
Қара жерді құшты сосын, тайғанақ,
Бар шындығың осы болса, аяулы,
Тағдырыңның айтшы, кәне, мəні не?!

***

Ауадан, гүлден,
күн менен түннен,
Білмеймін, неге қызғанам?
Желменен ұшқан жапырақтан да,
Селк етіп, жаным сыздаған.
Күлкімнің өзі күмілжіп барып,
ғайып болғанда, көзімнен,
Осынау дауыл, алапат күйдің,
Баянын таппай,безінем.

Есімің сенің айтылған мезет,
Күбірлеп өзге еріннен.
Шабытым көзсіз шарқ ұрған мезет,
Қызғанып кетем сені мен.
Сүюдің мұнша азабы барын,
Қалайша бұрын ұқпағам?
Ғаламға іңкəр,
Ғажайып едім,
Өзімді қалай құтқарам?

Жап-жарық менің əлемім кейде,
үздіксе ессіз ғаламнан.
Нəп-нəзік үнім,сəлемім кейде,
Жалт етсе,бөгде жанардан.
Дəл солай сен де қызғанып мені,
Ес-түссіз құлай сүйіп пе ең?
Жалғызым сені,
қызғанады екем,
күнəсіз осы кейіппен.

***

Жас көрдім деп ұшынан жанарымның.
Халім сұрап, қайтесің?!
Жаралымын!
Жұлым-жұлым жүректі қолына ұстап,
Күлімдемек болады тəн-алыбым.

Жанның дертін емдейтін кім бар, сірə?!
Бақытым да, сорым да бір басымда
Қылбырауға түссе де, үзілмеген,
Жапырақтай жаным тұр шың басында.

Адалдық қой, тəрк етпес құс ұясын.
«Нəзіксің» деп несіне жымиясың?!
Тəңір сүйген жүректің лүпіліндей,
Ұға алмайсың, жанымның құпиясын.

Болса дағы сəттерім,көп түңілген,
-Халім сұрап,
Қайтесің, күпті күннен.
Теперішін жазмыштың сілкіп тастап,
Тіл қататын тағдырға,
Мықтымын мен!

***

Мен кейде ұқсап кетем жарық күнге,
Сүйер болсам, сүйемін жанып мүлде.
Мынау жақсы, жаман деп алаламай,
Жанымды жайып салам самаладай.
Шұғыласы сарқылмас келбетіммен,
Іздеймін бе бір шуақ жер бетінен.
Жанның бәрін «жақын» деп сенемін де,
Күйіп жанып күн кешем өлеңімде.
Аңсарымды түн ұрлап кеткенде де,
Аяулыма бір мезет кектенбегем.
Күлімдеген дәл осы кескініммен,
Қиянатқа қимадым ешкімді мен.
Кінәліні кешіріп, күнәні да,
Күн боп сүйіп өтемін бес күнді мен!

СЕНІҢ АТЫҢ САҒЫНЫШ

Іздеген кім,
ол күндердің дерегін.
Естілмейді ерке күлкім,
ерек үн.
Ең аяулы мезеттердің жоғалған,
Екеуміз де сұрамадық себебін.
Екеуміз де үнсіздікке байландық,
Бір үміттің талғажау ғып қорегін.

Тəрк еттік те,
Ғажайыптың барлығын,
Сен де,
Мен де құлатпадық ар жүгін.
Жанарымнан төгілсе де бар мұңым,
Жүрек дейтін жалғызыма сыбырлап,
Жаратқанның құлай сүйдім жарлығын.

Сен бе,мен бе,
жете алмаған байыпқа?
Тағдырымды шын ұнаттым,айып па?
Жазмышымдай менің жұмбақ шешімім,
Қиянаттай сенің қатал кесімің,
Тіл қата алмай,
Қол бұлғадым ғайыпқа.
Бұл күндері
Сенің атың сағыныш,
Тербетілген «ғұмыр» атты қайықта.

***

Бір ғаламат бар секілді,
Сен тұратын ауылда.
Сол өлкеде күн де нұрлы,
Ғажап, тіптен, дауыл да.
Аспан сүйген тауларында,
Мен құшпаған тылсым бар
Алаукеуім таңдарында,
Тәңірімдей бір сыр бар.

Мен ынтызар сол мекенде,
Ізгілік бар, үміт бар.
Сен тұратын сол көшеден,
(Мен кезіксем күліп сәл)
Сезімімнен тым тұңғиық,
Бұл та ашылып,түнерген
Кескінімнен күн жымиып,
Келін болып жүрер ме ем?!

Ардақтаумен ауылыңды,
Ақ жаулықты тастамай,
Қадір тұтып қауымыңды,
Күн кешер ме ем басқалай?
Ақын да емес,асыл да емес,
Жарың болып ең ізгі.
Жарық күннің еншісіндей,
(Өмірге әкеп сегізді)…

Жазмышымның жұмбағы мың,
Жұмбақ және кесімі.
Бұл күндері ол ауылдың,
Сағыныш шын есімі
Мен жақпаған шырағыңды,
Ғұмыр жақты маздатып.
Тағдыр бізді тоғыстырды,
Аңсар құшып аз уақыт.

Баз кешсем де,
базары көп,
байлық, бақтың бәрінен
Сені туған сол өлкені сүйіп келем әлі мен!

***

Жанарда жалт еткен үміт,
жарқылым үшін,
Жүректегі «адалдық» дейтін алтыным үшін,
Сатқындық көріп, бейуақыт жабырқап келсем,
Маңдайдан сүйіп, жұбатқан әр күнің үшін,
Мен саған қарыздармын, Ана!

Мөлтілдеп көшкен бойыма мейірім үшін,
Адамдықтан да аяулы кей ұғым үшін,
Қиянатты да кешірер парасатыңменен,
Сәбидей сұлу болмысың, пейілің үшін!
Мен сені жақсы көремін, АНА!

Жарыққа құштар нәп- нәзік көңілім үшін,
Жарқырап сүрген жылдарым, ғұмырым үшін!
Жаныңа тұнған сезімнің сәулесін сүйіп,
Желкілдеп өскен ұл-қыздың тұлымы үшін!
Мен саған қарыздармын, АНА!

АҚИҚАТЫМ – ТАҒДЫРЫМ!

Əз жанымды аярлардан сақтағам,
Алғаусыздау бар мұңым.
Адалдығын алаяққа сатпаған,
Ақиқатым — тағдырым!

Аңсарымда ғұмыр кешіп бір өлең,
Алып ұшса алғы күн.
Алдамайтын Тəңіріме сүйенем,
Ақиқатым- тағдырым!

Алакеуім таңдарымда тілегім,
Ақиқатқа сенемін!
Аласұрып шындығынан жалтармас.
Өзегімде өлеңім.

САҒЫНЫШЫМ – ҚУАТЫМ!

Алды-соқпақ,арты-мұң,
Жеткізбейтін жол мына.
Абақты ғой бұл ғұмыр,
ақылды мен арлыға.
Аңсарыңды бұғаулап,
арманыңа құн кескен,
Сағынышың жазалы,
құштарлығың- ол күнə.

Асу, асу жолдардан,
Бетегейлі белдерден,
Ғайып болды қанша арман,
Мен сүйініп,сен сенген.
Иір-қиыр мына жол,
Талай мұңның куəсі,
Шындығының шырайын,
Тағдыр өзі көмкерген.

Ақын болу азабын,
Адам болу мұратын.
Сезіндірген бұл жолда,
Сағынышым -қуатым!
Қимастығым жанарда,
Құштарлығым кеудемде,
Шынайыға шын құмар,
Ғұмыр бəлкім шын атым!

Алды шаттық, арты мұң,
Сағым құшқан жол мына.
Сол сапардан бақ күткен,
Ақылды көп, арлы да.
Жолайрықта бір үміт,
Қол бұлғайды,қимаймын.
Сағынышым- кінəсіз,
Құштарлығым ол күнə.

ТЕЛЕФОН

Таңсəріде,
түн қойнында, бесінде,
Телефонға үңілеміз несіне?

Тəрк еткендей ғұмырыңның бар мұңын,
Тетігіне тəуелдідей тағдырың,

Табынамыз титтей осы Тəңірге,
Құлақ түрмей уақыт дейтін Əмірге.

Тамсанамыз, жар саламыз, кім, қайда?
Бір тамаша күтетіндей шалғайда.

Жақыныңнан жаныңдағы безініп,
Жарқын сəттің болып бəрі тез ұмыт.

Телефонда кескінделіп бес күнің,
Жер бетінде қалмағандай ешкімің,

Саусағымыз сипап осы ғажапты,
Сағынамыз, сезінеміз лəззатты.

Сағат сайын санамалап лайкты,
Бəзбіреулер болып тіпті айыпты.

Шын келбетің жасырынып айнада,
Желілерде жымиямыз жəй ғана.

Суретіңмен сұлулықты тəнті етіп,
Секунд сайын ай келбетің жарқ етіп.

Шындығыңның шырайынан жалтарып,
Жылымыққа, жылт еткенге алданып.

Телефонда батырмыз да, данамыз.
Телефонның тұтқыны боп санамыз.

Кемел ойлы келешекке үн қатып,
Біздер осы, қайда кетіп барамыз?!

****

Көкжиектен күн боп қолын созған нұр,
Құлагер боп керім сыннан озған жыр.
Қиянатты қара қылдай қақ жарып,
Мұңсыздарға салшы бүгін қозғау бір.

Қарғаларды қара жолда қалдырып,
Қырандарға қанат берген таңғы үміт.
Қандықолын қиып тастап қаскөйдің,
Қалың елге қуаныш бол мәңгілік.

Қара сөзді қалықтат та көгімнен,
Қасиет бол құзар шыңнан төгілген.
Қаламымды қозғар болсаң құдірет,
Қайғы –мұңның қабырғасы сөгілген.

Адастырмас ақ туындай өткелдің,
Алдаспандай көзі сенсің өткеннің.
Ары үшін жанын қиған ерлерден,
Аманат боп қазағыма жеткен мұң.

Қиылған сәт қара түннің семсері,
Құба жолда үмітім бол еңселі.
Құт дарыған қара өлеңі қазақтың,
Қасық қанмен қорғап өтем мен сені.

ЗАМАННЫҢ МҰҢЫ – БАР МҰҢЫМ

Жалаңаш қоғам келбетін,

Жасыра алмас шымылдық.

Жетім мұң кезсе жер бетін,

Жезөкшелері мұрындық.

Жартыкеш байдың бір күні,

Жалғанды телір жұмаққа.

Жарлының жарым тірлігі,

Жанпида үні құлақта.

Жесірі желпіп етегін,

Желменен желкен ашылып.

Жан емес тәнде жетегім,

Жарымес нәпсі бас ұрып.

Жаутаңдап көзі мұңлықтар,

Жетімек тағдыр құн сұрар.

Жасыра алмас шындыққа,

Жалғыздық дейтін сыншы бар.

Жазмыш па осы ,жарық күн?!

Заманның мұңы – бар мұңым.

Жансауға сұрап жалықтым,

Жахандануда тағдырым.

Жырақта, желдің өтінде..

Жаратқанына сиынып.

Жаяды үнсіз саусағын,

Жансебіл болған бір үміт.

Толқын ҚАБЫЛША,

ақын

«Шабыт»Халықаралық шығармашылық

Жастар фестивалінің жүлдегері,

«Qazakstan» ұлттық арнасы «Qyzylorda»филиалында

журналист-тележүргізуші


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар