Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Тұрсын Жұртбай. Қайыңның без, қайырымның өзі еді...

09.04.2018 4806

Тұрсын Жұртбай. Қайыңның без, қайырымның өзі еді

Тұрсын Жұртбай. Қайыңның без, қайырымның өзі еді - adebiportal.kz

Қазақ прозасының хас шебері Сайын Мұратбеков жайлы "ҚАЙЫҢНЫҢ БЕЗІ, ҚАЙРЫМНЫҢ ӨЗІ ЕДІ" атты тамаша эсседе қаламгердің адами бейнесі тамаша ашылған.

Ол шындығында да, Сайын десе – сайын, қайыңның безі, қайырымның өзі еді. Сондай пәк сезім мен қатал адалдықтан жаралған тұлғаны, ал, алғашқы «Райгүл» мен «Менің қарындасым» атты шағын әңгімесімен-ақ Ғабең – Ғабит Мүсрепов сияқты қаламы сараң, талғамы тас жаратын кербез дегдардың өзін: «Көп ұлтты әдебиетіміздің гүлдеп тұрған мәуелі бағында оның жас талдай желкілдеп бой көтерген тамаша прозасы бітік шығып, алыстан көзге түсіп, көз тартары сөзсіз» деп сүйіндірген, сол қалпынан жазбай қалың қауымының көңілін қалдырмай сүйіндіріп өткен Сайынды – әдебиет сайынын қалай ғана қаперден шығарып алдық екен.

Таяу күндері ескі ғадетім бойынша сөреде айлап жинақталып қалған газет-журналдарды парақтап отырып Анар Лепесова қарындасымның «Түркістан» газетіндегі «Сайын Мұратбеков ұмытылар жан ба еді?» (15 маусым, 2015) – деген сондай бір махаббатты жанашырлыққа толы мақаласына көзім түсіп, тұла бойым шымырлап кетті. Сайын қалай ұмытылады, ол – ұмытылатын да, ұмытатын да тұлға емес! – деген уәждің байыбына барғанымда, бұрынғыдан бетер құмығып кеттім. Сөз ретінде, Ғаббас ағамыз да, Аманхан мен Қуандық құрдастарым да зар сырын айтқан екен. Япырым-ай, неге қаперсіз өмір сүріп жатырмыз, қандай можантопай күйге түскеміз, қалай бойкүйез тартқамыз?! – деп нали отырып, соның бірі өзім екеніне назаланып отыр едім. Одақтың ғимаратына барғанда балмұздақ әперіп, жазушылар одағының екінші хатшысы, депутат деген лауазымына қарамастан жеке өзін ғана үйге әкеліп тастайтын құрметтің иесі ұлым Сұңқар: – Сіз не қарап отырсыз, ұят емес пе? Ондай жазушы жоқ. Үш балаңның үшеуі де Сайын ағаның жусанын иіскеп өсті. Міне, немерең, кешіріңіз, жеке меншіктеріңіз Сайын ағаның кітабін жастығының астына жастап жатып оқып жатыр. Кейін шөберең де оқитын болады. Шындығында да ұят екен. Қалған құрдастарың қайда? «Аға, аға!» деп артынан шұбырып жүруші едіңдер ғой. Қазіргі аға да, жаға да сендер емессіңдерме?, – демесі барма.

Сөз сүйегімнен өтіп, жүрегіме қадалды.

Дариға-ай, үш толқын оқырманның өзегін осындай нәзік сезіммен жалғастырған Сайын ағамның әруағынан айналсам болмас па! Бұл – бүгінгі ұрпақтың әдебиетке, соның ішінде жазушы Сайынға, азамат Сайынға, ата Сайынға деген ұлы аңсары емес пе. Ұл-қыздарым дастархан басында өздерін «Жабайы алма ағашының» көлеңкесінде отырғандай сезініп, немерелеріме Аянның тағдырын қабақтары қиыла отырып әңгімелей бастағанда, орнымнан жылыстай тұрып, Сайын ағаның суретін алдыма қойып қойып, шұғыл қаламымды қолға алдым.

Міне, жыл аяқталып барады, бірақ, Сайынның, иә! – сайын Сайынның мүшелге толу орайы аталмай аяқталып барады. Көзі тірісінде кімге қадірі өтпеп еді, кімге жақсылық жасамап еді, кімнің көңіліне кірбің түсіріп еді?!. Тіршілігінде екі-үш құрдасының қыжырта қабақ шытатынын білетінмін, алайда ол шытылған қабақтың Сайынның талантына, өмірлік ұстанымына емес, шамшыл жеке тұлғалардың екеуара ғана шымшымасы болатын. Бұл марғаулыққа ол марқұмдардың қатысы жоқ, о дүниеде бірінің тілегін бірі тілеп жатпасына кім кепіл? Әйтпесе, Сайынның, қазақ әдебиетінің классигі Сайынның, жаныңды жақсылыққа баулыған Сайынның, өмір мен өнерге қайыңның безіндей қатқыл талап қоятын, тіршілікте өзегінен қайырым құйылып тұратын Сайынның ескерусіз қалуы – елуінші жылдардың аяғында әдебиетке келген қазіргі аға толқын жазушылардың ғана емес, бүкіл қазақ руханиятының ескерусіз қалуы – деп есептеймін. Соншама қарапайым, соншама күрделі, соншама шебер, жүйкең мен түйсігіңнің талшығын еріте шымырлатқан таза да қайсар рухтың жыршысы қазақта қадау, қадау ғана. Сол қадаудың бірі – Сайын, Сайын Мұратбеков.

Сайынның көркем әлеміне бір кірген адамның одан өмір бойы шығуы екіталай. Әр оқиғадағы сезім «қылаулары» жаныңды баурап, үнемі пәк иірімге тартады да тұрады. Кейде жаныңды ауыртпайтын, бірақ тызылдата сыздататын мұңға бергісіз әуен ауаныңды әлдилейді. Кейде қылау түспеген қылаусыз жүрегіңе тұңғыш рет «Қылау» түсірген кіршіксіз бала махаббатың өзегіңді сондай бір ыриясыз сағынышымен дыз еткізіп, шым-шым мөлдіретеді. Кейде, «Үшқараның» төскейінде, шөмеленің үстінде бір сөзді еркелей үш рет қайталап жұлдыз санағың келеді. Кейде шүпірлеген үрім-бұтағыңның ортасында жұлын-жүйкең бусанып, «Кәмен тоғайдың» ортасында риясыз аталық мейірімді сауғызғандай болады. Кейде, татуды араз, аразды дұшпан қылған «Ызғырық» қайдан соғып тұр – дегізеді. Ал кейде: Менің көңіл бүркітімді кім соңғы рет соңғы сапардан кейін аспанға ұшырар екен? – деп та қаласың іштей. Қойшы, мен үшін, мен үшін емес, Сайын әлеміне бір кірген сезімді пенде атаулы Сайын суреткердің аңсарлы әуенін осы ғұмырлық жолында ұмыта қоймайтынына жаным қасым.

Оның суреткерлік жаны қандай таза әрі, қайталап айтайын, қайыңның безіндей қатаң болса, фанидегі тіршілік аясы да сондай ашық, бойына кір жұқтырмайтын мұнтаздай кіршіксіз және артық пысықтықты басынан асырмайтын тура мінезді кірпияз еді. Кішіпейілдене қалғанда – даналығы қайсы, балалығы қайсы, кірпияздана қалғанда – әкімдігі қайсы, ағалығы қайсы екені аңғарылмай, аң-таң қалдыратын. Өзі балалықтың қызығына мейірі қанбай жетілгендіктен шығар, балаларды бар қуанышымен бауырына тартатын да, көз қиығын тез қадап жіберіп, болмысын жазбай танитын. Танитын да бір сөзбен қабақ танытатын. Сол түйгеніне орай еркелететін не сырттатып жіберетін. Сырт түсінен бауырмалдығы байқалмаса да, ішін жылытып қарағанын көзінен аңғару қиын да емес болатын. Керісінше, баланың аты – бала емес пе, артық-кемін жасыруға әлі түйсінбеген шикіөкпенің басынан сипай салатын жерде, байқамағансып теріс қарап кеткен кезін де шалып қалдым. Шалқалағанға – щалқақ, асқақтағанға – асқақ қарайтын қайыңның безіндей қатаң (қатал емес) Сайын, керісінше: жасқаншақ – батыл, жасыған – өжет, жаралы – дауалы, қайғырған – қайсар болса екен деп тілейтін және ол адамды бұрын танысын-танымасын, аралассын-араласпасын, оған қарамай сол адамның мұқтаждығымен бірге өзі де еріп кететін, өзгенің де сол адамға демеу болғанын қалайтын.

Жандығымды жаңғыртайын деп емес, жанымды түсінген ағаның жандүниесінің қылаусыз пәктігін жеткізу үшін айтайын. Бұғанам қатпаған, қаламгер қауыммен еркін араласа қоймаған, Сайынмен бетпе-бет кеп қол алыспаған шағымда, он үшінде бір гүлі ашылмаған қарындасым Төлеу ақ қаннан дүние салды. Шарасыз шақта қаланың сыртында қалтарыстағы үйге Сайын аға Бекежан Тілегенов марқұмды (ол кісіні сол арада бірінші көруім) ертіп келіп, көңіл айтқаны әлі есімде. Өзектің уытын қайтарды десем – мүнәпық болар, бірақ, түрімді көрмеген жандардың сол бір шақта «қабырғасы қайысып қалды ғой, осы баланың» деп іздесең әрең табатын ауылға ат басын бұрғаны, жұбатқаны қаншалық! Мұндай жанашырлық пен қайырым-мейірімді мен қатарлас қаламдастардың дені сезінгені кәміл шындық. Көңілді айтуды да, уайым араласқан жұбатуды да қысқа әрі ұғынықты, еш теңеусіз, еш эмоциясыз нақтылап қысқа қайыратын. Бұл Сайын – нәзік тамырыңды иітетін жазушы Сайын емес, қаршадайынан қайғы мен қиындыққа қақтала сүрленіп жетілген жетім Сайын еді.

Бетін екі жаққа бұрмайтын, бір беткейді жазбай ұстайтын азамат Сайын мен суреткер Сайынның арасында еш айырмашылық болмайтын. Бір сенген адамына бетбұра сеніп, неғылайынсыз өзімсіне бауыр тартатын. Қай мінезіммен жаққанымды білмеймін, мені де сондай қапысыз алаңмен өзімсіне бауырына тартты. Кейін түсінгенімдей, әр қадамым – ол үшін де, мен үшін де сынақ қадамы болған екен. Соңынан білдім, мұндай қамқор қолтыққа бауырын басқан жалғыз мен емес, сол тұста әдебиетке тұяғын іліндірген Сағат Әшімбаев, Смағұл Елубаев, Бақыт Сарбала, Асқар Егеубай, Бекен Ыбырайым, Дидахмет Әшімхан, тіпті, аты мен атағы қоса шыққан Оралхан да оның жүрек тұсында бүлкілдеп тұрды. Ортасынан ерте дараланып, кербұғыдай саяқ тартқан шағында да Ор-ағаң Сайын ағасы жаққа бір қарап қоюды ұмытпайтын. Сайын ағамыздың әңгімелеріне ғашық Сағат жазушының сыры мен жырын, көркемдік еркшелігі мен нәзік сезім талшықтарын айтып жеткізе алмайтын. Сол шексіз де риясыз махаббат жазушы туралы тереңнен толғаған көлемді мақала жазумен аяқталды. Бұл мақала Сағаттың сыни-көркем ойының ең үздік нәтижелерінің бірі болып қалды.

Әр нәрсеге түртінектеп жүрген есерлеу шағым еді, әлгі Сағаттың мақаласынан әсерленіп, Сайынның сондай қарапайым әңгімелеріне теңдес дүниені жазып тастау оңай сияқты көрініп, бір айдай жеңіл бір сюжетті әр түрлі қырынан Сайынның мәнерінде жазып көрдім. Қанша тырыссам да, «кемшілігі әр жерден көрініп» тұрды. Жазушының сөз сиқырын бойыма сіңірейін деп, өзім сүйіп және жалықпай оқитын, оқыған сайын әсерленетін «Қылау» әңгімесін көшіріп те шықтым. Көшіріп шыққан соң ғана бұл сиқырдың құдіретін игере алмайтыныма көзім анық жетті. Ақыры Сайынның сол сырлы әлемі туралы мен де мақала жаздым. Сол мақала жазылған күйі жарияланбай қалды, анда-санда көзіме түсіп қалады. Маған сол жарияланбаған қолжазба қалпымен де ыстық көрінгендіктен де, қазір оған қол тигізгім келмейді. Бір орайда өзіне айтып едім, естімеген қалып танытып:

«Өмірдің өзі сөз бен сөйлем арқылы сезім боп төгіліп тұру керек. Соларды қалай жазғанымды өзім де білмеймін. Әлдеқалай шалық қыса бастаса ауылға кетіп қаламын. Сондағы қарапайым адамдардың ішінде жүріп жүрегім елжірейді» – деді. Сол сәтте Қалихан ағамыздың: «Ой, Сайынның жазар алдындағы мінезін адам түсініп болмайды. Өзі де не істеп, не қойғанын білмей қалатын сияқты. «Бес тапал» жұбымызды жазбай түнделете жортатын кезіміз. Сонда түннің бір уағында жанымыздағы Сайын жоқ боп шығады. Таңертең үйінен, күндіз жұмыстан таппаймыз. Ал кеп содан соң іздеп салбурын боламыз. Бір аптадан соң «Сайын ауылында жүр екен» – хабарды естіп «уһ! дейміз. Сөйтсек, әлдебір кейіпкерінің әлдебір мінезін іздеп, бізді тастай салып, Талдықорғанға тартып тұрыпты ғой. Кейін сабылып іздемейтін болдық» – деген әңгімесінің шындық екеніне сендім.

Көз қиығынан шығарғысы келмеді ме, әлде, қаяу түскен көңілімді уайымның торына түсіргісі келмей, сергек жүрсін деді ме, білмеймін, «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы кезінде жиі тапсырма беріп, шөгел сынақтан өткізді. Марқұм Асқар Егеубай арқылы аптасына бір рет хабар-ошар білдіретін. Бір жолы Лениндік сыйлыққа ұсынылған Ілияс Есенберлиннің «Көшпелілер» трилогиясына шұғыл мақала жазуды ұсыныпты. Талдауға жіберілгеніне бес айдай уақыт өтсе де бір де бір республикалық басылым пікір білдірмепті. Жүрексіндім. Сонда өзі хабарласып: «Ілекеңе білдірмеген пікіріңді кімге білдіресің? Бұл – ұлттың намысы. Үш күн мұрсатың бар. Сын жазып жүргендердің бәрі данышпан емес. Мен саған сенген соң тапсырма беріп отырмын. Болды, айналайын, күтемін» – деп бұйыра қайырды. Сол мақала арқылы сыртымнан үкім шығарып, үйірінен шығарып тастағандардың үйіріне мен де қайтып қосылғамын жоқ. Содан бастап жазушы қауымымен қойындаса араласа бастадым. Арасын ұзатпай Сайын аға бастап, Оралхан аға қостап, Жарасқан жаратып «Жұлдыздың» сын бөліміне орналастым. «Жұлдыздағы» сол он үш жыл менің өмірімнің де жұлдызды жылдары болды.

Әлі есімде, сексенінші жылдың қараша айы болатын. Жазушылар одағының екінші хатшысы Сайын Мұратбеков қазақ әдебиеті туралы «Дружба народов» журналы өткізетін дөңгелек столға өзі таңдап Бақыт Сарбала, Асқар Егеубай, Бекен Ыбырайым, Рүстем Жанғожинді Мәскеуге бастап барды. Өзі де бізбен бірге поезға мінді. Бетіміз ашыла қоймағандықтан да жүрексініп, тартыншақтап едік, еркімізге қоймады: «Жалпы, әдебиет майданында жас, жасамыс деген ұғым жоқ, талантты, талантсыз және өжет не бозөкпе деген ұғым ғана бар, батыл аттамасаң – тасада қаласың, тасада өмір сүрген жасқаншақ талант болғанша, қарапайым мұғалім болғаның халыққа пайдалы. Отыздан асқанша жастардың қатарында аталған ақын – ақын емес, жазушы – жазушы емес, отызда сезім кекселеніп кетеді. Сендерге қамқорлық қазір қажет, отыздан асқан соң сендерге мен де қарамаймын. Ал оған дейін әдеби өмірге батыл араласып, адал ойыңды еркін білдір, еркін жүр. Менің қолымнан келетіні – сендерді ортаға тарту, үлкен-кіші жазушылармен араластыру, Мәскеу мен республикалардағы тұстастарыңмен таныстыру. Олардың сендерден артып тұрған түгі де жоқ, көріп жүрміз. Тек тілін таба біледі. Сен бұрын Мәскеуді көрмеген шығарсың.Үлкен қаланы алғаш көру ауырға соғады, келінді ертіп ал»» – деді. Жалғыз мені емес, бәрімізді де солай қайрапты.

Вокзалға келсек, «бес дос» атанған Сайын, Әкім, Қалихан, Қабдеш, Рамазан ағаларымыз жеңгелерімізбен бірге алдымыздан қалжыңдаса қарсы алды. Әкім ағамыз Малеевкадағы шығармашылық үйіне жұмыс істеу үшін үш айға кетіп барады екен. Алматыда қалатын үш дос сапарға аттанған екі досты шығарып салуға келіпті. Жеңгелеріміз қол былғасып сыртта қалды. Жамыраса вагонға кірдік. Екі кісілік жайлы купеге ығыса-сығылыса отырдық, шампан атылды. Әңгіме қызық, қызық әңгімеге Қал-ағаң араласқан соң тіпті екпін алды. Поезд қозғалды. Қиыспаған достар бірінші Алматыдан түсіп қалалық десті. Бір уақытта поездың екпіні күшейіп, зуылдай жөнелді. Сөйтсек, Алматыдан жиырма шақырымдай ұзап кетіппіз. Бесеуі де сабаз ғой, қалай болды, әттегенай дескен жоқ. Әйтеуір, Қал-ағаң әңгімесін аяқтаған кезде Ақсеңгір деген бекетке бір минут аялдап, үш ағамыз түсіп үлгерді. Біз алаңдағанмен, үш ағамыздың сол Ақсеңгір бекетіндегі көрген қызығын Қабдеш ағамыз айтып бергенде, ертегі тыңдағандай боласың. Үш күндік жол жалықтырған жоқ. Өзімізбен қоса ертіп алған Сұңқар малдасын құрып алып, бір орыс дәрігеріне «Алтын сақа» ертегісін тонын айналдырып көше балаларының орысшасымен айтып отырғанының үстінен түстік. Сөйтсек, бала жаңа пәтерге – көп қабатты үйге көшіпті, көшкенде сақасын ұмытып кетіпті, машинамен іздеп барыпты, одан машина батпаққа батып қалып, атқа мініпті...

Осы әңгімені ертеңінде Асқар екеуміз Сайын мен Әкім ағамызға айтып бергенімізде, Әкім ағамыз жымиып қана қойды, Сайын ағамыз: «Міне, сен әлгі іздеп таба алмай жүрген өмір қиялы осы. Жер үйде тұратын баланың көп қабатты үйде тұрғысы келіп, қиялдаған арманы. Мұнда пәк қиял да, мұң да аралас. Соны пәтерден көрген қиянатыңмен қосып жазсаң, нағыз көркем шындық шығады. Өзін осында шақыршы. Сендерден көрі Сұңқардың әңгімесі татымды сияқты», – деп шығарманың өмірлік шындығының сенімді болуы туралы біраз пікір айтты. Ресторанға апарып, ақшасын да өзі төледі. Балаларға тәттіні де ұмытқан жоқ.

Сол жолы бұл бес достың басынан кешкен хикаялары жалғыз бұл емес екенін білдім. Зады, Әкім ағаның африкалық қонақтарды күтіп алу қарсаңында «там-тамдатып» (киноның аты) жүрген кезі болса керек. «Алматы» мейманханасының мейрамханасынан бесеуі түскі мәзірден шыға келсе бойы көк тіреген зәңгіні көреді. Қайсысының түлені түрткенін кім білсін, кім соның құйрығынан тепсе, сол нағыз батыр атанбақ және сый-сияпат та тегін болмақ деп бәс қояды. Жеме жемге келгенде бәрі де тайқып шығыпты: «Ой, несі бар. Ол да адам баласы» деп Сайын ағамыз сайланып шығып, бәстің дәтін орындайды. Дайын түрған қауыпсіздік комитетінің адамдары ұстап алып, абақтыға қамайды. Бүкілқазақстандық, бүкілодақтық шу шығады. Іссапарда жүрген Әди Шәріпов те шұғыл қайтарылады. Партизан атағы бар емес пе, Әдекең Сайын ағамызды абақтыдан шығарып, мырзақамаққа отырғызады. Енді халықаралық дауды басудың қамына кіріседі. Абырой болғанда әлгі зәңгі африкалық кәсіподақтың үлкен қайраткері екен, өзі кешірім беріп, біздің де жазушылар сондай тентек келеді – десе керек. Содан Сайын ағамыздың жаны қалып, аяқ астынан Мәскеудегі әдебиет институтына аударылып түскені сол екен. Осы әңгімелер айтылып отырғанда Сайын аға естісе де естімегенсіп отыра берді. Аң-таң қалып біз отырдық.

Сондай қызықты әңгімелерді естіп Мәскеуге де жеттік. Қалың халық, жер асты метросы, паң ғимараттар еңсемді басып, мына жұртпен қалай терезе теңестіреміз – деп үмітсіз құмығып кеттім. Сонда жаны аши жұбатып, жалғыз қалдырмауға тырысты. Бұл сезімді бұрын өзі де бастан кешсе керек. Коломенскідегі шіркеудің мұражайындағы көрмеден: бұл қамалды Тоқтамыс, Сейіткерей, Едіге жаулап алған – деген деректі оқып, ата кегім қайтқандай кәдімгідей жеңілдеп қалдым. Қысыла-қысыла пікір алысуды да өткіздік, Сайын аға мен Роллан Сейсенбаев, орыс тілді Рүстем Жанғожин бар салмақты өздеріне алды, айтқан пікірлеріміз «Дружба народов» журналында жарияланды.

Кейін Алматы мен Мәскеу арасының шаңын біраз бұрқыраттық қой, бірақ алғашқы «айқас» еш естен кетпейді. Сол сапарда мені СССР Жазушылар одағының жанындағы сын кеңесінің мүшесі етіп бекіттірді. Ол дегеніңіз: жарты жылда бір рет әлем әдебиетінің дамуы туралы арнайы семинарға қатысу, шет ел жазушыларымен және кеңестік көрнекті қаламгерлермен кездесу, теориялық тәлім алу, әр республикада өткізілетін әдебиет апталығына қатысу деген сөз. Бұл менің әдеби көзқарасымды кемелдендірген мектеп болды. Сол үшін де Сайын ағаға қарыздармын.

Сексенінші жылдардың басында жас жазушылардың бүкілодақтық кеңесі өтті. Оған қатысудың өзі үлкен құрмет, өз толқыныңның ішіндегі жоталысы боп ресми мойындалу да жас талапқа демеу. Сайын аға сол жолы кеңеске Мейрам Асылғазин, Дидахмет Әшімханұлы, Асқар Егеубай, Жүрсін Ерман, Серік Асылбек сияқты жас жазушыларды іріктеп жіберді. Барлығының да шығармалары жақсы бағаланды. «Литературная газета», «Комсомольская правда» газеттерінде аттарымыз жылы лебізбен аталды. Оған Сайын аға да, Мәскеудегі қазақ әдебиеті жөніндегі кеңесші Роллан Сейсенбаев та қатты қуанды. Сөйтіп, Сайын мен Әкім аға әкім боп түрған кезінде кеңес одағындағы негізгі әдеби орталықтардың денін көзден өткізіп қалдық. Сондай қуанышты сапардың бірінде мәскеулік жазушылардың ішінен, өзінше айтқанда «таңдап жүріп, мүмкіндігі мол» аудармашыны да тауып берді. Бірақ заман өзгеріп, сексен алтыншы жылдан кейін олардың бізге, біздің оларға деген көзқарасымыз өзгеріп, демеуінен бас тартуға тура келді. Ал «Қар астындағы көбелек» атты жинағымды орыс тілінде өзі басқарып отырған «Жазушы» баспасынан шығарды. Баулу, тәрбиелеу, тәлім деген осы шығар.

Тәлім демекші, бір болмашы, бірақ аса тағылымды тосын жай есімнен еш шыққан емес. Жазушылар үйінің екінші қабатындағы терезенің алдындағы орындықта мүйізі қарағайдай ағаларымыз қатарласа отырып, әңгіме-сұқпат құратын кез. Біз де сымға тізілген қарлығаштай қоршай қалатынбыз. Әйтеуір бір абыр-сабырлы күн. Олжакеңнің – Олжастың бөлмесіне екі-үш рет кіріп шыққан Сайын аға бір кезде жерге иіле қалып, әлдебір нәрсені алып, шытымен сүртіп жатыр екен. Қасына жетіп бардым, сөйтсем, әлгі «мәпелеп» жатқаны кәдімгі бір тиындық жез бақыр: «Сайын аға! Сізге не болған өзі. Тастаңызшы андағы бір тиындықты» – дедім өзімше намыстанып. «Тұрсын, сен қателесесің. Ырыздықты рәсуә етуге болмайды, оны құрметтеу керек, ал ақша дегенің сол ырыздықтың бірі, қазына бір тиыннан құралады. Бір тиын бастамаса – бір сом да құралмайды. Сондықтан да мен бір тиындықты қай жерде көрсем де, арланбаймын, аламын. Ал, мына арада он сомдық, жүз сомдық жатса қарамас едім», – деді де бір тиындықты әмиянына ұқыппен салып алды. Мен не дерімді білмей орынымда қаттым да қалдым. Бұл – ұсақтық, намыссыздық емес, нағыз тәлім екенін ұмытпастай боп есімде сақтадым. Қазір мен де он теңге, жүз теңге жатса көз қиығымды ғана саламын, ал бір тиындықты көрсем, міндетті түрде иіліп тұрып аламын. Тіпті сондайда Сайын ағамды сағына еске аламын.

Тіршілікте сан қилы қиылыстар мен бұрылыстар бар ғой, соның бірінде болмаса бірінде екпініңді тежей алмай, не ағысқа еріп, жақын мен алыстың аражігін ажырата алмай қалатын кезді біреу басынан кешіріп, біреу кешірмеген шығар. Ал өз басым «ақылы – мінезінің сауытына сиымайтын» (Абай) ондай ауытқушылықтан әлі де айырылмай келе жатқанымды мойындаймын. Сондай бір сүрегей сәттерде Сайын ағамыз жымиып қойып, жанай жүре, тоқтатып емес, немкеттілеу сөз қатарында жанашыр бір ескертуді айта қоятын. Ол ескерту ешқашанда жеке басыңның кемшілігіне, жіберген ағаттығыңа қатысы жоқ, ұшқары әдеби-сыни пікірлерді ғана жанап өтетін. Онсызда ішінара дос «жанкүйерлерге» мәлім әттенегнайларың есіңе түсіп, қыпылдай бастағаныңда, әңгіменің ауанын мүлдем басқа әуенге ауыстырып жіберетін. Аман құтылғаныңа қуанып, іштей деміңді алғанмен де, бәрібір, өзіңнің ағаттығыңды мойындап тынатынсың. Неге екенін білмеймін, Сайын аға пендешілік мінез-қылығыңды іштей қостайтын сияқты көрінетін де тұратын. Ал әдеби саладағы әр пікіріңді қалт жібермей, қабатын қалыңдатпай қағып тастайтын.

Ол барлық жан жылуын – Аянның айтылмай қалған ертегілерін ішінде қоздата сақтап, қаламына ғана сеніп тапсырған нәзік жанды суреткер еді. Оның осынау бір сырлы да, жырлы, тағдырлы әлемі «Жабайы алма ағашын» жазған тұста қатпарланып, жазу мәнері мен сөз екпіні қаталданып, өзімен бірге кексе тартты. Иә, кексе тартты! Чеховтың романға бергісіз «Дала» әңгімесі сияқты Сайынның «Жабайы алма ағашы» да лирикадан трагедияға ұласқан ұлы шығарма. Сайын жазушының бар болмысы мен бітімі, өмірге деген назы мен наласы, адамдарға деген өзінің жеке көзқарасы, заман қасіреті осы шағын шығармада барынша қасірет жібі арқылы тоқылған. Мұнда роман-эпопеяға баламалы тағдыр тауқыметі, жанталас, жанығу, қаралы қасірет, қарымды қақтығыс, түңілу, түлеу, күйініш, жұбаныш көзге көрінбейтін сезім желілері арқылы суреттелген.

«Жабай алма ағашы» – сезімдер мен қарапайым адамдардың қақтығысының эпопеясы. Сіз одан ел көсемін, сөз шешенін, қастаншықпағыр қара жүректі таппайсыз, мұнда кәдімгі қарабайыр өмірдегі қарапайым ғана адамдардың бақ пен соры бар. «Алманың» дәмі кермек, бірақ ащы емес. Шырыны тұщы, бірақ тәтті емес. Күйіндіріп – сүйіндірген, күлдіріп – жылатқан, қайғыртып – жұбатқан, өмір сүрудің шешімін өзі шығарған, жек көріп – жеріндіріп жарытпайтын, сүйіп – сүйіндіріп жарылқатпайтын кәдімгі «қу тіршілік» және бұл «Жабайы алма ағашы» сайын Сайын жазушының Ғабең сүйсініп жомарт бағалаған «мәуелі бағының» ең шырындысы. Ол осы шығармасына жанының бар шырыны мен шырылын сығып берген. Шын мәнінде, «Жабайы алма ағашы» лирикалық эпопеясы – Сайынның көркем әлемінің жиынтығы. Осы шығармада жазушы Сайынның барлық көркем жүйесі бар қырынан барынша келісіммен жарасымын тапқан. Лирика да, драма да, эпика да үйлесе біткен. Тек діңі мен жігін ажырата алсаң болғаны. Өкінішке орай, бұл «Жабайы алма ағашы» Сайынның оқырмандары саялаған соңғы мәуе болды.

Оның ерте басталған шығармашылық жолы ерте аяқталды. Жиырма жасында шығар шыңына бірден шықты да отыз бес жасында қолын суыта қойды. Иә, қырықтың қырқасына шыққанда жігіттік соңғы серуен суреттелген бір хикаяты «Жұлдызда» жарияланды. Бірақ ол біз сағынған, біз табынған Сайын емес еді. Бар күшін Сара туралы роман жазуға іркіп сақтап, тағдырлы тартыстарды тамырластырып, шиеленістерді ширатып, сондай тиянақтылықпен дайындалып жүрген салбурын шақта қолын суытып алмаудың бір амалынан туған, Әнуар ағасының шығармаларын аудару барысында алған көңіл-күйдің былауы ғана шығар, кім білсін.

Ол өмірінің соңын, неге екенін қайдам, Алатаудың қыратты жонында оңаша өткізді. Тіршіліктің бар қарбаласынан бойын аулақ салды. Сол бір жеңгей екеуі ғана ұя басқан қиядағы қыстауына іштарта масаттанатын: «Су әкелемін, отын дайындаймын, ағаш бұтаймын, пешке көмір саламын. Содан кейін жазуымды жазып отыра беремін. Баяғыдан осылай істеуім керек екен» – дейтін. Қалаға келіп-қайтуы қиынға соққаны болмаса, сол бір қиядағы аядай ғана үй Сайын ағаның қысылған жанына сая болды. Бала десе өзегі еріп тұратын Сайын өзінің жанына балаған қызы өзінен бұрын дүниеден озғанда өкпе-бауыры езіліп кетті. Абайдың: «Мағаштан кейін өмір сүрдім дегізбеші» – деп әкесі Құнанбайдың әруағына жалбарынғанындай тілекпен Сайын, қазақтың Сайыны да дүниеден өтті.

Ол – ұмытпайтын, ұмытылмайтын, ұмыттырмайтын ұлы тұлға. Сайынды еске алу – парыз, тағзым көрсету – құрмет, алғау – аманат.

2015 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар