Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

10.10.2018 8558

Ұлт намысы

Ұлт намысы - adebiportal.kz

Ол – 1929, 1930, 1937, 1938 жылдары жазықсыз атылған АЛАШ арыстарының соңғы тұяғы еді. Ол – ҰЛТ НАМЫСЫ! Ол – АҢЫЗ! Ол – АБЫЗ!

***

Туған жерің

Тілші менен сұрайды:

– Жұрттың көбі қалада тұрады. Сіз неге ауылды аңсай бересіз? – дейді.

Мен:

– Наурызкөк, қарлығаш т.б. құстар ерте көктемде сонау жердің түбіндегі Африкадан біздің елге мыңдаған шақырым ұшып жетеді. Немене, сонда Африкада ұя салатын жер жоқ па? Құс екеш құс та туған жеріне жер түбінен ұшып жетеді. Ал мен адаммын ғой.

Кейбіреулер туған жерінен жерісе, бұл да бір кем дүние.

Тұғырына саңсыған сұңқар оңбас,

Үйірінен безінген тұлпар оңбас.

***

Ойлан, қазақ

…Түрік ұлтының мінезі асқақ. Түрік халқы еңбекқор. Түрік халқы зерек халық. Өйткені, түркі халық ұлттық тұтастықтың және бірліктің арқасында басқа күштерді жеңе білді.

“Мен түрікпін!” деген қандай бақытты адам (Ататүрік). Ал, бізде қазақтарда қалай? “Мен қазақпын!” деп бәрі де қасқайып тұрып мақтанышпен масаттана ала ма? Ай, білмеймін. Қазақтардың жартысына жуығы өз ана тілінде сөйлей алмайды деп жазып жүр ғой газеттер. Ол рас шығар. Оған өзім депутат ретінде Парламентте жүргенде көзім жеткен. Қазақша сөйлейтіндер некен-саяқ болатын.

Президент Нұрсұлтан мырза: “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін”, - деп айтқан. Бірақ...

Зор кем дүние. Амал қанша?!

***

Қисық заң

Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кете береді.

Бір кем дүние.

***

Осы отты сөздердің авторы – қазақтың арыстандай абадан ұлы, қайраткер Шерхан МҰРТАЗА еді! Кеше, 9 қазан күні Шерхандай арыстың дәм-тұзы таусылып, фәниден бақиға ауды. Ауыр қаза! Ұлт руханияты қара жамылып қалды.

Қазақ әдебиетінің классигі, патриарх жазушы, намыс отын жаққан жалынды көсемсөзші, қара нардай қайсар Шерхан Мұртазаұлының қазасы – рухы әлсіреген, тұрмысы жұпыны қара халықтың жүрегін сыздатқан бір кем дүниелі өкініш...

Күркіреген күндей, шатырлаған найзағайдай жарқ-жұрқ еткен есіл өмір екінті мен ақшамның арасында үзілді де кетті... Әкесі Мұртазаға, анасы Айшаның жанына. Әкесінен ерте айырылып, жетімдіктің тезін көрді. “Халық жауының” ұрпағы деген тақсіретті арқалады. Бірақ, ердің ері екен басына зілдей тоқпақ тисе де, солақай идеологиялы советтің ордасы – Мәскеуде білім алып, шовинистердің ортасында қасқайып жүрді. Тік мінез еді. Сол бірегей мінезімен жауын да, досын да тік тұрғызып сыйлатты. Ұлықтың алдында басын иіп, мәймөңкелеп көрген емес. Бетпе-бет назын айтты. Тіліп тұрып ақиқатын айтты.

2015 жылдың 11 сәуірі күні М. Әуезов атындағы әкемтеатрда Халық жазушысының “Ай мен Айша” романының желісі бойынша ҚР Халық әртісі Т. Әл-Таразидың спектаклі қойылды. Екінші дүниежүзілік соғыстың ( ескі тарих бойынша “Ұлы Отан соғысы”) 70 жылдығына арналған спектакльдің премьерасына Абыздың өзі келіп қатысты. Қасиетті сахна төрінде “Айшалап!” жүгірген ашқұрсақ Барысхан, сахнаға қарсы көрермен залының алғашқы орынында ақсақал Шерхан... Сағыныш, аңсау. Болмаған балалықты, қиын-қыстау дәуірдегі быламақтың дәмі, Айшаның әні... Біз сол кезде Шер-ағаңның жанында қатар отырғанбыз. Абызға қарасам, көңілі босапты. Көзінен мөлтілдеп тамшылар ағып жатыр, ағып жатыр... “Түсіме үнемі Айша кіреді!” деп аяқталды спектакль. Ығы-жығы жұрт қос қолын алма-кезек соғады. Шығармашылық ұжымға құрмет-қошемет көрсетілді. Авторға сөз берілгенде “Бәріңе рахмет! Алла разы болсын!” деп еді толқып.

***

...Шерхан Мұртаза деген есімді 4 сыныпта оқып жүргенімде нағашы атам Көшербайдың әңгімесінен естідім. “Елдосжан, мен “Қызыл жебені” оқып шықтым. Пай, керемет шығарма екен!” екен деп аузының суы құрып, тамсанып отырғаны бар еді. Оқымысты атамның кеңесімен әуелі сұңғыла суреткердің Л. Лагиннен аударған “Хоттабыч қарт”, Г. Х. Андерсеннің әңгімелерін оқыдым. Сосын “Интернат наны”, “Мылтықсыз майдан”, “Табылған теңіз” шығармаларын оқыдым. Оныншыға ауысар кезде “Қызыл жебені” бастаппын. Мектеп бітірер тұста оқып бітірген, бір емес, екі-үш қайтара оқыған шығармам осы – “Қызыл жебе” еді. Дәл осы тұста аңсарым Алаш әдебиетіне ауып, Алаш оғландарының тауқыметті тағдырына деген қызығушылығым ояна бастаған... Сол қызығушылығымның шоғын үрлеген екі шығарма болса, соның бірі осы еді. Жүректегі өмірлік арман-мақсаттың қоламтасын қоздырып, мол әсер берген қайран Тұрардай тұғырдың өмірі...

Студент болып, Торғай топырағын басқанымда Шер-ағамның публицистикалық еңбектерін оқуға ден қойдым. Жазушының досы, көрнекті қайраткер Қамал Смайыловпен екеуара жазысқан хаттары... Сай-сүйегіңді сырқырататын елдік һәм ұлттық проблемалар. Қаймана қазақтың өз Отаны, өз бесігіндегі аянышты тұрмысы, ала сөмке көтеріп, қара арба итеріп, базар жағалаған қайран қара қазақтың әлеуметтік жай-күйі жан-жүрегіңді езіп жіберердей жазылған еді ау... Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда!” деп айбат көрсеткен сесті ер халық үшін жаралған боздақ екен! 3-4 курсқа оқып жүргенімде Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығымен танысу басталды. Сол сәтте Шер-ағамыз аударған “Жанпида”, “Боранды бекет”, “Теңіз жағалап жүгірген тарғыл төбет”, “Қош бол, Гүлсары” романдарының өзі не тұрады десеңізші! Ол – ол ма, біздің Шер-ағамыз Айтматовтың романдарын аударғанда түпнұсқадан да бетер гүлдендіріп, құлпыртып жіберіпті ғой... Оны мен магистратураға түскенімде, орыс әдебиеті бөлімінде оқи жүріп, Ш. Айтматов шығармаларын түпнұсқадан қайыра оқып ем, сонда көзім анық жеткен. 2003 жылдары жазушы Асқар Алтайдың құрастыруымен “Атамұра” баспасынан Ш. Айтматовтың романдары қазақ, орыс тілінде көп таралыммен басылып шыққан-ды. Әлі күнге дейін өңір-өңірдегі “Атамұраның” кітап дүкендерінде толып тұрған саф алтындай кесек дүниелер. Осы сериямен шыққан кітаптардың барлығы дерлік біздің де жеке кітапханамыздың құнды бір коллекциясына айналып қалғандай...

Мені Шер-ағамен байланыстыратын бір тарих – біздің нағашы жұртымыз туралы жазғаны еді. Алаш заманында нағашымыз Есенқұл қажы Қазақ романына бәйге тігіп, әдеби байқау ұйымдастырды. Маман Қалқабайұлының өсиетімен, Барлыбек Сырттанұлының кеңесімен ағайынды Сейітбаттал, Тұрысбек, Есенқұл сынды Маман балалары Жетісуда тұңғыш рет (1899 жылы) мектеп ашып, жаңа үлгіде сабақ беріле бастады. Қапал уезінің Ақсу бөлігіндегі Ежен жотасы жанынан Қарағаш қаласы бойкөтерді. Көк шатырлы үйлер тоғыз жолдың торабындағы өркениеттің бесігі еді... Бірақ қызыл мен ақтың тайталасында өртеніп кетті. Осы мектеп турасында: “...Мамания” жұрттың бәрі біле бермес. Әсіресе, кейінгі буын. Бұл өлкеде Маман деген бай өткен. Осыдан жүз жыл бұрын сол бай мектеп салдырыпты. Қазақта байлар аз болмаған. Бірақ оларды қазір кім біледі? Өтті-кетті. Мыңғырған малды, байлықты о дүниеге ала кеткен жоқ. Ешкім олардың басына алтыннан ескерткіш соққан жоқ. Ал, Маман байдың аты қайта тірілді. Бізде қазір байлар бар ма? Бар ғой. Бар болса, мектеп салдырғаны бар ма? Естімедім. Оқымадым. Ендеше Маман байдың ісі – соларға сабақ. Дүние - өткінші. Бірақ Маман сияқты өлмеймін десең жүдеу тартқан ауылға қол ұшыңды бер. Тозған мектебін жөндеуге көмектес. Анаң ғой. Өзің бар бола тұра, Анаңның көйлегі жамау-жамау бола ма?” (“Егемен Қазақстан” 11 мамыр, 1999 жыл) деп жазған еді ғой, жарықтық.

Сүйікті жазушыммен кездесіп, бір рет болып қолын қысып, батасын алсам деуші едім. Аллаға шүкір, абыз қаламгерді көріп, қолын ұстап, батасын алдық. Аз болса да әңгімесін тыңдадық. Бұл – менің өмірімнің естен кетпес бір сәулелі шағы. Жақсы естелік, қымбат сәт.

Тарланбоздың шығармашылығы, суреткерлігі һәм қайраткерлігі, алтын әріппен жазылатын ұлтшылдығы туралы осы күнге дейін де айтылды, болашақта да молынан айтылатыны анық. Енді Шер-ағамыздың шығармашылығындағы Алаш мәселесі, Алаш тарихы туралы айтқан ойлары арнайы қарастыруды қажет етеді. Жазушы архив көрген, архив құжаттарын ақтарған зерттеуші. Өмірінің отты кезеңін Алаш ұлдарының қиян-кескі тағдырын тануға, соларды адақтауға арналды. Сыншы Сайлау Жұмабек жазғандай, Сіз – жұлдызы нұрлы суреткерсіз!

Шерхан Мұртаза – феномен! Оның – жазушылығы, мектеп қалыптастырған, дәстүр тудырған редакторлығы һәм заманауи дипломатияға сай шешендігі мен қайраткерлігі, бітімі бөлек саясаткерлігі, өткір-өткір жебедей найза сөздері бәрі-бәрі ҚҰБЫЛЫС!

Шерхан Мұртазаның ғұмыры – әр қазақ баласының (әдебиетке ынтық, саналы һәм сауатты) жүрегіне жақын тағдыр болмақ. Ендігі де еліңіз жаңа туған сәбиге Өзіңіздей ер болса екен деген тәтті ниетпен есіміңізді береді. Сіздей болу қайда? Дегенмен, Сізге ұқсаған, тар жер – талқы-таласта ұлт намысын жықпаған Ер болсын!

***

Биыл көктем жылдағыдай емес, асықпай келген еді ғой... Ерте көктем шыға салысымен Шер-ағаңның әулие құс – Наурызкөкті күтетін әдеті бар еді. Бәлкім, биыл көктем кешігіп, көк мезгілінен кеш өскеннен болар, наурызкөк те кешігіп жеткен-ді. “... О, жарықтық! Жақсылықтың жаршысындай болып көзге оттай басылған көгілдір Наурызкөкті көрдім. Ол жылда мені көктемнен көктемге дейін жетелеп келе жатқан әулие құс. Көрісер көктеміміз көп болсын, әулие Наурызкөк! Сен көрінбей қалсаң – сол қиын. Нағыз кем дүние болар...” деп еді. Расымен, бұ дүние кемдігі көп зор дүние екен...

Шер-ағамыз пенде ретінде тура 86 жыл, 10 күн өмір сүріпті. Аз ба, көп пе білмедім. Алланың өлшеп берген ғұмыры – осы. Өзі сан рет жазып еді ғой,

“– Апырай, мен әлі тірі жүрмін, ә, – деп қоямын. – Мүмкін, Алла менің қиянаттан қырыққа жетпей қайтыс болған әкемнің жасамаған жасын маған қосқан шығар?”.

Туған жері, кіндігінің жолдасы еті көмілген қайран Мыңбұлақ, көрікті Ақсу Жабағылы қойнын ашып, арыстан баһадүрін күтіп алған екен. Өзіңіз жақсы көретін жұлдызыңыз – Шолпан қанатына ілестірген екен. “Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек!” (Абай) деуші едіңіз ғой, рахметтілігіңіз қайырлы болсын!

Хош, қазақтың бағлан Ері! Жаныңыз жәннаттың төрінде болсын! Өмірдің қызығын, Шерхантайының өсіп-жетілгенін көре алмай арманда кеткен әкең – Мұртазаның, сенің қолыңа қамшы алып, атқа мінген тұғырыңды көре алмаған анаң – Айшаның жанында ажырамай, жәннаттың бау-бақшасында болыңыз! Күллі қазақтың, әдебиетсүйер қазақтың қайғысына ортақтасып, қамыға көңіл айтамын.

***

Бұрын шерлі де шымыр Шерханымыз бар еді, толықсыған Айымыз бар еді. Тек Айша-анамыз жоқ еді. Енді тек Айымыз ғана, жалғызымыз осы – Айымыз ғана қалыпты. Айды да аялай білейік...

Елдос ТОҚТАРБАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар