Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жаһан жырын жарқырата жеткізген

20.08.2018 486

Жаһан жырын жарқырата жеткізген

яки

Қазақтың көрнекті ақыны Ф.Оңғарсынованың көркем аудармалары хақында

І. Ақын «сөйлеткен» жырлар

Ой мен сананың, жүрек пен жанның тұтастық сипатын танытар осынау ғажайып құбылыстың жер бетінде қанша ғұмыр сүргені, әлі қанша ғұмыр кешерін ешкім кесіп айта алмайды. Бірақ ай, жұлдыз аманда, мына қарағайы, тал – қайыңы тербелген қара орманды таулары аманда, әр алуан тілде сөйлейтін, әр қилы ғашық болатын ұлдары мен қыздары аманда, жұмыр жердің төсіндегі өмір мәңгілігін танытар жану мен өшу, күю мен сүю, жақсы көру мен жек көру сезімі аманда ақындық өнерінің өлмесі, жырдың жазыла берері шүбәсіз. Бір қарағанда жұмыр бас пенденің жалқы сезімі мен жандәрмен ойының қағаз бетіне түсе қалған айнасындай көрінер, адамның жылаған, күлген, қайғырған, шаттанған, мұңайған, шабыттанған сәт – сағатының ырғақ болып түйіліп, ұйқас болып құйылып, өз қалыбы мен өрімін оп-оңай таба қойғандай елестер шынайы жырдың шыңғырған мінезі мен шымыр табиғатын тану оңай емес. Ол осы қасиеттерін аудармаларына да сіңіре білді.

Қазақ әдебиетінің поэзия атты ақбоз үйіндегі ұрпақтар сабақтастығына көз салар болсақ, алдыңғы толқын беделді, бел қайысар жыр жүгін көтеріп келе жатқан, көтерген бір шоғыр ақындар тобы назарға шалынады. Сол топтың ішінде сөз өнері – поэзия патшалығының ауыр азабын арқалаған жанның бірі – Фариза Оңғарсынова екені даусыз. Ол осындай уақыт пен жүрек сынынан сүрінбей, оқырман ойының кең айдынына әлдеқашан шығып кеткен ақын. Асылы, Фариза Оңғарсынова кең тынысты, сан қырлы талант. Оның өмір, адам, дүние тану кеңістігін айғақтар қайыпберген сезім мен қайталанбас ойлар иірімі өзіндік өр үнімен, өзгеше бояуымен, тағылымды мінезімен, танымдық сипатымен көңілді толқытады, жүректі тербетеді, жанды байытады. Қазақтың көрнекті ақыны, ҚР Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза Оңғарсынованың аударма саласында да өзіндік қолтаңбасы бар. Ол әлемнің біршама қаламгерлерін қазақша сөйлетті. Мысалы, сонау ерте замандағы тұтас түркі халқының ортақ тарихи тұлғасы М.Қашқаридің «Ерлікті аңсау», «Йабақыларға қарсы күрес жырлары», «Таңғұттарға қарсы күрес жырлары», «Алып Ер Тоңғаны жоқтау», «Көңіл күй жырлары», «Нақылдар мен ғақылдар», «Белгісіз батырды жоқтау», С.Капутикяннің «Отанға деген махаббат», «Батырдың жесіріне», «Туған жер», «Бұлақ-ескерткіш жайлы әндер», «Ұлыма», М.Тұрсын-заденің «Бауырластық қағидасы», С.Муккерджиден «Тек осы жер», М.Абылқасымова «Тауда», Ф.Алиевадан «Биіктер», «Тау заңы», «Күн мен махаббат», Г.Момуновадан «Мәңгілік от», «Жыр оқысам», Туған үйге барғанда», «Атылыпсың оқ болып», А.Еженовадан «Балалық шақпен қоштасу цикылынан», А.Беляевтан «Қамалу», «Сүйіскенге дейін», «Тағдырмен кездесу», «Сол бір түн», «Бақыт құсы», «Жас отау», «Өмір деген махаббат», «Әкелікті сезіну», «Елге оралу», «Кек және кешірім», «Әйелдің ойы», «Қызғаныштың қалқаны», М.Әлиден «Өзбекстан», «Менің байтақ Отаным», «Көкпар», «Күз», «Жүрегім менің», «Бидай елеген әйел», «Ояну», «Желмен сырласу», «Ескі корабль», «Прометей», «Қуыршақ», «Бұлбұл әні», «Таңғы сурет», Орыс әдебиетінен В.Курочкиннен «Самұрық», А.Майковтан «Бір түп жусан», М.Лермонтовтан «Мұңды әуендер топтамасын», «К-ға», «Жыраудың әні», «Саратовтағы оба», Т.Шевченкодан «Оба», А.Блоктан «Көл үстінде», «Солтүстік теңізде», «Құмда», «Музаға», «Ресторанда», «Әзәзіл», «Нәпсі», «Ақындар», «Он екі жыл өткенде», «Теміржолда», «Кармен», «Куликов даласында», «З.Н.Гиппиусқа», «Қарлы перде», «Қарлы шарап», «Қарлы өрнек», «Ақырғы жол», «Күзетте», «Екінші рет туғанда», «Дауыл құшағында», «Дауылдар шақырғанда», «Әйелдің әні», «Қанатты шақ», «Ғашықтық», «Қажет емес», «Үрей», «Жоғал», «Тағы да қар», «Дауыстар», «Қарда», «Перделер», «Бұлыңғыр елестер», «Шарап құйған шыныдан», «Диван жақ бұрышта», «Қабырғадағы көлеңкелер», «Келеке», «Олар өлең оқиды», «Болар іс», «Мұнда және онда», «Абыржу», «Өлімге бел шешу», «Басқа жол жоқ», «Дауыл - менің жүрегімнің аңсары», «Қарлы алау», «Фаина», М.Дудиннен «Жеңімпаз», П.Элюардан «Аналар мен жесірлердің тілегі», «Бұдан былай жалғыз», «Қарымта», Д.Варандтан «Эстон топырағы», М.Львовтан «Жайып салам жүрегімді», «Шындық», Л.Ошаниннен «Мұхтар Әуезовті еске алу», Украин ақыны Б.Олейниктен «Сұрбойдақ балладасы», «Ана туралы ән», «Менің қарызым», И.Драчтан «Күнбағыс туралы баллада», «Әулет балладасы», «Қанат хикаясы», «Пикассоның көз жасы», «Арамен жолдастық», «Алтын пияз балладасы», «Қыз саусағы», Е.Евтушенкодан «Ұнатпайды жұрт мені», «Не берсең де тұтас бер бәрін маған», «Қашан шықты бұл өзі тірілерді», «Қайтып тынсын көңілім алаңдамай», «Түсінбеймін не болған осы маған», «Мен досымды жерлегем», «Ұйқта, жаным...», чили ақыны П.Нерудың «Жүректің төрт мезгілі» кітабын және т.б. ақындар туындыларын тәржімалап, қазақ оқырмандарының назарына ұсынды. Бұл түсінген адамға үлкен еңбек, бейнеті мен машақаты мол жұмыс.

Ақын Фариза Оңғарсынова өзінің көркем әдеби аудармалары хақында «Ғашықтық жырлары» атты еңбегінің алғысөзінде бүй деді: «Ғашықтық сезім – адамзат ғұмырын жалғайтын нәр.

Ол сезім тек ер мен әйелдің арасында болады деп түсіну – қателік. Балаға, анаға, әке мен бауырға, дос пен жарға, туған жер, атамекенге, өнерге деген өлмей ажырамайтын қимастық – осының бәрі, сайып келгенде, ғашықтық.

Поэзияның алтын діңгегі – осы сезім.

Бұл кітап түрлі тілде өлеңмен өрнектелген жырлардан – сезім жырларынан тұрады.

Әр тіл – өзінше құпия әлем. Оның өзіне ғана тән бояулары болады.

Мен осы ғұмырымда сол әр халық ақындарының өзіме ұнаған, өз жүрегіммен үндес шығармаларын туған тіліме өз бояуымен жеткізуді мақсат еттім. Бұл жолда өзім де көп жайларды үйрендім.

Әсіресе Александар Блок пен Пабло Неруданың жырларын аудару үстінде қатты қиналдым. Әр ақынның қадір-қасиетін өз халқымның оқырманына дәл жеткізгім келді. Тіпті әр өлеңнің ырғақ, буындарын да сақтауға тырыстым

Үлкенді-кішілі әр шығарманы аудару үстінде өзіме сол ақын өз жырын қазақша оқып, кейін маған үкім айтады деген шарт қойдым. Өз бауырластарымды сан жүректердің лүпілімен тілдестірсем деп армандадым.

Бұл кітап қалай болғанда да, жүрегімнің қанын, жанымның қуатын берген өз творчествомның бөлінбес бір бөлігі.

Қазақтың өлең сүйер ұрпағы осынау ғашықтық жырларынан әр ақынның жүрек лүпілін сезініп, өзінің жан әлеміндегі тұнып жатқан сәулелер пернесіне үндестік тапса, маған қуат берер мақсат – осы!» - дейді. Бұдан біз ақынның әдеби көркем аудармаға аса бір ыждаһаттылықпен, зор жауапкершілікпен, үлкен дайындықпен келгенін байқаймыз.

Француз халқынын адал ұлы Поль Элюардың (1895-1952 жж.) өзіндік ерекшелігі мол жалынды жырлары поэзия сүйгіш адам баласының көмескіленбес бірнеше өлеңін тұтас беріп отырмыз. Мысалы:

Аналар мен жесірлердің тілегі

Қол қусырып тіледік,

Көзімізде шын бақыттың күлкісі

ойнап жүр едік

күннің өзін тербетіп,

Жүрегіміз кеудемізден сүт бұлағын селдетіп.

Қызыл қанмен, қылышпен

құтқарыңдар фашизмнен, жер көрмеген бұл істен!

Берші қару біздерге,

фашистерді атқылайық, атқылайық біздер де!

Олар аз ғой өлгендерден, бұғанасы қатпаған

қыршын кеткен боздағымыз жазықсызға оқ атпаған.

Біз оларды сүюші едік ес қалмай,

Тек өмірді ойлайтынбыз басқа ештеңе еске алмай.

Қолымызға қару ұстап, басқа ештеңе көрсетпе,

Өлімменен арпалысып өлеміз бе өлсек те!

Бұдан былай жалғыз

Олар,

Қара құс секілді, билейтін түндерде,

Жандары пәк гүлден де.

Қызын, ұлын ажырата алмадым мен шашынан.

Әрқайсының арқасында винтовка бар асынған.

Қол ұстасып билейді олар, ән салып,

Бостандық деп жар салып,

Ән-ұшқынмен жалындады түнгі әлем,

Жау көз ілді тәтті ұйқыға тамсанып.

Олар деген –

өмірдің жаз маздағы ,

көңілі асқақ, жаз жаны,

армандары дауылды айдын теңізбенен ұласу,

тағдыр бірақ көбінесе көруді оны жазбады.

Әділетпен тірлік ету –

мәні осы өмірдің,

үлгісі олар шыншыл, адал көңілдің.

Мынау байтақ ғаламда

олар бауыр барлық адал адамға.

Оларда арман

мөлдір бейне сынаптай,

күш тасқыны шыдатпай

қол ұстасып ұмтылады олар алға Жеңіске,

ақ айдынға талпынатын бұлақтай.

Қарымта

Мынау соғыста мерт болды:

ондаған достар, жігіттер,

ондаған арулар - үміттер,

ондаған сәбилер;

жүздеген жігіт өлді,

жүздеген үміт өлді,

жүздеген бөбек өлді,

мың дос пен мың әйел, мың бөбек..

біз санауға не деген жүрдек ек.

Иә, өлікті санай аламыз,

жаңылмай санай аламыз.

Бірақ уақыт зырғуда,

сонау кекті қалай аламыз?

Соғыстан соғысқа дейін

ұмытылар ма екен

мерт болған талай ағамыз...

Егер бір өлі мүсін

есте қалса, былай өтеміз:

біз соғыспен күресіп етеміз

Өмір үшін!» «Тірлік ету – яғни өмірінді басқалармен бөлісу. Дүниедегі жалғыз тұрағың бүкіл әлем». Әлемдік ұлы әдебиеттің алтын қорына өз есімін мәңгі жазып кеткен ХХ ғасырдың даңқты ақыны, француз халқының ұлы Поль Элюар (Эжень Эмиль Поль Грендель) осылай деп жазған болатын. Прогресшіл гуманист ақын өз творчествосымен, өз тірлігімен осы өзі айтқан қағидаға берік екенін көрсетті. Бүкіл әлемді өз үйім деп, адамзат баласының тағдырын өз тағдырым деп қараған Поль Элюардың әр өлеңінен, әр жолынан зұлымдық пен әділетсіздікке қарсы адалдық пен бостандық үшін күрестің айбынды үнін естиміз. Фариза ақынның аудармасының ерекшелігі француз ақынының жан күйін дәл, шынайы, бере білуінде. Ал, мынау П.Нерудың «Ұйқысыз түндері»:

Сүйікті менің Отаным,

Не болар сенің тағдырың,

қандай боп туар алғы күн –

түндерде талай дөңбекшіп,

атқызды оймен таңды ұлың.

Мен соншалық сүйемін

әр тасыңды да, киелім.

Бұрқанып жатқан теңіз бен

тауыңа басымды иемін.

Сенімен бірге гүл аттым,

бақыттан сенсіз жырақпын.

Сонау бір сәби шағымнан

сенімен күліп, жылыппын.

Өзіңді барлық қалпынмен

қалтықсыз сүйдім, ұнаттым.

Ал бүгін, жаным сезеді,

ой тыным таппай кезеді.

Қателік толы жылдардан

көзді жаңа ашқан кез еді.

Адалдық пенен шындықтың

жетті ғой деп ем кезегі...

Зұлымдық тағы көрінді-ау

Қабырғам соған сөгілді-ау (Пабло Неруда «Жүректің төрт мезгілі»).

Бұл өлеңнен де күрескер ақынның Отан үшін «ұйқы беріп, қайғы алған» атты үш өлеңді толық оқып көрелік:

«Өлім» туралы

Мен қалада қаңғырып көп жүремін,

Өлімді де көп көрдім бұл өмірде,

қайғырмайды сонда да ер жүрегім,

елімді ойлап жасымас жігерім де.

Бәйге алаңын мен бірде араладым,

Аспан ашық. Алтын күн нұры төгеді.

Қорған іші көктемнің салады әнін,

Дала жасыл майсаны бүркенеді.

Жұрт мінбеде дуылдап алаңдағы

қызықтайды жүйріктер бұлқынғанда.

Сәйгүлікпен бірге ойнап жанарлары

әлем-жәлем киінген сылқымдар да,

мырзалар да, өзге де - қарар бәрі.

Ал жүйріктер қиқумен ұмтылды алға.

Келе жатып естідім ат дүбірін,

От тұяқтар - қан ойнап, тулады үміт.

Шықты кенет артымнан қатты бір үн:

«Құлады, құлады!» - деп шулады жұрт,

қарғып шығып қорғанға,

қарадым да

көрдім: жарыс, қиқу ды жаңа мұнда,

ат келеді ентігіп шабармансыз,

жатыр жолда құлаған адам жансыз.

Жатыр алыс аспанға жүзін беріп,

Ғұмыр бойы жатқандай қара жерде

үнсіз, жансыз көздерін қадап елге.

Музаға

Сазыңмен сенің зарлы, үстем

келгендей ажал,

батыл күн,

үні бар және қарғыс пен

күйреген бейуақ бақыттың.

Бар ма екен, сірә, күш сендей,

алдында әлсіз бар халық.

Жұмақтан жерге түскендей

періштелер де арбалып.

Мазақтап өзің сенімді

күлгенде,

сенің көгіңнен

сұрғылт бір сәуле төгілді

бір кезде маған көрінген.

Қайдансың өзің, сырласым,

келдің-ау көктен тегі шын.

Жұрт үшін ғажап музасың,

азапсың бірақ мен үшін.

Таң ата күшіп сарқылып,

қалжырап біткен шағымда,

сәулеңе сенің талпынып,

қалыппын өлмей - бағым ба?

Жау болсақ деп ем жоламай,

сыйладың неге – өлтірдің -

түнгі аспан, гүлді көгорай -

қарғысын ғажап көркіңнің?

Аймалап бір сәт, жоғалдың

шараптан бетер мас қылып,

бұлбұлдай ұштың – солармын -

Іздеймін көзге жас тұнып.

Еркімді ол билеп сенделгем,

досты да кейде дұшпан ғып,

жүрекке тірлік, дем берген

жусандай ащы құштарлық!

Ақындар

Қала шеті – саз, мейлің батпаққа бат,

Тұрды ақындар үйлерде бұл жердегі.

Көргенде олар бір-бірін асқақ қарап

іштерінен менсінбей жүргендері.

Қызықтамай жаңа үйді, жаңа жерді,

ақын біткен атырар бақыт таңын

столынан бас алмай,

қала берді

шарап ішіп өткізіп уақыттарын.

Ішкенде – дос бүкпесіз сыры, жаны,

тіл күрмеліп, мылжыңдап түніменен,

Сосын іске жан салып жұмылады,

толғатады, туады сұлу өлең.

Ес жиғанда көз тігіп тұрар көлге,

Маңғаз төбет секілді мақұл бәрі.

Елең етіп көлденең бұраң белге

тұтқындалып қалады ақын жаны.

Армандайды ғажайып заман жайлы,

баспадағы жандарды қараңғы деп

бір ауыздан қосылып жамандайды.

Гүл үзілсе мұңайып қалар жүдеп.

Тұрды осылай ақындар, оқырманым,

сен ойларсың: «Әуре, деп, мұның бәрі,

жайлы, қамсыз тірлікпен отырғаным

артық менің,

құрсын бұл ғұмырлары!»

Жоқ, оқушым, сенің бұл ақыл-ісің,

қамсыз, топас тірлігің - қиын маған.

Жайлы заман, бүлт, бұрым - ақын үшін,

Саған оны ұғу да бұйырмаған!

Әйелің де жанында, тоқ көңілін,

заңдарды, шартыңды ол ұрмайды да!

Мейлі елейін төбеттей тас түбінде,

Өмір мейлі таптасын жерге мені,

Сенем: құдай ақ қарын шашып бірде,

Аймалайды бораны емдегелі». Өлеңдерді оқып отырып, құдды бір қазақ ақынының өлеңіндей қабылдайсың. Соған кәміл сенгендей боласың. Міне, бұл аударма құдіреті. Ақын шеберлігі! Ал, мынау М.Лермонтовтың «Мұңды әуендерінен» үзінді:

«Жұлдызымен тағдырымның

бірге сөнген тәтті арманым.

Тек жанарда қалды мұңым,

Көз салсаң да шаттанбадым.

Жас төккенмін,

жылауменен

мені талай басқан қайғы.

Тас мүсіндей мынау денем,

көзден бүгін жас тамбайды...» Ғашық хәлін дәл суреттеген тамаша өлең. Ырғақты сақтаған, оқырманын сендіре алатын ғазал.

ІІ. Көркем аударма табиғаты

Адамзат аударма арқылы араласып-құраласады. Біз өмір сүріп жатқан әлемнің іштей белгілі бір жүйеге құрылғандығы, адам тіршілігінің кез келген қимыл қарекеті өзінше шағын жүйе екендігі, онсыз әлемнің тұтас жүйесі жасалмайтындығы белгілі. Адамзат тілдерінің арасында да коммуникацияның өз жүйесі, яғни трансляторы болуы керек. Тілдер арасындағы осындай байланыстырушы жүйенің ең қарапайым шешімі –аударма. Бұл тұрғыдан қарағанда аударма адамзатты біріктіріп тұрған факторлардың бірі деуге болады. Аударма ұғымы – кең ұғым. Поэзия аудармасында тәржімешіге мәтінді өзінше пайымдау, бажайлау тұрғысынан бөлекше жауапкершілік жүктелгендіктен аудармашыдан лингвистика мен аударма теориясы саласында жеткілікті дайындықпен қатар, әдебиетшілік, мәдениеттанушылық, стилистикалық дарын да талап етіледі.

Әр аударма, шынтуайтында, өзінше эксперимент. Кез келген туынды автор қолымен дүниеге келген қайталанбас дүние. Ол жақсы болар, жаман болар, авторы талантты болар, талантсыз болар бәрібір, бұрын мұндай шығарма жазылмаған, енді қайтадан дәл осындай шығарма жазылмайтыны тағы рас, демек, қайталанбас дүние. Аударма сол қайталанбас дүниенің басқа тілде қайталанған нұсқасын жасауы, яғни, басқа тілде дүниеге қайта әкелуі керек. Көркем аударма ұғымының өзі өнердің барлық түрінің ішінен тек сөз өнеріне қатысты. Кескіндеме, мүсін өнеріне, биге, музыкаға аударма керек емес, белгілі бір дәрежеде киноны да түсінбейтін тілде көріп, ұзын ырғасын ұғып шығуға болады. Ал түсінбейтін тілде әдеби шығарма тек әріптер мен тыныс белгілер жиынтығы ғана. Оған жаңа өмір сыйлайтын адам аудармашы. Бір тілде туған өнер гүлін басқа топыраққа алып келіп қондыра салуға болмайды. Жалпы, оны сол топырақтан суыруға болмайды. Аудармашы сол гүлдің дәнін алғандай абайлықпен жаңа топырақта жаңа гүл өсіріп шығаруы керек. Фариза ақынның аудармаларынан осыны байқаймыз. Жаңа топырақ дегеніміз жаңа тіл. Көбіне атымен жаңа тіл.

Аударманы ұлттық сөз өнеріне қандайлық табиғи кірігіп кетуі мүмкін екендігін зерттеуші көп уақыт Асан қайғы толғауы делініп келген өлеңнің («Таза, мінсіз асыл тас») ХІХ ғасырдағы орыс ақыны Юлия Жадовскаядан Ахмет Байтұрсынұлы жасаған аударма болып табылатынын мысалға келтіре отырып дәлелдейді. Мұның өзі аударманың керемет мүмкіндігін де нақты айғақ.

«Тәржіменің ғажап қасиетін мынадан білуге болады. Адам ойы деген атқан оқтай түзу, төселген тақтайдай тегіс нәрсе емес. Бір ойдың өзі бір тілде қағазға түскенде бар қырын бірден аша салмайды, бәлкім, тіпті аша алмайды. Әлем әдебиетінің айналымына түскен туындылар сан түрлі тілдерге аударыла-аударыла жүріп, мәтіннің қатпар қалтарысындағы астар, емеуріндер табыла беруі де мүмкін. Тіпті бір ойдың төл тілдегі көмкерілген түрі сәттірек шығуы да ғажап емес. Олай болмаған күнде де әр аударма сайын қайта бағамдаудың өзі шығарманың бойына жасырылған жұмбақты шешуге, көркемдік кестелерін жаңаша жайып көрсетуге көмектесетіндігі анық».

Қорыта айтқанда, ақын – өз заманының ар-ожданы, ол болашақ үшін өмірді сүреді. Жеке дара ақын жөнінде айту сол халық мәдениетінің бір қыры, ұлттар әдебиетінің гүлднуі мен өзара жақындас диалектикасынан туындаған болмыс шындығын тану деген сөз. Ал Фариза Оңғарсынова хақында айту – қазіргі жетістік табысымыз бен ізденіс барлауларды, әдебиет тарихы мен халқымыз қала берді, әлемдік әдебиет пен көркемөнерді жете меңгерген жанның жүрдек жүрісі мен жүрек лүпіліне жете мән беру болып табылады. Елдің бәсекеге қабілеттілігінің бір шарты тілдің бәсекеге қабілеттілігі. Өркениетті дүниенің додасына өз тілімен өмір сүре алатын ұлт қана қаймықпай түсе алады. Тілдің бәсекеге қабілеттілігінің нақты көрінісі мына дүниедегі барша құбылысты айқын айта алатындығы Ф.Оңғарсынова шығармашылығының ерекшелігі, әсіресе, жаһан жырының жауһарларын жарқырата жеткізе білетіндігінде. Мұндай дүниелер ғасырдан ғасырға қарғып, мәңгі өмір сүрмек. Демек, қаламгер аудармасының уақыттың ұлы сынына түсер шағы әлі алда...

Жарқын ӘЛІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар