Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Жайықтың жағадағы жас құрағы...

18.07.2018 12194

Жайықтың жағадағы жас құрағы 12+

Жайықтың жағадағы жас құрағы - adebiportal.kz

Батыс Қазақстан облысының «Әдебиет порталындағы» онкүндігі аясында Ақжайық өңірі жас ақындарының өлеңдер топтамасын ұсынамыз.

Сыйлыхан Жұмасалық Талапұлы 1988 жылы 10 ақпанда БҚО, Жаңақала ауданы, кіші Айдархан ауылында дүниеге келген. 2006-2011 жылдары М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің «Мәдени тынығу жұмысы» мамандығында білім алған. Республикалық, облыстық мүшәйралардың жүлдегері.

Аяймын...

Бақытты аяймын,

Ұмытқан негізгі тамырын.

Уақытты аяймын,

Адамдар білмеген қадірін.

Мансапты аяймын,

Бір-бірін көре алмай іріген.

Байлықты аяймын,

Тойымсыз құлқында шіріген.

Жастықты аяймын,

Жалындап от болып көрмеген.

Қарттықты аяймын,

Аузында дуа жоқ төрлеген.

Жүректі аяймын,

Тас болып сезімсіз кірлеген.

Сезімді аяймын,

Жауапсыз нәп-нәзік бүрлеген.

Гүлдерді аяймын.

Тамыры талайсыз солатын.

Қыздарды аяймын,

Тағдыры гүлдердей болатын.

Ақ бантик

Мен бұл сырды жасырғанмын достардан.
Мен бұл жырды іздегенмін аспаннан.
Мен бұл мұңды жүрегіме жастанғам,
Бәрі-бәрі ақ бантиктен басталған.

Ең алғашқы кірпігіме мұң қонып...
Балалығым ойға оралдың жыр толып.
...Бұрымыңда бақыт тұрды түюлі,
Анаң таққан бантигіңде гүл болып.

Жүрегімді сұлу айға ілдіріп.
Тілегімді жұлдыз біткен жыр қылып.
Сол түюлі шаштарыңды тартқылап,
Кетуші едім сүйгенімді білдіріп.

Соған жеткен менің шолақ ақылым.
Одан әрі жетпей қойды батылым.
Саған ғана қамқор болып жүруші ем,
Ол қылығым ете алмады жақының.

Тағдыр солай жаратқасын біздерді.
Мәңгі көктем жанымызға күз келді.
Ақ бантигің шыныменен гүл екен,
Әттең-әттең кім қалайды үзгенді?!

Ал сен оны сездің мүмкін сезбедің.
(Бар білерім жалғандыққа төзбедің)
Мен бақыты бола алмадым өзгенің,
Сен бақыты бола алмадың өзгенің.

Жылдар-жылдар өтіп жатыр айналып.
Бірақ сезім көрмеп еді лайланып.
Анаң таққан ақ бантиктей шашыңа,
Қалсам деймін бақыт болып байланып.

Мен жылдарға тоналыппын еріп құр.
Кеш те болса ұсынайын сеніп гүл.
Бұрымыңда гүл жайнаған бақытты,
Алақанда аялағым келіп тұр.

Бауыржан Ширмединұлы 1992 жылы 30 шілдеде Сырым ауданы, Өлеңті ауылында дүниеге келген. Бірқатар жыр мүшәйралары мен республикалық айтыстардың жүлдегері. 2016 жылы өткен «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты көшпенділер фестивалі аясындағы ақындар айтысының Бас жүлдесінің иегері. 2016 жылдан бері Халықаралық айтыс ақындары және жыршы, термешілердің Одағының мүшесі. Бүгінде «Жайық ПРЕСС» ЖШС қарасты Сырым аудандық «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінде тілші болып қызмет етеді. «Дәптер» атты тұңғыш жыр жинағы 2018 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді.

ҚАЛАҒА ХАТ

(жерлестер форумынан кейінгі ой)

Қаланы қопардың да, шайқадың да,

Бірақ, бақыт таппадың, байқадың ба?

Бақыт деген қалаға барған жоқ қой,

Бақытты болғың келсе, қайт ауылға!

Бақытты біреуі едің жалпы адамның,

Артығын табамын деп арқаландың.

Сен қалаға кеткенде, бақыт деген

Қасында қалған еді қарт анаңның!

Бақыт қалған ауылда, саман үйде,

Қалды ол сол әуелгі бала күйде.

Бақытыңды іздесең, ауылға кел,

Бақыт әлі ауылда бар, әрине!

Иә, бақыт қалаға бармай қалған,

Ауылды бақыт қия алмай қалған.

Ал сен оны қаладан іздедің ғой,

Қарашы, өмір деген қандай жалған?

Салмағы сағыныштың ең ауыр ма?

Сағынсаң, келсеңші енді, кел ауылға.

Біржола келмесең де, тым құрыса,

Келсеңші, тынығуға, демалуға.

Таста да жұмысыңды, сауығыңды,

Келіп бір, қуантсаңшы ауылыңды.

Көлігіңді көрсету үшін келме,

Көру үшін кел елді, бауырыңды!

Сені ауыл күтеді, ал асыға,

Келе жатқан шығарсың шамасы да.

Қолыңда бір кәмпитің артық болса,

Алып кел ауылыңның баласына.

Қаладан үй салсаңда хан қасына,

Ауылыңның үйіндей бар ма сірә?

Бір шегең артық болса, ойланбастан

Әкеліп қақ ауылдың ауласына.

Ауыл солай биікте қалу керек,

Сол ауылға ерінбей бару керек.

Адамның кіндік қаны тамған жерге,

Маңдайының тері де таму керек.

Қадірін туған жердің сеніп, білші.

Елге қарай өзіңді еліктірші!

Ештеңе бермесең де, ауылыңа,

Сәлем беріп кетуге келіп тұршы!

ДИІРМЕН

Бар еді біздің үйде бір диірмен,

Қаласаң, көрсетермін, бір кейіннен.

Әуелде, диірменнің дырылдаған,

Дауысы шығушы еді күнде үйімнен.

Бұл да өмір екен ғой, бір аңғарса!

Тоқтамай, талқан менен ұн алғанша,

Дырылдақ диірменмен әкем марқұм,

Тары, бидай тартатын түн ауғанша.

Дауысы өзгермейді, құбылмайды,

Диірмен дырылдайды, дырылдайды,

Дырылдаса, сияқты пластинка

Бақыттың әсем әнін ыңылдайды.

Диірмен еді байлық бар қолдағы,

Байлыққа халық басқа таң қалмады.

Диірменнің дауысы тоқтамаса,

Онда үйде ұн, яғни, нан болғаны.

Ұнды көріп, қайғыны ұмытқаннан

жан анам жүруші еді күліп таңнан.

Сол кезде болды біраз жанұялар,

Диірмені айналмай, тұрып қалған.

Болса да сәттер нанды таба алмаған,

Сол заман емес еді заман жаман.

Нанды көрсе қазір кім қуанады?

Қуанбайды көрсе де адамды адам.

Талап Шерхан Талапұлы – 1993 жылы 15 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңажол ауылына қарасты кіші Айдархан елді-мекенінде дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің түлегі. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Бірқатар республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы.

Олар...



Олар...
Жаңбырды тағдыр деп ойлайды,
Жаурайды қолшатыр сыртында.
Сезімін сенімге байлайды,
Сатқындық салты жоқ ғұрпында.

Олар...
Шексіз бір ой кешіп шалқиды,
Сөйлейді түйсігі тілінде.
Сағыныш нұры боп аңқиды,
Жұпарлы боз жусан түбінде.

Олар...
Өлімді өмір деп ұғады,
Қорқады өлеңнен ғұмырсыз.
Дауыл боп, жауын боп тұрады,
Көшені кезбеңіз, бүгін Сіз!..

Олар...
Ессіздік көктемін кешеді,
Һәм қарсы жүзеді ағынға.
Ғасырдан ғасырға көшеді,
Құбылып уақыттың жадында.

Олар...
Дәуірін аңсаған Сөз еді,
Бұл шақтан өз орнын табар ма?
Кезегі келерін сезеді,
Бір жарық мөлдіреп жанарда.

Адасқақ

Қараша түнінде – Арқаның желі ессіз.

Жан жаурап, тән тозар қабарып қара аспан.

Бейтаныс қалада бейуақ адасқан,

Белгісіз жолдарға жұтылған елеспіз.

Біз неге жоғалдық, сертке сор сезімдей,

Кеңістік төсінде күнәсін билеткен,

Сұрықсыз көшеде сүлдесін сүйреткен,

Сұп-суық ойлардың үрейлі сөзіндей.

Өлеңге байланған тәніміз, жанымыз,

Асылзат аңсардың ділі жат құлқынға.

Саясат мүңкіген сарайлар сыртында,

Арзандау сыра іздеп түн кештік тағы біз.

Бұл жақта түн неге думансыз, дүбірсіз?

Ерке Есіл есіліп жыр оқып бермей ме?

Біздегі адасқақ арманға сенбей ме?

Ай неге ажарсыз, гүл неге ғұмырсыз?

Желіккен жел бүгін шырқайды жат әнін.

Үміттің алауы көңілде сөнбесін.

Ең ізгі сезіммен жүректе тербеші,

Тәуелсіз қазақтың бұл шерлі шаһарын.

Ғарышқа ұмсынған біздегі ой дербес.

Ең ұлы сағыныш бір мұңға бастады...

Көзіңде мөлдіреп Алматы аспаны,

Сен бұлай қарама, Айкербез!..

Исламғали Айбол Саматұлы 1993 жылы Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Жұбан Молдағалиев ауылында дүниеге келген.

2011 жылы Орал қаласындағы Асан Тайманов атындағы физика-математика бағытын тереңдетіп оқитын мектеп-гимназиясын, 2015 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған.

Халықаралық «Шабыт» фестивалiнiң дипломанты, Ермұрат Зейiпхан атындағы арнайы жүлдеciнiң иегерi. «Көктемгі идиллия» жыр жинағының авторы.

Із

Кеудемізден жасыл қанат сөз саулап,

сүрмелі көздердің ішінде өртенді.

…Қиялда – Версальды тербеткен мың гүлзар.

Даланы жалғыздық көмкерді.

Жалғыздық – емексіп, өрекпіп,

Ауада қалқыған өксіктің соңынан еруге асығар.

Кенет.

Күт.

Қорқыныш төгіліп қылқалам ұшынан

Адасқан қиялдың ішінде қан болып жосылар.

Әуейі желдерден ұшындық,

Әулекі бұлттардан ұшындық

Содан соң…

Үй Елесі жанымызды түске орап,

Бақидың суреттерінен үзілген

Қып-қызыл отқа сіңді.

Экран ішінде Эвтерпа зарығып,

Жанарында әкетті жоқ ғасырды.

Түн күлді тасадан,

Түн күлді тасадан

Құсни xаттарды ұшырып

Жетім үркердің қолымен.

Іргеден естілген көрбілте шақтардың үнінде

Маңдайымдағы жазуды көшірмек болды

өлі дем.

…Жаураған аспанның көзі ісіп,

Мұңды мелодиядан оянған үйдің шатырын тоқтаусыз қақты.

Есік алдында – ақ қанат көгершін,

Бер жағында көлеңке сұлап жатты…

“Қош” дей алмай,

Жетім ойларды құшаққа ап

Көнерген кітаптай түледім.

Ал, кейін

Қабырғада гүлдеген үрейдің

қабағында қатып қалғанымды

білемін.

Үрке қарадық кімге?

Үрке қарадық неге?

…Қара ағаштың қауырсындары шашылып,

Жер ауыр күрсінді –

Мен де ауыр күрсіндім.

Сәби тұрды терезеге асылып,

Жол ауыр күрсінді.

Мен де ауыр күрсіндім…

* * *

Кешіріммен қараңызшы, сіз маған,

Кешіріммен қараңызшы, ізгі адам!

Мен көктеммен жылап тұрып қоштасқам,

Қиын емес шығар бірақ күзге одан.

Қиын емес шығар солай аспанға,

Ол да енді сене алмайды дастанға.

…Ол да енді өзіңіздей өкпелеп,

Көңіл іздеп жүрер ме екен бос қалған?!

Кешегіден жеткен сол бір жұрнақтың,

Құпиясын қара түнге ұрлаттым.

Мүлде бөтен бульварлардың ішінен

Сізді көрдім,

жүзді көрдім жұмбақ тым?!

Сізді көрдім,

кенет бәрі үнсіз қап,

Жүрегімнің түкпірінде мұң сыздап,

Түсінгендей болды білем теректер,

Түсінгендей болды білем ымсыз бақ.

Жаңбыр содан тоқтай алмай тұр ма екен,

Өткен күнді жоқтай алмай тұр ма екен?!

Кенет көкке бақ таярдай тұр ма екен,

Қуанышын сақтай алмай тұр ма екен?!

Мен ғажайып қызды көрем түсімде,

Бір әуендер төгіледі ішімнен.

Эx, сол сәтте сізді құшсам дейді екем,

Қиянатшыл сезімдерім үшін де.

Сізді құшып, тазаратын шығармын,

Тәңірімнен жаза алатын шығармын. –

Өктемдікке төзе алатын шығармын,

Өкпеңізді сезе алатын шығармын.

Артыңыздан еріп кетсем со шақта,

Кеудемдегі көп күмәнді қосақтап.

Бірақ қалай көнер екем жоққа мен,

Сенер екем түстеріме осы аппақ?!

Қошеметті өз қолыммен көмсем ғой,

Күллі ғалам жылағанын көрсем ғой.

Ең аяулы мезеттерді есіме ап,

Періштеге күліп қарап өлсем ғой!

Кешіріммен қараңызшы, сіз маған,

Кешіріммен қараңызшы, ізгі адам!

Мен көктеммен жылап тұрып қоштасқам,

Қиын емес шығар бірақ күзге одан…

Асылан Тілеген 1993 жылдың 21 мамырында Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылына қарасты Балдырған елді-мекенінде туған. 2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетін бітірді.

Қазір республикалық «Ақ желкен» журналы бас редакторының орынбасары. 2017 жылы «Үр» жыр жинағы жарық көрді.

ОРАЛМАН

Айдан оралдым, күннен оралдым,
Орала алмадым жылдардан.
Жалғыз бас жортқан түннен оралдым,
Сəттен оралдым жым болған.

Өлеңге ғашық кезден оралдым,
Өмірді сүйер емен тек.
Жетімдей жадау сөзбен оралдым,
Жалынын кеткен жел өртеп.

Зар күйім шерткен шақтан оралдым,
Орала алмадым шат күннен.
Бағымды іздеген бақтан оралдым,
Үңгір-үмітке баттым мен.

Дұғалы күннен, кештен оралдым,
Еспен оралдым адасқан.
Жарыммен кеттім. Доспен оралдым,
Көшпен оралдым əні асқан.

Қағанатыммен қайрала жүрмін,
Оқтай ғұмырлы орамым.
Құдайым білер... қайда қалдырдым,
Оралмас күннің обалын.

Қайтқан қиырдан жоғала алмаймын,
Оралмас күннен жат іргем.
Орала алмадым, орала алмаймын,
Жүректі сүйген сəтімнен.

КҮЗ

Берді ме көктемінің көзін ашып,
Келді ме сағынысып, тез ұласып?!
Шіркін-ай, мына күздің жасаруын,
Бұл күзге Алматының өзі ғашық!

«Жаз мырза,
Кешіріңіз,
Сіз ғой жалған!»
дегендей күз аруда сыздайды арман.
Жүрегі ару күздің жарылардай,
Секілді тірлік біткен күзге айналған.

«Жаз мырза, жүрегіңе қайғы алдың ба,
– дегендей, – сен жайлы əлде ойландым ба?!»
Ару күз – тойға барар құдашадай,
Таранды-ай зеңгір аспан-айна алдында.

Əлдекім ғашық еткен кім осыны,
Əлдене асық еткен кім осыны?!
Мына жұрт «Күз ханшайым» атап жүрген,
Арудың Алтын ба еді шын есімі?!

Байқашы, бұл аруда жалын бөтен,
Жетпей жүр жұбатуға жауын көкең.
...Əлдекім келетіндей жасаруын...
Алтын қыз кімді осынша сағынды екен?!

Жандарбек Жұмағұлов – 1995 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, филология және әлем тілдері факультетінің түлегі.

Аңсар

Тыңдашы қалқам, тыңдашы үнімді,
Үміт артпайды тілекке Ар
Түбінде терең сыр жасырулы,
Атқақтап соққан жүрек бар!

Шайырларындай шерменде болған,
Қарашы, әне, ізгі Айды.
Менің де мынау кеудемде қалған,
Жараның орны сыздайды.

Тағдырмен жалғыз күресіп күнде,
Біткен бе деймін күш-дәрмен
Кетсем бе, әлде, ілесіп бірге,
Жылы жаққа ұшқан құстармен.

Сезінсе жаным жырдың керегін,
Жалындап жанда сөз қайнар
Қашырар солай түннің бедерін
Санада жүзген кезбе ойлар.

Жасындай қыздың жанардан аққан,
Көшуде үнсіз жылға күн
Дертіме ұласып маған да батқан,
Қайрылмай өткен жылдарым.

Опасыз күнді кешірем бе оңай,
Бағым жүр таппай арнасын.
Жадымнан гүлім өшірем қалай,
Тағдырдың салған таңбасын.

Көңілсіздіктен құлазып едім,
Жайымды ұғар жан бар ма?!
Жаһанды кешкен мына жүрегім
Жарылып кетсе таң қалма!..

* * *


Мен жазғым келеді,

Жүректің тұп-тұнық екенін,

Бақыттың күттіріп өтерін,

Мен жазғым келеді,

Адамдарға сенуге болмайтынын,

Өмірдегінің бәрі көңілге қонбайтынын,

Мен жазғым келеді,

Дүниенің бір күнде өтерін,

Ғаламның мынау ғажайып сыры

Сенің күлкіңде екенін,

Мен жазғым келеді,

Жүрекке сондай ауыр екенін,

Ол есік бәрібір жабық екенін,

Мен жазғым келеді,

Жолдардың ешқ жұбатпайтынын,

Жақының түбінде жырақтайтынын,

Мен жазғым келеді,

Ақынды ақтағым келгенін,

Хатыңды сақтағым келгенін,

Мен жазғым келеді,

Күлкінің ішінде көз жасы барын,

Бақытқа сордың тез қосыларын,

Мен жазғым келеді,

Бәрінің себепсіз болмайтынын,

Өлеңнің керексіз қалмайтынын,

Мен жазғым келеді,

Не екенін өрлік дегенің,

Адалдың қорлық көрерін,

Мен жазғым келеді,

Ғашықтың көзсіз екенін,

Адамның емес,

Алланың мейірімі шексіз екенін!..

Мен жазғым келеді...

Мақаш Ләззат Серікқызы 1995 жылы Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында дүниеге келген. Аудандағы жалпы білім беретін Тайыр Жароков атындағы орта мектебін тәмамдаған. Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінің түлегі.

Екеуміз...

Бірімізге жат болып барамыз ба?

Сізді бүгін Ай және Түн ұлықтар.

Махаббат жоқ біздердің арамызда,

Бірақ ешкім жылынбас жылылық бар..

Мен жыладым..мұң тастап санаңызға,

Шырқын бұзып жібердім, сірә, кештің.

Болмаса да махаббат арамызда,

Бір сезім бар түсінбес бірақ ешкім.

Не күтеді мына жұрт босқа бізден,

Жалғаншыда шынайы сыйластық қал..

Жүрсек – дағы басқа ұл, басқа қызбен,

Арамызда жан ұқпас қимастық бар..

Жауапсыздық жүрекке гүл еккен бе?

Жыр жазуға сіз жайлы тағы құштар.

Мына біздің жаралы жүректерде,

Екеумізге тән ғана сағыныш бар..

* * *

Жалған сөзге үмітті жалғадым да,

Маған сендей енді ешкім сөз айтпайды.

Тереземнің қоңыр күз ар жағында,

«Көктем сенен алыс» деп мазақтайды.

Көтеремін тағдырдың салмағың да,

Алдамшы үміт жұбаныш жаныма құр.

Тереземнің Астана ар жағында,

Асқақтығың дәлелдеп тағы да тұр.

Бақытымды өзімнің алдадым ба?..

Есіме алман ендігі сені жылап.

Тереземнің Есіл бар ар жағында,

Көргісі де келмейтін мені бірақ.

Бұл күндері сұрықсыз таңдарым да,

Сөзіңе ердім «шындық» деп жалған ұлдың.

Тереземнің Сіз барсыз ар жағында,

Күл – талқанын шығарғын арманымның.

Жәутеңдетіп жанарды салма мұңға,

Көңілдің де сен десе тілегі көп.

Тереземнің Сен жоқсың ар жағында,

Бер жағында мен тұрмын жүрегі жоқ!..

Марлен Ғилымхан – 1998 жылы 4-наурызда Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келген. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 3 курс студенті. Республикалық мүшәйралардың жеңімпазы.

Иллюзия

Ол отыр ма жарық көзін жұмғызбай,

Түн біреуді тәтті ұйқыдан тұрғызбай.

Ұстай қалсам сұлу Күннің белінен,

Ту сыртымнан қадалады күндізгі Ай.

Куәгерім - ауа да үнсіз қаңғымақ,

Жұлдыз біткен оянған ба қалғып ап?!

Шуақ барда елесін де еске алмай,

Тұрам сосын басым төмен салбырап.

Қанаттардың сусылында қалықтап,

Менен ұшып бара ма өзі жан ықтап?!

...Кең теңізді сүңгіп өтіп дем алмай,

Тамшы ұшында дірілдеймін талып қап.

Қалжырайды тінтіп інін тар ойдың,

Таныта алмай кеңістікке сана айбын.

Тілеуіне тілім иіп тәнімнің,

Жүрегіме сүмірейіп қараймын.

Кенет көңіл жанарына жас алды,

Ғайыпқа ертті өлеңі де масаңды.

Кеуде ішінен ес жаңыла кеуде аңсап,

Аспан әні айтылады қашанғы?!

Ту сыртымда Ай тұрады қашанғы?!.

Алагеуім

Ауада – жердің иісі

(Эльза Ульмер)

Сергек көңілмен ояндым... ұйқым да қанды.

Ішіндегісін ішкенмін көктегі ожаудың,

Сондағы әсер ме бөлеген сиқырға маңды?

Парақтан көрдім шұбалған шимайын түннің,

ЖаҺандағы ойлы жалғыздай қол тигіздім бе?

...Неліктен ғажап кездерді өртейміз Күнге?!

Омақаласа жазуды оқып алдым да,

Сәттерді ақтардым қиялмен қоқыған қырда.

Жабығу дендеп дауысты күйреп ішкенге,

"Тәңір күбірін" тыңдаймын күйзелістен де.

Шаршаған сана тылсымға боялуды айтып,

Шақтардың "шаңына" илігіп пәк сезімдерім,

Тәнін аймалап бағымның қалжырап қалдым,

Түн кешкен ессіздігімді жоямын қайтып?!

Зор санап әлін тұр біреу күштіге күліп,

Түтін билеп жүр сәуленің үстіне мініп.

Бірге билейік...

болмаған әлемімде ешкім,

Мүмкін, сіміріп алқызыл таңның бейнесін

жанымның бұрын естіген әуенін кештім?!

Салбырап басы арық тал тыңдап тұр оны...

Осылай келіп кете ме ақынға бақыт,

Бұл үнді тыңдап алдым ба жатырда жатып?!

...Неге өмір төге береді жарығын бойға,

Менің шынайы күрсінген дәуірім қайда?!.

Лұқпанов Меңдібек Нұрболатұлы 1995 жылы 10 ақпанда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы БҚМУ филология факультетінің түлегі. Республикалық, облыстық жыр мүшәйраларының

жеңімпазы.

Жаңбырлы түн

Қараша ауыл бой тасалап дүрсілден

Маусым. Жауын кеуделерге мұң сінген.

Айсыз аспан алабұртқан арудай,

Көкірегі жасқа толып күрсінген.

Келер күннің тұрса үмітін арқалап.

Түнеретін түнгі аспандай бар қабақ.

Сәлден кейін басылар деп ақ жауын,

Тұра кеттік қолшатырды қалқалап.

Тыныштыққа тұрған кезде түн ұйып,

Жабырқаған жүрегімде жыр иіп.

Саған ұзақ қарай бердім сұқтана,

Ал сен болсан сыр бермейсін жымиып.

Бара жатыр баяу ғана түн сырғып,

Мына сезім жібере ме мұңшыл ғып?

Жарамызға тұз сепкендей мына түн,

Арамызда мұңаяды үнсіздік.

Саған арнар жыр-лебізім, сый-әнім.

Қара жаңбыр қайғысындай қиялым.

Сыймасамда сендік сәби жүрекке,

Мына түннің құшағына сыямын.

Бүрсен қағып дір-дір етіп тоңса қыр,

(Алдымызда біздің қандай жол жатыр?)

Екеумізді жаурамаса екен деп,

Жауын суын сіміреді қолшатыр

P.S

Тия алмады аспан неге жасты бір,

Көздер ғана бір-біріне шашты нұр.

Жүректерін алмасыншы жауратып,

Қолшатырдың астындағы қос ғұмыр.

* * *

Жол үстінде билейді аппақ қарлар,
Көліктердің құбылтып дөңгелегі.
Табанына тірі жан таптатпаңдар,
Тоқтатпаңдар! өзіне сол керегі.

Жоқтатпаңдар көліктер қайдасындар?
Өртеңбесін өкініш өзегінде.
Жаңа жауған ақ ұлпа жайғасындар,
Келеді кезегінде.

Бағдаршамдар кедергі келтірмеңдер,
Іркілмеңдер, өтіңдер ақ жолақтан.
Аз ғұмырдың иесін өлтірмеңдер,
Және де зар жылатпаң.

Ырғалыңдар!
билеңдер!
Тербетіле,
Түнгі қала құлақ сап әуеніне.
Билеп келген ұлпалар жер бетіне,
Әуеліде.

Мұғжиза! Көрінбес көп ешкімге.
Кеш түсіндік Құдайдың құдіретін.
Ең ұлы картина тұр жол үстінде,
Жол жиегі қимастық сүгіреті.

Көктем жетсе сезеді қауіп барын,
Биің билеп жолдарда жатпас олар.
Арықтар да арқалап табыттарын,
Белгісіз жаққа асығар.

Жол үстінде билейді аппақ қарлар,
Қала қалай ғажапты сүймей қалсың,
Табанына тірі жан таптатпаңдар,
Тимейік билеп алсың...

Аманжолов Əнуар Ғалымжанұлы - 1997 жылы 15 мамырда БҚО, Ақжайық ауданы,Тайпақ ауылында дүниеге келген. Бүгінгі таңда М.Өтемісов атындағы БҚМУ филология факультетінің студенті.

ЖАҢБЫРЛЫ ОРАЛ

Орал...

Бүгін тағы жаңбыр жауды себелеп,

Тағы егілді аспаным.

Бір ғажайып күтіп ұзақ керемет,

Тамшыларға жанарымды тастадым.

Анау бұлтқа сезімімді жасырғам,

Ол да бүгін жылап тұр.

Базынама басу айтқан ғасырдан,

Періштемді қайтем енді сұрап құр.

Осы қала ұнамады неліктен?

Бұл көшені танымадым мен неге?

Бозбалалық мағынасыз желікпен,

Сені күткен арбат анау сенделе.

Бүгін тағы жылап жатыр бұл Орал,

Қалай шыдап тұра аламын мен енді.

Анау аспан бұлқынады құрғыр-ау,

Жұбатпадым.Оқымағам өлеңді.

Ұғындым ба бұл әлемнің бір сырын,

Оқыдың ба жасындардан хатымды?

Тамшылардың жүрегінің дүрсілі,

Кенет сенің айтып қалды атыңды...

Жасын оты жуып кетті көк жүзін...

* * *

Шексіздік күйі шертіліп жатыр,

Шерменде шағым шыңғырып.

Еңсегей бойлы ер Түрік жатыр,

Аңызға ерлік сіңдіріп.

Бұлттар буаз қаңғырып кетті,

Əлемнің түртіп бір кемін.

Жазулар,жауһар,жаңғырып кетті,

Балбалдан сөйлеп Күлтегін.

Жолдарым үзік бөлініп қалды,

Жатады оны жортып кім.

Уақыттар өткен ілініп қалды,

Қылында қобыз Қорқыттың.

Жырлаймын елім мәңгі мен сені,

Жырына тағы жел қоссын.

Азаттығым-ау еншім еңселі,

Бодандығым-ау сен боссың.

Бойымда намыс қазақтың күші ем,

Қазанда қайғы піспесін.

Асан Қайғыны азаттық десем,

Желмаясына тұсау түспесін.

Бақиев Азамат Ерсұлтанұлы - 1998 жылы 3 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылында дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, филология факультеті «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2 курс студенті. Облыстық,

Құздағы қар кетті дейміз,

Ол – көктем келгені шығар.

Қадыр Мырза Әли

Жабылған кітаптар.

Шаршаулы,

Құстарды тым үнсіз қарсы алды.

Жалғыздық жарасын сөккен бе?

Аспаннан азалы ән сауды.

Кітаптар – сөреде тізілген ,

Парағын қыс мүжіп, күз үрген.

Өзіне кіршіксіз сезіммен,

Жанарды аңсайды сүзілген.

Кітаптар – ашылған.

Жабылған.

Жазмыш жазылып ауырдан.

Көз қысып кете ме өзіңе ?

Махаббат сығалап сағымнан.

Кітаптар – уақыттар.

Шектеулі,

Көтермес еркелік өкпеңді.

Кітаптар – сарғайған сағыныш,

Күтетін мәңгілік көктемді.

Тым ерте гүл өсті бөктерге,

Кітаптар, əлемге кектенбе.

Ашылған парақты көрдім ғой ,

Тағдырың шешті ме бет перде?

Әлде бұл сен күткен көктем бе?!

* * *

Сəт ішіне қамалып ала көңіл,

Күйінумен күбірлеп барады өмір.

Көкжиекке құмартқан күлімкөздей,

Сенің кəусəр сезімің далада жүр.

Далада жүр қиялға қанат байлап,

Арман болып тықылдар сағатты ойлап.

Түнге сіңіп кетпеші айды сүйіп!

Көктемеңіз келгенде таң атпай қап.

Таң атпай қап сандалып, сабыр қашып,

Көңілдегі тым биік тауың жасып.

Тəңіріңнің тартуы түртіп өтіп,

Таң атқанда мөлдірер жаныңда шық.

Жаныңда шық дірілдеп күнге қарап,

Сары күзді сабалап сүмбе қанат.

Сол сəтте сен көктемді аңсар ма едің?

Қауашағы қаусаған гүлге қарап.

Гүлге қарап көздерің түңілген бе?

Түңілген бе?

Бəлкім ол күлімдер де.

Іңкəрліктен жаралған ізгіліктен,

Гүл дегенің - махаббат бізді күткен.

Нəзіктіктің көтермей жүгін жер де,

Дұға оқыдым сол гүлге бүгін мен де.

Қуанышев Абылайхан Асылбекұлы 1998 жылы 18 қыркүйекте БҚО, Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылында дүниеге келген. Өлеңдері республикалық газет-журналдарда жарияланды. Бірнеше республикалық мүшәйралардың жеңімпазы. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті.

О, табыт!

Шайыр шерімнің шындығын ашып,

Өмір өлігін тербедің.

Сайқал қайғының мұңды үнін басып,

Өлтірдің, бірақ өлмедің!

Күйбең тірлікте данасың бәрің

Жаныңды жалмап өтпелі үн.

Жатыр мен табыт арасындағы

Шаһарға шерім көп менің.

Құрсағын қысып қытымыр тірлік,

Құлын қылықты шеттеген.

Мың тілек мұнда мұңын ұқтырып

Мың жүрек жыры өтпеген.

Тіксінген тағдыр тиегін түйреп,

Талауға тастап байғұсын.

Бір шайыр кетті, сүйегін сүйреп,

Батыстың басып қайғысын.

Бақырдың байлап қиялын керім,

Бақыт па, әлде, бағыт па?!

Өлеңнен өлсем сиямын дедім,

Мұқаңдар сыйған табытқа.

Жесір үнімнің бұлыңғыр әні,

Зұлымның мәнін күтеді.

Бақыттан туған ғұмырдың бәрі,

Табытқа келіп бітеді...

Мұңлы ару

Тылсымы көп тағдырды үзбегендей,

Кербез сұлу, кірбің бар сізде нендей?

Жадыраған жаныңыз жабығыпты,

Бәлкім, сіз де ұнайсыз күзге мендей...

Машақатын тірліктің жалмап ішіп,

Көңіл мұңлы.

Сарғайған арман үсіп.

Пешенеңе шынымен орнықты ма,

Қасіреті тағдырдың жалғанысып?

Күдігіңнің күрмеуі бөлінбеген,

Соншалықты күрсінді көңіл неден?

Жас жүректің түйсігін талқандайтын,

Қасіретшіл болған ба өмір деген?!

Сыншыл тағдыр, қаһарың жеткені ме?

Түсіріпсің қайғының көктеміне.

Мұңлы аруым қалайша көніп қойдың,

Тірліктің ойран салып кеткеніне.

Өмірдің тілегі – мұң,

Түнегі – сыз!

Қара бұлт та қирайды білемісіз?!

Тіршіліктің уына масайрама,

Бәлкім, сіз де біреудің жүрегісіз.

Мерсадық Алтынбек Әлібекұлы 1999 жылы БҚО, Теректі ауданы, Ақсоғым ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің студенті.

Апперцепция

Өмір... Өлең... Өлім... – менің тағдырым,

Тағдырымнан кейде теріс айналдым.

Басқа түскен сордың санап әрбірін,

Көз ұшында өткен жолға байландым.

Ойсыз жаны мейірімге қанбаған,

Сұм Ғасырдың балын, уын жұтқам мың.

Мені, бізді – бәрімізді алдаған,

Өмірімнің «өтірігін» ұққанмын.

Қанды жастың қасиеті ұмыт қап...

Тексіздерге.. бәлкім, текке кектендім.

Күнәдағы Ойларымды құлыптап,

Қара жерге көміп тастап кеткенмін.

Аққан тамшы – бәз біреудің тағдыры...

Тамшы – ғұмыр тылсымын көп кезгенмін.

Көктен жауған «нұр» дейді жұрт жаңбырды,

Мен жаңбырдан Ажал иісін сезгенмін...

Сезіп мәнін, кезіп бәрін Ғаламның.

Мен «өзімді» өлтірмеуге ұмсындым.

Зор сенімін артып бойға Адамның,

Ар алдында ауық – ауық күрсіндім...

Келген жолдан енді кері қайта алмай,

Өмір – бақи өлең жазып өтермін.

«Ақын болам» деп жүргенде байқамай,

Жерден ауыр жебір мұңды көтердім.

... Мен бір бейбақ екенмін.

Өлең гомеомериясы

Жанарымнан...

тамшы – тамшы жас тамып,

Ақ бұлттарда адасады шөкім мұң.

Өз өмірім әз Өлеңнен басталып,

Қоңыр кеште жыр жазғалы отырмын...

«Дүрмін» деген тұл жүректі нәйістің,

Құр сөздері айналады мұнарға.

Мен де бүгін қабырғамнан қайыстым,

Тасыр көздер ғасыр сөзін ұғар ма?!

Құрым түсте құрғыр істер көретін,

Көз сүземін қиялыма жақын кеп.

Кеще басқа кестеленіп Өлеңім,

Сөз түзедім зиялыға ақын боп.

Мұңымды айтқам

Һәм шерімді расында,

Ешбір пенде ештеңемді ұққан жоқ.

Шынымды айтып шыңғырғанда ғасырға,

Миығынан күлді тағдыр мыстан боп.

Сосын тұрып Ай жылады аспаннан,

Кеудесіне жараланған зар тығып.

Айдың аппақ сәулесі емес ластанған,

Менің күнәм...

бара жатты артылып.

Асқақтықпен аласұрып көңіл кең,

Көктем бүрлер...

Сансыз гүлдер жайқалып.

Өлең өлмес,

Мен өтермін өмірден,

Жансыз мүрдем қансыз күлге айналып...

Нәсиев Төрехан Сәрсенұлы. 21.06.1999жылы БҚО, Жəнібек ауданы, Ақоба ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ, филолгоия факультетінің 1-курс студенті. Облыстық, республикалық жыр-мүшəйраларының жүлдегері.

Көктем аруы

Көктемнің аруы көктем боп келгенде,

Тулайды жүректер күйге еніп шерменде.

Есінен айрылар бағыттан жаңылып,

Құралай көзге атқан мерген де.

Самал жел арудың белінен ұстардай,

Ақ жаңбыр ақ торғын мойнына құштар ма-ай?!

Сұлулық оянар шуақты көктемде,

Ән салып оралған құстардай.

Тас жүрек жібиді, тас ниет солып құр,

Сұлулық ырқына көніп тұр, толып нұр.

Сұп-сұпуық нөсерден жаураған аруға,

Мәуелі ағаштар қолшатыр болып тұр.

Көктемнің аруы – ажарлы, арайлы,

Көк аспан көркіне қызыға қарайды.

Күн нұры тартымды көйлек боп тігіліп,

Сәулелі ай шашын кеп тарайды.

Табиғат екен-ау пейілді, мейірлі,

Тал-шыбық жараса белдік боп иілді.

Шоқ жұлдыз мойнына алқа боп тағылып,

Қос жұлдыз туфли боп киілді.

Жапырақ сыбдырлап керім жыр төгеді,

Бес қонақ, бес ешкі қызғанып сөгеді.

Бүршіктің иісі әтір боп себіліп,

Бұтақтар бетін кеп өбеді.

Махаббат сұлусыз жалындап маздар ма?

Көңілдер толқыр ма, жүректер сыздар ма?

Тым ерте оралаған көктем де,

Ғашық боп қалыпты қыздарға!

* * *

Тоңдым,

Күздің суығынан емес,

Жанымның жүдеулігінен.

Қорықтым,

Қорықпағаным үшін

Қазылар бір күн көрімнен.

Күйзелдім,

Қоштасу, айрылудан емес,

Жазбаған жырларым үшін.

Күйге ендім,

Тым құбылмалы,

Күз себеп жылап тұрғаным үшін.

Үйрендім,

Өтірік бейкүнә болуды,

Ашпаған сырларым үшін.

Түйрелдім,

Түскендей торға,

Жыртқыштай шырмалдым түсін.

Уақытша!

Жабықтым,

Дұшпанның көптігінен емес,

Досымның алстығынан.

Табыттың

жатыппын ішінде,

Жегендей бал ыстығынан.

Жаңа ұқтым,

Ақындық менде басталд,

Ақынмен таныстығымнан.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар