Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Жамбылдың жыр қағаны» – Нұрболат Жолдасбек...

11.06.2018 5837

«Жамбылдың жыр қағаны» – Нұрболат Жолдасбек

«Жамбылдың жыр қағаны» – Нұрболат Жолдасбек - adebiportal.kz

Жуырда Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен Тараз қаласындағы «Төрткүл» мәдени кешенінде республикаға танымал жас ақындардың «Жамбылдың жыр қағаны–2018» поэтикалық дуэлі өткен еді. Жыр сайысында Ернар Әбдіразақ, Әлімжан Шөңгербай, Арайлы Жақсылық, Назерке Оңғар, Құрбанәлі Шахабай, Нұрболат Жолдасбек, Бексұлтан Қоштаев, Мөлдір Райымбекова, Шапағат Әбдірұлы, Жұматай Көксубайұлы қатарлы ақындар өз бақтарын сынап, өлеңдерін оқыған болатын. Сайыстың қара қылды қақ жарған арнайы қазылар алқасы шешімімен жас ақын Нұрболат Жолдасбек 2018 жылғы «Жамбылдың жыр қағаны» атанды.

«Әдебиет порталы» жас қаламгерді айтулы жеңісімен құттықтай отырып, өлеңдерін оқырман қауымға ұсынады.

Шизофрения

«Құс қайтты.

Күзде құстар қайтады.»

Сізді іздедім...

Сенгім келмей сөзіне үйдегі елдің,

Бір түрлі ауыр мұң бүгін басты еңсемді.

Тау жатты күнді иықтап.

Ас берсем деп,

Құдақұл мас теңселді...

Білмей ме екен қыр(ы)қы өтпей әкесінің,

ұлының үйленгенін...

Беу, дүние-ай...

Бәрі де қарасады,

Жұртты жиып той берді. Баласы оның

Әлде рас, әлде өтірік жылап тұрып,

«Бақыттымын» деп күлді.

Қараша. Түн.

Татулыққа көтерер өз көзесін,

Құдақұлдың бұрқ етті көзден жасы.

Түсінбеді ол. Ұлы да түсінбеді.

...Уайым жоқ. Тек қана кезбе әжесі,

Бір түрлі ауыр ән айтты.

«Екі Кенен тумай-дды

Алатауға ексең-дде»

***

Мысалы,

Сен сенбейсің құдайға анық,

һәм ойың толысардай жыл айналып.

Діннен рахат табардай бір кітапты

жастанасың. Жүрегің жылайды ауық.

Иілесің әдеппен қарияға әр,

Қариялар – жырыңдай жар ұялар...

Күн ілгері тасыған дариядай,

тұншықтырар салқыны ойларыңның,

құпияңдай... мысалы

(жасырын жанұяң бар)

Мысалы,

Сен сенбейсің барына өзге өмірдің,

Содан, мүмкін, қажыдың. Жазбадың жыр.

Сеніңше, бір сипаты сөз де өлімнің,

Түсі өзгеріп көздеріңнің

сүю жайлы ғаламат аңыз айттың,

Ақыры бөзге орандың.

Мысалы,

Мұғалімдей, қате айтқан ережеңді

түзей салар Тәңір бар. (балажан-ды)

Сенің күнәң ойларың асып кетсе,

дүниені нақ түнек басып кетседе,

Лақтырмассың сәбиің терезеңнен...

Мысалы,

Жаңбыр жауар толассыз аспаныңда,

Өмір дерсің... өмір де қас қағым сәт.

Түн жаттаған дұғасын таңда ұмытар,

Қош, қарға дос!

Қош, ажал!

Қош, жаным! Қош!

Абсурд

Ымырт. Мен білсем құдай кешірімді,

(мысқыл)

Іштен іліп еріншек есігіңді,

Жыла күнім...

жаңбырды сөк, тағдырды...

Іштей ғана қайталап есімімді.

Естімесін жел жүдеу, қараша, бақ,

Көкжиектен күн сүңгір қаласа ана.

Шылым шегіп отырған оңаша қап,

...жындантатын секілді қара сағат.

Жыр апиын, дін де... бір Алладан,

Күнәсізбін, күнәлі гүл алмаған

Қыз!

Өлең мүмкін өмірдің көңілдесі

Сүйкімді рас, барлығы құмар оған.

Құрметті, өлеңшілер!

Түңілдім деп, өмірден, бүгініңнен,

Өлең іздеп қайтесің күн, іңірден.

Етегіне жармаспай шешеміздің,

Абзалы... сол.

Шам, шарасыз серігім, қарғысы ізгі,

Қорғансыз деп мұңайдым қарғам, сізді.

Мұң секілді шынайы... жолығарсыз,

О, сосын хат жолдарсыз. Түн –

қайғысы Хауаның...

Қош бол, досым!

тәң – гір, тағдыр мұғайын!..

жазып жүрген,

жырым еді сіз жайлы.

Не істе дейсіз?

Әрі кеткен әлпеттей жасқа жайсыз...

Кешірерсіз!

...Шам, сенің жазығың жоқ.

Еркек сүйсе еркекті «нәзігім» деп.

Жақының – мен!

Бір туған қатарым ең,

Сатқындығың түк емес... батады тек

Ішің пысса ұрысқаның қатыныңмен,

Татуласу үшін тек...

Күйім еді сен жайлы толғауы мың,

Жалғыз қобыз – қолдағы құн!

...Жәлдеп болса қайтерсіз жолдағыныз?

Белге тартқан бибідей жер сүзгенің...

Түк те емес.

Шам, шарасыз серігім, сенсіз менің

Күйім не?

***

Сізді ойладым мұңайғанда...

(«Мені» – Мұңсыз екен деп топшыларсыз)

Сізді ойладым көрші әжей үй алғанда,

Ұялғанда шешейге тік қарауға,

Сізді ойладым!

Сіз жоқ шығарсыз...

Мүмкін, қиял ғана...

...мүмкін жолы болмады

мүмкін,

сізді...

Жек көреді АДАМзат,

Бұл – үнсіздік,

Жалықтырды! Қажытты! Сізсіз өмір –

Өмір-ақ... сізсіз өмір – Тәңірсіздік...

Қайда асығып барамыз?

Не күтеді?

Мен дайынмын! Ал сіз ше?

сен күте тұр...

...Мүмкін өлім жоқ шығар, (ойда ме екен?)

Сенімде өзге, әйтеуір Ай да бөтен.

Айтпақшы,

...Сәл шыдаңыз оу, маңда жер бітеді.

Элегия

Қандай ғажап ойыңда, жүрегіңде,

Өмір сүру!

Менің шыңым белгісіз, сенің шының.

Қоштасалық. Дәл осы мас күйімді

О, сосын, ақындығың бес тиын деп,

Сен жүріп кет! Оралма!.. соңғы демім

алғанша мен күтейін...

Серт! Серт! Сертім осы!

Тәңір – қуат. Күлкілі мас адамның,

Жоғын айтып жылауы жасанғанның.

Қиналғанда қараймын көкке бір сәт,

Мұң тырмалап жатқан соң босағамды.

Жанұя...біз...анамның көркем әні

Бәрі-бәрі, бәрінен жол табады.

Бүгін көрдім, көрші әжей ішеді екен,

Қой, қарағым...

құпиям,

Махаббат жоқ, мән де жоқ бұл өмірге,

Жалықпады деймісің жыр оқудан.

Қандай ғажап,

Өмір сүру ойыңда, жүрегіңде.

Жаныңды кім түсінсін, ойыңды кім?

Сенің...

аспаныңда жауын бүгін,

көз жасыңның сеземін ауырлығын.

Өксігіңді баса алмай, сыбырлайсың,

Жаным, қайырлы түн...

***

Мұңлымын мен, көргендей жүзіңді алғаш,

Түн секілді бұлт қаптап бұзылған. Таң.

Жалт-жұлт етер сәулесі күннің алтын,

Жапырақтар бұтақтан үзілгенде.

Үзілгенде ән өлердей қайғырғамыз,

Теңіз мұңда толқыған ой құрғар. Күз.

Тарыдай ғана қайғым(ды) жолыңызға,

Шаштым, күнім. Енді сіз қайрылмаңыз.

бірақ... (бүлдіретін де осы)

Сіздің үйдің есігін қағып тұрмын,

Жазбай таныр дертім – сіз. Жалықтырды –

жаттанды әуен, таныс күй... билейді мұң

«менмұндалап» құшағын жайып, құрғыр.

Әйтпесем сіз,

мұңнан тамған тамшыдай үзіліп кеп

күмп еттіңіз, тағдырым. Сізді ұмыт деп

жүзі үгіттеп жатыр ғой.

Қоя қойшы,

Мен болмасам қаламында оянарсыз

әлдекімнің. Мүмкін...

Шамды айнала билерсіз тағы аяусыз.

Сосын, қарғам, өлердей қайғырармыз,

Еске түсер ескі өлең, (қай жылғы аңыз.)

Тарыдай ғана қайғым(ды) жолыңызға

Шаштым ғой мен. Сіз енді қайрылмаңыз.

Жәрай ма?!

***

Бітті бәрі...

Күні жетпей босанған келіншектей,

...жел сыпырды аулаңды еріншектеу,

Жаңбыр жауды содан соң...

Бөлмең ауыр күрсінді

Түтініне тұншығып менің шеккен

шылымымның.

Байқаймысыз?

бір сәуле жарқ етті ғой... жалған бәрі

Беу, бейкүнә сөздер-ай, ойдан да ауыр.

Ең сұрқия ойыңды-ай...

қорқынышты,

Сіз өтесіз өмірден (өкінішті-ақ)

әрі кетсе...

Үй тұрғызып болмаса ұрпаққа артып.

Көзден ұшып кетерде ізгі шағы,

Қою түнді құшаққа ап қыз құшағы.

...күнәңіздің көптігін сезінген күн,

Діннен қате іздерсіз...сіз мысалы.

Дертім-ау менің... білемісіз?

Тәңір бар... Әруақ бар... ауаны бар...

сатқындықты қосыңыз және бұған.

Бәрі бітті...

...күні жетпей босанған бойдақ қыздың,

Өмір ағып түскендей жанарынан...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар