Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Жанболат Баймұрынов. Құбылыс (әңгіме)...

26.03.2018 4177

Жанболат Баймұрынов. Құбылыс (әңгіме)

Жанболат Баймұрынов. Құбылыс (әңгіме) - adebiportal.kz

Жанболат Баймұрыновтың "Құбылыс" атты әңгімесі "Төр" әдеби клубының келесі отырысында талқыланбақ.

1

Қатар-қатар шеп түзеумен алып жер бетін өзінше жеке алаңқайларға айналдырып, бірінің етегін бірі басып, бірінің бойынан бірі асқан едәуір көлемді көп қырат, дөңдер арасынан бір-біріне иық түйістіре көлбей созылған ақ басты ала таулар өзінің бірнеше шақырымдарға созылған көлемімен де, төменнен қарағанда пышақ қырындай боп көрінетін шырқау төбесінің қою бұлтқа араласқан зор тұлғалы алыптығымен де алыстан-ақ, мұнар қаптап тұрса да, көзге ерекше сұсты шалынады. Айналасындағы сансыз дөңдерді адуын әйелдің жел толқытқан етегі дерсің. Әрқайсысының бойына біткен қожыр-қожыр тік шатқалды тастары – етекке жармасқан кәріқыз да, қалың қарағайы, түсінің жасылдығы болмаса, бидайық сынды. Арагідік жел әсерінен толқыған етектің әр-әр жерінен ақ балтыр қайыңдар шоғы жарқ етіп рең беріп өтеді. Екі күннен бері бұл атыраптың үстін тұтасымен қымтаған суық тұман бүгін ғана ыдырап, кәрі таудың сай-сайындағы қалың жыныстан түйдек-түйдегімен бұрқырай шұбатылып, төскейіндегі бұлт оранған қыраулы сақалына сіңіп кетіп жатыр. Сырт келбетінің өзімен айбынды басқан осынау таудың мол жықпылы биіктей келе үлкен-үлкен арналы салаларға бірігіп, одан әрі қиялай келе жотаға жалғасып кеткендіктен, орманды мекендеген дала тағылары ол жаққа аяқ баспайды да. Мәңгі мұздақ қарлы басын тұтастай жұтқан тұман ол араның қазіргі кейпін тіпті меңіреу етіп көрсетіп тұр.

Жаз айында бой қалтыратқан екі күнгі ызғырық та жоғарғы жақтан бастау алып, сол мекеннен тарағандай. Тау басында ше, ондағы ызғар табы баурайымен салыстырғанда, кімді де болмасын кәдімгідей ықтырып, тіпті міз бақпас әр шатқалын бүрсеңдеткендей. Аяз бар. Солтүстік аумақтардағы тіршілігі жоққа тән ірі мұздықтары сияқтанған тау жотасына тырмыса жантайған осындай бір тік қиялы үйдей-үйдей көк шағыл тастардың арасынан, бар атырапты жұмсақ әлдилеген меңіреулікке қарамастан, әлдебір жалынышты бебеулеген үн талып естіледі. Анықтап қараса, қайырлаған кемедей шоңқайған тастардың арасындағы жалғыз аяқ соқпақта ұзындығы бір жарым қарыстай болып түскен адам іздері бар. Тек осындай іздермен ғана қары нығыз тапталған соқпақ тас-тастың арасымен ирелеңдей отырып, оң қапталдағы құзды айнала бере, кірер аузы тар басталған жұмбақ үңгірге апарады.

Үңгірдегі екеу тынышы кетіп тыпырлаған кішкене ғана тіршілік иесін бауырларына кезек басып, үрпиісе-үрпиісе бетіне үңіліп отыр. Басынан бастап бақайшағына дейін қызғылт түк басқан бөбек екі қолын ербеңдетіп, белін қайқита ышқынғанда, қабысқан жұқа қарны күмпиіп шыға келеді де, бүлк-бүлк қағып барып қайта қабыса қалады. Адам тұлғалы еңгезердей екеу лажсыздан шүйкедей ғана беймаза шіркінді қолдан-қолға ауыстырысып әлек. Қылар бар қайрандары осы ғана. Қала берді, қызыл таңдайы көріне, таңқы танауы қусырыла, бет терісі жиырыла шырқыраған ұрпақтарының үстіне еңкеңдесіп жатқаны. Екеуара мекіреніскен дыбыстар шығарысып, салалы саусақтарымен бөбектің өлеусіреген жанарларын сипаған болады. Одан да көмек жоқ. Дүниеге келгелі әлі үш тәулік толмаған балақан кешелі бері тұншыға жылаумен ата-анасына түсініксіз оғаш мінез тапқан. Себебін түсіне алмаған ересектерінің түрлі қылықтары, тынымсыз жұбатқандары еш нәтиже берер емес. Көңілдеріне қобалжу ұялаған олар енді бар болғаны мекіренісіп, бауырларына қыса береді. Онсыз да күйіп-жанып жатқан құйтақандай қызулы дене әбден суға малшыныпты. Өзге екеуінің де жирен түсті бауыр жүндері терге шыланған, ауаға ақшылтым бу көтеріледі де, бұл уақта сейіле бастаған тұманға араласып жоғалады.

Осы таудың басындағы еш адам баласына мәлімсіз қуыстағы үңгірді мекендеген адам іспеттес, дөңгелек қара көздері үп-үлкен, екі аяқты тіршілік иелерінің бар екендігін, олар қанша дәуірлерден бері ғұмыр кешіп келе жатса да, бұл маңайдың тірі жаны білмейді. Тіпті, ондай зор тұлғалы, қалың түкті екі аяқтылардың болуы мүмкін деп жорамалдамайды да. Бәлкім, адам тектес осы бір жандардың тау басынан адамзат аяғы жетер етекке түспеуінен бе, бәлкім, адам баласының сонау қарлы басқа аралары бірнеше жылдан өте сирек табан тіреп, оның өзінде келген ізімен кері қайтып отыруынан ба белгісіз, әйтеуір олар жайлы көне аңыздардың өзінде еш дерек жоқ. Сырт бейнелері бір-біріне өте ұқсас болғанымен, өмір сүру заңдылықтары мүлде қиыспайтын екі басқа екі аяқты тіршілік иелері атам заманнан дәуірге дәуір жалғап келе жатса да, өзара зиян әрекеттер жасаспапты. Әйтсе де бірер мәрте болмасын бұлар бірін-бірі сыртынан байқап қалмады деуге келе ме? Олар көрсе де, көрмеген бола салар, адамдікі ше? Осы заманға шейін ортақ аспанның астында қатар күн кешкен сықпыттары бірдей, қылықтары бөлек екі замандастың бір-бірінен титтей де секем алмастан не болмаса өзара селбеспестен, бейхабар жүрген тірліктері шынында да жұмбақ.

Күн ұясына батар мезгілде амалдары таусылған екеу бөбектерін құшақтай сыртқа шығып, екі жарым тәулік бойына жер бетіне үзіп-үзіп бұршақ аралас төпеумен болған жауынның қиыршық қарға айналып, тау басына бұрынғының үстіне тізелікке жетеқабыл түскен құрғақ көрпесінің аяқтарын ілби басқанның өзінен қаудыр қағып екі жарылған сусымалысында төмен беттеп келе жатты. Ендігіде салбырап қалған жіңішке білегі ебедейсіз салаңдап келе жатқан балақанның жұмсақ еріндері кешегі күндері ғана талмай сорған аналығының көтеріңкі кеудесіне біткен қалың түк ұйыса жапырылып қалыпты. Аталығы болса, тек соның соңынан емпеңдей береді. Бұлар осындай баяу жүріспен-ақ біраз жерді ұтып тастаған болатын, бір кезде алдыңғысы қолдарын көтеріп, бөбегіне тесіле қарап қалт тұра қалды да, жалма-жан өзінің білегіндей ғана оның кеудесіне құлағын тосты. Ізінше қимылсыз қалған бөбекті қатарындағы тастың үстіне күдерін үзгендей қоя қойды, өзі серігіне қараған, ол тастағы бөбегіне бір, бұған бір жалтақтап, назарын аспанға, одан көкжиекке аударды. Бағанағы тұман көтеріле келе, аспан асты түске жетпестен біржола ашылған. Сонау аспан мен жердің түйіскен тұсынан күннің соңғы шұғыласымен бұлар тұрған маңнан бастап жоғарыға қарай сарғыш түске еніпті. Әншейінде қызарып барып күлгінденетін батыс аспан да сап-сары. Баурайда болса, әлдеқашан күңгірт тартып, бұл жерден қарақошқылданып көрінетін орманның түсімен қоюлана түскен. Айнала тым-тырыс. Әудем уақыттан соң ғана жанарлары қайта түйіскен әлгілер көздеріндегі ауыр мұңның табын үнсіз түсіністі. Түсіністі де ащы ызамен тымырсық кештегі мүлгіген тау мен тас, орман-тоғайды дүр сілкіндіре айқай салысты. Жуан кеңірдектен екпіндей шыққан зор үн бөгелместен көкке жетіп, одан қайтадан төменге, бүкіл аспан астына еркін тарап жатты:

– Һайийа-һаһ! Һайийа-һайийа-һаһ!

– Һаһ-һайийа-һаһ-һаһ!

2

Түн жарымынан ауа келінінің толғатып жатқанын естіген Сарымсақ бай қайтып көз іліндіре алмады. Сырттан естілген әр тысырға құлағын түріп, сүйінші сұрай келетін адамды қанша күткенмен, ондай қуанышты хабар бола қоймады да, кең ағаш төсекте жападан жалғыз ары-бері аунақшумен таңды да жақындатты. Бәйбішесі бағана, хабар жетісімен тұрып, басы-қасында болуға Кенжебегінікіне суыт кеткен болатын. Соның алдында ғана өзі жағып кеткен шамның білтесі де жана-жана қысқарған болуы керек, үй ішіне әлсіз жарық тарата сығырайып тұр. Әрі кетсе сүт пісірімдей уақыттан соң таң рауандарын білген Сарымсақ, сүйінші сұрай үлкен келіндері келе қалса, қамсыз жатқандай болмайын деп шапшаң тұрған да, шамның білтесіне тұрған күйені саусақтарымен лып-лып қағып тастап тысқа шыққан.

Тұман түсіпті. Оның үстіне дымқыл ауада бет шымшырлық аяз бар сыңайлы. Жай уақытта айсыз түндері де көрініп тұратын қоңсы тігілген боз үйлер тегіс жұтылған. Әйтеуір межелі жерің осы ғой деп, сондай үйлердің біріне қарай бұрылған бай көңілі әлемтапырақ. Егер ұл тапса, жорғалы боздың үйіріндегі қара құлақ боз тайды байлармын. Айтқаным – айтқан. Мейлі, сауыншы келіншектердің бірі келсін, мейлі қарасирақтар бірінші жетсін, бәрібір. Бірақ әлі ұйқыдан бас көтермеген ауылда солардан өзге сүйінші сұрар жан жоқ деймісің? Алса алсыншы, тәйірі, кім болса да, қыз тапса да. Былтыр, осы Рәзияжанды түсірерде, құдамның көзі түсіп, майпаң-майпаң қаққан жабағыны өлердегі сөзін айтып сұрағанда, бермеп едім. «Қалыңыңның қақ жарымын қайырып ал да, осы қарақұлақ төлді қи, қарымым кетті деп мен айтпайын», – дегенде, әрнені сылтау етіп, өзімше ол қорашсынбаса, ел қорашсынады қылып, су аяғын құрдымға жіберген едім. Енді ол да білсін, келінімнің бір қуанышының өзіне-ақ ондай қылқұйрықты жетектете салатынымды, көзі анық жетсін, мені қызығына құлын қимады демесін.

Сарымсақ кенжесінің еңселі ордасына таянғанда, әлденелерді жапыр-жұпыр сапырылыстырып жатқан адамдар даусы естілді. Жақындап келсе, жеңіл арбаға киіз үйдің жабдықтарын тиеген төртеу екен. Аз-кем тұрыңқырап барып жөткірінген байды таныған олар қалт тұра қалысып, жапырлай амандасты. Бірақ сүйінші сұраған біреуі болған жоқ.

– Ассалаумағаләйкүм!

– Қайырлы таң, байеке!

– Есен-саумысыз?

– Таянған қуанышыңыз құт әкелсін!

Жігіттердің бәрі де жейде сыртындағы жеңсіздерінің белін шарт буынып, бастарына бөрік киіп алыпты. Желең шыққан бай бойының қалтырағанын сонда сезген, әйтсе де ширақ есендесті.

– Ә-әә, жігіттер, әликсалам! Іске сәт, үй тігіңдер деді ме?

– Бәйбішенің айтқаны осы болды, байеке. Ауылдан жырақ үй тігіп, жерошақ қазып ас салып, бақанды жеделдетіп құруымыз керек. Шамасы, келініңіз қалжасын бұрын татпай қуантпайтын сыңайлы…

Бұл арада бұдан әрі бөгелуді ретсіз көрген бай отаудан шыққан келіншектен мән-жайға қанықты да, келген ізімен кері қайтты. Іштей ата сақалым аузыма біткенде босағадан хабар алған әлдебір желөкпеге ұқсамай, сабыр сақтайын деген. Оның үстіне жылы төсектен тұрған денесі қалтырап болар емес, күн райы қатал.

Қашан келгені белгісіз, үйіне кіргенде, ортаншы келіні шай қамымен жүр екен.

Таң намазын күндегісінен ұзақтау оқыған Сарымсақ шайға аса көңілді отырды. Әне-міне есіктен сүйінші сұраушы кіріп келетіндей, бірақ келініне сыр бермеген. Күрең шайға сары майды сала отырып, асықпай ішті. Тек дастархан жиналарда ғана:

– Балам, бәйбіше не дейді? – деген өзінше алабұртқан көңіл-күйін аңғартпаған болып. Бұл уақытқа дейін тоң-торыс отырған келіні не десем екен дегендей сәл бөгеліңкіреп қалды да:

– Жуалыдағы тәуіп әйелді алдырмақ. Сол үшін отағасын жолға қамдатты да, мені осында жіберді, – деп жұдырықтай қызыл бауырсақтарды одан әрі жинастыра берді.

Бай одан әрі қазбаламады да. Ұлының қашан жүретінін де сұраған жоқ, бірақ қарақұлақ тайдың сүйіншіге түске дейін байланбайтынына көзі анық жеткендей. Келінінің Жуалы дегеніне жарты тәулікте арбалы адам әрең барып қайтатын Сарымсақты екенін түсініп отыр. Ондағы тәуіп әйелді бұл атыраптың бәрі біледі. Әсіресе, әйел затының жаны қиналып, толғағы ұзағанда, көбіне-көп соның жасаған емі шипа болушы еді. Талай ана мен баланың өміріне араша тұрған келіншекті, содан болар, жұрт тәуіп атандырып жіберген. Ол келген күнде, келінінің жайы не болмақ, іштегі нәресте ше? Осыны ойлағанда жүрегі тіксінген Сарымсақ бұдан әрі үйге сыйып отыра алмады. Бағанағы жігіттерше бөрік киіп, шапанын жамылған да, етектегі қойлы ауылға беттеген.

Бұл қойлы ауылға келгенде, бағанағы тұман едәуір серпілген болатын. Бай ауылын қоршаған ірілі-уақты дөңдерді ортан белінен орай мұнартып, сонадайдан кәр төгіп тұр. Әншейінде ақ басы ап-анық көрінетін тау тұтасымен жоқ. Ауылға қараған Сарымсақ, неге екені белгісіз, тұман қоршаған көз жетер жерді ұяға, отауларды жұмыртқаға, ара-арасында қыбырлаған жандарды дәрменсіз балапандарға ұқсатты… Анадайда мың қаралы қойды өргізіп қойшы барады. Мұны көріп бері бұрылған. Аяғына қалың саптама, үстіне су өткізбес тері тон киген ол келген бойдан-ақ даусын соза амандасты да:

– Жаз айында тон жамылдырғандай не болып кетті, байеке? Бұрын-соңды мұндай құбылыс болып па екен, білмедіңіз бе? – деген.

– Ее-е-ее, өлара дейтін, өлараның уақыты емес. Соған мен де қайранмын. Соңы жауынға ұласатын сияқты ғой, кенже туған қозыларға абай бол.

– Менің де қорқынышым осы, байеке, – деп ішіндегі түйткілді аңғартып алған қойшы басын төмен салып жер тарпи берген қарагер атына жекіген болып ол ойын үзді де, сөзін басқаша өрбітті. – Айтпақшы, келініңізді естіп жатырмыз, тұмса ғой, өтеді де кетеді. Тәуіп келіншекке кісі салдырғандарыңыз дұрыс болған. Өткен жылы… – дей бергенде, Сарымсақ астындағы боз бесті оқыранып басын кекжите қалған да, екеуі де сол жаққа қарай қалысты: Ерден екен.

Аттан түсіп әкесіне сәлем берген Ерден бірден келген шаруасына көшті.

– Шешем: «Тәуіп әйелге барғанда, қолы шипалы болып келін мен нәресте жаны қалса, ақтығына тайтұяқ беріледі деп айт», – деген еді. Соның жайын сізбен сөйлесіп, рұқсатыңызды ала кетейін дедім. Сізді осында кетті деп естіп, салт шықтым. Көлік әлдеқашан жолға түсіп кетті. Қазір қуып жетемін-дағы ондағы екі жігіттің бірін осы атпен кейін қайтарамын, әке. Бәлкім, өзгерту енгізерсіз… – деп үнсіз қалды.

Ұлының қабағынан тайтұяқты қорашсынып тұрғандығын анық байқаған әке мырс етті де:

– Төрелігін менен сұрайтындай қай игі істеріңе бөгесін болып едім? Сендердің шешімдеріңе қарсы келіп, қолдарыңды қаққан жерім болды ма, не айтып тұрсың өзің? Менің бүкіл жиған-тергенімді атап жіберсең де, мұның не демеймін. Арғысын өзің ақылмен шеш, – деп, сөз бітті дегендей атын шаужайлап қалып бұрыла берді.

Иесіз қалған қалың қой бағытын өзгертіп, бері беттеген екен. Тіпті кейбіреуі он шақты қадам жердің шөбін жұла бастапты. Ара-арасында кезігетін бірлі-жарлым кәрі саулықтардың дымқыл ауадан мұрны бітіп, шуылы құлаққа келеді. Құйрықтары дөңгеленіп қалған кенже қозылардың бірі қайсыбір саулықтың бауырына еніп кетіп, жұмсақ тұмсығымен шабынан қомп-қомп ұра тізерлей қалса, енді бірі жас көдені бырт-бырт жүре үзіп, бастарын кегжеңдете шайнаған қалпы шапқыласып барады. Осы кезде тұмсығын екі аяғына кезек үйкей қатты-қатты пысқырынған тайыншадай сары ала төбет бірдеңе есіне түскендей болып аспанға қараған байдың ойын бөліп жіберді.

***

Іші-сырты бірдей ақпен қапталған үйде тәуіп пен Рәзия ғана. Ортада маздап от жанып жатыр. Оны айнала және Рәзия жатқан төсек маңына, үй жарық болу үшін, бірнеше шам қойылған. Кешегі қайтып кеткен толғағы батқан күнмен таласа қайта басталғанымен, ұзамай қайта тыйылып, маңында қолбалаша жалпаң қаққан бәйбіше бастаған әйел затын қатты састырды. Әсіресе, бүгінгі таңнан басталып, өзгеше күшке мінген толғақ көп әйелдің көңіліне кәдімгідей қобалжу ұялатқан. Бағана ғана биенің екі сауымындай уақыт бойына қолды-аяққа тұрмай тыпырлаған Рәзияны құрға асылдырумен әбігерленсе де, ол қайта-қайта талықсып кетіп, күш ала алмады. Өне бойы терге малшынған байғұс келіншек ана болудың мұншалықты арпалыспен келерін сезсе де, дәл осыншама уақыт азап шегуім мүмкін деп ойламаған болатын. Шырқыраған жанын қоярға жер таппай ышқынғанда, міне-міне үзіліп кетермін деген, бірақ олай да болмады. Арқанға қолтығынан асылғанда ғана, сәл жеңілдік байқалғандай болады да, ізінше толғағы қайта меңдеп, самайдан сорғалаған терге бұршақ-бұршақ жас қосылып, кермек дәм шайналған ұрттағы қанмен аралас ауызға келеді. Ештеңені көрмейді де, естімейді де. Әйтеуір жанын қинаған азап басылса екен дейді, сөйте тұра нәрестесін ойлайды. Ойлайды да есінен танады. Қайта сол талықсып кеткен сәттері жанына араша болатындай: өзгеше бір қуатпен оянатын тәрізді.

Осындай арпалыспен әбден титықтаған тәуіп, кеш алдында толғақ біршама уақытқа басылғандай болып, үйдегі бәйбіше бастаған әйелдерді қарсылықтарына қарамастан тегіс қайтарып жіберген де, өзі хабар бергенше мұнда ешбірінің келмеуін өтінген.

– Өзге бір ем қолданамын. Менен өзге адам барда, қонбайды. Келіндеріңіз бен нәресте амандығы үшін сол ғана қажет, – дегеніне, ең бастысы, талай құқайды көрген тәуіп келіншектің тәжірибелілігіне иланған әйелдер өзге амалдары қалмаған соң, құп алған да тарасқан. Олардың ендігі жалғыз үміттері – тәуіп келіншек қана. Оны қазірде маңдайы шып-шып терлеп қатты ұйықтап жатқан Рәзияның тамырын басып, терең ойда отырған өзі де жақсы біледі. Екеуара қалысымен біраз тынықтыру мақсатымен ұйықтатпақ болып әлдебір қайнатпаны ішкізген болатын. Нәтижесі ойдағыдай: Рәзия жайбарақат тыныстауға кірісті. Бір сұмдықты іші алдында сезгендей болып еді, аз уақыт тамырын басып отырғанда тіпті де күмәны қалмады. «Өлі туады-ау сорлы. Күнелтпектің күні өтпек деген осы да», – деп бар ауыртпалық пен жауапкершілікті өзінің мойнына алған тәуіп осы арада әуелгі шешіміне шындап бекиін деді. Қалың ойға беріліп, талмаураған әйелдің жүзіне үңіліп отырғаны да сол болатын. Өзге жол қалмағандай, сөйтіп, бірнеше жанның сауабын бір-ақ алмақшы. Тәуекел қайығына нық мінбеске амал жоқ. Ондағы ойы осыдан екі күн бұрын ғана бала үстінде о дүниелік болған өз аулының келіншегі еді. Онда да келіншектің өзі емес, бөбегі болатын. Әкесі келісімін берер ме екен? Қолы қысқа, ағайын-жұрттан ада адам ғой. Ұстара өткен көсе иегіндегі қалдықтай әр-әр жерде қылтиысып жүргені. Жұбайының қонақасына да жете алмай жатыр емес пе? Сондықтан баласының болашағын ойлап, көнер де. Не де болса нар тәуекел.

***

– Ойлан, Белес! Мен айтсам, жөнін айттым. Әйтпесе бауыр етіңнен айырып, деген келешегіңе бет бұрғанда, бүкіл өмірден баз кештірейін деп отырған мен жоқ. Асықпай ойлан.

Мұны айтқан тәуіп келіншек еді. Бағана оқшау тігілген киіз үйге жоламай жауын астында сонадайдан хабар күтіп жүрген екі жігітке шығарда ұмыт қалдырған дәрілік шөпті әкелуді сылтау етіп, қараңғы түсе өзге жан адамға сездірмей, бұл кетісін жігіттерге де қатаң ескерткен де, өзі жақында арқандаулы тұрған байдың дауыл жорғасымен кері қарай салт шыққан. Қайта екі араның көделі даласы уақыт ұтуға үлкен сеп болды. Ет пісірімдей уақыт төтесімен жүйіткіп отырып атының басын Белестің қара үйіне бір-ақ тіреді. Қаза соңынан қалтыратқан қара түнде қара жамыла қалқиған жүдеу үйде қашықтағы аза тұта келер бірді-екілі ағайынын күткен көңілі құлазып, жаны торығулы Белес жалғыз екен. Келген бойда жол болсын сұраған үй иесіне бұйымтайын төтесінен дүңк еткізгендікі болар, көзі шарасынан шыға сілейіп қалған ол есі дұрыс па дегендей тістеніп тұрып қалған да, аяғына отырғызбай қолды бір-ақ сілтеген. Өз қателігін ұға қойған тәуіп те сөзімен оның о жақ, бұ жағынан орағытып, әйтеуір толығымен тыңдауға көндірген де, майда бипаздауға көшкен-ді. Бірақ ол әдепкі жауабынан оңайлықпен тана қоймады. Қазір де тәуіп келіншекті атарға оғы болмағанымен, суы сүмектеген жолаушының сөзіне ұйыйын деді. Әйтсе де «жә» дей қояр түр берер емес.

Арада шай қайнатым уақыт өтті. Әлсіз шамның қызғылт сәулесі үйдің ыс басқан ішіне толық жетпегендіктен, жоғарыдан төнген қара көлеңке құрдан-құр еңсені басқандай. Оның үстіне Белестің ту сыртындағы көлеңкесі де аса зорайып, мүлгіген тас мүсіндей қыбыр етпейді. Қос жұдырығымен самайынан жоғары көтере қысқаннан, маңдайына ерте түскен ұзынша әжімдердің ортасынан көлденең екі сызық және пайда болған. Көздерін жұмып алған. Қою мұртынан төменірек астыңғы ерні көлеңкеде қалғыған жылқының ерніндей салбырап қалған. Онсыз да арық дене сумаңдаған сан түрлі ойдың тоқтаусыз шабақтауынан бүкшиіп, зорайған көлеңкесіне қарағанда, жұмыртқадан шыққан балапандай бір-ақ уыс. Оған қарағанда тәуіп келіншек қазықтай қақшиып ширақ отыр. Суықтан қалтырамайды да. Екі көзі сәл сығырайып айбынды әміршінің бұйыруына сай жауап тілейтіндей.

– Сен шынымен-ақ менен үмітіңді үзбей отырмысың?! Жауабым – сол, айнымаймын да! – тыныштықты Белес өзі бұзды.

– Сондағы сүйенерің не? Өсер елдің баласысың, өскініңнің өміріне көз жүгіртші. Бөбегіңді саудаға салып, құнын бұлда деген кім бар? Тайтұяқ пен үйірлі жылқы, біле білсең, ертеңгі алар қалыңыңның қайтарымы емес пе? Олжа көздеген мен емес, түсін соны. Мен анамын. Құдай қойса, Рәзия да ана болады. Бөбегіңнің о дүниелік болған шешесі де – ана. Тағдырымыз бен тілегіміз бір екен, ол – бөбек. Осы үшін жарың көз жұмғанда, сәбиім саумал еміп, тымақта керегеге ілініп өссін демегенін өзің де сезесің… Рәзия да сәбиім шетінеп, қу тіземді құшақтасам демейді. Әрі-беріден соң, оның сәбиге деген аналық махаббатының ең бір іңкәр кезі, сенің жарық дүниеге келмей жатып соры қайнаған бөбегіңе тер иісі аңқыған тымақ емес, ана құшағы мен ақ сүтінің нағыз керек дер шағы. Болмысы қыз бала екен, аналық мейірім ақ сүтпен ауысады, ұмытпа. Сол үшін де ойлан деймін. Жат жұрттық болып жаралғаннан соң ертесі не, кеші не, бәрібір, әкесі. Бірақ ол бала іздеген анаға, ана іздеп барады. Екі мұңлықты бір аспанның астында екі түрлі еңіретпей, орайын келтіріп тұрған Алланың ісі шығар.

– Жә, тоқтат! – Белес шарт кетті. – Маңдайда соры бес елі бейбақтарды мұңлық еткен де сен айтып отырған иеміз емес пе? Солай демеп пе едіңдер бүкіл ел жиылып? Сонда айдаладағы үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шіркіндердің бір-біріне емешесін құртып қоюды көздеді демексің ғой. Жетті! Жетті мен үшін! Оны өсіріп, жетілдіру – ұрпақ алдындағы аталық борышым. Оны қалай, қайтіп өтеймін, ол үшін сенің басың ауырмасын. Тауқыметінен қашып, пұлға айырбастайтындай әлі мені Құдай адастырған жоқ. Алса, анасын алды, бірақ мен бармын – әкесі бар!.. – деген күйі жұдырығымен кеудесін ұра ытқып кетті. Ентігіп алыпты, әйтсе де тәуіпті қуып шығар ыңғай көрсетпеген. Осы кезде келіншек те даусын тік көтерді. Сөздерін біріне-бірін тіркестіре саңқылдап барады:

– Сабыр ет, Белес. Атың Белес болғанымен, адамның адамы ғана асатын асуда тұрсың. Мен мұнда сенімен сөз жарыстырғалы келгем жоқ, бірақ сөз нарқын түсінеді деп келдім. Сол үшін тыңдай түс. Әкелі-балалы екеуді екі жарып көз жастарын жүктей қоярлықтай мен де адаса қойған жоқпын. Аналығымды былай қой, адамдық ісімді көлденең тартпақпын. Пұлға айырбастайтындай оң жақта отырған балаңның жоқтығын және ескер. Солай болған күнде буынсыз жерге пышақ ұрғандай жөнсіз ырғатылатын жаның мен емес. Жаңа да айтқанмын, тағы да қайталаймын соны. Күтімсіз құндағыңнан күй кетсе, обал-сауабын кім көтереді? Сен! Екі дүниеде де жауап беруші – сен. Бой жеткендегі қалыңы демеймін, есіңде болсын, үйірлі жылқы мен тайтұяқты мына мен беремін саған! Онда да қолыңның қысқалығын білгендіктен, езіле бермей ес жиып, ойраны шыққан шаңырағыңды отауға айналдырсын деп беремін! Күтімсіз дейтінім – сол: сен әкесің, ер адамсың. Сөз төркінін әрі қарай ұға бер, бірақ менің меселімді қайтарамын деп өмір бойы опық жеп өтсең, мен тазамын. Арада құс ұшпас шың тұрып, шалғайда жүрсеңдер де, бірін-бірі үнсіз ұғынысқан жүректер лүпілінің өзі дәтке қуат. Ол білмесе, сен білесің. Реті келсе, келген бойда-ақ айттым ғой, ағайын-жұрты тұрмақ, Рәзияның өзі де сезбей қалады. Бағып-қағарсың-ақ, фәниден салт бас, сабау қамшы өтпессің. Бастысы, өгейлік деген қадалған шаншудай шымшыма сөзден екі бірдей адам баласын арашалайсың. Көнбейді екенсің, сондағы булығар кеуде мен төгілер жастарға татымды жауап таңдадың ба? Әрине, онда да сенің кінәң болмаған болар еді, дегенмен, Белес, қос дүниеде де алғыс жамылар ұтымды жағын таңдай білу керек. Ақ пен қараны айыра аласың, ендеше бәрі де өз қалауыңмен. Сондықтан осы арасына мән бер, ойлана түс.

– Ойланғаннан түсер түсім болса, ойланар едім. Бірақ қайда барсам, Қорқыттың көрі бола берді ғой, болмаса менің соған ындыным құрып жүр деймісің?! Жоқ, мен күткен баянды ғұмырда ол болмауға тиіс еді, жаратқан иемнен ешқашан да тілемеп едім оны! – Белес және тістеніп алды. Кереге басындағы мезгілсіз ілінген түлкі тымақты қос алақанымен аялай ұстап, ет жүрегі елжірей, тұмсығын көміп жіберді. Сөйтті де емірене үн қатып жатты. Даусында енді ашу-ыза емес, діріл бар. – Өгейлік пе, өгейлік пе? Өмірімнің жалғыз шырағын өгейсітпесем қайтесің?

Белестің әрбір қимылынан көзін айырмай, жіті бақылап отырған тәуіп бұл уақта бетін басып шыға жөнелмек те болды, алайда тамағына кептелген өксікті деммен басқан да, жаңағыдағысынан біршама саябырсыған үнмен сөйлеп, әліптің артын баққан.

– Сен өгейсітпесең, өмір өгейсітті, әкесі. Сенің де, менің де нәресте алдындағы қарызымыз бен борышымыз – қайткен күнде де ана сүтін сыйлау. Жеті қат жер асты мен жеті қат көктен кезіп таппасың анада ғана бар. Ол – Рәзия. Оңтайы келген екен, өз қолыңды өзің шаппа. Алла разы болсын, дегенімді қыл, опық жемейсің.

Белес жалт бұрылды да, бұған қарай қалды. Мұңайған жанарлары жасқа шыланып қалған екен, шам сәулесімен әлсіз шағылысып тұр.

– Сонда не қыл дейсің маған? Алла разылығы солай дейсің, ел-жұртқа, нағашы жұртына не деймін? Түбінде барар жері – сол, ертесі не, кеші не, тірі тіршілігін жасайды. Сондықтан отау құрып, ошағымды түзеймін. Жат жұрттық екен, ессіз кезінен еркелеп, бауыр бассын деймін бе?

– Әй, Белес, не айтып отырсың өзің?! Бауыр етімді жат жұрт кесті дейтіндей бойжеткенің бе еді ол? Есіңде болсын, сен берсең, мәңгіге бересің! Шын көңілмен бересің! Бір-біріне құштар қос жанның таза іңкәрлығын біліп бересің! Мұны жер бетінде екеуіміз, көкте Құдайдан өзге ешкім білмек емес. Ағайын-жұртыңа былай де деп аузыңа сөз салып беретін бос белбеуге ұқсамайсың, оны өзің шеш. Бірақ… бірақ аларыңды қалың деп есептеме, ол – өз ырысың. Нәресте өз анасынікі. Келіссең, сөз тәмам.

Одан әрі Белес тіл қатпады, бар болғаны тымақты баппен алып, кеудесіне қыса берді, қыса берді. Тыста үздіксіз жауын жыласа, іште лажсыз әкенің көзі, оған қоса аттан естілсе қымс етпес жүрегі жылайды. Жалғыз ғана нәресте бейқам. Қолапайсыз құндақталғанына қарамастан жылы тымақ ішінде тәтті тыныстап жатыр.

***

Аспанды бұлт басып тұрса да, үйдегі күйіп-жанған Рәзияның олай бір, былай бір алабұртып, өзін пышақ жүзіне салғандай қылпылдатқан толғағы кезінде басы-қасында болумен талыққанына қарамастан, соңғы сәттердің қуанышын жан-тәнімен сұраған тілеулесі – тәуіп шолпан туар мезгілдің келгенін іштей сезіп жүр. Құдай қарасқанда, әкесі аманат деп, өзі шарапат деп, су өтпес үшін илі теріге орап қойнына салып алған бөбегімен Сарымсақ ауылына межелі уақытында жеткен болатын. Жауын бар атырапқа ызғар шашып сүмектегенімен, екі араның көделі даласы дауыл жорғаның жүрісіне қолайсыз бола қоймады, лайсаңы аз. Келсе, құда да тыныш, құдағи да тыныш: Рәзия сол баяғы орнында екі бетінің ұшы алаулаған күйі ұйықтап жатыр. Сонысына қарай бағанағы күдігіне енді күмәнсыз иланған тәуіп киімін ауыстырып, аз-маз жылынғанша, еппен ыңқылдай оянған ол да алдағы мазаң кездерден белгі бере бастады. Ұзамай-ақ тұмса келіншектің осы ыңқылы ұдайымен ышқынып, аузымен ауа қармар ауыр сәттерге ұласты.

– Айналайын, өткінші, өткінші мұның бәрі. Талықсып кетуден сақ бол. Енді аз уақыт. Бастысы, менің айтқандарымды қалт жібермей, барынша жігермен істеші… – Тәуіп құрға асылулы Рәзияның кіндік тұсын бір қолымен айналдыра сипалап, өзі бұйыру мен жалыну аралас сөйлеп жүр. – Енді азғантай уақыт, аз-ған-та-ай.

Қусырылған танауы дір-дір еткен Рәзияның өңінде қан-сөл жоқ. Тарқатылып кеткен қара шашы әлсін-әлсін бетін жауып, шықпа, жаным, шықпамен тұрған байғұсты одан әрі пысыната түседі.

– Міне, міне, осылай, иә, осылай. – Қос білегін бірдей түрініп алған тәуіп осы ырғақпен сөйлей берді. Рәзия бір дем үнсіз қалса, бір дем булыға ыңыранумен болды. Ондайда түбі жерге шаншылып, өзі керегеге мықтап таңылған бақандар шарт сынып немесе қылдан есілген ақ арқан шорт үзіліп кетердей. Түп-түзу керіле қалады да, шықырлаған тіске сықырлаған үн қосып олар да бебеу қағады. – Тағы, күнім, тағы. Міне, міне, енді әп-сәтте. – Одан әрі тәуіптің үні пышақ кескендей тыйылды. Ендігі жерде сөйлеуді былай қойғанда, онсыз да сүлдері тұрған Рәзияға, буынына ие бола алмай, көзі қарауытқан дәрменсіз қалыпта сүйене берді, бірақ үй ішінде өзінен өзге демеу болар жанның жоғы, өзінің үлкен жауапкершілігі медеу болып, есін тез жинаған, болмаса бойындағы бар қуатын сарқыған Рәзия мұның үстіне құлай кеткендей еді. Жыбырлаған жылымшы затты ұстауға дәті бармай әуелде тастай берген, енді бір қолымен осынау таңғажайып нәрсені дүниеге келтірген сорлыны сүйеп, қалтыраған екінші бірімен шетке сыдыра берді…

– Астағыпыраллаһ! – дейді күрмелген тілін сөйлеуге әрең икемге келтіре сыбырлап, – Астағыпыраллаһ! Я, Жаратушым, медет бере гөр! Көрмес көзім не көріп тұр?! Я, Құдая, сақтай гөр. Астағыпыраллаһ! – босаған буындарынан әл кетіп, үні, сыбырласа да, алқына шығады.

Аздан соң көк әлемін әбден қойыртпақтаумен болған бұлт реңі бозғылданып, таң атты. Тек сол қойыртпақ аспанның түбі тесіліп кеткендей: үзіп-үзіп ұзақ сіркіреген жауын тыйылар емес. Оқта-текте сейілгендей болса, ауада тозаңы ұшқындап, жер мен көктің арасына дымқыл көрпесін жая салыпты. Зіл-батпан ауырлық бар.

Бұл кезде оңаша үй ішіндегі жалғыз ағаш төсекте Рәзия жеңілдік тауып, баяу тыныстап жатты да, тәуіп келіншек отқа қақталумен кеберсіген киімдеріне әлдебір заттарды орап, қоржынға салып тұқшындап жатты. Жүзінен аса абыржығандық байқалады, әйтсе де үйде үлкен жылулық бар. Жауынға бөккен таңғы ауада бытпылдықтаған бөдене үні келмесе де, үй ішінен кіндігі тырналып, ауырсығаннан шырқырай жылаған нәресте іңгәсі келеді құлаққа. Кіп-кішкене беті тыжырынып шалбарлана қалғанда, күмпиген қызыл қарнының ортасынан шып-шып қан шығып кетеді. «Осылай, ім-м, осылай болғаны дұрыс», – деп күбірлеген тәуіп ендігі жерде соны таза шүберекпен таңды да, шығар ауызға бұрылды.

Түнеугүннен бері демін ішіне алып сұлқ қалған Сарымсақ ауылы нендей жағдай болса да деп әзір отырған. Пейілдеріне орай екі ұдай күткендері жақсылыққа қарай ойысып, қазірде шексіз қуаныш үстінде. Шілдехана жасап жатыр. Сарымсақ Сарымсақ болғалы, ошағының түтіні бұрын сұйық ұшқан орда болса да, жауын әсері ме, болмаса жазмыш солай мақұлдады ма, белгісіз, әйтеуір, бүгінгі күні қою будақтап, жер бауырлай жатып алды. Есесіне ауыл-үйдің итінің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Бәрінің де езу түктері қып-қызыл.

***

– Келінжан, айналайын, шетке шығандағалы тұрған қуанышымды қос қолдай әкеліп қойныма бастың, рахмет! Неге деп сен сұрама, арыма томпақ деп мен айтпайын, сіңліңді бөбекті етіп және бір сіңлілі болған жайың бар. Ұзағынан сүйіндірсін, осындай олжалы тұрған кейпіңе ел разы, лебізіңе қанып біз де олжаланайық. Нәрестеге ат қоюды да өзіңе жүктемекпін. Аузыңды ашсаң, ақ төгілген, ар жағынан бақ көрінген жансың ғой, шырағым, есімін сенен еншілесе, семіздік етпес, ат қоя ғой, өз аузыңнан естіп, құп алайық.

Үлкен отауға тәуіпті өзі бас болып ертіп әкелген Сарымсақ жасауы мол дағарадай үй ішіне кірген бойда-ақ асты-үстіне түсумен жік-жапар болса, енді ақ майға бөккен дастархан үстінде өңшең ел жақсылары отырғанда да мейлінше ырзалығын шексіз қуанған пейілде білдіре отырып және бір өтінішінің барлығын айтты. Дастархан жағалай алқақотан тізілген ақ сақал, қара сақалдар бір-бір қопаңдасып айтылған сөзге өз райларын аңғартысып жатыр. Бәрінің де жүзінде тоқмейілсу бар.

– Сөз-ақ, шіркін, кіндік шешеден есім иеленген нәресте шын-ақ бақытты шығар. Оның үстіне халық сыйлаған анадан ақ бата алса…

– Бәсе, бәсе, байекесі қуаныш соңында тоң-торыс қалмаса керек еді. «Ақылы асса, кіші – үлкен, сеңсең бөрік басымда, пұшпақтан өңкей пішілген» деген осы да.

– Алда разы болсын, айналайын, еңбегің зор болса, тұғырың төр емес пе? Көлденең көк аттылының бірі емес, атыңа атырап қанық анасың. Ат қоя ғой. Атасаң болды, атанды дейік.

Шолпан туғалы бері бар ойы мен бар болмыс-бітімі қабат боз мұнарда малтығумен түйсік-танымы өзінен-өзі тұйыққа тіреліп, шырмауыққа шырмалғандай күйде жүрген тәуіп салған жерден не дерін білмей абдырай берді. Сөйткенше болған жоқ, әлдеқандай тылсымнан талығып жеткен сыбырлақ үндер келе бастады құлағына. Сол үн бірте-бірте күшейіп, сыбыр болса да, сананы жаңғыртуға көшті: «Құбылыс», – дейді. Құбылыс-құбылыс… Құбылыс-құбылыс, құбылыс-былыс-лыс-лыс-с… Өз ойымен өзі әуре ол одан әрі үйдегілердің не айтып жатқанын ұққан жоқ. Іштей осы сөзді қайталаумен қалғығандай түрге еніп, аздан соң көзін ашқанда байқады: алдарындағы асты жеп болған көпшілік қанша назар аудармайын десе де, таңырқаныс толы көздері лебіз күткен сыңайда бұған алма кезек шыдамсыздана жаутаңдасуда екен. Ар жағына түрлі мінез жасырған түрліше көздер енді бұған қадала қарады.

– Үлкен кісі өтінгенде, әдеп сақтаған болып орынсыз қашқақтамайын, отағасы. Пейіліңізге сендім, перзентіңіздің пешенесіне пендешілік сыймаған, Жаратушы оған тек перизаттық сыйлаған. Алды – бақ, соңы абырой болғай, өтсе-дағы не заман. Осыған сіз де иланыңыз. Рәзия замандасым жақсы бала табар болар, шілде айында шидем жамылдырған кезеңмен үш күнгі толғағы тұспа-тұс келген екен. Ана қиналғанда, дала күңіреніпті, ендеше бұл біздердің түсінігімізге жат тылсым құбылыс болар. Оны, елдің игі жақсылары, өздеріңіз де кешелі бері айтып таңырқасудасыздар. Дала мен ана табиғатында осындай сәйкестік болғанда, бала мен осы аталғандар арасында селбестік жоқ дей алмаймын. Нәресте аты Құбылыс болсын.

Бұл уақта тәуіп не айтса да, бас шұлғуға әзір отырған Сарымсақ мынадан кейін тіпті беріле қоштады.

– Бәрекелде-ее! Аузыңа ақылың, ақылыңа Алла салған шығар бұл сөзді. Бәйбіше, ат қою рәсімін бастайық, Құбылыс деді ғой, Құбылыс, бәйбіше!

***

Жаясында үйректің жұмыртқасындай бес-алты қоңыр дағы бар боз ат жан-жағына елеңдеп осқырына берді. Ұшар басы мәңгі мұздақ таудың етегінен бастап сонау-сонау құзарларға дейін бітік өсіп, нуға айналған орманын жағалауға көшкелі, әлденеден секемденетін тәрізді. Оқтын-оқтын ішін тартып пысқырына қалады да, жер тарпи шырқ көбелек айналады. Кешқұрымғы елең-алаңды жамыла ауылына соқпастан бұра салған тәуіп қазіргі көз жетер маңның қоюлана бастауын пайдаланып орманға енбек. Түс әлетінде толас тапқан жауын қайта тамған жоқ, төңіректен көтерілген ауыр тұман аспан жамылғысын ыдырата келе дар-дар айырған да тастаған. Үркерге сыртын беріп суыт келе жатқан ол тарпаң бозының қашқақтай орағытумен қиғаштай шапшығанына қарамастан тынысын тартып меңірейе қалған түнгі орманға сұғына берді. Астындағы аты ғайыптан әлдеқандай жыртқыш тап берердей бұлтақтаса, бұл нендей зауал төнсе де, шімірігер емес. Ол үшін бүгінгі таңға куә болған қорқынышынан асқан үрей жоқ. Асып түссе, үлкеніне жолығар, бірақ айылын жимады. Бар ойы астан-кестеңі шыққан, әлемтапырақ. Өз-өзінен күбірлеулі тәуіптің өзіне ғана мәлім, өзі ғана түсінетін сыбырын әлсін-әлсін денесі жиырыла жанға бұлт еткен атының жұлқынысы бөле берді. – Медет бер, ием, медет бер! Көрмесімді көргізіп, білмесімді білдіргенің бе, қайткенің? Онан да меңіреулікті еншілетпедің бе о баста? Адам ба, аң ба? Бұл не өзі? – сол жақ қолымен қанжығадағы былғары қоржынын сипап қояды. – Не болса да адам емес-ау. Анадан аң туғызған құдірет, сондағы көздегенің не екен?! Жоқ, барша адамзатты сынағаның ба? Олай болса, ел көрмес, құлақ естімес бір қияндағы жалғыз үйде жалғыз өзімнің жүрегімді жаралағанша, жарық дүниенің бәріне неге паш етпейсің, ием? Ендеше, менікі жөн деп білемін. Тылсымыңның тіршілігіне балта шапсам, мені жазалай көрме. Мен адам адамдығын сақтаса деймін. Араларына албасты кіргендей ошарылған кейіптерін көргім келмейді, Алла! Жаза бассам, өзіңнің жіберген жұмбағың себеп. Жаратушы деп жалбарынып, тек өзіңнен жәрдем күткен көп пендеңнің бірі – мен. Сондықтан, ием, жауабын өзің бермесең, өреміз тар. Ендігәрі өзгеше сыр бұқтырумен, мағұлымсыз құбылыстарыңды көрсете көрме. Бүкіл жер бетінде жалғыз куәсы мен болайын, – кенет қолын қоржын үстінен шоқ басқандай тартып алған тәуіп ішкі әлемі алай-дүлей қалыпта аңтарылып мойнын бұра берді: айналаға үрке қарап, жанұшыра батпақты далада танауы шуылдай келе жатқан тарпаң боздың солқ-солқ қаққан бүйірлігіне құлаған қоржын жыбыр ете қалды. Алдында алақанымен сезген тәуіп енді, тіпті, өз көзіне өзі сене алмады. Қанжығада таңнан бері таңулы тұрған қоржындағы құбыжығының демі әлдеқашан біткенге, ендігі қатып қалғанға жорып келе жатқанда, қорқынышына қорқыныш жамала қалған ол жалма-жан ағыта бастады. Бар бойына, сонымен қабат неше күнгі талығу аралас сансыраулы ойына бірдей, қала берді, қолдарына дейін діріл жүгіріп, икемге келер емес. Қос қолдай қоржынды боздың жаялығына шығарып алғанда, іштегі тепсінген бүлкіл үдей түсіп, тәуіп жиырыла берді. Сол екен, не қыларға білмей бейберекет ұмсына берген оң қолын қойнына салып жіберіп кішкене сапысын алып шыққан да, қайысты шорт қия салған.

Боз тарпаң ытқып бергенде, өзі әрең-әрең құламай қалды. Әупірімдеп ердің қасына ілінген тізгінін жия берген. Осы кезде соңынан жылау ма, болмаса жалбарыну, әлде қарғау ма, белгісіз, әйтеуір булыққан бір үн сыңси жөнелді. Өн бойы инемен шабақтағандай дуылдап, қатты тітіркенген тәуіп орманның шетіне қарай шошына суырылып бара жатқан атын тежеген жоқ, қайта жалына жармаса еңкейе берді. – Қап! Әттең, әттең! Іштен шыққан шұбар жылан, тірі екеніңді білгенде, әттең!.. Жөндемді көз тоқтатып қарамадым да ғой өзіңе. Тумай жатып сорың қайнаған қор ма екенсің, әлде адамнан артып туған зор ма екенсің өзің? Ұсқынсыз бейбақ, обалың менен аулақ. Өремнің жеткені осы болды, ендігіні не де болса алдан күтемін, алдан... – Қорқыныштан күні бойғы бастығырылған ойы демде ширығып, жападан жалғыз дауыстай шапқан тәуіп келіншек өлмесе, енді өледіге жорып, тірліктің бар тауқыметі сонымен бірге қараңғылықта мелшиген орманға жұтылып кетсін дегендей, кейінге қарамауға тырысады. Аман-есен елге жетсе, ертеңнен қалдырмай тайтұяқ пен үйірлі жылқыны бағана қарақұлақ боз тайды сүйіншіге жетектеген жылқышы баласына айдатып алып, Белестің алдына салмақшы, бірақ, неге екені белгісіз, өзіне ғана аян батпан өкініш қалып бара жатты ішінде. – Қап! Әттең, әттең, ертерек білсемші! – Осы кезде тұтас даланы тұншықтыра басқан түнді тіліп түскендей ащы жаңғырық естіліп, соның көзі ғана көріп, самсаған қалың қарағайдың біріне соқтығыспай ағындап келе жатқан тарпаң боз одан әрі құтырына түсті де, тәуіп ерні жыбырлаған қалпы тақымын қыса берді. Және сол тақымы арқылы жанұшыра зырлаған атының бойындағы қорқынышын толассыз қалтыраған дірілінен сезген. Жаңғырық және бір қайталады:

– Һайийа-һаһ! Һайийа-һайийа-һаһ!

– Һаһ-һайийа-һаһ-һаһ!

Онымен қабат аспаннан жан-жағына өткір сәуле шашып, алып киіз үй ұшып өтті де, айналадан анталаған екпінді жаңғырықтың енді жаналғыштай жарықшақтана төбеден төнгенінен одан әрмен үріккен боз тарпаң қатты сүрінді, бірақ құламаған.

3

Әбден титықтаған Таңат амалы құрыған ағасына бір, сыртта осымен екінші күн бойына тынбай асқан долылық таныта ұлыған боранға бір елеңдеп, өзінің де мысы құрыды. Енді терезеден сыртқа қарап үнсіз тұр. Айдаладағы жалғыз үйдің о жақ, бұ жағынан орағыта соққан боран айналаның барлығын ызғар аңқыған суық көрпесімен матап тастапты. Зілдей салмақ әншейінде ту-у алыстан-ақ зорайған алыптығымен мен мұндалап тұратын кәрі тауды басып қалған, маңайындағы шоқы, төбешіктер ізім-ғайым. Сонау жылдары бір атаның балалары ұйымдасумен қалқитып алған төрт бөлмелі кең үй, тыстан суық үрлеп, іштен жеңгесі – Рая толғатып, екі күннен бері өкпені қысқандай тар көрініп кетті. Дала болса, әлекедей жаланып, шықтың болды, жұтып жіберердей кәрленіп тұр. Барар жер, басар тауы жоқ. Төр үйден араға уақыт салып бебеу қаққан жеңгесі, екі сағаттай өтті, тыныш. Бұл да болса дәтке қуат. – Сәл шыдай тұрса екен, ит өлген жер емес, боран ашылса, біз де қарекетімізді қылармыз, – Таңаттың ойын ішкі бөлмеден кірген Марат бөліп жіберді:

– Мына боран қайтеді, ей, қыра ма бәрімізді, ақ кебінге орап бір-ақ тынбақ па?!

– Басылар, кешегіге қарағанда жуасыған тәрізді ғой, – Таңат өзінше ағасының көңіліне жығыла салған, әйтпесе бүгінмен тоқтамайтынын ол да біліп тұр. Осы кезде ұзынша бойлы Мараттың сопақ басына біткен жұқалаң бет терісі тыржың етіп, кесіп тастады.

– Басылар! Басылар-ау, Рая ше?! Ол күте ме екен соны? Екі күн болды, нәр сызған жоқ, қаншама қажыр-қайратты қайдан алмақ? Құрығанда жөн білер біреу болсайшы арамызда. Бұлай боларын білгенде... – Інісінің жанына келіп, сыртқа көз салған ол қыс басының жай басталғанын өзінше жақсылыққа жорып, арқаны кеңге салғанына өкінулі. Раяның есептеуінше, әлі жиырма шақты күндей бар еді, күтпеген жерден килікті емес пе? Келесі дүйсенбіде орталықтан машина алдырып, жеткізіп салмақшы еді, қырсыққанда қымыран іридінің кері-дағы.

– Шіркін, вертолет болар ма еді?..

– Не оттап тұрсың, ей?! Вертолетің не өзіңнің?! Бұрынғы СССР-дің кезінде де бұл маңға оның үні жетпеген. Боран болса мынау. Ойың мен бойың қабыспаған бозөкпе! Қайдағыңды езіп... Сандырақтамай малға ие бол анау. Әрі-беріден соң, елден жырақ ен даланы мекендеген жабайыларша бүрсең қағып жүргеніміз сол мал үшін. Басқада шаруаң болмасын. Бар, жездеңді үйге жібер, – Марат шын ашуланған, бірақ апыл-ғұпыл сырт киімдерін киіп жатқан Таңат оған ренжіген жоқ. Бар ауыртпалықтың батпан күші тек соның иығына салмақтырақ түсетінін жақсы біледі, сондықтан ренжу орнына іштей аяған да.

Әлдекімдердің күңгір-күңгір сөйлеген даусынан оянып алған Таңат бөлмедегі екеуді бірден таныды: Марат пен жездесі Ертіс екен. Өзді-өздері күңкілдесіп, шынысын күйе басып кеткен керосин шамының жарығында темекі тартып отыр.

– Барсаңшы енді, өз әйелің емес пе? Отыра бергеннен оңалса, нәтиже қане?

– Жездеке, өзіңді Ертіс демей жездеке дейінші бүгін. Шынымды айтсам, ауырған адамнан қорқамын. Отырайын деп отырмын ба, күн ашылса, қазір-ақ аттанар жайым бар. Жіпсіз байланып қалмадым ба қу далада?! Отырмайын десем, боранға жұтылып, боқ басында өлгеннен жыртығым бүтінделе ме? Былай барсам – өгіз өледі, былай барсам – арба сынады, қайт дейсің енді маған? – аузы мен қос танауынан бұйра түтінді будағымен шығарып, терең күрсінген де палас үстіне төселген көрпешеге шалқалай берген.

– Әйтеуір болары болады екен, таңға жетер ме еді... Түн жарымында моладағы шырақтай болған сықсимаға сықсыңдатпай, – одан әрі қолындағы темекі тұқылын күлсалғышқа күйіне мыжғылаған Ертіс те жантая берді. Кенет төр үйдің есігі ашылып, Мейрамгүлдің даусы естілді:

– Марат, а, Марат, ояумысың? Келсеңші бермен! – үнінде талығу бар.

– Не, не боп қалды? Мен мұндамын, – орнынан тұра ұмтылған Марат қуаныш күткендей ебелектеп барады. Ол жақта бірер рет тіл қатысып, қайта келген.

– Тыныш па, не қыл дейді, – деген Ертістің сұрауына:

– Не деуші еді ол маған? Туғанда аузына көңілсіз кемпір түкіргендей шіркін жөндемді нәрсе айтушы ма еді? «Жылы су әкел», – дейді! – деп дүңк етті.

– Жайшылық па, ол неге керек болды екен?

– Әй, білмеймін. Раяш қатты ыңырсып жатыр екен, дәтім шыдамады. Шайнекті бердім де тайып тұрдым.

Ертіс ештеңе деген жоқ. Мараттың ол бөлмеге жолай алмай жүруінің себебін де түсініп отыр. Өзімен тете әпкесімен әйел босандырудың арына қайшы екендігін, сол үшін де аяқ баспауға іштей бекінгенін жақсы біледі. – Ең болмағанда, Таңат та үйленбеген екен, екі адам болса, септігі тиер ме еді, кім білген... Мейрамгүл де шаршады, Раяның халі анау, шықпа, жаным, шықпамен қыпылықтап жатыр, – өзі Таңат жаққа қарады.

– Өй, сен ояу ма едің? Көзің жылтырап жатырсың ғой. Тап қазір айтшы, қашан үйленесің?

Өзімен-өзі болып, дағдарып қалған Марат жездесінің мына сөзінен кейін тіпті шарт кейіген:

– Қой ол сырықтай болған шіркінді, қолынан қосаяқ соғу келмейді. Одан да, міне, дәл осындай қысыр әңгімені бастап бер де, ақымақтығына қайран қалып жата бер, сандырақтаудың сан түрін көрсетпесе, мұрнымды кесіп берейін, – қолын бір сілтеп, тысқа шығып кетті.

Бұл жолы ағасының орынсыз өкпесіне шын ашуланған Таңат көрпесін бүркеніп алды. – Атаңның аузын ұрайын, көңілсіз кемпір түкірсе, сенің аузыңа түкірген шығар! Не қылмайсың дейді маған осы? Ертеңгіні бүгін ойлағыш ақылды болса, мына тірлігі не? Әттең, жасының үлкендігін пайдаланып тіке қаратпайды, әйтпесе бар ғой, өзін қайта тәрбиелер едім! – деп жігітшіліктің желең ойымен зілсіз тістенген ол Ертістің шамды алып келесі бөлмеге өткенін байқаған да жоқ, қайта ұйықтап кетті.

Келер таң жайлы атты. Далада шөп басын қимылдатар жел жоқ. Ертемен далаға шыққан Таңат кешегі дүлейдің бір түнде монтанси қалғанына қайран. Сол бойда жол қамына кіріскен Марат гараждағы снегоходын күркілдетіп көп әуре болды. Екі күннен бері жабықтағы аз ғана шөпті шашып бергендіктен, бүгін маяның қары аршылды. Қара түтіні будақтаған бульдозер ыңырана қозғалып әлі күреуде. Таңат қары кеткен жерден шөп айырлап, шанамен бері тасып жүр. Осылай үшінші күн дегенде барып Сарымсақты қыстағының маңына тіршілік орнаған. Әркім өзімен-өзі әуре. Таңат уақ мал мен, қала берді, бұрын тебіндегі жылқыға дейін қолдан шөп шашып, енді атын доғарып жатыр еді, үй жақтан Марат шақырды. Барса, баяғы әдетінше жер-көкке сыймай тырсылдап жүр екен.

– Атаңа нәлет, снегоход! Қуыңдар аңды! О заман да, бұ заман, снегоходпен қоян қуғанды кімнен көріп жүрсің сен? Сболыш неме, табанын тасқа ұрыпсың ғой, сболыш. Кел енді, орталыққа дейін итеріп бар мені, одан өзгеге жарамайды да!

Таңат ләм деместен сенбеген адамша қаңтарулы көк снегоходтың сол жағына шығып, шұқылай берді.

– Әй, не тұқшыңдап қалдың тағы, дөңгелегін үрлейін деп пе ең?! Шақыр жездеңді!

Ұзамай үшеуі әрі тәжікелесіп, бері тәжікелесіп, ақыры Таңат пен Марат шаңғымен жолға шығатын болды да, Ертіс орталықтан жол аршушысымен шығатын жедел жәрдем машинасына қарсы бұл жақтан арши беретін боп келісті. Әйтеуір Раяның кешегі толғағы қайтып, көңіл қуантады. Мейрамгүлдің айтуынша, аяғын шым-шым суға салғаннан кейін тынышталған көрінеді.

Сағат он екілерде иықтарына мылтық ілген ұзын бойлы екі жігіт шаңғымен жолға шықты.

***

Есінде еміс-еміс сақталып, бұл күнде әбден тозығы жеткен сонау балалық жылдарының солғын тартқан жұрнақтары ежелдегі аты белгісіз ру-тайпалардың тасқа қашап салған қым-қиғаш сызықтары мен әлдененің сұлбасын аңғартқандай бейнелерінің осы шақтағы бірінен-бірін айырып болмайтын елес секілді бұлдыр көрінісі сияқтанып, алагеуім мезгілде осы күңгірт кештің қарауытқан өңіне араласып, санадан суырып қайта тірілту тіпті қиындап кеткен тәрізді. Оның үстіне жасы сексенге иек артқалы бері, бұрынғы тұрмақ, кеше мен бүгін болған жайттардың өзін шатастырумен титықтап-ақ жүр. Көздері де көмескі тартқан. Әйтеуір қарға адым жерді айырады, өзінің жасымен тоқайластырғанда, оған да шүкіршілік қылады. Арқан бойынан арғы жерден жаздыгүні ымыртта шіркейге ыс салғанындай ақ түтіннің бұлаңдап, көрер көзге күйдіре көлбеңдегеніне де бес-алты жыл. Әйтсе де санасы жап-жарық болушы еді. Қанша дәуірлерден бері жауын мен желдің өтінде оңып, қала берді, күн жеп тотыққан тақтаның әр қатпарынан бірнеше бөлікке уақталып кеткен сынықтардың нобайын болжап болмайтын өрнектеріне қарай отырып қайта құрастыру қандай ауыр болса, қазіргідей уағында санасының мың қатпарына бұғып, жабулы күйі өшіп, жоғалып жатқан көне суреттерді қайта жаңғыртудың қиындығы да сондай. Кәрі әже құлаққа ұрған танадай тымырсықта ештеңені көріп отырмаса да көздерін жұмды.

Терезеге қырындай, жұмсақ диванға шалқалай отырған әженің оң жақ беті әйнек арқылы бөлмеге құйылған айдың нұрымен ағарып, сол жақ беті болмашы ғана дөңес келген қыр мұрынның көлеңкесінде сұрғылт тартып, одан әрі қоюланып кеткен. Ай жарығымен аппақ болған жағы суалып кетпесе де, ұрты ширақ емес, қынадан алынған қозы қарындай мыж-мыж, төмен салбырап кетіпті. Арық сиырдың мойын терісіндей сай-сай жиырылған маңдайынан төмен жұмық көздерінің үсті алхоры жемісінің сүйегіне ұқсайды. Әр иірінің түбінен, сәуле қанша анық түскенімен, суық көлеңке байқалады. Бөлме ішінің сәт сайын қарауытып бара жатқан кейпімен құпия селбесетін сыңайлы. Одан да төменіректегі етжеңді дененің кеуде тұсы баяу көтеріліп-түсіп жатқанына қарағанда, ала-құла түрге енген кәрі бас тұңғиық бір ойға шомып кеткен.

Маратынан хабар жоқ, соған қарағанда көліктері қирап, жаяулап қалған ғой. Мейлі аман болса болар. Айы-күні жетіп отырған келіні не күйде екен, толғағы қысып берсе, жанында Мейрамгүлден өзге жөн білер пенде жоқ. Оның өзі қайбір қарық қылар дейсің-ау. Е, Алла, қырсығыңнан сақта. Төрімнен көрім жуық қалғанда, жаныма маза бер, қыспағыңнан қашықтат, жақсылығыңа жаза бер. Көпсінбеймін, тәубе-ее-е, бұған да. Бір басымды бұл заманның талай тарихына куә еткенде, айбыным қайтпап еді, кәрі ешкінің жасындай жасым бар ма, жоқ па, ендігі азғантай өмірімде абыройлы ет, Алла. Маңайымды бажайлап, оң мен солымды айырып болмай жатып кешегі жуан атаның ұрпағы кәмпеске болып, кеңістікке ауа жайылғандай болғанда өкпелегем жоқ. Ол кезде өкпелейтіндей жаста да емес едім, аңыраған анамның қойнында боздағанын қызық көріп, пәк күліп кете берсем керек. Отыз екінің ойраны, отыз сегіздің ойнағы, қырық бірдің қырғыны, сексен алтының сойқаны бірінен соң бірі күрзі соққысымен ұрғанда, өлмеп едім, өйткені мұның бәрі адам қолымен жасалған жәдігөйліктер болғандікі болар. «Құдіреттілігің мен жаратылыстың жасырын жұмбағына шын иланып, одан өзгеге сенім келтірмегенім баяғы жирен түкті адам хикаясынан еді», – деп отырушы еді шешем марқұм. Оны да көрсеттің. Кәрі әженің ойында сол бір қысқаша көрініс кинолентаны қайта айналдырғандай бейнеленіп өтті.

Ол кезде бес-алтылардағы кезі. Ел ішіне жұт келіп, адам баласы қойдай қырылып жатты. Қыс мезгілі болатын, беті ауған жаққа бейберекет босқан талшықсыз тобырдың бірінде анасы екеуі бірнеше күн сандалды. Қыс ішінде шүберек жамылғанға жылы болғанымен, аштықтан сүлдерін сүйреткен тірі жанға ауыр тиіп, жол-жөнекей сыныққа сылтау іздеген ажалдың аранына қос-қосынан жұтылып жатқанын көзі көрді, еті үйренді. Алға қарай мимырт аяңдаған топта бір ғана мақсат бар: ол – өңештен өтер шайнама табу. Сондай күндердің бірінде, қайдан мінгендері есінде жоқ, қос ат жеккен әлдеқандай шанадан анасы екеуі жолда кездескен жалғыз үйге қиыс түсіп қалған. Бірде мұны қолынан жетелей, бірде арқасына таңумен таяқ тастам жердегі үйге жеткенде, үріп шыққан ит те болған жоқ. Маңайы мал ізінен ада үйге кіргенде, мұрны тамақ иісін сезгені әлі есінде. Одан әрі жарты аяқ сұйқылтым көже... Бойы балбырап бара жатқаны, тағысын-тағылар. Барлығы да содан кейін басталды ғой...

***

Кәрі әже терең бір күрсініп алды. Ауызғы үйден балалардың дабыр-дұбыры естіледі, шамасы, немерелері мектептен келгенге ұқсайды. Іле-шала Берденжанының:

– Папам келген жоқ па қыстақтан? – дегені және Ермегінің:

– Әже қайда? – деген дауыстары естіліп, келінінің:

– Тыныш, әжелерің мына жақта. Мазасын алмаңдар, демалсын, – деп жауап қатқаны естілді.

***

...Жарты аяқ көжені сіміріп салғаннан кейін ұйықтап кетіпті. Қанша жатқаны есінде жоқ, оянғанда, жасы алпыс пен жетпістің аралығындағы бейтаныс шешей және бір жарты аяқ ас ұсынды. Содан көңілі тоқмейілсіп, жайбарақаттық тапқан бұл анасының аяғына басын қойып, екі шешенің әңгімесіне құлақ түрген. Бейтаныс адамның айтқан кейбір сөздері әлі күнге дейін жадында.

– Сөйтіп, адамнан туған аң тектес нәрестені ораулы қалпында орманға тастап кеткенім бар, – дейді ол. – Обалы нешік, тайтұяқ пен шабдар қасқа айғырлы үйірді жаңағы айтқан Белестің алдына салдым. Өз жұртына бөбегімді нағашы жұртыма тапсырдым деген лақап таратқан ол аялдамастан елден безіп кетті. Естуімше, оңтүстікке қарай ауғанға ұқсайды. Бауыр етін кесіп бергеннен соң, жаны жай таппаған болар. Сарымсақ байдың немересі болып шыға келген Құбылыс бой жетіп, тұрмысқа шықты. Осыдан төрт жылдай бұрын әкесінің дәулеті таланып, өзі жер аударылған соң, хабарын естіген емеспін. Әңгімеге қайта ойысайық, сонымен, бұл жақтағы халық ештеңені де сезген жоқ дедім. Ал аң тектес нәресте жайы не болды дейсіз ғой, оны да айтайын.

Арада біраз жылдар өткен соң, Құбылыстың әкесі Кенжебек ауылындағы уақ малдан үш-төрт күн сайын түнгілікте екі қойдан жоқ бола берген екен. Не ит үрмейді, не қойшы сезбейді ұрының кім екенін. Содан Ерден өзі қой шетіне жатып, түн баласына көз ілмей аңдыса, әлдеқандай алып тұлғалы адам келіп шарбақтың сыртынан екі қойды лып еткізіп қос қолтығына қысады-дағы, келген ізімен аяңдай береді. Зәре-құты қалмаған Ерденнің бойын өмірінде болмаған жігерсіздік билеп, саусақтары шүріппе басуға да жарамапты. Ұзап кеткеннен кейін барып, ұңғысын сол бағытқа қарата тарс еткізеді де, аттандап бүкіл елді дүрліктіреді, бірақ қой да жоқ, ұры да жоқ, бір қызығы, соңына қосып айтақтарға байдың бөрі батпас дүрегейлерінің бірі табылмапты: бәрі зым-зия жоқ, алдын ала сезіп, қашып кеткен екен.

– Алла сақтасын, орманда қалған шарананың дүйім елді шошынтар халге өздігінен жеткені ме? – деп жағасын ұстаған шешесі мұны қымтай түсіп, өзі әлгі кейуананың аузына қарады.

– Тұра тұрыңыз. Бұл – арғысы, бергісін тыңдаңыз. Мұны мен тектен-текке айтып отырған жоқпын. Мен ол шарананы тастай қашқанда, мүлгіген орманды дүр сілкіндірген зор үн жаңғыртып кетті демеп пе едім? Иә, сол кезде ұқтым, мұның негізінде адам ақылы бойламас терең сырдың жатқанын, бірақ шешімін еш таппадым, сіңлім. Сол жылы ақын Абай өтті дүниеден. Сондықтан мұны шатастырмауға тиіспін. Міне, мен осы жапанға келгелі, он жыл өтті. Ол кезде шалым екеуіміз ғана қалған болатынбыз. Екі ұлымның екеуі де: «Өкімет орнатамыз», – деп далақтап жүруші еді, содан сәл бұрын із-түссіз олар жоғалды. Сіз айтпақшы, орманда қалған дәрменсіз сорлының қарғысына ұшырадым ғой деп, бір жолығуға әдейі келген едім, мұны шалым әлі күнге білмейді. – Бейтаныс шешей осы тұста ауыр күрсінді де, үнсіз қалды.

– Содан... Жолықтыңыз ба?

– Жолықтым.

– Көтек, қалайша? Кәдімгі өзіңіз айтқан ертегі-әңгімедегі түкті адаммен бе?

– Жолықтым! Біріншіден, сіңлім, бұл ертегі емес, ел басына күн туып, өзімнің халім осындай болғанда, жанымнан әңгіме құрастырып отыратын кісіңіз мен емес. Торғай, жаңбыр жауса, балапанын қорғайды, бұршақ жауса, басын қорғайды деген немесе байтал тұрмақ, бас қайғы болған күнімде ертегі құрап, ерігіп отыр деймісіз? Екіншіден, сіз түкті адам деп өте дұрыс айттыңыз. Мен бейбақтың аузыма осы соз де түспепті: құбыжық деп, әспеттегенде айуан тектес деп жүре беріппін-ау. Білместікпен айтсаңыз, оқасы жоқ. Оның тап солай болғаны өзіме аян, дегенмен сізге өкпем тағы жоқ. Жолай аштықтан ісіп өлген адам баласына сүрінумен өлмегенге өлі балық деп мұнда жеткендеріңізде, ас ішсе болды, мүрдем кетер деп едім. Қажырлы екенсіз. Тірліктің түбіне тірі жеткен бе, ұрпақ үшін ғана күрес екен ғой бұл жалған. Өзімнің айтқанымнан мәлім, талай ана мен баланың өмірін арашалап, талай әкенің құм болып кетуге шақ қалған жігерін шыңдап едім, бірақ сол жылдары жасаған озбырлығым таразы басын жерге шегелеп тастағандай көрінеді де тұрады. Жазасы өлшенбейтін жаза басудың өтеуін тек сол түкті адамның өзі ғана қайтарардай, кешірсе, өзі ғана кешірердей. Көз жасымды көрген болу керек, Аллам өзі әкеп кіргізді осы үйге. Ол келгенде иттердің үрмейтіні рас екен. Күнде-күнде келе берген соң, олар да қарасын біржола батырды. Жарықтық, қимылының бәрі өлшеп-пішіп қойғандай, кіреді, шығады, бір артық әрекет жасаған емес, бәрі сол баяғы алғашқы күнгісіндей. Баяғы демекші, баяғы да емес, бір жарым айдай ғана болды. Бастапқыда жүрегі жарылып кете жаздаған шалым ол кеткен соң, өз-өзіне келіп, менің міз бақпағаныма таңданған да:

– Бұл қай жының тағы шақырып жүрген?! Жасыңда тәуіп атанып ең, қартайғанда жорға шығып, бақсы болайын дедің бе?! – деп бұрқан-талқан болған. Қазір үйренейін деді, бірақ әлі күнге дейін мен әдейі жасап отырған сиқырдай көреді. Өзі отын жарып жүрген болар, үйде жоқ қой. Ал түкті адамның келер уағы болып та қалды, анау аяқтағы ас соған құйылған. Сізге айтып отырған себебім – сол: кіргенде, шошымаңыз. О баста білмеппін, залалсыз жаралған сорлы екен ғой ол да. Соңғы талшығымды беріп, өзім өлсем де, оның алдындағы қарызым жеңілейсе болғаны. Елден жырақ тау ішіндегі жалғыз үйді босқан ел білмей жүр, күндерде бір күн тобырымен жетіп, талап кетпесіне кім кепіл. Менің, өзіңіз көріп отырсыз, ендігі ермегім де, қалған ұрпағым да – осы түкті адам. Бір соғар шағы болды, еш секемденбеңіз.

Осы кезде баяу шертілген әңгіменің әуенімен ұйықтап кетсе керек, анасының оқыс қимылынан басын көтеріп алса, үсті-басын жирен жүн басқан алып адам есіктен еңкейе кірген қалпы босағада аңтарылып тұр екен. Үй ішіне тесірейе қарайды. Бір мезгілде именшектей адымдап төрге озды-дағы, аяқтағы асты алып кейін бұрылды. Сонда байқады: басына біткен қалың жирен түк шаш тәрізденіп иығынан аса жаурынына төгіліпті. Анасы болса, мұның басын бұра кеудесіне қысып: «Лә-иллаһа-илла-л-лаһ, Мұхаммед расул-аллаһ», – деп дамылсыз күбірлеумен болды.

***

Көз алдында ұйысқан шашы желп-желп етіп, есікке беттеп бара жатқан түкті адамның сұлбасы сақталып қалған кәрі әже жайлап басын көтерді. Бөлме ішінен ештеңені ажыратып болмайды, жаңа ғана санасы жарқырай қалған әженің кәрілігі сонда ғана есіне түскен. Терезеге қарап еді, онсыз да қораланып тұрған ай бұлдыр арасынан бұлың-бұлың етіп, қайта қисая берді. Сол-ақ екен, сырттан жүгіре кірген немересі Сәбинаның:

– Мама, ұшатын тәрелке! Ұшатын тәрелке көрдім жаңа аспаннан! – деген даусы келді. Ізінше бар даланы дүр сілкіндіре шарт еткен алапат күркір естіліп, бұл селк етті. Анасының кішкене кезінен жыр ғып айтып отыратын әлгі өзі естіген әңгімесі осы арада жылп етіп, санасының қайта шықпас шойын қақпасына сүңгіді де кетті.

***

Соңдарына төрт тарам жол қалдырумен алға ырсылдай ұмтылған екеудің құлағына, Сарымсақты даласын әлдеқашан мұнар жұтып қойса да, жол аршыған трактордың тырылы көпке дейін келіп тұрды. Бес шақырымдай жерді кейінге қалдырған соң, Таңат ағасына қарағанда алымдылық танытып ширай түскен. Бала күнінен шаңғы көрген ауыл жігіті қағаз бетімен домалаған тарыдай еркін есіп барады. Соңында қала берген Марат әлі ашулы сияқты:

– Тоқта, бала. Білемін темекі тартпайтыныңды! Жол алыс, ұмытпа. Елу шақырымды осы қарқынмен өтемін деймісің? Күш сақтау керек қой, күш! Пысынап кеткенімді қарашы, мә, жассың ғой, тонымды беліңе байлап ал.

Шынында да шамамен он, он бір шақырымдай өткен соң, аяқ-қолдары салдырап, екеуі де шаршай бастады. Әлсін-әлсін дамылдап, бір ауық тыныстаумен жарым жолдан асқанда, қыстың қысқа күні ұясына тығылған. Бірақ бұлар қарға адым жер болса да ілгерілей берді.

***

Түн жарымы ауғанда, бульдозермен қар күреп жүрген Ертіс те қалжырады. Енді әрбір екі сағат сайын қыстақ басына барып Рая мен Мейрамгүлдің халін біліп отыру да қиындай бастап, соңғы барғанында төрт-бес сағаттан кейін, таң ата бір соғатынын айтып шыққан болатын.

Трактордың жарығымен шағылысқан қар көз қарып, қаратпауға айналды. Бір жүрген ізімен бірнеше жүріп, қалың қарды екі жаққа кезек сырған бір қалыпты мимырт жұмыстан әбден жалықты. – Мейрамгүл қайтер екен? – дейді іштей. – Бағана жылап қалып еді. Қорқады ғой дегенмен. Бүйткен тірлігі бар болсын, атасына нағылет! Осыдан жаз шықсыншы, бір күн де тұрмаспын бұл жерде. Айтқаным – айтқан, кетемін! – деп кіжіне дауыстаған ол газды барынша басып тау боп үйілген қарға болат күрегімен өршелене ұмтылды. – Кетемін мен! Жау содан кейін... Бора шамаңның жеткенінше! – Тістеніп алыпты. Аңыратып отырып жоғарыға бір-ақ шыққан Ертіс сол ізімен қайта түсті. – Мейрамгүл: «Реті келсе, келіп тұршы, Рая тағы да ауырлап жатыр», – деп еді, не болды екен? Ал бардым дейін, сонда не қылмақпын? Жоқ, одан да жұмысты тоқтатпауым керек, жұмысты! Бар көмегім осы ғана менің. Амалым қанша, амалым қанша, амалым... – деп әндетумен тракторын орнынан қозғай бергені сол, көз алды кенет жап-жарық болып кетті де, сөне қалды. Ештеңенің байыбына барып үлгере алмаған Ертіс есікті ашып жіберіп, айналаға апалақтай қарады, одан басын шалқайтқан: жоғарыда алып шар тәріздес жарық есептеп болмайтын жылдамдықпен сонау биікке зулап барады екен. Арада көп уақыт өткен жоқ, бұл ішке ене бергенде, бұлт басқан аспан дүңк етіп, бір бөлшегі жерге құлағандай зор дүмпу бар атырапты жаңғыртып кетті: күн күркіреді.

***

Кәрі әже бағанағыдан әлі есін жия алмай отыр. Күн күркірегенде, Сәбинамен өзге немерелері, келіні – бәрі мұның бөлмесіне дүрліге кірген.

– Әже, есіттіңіз бе? Күн күркіреді ғой, – дейді Ермек. – Енді жаз шыға ма?

– Не боп кетті, апа? Рас, күркіреді, – келіні бұған қараған, бұл оған бір, немерелеріне бір қарады да, отыра берді.

– Есіттім, – деді әлден уақытта, – Есіттім. Мүкіс шалған құлағым анық естіді, мұны мен тұрмақ, көрдегі аруақтар да естіген болар. Самат келді ме жұмысынан? Келсе, Сарымсақтымен хабарлассыншы, Раяжанның жайы не болды екен?.. – одан өзге ештеңе де айтпады. Аңтарылған немерелері мен келіні шығып, оңаша қалғанда барып өз-өзінен күбірге көшті. – Құдіреті мол Алла, кеше ғана тылсымыңды тығып көрсетуші едің, бүгін жер бетіне пендеңнің пешенесі көрген тарихында жоқты лақ еткізе салғанда нені меңзедің? Қыстың көзі қырауда жай ойнады дегенді естімеп едім, өлер шағымда куәсы болған жайым бар. Құдіретіңе онсыз да иланулы едік қой. Өлара дейтін өлара емес, ай ортасындағы аңғартпағың не? Бұл қай құбылысың болды тағы, жаратқан ием?!

***

Қарсы кездескен бір бульдозер мен «К-700» тракторын кейінге тастап, таң ата Сарымсақты қыстағына жеткен «Уаз» машинасы шала-жансар жатқан қансыраулы келіншек пен жүрегі қысылып жатқан Мейрамгүлді салып алып, орталыққа қарай жүйіткіп бара жатты.

Босанған Раяның нәрестесі жайлы еш дерек ала алмады, тілі байланып қалған Мейрамгүл ес-түссіз. Үй маңында ит атаулы да қалмаған, бірақ қорадағы мал дін-аман, отын оттап жайбарақат тыныстайды. Жалғыз-ақ үй іргесіндегі ықтасынға түскен ұзындығы бір жарым қарыстай адам ізінің қайдан келгені белгісіз. Тарбиған бақайларына дейін ап-анық...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар