Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Жәркен ақынның жан сыры ...

16.10.2018 7028

Жәркен ақынның жан сыры

Жәркен ақынның жан сыры  - adebiportal.kz

Егер атақты ақын-жазушылар арасында адам бойындағы қарапайымдылық бойынша жарыс ұйымдастырса, бас бәйгені сөзсіз кесек дарын иесі Жәркен Бөдеш алар еді деп ойлап қоямын. Кейде бұ кісінің кішіпейілдігі, тіпті, шектен тыс сияқтанатыны да жоқ емес...

Осы ағамның пенде баласына жасаған қылдай қиянаты жоқ шығар-ау; одан соң Жәкеңді жан әлемі судай тұнық, қардай аппақ дейтін кісілердің қатарына қоссақ та жаңылыспаспыз. Осының бәрі, әлбетте, үлкен шайырдың өлеңінен де айқын көрініс беріп тұрады.

Өзімен қала ішінде кездейсоқ ұшырасып, бірталай тілдесіп қалдық. Жәкем бірде жайдарылана күлді, бірде тым сабырлы қалыпқа түсті, енді бірде әңгіме ауанына қарай, кемсеңдеп, көз жасына зорға ие бола отырып, едәуір ашылды.

– Жәркен аға, осы, түс көресіз бе? Түсіңізге не кіреді?

– Түсіме туған жер кіреді. Әсіресе, кейінде солай болып жүр. Имандай шыным. Адамның жасы ұлғайған сайын туған жер деген соншалықты ыстық тартады екен. Баяғы өзім өскен шағын ғана қоңыр там үй түсіме күнде кіреді десем өтірік емес. Тіпті, бесін ауа көз шырымын алып оянсам да, түсімде сол тау баурайындағы атақонысты көріп үлгеремін. Кейде қатты сағынғанда ашынып айтатын жерлерім де бар еді:

– Туған жерім – Жайыртау,

Екі өркеші айыр тау. ­

Жайыртаудан сұм тағдыр

Тірідей мені айырды-ау...

Немесе:

Дертінен кеттім жауыр боп,

Жайырдан басқа «жауым» жоқ, – деп те жазыппын.

Әйтеуір, мен поэзияға сол Жайыр арқылы, туған жерім арқылы келгендеймін. Күні бүгінге дейін соның жорғалап жүрген құмырсқасына шейін түсіме кіреді.

– Әке-шешеңізді көресіз бе?

– Марқұм әке-шешемді де көремін. Бірде, баяғы балалық шақта биік жар жиегінде жүгіріп, қозы қайырып келе жатып, аяғым тайып мұрттай түсіп, төмендегі көлге қарай құлап кеткенім бар. Қалбаңдап ұшып барып, жанұшыра қарманған сәтте қолыма етектегі бір түп шеңгел ілігіпті. Сол болмағанда суға кетіп өліп қалуым да мүмкін еді. Менің құлағанымды анадайдан әкем байқап қалған секілді, ол да дереу ентігіп жетіп, ұзын арқан тастап, соған жармасып, малмандай су болып, екі қолым қан-қан, зорға деп тырбанып шыққанымды ұмытпаймын. Әне, осы көрініс те арагідік түсіме кіріп қояды. Қатты қорықсам керек. Кейін жанымды сақтап қалған әлгі шеңгел туралы өлең де жаздым.

– Неліктен сонша қарапайымсыз? Жоқ, әлде өмірдің теперіші әбден жуасытып, жасытып жібере ме? Мүмкін бұл туабітті мінез шығар? Осы туралы ойланған кезіңіз бар ма?

– Ойбой, несін айтасың, тірліктің де таяғы мен тепкісін жеп бақтық қой. Сол соққының бәрі мінез-құлыққа да ықпал етпей қоймас. Әйткенмен, кішіпейілдік деген де, меніңше, ана сүтімен даритын қасиет пе деймін. Әйтпесе, өзімді бәлендей көнбіс, сорлымын деп санамаймын.

­– Ал ақындық дарын, сөз жоқ, жаратылыстан...

– Әлбетте. Құдайдың өзі жаратқан ақын деп жатамыз ғой. Әне нағыз дарын деген сол. Жасыратыны жоқ, бізде жасанды ақындар да бар. Әдебиетті шала-шарпы біледі. Әупірімдеп, біліммен, оқумен жинастырған әлденелерін қиналып құрастырып өлеңге айналдырған болады. Шынайы өмір заңдылығынан хабары жоқ. Қанатсыз.

– Өмірде өзіңізге тізесі батқан, қиянат жасаған адамдар бар ма?

– Әрине, бар.

– Кімдер?

– Оны айтпай-ақ қояйын. Өте ұзақ, күрделі әңгіме. Сондықтан ол менің өз құпиям болып қала тұрсын. Небір озбырлықты көрдік. Тіпті, менің қолжазба өлеңдерімді көшіріп алып, өз атынан жариялаған «дөкейлер» де кездесті. Бірақ уақыт бәрін өз орнына қояды екен. Шындық бәрібір орап, алдыңнан шығады.

– Ал өзіңіздің әлдекімге кішкене зәбірім тиіп кетті-ау дейтін сәттер болды ма?

– Жоқ, осы күнге дейін бір пендеге жамандық жасаған емеспін. Қандай жағдайда болсын ешкімді ренжітпеппін. Сен сондайсың, сен мұндайсың деп біреуді ғайбаттамаппын. Одан соң шешемнің: «Елу-алпысқа келген соң ешкімнен қарыз алма» дейтін сөзі бар еді. Аяқ астынан ажал келіп қалса, ана жаққа қарыз болып кетесің, қандай қиындықтан да тек өз күшіңмен шық, жан баласына берешек болмауға ұмтыл дегені шығар. Тазалыққа баулыды. Және осы жасыма дейін бір тышқақ лақ бауыздап көрмеппін. Үйде мал сойылғанда алысқа ұзап кетіп қалушы ем. Қан көрмеуге тырысамын. Көңілдің нәзіктігінен бе екен. Бір аттың аяғына тұсамыс салмаппын. Мініп жүргенде, көп болса, шылбырдан мама ағашқа байлап қоямын. Кішкене еркін жүргенін қалаушы едім.

– Баяғы жас шағыңызда заңғар жазушы Тахауи Ахтановтың қарамағында еңбек еткеніңізден хабардармыз. Сонда бір топ қызбен жұмыс істепсіз. Солардың арасында көңіліңіз кеткен арулар болмады ма? ­

– Иә, о кезде Тахаң Мемлекеттік кітап палатасын басқарған. Мені онда атақты ақын Жұмекен Нәжімеденов ертіп барып, Тахауи ағаға: «Мына жігіт арғы беттен келген. Мықты ақын және төте жазу емлесін біледі. Сіз үшін таптырмайтын маман болуы мүмкін», – деп таныстырды. Жұмысқа бірден қабылдандым. Қордағы Мағжан сынды ақындардың шығармаларын бүгінгі кириллицаға қайта көшірумен айналыстым. Ұжымда өңкей қыздар жұмыс істегені рас. Сұлулықтары бірінен бірі өтеді. Тахаңның талғамы да күшті адам еді ғой. Бәрін таңдап қабылдаған. Солардың ішіндегі жалғыз жігіт болдым. Жаспыз. Бірақ біреуіне де көз салмаппын.

– Неге?

– Өйткені Алматыда өзім құлай сүйген қызым бар еді. Мына бойжеткендерге көз салайын десем, соған сұмдық қиянат сияқтанды.

– Ақыры не болды?

– Ақыры о қызға үйлене алмадым. Тахаң да мені ә дегеннен қасымыздағы арулардың бірімен көңіл жарастырса деген тілегін жасырмаған. «Осылардың біреуін таңдап жүріп ал; тіпті, ұнағаны болса өзіме айт, құда түсіп, тойыңды өзім жасаймын» – деді. Содан бір күні ұжымымызға Қоғалы деген жерге картоп теру жұмысына бару керек болды. Ағай: «Осындағы жігіт сенсің. Мына қыздарға басшы болып барып қайт» – деп тапсырды. Бір айға жуық жүріп, жақсы жұмыс істедік. Қайтарда шаруашылық директоры маған Алғыс хат берді. Соны әкеліп Тахаңа ұстатқанымда, Құдай сақтасын, ағамның қуанғанын көрсең! Балаша сақылдап күліп, қыздарды дереу шақырып алып: «Міне, көрдіңдер ме?! Алғыс хат беріпті. Сендерге де рахмет. Жетекшілік жасаған мына Жәркенге де алғысым шексіз. Бұл өзі керемет талантты ақын, – дей келіп, – е-е, өлең оқыдың ба о жақта?» – деп сұрады. «Оқыдым». – «Кәне, біреуін оқып жіберші!». Сонда:

– Туған жердің қар-мұзы,

Ызғарыңмен жуындыр.

Туған жердің бал қызы, –

Бұрымыңмен буындыр.

Туған жердің бұлағы,

Толқыныңмен ат мені,

Туған жердің жыланы,

Шырылдатып шақ мені.

Туған жердің шеңгелі,

Тырна аямай бетімді.

Туған жердің желдері, –

Аузыма құй өтімді.

Туған жердің доңызы, –

Құрсағымды жарып кет.

Туған жердің қоңызы, –

Домалатып алып кет.

Туған жердің қасқыры, –

Кемір ақын сүйегін.

Туған жердің тас-қыры, –

Сені осылай сүйемін! – деген өлеңімді оқыдым. Тахаң керемет ұнатты. «Жарайсың! Ақын туған жерін тек осылай сүюі керек!» – деп риза болды.

– Айтпақшы, әлгі сүйген қызыңыз қайда кетті?

– О қыз бірде Ақмола жаққа сапар шегіп еді. Онда да небір «қырғилар» бар сияқты. Аузымды аңқитып қағып кетті. Маған қарағанда дәулеттірек, үйі, күйі бар және қанша айтқанмен, мен сияқты жалғыз емес екен, соған қарай аунап түсті.

– Кейін о қыз сіздей керемет ақынға қосылмағаны үшін өкінді ме екен?

– Кім білсін. Менде де өзіндік мінез жоқ емес. Кейін оның артынан іздеп барып өкіндің бе, өкінбедің бе деп сұрағам жоқ.

Уәде байласып па едіңіздер басында?

– Е, алғашқыда уәде де, серт те болды ғой. Бірақ махаббат әңгімесінде кейде олай, кейде бұлай жағдайлар бола бере ме деп қалдым...

– Ғашығыңызды ойлайсыз ба қазір?

– Анда-санда ойлайтыным рас. Кейде ол да түсіме кіреді. Баяғы қыз кейпінде, мөлдіреген күйде... Өте әдемі қыз еді. Тісі маржандай. Қасы көзі қиылған...

– Ал анау Кітап палатасында сізге өздері ыңғай білдірген қыздар болмады ма?

– Болды ғой. Бірақ, Құдай ұрғанда, әлгі қызға берген серттен тая алмаппын. Сатқындық секілденді. Шешем марқұм: «Қызға обал жасауға болмайды. Қыз – болашақ ана» деп отырушы еді. Ардың тазалығын да ойлаған шығармын.

– Қол жетпеген сұлуға арнаған өлеңіңіз көп пе?

– Цикл өлеңдер жаздым. Оның ішінде сағыныш та, наз да, нала да, қимастық та, бәрі де бар. Үйленгеннен кейін де көпке дейін күйзеліп, ұмыта алмай жүрдім.

– Ол жырларыңызға қазіргі жеңгей қалай қарады?

– Менің өлеңімді жек көрмейді. Шама келгенше соны жатқа оқуға тырысады. Әйелдердің қасы-көзін бояп, әдеміленетіні бар ғой. Мен де бәйбішеме: «Сендер сыртқы сұлулықты жасасаңдар, мен өлең арқылы адамның ішкі сұлулығын жасаймын. Бөтен ештеңе жоқ. Бәрі образ» деп қоямын. Соған малданады. Риза.

– О кісімен қалай қосылдыңыз?

– Онымен жастайымнан бірге өстім ғой. Менен үш-төрт жас қана кіші. Жайыр тауларының іргесінде Дөрбілжін деген қала бар. Сол жердің тумасы. Әйелім бергі бетке менен бұрын, әке-шешесімен сонау алпысыншы жылдардың басында келді. Мен одан он жыл кейін өттім. Жағда Бабалық ағамызға жақындығы бар. Жәкең бірде: «Сөзді доғарып, осы қызға үйлен. Ата-анаңның көзін көрген, жағдайыңды жақсы біледі. Осымен тағдырың бір. Түбінде ең адал жар осы қыз болады» деді. Үйлендік. Айтқандайын, Тахауи аға уағдасында тұрды. Тойымызды өзі жасап берді...

– «Ақында адамзаттан дос болмайды» деуші еді, досыңыз бар ма?

– Бар. Жалғыз досым Әлімғазы Дәулетханов деген азамат. Ғалым. Ұлттық Ғылым Академиясында еңбек етеді. Анда-санда сонымен сырласамын. Мұңдасамын. Өзіммен тағдырлас. Арғы беттен бірге келген. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Қандай жағдайда да бірге келе жатырмыз. Төрт-бес кітабы шыққан. Жағда Бабалық туралы кітаптар жазған адам. Жәкеңді білгісі келген кісі соның кітаптарын оқысын... О-о, өзі, қайдағы-жайдағыны біледі. Қаламының қуаты керемет.

– Тахауи аға сияқты шапағаты тиген басқа кімдерді атар едіңіз?

– Бәрін тізіп айту қиын. Мысалы, бірде Мұхтар Мағауин әлдебір үлкен мекемемен бірігіп «Жұлдыз» журналының жыр бәйгесін жариялады. Бас жүлдесін мен алдым. О кісі кейін менің шығармашылығым туралы толымды мақала жазды. Әбіш Кекілбаев мен туралы қалам тербеді... Төлен Әбдіков жазды. Шапағаты тигенде, маған туған інілеріндей қараған ағаларым бар. Қазақстан Жазушылар одағында істеп жүргенде барып алып келе қойшы деп анда-мұнда жұмсайды. Қылшылдаған кез. Аяқ-қол сау. Тапсырмаларын зыр жүгіріп орындаймын. Және олар жалғыздығымды, қорғансыздығымды біледі. Бұл жақта қарайлайтын әке-шешем, туған-туысым жоқ. «Әй, қиналып жүрген жоқсың ба, мә, мынаған бір тәуір көйлек алып киші» деген жазушы ағаларым болды...

– Мемлекеттік сыйлыққа енді өзімді ұсынбаймын дегеніңіз есімізде. Көңіл қалды ма...

– Иә, ол жоғары сыйлыққа бір-екі рет ұсынылдым. Бермеді. Жасым болса келіп қалды. «Енді ұсынбаймын» дегенім өкпе емес, наз еді... Реніш болды... аздаған. Енді ұсынбай-ақ қояйын. Жолды жастарға берейін деген тоқтамға келдім.

– Өмірде ұстанып келе жатқан кредоңыз қандай?

– Жаныма кір түсірген емеспін. Бұдан кейін де қанша ғұмыр қалды, Құдай өзі біледі, осы тазалықпен кетсем деп ойлаймын.

– Жаңа келе жатқаныңызда аяғыңызды сәл-пәл ақсаңдап басатыныңызды аңдап қалдым. Таяқ неге ұстамайсыз?

– Бір інілерім де: «Аға, бір жақсы таяқ алып берейік. Септігі тиеді» – деп еді. «Жоқ, өлеңге сүйеніп дүниеге келгенмін, өлеңге сүйеніп дүниеден кетемін» дедім. Таяқтың керегі жоқ.

– Тірліктің тауқыметін бір кісідей көрдіңіз ғой.

– Ақынға көрмесе болмайды. Ақында тағдыр болмаса, қаншалықты тырмысқанмен, табиғи ештеңе шықпайды. Құрама өлең, өтірік өлең шығады. Сондықтан ақынның тағдыры – өлеңнің тағдыры. Өзің секілді бір жігіттер жырымды жатқа оқиды. Кейбіреуін танымасам да, жолда сәлем беріп тоқтатып, бір шумақ өлеңімді оқып береді. Бірде үлкен ақын Мұхтар Шаханов: «Сен, осы, неғып жүрсің мына Қазақстанда?» – дегені. Алғашында аң-таң болып: «Мен өзімнің ата-жұртымда жүрмін!» – дедім. Сөйтсем, Мұхаңның бүкіл Шыңжан өлкесін, Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарын түгел аралап қайтқан беті көрінеді. «О жақта бес жастағы баладан сексен жастағы шалға дейін сенің өлеңдеріңді жатқа соғады екен!» деп таңырқады. Сонда ғана мән-жайды түсініп, «Рахмет, Мұха, менің туған жерімді көрген екенсіз. Көп жасаңыз!» – деп ризалығымды білдірдім.

Бірақ масаттанбаймын. Еңбегім ақталды ғой. Үкімет «Құрмет» орденін берді. Мемлекеттік стипендия алдым. Соның бәрі өлеңге деген сый-құрмет деп білемін.

– Өкінішіңіз бар ма?

– Өкінбейтін адам болмайды, тегінде. Өмір болған соң бұлтағы көп. Бір бұлтағында қиыншылық көресің. Ең ауыр батқаны, Айдар деген кенже ұлым бар-тын. Сол жиырма бес жасында қайтыс болып кетті. Жігіттің сұлуы еді. Үйге бір қыздарды алып келіп, шешесіне таныстырып жататынын байқайтынмын. Енді үйлендірем, енді үйлендірем деп жүргенде... кетті де қалды. Үш күннің бірінде, төрт күннің бірінде түсіме кіреді. Есік алдында ойнап жүретін бір баланың аты – Айдар. Соның достары төменнен келіп: «Айдар, қайдасың?! Жүр кеттік, ойнаймыз! Уақыт өтіп барады» – деп айқайлап тұрған сәтте өз-өзімді қоярға жеп таппай, тықыршып кетемін. Не істерімді білмей аласұрып қалам. Елжіреп, жасқа булығамын... Кейін сол сегіз-тоғыз жастағы баламен дос болдым. Кейде үйге ертіп келемін. Әлі күнге дейін әңгімелесіп тұрамын. Өзі сергек, ұғымтал бала. Бәрін біледі. Үздік оқушы. Ара-арасында шешесі дүкенге нанға жіберетін сияқты. Нан көтеріп келе жатып, соның бір шетінен тістелеп жеп келе жатады. Тура менің Айдарымның бала күніндегі қылығы...

Әке-шешеңіздің аттарын сұрамаппын ғой.

– Әкем – Оспатайдың Қызыры деген кісі. Ал Бөдеш – сол Қызырдың туған ағасы. Мені кішкентайымнан соның бауырына салып берген. Со кісінің баласы болып кеттім. Алғашқы өлеңім Жәркен Бөдеш деген атпен шықты. Содан бері Бөдешпін. Шешемнің аты – Әлипа. Өз есімім – Жармұхаммед. Шешем пайғамбардың атын қайталай бермейін деген болу керек, «Жәркен» деп атапты...

Жан әлеміңізге кімдерді кіргізесіз?

– Әркім-біркімге сыр ашпаймын. Әлгі Әлімғазыға айта аламын. Әйеліме айтпаған сырды да тек сонымен бөлісемін. Басқалар түсіне ме, түсінбей ме... Күмәнім бар. Екіншіден, жан сырым жүрегімнің түбіне алтындай сақталып жатады. Кейде өлеңге айналады. Дегенмен, арагідік қарама-қарсы, қайшылықты сәттер де кездесетін секілді. Өлеңге де айтпайтын сырларым бар сияқты...

Жас аруларға жан-жүрегіңізді ашар ма едіңіз?

– Сырласқым келеді. Жанымды түсінетін адам болса, әрине. Көз қырым жас сұлулардан әлі де қала қойған жоқ. Ол сезім өшкен күні адамның ішкі әлемі тоқырауға түсетін шығар. Қазір жетпіс алтыға кеттім. Әйткенмен, адамның көңілі қартаймайды екен. Бірде: «Қыздың жасын сұрама, он бесте әлі, ақынның жасын сұрама – жиырма бесте» деп қалжыңдағаным бар...

Қой, ойбай, біраз отырып қалыппыз ғой! Әзірше осымен тоқтайық. Келесі жолға да сөз қалсын.

– Жақсы, Жәркен аға. Әңгімеңізге рахмет.

Құлтөлеу МҰҚАШ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар