Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жастар бұл кеңестен не күтеді?

24.05.2018 781

Жастар бұл кеңестен не күтеді?

23 мамырда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған Жас ақын-жазушылар кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиынның тізгінін ҚР Мәдениет және спорт министрі, Кеңес төрағасы Арыстанбек Мұхамедиұлы алып, қазіргі әдеби ахуал төңірегінде өз ойын ортаға салды. Сонымен қатар, министр қазіргі таңдағы киноның сапасы, театрлардың жағдайы, айтыс туралы да пікір білдірді.

Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, Кеңес төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек, ҚЖО Астана филиалының директоры, Кеңестің хатшысы Бауыржан Қарағызұлы және Кеңес мүшелері Мақсат Мәлік, Мирас Асан, Айбол Исламғали, Қанат Әбілқайыр, Ерлан Жүніс, Нұрлан Қабдай, Мерей Қартов, Алмас Нүсіп, Ықылас Ожай, Құралай Омар, Қалқаман Сарин, Бекзат Смадияр, Бейбіт Сарыбай, Шерхан Талап, Мұхтар Ниязов, сондай-ақ, журналистер мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Жастар әдебиеті қай деңгейде? Жас-ақын жазушылар қандай шығарма жазып жүр? Оларды не қызықтырады? Әдебиетті дамыту үшін не істелуі қажет? Міне, осындай салмақты сұрақтарға жауап іздеген жиынның қатысушылары ел көкейінде жүрген ұсыныстарды айтты. Қысқасы, бұл кеңес – әдебиетке тың серпіліс беретін, тәуелсіз санадан түлеген ойды ашық айтуға ұйытқы болатын алаң болайын деп тұр.

Ақберен Елгезек: Құрметті қаламдас достар, әдебиетіміздің алдында жаңа көкжиектер ашылатынына үлкен сенім бар. Мен өзімнің хабарламамда жастар әдебиеті жөнінде қысқаша шолу жасағым келіп тұр. Жастар әдебиетінде жаңа ғасырмен жарыса келген қаламгерлер шоғырын айтуға дағдыланғанбыз. Яғни, жаңа әдебиет – 2000 жылдардың басында келген буыннан бастау алады. Жазылмаған ереже бойынша әр бес-он жыл сайын буын алмасу процесі жүреді. Сондықтан жаңа ғасыр басталғалы сөз патшалығына екі-үш буын келді деп айтуға толық негіз бар. Бүгінгі кеңестің құрамында ғасыр басынан бері келген үш буынның өкілдері еніп отыр. Осы жылдар ішінде жас қаламгерлер әдебиетке не берді деген сұрақтар қойыла бастады. XXI ғасырдың басы әдебиетке бірсыпыра сәтті шығармалар сыйлады. Бұл уақыт – формалық жағынан да, мазмұндық жағынан да эксперименттер кезеңі болды. Және бұл эксперименттер әдебиеттің барлық жанрында жүріп жатыр. Поэзияда жаңа ойлар мен теңеулер, жаңа формалар пайда болды. Тіпті, ұйқастың да жаңа нұсқалары пайда болды десем, қателеспеген болар едім. Өлеңнің поэтикалық атмосферасының музыкасы өзгеріп, тың тақырыптар поэзия сахнасына шықты. Қазіргі кезең – қазақ поэзиясындағы ең жемісті кезеңдерінің бірі. Олай айтсам, алдыңғы толқын ағаларым да, болашақ буын да ренжи қоймас деген ойдамын. Прозада әдебиетімізде бұрын болмаған кейіпкерлер әлемі жаратылып жатыр. Жас прозаиктер қазақ қаламгерлері бара алмаған тақырыптарға бойлауда. Қазір қазақ қара сөзінде мистикалық проза жанры қалыптасу үстінде. Және ол әлемдік прозаның көшірмесі емес, тамыры өзіміздің қазақтың төл мифологиясынан, дүниетанымы мен табиғатынан сусындаған мистикалық проза. Фантастикалық жанрда шығармашылық ұмтылыстар бар. Олардың кемпірқосақтай құбылған картиналары мен прозаик диалогтарын жақын арада көріп еститін боламыз. Драматургия саласында еңбек етіп жүрген жастарымыздың да талпыныстары көңіл қуантады. Жас драматургтердің көзқарастары да басқа. Олардың тақырыппен, материалмен жұмыс істеуі алдыңғы буын ағаларына мүлде ұқсамайды. Мен осы мінберді пайдалана отырып министрдің назарына біршама ұсыныс айтсам деп отырмын. Біріншіден, мен Қазақстанда жоғарғы оқу орын статусы бар «Азия әдебиеті академиясын» құруды ұсынамын. Ол академияда: мүйізі қарағайдай классик қаламгерлеріміздің шеберханалары жұмыс істеп тұрса, қазіргі технологияларды пайдалана отырып жақын және алыс шетел интелектуалдарының онлайн лекциялары таратылып оқылса, ағылшын және өзге де әлем тілдері курстары жұмыс істеп тұрса, содан кейін мәселен, Тыныштықбек Әбдікәкімұлының, Есенғали Раушановтың, Қабдеш Жұмаділовтің, Бексұлтан Нұржекенің шеберханаларына түскен жас қаламгерлерге ортақ лекциялар жүріп тұрса жөн болар еді. Сондай-ақ, бұл екі жылдық әдеби курсты бітірген адамға «Әдебиет магистрі» атағы берілуі керек. Екіншіден, «Рухани жаңғыру» аясында қазіргі классиктерден жасалып жатқан әдеби антологиядан бөлек, жастар әдебиетінің озық үлгілерін Біріккен Ұлттар ұйымының алты тіліне аударсақ. Сол антологияға енген қазақ жастарының бір бөлігі Еуропа мен Америкада, бір бөлігі Азия мен Африкада әдеби турне жасаса, шетелдерде кештер, тұсаукесерлер және т.б. қызықты формаларды ойластырып, әдебиетімізді насихаттайтын шараларды ұйымдастырсақ, үлкен шаруа болар еді. Үшіншіден, мәдениет туралы заңды қарап шықтық. Заңда әдебиетке қатысты ешқандай бөлім не бап жоқ. Бұл, әрине, әдебиет саласындағы тұлғаларға көптеген игіліктерді шектеп отыр. Осы заңға әдебиетті қоссаңыз деген өтінішім бар.

Бауыржан Қарағызұлы: Егемендігімізді алып, еңсемізді көтерген жылдардан бастап қазақ әдебиеті еркіндік деген қасиетті сөзбен бірге қатар жазыла бастады. Тәуелсіздік кезеңі әдебиетке қандай жаңалық әкелді, қандай өзгеріс, ерекшелігі болды, оны жоғарыда Ақберен Елегезек айтып өтті. Енді менің айтпағым Тәуелсіздік кезеңдегі әдебиеттану ғылымының даму барысы қандай, оған жаңадан құрылып жатқан жас ақын-жазушылар кеңесі оған қалай ықпал ете алады. Міне, осы сұрақтарға тоқталсам деймін. Жоғарғы оқу орындарындағы қазіргі қазақ әдебиеті деген міндетті курстар бар. Сол курстың арнайы оқулығы жоқ. Оқулық тұрмақ, типтік бағдарламасының өзі сын көтермейді. Еліміздегі әр оқу орындары әртүрлі жазады. Жоғарғы оқу орындарында көптеген ұстаздарымыз Кеңес дәуіріндегі 1960-1990 жылдары аралықта жазылған мақалаларды бір қарап, қазіргі қазақ әдебиеті деп кітаптар шығарып жүр. Бұл туралы жүйелі жұмыс жүргізілмей тұр. Тәуелсіздік дәуіріндегі шығармаларды сараптап, орта мектеп, колледждер және ЖОО-ға арналған христоматиялар шығару керек деп ойлаймын. Оқу бағдарламасына өзгерістер енгізу керек.

Сонымен қатар, 30-40 жас аралығындағы қаламгерлерге мемлекеттік дәрежеде сыйлық тағайындау керек. «Мемлекеттік «Дарын» сыйлығы 29 жасқа дейін берілсе, екі жылда бір берілетін Мем­ле­кет­тік сыйлық 50-60 жастан әрі қарай берілетін сый­лық ретінде қалыптасып қалды, ал нағыз шы­ғар­машылықтың күш алатын кезі 30-40 жас ара­лы­ғындағы қаламгерлерге шабыт беретін кезең.

Қалқаман Сарин: Кино туралы әдебиетті насихаттауға болады деп ойлаймын. Мысалы, Мұқағали Мақатаев – киноға сұранып тұрған тұлға. Сол ақын арқылы сол кезеңдегі әдеби өмірді беру, жеке тұлғаның өмірі арқылы ақындардың қоғамдағы насихатталуына киноны қару ретінде қолануға болады. Сосын біз жас ақын-жазушыларды жұмыспен қамту жағын қарастырсақ деген ұсынысым бар. Барлығының мамандығы бар, дипломы бар, сондықтан оларды ел ісіне, әдебиетке араластырсақ жөн болар еді. Рухпен қаруланған қыз-жігіттер Сіздің әскерініңіздің қатарында болса, ешқашан қателестірмейді деп ойлаймын. Сосын тұтас Түркі әлеміне ортақ әдеби байқауларды ұйымдастырсақ, бұл Қазақстанның төл фестивалі немесе байқауы болса, соған жас ақын-жазушыларды шақырсақ деген ұсыныс бар. Осылайша, түркі елдерінің ішінде әдеби салада лидер болуға талпынуымыз керек.

P.S.

Жаңадан құрылған кеңестің аяқалысы жаман емес. Десе де, жиында айтылған ұсыныстар сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде орындалса екен деген тілек бар. Әдебиет көшін алға сүйреп келе жатқан Жазушылар одағы да бұл игі бастамадан қалыс қалмақ емес. Сондықтан бұл кеңеске сынай қарағанша, барынша қолдау көрсетіп, ұлт болып демеп жіберу керек. Бұдан былай жастардың шығармаларына қаламақы төленсе, жағдайы қарастырылса, жұрт алдында еленсе, сөздері ескерілсе, «Рухани жаңғыру» деген сол болар. Әзірге айтарымыз осы. Барлығын таразы-уақыт айқындайды.

Біржан АХМЕР

(фото автордікі)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Пікірлер

Жұлдыз

24.05.2018 16:34
Ерлан Жүністің пікірін немесе жиында айтқан сөзін (егер айтса) білгім келіп тұр. Мақаланы толықтырсаңыздар деген өтінішім бар.
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар