Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

22.06.2017 3308

ЖАУЫРЫНҒА ТҮСІРДІ

Негізгі тіл: СРЕЗАЛ

Бастапқы авторы: В. ШУКШИН

Аударма авторы: З. ТӨЛЕУОВ

Дата: 22.06.2017

Хал-жағдайын біліп және демалып қайтуға, Агафья Журавлева деген кемпірдікіне - әйелі мен қызын ертіп, Константин Иванович деген ұлы келді. Новая ауылы - шағын ғана елдімекен, ал Константин Иванович болса таксимен қайқайып келді де көліктің артынан талайға дейін шабадандарын шығарды... Оқымысты әрі дәулетті, ортаншы ұлы Костя отбасымен Агафьяға келгенін бүткім ауыл естіді. Кешкіқұрым мәлімет толық таралды: ол – кандидат екен, әйелі де – кандидат, қызы – мектеп оқушысы. Агафьяға тоқ самауырын, гүлді халат пен ағаш қасықтар әкеліпті. Кешке қарай Глеб Капустиннің есік алдына мұжықтар жиналды. Глебті тосты. Олардың одан нені күтіп, не үшін жиналғанын білу үшін Глеб Капустиннің өзі жайлы айтпаса болмас. Глеб Капустин – қалың ерінді, сабан шашты, оқығаны бар, тілі ащы, қырықтардағы еркек. Новая ауылы айтарлықтай көлемді болмаса да әлдеқалай осы жерден біраз көрнекті тұлғалар шықты: бір полковник, екі ұшқыш, дәрігер, тілші... Енді міне Журавлев – кандидат. Ауылға төркіндеп көрнекті тұлғалар келгенде, сол көрнекті жерлестердің үйіне кешкісін ел жиналып – небір қызықты оқиғаларды тыңдап, немесе өздері туралы баяндайтын, егер жерлестері елітіп, қызығушылық танытса - онда Глеб Капустин келіп, көрнекті қонақты жауырынға түсіру дәстүрге айналған-ды. Жұрттың біразы бұны жағымсыз қылық санайтын, тек еркектер қауымы ғана Глеб Капустин көрнектіні қашан жауырынға түсіреді деп ынтыға тосатын-ды. Тосқаныңыз не, алдымен Глебке барып, сосын тобымен қонақтың үйіне келеді. Құдды сахналық қойылымға жиналғандай. Өткен жылы Глеб айтары жоқ, полковникті жауырынға өте әдемі түсірді. 1812 жылғы соғыс туралы сөз қозғалды... Мәскеуді кім өртеткенін полковник білмейтін болып шықты. Әрине, оның бір граф екенін білді, бірақ аты-жөнін шатастырып - Распутин деді. Глеб Капустин полковниктің төбесіне тұйғындай шүйлігіп кеп, жауырынға жалп еткізді. Жиналғандар қатты абыржып, полковник аузына келген боқтығын аямады. Өртсалғыш – графтың жөнін білу үшін мұғалиманың үйіне де кісі жібертті. Глеб Капустин қып-қызыл нарттай боп, шешуші сәтті тосып: «Полковник жолдас, сабыр, сабыр, біз Филяда отырған жоқпыз ғой, рас па?» - деп қайталай берді. Глеб жеңімпаз атанды; полковник басын төбелеп, дал боп болды. Ол қатты қапалы еді. Осыдан соң Глеб жайлы әңгіме ауылда талайға дейін басылмады, оның: «Полковник жолдас, сабыр, сабыр, біз Филяда отырған жоқпыз ғой, рас па?» деп қайталай бергенін естеріне алып, Глебке таң-тамаша болды. Қарттар да ол неге бұлай деді екен деп қайран қалысты. Глеб миығынан күліп қояды. Тесірейік көздерін сығырайтқанда уыт шашады. Ауылдағы барша көрнекті кісілердің шешелері Глеб десе тұла бойлары тітіркенеді. Бір кесірден сескенетін. Енді мінеки, кандидат Журавлев келіпті... Глеб жұмыстан оралған соң, (ол ағаш тілетін жерде істейтін) жуынып-шәйініп, киінді... Кешкі асқа қарамады. Есік алдындағы мұжықтарға шықты. Шылымдарын шекті... Біраз қысыр әңгімені талғажау етіп, тек Журавлев жайлы әдейі тіс жармады. Соның арасында Глеб Агафья Журавлева апайдың үйі жаққа бір-жар рет көз тастап, сұрады: - Агафья апайдың үйіне қонақтар келген бе? - Кандидаттар! - Кандидаттар? – деп таңырқады Глеб. - Өй-өй!.. Құр қолмен ала алмассың. «Алмайтындар алмас, алатындар алар» дегенсіп, мұжықтар мәз болысты. Шыдамсыздана Глебке қарасады. - Барайық енді, кандидаттармен сәлемдесуге, - деді Глеб биязы түрде. Сонымен аттанды. Екі қолын қалтасына салған Глеб елден озыңқырай жүріп, кандидаттар түскен Агафья апайдың үйі жақа сыздана қарап қойып, маң-маң басып келе жатты. Негізінде Глебті ертіп әкеле жатқан аналар емес пе. Әдетте, тәжірибелі төбелескішті: жауығып жүрген көрші көшедегі жаңадан шыққан бұзықпен жұдырықтасуға – осылай әспеттеп ертіп апарушы еді. Жол бойы онша дабырласпады. - Қай саланың кандидаттары екен? – деді Глеб. - Қай саланыкі? Сайтан біліпті... Маған әйелім айтты – қандидаттар деп. Әйелі екеуі де... - Тегі, техникалық ғылымның кандидаттары болады, жалпы білім бойынша, ал мыналар негізінде оттаумен айналысатын сыңайлы. - Костя математиканы жақсы шағатын. Үздік болды - деп Костямен мектепте қатар оқыған біреуі есіне алды. Глеб Капустин көрші ауылдың тумасы еді, сондықтан бұл жердің көрнекті адамдарын жақсы танымайтын-ды. - Көререміз, көрерміз, - деп Глеб күмілжи уәде берді. – Қазір тас лақтырсаң кандидаттың басына тиеді. - Таксимен келіпті... - Өзін көрсету керек қой!.. – деді Глеб күліп. Кандидат Константин Иванович меймандарды құшақ жая қарсы алып, дастархан жайғызды... Агафья апайдың дастархан мәзірін әзірлеуін ізетпен тосқан меймандар – кандидатпен сұбхаттасып, балалық шақтағы бірге жүрген кездерін еске түсіре отырды... - Беу, балалық шақ, балалық шақ! – деді кандидат. – Енді дастарханға келіңіздер, достар. Барлығы стөл басына жайғасты. Глеб Капустин де тізе бүкті. Ол әзірше тым-тырыс. Бірақ, секіруге әзірлене бастағаны аңғарылады. Ол езу тартып қойып, балалық шақ хақындағы әңгімені қолдағансыды, ал іс жүзінде кандидатты барлап – қай тұстан килігерін аңдуда. Дастархан басында әңгіме жарасымды өрбіп, тіпті Глеб Капустинді ұмыта бастаған-ды... Осы арада ол кандидатқа тап берді. - Өзіңізді қай салада анықтап жүрсіз? – деп сұрады ол. - Қайда жұмыс істейтінімді айтасыз ба? – деп кандидат ұқпады. - Иә. - Филфакта. - Философия ма? - Нақтылы ол емес... Жалпы солай деуге де болады. - Қажетті дүние. – Глебке керектісі де, философия еді. Бойына қан жүгірді. – Бастапқылық туралы не демексіз? - Қандай бастапқылық? – деп кандидат тағы ұқпады. Сосын Глебке зейін сала көз тастады. Қалғандары да Глебке қарады. - Рух пен материяның бастапқылығы. – деп Глеб оны сайысқа шақырды. Немқұрайлы қалып танытып, оның қашан жекпе-жекке шығуын тосты. Кандидат сайысқа шықты. - Әдеттегіше, - деді ол күліп. - Материя бастапқы... - Ал рух ше? - Рух – сонан кейін. Жай ма? - Бұл минимумға жатама? – деп Глеб те күлімсіреді. – Сіз айып етпеңіз, біз мында... қоғамдық орталықтардан шалғаймыз, шер тарқатқымыз келеді-ақ, бірақ оның орайы әмісе келе бермейді – лайықты кісі жоқ. Қазір салмақсыз кеңістік ұғымын философияда қалай анықтайды? - Байырғыша анықтауда. Неғып – қазір? - Бірақ бұл құбылыс таяуда ғана ашылды. – деп Глеб кандидаттың көзіне күле, тіке қарады. – Сондықтан мен сауал қойып отырмын. Натурфилософия, мысалы, өзінше анықтаса, стратегиялық философия мүлдем өзгеше... - Ондай философия жоқ – стратегиялық деген! – деп кандидат абыржи бастады. Сіз жалпы не жайлы? - Иә, бірақ табиғаттың диалектикасы бар емес пе, - деп барлығының ынтасын аудара, жайбарақат сөзін жалғастырды Глеб. – Ал табиғатты философия анықтайды. Табиғаттың бір элементі ретінде таяуда ғана салмақсыздық ашылды. Сондықтан да: «Философтар арасында қарама-қайшылықтар туындап жатқан жоқ па?» деп сұрап отырмын. Кандидат шын жүректен күліп жіберді. Бірақ күлген жалғыз өзі ғана... Соған ыңғайсызданды. Әйелін шақырды: - Валя, келші, біз бір... оғаштау әңгіме көтеріп отырмыз! Валя стол басына келді, бірақ Константин Иванович ыңғайсыз күйден арыла алмады, өйткені мұжықтар сұраққа қалай жауап беретінін тосып, оған қарап отыр еді. - Былай етейік, - деді кандидат шынға көшіп, - айтар әңгімеміздің басын ашып алайық. - Жақсы. Екінші сұрақ: Солтүстіктің кей аудандарындағы шаманизм проблемасына деген сіздің жеке көзқарасыңыз қандай? Кандидаттар күліп жіберді. Глеб Капустин де жымиды. Кандидаттардың мейілінше күліп алғанын бұл төзімділікпен тосты. - Әрине, бұндай проблема жоқ деп түр көрсетуге болады. Өзім де рахаттанып сіздермен бірге күлер едім... – деп Глеб жомарттана жымиды. Әсіресе кандидаттың әйеліне ерекше жымиды, ол да кандидат қой, кандидатша былай айтқанда, - Бірақ проблема бұдан жоғалып кетпейді ғой. Рас па? - Осының бәрін Сіз шын ба? – деп сұрады Валя. - Рухсат етсеңіз. – деп Глеб Капустин орнынан көтеріліп, кандидатшаға ұстамды ізетпен басын иді. Сосын қызарып кетті. – Әрине, сұрақ, ғаламдық емес, бірақ, өз тұрғымыздан қарағанда, білгеніміз дұрыс-ақ. - Қайдағы сұрақ? – деп кандидат шар ете түсті. - Сенің шаманизм проблемасына көқарасың туралы. – деп Валя аңдамай күліп қойды да есін жиып Глебке: - Өтінемін, кешіріңіз. – деді. - Ештеңе етпейді, - деді Глеб. – Сұрақты мамандыққа орай қоймаған шығармын, оны түсінемін... - Бұндай проблема атымен жоқ! – деп кандидат шорт кесті. Ол бекер бүйтті. Бүйтпеу керек еді. Енді Глеб күлді. Сосын: - Жарайды, іс жоқ болса, сот та жоқ! – деді. Мұжықтар кандидаттарға қарады. - Қатын арбадан түссе – атқа жеңіл, - деді тағы Глеб. – Проблема жоқ, ал мыналар... – Глеб қолымен бір нәрселерді ыммен көрсетті, - билейді, қоңырауға ұқсап сыңғырлайды... Солай ма? Бірақ ниет болса... – Глеб қайталап: - Ниет болса – олар жоқ сияқты. Рас па? Өйткені, егер... Жақсы! Тағы бір сұрақ: Айдың да пайда болуы рухтың әсерінен дегенге қалай қарайсыздар? Кандидат Глебке үндеместен қарап отыр. Глеб жалғастырды: - Ай жасанды орбитада тұр, оның ішінде саналы тіршілік иелері бар деген ғалымдардың жормалы айтылды... - Енді не? Онда тұрған не бар? – деп сұрады кандидат. - Табиғи траекториясының есеп-қисабы қайда? Күллі ғарыштық ғылым қайда қолданылады? Мұжықтар Глебті ұйып тыңдап отыр. - Адамзат күннен-күнге, былайша айтқанда ғарыштық көршімізге баруды жиілете берсе, күндердің күні ондағы саналы тіршілік иелерінің төзімі түгесіліп, бізбен жолғығуға шығама деген ой келеді. Бір-бірімізді түсінісе алатындай, біз дайынбыз ба? - Сіз кімнен сұрап отырсыз? - Сіздерден, ойшылдардан... - Ал өзіңіз әзірсіз бе? - Біз ойшылдар емеспіз, біздің жалақымыз келіспейді. Егер сіздерге қызықты болса, провинциалдардың қай бағытта ойлайтынымен бөлісейін. Айдың бетіне саналы тіршілік иелері шықты делік... Қандай амал айтар едіңіз? Ит боп үру ме? Қоразша шақыру ма? Мұжықтар мәз болысып, қозғалақтай бастады. Сосын тағы да Глебтің аузына мұқият қарауға кірісті. - Дейтұрғанмен, бізге, ең құрмаса бір-бірімізді түсінуміз керек. Дұрыс па? Қалай? – деп Глеб сұраулы жүзбен кідіріп, барлығына көз тастады. – Менің ұсынарым: күн жүйесінің схемасын құмға сызып, өзімнің Жерден екенімді оларға көрсетуіміз керек. Скафандр кигеніме қарамастан мен де басы бар, саналы тіршілік иесімін ғой. Осының дәлелі ретінде схемадан оның қайдан екенін ұқтыру үшін Айды көрсетіп, сосын өзін нұсқау қажет. Қисынды ма? Осылайша біз көршілер боп табылдық. Бірақ одан аспадық! Одан ары осы қалыпқа жетуге дейін қандай заңдылықтармен өркендегенімізді түсідіруіміз қажет... - Солай, солай. – Кандидат жыбырлап, әйеліне астарлы көз тастады. – Бұл өте қызық екен: қандай заңдылықтармен? Бұнысы бекершілік болды, оның астарлы көзқарасы да қалт кетпеді; Глеб шырқай жөнелді... Соноу, ұшар биіктен кандидатқа соққы берді. Әр жолы ауылдың көрнекті кісілерімен әңгіме үстінде Глебтің өстіп аспанға шырқайтын кездері болатын-ды. Ол сірә, осы сәтті тосатын, оған қуанды, себебі ары қарай өзі реттеліп кете беретін. - Әйеліңізді күлкі бөлісуге шақырасыз ба? – деді Глеб. Жайбарақат сұрады, бірақ оның іш-құрылысы дірілдей бастағандай. – Жақсы шаруа... Тек, ең алдымен біз газет оқуды меңгергеніміз абзал шығар? Ә? Қалай ойлайсыз? Бұның кандидаттарға да зияны жоқ деп жатады... - Тыңдаңызшы!.. - Иә, біз тыңдап болдық! Былайша айтқанда, рахаттандық. Сондықтан кандидат мырза ескертуге мұрсат беріңіз, кандидаттық деген – костюм емес қой, сатып алған соң - басы-байлы қалатын. Егер кандидаттықты біз костюм емес деп келіссек, онда оны мұқият... күтіп ұстау керек. – Глеб дауысын көтермей сөйледі, бірақ үзіліссіз, нығарлап – оған қанат бітті. Кандидаттың жүзіне қарауға ыңғайсыз еді: ол шынымен сасып қалды, біресе әйеліне, біресе Глебке, біресе мұжықтарға жалтақтады... Мұжықтар оған қарамауға тырысты. – Әрине бізді таң қалдыруға болады: үйге таксимен қайқайып келіп, одан бес шабанды шығарып... Бірақ сіздер ақпарат ағымының барлық жерде бірдей таралатынын ұмыттыңыздар. Менің айтқым келгені: бұл жерде керісінше таң қалдыруға болатыны. Олай да болады. Бұл жерде кандидаттардың қарасын ешкім көрмеген шығар деп үміттенуге болады, тек оларды көрді – кандидаттарды да, профессорларды да, полковниктерді де. Олар туралы жағымды естеліктер жадымызда қалды, себебі, әдетте олар, өте қарапайым кісілер. Қысқасы, менің сізге айтар ақылым, кандидат жолдас: жиірек табаныңызды жерге тигізіңіз. Құдай ақы, бұнда ақылға қонымды бастама бар. Және соншалықты қатерлі де емес, құласаң да жаныңа қатты батпайды. - Бұны «Бөшке домалату» дейді – деді кандидат. – Сен не, шынжырыңды үзіп кеттің бе? Қай атаңның басы... - Білмедім, білмедім, - деді Глеб асығыс, - Бұның қалай айтылатынын да білмедім, бас еркімнен де айырылған емеспін, шынжырды да үзген жоқпын. Не үшін? Мында, - деді Глеб еркектерді шола қарап: - ешқайсысы отырмаған, түсінбеуі мүмкін. Әнеки, сіздің әйеліңіз таң қалған сыңай танытты... Ана жақтан қызыңыз естиді. Естиді де Мәскеуге барғанда біреуге «Бөшке домалатар». Бұл жаргон, айтпады деме... жақсылыққа апармайды кандидат жолдас. Иландыруға тырысайын сізді, қүралдың барлығы қолайлы емес, барлығы емес. Сіз кандидаттық минимум тапсырғанда профессорға «Бөшке домалатпаған» шығарсыз. Дұрыс қой? – Глеб түрегелді. – Және «Көрпені де өзіңізге тартқан жоқсыз». Абақтының тілімен де сөйлемедіңіз. Неге десеңіз профессорларды құрметтеу керек – оларға тағдырың тәуенді, ал тағдыр бізге тәуенді емес, бізбен абақтының тілімен де сөйлесуге болады. Солай ма? Бекер. Біз де азды- көпті... «қағамыз». Газет те оқимыз, орайы келгенде кітапқа да үңілеміз... Әуел десеңіз теледидар қараймыз. Байқасаңыз: «Кабачок», «КВН», «13 орындық» бізді есімізден ауыстырардай мәз қылып жатқаны шамалы. Неге деп сұрайсыз ғой? Себебі онда да сол – көкірек керу ғана. Иә, қарамағанда қайда барады. Иә қарайды, басқа амалы жоқ. Ондағылардың барлығы данышпан деп әлдеқандай етудің қажеті шамалы. Түсінетіндер де бар. Иба сақтау керек. - Нағыз жалақор-көкіме, - деді кандидат әйеліне қарап. – Барлық құрамы сай... - Мүлт кеттіңіз. Барша ғұмырымда біреуге жала жауып, сыртынан домалақ арыз жазып көрген емеспін. – Глеб мұжықтарға көз тастады: олар бұнысының рас екенін білетін-ді. – Олай емес, кандидат жолдас. Қажет десеңіз өзімнің ерекшелігімді түсіндіріп берейін. - Қажет, түсіндіріңізші. - Танаудан шерткенді ұнатамын – сызықтың сыртына шықпа! Инабаттылық керек, қымбатты жолдастар... - Біздің инабатсыз екенімізді қай жерден көрдіңіз? – деді шыдай алмай Валя. – Оны неден байқадыңыз? - Өздеріңіз жеке қалғанда жақсылап ойланыңыздар. Ойланыңыздар – сосын ұғасыздар. – деді Глеб кандидаттарға әлдебір өкінішпен қарап. – «Бал» деп жүз мәрте қайталауға болады, бірақ одан тілің бал татымайды. Осыны түсіну үшін кандидаттық минимум тапсыру қажет емес. Дұрыс па? «Халық» деген сөзді мақала сайын жүз қабат жазуға болады, бірақ одан білімің тасымайды. Осы халық жаққа бет алғанда аздап жинақылау болғандарыңыз абзал. Әр нәрсеге дайын бол дегендей... Өйтпесе оп-оңай жындының кебін киіп қаласың. Сау болыңыздар. Ел арасында... жақсы тынығып қайтыңыздар. – Глеб кекесінмен мырс етті де асықпай шықты. Ол көрнекті адамдардың үйінен жалғыз өзі ғана шығатын-ды. Кандидаттікінен шығып бара жатқанда мұжықтардың: - Тірідей терісін сыпырды!.. Иттің білмейтіні жоқ. Ай туралы бәрін қайдан біледі? – деген әңгімесін ол естіген жоқ. - Жауырынға түсірді. - Бәрі қайдан шыға береді! Мұжықтар таңырқай бастарын шайқап: - Иттің білмейтіні жоқ. Константин Ивановичты басынан оңдырмай кертоқай алды... Ә? Балақайларды жетістірді! Ал, ана Валя болса, жағын аша алмады. - Не дейсің бұл жерде? Дәнеңе дей алмайсың. Әрине Костяның айтқысы- ақ келді... Бұның бір сөзіне анау он сөзді боратып, аузын аштырды ма. - Қайтпексің... Иттің білмейтіні жоқ! Мұжықтардың дауысынан кандидаттарға деген жанашыр, аяушылық аңғарылады. Ал Глеб Капустин болса, сол баяғыша таңырқатуда. Таң-тамаша етуде. Тіпті тамсандырды. Аяушылық атаулы болмаған сыңайлы. Жоқ, аяушылық болмады. Глеб қатал, ал қаталдықты ешкім, ешқашан да еш жерде құптаған емес. Ертең Глеб Капустин жұмысқа келген соң, (әдейі) әншейін ғана: - Кандидаттың хәлі қалай? – деп кекесінмен жымиып, сұрайды. - Сен оны жауырынға түсірдің, - дейді олар Глебке. - Оқасы жоқ, - деп қояды Глеб кеңпейілділік танытып. – Бұның пайдасы бар. Қолдары боста ойлансын. Әйтпесе тым есірген...

Көп оқылғандар